Боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?
Бөлісу:
Жазушы Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романы хақында
Шын жазушы қиынға ұмтылады. Қиын түйіндерді шешеді. Белгілі жазушымыз Асқар Алтай да өзінің «Былғары табыт» романында қиынға ұмтылыпты, қиын түйіндерді шешуге тырысыпты.
Асқар Алтайдың топшылауынша, ұлтты жақсы көру дегеніміз – тек оның жақсылығын ғана көру емес, ең алдымен сол ұлттың әлсіз жақтары мен әлжуаз тұстарын көре білу және оларды тап басып тани алу. Осы ойды өрістете, дамыта келе автор оқырмандарға ұзын-ырғасы «Біз ұлт ретінде, ел ретінде, мемлекет ретінде қандай кесел-кесапаттарға жол беріп отырмыз? Ұлтымызды шырмауықтай шырмап алған мұндай қасіреттерден қалай арыламыз? Қайтіп айығамыз?» дегенге саятын аса ащы әрі ауыр сауалдарды көлденең тартады.
* * *
Асқар Алтайдың көлденең тартқан бір сауалы – көкпарға қатысты.
Атақты археолог, профессор Мағдан Жұрағатұлы, оның сұлу келіншегі Аршын, профессордың сенімді серігі әрі докторанты Дулат Астанадан арнайы Зайсан қаласына ұшып келеді. Өйткені осы өңірде «Былғары табыт» деп аталатын ауыл, ал сол ауылдың дәл іргесінде «Былғары табыт» обасы бар. Мағдан Жұрағатұлы бастаған археологтар да жұмбағы мен сырын ішіне бүккен осы өте көне, ежелгі қабірді қазуға келген-ді. Астаналық археологтарды Алтайдың белгілі бизнесмендерінің бірі Сұңғат (Дулаттың туған ағасы), осы өңірге аты шыққан әнші Ғазиз, жергілікті атқамінерлер мен байшыкештер, ауыл азаматтары құшақ жая қарсы алып, екі-үш күн бәйек болып күтеді. Міне, осы күндері, қала қазақтары мен ауыл қазақтарының бір-бірімен етене, қитықсыз қауышып жатқан күндері Мағдан Жұрағатұлы мынадай «қызық», күтпеген жайдың куәсі болады: профессор ауыл азаматтарының бөріні көкпар қып шапқанын өз көзімен көреді, көреді де жаны шошына ышқынады:
«– О, Тәңірім, сақтай гөр! Астапыралла! Сұмдық-ай! Бұл не қылғандарың? Білместік пе, нақұрыстық па? О заман да бұ заман бөріні көкпарға тартқанды кім көрген?! Серке құрып қалды ма?..» (А. Алтай. «Былғары табыт», Астана, 2022, 102-бет.)
Шынында да, қазіргі күні егделік жасқа дендеп енген, көргені де көп, түйгені де мол Мағдан Жұрағатұлының шошынатындай-ақ жөні бар. Орайы келгенде айта кеткеніміз орынды болар, ілгеріректе, нақтырақ айтсақ, 1960-жылдары республикалық газет-журналдарымызда «Бабаларымыз баяғыда бөріні көкпарға тартқан... «Көкпар» сөзінің өзі «көк бөрі» дегеннен шыққан...» деп шатпақтаған шала ғалымдарымыздың бірді-екілі шалағай, желқуық мақалаларының жарық көргені де рас (Бір жағы, осы мақалалар сол кездегі «Қоғам малын қасқырдан қорғайық!» деген ұранмен іштей үндесіп те жатты). Алайда түрік дүниесін, түрік тарихын жетік білетін алымды, алғыр ғалымдарымыз бұл пайымның мүлде қате, «көкпар» сөзінің көк бөріге еш қатысы жоқ екенін, көкпар атауының «көк ешкі» деген сөзден шыққанын, «пар», «парт», «бұрт», «бөрте» дегендер көне түрік тілінде «ешкі» деген сөзді білдіретінін бұлтартпай дәлелдеп, осы ұғымды мейлінше орнықтырып бақты және орнықтырды да.
Көк Бөрі – күллі түрік халықтарының тотемі. Киесі. Иесі. Ата-бабаларының бұларды желеп-жебеп, қолдап-қорғап жүретін рухы. Қандай халық, нендей ұлт, я ұлыс болмасын, өзінің тәңір тұтқан киесін тақымына басып, көкпарға тартып, ит сілікпесін шығарып қорламаса керек. Түрік халықтары да (өзбек, қырғыз, қазақ, қарақалпақ, ноғай, түрікмен, балқар, татар және т.т.) бөріні көкпарға тартпайды. Туша, ешкі, серке, лақ тартады. Әрі кетсе, бұзау тартқан. Мыңнан аса адам жиналған ірі көкпарларда серке шыдас бермейді, жыртылып қала береді. Сондықтан да оңтүстік өңірлерде осындай үлкен көкпарларда бұзау тартқан. Бұзау созылады, бірақ жыртылмайды.
Қош делік, енді Мағдан Жұрағатұлына оралайық. Бөріні көкпарға тартқан жетесіздерге қатты күйінген профессор Сұңғатқа қарата, Сұңғаттың айналасында жүрген ауыл азаматтарына қарата ұзақ сөйлейді. Таусыла, түгесіле сөйлейді. Тап бір студенттерге дәріс оқып тұрғандай-ақ «Көк Бөрі туралы ұлы мифтің сонау Сақ-Ғұн дәуірінде Алтайдан тарағанын, артынан бұл ұлы мифтің әлемді шарлап кеткенін, Римдегі қасқыр емізген Ром мен Ромула да Еуропаға Атилламен ілесіп барған осы Алтай аңызының сілемі екенін, Бөрі басты Байрақ көтерілгенде дүниенің тітірегенін, кезінде дүниені тітіреткен осы Көк Бөрі – біздің қасиет тұтатын асыл тірегіміз, төл тотеміміз» екенін айта келеді де, өткеніміз бен бүгінімізге қатысты өзінің ішкі пікірін, ішкі қыжылын да қоса ақтарады. Енді профессордың пікіріне құлақ түріп көрелікші (ықшамдап беріп отырмыз):
«– Қап, әттеген-ай! Әбден-ақ азып кетіппіз!? Жадымызда ештеңе қалмапты. Жатжады болып кетіппіз. «Жатжады» деген осы!
... «Жад» деген болады, жігітім! Ол – ұлттың мыңжылдық болмысы. Ал болмыс жаннан да қымбат! Осыны ұғынып алыңдар. Жад жұтаса – болмыс та жұтайды. Ұлт жоғалады! Бөрі – біздің жадымызға сіңісті... Бөрі болмысты жұрт едік. Оны ұлы Мағжан ақын да айтқан. Қазір жұтауға ұшырадық, болмысымыз бұзылды. Бір заманда ірі едік. Жан-жағымыздан анталаған дұшпандарымыз жұтатты. Ірідік. Мынау – соның айқын көрінісі. Бөріні қой орнына құрбандыққа шалуымыз ғана қалыпты... Асып жеуіміз қалыпты қытай құсап!
Орыспен отандасамыз деп оталып біттік...
Бөрі болмысты елміз біз бағзы заманнан. Осыны түсінбей жатырмыз. Түйсінбей келеміз әлі. Түйсінбейтін түйтікке кез болдық! Иә, түйтігіміз түтеленіп кетті. Түйте түйтік, түйте таным, түйте түсінік жайлап алды жұртымызды...
Бүгінде біз Бөрі-анамызды ұмытып, қайдағы бір барысты тотем тұтып жүрміз. Ілбісті ие тұтқан елді ібіліс иектеп жүрмесін. Мен осыдан қауіптенем. Көк бөрінің текті киесі ұрмаса нетті?!» (105–108-беттер).
Профессор Мағдан Жұрағатұлының қынжыла әрі қызына айтқан жоғарыдағы ойлары неге көкнәршінің қарғысындай тым ащы? Бөріні көкпар қып тарту – жалпы қазақ жұрты, қазақ баласы үшін өз ата-анаңның аяқ-қолын матап байлап, малша бауыздаумен пара-пар қылық. Мұны дарақылық, я даңғазалық деуге немесе қаперсіздікке, жадысыздыққа жатқыза салуға әсте болмайды. Бұл – ұлттық болмысымыз бен ұлттық құндылықтарымызды таза-тақыр ұмытқан, ұлттық тағдыр-тәлейіміз бен ұлттық тарихымыздың иісі мұрнына бармайтын мұндарлардың тірлігі. Өз атымен атасақ, ұлтсызданудың көрінісі. Ұлтсызданудың белгісі.
Асқар Алтай бөріні көкпарға тартқан эпизодты бұл жерде өз романына әдейі, мақсатты түрде кіріктіріп отыр. Жазушы осынау шектен шыққан әпербақандық, шектен шыққан іс-әрекет арқылы біздің жетер жерге жетіп қалғанымызды, яғни қазақ қоғамындағы ұлтсызданудың аса қатерлі шекке жеткенін, енді бір бел ассақ, ұлтымызды ұзынынан да, көлденеңінен де шырмап алған бұл жойқын қасіреттің «қазақ» деген халықты жалмап-жұтып қоятынын баршамызға, үлкен-кішімізге түгел ескертіп отыр.
Жасыратын түгі жоқ, қазіргі күні қазақ елінде, қазақ жерінде ұлтсызданудың күннен-күнге қанатын кеңге жайып келе жатқаны да рас. Күнімізді ойлағанмен, түбімізді ойлай бермейтін әдетімізбен көпшілігіміз бұған мән де бермейміз, ден де қоймаймыз. Ал Асқар Алтай қазіргі қазақ қоғамындағы ұлтсызданудың белгі-сипаттарын (жадысыздық, намыссыздық, рухсыздық, тексіздік, көрбалалық, дәстүрсіздік, мәңгүрттік, тілсіздену, ділсіздену, дүбәралану және т. б.) асқан аңғарымпаздықпен дәл танып, танығаны мен тапқанын көрнекке шығарып, мұның бәрін көз алдымызға қайта тосып, өз тірлігімізден өзіміз ұялатындай етіп бейнелеп, бедерлеп береді.
Осы жерде айта кететін бір жайт: бізде қоғамдағы ахуалды тани алмайтын жазушылар да кездеседі. Осыған ұқсас, танығанымен, танығанын айтуға тәуекелі жетпейтін қалам иелері де аз емес. Ал Асқар Алтай ұлтымызға, ұлтымыздың рухани кеңістігіне төнген қауіп-қатерді қапысыз таниды және бұл жөнінде батыл айтады, батыра айтады.
* * *
«Жатжады». Автор осы сөзді ең әуелі өз кейіпкері профессор Мағдан Жұрағатұлының аузына салады («Әбден-ақ азып кетіппіз?! Жадымызда ештеңе қалмапты. «Жатжады» деген осы!»). Сонан кейін жазушы романның өн бойында осы сөзге қайта-қайта оралып отырады. Бұл сөзді Асқар Алтайдың әйгілі терминші Ісләм Жарылғапов ағасына ұқсап өзі ойлап табуы да ықтимал. Не болмаса, «кен асылы – жерде, сөз асылы – елде», ел ішінен кезіктіруі де мүмкін. Түрік дүниесінің ұлы жазушыларының бірі Шыңғыс Айтматовтың «мәңгүрт» деген сөзді термин дәрежесіне көтергені, академик ағамыз Рахманқұл Бердібайдың «көзқаман» деген көне сөзді көнеруге, ескіруге жібермей, қайта жаңғыртып, әдеби айналымға әкеп ноқтасын сыпырғаны да баршамызға мәлім. Қазіргі күні «мәңгүрт» те, «көзқаман» да термин ретінде кеңінен кәдеге асып, кеңінен қолданылып жүр.
Әрине, көркем әдебиет – ғылыми зерттеу, ғылыми еңбек емес. Десек те, Асқар Алтай қолданған «жатжады» – термин болуға өзі тіленіп тұрған сөз. Сонымен «жатжады» дегеніміз кім? Кімдер бұлар? Ұлтымыздың өткенінен, тағдыр-тарихынан, дәстүр-салтынан мүлде мақұрым қазақтар. Бұлар үшін қазақтың өзі ғана емес, сөзі де, тілі де, ділі де, тіпті тірлігі де – жат. Бөтен. Бөгде. Ең сұмдығы, ең зорақы әрі сорақысы, бұлар өздері қазақ бола тұра және қазақтың тарихи отаны Қазақстанда тұрып, отбасын құрып, бала сүйіп, өсіп-өніп жатса да қазақтың тілін білсем екен деп талаптанбайды. Талаптанбағаныңыз не, мұндай ой олардың үш ұйықтаса түсіне де кірмейді. Бұлардың арасында екі, үш, немесе төрт-бес тіл білетіндер, үш-төрт жоғары оқу орнын бітіргендер көптеп кездесуі де мүмкін. Бірақ олар да қазақ тілін үйренуден бойын тежеп ұстайды. Өйткені, қазақ тілі – бұлар үшін жат, қажетсіз, «екінші сортты»...
Асқар Алтай, әсіресе, «жатжады» сөзінің мәнісін өз романына кіріктірген Сақ қағанатының әміршісі Тәңірқұт Дің қаған туралы аңыз-әпсанада онан әрі аша түседі. Дің қаған жалғыз ұлын Жібек патшалығына жеті жылға аманатқа береді, алайда Жібек патшалығы түрлі сылтау айтып, қилы сөзбұйдаға салып, қағанның ұлын он төрт жылдан кейін ғана қайтарады. Сөйтсе, Жібек елінің патшасы Дің қағанның жар дегенде жалғыз ұлын айдауына жүргізіп, айтқанына көндіріп, әбден билеп-төстеп қолжаулық қылып алған екен. «Сен – тақ иесісің, Сақ қағанатын сен басқаруың керек!» деп, мұны таққа отырғызу арқылы Сақ қағанатын түгел жаулап алып, ешкімнен беті қайтып көрмеген қас сақтарды құлдыққа түсіруді жобалап, жоспарлап та қойыпты. Содан, не керек, жас кезінен бастап жат ой-санамен жадыланған қағанның ұлы туған еліне тек жатбауыр ғана емес, жатжады болып оралады. Көп ұзамай-ақ, Жібек елінің жер қайысқан әскеріне қосылып әкесіне қарсы соғыс ашады. Жауды тас-талқан етіп жеңген Дің қаған опасыз ұлын тұтқынға алып, оны аяусыз жазалайды.
Сақ жауынгерлері опасыз ұлдың ең әуелі шашын ұстарамен жалтырата қырып, содан кейін оның бас терісін маңдайдан бастап тұтас, тірідей сыпырып алады. Бұдан соң бас теріні шаршылай кесіп, оған ащы құрт пен айран жағып, былбырата илейді. Әбден иі қанып, шикі құйқа шүберектей жұмсақ күйге жеткенде, бас теріден жасалған қолжаулықты Тәңірқұт Дің қаған өзінің елшісі арқылы Жібек елінің патшасына жібереді. «Мен де, менің елім де саған ешуақытта қолжаулық болмайды! Ал мынау – саған қолжаулық болғысы келген менің ұлымның бас терісінен жасалған қолжаулық. Қалағаныңша кәдеңе жарат!» деген ишарасы ғой.
Не деген ірілік десеңізші?! Бауыр еті баласын өлтіру кімге оңай тисін, бірақ соған қарамастан Тәңірқұт Дің қаған ұлтының мүддесін сатқан жалғыз ұлын аса қатал жазаға тартты. Бүгінгі қас сақтар (қазақтар) сияқты «Қайтейін енді, ит те болсаң аман жүр, әйтеуір...» деп ұсақтаған, күйкіленген жоқ. Өйткені, дәстүр – қатал, ғұрып – қатаң болмаған жерде ұлт дәстүрсіздікке ұрынады. Дәстүрсіздікке ұрынған ұлт көп ғұмыр кешпейді. Жойылады.
Жатжадылар ұлтты көгертпейді, көктетпейді. Бұлар тек өзгелерге қолжаулық қана бола алады. А. Алтайдың жоғарыда шегелеп жеткізейін деген ойы да – осы.
* * *
Жақсы жазушының қаламынан әманда ақиқаттың лебі есіп тұрады. А. Алтайдың ұлтсыздар мен жатжадыларға қатысты көркемдік шындығының өмірден алынғандығына ешбір күмән келтіре алмайсыз. Сонымен бірге жазушы осы «ұлтсыздану» деген пәленің әрбір шаңыраққа, әрбір үйге бас сұға бастағанына да күйіне отырып назар аудартады. Декабрист Қаржау (Желтоқсан көтерілісіне қатысқандықтан осылай аталып кеткен) – оң-солын танитын саналы азамат. Бірақ, Қаржаудың отбасында өзінен басқа ешкім қазақша сөйлемейді. Өскеменде тұратын ұл-қыздары да, бұлардан тараған немерелері де қазақша ләм-мим деп білмейді. Содан Қаржау байғұс енді жаңа түскен келініне жалынады (Не деген қасірет, қазақ қазаққа «қазақша сөйлеші, айналайын...» деп жалынып, пұшайман болып тұр!). Қанша жалынса да, келініне тілін өткізе алмайды. «Сол кезде Қаржауға өзінің қатыны қарсы шабады. Қалаға қазақтың тілінің қажеті қанша деп шабаланады».
Суреткердің қаламынан қазақ оқығандарының бір бөлегінің орыстілденіп һәм орысділденіп, бөтенденіп һәм бөлектеніп, туған халқынан мүлде алыстап-алшақтап кеткені, ұлттық зиялыларымыздың қазақтың мүддесі мен мақсатына қызмет етуден гөрі қу құлқыны мен қу нәпсісіне «қызмет етіп» кеткені, қазақ халқының игілігіне жұмсалуға тиісті ұлттық байлығымыздың бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген алапат талан-таражға ұшырап жатқаны да қақас қалмайды. Ұлтты өрге емес, көрге сүйрейтін осындай кембағалдық, қасиетсіздік бізге қайдан келген? Автор мұның себеп-сырын біздің бүгінімізбен ғана емес, өткенімізбен де байланыстырады. Бұған бас кейіпкердің «Мыңдаған жылдар бойы жат жұрт жадылаған санамыз сауықса екен...» деген сөзі куә.
Расында да, біз ұзақ жылдар жадыландық, отарландық. Ресейдің бір өзі 300 жылдан астам уақыт отарлады. Оның ішінде КСРО 70 жыл отарлады. Ғалымдардың дәлелдеуінше, отарланған ел дегеніміз – белгілі бір дәрежеде азғындаған, азғындауға ұшыраған ел. Өйткені, ұзақ уақыт отарлану (ұлттық езгі, әлеуметтік теңсіздік, саяси тәуелділік, идеологиялық экспансия және т.т.) халықты аздырады. Отарлық езгіні көп жыл зерттеген көрнекті поляк ғалымы Т. Зарицкийдің айтуынша, отарланбаған елге қарағанда отарланған елде ертеңін ойламау, өтірік айту, уәдеде тұрмау, жағымпаздық, жадысыздық, қорқақтық, қызғаншақтық, көнімпаздық, даңғойлық секілді жағымсыз әдеттер мен қылық-құлықтар молырақ кездеседі екен. Отарланудан тапқан «олжамыз» біздің әлі ойымызда да, бойымызда да жүр. Мұны Асқар Алтай өте орынды ескерген.
Адам айтам деп айтпайды ғой, осындайда еріксіз тіліңнің ұшына өзі кеп оралады: егер біз де өзге еті тірі елдер сияқты ұзақ жылдарға созылған отарланудан кейін бірден отарсыздану процесін бастап кеп жібергенде, көп нәрсеге қол жеткізетін едік. Мәселен, Қазақстанда бірде-бір қазақ баласы орыс мектебіне бармаған болар еді. Өйткені, отарсызданудың шарты осыны қатаң әрі үзілді-кесілді талап етеді. Алжир мемлекеті отарсыздануды қолға алған кезде араб балаларын француз мектебіне беруді түгелдей дерлік тоқтатты. Тек араб мектептеріне берді, мектеп жетпей қалған балаларды ағаштың көлеңкесінде оқытты. Ал бізде ше? Дәл қазір Қазақстандағы орыс мектептерінде оқып жүрген оқушылардың 70 пайыздан астамы – қазақтың балалары. Біз ертеңгі күні қазаққа, қазақтыққа қарсы шығып, қазақтың ұлттық құндылықтарының күл-талқанын шығаратын «болашақ кадрларды» осылай даярлап жатырмыз…
* * *
Тарихтың тереңінен сусындаған, тарихпен тәрбиеленген халықтың рухы да күшті болады. Мұндай рухы күшті халықты ешкім де жеңе алмайды. Тарихи тамыры тереңде жатқан ұлт әлеуметтік дауылдардың қандайына болса да төтеп бере алады. Қазіргі әлемдік өркениетте халықтың көптігі емес, оның рухы (ұлттық рухы) шешуші факторға айналып отыр. Осы тұрғыдан келгенде, ұзақ жылдар бодандықты бастан кешіріп, тәуелділік пен кіріптарлықтың неше атасын көріп, ұлттық рухымызды әлжуаздандырып, әлсіретіп алған біз не істеуіміз керек? Нендей...
Қай кезеңде де, қандай заманда да ұлтты сақтайтын да, оны ғұмырлы ететін де, қорғайтын да, құтқаратын да – рух, ұлттық рух. Ұлттық рухты ешкімнің қарызға бермейтіні де белгілі және оны шетелден сатып та, сүйреп те, тиеп те алып келе алмайсыз. Бұл ретте біз арыстан ата-бабаларымыздың, кешегі Көк Түріктердің көк тіреген ұлттық рухын, қас сақтардың Еуразияны тітіреткен ұлы рухын қайта жаңғыртып, қайыра жандандырып, бойымызға да, ойымызға да сіңіріп бағуымыз керек. Ата-бабаларымыздың артына қалдырған жер-суы, мүлік-мүкәммалы ғана емес, біле білсек, олардың рухы да – бізге мұра. Тек иелене білуіміз, мұралана алуымыз қажет.
Өзінің осындай өткір де өтімді ойларын өз шығармасына өзек ете білген Асқар Алтай ұлттық рухымызға қатысты аңыз-әпсаналар (Былғары табыт аңызы, Сақ қағанатының әміршісі Тәңірқұт Дің қаған туралы аңыз, Таян хан мен оның қызы Марқа сұлу туралы аңыз және т.т.) мен Алтай өңірінен шыққан тарихи тұлғалар туралы аңыз-әңгімелерді көркем тілмен келістіре суреттейді. Автор бұл аңыз-әпсаналарда халқымыздың ғасырлар бойы қастерлеп келген ұлы рухы жатыр деп біледі. Асқар Алтайдың аңызға айрықша мән беруінің басты себебі де осында деп білеміз.
Бір ғана мысал. Тәңірқұт Дің қағанның соңынан ергендердің бәрі де – елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін басын бәйгеге тіккендер. Бұлар үшін нағыз өлім, шын өлім – бодандық! Атың өшкір бодандықта, кіріптарлықта, тәуелдікте өмір сүруді бұлар өліммен тең деп есептейді. Бұлардың бары да, нары да, ары да, абыройы да – Сақ қағанаты. Яғни, мемлекеті. Әрбір сақ сарбазы, сақтың үлкен-кішісі түгел «Мемлекетімнен айрылсам – мен бәрінен де айрылам!» деп түсінеді. Ал сақтың қатын-қыздары неге шетінен «сыңар омырау»? Сақ қыздары сәби кезінен бастап оң емшектің үстінен жалпақ телпек таңып тастайтын болған. Бұл не үшін? Емшекті өсірмес үшін, ат үстінен садақты еркін, шірене және еш кедергісіз тарту үшін. Ал енді ертеңгі күні күйеуге тиіп, балалы болып жатса, сәбиіне екінші, сау омырауын тосқан...
* * *
Ертедегі сақтар өздерінің қас дұшпанын дөнен өгіздің жас терісіне құндақтап («былғары табыт» дегеніміз де осы!), ауыр қорлық көрсетіп, азаптап өлтірген. Көн қатса қалыбына барады, былғары табыт құрысып қысқан кезде, тұтқынның жаны да мұрнының ұшына келіп, мейлінше қиналған. Оның үстіне сақтар тұтқынды бірден өлтіре салмай, оған ас-су беріп, құрысқан былғары табытқа оқтын-оқтын су құйып, оны жібітіп отырған. Жібіген тері шақырайған күннің астында қайтадан құрысып, тұтқынды бұрынғыдан бетер бебеулеткен. Не керек, мұндай азаптау төрт-бес сөткеге созылған. Сақтардың қолына түскен тұтқын осындай қорлыққа ұшырап, басы қаңғырып, санасы мәңгіріп, елі қайсы, жері қайсы, өңі қайсы, түсі қайсы екенін ажырата алмайтын күйге жетіп, әбден діңкесі қатып жан тапсырған.
Енді мынаған қараңыз. Марқакөлде қонақта отырған кезде профессор Мағдан Жұрағатұлы былай деп бата береді:
«– Біз бір былғары табыт ішінде жатқан елміз ғой... Ұлы Тәңірім елімізді орыстың ойранынан, қытайдың қидасынан сақтасын! Жерімізді жаудың шойындай табанынан, ұлтарақтай жапырақтауынан сақтасын! Ел ұйтқысы аман болсын! Жер құйқасы бүтін болсын! Әумин!» (38-бет).
«Біз бір былғары табыт ішінде жатқан елміз». Бұл – сұмдық сөз. Рас, қазақтың көрмеген азабы, шекпеген бейнеті жоқ. Отарлауға да, бұтарлауға да түстік. Аштыққа да ұрындық. Қуғын-сүргіннің де неше атасын көрдік. Осымен бірге өзіміздің қаперсіздіктеріміз бен еренсіздіктеріміздің кесір-керінен талай қателіктерге де жол бердік: жадысыздандық, ұлтсыздандық, рухсыздандық және т. т. «Рухсыздану» дегенімізден шығады, рухсыз елде қадір де, қасиет те болмайды. Рухсыз елді ешкім сыйламайды. Бәлкім, санға қосса қосатын шығар, бірақ санатқа қоспайды. Ал біздің санға емес, санатқа қосылғанымыз жөн. Ол үшін ұлттық салт-санамызды, ұлттық ерекшелігімізді, ұлттық рухымызды жүдетпеуіміз, қалпына келтіруіміз қажет. Халық салтына келмей, қалпына келмейді!
Дәл былғары табыттағыдай Қытай мен Ресейдің қос бүйірден қысып тұрғаны мынау. Бізді Қытайдың да, Ресейдің де «қамқорлығы» ұшпаққа шығармайды. Бізді ұшпаққа шығаратын ұлы күш – ұлтымыздың рухы!..
Профессордың «Әумин!» дегендегі айтайын деген ойы, түптеп келгенде, осыған тіреледі. Осы ретте енді мына бір жайтқа да тоқтала кеткен орынды сияқты. Әдебиеттануда «бір мәтіннен үш бірдей мәтінді қатар оқу» дейтін ұғым бар. Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романынан Сіз де бір мәтіннен үш мәтінді (кеше, бүгін, ертең) қатар оқисыз. Кешегіні оқып отырып, бүгініңіз туралы ойланасыз, бүгініңізді оқыған кезде еріксіз ертеңіңіз жөнінде ойлана бастайсыз. Бұлай жазу, әрине, шеберлігі кемел, білім-білігі кенен суреткердің ғана қолынан келмек.
* * *
Аталмыш романда бас кейіпкер Толғанбайдың:
«Көндей құрысқан құла қоғам да қалыбына келер...
Сеңдей сірескен жат ой да, жат сөз де жадтан өшер...
Қоңыр пілдей зор бітіміне де рух толар бұл елдің!..
Қара тастай құр қаңқасына да шыр бітер бұл ердің!..», –
деп толғанатыны бар. Задында, бұл – Асқар Алтайдың елге деген, сол елдің ертеңіне деген сенімі.
* * *
Аса дарынды, айрықша еңбекқор, әдеби заңға да ерекше ұста, көркемдік шарттылықтарға да мейлінше жетік Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романы биылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. «Дос жылатып айтады», Мемлекеттік сыйлықтың да өз оқырмандарына «Боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?» деген шекспирлік сауалды көлденең тартып, ұлттық намысымыз бен ар-ұжданымызды оятуға күш салған зерек суреткерге бұйыруы тиіс шығар деп ойлаймыз.
Әмірхан МЕҢДЕКЕ, әдебиет сыншысы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Бөлісу: