Әбіл-Серік Әліәкбар. Жанның арманын шимайға толы дәптерге жазатын ақын

Бөлісу:

15.07.2024 826

Ауадан жылы жыр жұтқан «Жанның арманын шимайға толы дәптерге жазатын ақынның» шығармашылығымен мен тек інтернет бетінен ғана таныспын. Бірақ әрдайым ана тіліміздегі сайттарға жаңа жырлары шыққан шықпағанын іздеп жүремін. Өйткені, ұлттың табиғи болмысын мөлдірете төгілтетін ақындарға зәру болған дәрежеге жеткен шақта. Бұндай талантты ақындардың төбе көрсетуі жыр сүйген қазақ үшін милети бақыт болып табылады. Ақынның қай өлеңінің оқымайық ұлттық келбет пен алаши бейне мен мұндалап тұрады.

Қазіргі таңда алаш өлеңінің иранбағында өзін танытып жүрген ақындарды екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – қара өлеңнің бағын қашырғандар. Екіншілері – қара өлеңнің бағын асырғандар. Алғашқылар өлеңнің жалына жабысқан осы екен деп, ХХІ ғасырдың алғашқы екі онжылдығында дәстүрлі қазақ өлеңінен бас тартып, «авангардшы-экспериментаторға» айналғандар. Жұрт білмейді дей ме, әлде ешкім сезбейді дей ме, шалқыған шабыты келсін келмесін Шығыс пен Батыстың әлем әдебиетшілерінің ауыздарына іліккен нәндерінің өлеңдерін аударып, өзінікіне айналдырушылық үлгісі бар. Бұдан басқасы соларға еліктеп-солықтағандығын ұлт әдебиетіндегі жаңашылдық деп тауып, өзін көзі жақсыларға мақтататын әдеби даңғойлық белең алға бастады. 

Жергілікті нақыштан, ұлтқа тән көркемдік айшықтан айырылған поэзия қазақ оқырманына опа әпермейтіндігін ұққылары келмейтін жазғандарын тек әлем әдебиеті әйдіктерімен салыстыратын топ пайда болды. Бұл топқа жататындарды ұлттық поэзиядағы «өз қағынан жеріген құлындар» деп атағыңда келіп кетеді. 

Кім көрінген аудара салатын поэзия бар, аударуға ешкімінің тісі батпайтын поэзия бар. Міне, осыны ұқпай Кім көрінген аудара салатын өлең жазушылардың әлемдік классик атанудан дәмесі зор. Ал, кім көрінгеннің аударуға тісі батпайтын жергілікті нақыштан, ұлтқа тән көркемдік айшықтан тұратын жырларына «поэзияның ескі шапнаны» деп, мұрын шүйіретін «еурокәстөмді» «авангардшы-экспериментаторға» айналғандар һәм солардың шашбауын көтеруші ғалымдар қылаң бере бастағаны өкінші жайт.

Ұлттық поэзиялық қақтан жеру түбі шығармашылық адамы үшін, әсіресе ақын үшін трагедиялық тоқырауға әкеп соғады. Жарайды «авангардшы-экспериментатор» болып, жергілікті нақыштан, ұлтқа тән көркемдік айшықтан ажырмағандардан мүлдем бөлектеніп, жеке поэзиялық қағанатыңды құрып, он жыл ойқастарсың содан кейін не істейсіңӨзгенің сасық көрпесін жамылып, жыртық жастығын жастанудан өле-өлгенше танбайсың ба?

Оқырмандардың әдеби аузын күйдірген «авангардшы-экспериментаторға» айналғандар арттарына бір бұрылып, қазақтың қара өлеңіне адалдық танытқандар не жазып жатыр деп, бір сәтке мойын бұрса құдайдың жөні болар еді. Әй қайдам, Батыс пен Шығыстың әлем мақтаған данышпан ақындарының сайқал ау-торына шырмалған біздің шабақ шайырлар шайтан түрткендіктен ұлттық поэзияда ешкімді пір тұтпай дәстүрлі жолмен өз шығармашылық шырағын жағуға болатын ұқпай-ақ келеді. 

Дәл осы сәтте дәстүрге адалдық танытып, өзінің өзгеден орны да, жөнінде бөлек жырымен оқырман ілтипатына бөленген ақындардың арасынан бөле-жара ауызға алуға тұратын бір ақын – Тұрдыхан Айдарханұлы. Жалпы, ақынның өлеңдерінде қазақи ұғым-түсінік, алаши дүниетаным тоғысы атойлап тұрады. Ретсіз және жөн-жосықсыз боямалы сұлу сөздің жалына жабысудан адалдық Тұрдыхан ақынды өзгелерден бөлектейді.

АҚ ТАҢДА АЙНАЛДЫМ. . . 

Ақ таңда айналдым ауланы, 

Семіпті сезімнің бау-бағы. 

Желкеме жебір мұң мінгендей, 

Сап-сары жапырақ саулады....

 

Жанымның жап-жасыл бауларын, 

Сарғайтты сары әлем жаулады. 

Шашылған сағыныштарымды, 

Жабатын, қар неге жаумады

Уақыттың сумақы суық қолы бұйығы бөлмеде бұйыққан ақынды кілт серпілтіп, далаға таза аудағы баққа қарай дедектете сүйреп, сағыныштың арманды әлемінің тереңіне сүңгітеді. Оқырманда өз бойы мен ойындағы сағынышын бір сәтке есіне алады. Ой салатын өлең, санаты ұйқыдан оятатын өлеңге жолығып, бір жасап қалатындығың да жасырын емес.

Ұлттық психологияның иіріміне сүңгітіп, қазақи өмір-тірліктің байбына баратын сына бір жолдар оқыған жанды бей-жай қалдырмасы анық.

Айлы түн, жайлау ескі елес, 

Жанымның жалғыз асылы ең. 

Ертеде емес, кеш те емес, 

Бақыт дегенің ештен еш, 

Періште көңіл жандардың, 

Қалғып бір кеткен сәті ме ең?

Ақын қаламынан мөлдірей төгілген ғашықтың лебізіндей болып, аңқылдап ескен тау желі, арман сәлделі ақ шыңдар ойыңа әр нәрсені оралтып, оықрманына эстетикалық ләззат сыйлап, жүрегін әсемдік әлемімен гүлдетеді. Сөз сиқырын ойнатқан ақын одан әрі: 

Сыбыр да сыбыр сырың бар, 

Сырғалы бұлақ, қыз қайың. 

Жадымда жазың жүр дәйім, 

Бұлықсымасын бұрымдар, 

Тыныштығыңды бұзбайын,-деп әсем жырын кестейлейді.

Тұрдыханды ақын етіп тұрған бір ғана құдіреті – ұлттық нақыш. Ақын мен орыстан үйрендім, Еуропадан бәленше ақынын пір тұтып, өнегесін алдым деп бәлсінбейді. Ата қаны, ана сүтімен берілген төл ұлттық айшықты сол қалпында алашына ұсынады.

Аймалап ессіз бәр-бәрін, 

Сүйетін онда пәк кеуде. 

Таң нұрын емген тағдырым, 

Алыстап кеттің, 

Ал бүгін, 

Жазамын жанның арманын, 

Шимайға толы дәптерге.

«Жанның арманын шимайға толы дәптерге жазатын ақын» болудың өзі екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі поэзияда үш образ бар: Сөз образ, Ақын образы және Оқырман образы. Осы үшеуін қатар алып жүре алған жан ғана өзін нағыз ақынмын деп санауға құқылы. Ал, біз жоғарыда сөз еткен «авангардшы-экспериментаторға» айналған шайырларда Сөз образ да, Ақын образы да бар, бірақ Ұлттық Оқырман Образы жоқ. Бір тамыры кем соққан деген осы да...

Бір тамыры кем соқпайтын дәстүрге адалдықты танытып жүрген Тұрдыхан Айдарханұлына поэзия дүлдүлдері ішінен осы оза шапқан құлагерлігіңнен танба деп шағын мақаламызды тамамдамақпыз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар