«Күлтөбедегі» әдеби талқылау
Бөлісу:
Әлихан Жақсылықтың заманауи қазақ прозасы «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы жайында…
Махамбет университетінің филолог магистрант жастарымен бас қосатын «Күлтөбе» хабарының биылғы оқу жылындағы отырысының әдемі нүктесі жас қаламгер Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романымен қойылған. Магистранттар романның тек оқырманы болған жоқ, жан-жақты талдауға талпыныс жасаған еді.
Рита Сұлтанғалиева, модератор:
-Суреткер оқырманын сендіре білу керек дейміз. Академик З. Қабдоловтың: «Суреткер – өз заманының ұлы, өз дәуірінің үні, ол өзі өмір сүріп отырған мезгіл мен мекендегі қандай құбылысқа болса да енжар, бейтарап қарай алмайды. Оны бәрі тебірентеді, ол бәріне араласады», - деген сөзін ескерсек, заман шындығын, қоғамның шынайы бейнесін беруде жас автор оқырманын сендіре алды ма?
Магистрант Зарина Метенова:
-Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы – заманауи психологиялық жанрда жазылған роман. Ең бірінші қызықтыратыны – романның ерекше атауы. Кітап осылай аталғанымен, сюжеті мен негізгі идеясы мүлдем құлшылық жасау немесе адамның дін алдындағы қандай да бір міндеттері жайында емес, біз өмір сүріп отырған мемлекет, кеңірек алғанда бүгінгі қоғамда қалыптасқан жүйе және ондағы әділетсіздіктер туралы батыл да шынайы сөз етеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Думан Рамазан романға өз бағасын былай береді: «Шығарманы оқи бастағаннан тіл тазалығына, стиліне риза болдым. Көркем әрі жұмыр жазады. Сондықтан да болар, жеңіл оқылады. Роман автордың өзі секілді тұнық, мөлдір. Жалғандық пен жасандылығы жоқ, шынайы. Романның бас кейіпкері Карлды шығарма авторының өзіне ұқсаттым. Бір шеңберге сыймайды, әр нәрсеге өзінше баға береді, өзіндік көзқарасын ашық білдіреді. Әлихан жүрген ортадағы кей әдебиетшілердің өзі ескі ойлардан арылғысы келмей, қатып қалған көзқарастан тайынғысы келмейді. Шығарманың жазылуына осы мәселелер де түрткі болған шығар». Ал автордың өзі: «Романда бірнеше тақырыпты алып шықтым деп айта аламын. Эйджизм, студенттер проблемасы, бағамен қорқыту, оқудан шығару, полицияның ізге түсуі, жалпы адамзат азабына қатысты әлемдік проблемаларға да назар салдым. Өйткені біз әлемнен бөлек емеспіз, бөлшегіміз, сондықтан әр адамның басындағы оқиға сол қоғамды толық сипаттай алады ғой». Романда теңіздің жағасында орналасқан шағын қаланың тұрғындары арқылы берілген бүкпесіз шындық арқылы бүгінгі күннің келбеті беріледі. Автор өзі өмір сүріп отырған қоғамның шындығын көрсету арқылы оқырманын сендіре алған. Оқырманның шығармадан өз заманының шындығын көргісі келетіні ақиқат.
Модератор:
-Қаламгер не себепті қазіргі қазақ қоғамын суреттеп отырып, кейіпкерлеріне шетел есімдерін берген деп ойлайсыздар?
Магистрант Марлен Ғилымхан:
-Жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романында біздің қоғамымыз суреттелген. Оның кейіпкерлері – Карл, Энтони, Берия, Лили, Рафаэль және басқалары. Меніңше, өзге елдердің мәдениеті және әдебиетімен сусындап, таным көкжиегін кеңейтуге талпынғандардың мүлде өзге, мүлде басқа адамға айналып бара жатқанын тілге тиек етіп, әжуалағандай әсер қалдырды. Ал аралдағы аурухана – бас кейіпкердің оңашалығы, өзін қоғамға керексіз, артық сезінуі. Жалпы романда адамдар арасындағы пікір қайшылығы барынша шынайы бейнеленген. Мәселен, «Лили, сенің салған суретіңді көрдім. Қыз баланы бұлай жартылай жалаңаш етіп салуға мүлдем болмайды. Бұл өнер емес, мәдениетсіздік қой. Бұл – барып тұрған… масқара! Біздің қаламыз үшін, біздің қаламыздың халқы үшін жат дүние – мұның…» дейді директор жас суретшіге. Ғаламда қаншама ғаламат суретші бар?! Қаншама сұрапыл талант иесі бар?! Олардың қатарында «өзі картинаға жазған сұлумен, анығында сол картинамен көңіл қосқандары да болған». Акутагаваның Ёсихидесі тозақты бейнелеу үшін күйме ішінде өртенген қызын өз көзімен көрді. Солар жындыханаға қамалды ма?! Жоқ, керісінше, жеткілікті деңгейде өзінің бағасын алды. Ал мына туындыда білдей мекеме басшысының сөзінен оның сурет өнерінен мүлде бейхабар екенін аңғарамыз. Оған қоса басты кейіпкер Карл: «Көліктің неше есігі болады?» деген сұрақ келгенде... жыным ұстады. Қаным басыма тепті. «Мен не істеп отырмын, аурумын ба, саумын ба» деп өзімнен сұрадым да, әлгі сұрақтың жанына: «Көлікте есік болмайды, бір ғана есігі бар, ол есік – төбесінде. Төбесі ашылатын көлік алсаңыз, жолыңыздың болғаны, төбесінен кіресіз. Ал басқа көлік алсаңыз – еш жерінен кіре алмайсыз, себебі, есігі жоқ!» деп жаздым» дейді. Бұл тұста қаламгер қағазбастылықты сынап отыр. Жоғарыдағы сұрақ сияқты толтырылуы міндеттелетін мағынасыз қағаздар көп екенін көріп-ақ жүрміз. «…Өзімді шынымен психиатрлар айтқандай, «ауру шығармын» деп ойладым.» Өз өтірігіне өзі сенгендер арасында, өзің де солар секілді күй кешесің. Расында сен де өз өтірігіңе сене бастайсың. Бұлай жалғаса берсе, әрине, адам шынайы болмыс-бітімінен айырылып қалады. Автор осы бір мәселеден қалай құтыларын ойлап аласұратындай.
– Қоғам дімкәс болса, дерттен ада адамды жынды етеді. Бұл шынайы шығарма соны дәлелдей түседі. Сау адамды «есі ауысқан, ауруы асқынған» деп, ортадан оқшаулап, жындыханаға жатқызады. Бұндай бейнет басына түскен бейбақ дені дұрыс екенін дәлелдей де алмайды. Дәрменсіз. Тіпті бас кейіпкер Карлдың сырқат екеніне басқа емес, ет-жақындары да сеніп қалады. Ақыр аяғында: «Шынымен-ақ науқас шығармын» деп өзі де ойланып қалады, қараптан-қарап «есуасқа айналады». Еріксіз бәріне көндігеді. Көнбеске амалы да жоқ... Өмірде осындай да қызық-шыжықтар болған. Бүгін де бар! – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Думан Рамазан.
Магистрант Зарина Метенова:
-Романның бас кейіпкері Карл – шындықты айтудан тайсалмайтын, құлдық санадағы қоғамда өмір сүріп отырса да, үмітін соңына дейін үзбеген күрескер жігіт. Рафаэль шындық үшін күрестен шаршаған адам. Ал Джо сол жолда ғұмырын сарп етіп, Рафаэльден асып түсіп, осы жүйеге мойынсұнған адам. Қазіргі қоғамда өмір сүріп жүрген адамдар да осылай үш топқа жіктелетінін көрсетеді.
Модератор:
-Романдағы назар аудартқан ерекшеліктердің бірі ондағы көркемдік мекеншақ мәселесіне тоқталып өтсек…
Магистрант Зарина Метенова:
-Романда оқиға орын алған кеңістік дәл атап көрсетілмейді, тек теңіздің «арғы беті» мен «бергі беті» бар. Арғы бет өзіндік өркениеті бар, өлшемі өзге, тылсым түсінік беретін белгісіз кеңістік ретінде, ал бергі бет соған қарама-қайшы, арман-мұраты жоқ, тек өздері іштей қаламайтын жүйеге бағынып өмір сүріп жүрген қалашық ретінде көрсетіледі. Бергі бетте шындық өмір сүре алмайды, шындықты айтқан адам саудан жындының кейпіне түседі, темір торға тоғытылады. Мұндағы адамдар арғы беттен бір үміт күтеді. Осыны оқи отырып, «бергі беттен» біздің өмір сүріп отырған құлдық санадағы қоғамның кейбір күйін байқауға болады.
Модератор:
-Аталған заманауи психологиялық романнан постмодернизмге тән қандай ерекшеліктер байқалады? Тұжырыммен берсек...
Магистрант Зарина Метенова:
-Шығарма жазылуында постмодернизмге тән еркіндік байқалады. Оқиға орын алған кеңістікті автор дәл атап көрсетпейді. Сонымен қатар автордың діни сенімге қатысты күмән келтірген философиялық ойларынан релятивизм құбылысын байқауға болатындай. Автор «мынау осылай болу керек» деген көзқарасты тықпаламайды, кейіпкердің кең көсілуіне де, оқырманның қабылдауына да толық еркіндік береді. Тағы да бір ерекшелік: шығарманың он төртінші бөлімінде Карл мен психиатр дәрігерлердің арасында болған сұхбатта Карлдың орнына автордың өзі келгендей болады. Қойылған сұрақтарға жауапты Карлдың өзі емес, автор беріп отырғандай күй кешесің. Шығармада автор мен кейіпкердің қатар аралас көрінуі постмодернизмнің бір ерекшелігі ретінде көрініс тауып тұр деуге болады. Сонымен қатар автор бір мезетте галюцинациялардан туындап отыратын сезімдер қатпарларын шебер бере алған. Карлға жындыханада екпе салған сайын есінен танып, өмірден өтіп кеткен әжесі мен бала күнінде көз алдында егізін балтамен шауып өлтірген әкесі, осыған дейін есіне түспеген ақпараттар шын өмірде болып жатқандай көз алдыңа елестейді. Сондай-ақ бұл шығарма кітап ішіндегі сырлы мәнге толы суреттерімен ерекше. Белгілі суретші Шаттық Батанұлының майлы бояумен салынған, тылсымға толы суреттері кітапқа екінші тыныс бергендей.
Аталған романды оқу барысында студентім Г. Абсалимова да бірге оқып, республикалық ғылыми конференцияға баяндама жасауға осы романды таңдаған болатын:
-Қазір сын мен шынның айқындалар кезеңі екенін ескерсек, Әлихан Жақсылықтың романында қоғамның қай саласында болсын, бәрі білгіштікке салынып жүргенін жазады. «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» деп аталатын бұл романды естігенде, ойға бірден Франция келгенімен, оның Францияға да, шіркеуге де мүлде қатысы жоқ. Мұндағы басты мақсат қазіргі қоғамдағы жастардың ішкі ойларын білуге, оларды түсінуге бағытталған. Жазушы Шамұратова Жадыра апайымыз роман жайлы: «Әлихан өзінің кейіпкерлеріне ұқсап кетіп отырады: қоғамда мәні жоқ деген нәрселерді күйретуді ойлайтынымен, қалыптасқан «мәдениетті» жатсынатынымен, әдепкі жағдайды өзгерткісі келетінімен…» деп пікірін білдірген. Автор оқырманның өз бетінше түсініп, ойлануына мүмкіндік береді. Романның басты кейіпкері – өз пікірін ашық, батыл айтатын, өмірге деген көзқарасы да өзгеше Карл. Ал оқу орнында студенттерге артық сөз айтқызбақ түгілі, ойларын еркін жеткізуге мұрша бермейтін тарихшы шал, осының барлығын көре тұра, «бармақ басты, көз қысты» амалдарға жол беретін колледж басшысы да бар. «Біз ақы төлеп отырғандықтан, терең білім алып, мықты маман болып шығуды көздейміз. Өзімізге тиесіліні талап етуге құқылымыз. Ал қартайса да қалт-құлт етіп, қарау пиғылдары «менмұндалап» тұратын мұғалімдеріңіз білім берумен емес, қиянат қылумен, әділеттен аттап – баға кемітумен, заңды белден басып – пара алумен, тізе берсең таусылмайтын қылмыспен, айта берсең ауызың ауырып, жүрегің айнитын айуандықпен айналысады». Осы сөйлемдерді оқи отырып-ақ, қазіргі кезеңнің бүкпесіз шындығын байқап жатамыз. «Сөз төркініне үңіліп, мәселені ушықтырмай, ақылмен таразылайды-ау» деген үмітім сол сәтте-ақ үзіліп, саңылаусыз месқараның санасыз сұрағымен бірге өлді…» дейтін жері бар романда. Директордың кабинетінің алдын тоздырып жүріп, сурет салғаны үшін оқудан шығармақшы боп жатқан өзінің тағдырласы Лилиді кезіктіреді. Ол да: «Мен айтарымды айттым. Салған суретімнен және оның тақырыбынан бас тартпаймын. Суретші болғандықтан бейнені өзім қабылдаған қалпында, өз танымым бойынша бергім келді. Солай салған екенмін, йағни солай көріп тұрмын» деп қыңырайды. Карлдың да жағдайы қоғамдағы адамдар тобының құрбаны. Полицей де, психолог та сүрінген Карлға қол ұшын бермесі анық. Олардың бар ойлағаны жоғарыдан алған бұйрықты орындау. Осы іс жолында неше түрлі істер атқарып, Карлды тұзақтарына түсіру болатын, түсірді де... Ақырында жұрт «жындыхана» деп атап кеткен психикалық аурухананың емделушісіне айналғанын өзі де ұғып үлгермеді. Ауруханада жүріп Рафаэль мен Джо секілді сенімді серіктер жолықтырып, Карлдың сыңарын балталап өлтірген әкесін де кездестіріп үлгерді. Жынды емес, бірақ жындыханада жүрген Карлға баласы үшін шыр-пыр болған жалғыз басты анасының да, ғашығы болған Лилидің де, досы Энтонидің де еті үйренген еді… Адам құқығы тапталған, кері кеткен қоғамның өзгеше ойлайтындарға оғаш қарап, қамар жындыханасы да дайын екеніне, ал өз жолынан айнымаған Карл сияқты күрескер жан арқылы әділеттің жеңетініне сендіреді. Бұл роман бір емес, бірнеше рет қайта басылды. Қателеспесем, екі рет басылып, ағылшын тіліне де аударылып, оқырмандарына жол тартқан роман. Жақында «Мазмұндама» баспасы үшінші басылымын шығаруды қолға алған екен. Бұл да қуантарлық жағдай. Оқырманы іздейтін жағдай кітаптың да, авторының да жеңісі. Жақында жас автор тағы бір сүйінші жаңалығымен бөлісті. «Африкадан Аляскаға» аталатын романы аяқталып, оқырманына жол тартатын күн де жақын екен. Романның ғұмыры ұзақ болып, қалың оқырманын қуантсын деген тілектеміз. Жазарың көп болсын, жас қаламгер!
Рита Сұлтанғалиева, М. Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.
Бөлісу: