Әр жанрда қалам тербеген
Бөлісу:
Ақын, жазушы Болат Құрманғажыұлымен сұхбат
- Болат аға, 2023 жылы көктемде Талғар ауданы Тұздыбастау ауылы мәдениет сарайында дүбірлі кеш бердіңіз. Мен де қатысып көзайым болып, керемет әсер алып қайтқан едім. Сол күнгі шығармашылық кешіңізге біраз ақын-жазушы, зерттеуші-ғалым, оқырман, тыңдарман жиналды. Әңгімені сол кеш жайында бастасаңыз.
- Қазақ еліне келгелі бері екі рет шығармашылық кеш өткіздім. 2019 жылы қазанның 28 күні 60 жасқа толу мерей тойым мен «Зерде» (монография) мен «Тек» (тарихи роман) кітаптарымның тұсаукесері болды. Ол тойға ҚР Жазушылар одағы басқармасының орынбасар басшысы, филология ғылымдарының докторы, фрофессор, ҚР Ұлттық ғылым академясияның корреспондент мүшесі, ақын Бауыржан Жақып, алаштың ай маңдай ақыны Жәркен Бөдеш, этнограф жазушы Жанат Ахмади, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Қарлығаш Мұртазина қатарлы мүйізі қарағайдай ақын-жазушы, өнерпаздар, зиялы қауым өкілдері қатысып, той мерейін асырып, шығармашылығыма үлкен баға берді. Телеарналар хабарын берсе, Қазақ радиосы «Алматы түні» айдарында арнаулы сұхбаттасты.
Ал, 2023 жылдың 29 сәуірінде, Талғар аудандық әкімдігі қолдап, Ішкі саясат, Тілдерді дамыту, мәдениет, спорт бөлімдерінің басшысы Фарида Бегенбаева бас болған, Талғар аудандық Мәдениет үйі мен Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінің директорлары Семейхан, Динара Құрманова, әнші, сәзгер Мұратбек Сарыбас сынды азаматтардың мұқият ұйымдастыруында «Тасжарған» (әдеби сын, эсселер, сұхбаттар), «Өркеш» (өлеңдер, толғаулар, балладалар, поэмалар), «Жылып өткен дүние» (әңгімелер) сияқты 3 кітабымның тұсаукесері, шығармашылық есеп беру бағытындағы конференция өтті. Іс-шараға үлгермей жатқанда, кітаптарыма сапалы әрі тез басатын баспаны таныстырып, көмегіңді аямаған өзіңе де осы орайда тағы алғыс айтқым келеді! Талғар ауданының әкімі Т. Айбарбеков, Тұздыбастау ауылының әкімі Шыңғыс Ермуханұлы, Әлем Халықтары жазушылары одағының төрайымы Гүлхан Айтақынқызы, Түркі Әлемі жазушылар одағынан Айжан Шайыққызы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық бөлімше бастығы Омарәлі Әділбекұлы қатарлылар ұйымдар шапандарын жауып, «Алғыс хаттарын», сыйлық бұйымдарын ұсынып, ізгі тілектерін ақтарды. Сәбит Дүйсебай, Серікқазы Қорабай, Ізтілеу Тойшыбай, Баяқымет Жұмабай, Болат Бопай, Мұқан Мамытхан, Қызырхан Бабақұмар, Мақсұтқан Дәлей, Мырзағали Тоқтаубай, Құл-Керім Елемес, Ләззат Игісін, Қайрат Құлмұхаммет, Гүлнәр Рахымжан, Айжамал Жолдас, Сарқытбай Қали, Әмірзда Мұқаш, Жеңіс Қанен, Айнұр Оразбай, Жүрсін Жеңісхан, Қалау Напыхан, Айнұр Рақым қызы т.б. ақын-жазушы, ғалымдар, өнерпаздар құттықтауларын, арнауларын жаудырып, әндерін айтып, күйлерін күмбірлетті. Дәулетбек Байтұрсын, Әділет Ахмет, Мырзабек Нәсіпхан қатарлы үш ғалым азамат 3 кітбыма жеке-жеке арнаулы баяндамалар жасап, үш жанрдағы шығармаларымның өміршеңдігіне ғылыми талдаулар жасап, оң бағасын берді. ҚР Еңбек сіңірген әртисі Ғанипа Садықова, әншілер Мұратхан Шерияздан қатарлылар сөзі мен әнін өзім жазған «Сауырым», «Сұр шағала», «Көкше қызы» деген әндерімді тамаша орындап, жұртшылықтың жылы қарсы алуына ие болды. Өлеңдеріме ән жазған әнші, сазгер, Тұздыбастау Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұратбек Сарыбас, әнші, сазгер Серік Пешен әндерін тамылжыта шырқады. Нұрсәуле Бекбосын, Зирагүл Нұрданбек, Гүлнұр Солтанқызы қатарлы талантты әншілер де жұрт көңілінен шықты. Жетісу теле арнасы, «Талғар газеті» арнаулы хабарын берді. Әлеуметтік желілер жарыса жазды. Өзің де арнауыңды оқып, мақала жазып, А. Рахымға оқытып жаряладың. Келген 250-ге тарта қонақ мейрамханада дәм тата отырып сый-құрметтерін жалғастырды. Сөйтіп, жоғары деңдейдегі кешім өз мәресіне жетіп жатты…
- Болат аға, сіз ақпарат алаңында журналист те болдыңыз, өлең жазып ақын да болдыңыз, прозалық шығармаларыңыз да жетерлік. Өзіңізбен қаламдас ақын - жазушылардың шығармаларына сын да жаздыңыз. Көп қырлы қаламгерсіз. Осының бәріне қалай үлгересіз? Сізге әдебиеттің барлық бағытында қалам тербеуге қандай күш шабыт береді? Үлкен демей, кіші демей, шығармаларын бағалап, ой пікіріңізді айтып жатасыз, оған куә «Тасжарған» кітабыңыз?
- Бұл енді адамның шығармашылық дағдысына да байланысты. Арғы бетте а дегенде бастауыштағы кезімде Бәтиза деген клас жетекшіміз өлең жаздырса, кластастарым арасынан менің жазғандарымды оқып беріп, басқаларға үлгі ретінде көрсететін. Оған төбем көкке жеткендей қуанып қалатынмын. Орта мектеп қабырғасында жүргенде де Бақытқазы Пәзіл, Асылбек Ақан қатарлы кластастарыммен бәсекелесіп өлең жазып жүрдім. Мектеп ұйымдастырған түрлі іс-шараларда өлең оқып, домбырамен күй тартатынмын. Сәуле Дағайқызы сабақтасым арамыздан талданып, Орталық халық радио станцсиясына диктор болып кеткенде «Самға, сабақтас!» деген мақала жазып, мектептің қолдауында «Шыңжаң гәзетіне» жіберген едім, басылып шықты. Кейін қызметім Сауан аудандық Радио-телевидения мекемесінде тілші, редакторлық, қазақ бөлімінің жетекшісі болып тұрақтанды да, ақпараттың барлық жанрында хабар-мақала жазуға бар ынта-пейіліммен кірістім. Қаламымнан үлкен үміт күткен Шыңжаңдағы іргелі басылымдардың бірі – «Іле гәзетінің» Күйтің қаласынан бөлімше құрып, сонда тұрып Алтай, Тарбағатайдың 14 аудан, қаласына жауапты меншікті тілшісі етіп талдап ауыстырып алды. «Әкімнің әтізі», «Тілді үйірген Хализы» (нашпұттың жаңа сорты), «Алыстан келген ақ қоян», «Қанатымен су сепкен қарлығаштар», «Орқы тұз алаңы», «Ғылми жолмен мал бордақылау табысы» т.б. тақырыптардағы 20-ға тарта ақпараттық шығармам Шыңжаң ақпарат қоғамы, Мемлекеттік аз санды ұлт ақпарат бағалау комиссиясы қатарлы орындардан 1, 2, 3 дәрежелі жүлделерге ие болды. Ақпараттық туындылардан тыс, ақпарат ғылымына қатысты зерттеу мақаларын да жариялап отырдым. Осы еңбектерім кәсіптік, ғылым-техникалық атақтар алуыма негіз қалады. Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне емтиханнан өтіп, 2003 жылдан 2005 жылға дейін 3 жыл аспирантура дәрежесінде білім алдым. «Қытайдағы қазіргі қазақ публицсистикасы: даму проблемалары» деген тақырыппен ғылыми диссертатсия жазып, жақсы баға алдым. Амандосов Т, Елеукенов Ш, Ыдырысов Т, Қожакеев Т. қатарлы ғалымдардың публицсистикалық еңбектерін зерттедім. Халықаралық ғылыми конферанцияларда оқыған мақалаларым конференция материалдарына енсе, зерттеу тақырыбыма қатысты ғылыми еңбектерім факультеттің «Хабаршы» және республикалық беделді басылым «Ақиқат» журналы, «Қазақ елі» гәзетінде жарық көрді. Аталған диссертассиямды «Зерде» деген монографиялық кітабыма енгіздім. Қытай мен Қазақстанда жарық көрген әр тақырыптағы сын мақалаларымды, эсселерімді, сұхбаттарымды топтастырып «Тасжарған» атты кітап етіп шығардым. Журналистикада ақпараттық жанрлардың барлығында өнімді қалам тербесем, әдебиеттің поэзия, проза, сын саласын негіз ете еңбектеніп келем. «Тарбағатай» журналына «Өлі балық» деген бір комедиям да басылды. Әрине, барлығының бағасы халықтан.
- Бәрекелді, Болат аға. Қаламыңыз қуатты бола берсін! Шығармашылық кешіңізде Мырзағали Тоқтаубайұлы аға әзілдеп: "Осынша көп бағытта шығармашылыққа уақыт сарып етпей, біреуімен айналысқаныңызда Нобель сыйлығын аларма едіңіз!"- дегені есімде. Сізге қайсысы жаныңызға жақын, қайсысын жоғар бағалайсыз: Ақындық па? Жазушылық па? Журналистік пе?
- Ошақтың үш бұтындай бұл үш саланың өзара ортақтығы да, даралық ерекшеліктері де бар. Ортақтығын айтар болсам, мәселен, ұлы қаламгерлер де әуелі өлеңмен бастаған, кейіндеп прозаға ауысқан. Өлең, толғау, поэмалардан аңыз болар құнарлы дүниелер туғызған. Алайда, аса ауқымды дәуірлік сипаттағы іргелі мәселелерді, таңғажайып күрделі оқиғаларды жан-жақты суреттеп, көркемдік өреге көтеруге поэзияның тынысы тарлық етуі әбден мүмкін. Осы тұрғыдан қара сөзге еріксіз ауысады. Шыңжаңда 1988 жылы Күйтің қаласында тұңғыш рет «Қазақ поэзиясы туралы ғылыми талқы жиналыс» ашылды. Мен «Іле гәзетінің» тілшісі ретінде қатынасып, хабарларын жаздым. Жиналысқа Мырзақан Құрманбай, Дутан Сәкей, Мәди Әбдірахман, Әлімжан Қатбаев, Серік Қапшықбай, Сәли Садуақас, Шәміс Құмар, Оқабай Тойымбай, Дайарбек Зияда, Қазез Райыс, Мансұр Әбдікер, Райхан Ібін сынды көптеген ақын-жазушы, сыншы, ғалымдар қатысты. Баяндамалар жасалғанда: «Тамаша жазылған поэзия – көркем проза, ал, естен кетпес көркем прозаны поэзия деп қабылдасақ та болады» делінген ойлар айтылды. Бұл тұжырымға бәрі де келісті. Ал, журналистиканың көркем әдебиетке ең жақын жанры – очерк (эссе). «Хабар (ақпарат) қалам ұштайды» деген қағида бар. Осы тұрғыдан олар бір-біріне өте етене, төркіндес. Бірін-бірі тудырады, толықтырады. Көрнекті жазушы Кемел Тоқаевты қазақ детектив жанрының атасы дейміз. Детектив шындықты қаз-қалпында суреттеуден тұратын жанр. Оның негізі – шындық. Журналистика ғылымының обьектісі де шындық. Детектив жанрымен тамырлас, сабақтас. Сондықтан, ақындық, жазушылық, журналистика қаламгер үшін ұлығаусар бөтендігі жоқ. Ал, даралығына келсем, меніңше, ақындық Алланың ғаламат бір тылсым сыйы ретінде ерен шабытты қажет ететін, кейде ақын еркінен тыс құйылатын, жазбақ болған тақырыбынан басқа әлемге жетелеп кетудей құдіретке ие. Ол телегей-теңіз таза, арлы сезім мен ұшқыр ой жиынтығы. Тек жалаң сезім ғана қуалаған төрт тармақты, тәтті ұйқасты, образды тілдерді малданған өлең нәрсіз, жұтаң, сылдыр боп қалады. Түптеп келгенде, оның да жаны – өмір шындығы. Проза көлемді, көкейтесті тақырыптарға құрылған қара сөз көркемдігі. Ол аса құнды, деректі материалдарға мұқтаж. Өмір шындығынан ауытқымауды негіз етеді. Оның да фантастикалық түрлері бар. Демек, қаламгер өмірге, тілге, қиялға аса бай болуы керек. Мен үшеуін де өгейсімеймін. Өмір болса, кейінгі бұрылыстарымды ептеп көре жатармын.
- Сіздің біраз шығармашылық ұйымдарға мүше екеніңізді білеміз, қоғамдық мәдени бас қосуларда, жиын-тойларда жиі бас көрсетіп жүресіз. Қолдау білдіріп сөз сөйлеп, мақала да жазып жатасыз. Әлеуметтік желілерде де белсендісіз, үлкендерге ізет білдіріп, өзіңіздің іні-қарындастарыңызға қолдау көрсетіп, шабыт беріп, сөз сөйлеп, пкір жазып жатасыз, кісіліктен бе? Кішіліктен бе? Бұл енді ұзақ болашақты ойлап, қаламды серік еткен адамға қолбайлау, кедергі болмай ма? Уақыт болса зымырап өтіп жатыр дегендей…
- Үлкенді сыйлаған, кішіні аялаған, болайын деген ұрпақтың белін буып, атқа қондырған текті, батыр атаның жалғасымыз. «Ақын болу өз еркің, азамат болу борышың» деген ұстаным да бар. Асыл салт-дәстүрімізді сақтаумен бірге мұсылманбыз. Екі жақты тәрбие бізді ізгілік жолына баулыды. Мектеп тәрбиесі қоғамдық, жаратылыстық білім алуға, осы заман мәдениетін қабылдауға жетеледі. Жасы 80-нен асқан ақын, жазушы, ғалым ақсақалдардың кітаптарымды көрген соң, өз кітаптарын ұсынып жатып, сол кітаптары туралы баға беріп, талдап мақала жазуымды үміт еткендері болады. Айта берсең, 70-тен асқан сартабандар мен 30 жастардағы шабытты ақындардың қиыла тапсырғандарын да ерінбей орындап келем. Еңбегіме басқаларша ақы тілену маған жат, арым да көтермейді. Қайта маған қамшылау. Кітаптарын қайталап оқып, зерттеймін, ішіне ене бастаймын, ізденем, ойланам, сұрыптаймын, соңында мұқият қалам тербеймін. Әрине жазған сайын қаламым төселеді. ізденістен білімім толысады. Өйткені, «білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз» ғой. Сол жандар разы болып, қуанышқа бөленсе, жаным жадырап сала береді. Сауапты жұмыс деп білем. Уақыт бөліп әлеуметтік желілерге көз жүгірте қалсам, алуан тақырыпта жамыраған шығармаларды қалдырмай оқып, лайықты лебіздер білдіруге тырысам. Кейінің кемшін тұстарын көрсете кетем. Ойға алған өз жазуларыма ойысам. Кейде алтын уақытымызды той-томалақ, мерей той, шығармашылық кеш, өлім-жітім, нәзір-шырақ, қонаққа шақыру, шәй тобының отырысы сынды дүниелерден аяқ алып жүре алмайтын істер уақытты зая етеді. Онсыз жасаған қоғамдық ортадан тағы жалғыз қалғандай боласың. Бұл үлкен мәселе. Өте шұғыл жазуларым бар кезде, мүмкіндігінше орныма басқаларды жіберем. Түрлі іс-шараларға да көп шақырылам. Бұрын журналист болғандығымнан болар, сол көрген оқиғаларымнан бір тұшымды хабар-мақала жазу әдетім бар. Бұл менше жаныма біткен кісіліктен, екінші жақтан кішіліктен де болады. Менменсіп тұратын тәкаппарлық менен аулақ. Ондай жиіркенішті қылықты иттің етінен де жек көрем! Ондай адамдар көбінде надан, қуыс кеуде, сәулесіз, ақылсыз келеді. Олар адамды байлығымен, кереметтей көлік, зәулім сарайларымен ғана өлшейтін саяздар деп білем. «Әсем болсаң, аспаққа асыларсың, бәсең болсаң, бәйгеге қосыларсың» дейді қазақ.
- Сізді есейткен, кітап оқып, қаламға қол создырған арғы бет яғни қытай жері, сондағы ел-жұрт, туған жер жайлы не айтасыз? Тәңіртауға бармағалы қанша уақыт болды? Сағынған боларсыз?
- Рас айтасың. Қытайда 1966 жылдан 1976 жылға дейін он жылға созылған әсіре солшыл «Мәдениет зор төңкерісі» деп аталатын саяси зобалаң жүрілді. Бүкіл Қытай елі төңкеріс жасап кетті де, экономика барынша тұралады. Аштық та белең алды. Зиялы қауым өкілдері мен кезінде бай-манап болғандар аяусыз қудаланды. Таптық күрес салдарынан қаншама жазықсыз жандар ажал құшты! Үрейленгендіктерінен өздеріне қол жұмсап жан үзгендер де аз болған жоқ. Майталман мұғалім болған әкем де «сасық тоғызыншы», «Совет түзетімпаздарымен астасқан», «жын-шайтан» атанып, “қағаз қалпақ” киіп күреске тартылды. Ауыр еңбекке жегілді. Нағашым Қауан Берікбайұлы «түзетымпаз», «кері төңкерісші» атанып, 6 жыл түрмеде отырды. Үркердей болған біз де белсенділер жағынан қақпай көрдік. Сол сәби кездерімізден бастап әкем көзге түсуден сақтана отырып, жинап әкетіп өртелген «Абай», «Абай жолы», «Арпалыс», «Бекетайдың қарлығашы», «Оянған өлке», «Құралай сұлу», «Күйші» сияқты романдар мен дастандардың оқиғаларын әңгімелеп беріп, аузымызды аңқайта таңдандыратын. Қолында қалған «Қалың орман, қарлы дала» романын әр күні ел орынға отырып, аңдушылар саябырлаған тұста жаттық, әсерлі оқуын бастайтын. Роман басталды деген хабарды далада жүріп естісек, үйге құр қалғандай ұштыртып кіріп, сілтідей тына тыңдайтынбыз. Ондағы әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Шешем де аңыздар мен ертек, апсаналарды майын тамыза әңгімелеп, Ертөстык образын санама сіңіргенін айтсайшы! Ол кезде қызыл төңкерістік түс алған фильмдер ғана анда-санда қойылатын. Кейін келе науқан саябырсыды. 1976 жылдан бастап, біртіндеп оңалуға бет алды. Нағашым Қ. Берікбайұлы ерекше кітап құмар, сұңғыла, есте сақтауы ғажап адам еді. Ол сонау 50 жылдары Шыңжаңға барған Қазақстан авторларының кітаптарын қалдырмай оқыған екен. Өзі өте шешен. Сол шығармалардың оқиғаларын таңды-таңға жалғап дегендей әңгімелеп, ерек баурайтын. Кейін есейе бастап, «Үш патшалық», «Су бойында», «Қызыл сарайдағы түсі» сынды Қытайдың классикалық романдарын іздеп оқыдық. Арт-артынан шыға бастаған қазақ авторларының роман, жыр жинақтарын қолдан-қолға тигізбей алып қашып оқыдық. Кейіндеп «Ботакөз», «Махаббат қызық мол жылдар», «Жат қолында», «Ұлпан», «Қаздар қайтып барады» қатарлы Қазақстан авторлары мен Қытай еліндегі қазақ авторлары жазған «Қарлығаш» (өлең роман), «Өзгерген өңір», «Ұстаз», «Бұрқасын», «Аң шадырын оқ табар», «Сәукеле», «Таразы», «Арман асуында», «Қылмыс», «Кешкен күндер», «Бұлаң дүние», «Қамшыгер» сияқты толып жатқан көркем шығармалармен емін-еркін қауыштық.
Қазақсанға аңсарымның ауғаны да сол бала кездегі көркем шығармаларың терең әсерінен болды. «Әр кімнің туған жері Мысыр шәріндей» деген мақал бар. «Туған жерге туыңды тік» деп жатады. Расында, туған жердің бір бөлшегіміз. Шыңжаңның, Сауанның аумалы-төкпелі кезеңдерін көкіректеріне құйма алтындай құйып алған, шежіредей жаттаған даңсалы қарттарымыздың тарихи әңгімелері қандай құнарлы еді! Қайран туған жердің қарапайым да аңқылдақ адамдары-ай! Жүректерін жұлып беруге дайын туыстар мен сабақтас, дос-жарандарды айтсайшы! Осы орайда «Өркеш» атты кітабыма басылған туған жерге арнаған «Өзің болам» деген өлеңімді оқып берейін.
Жаннаттай гүл құшағы таң қалдырар,
Мен сенің жайлауыңмын ән салдырар.
Пейілің, дарқандығың армандайтын,
Сап-сары бал қымызың тамсандырар.
Мен шексіз аспаныңмын – көк зеңгірің,
Тәкаппар тауларыңмын – көк сеңгірің.
Шіліңгір аптабыңмын ми қайнатар,
Жайқалтар жаңбырыңмын, өнсе гүлің.
Жөңкіліп өткел бермес өзеніңмін,
Жарқылдар жасыныңмын, төзе білгін!
Төсіңді жапқан алау гүлдеріңмін,
Шырынын жұтқан ара өзегіңнің.
Қабағын түнгі ұйқыдан түрген ақ таң,
Мөп-мөлдір бұлағыңмын керден аққан.
Жер бетін малындырар ақ сәулеңмін,
Сыр тұнар түндеріңмін жұлдыз таққан.
Қарағай, қайсар емен, қайыңыңмын,
Қасқайып қарсы алатын қайғыны мың.
Ғарышқа құлаш жайған Құсжолыңмын,
Шалқыған кит тулар айдыныңмын.
Тап-тарғыл құмдарыңмын, құба дала,
Қоңыр аң, сырласатын құлан ғана.
Тораңғы, жыңғылыңмын, сексеуілің,
Меңіреу жапан түзге болар пана.
Ақ мылтық бораныңмын қатуланар,
Сары аяз сақылдатып жаныңды алар.
Шуақты көктеміңмін маужыратар,
Жайнатып, жаз күніңмін жадыратар.
Туған жер, қасиетіңнен жаратылдым,
Шалғысын қатайтқан сен қанатымның.
Мәңгілік сағынышым жүректегі,
Өйткені, бөлшегің боп дара тудым!
- Атамекенге қашан бет бұрдыңыз? Бұл жақтан алған әсеріңіз қандай?
- Атамекен дегенде емешегіміз үзілді емес пе?! Дәм тартып 2001 жылдың 3 қарашасында Қорғас өткелі арқылы отбасымды Алматыға көшіріп келдім. Бұдан бір жыл бұрын әйелім Гүлзира Айымқызы келіп, көшуіміздің жолдарын қарастырып, ел ауанын түйіп жүрген. Екі қызым мен кенже ұлымды оқуға түсірдім. Алды 8 сыныпқа, арты бірінші сыныпқа қабылданды. Негізгі мақсатымыз да ұрпақтарды оралту еді. Кейін алды докторантураға, арты университетке түсіп, нәтижелі тамамдады. Қазір қазақ қоғамына жарамды дарындылардан боп еселерін қосуда. Өзім де ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне аспиранттыққа емтихан тапсырдым. Нәтижем толымды болғандықтан қабылдандым. Сонымен 2003-2005 жылға дейін аспирантурада оқыдым. Ғылыми шарттарын орындап, студенттерге сабақ бердім, халықаралық ғылыми конференцияларда ғылыми баяндама жасадым. Факультет жағынан шығатын «Хабаршы» сияқты республикалық журналдарда мақалаларым басылды. Әр жанрдағы туындыларым беделді басылымдарда жарық көрді. Мүйіздері қарағайдай ақын, жазушы, ғалымдардың еңбектерімен таныстым. Балаларымның құныттап оқуын қадағаладым. Көбінде әйелім балалармен бірге болды. Мен ол кездерде Қытайдағы жұмыс орным – «Іле гәзеті» редакциясынан әлі қол үзбегем. Екі ай осы елде, екі-үш ай Қытайда жұмыста болам. 2005 жылы Талғар ауданының Тұздыбастау деген ауылынан жер сатып алып, үй салдық. 2006 жылы сонда қоныстандық. Оның алдында емтиханнан өткенім үшін берілген Қазұу-дың №6 жатақханасында үш жарым жылдай тұрдық. Балаларым да, өзім де білім алуға құлшындық. Ала дорба арқалап базар жағаламадық. Тапқанымызға шүкірлік еттік. «Жас – Ай» атты журналда бір жылдай жұмыс істедім. Елге оралғаннан бері де қыруар халықаралық марапаттарға ие боп, төсбелгілер тақтым. «ҚР-дың құрметты азаматы» атандым. ҚР Жазушылар одағына, басқада одақтарға мүше болдым. Қазірге дейін 7 кітабым жарық көрді. Сондықтан, бұл елге шамамша бергенім де, алғаным да бар. Алла қаласа, қара тұяқтан хал кеткенше үлесімді қоса берем деген ойдамын.
- Болат аға, тілегіңіз орындалсын! Кейбір зерттеушілер қазақ әдебиетінде, ақын-жазушылардың шығармашылығында Тәуелсіздіктен кейін тоқырау болды, дамымады, немесе бұрынғы шиырдан айналсоқтап шыға алмады деген пікір айтады. Сізше қалай? Арғы бет, бергі беттің әдеби шығармаларының біразын оқып білдіңіз ғой.
- Кезіндегі Қазақ-Совет әдебиеті үлкен империяның идеологиялық құралы ретінде әспеттелді. Барынша дәріптелгендіктен, қаламгердің беделін жоғарлатқандықтан, әр тақырыптағы көркем шығармалар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулағаны белгілі. Күн көсемдерді жырлаудан басталды. Кітаптар тар шеңберден шықпады. Қабатталған сүзгіден, иненің жасуынан өтіп отырды. Дей тұрғанмен «Абай», «Абай жолы» сияқты қазақты әлемге танытқан аса ірі шығармалар да дүниеге келді. Оралхан Бөкейдің шығармалары да сол дәуірде туылғанымен, еркіндікке талпынуда ешкімге ұқсамайтын даралығымен таңдай қақтырды. Мұқағали бастаған ақындардың өміршең жырларын айтсайшы! Қалай болмасын бұл кезеңде толып жатқан асыл шығармалар туды.
Ал, Егемендік алғаннан кейін, жаңағы үйреніп қалған шарт-жағдайдың барлығы құрдымға кетті. Қалам ұстағандар керек те болмай қалды. Экономика тығырыққа тірелді. Ғалымдар мен зиялы қауымға «байтал түгілі бас қайғы» болды. Ала дорбаларын арқалап базар жағалалап кетті. Торыққан қаламгерлер күрсінді. Жалпы қазақ халқының санасына кетпестей орнап қалған советтік жүйенің қасаңдығы меңдетті. Сонымен, Егемен елдің идеологиясы ту көтеріп шыға алмай тұралаңқы болғандықтан, салқыны дәуірлік, ірі эпикалық шығармалардың туылуын кешеуілдетті. Себеп: мемлекет Жазушылар одағы сынды рухани әлемнің отын маздатуға селқос қарады. Бұрын бір кітап жазса, бір көліктің ақысы тиетін қаламгерлер керісінше өздері ақша төлеп кітап бастыратын хәлге түсіп қалды. Елдің жан бағудай уайымы барлығына нұқсанын тигізді. Соңғы жылдар әдеби өмірімізге жан кіре бастағаны белгілі. Мемлекеттік сыйлықтарға ие болған қаламгерлер қатары да артты. Алматы қаласы қаламгерлерге стипендия тағайындайтын жақсы әдет қалыптастырды. Сонымен қатар бармақ басты, көз қыстылықтар мен жемқорлық атаулы да салтанатын құрып бақты. Сондықтан, әдебиеттің сапасы да кенжеледі. Мәселен, жырлары жатталған, мүйізі қарағайдай ақ иық ақын Жәркен Бөдеш Мемлекеттік сыйлыққа неше дүркін қатысты. Ақын Алматыдағы, Астанадағы бағалау комиссияларының сараптауларында ағалап алда келе жатады да, өскелең үмітке бөлейді. Соңғы есепте, қалқаңдап жүрген біреудің бірден топ жарғаны қайран қалдырады! Осы сорақылықтарға ақынның қасында жүріп өзім де куә болдым. Бір жолы республикалық жыр мүшайрасы ұйымдастырылады. Гәзетте бас жүлдегерге көлік беретін жарнамасы жер жарады. Ж. Бөдеш бас жүлдегер болады. «Көлік мінетін болдық!» деп жандары қалмай көлікке құятын бензиніне дейін теңге ала барған балалары тағатсыздана күтеді. «Тұра тұрыңдар!» деген басқарушылар оларды сағаттап қаңтарған. Әне болды, міне болды деген олар ақырында шамалы ғана теңге ұстатумен тынған. Ақынның жалғыздығы сол кезде барып жанын жегідей жеген. Оның қазақ еліндегі әділетсіздікке аһ ұрғаны көз алдымда.
Дседе, мүлде тұралады деуден аулақпын. Батыл да еркін жазылған шығармалар белең алды. Жастар жағы жарыса жазды. Қазақ поэзиясына батыстық модернизм ағымы да тамтұмдап ұлттық шекпен жамыла ене бастауда. Жазушылар одағының сараптауларына сүйенсек, поэзия, проза, драматургия және балалар әдебиетінде әлемдік деңгейдегі туындылардың бой көрсете бастағандығына масаттанамыз! Айтылар уәждің дені мемлекеттік жоспармен шығатын кітаптардың тиражы тым аз, қазақ елінің түкпір-түкпіріне жетпейді.
Ал, Қытай еліндегі қазақ әдебиеті ұзаққа созылған «Мәдениет зор төңкерісінен» кейін бұғауды бұзған құла тасқындай жөңкіді. Қаусылқан Қозыбай, Нығымет Мыңжан, Омарғазы Айтан, Рахметолла Әпше, Оразхан Ахмет, Мағаз Раздан, Жұмабай Білал қатарлы қыруар қаламгерлер үлгі қалдырды. Жастардың жігеріне дем беріп, қанаттарын қақтырды деуге болар. Қазақстан қаламгерлерінің көркем шығармаларының көптеп таралуы да көкжиегін кеңіте түсті. Құнарлы әдебиет бірден бірге жалғасқан дағды қалыптасты. Кітаптар жоспармен сарапталып басылды. Қаламақы заңды түрде берілді. Кейін жоспарлы шаруашылыққа реформалар жүрілді. Әркім ақшасымен өз кітаптарын қалағанынша бастыруға жол қойылды. Мұның еркіндігі де болды. Саны еселенді. Алайда, сапа мәселесінде сараптау болмай қалып, жілігі татымайтын жинақтар мен прозалық шығармалар жамырап кетті. Дегенмен, Нобель сыйлығын алған Мо янның озық үлгідегі шығармалары үлкен дүмпу қозғады. Жастар жаңаша іздену жолдарына түсті.
Қазақ еліне келіп ірге тепкен жас, орта жастағы, тіпті сақа қаламгерлер де құлшынуда. Олар қаймағы бұзылмаған қазақтың дәстүрін, салтын, мәдениетін, тарихын, құнарлы әдебиетін, аса бай тілін, қазақи мінезін өз шығармаларымен пәш етіуде. Бұл тұтас қазақ әдебиеті деген киелі құндылығымызға қосылып жатқан баға жетпес қазына, бағалай алсақ! Жарық көріп жатқан әр жанрдағы кітаптар да мол. Қоғамдық ұйымдар да, әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан шығармаларда есеп жоқ. «Қамшы», «Тепсең» т.б беделді сайыттар мен «Таңжарық» сияқты әдеби журналдар қазақ әдебиеті мен мәдениетіне бөлекше сыңғырымен қосылып жатқан мұғжизалар…
- Аға, «Жігітке жеті өнерде аз» дейді, шығармашылықтан басқа ел біле бермейтін қандай өнеріңіз бар?
- Бала жастан домбыраға әуестендім. Бастауыш, орта мектеп қабырғасында жүріп мектеп ұйымдастырған ойын-сауық үйірмелеріне қатыстым. Онда өзім жазған өлеңдерімді, Қ.Қозыбай, Ж.Маман сынды көптеген ақындардың өлеңдерін жатқа айтатынмын. Сонымен бірге, сол кездерде (1970 жылдар) рухани мәдениетке сусап қалған жұрттың айызын қандырған композитор Ғ, Сейтқазинның «Көркем жәйір», «Еміл толқыны», күйші К.Мақайдың «Домбырам», Ә.Мәліктің «Іле тұлпары» қатарлы күйлері мен «Малшылар шаттығы», «Сахара көркі», «Жеңіспен алға» сияқты париялық күйлерді сахынада тартып, мақтауға ие болатынмын. Әсілі домбыраға әуестігім, Бортынке өңірінің Қызылағын деген елді мекенінде тұратын шежіреші, шешен, айтыс ақыны, қисагер, аңшы, өрімші нағашы атам Берікбай Жақсылықұлының еркелеткен сал-сері кенже ұлы Сұлтаннан дарыды десем болар. Өйткені, ол дәулескер домбырашы еді. Құйқылжытып тартқан күйлері мені ес-ақылсыз баурап алатын. Домбыраның құлақ күйін теңшеп тартуды үйретті. Сол қызығуым күй орындауға дейін жеткізді. Ары қарай қанат қаға бердім.
Ал, ән шығаруға да бейімім бар көрінеді. 1985 жылы «Тарбағатай» журналына шыққан «Сауырым» деген үш шумақ өлеңіме бір қайырма жазып ыңылдап жүріп әнге айландырдым. Отырыстарда өзім орындап жүретінмін. Қазақ еліне келгеннен кейін де «Сұр шағала», «Көкше қызы» сияқты әндер шығардым. 2023 жылдың 29 сәуірінде өткен 3 кітабымның тұсауын кесу сынды шығармашылық кешімде, Елімізге танымал әнші Ғанипа Садықова «Сауырымды», әнші, сазгер Мұратхан Шеряздан «Сұр шағаланы», дәстүрлі әнші Манай Натжан «Көкше қызын» тамылжыта шырқап, алқауға бөленді. Сонымен бірге өлеңдеріме ән жазған әнші, сазгер, Тұздыбастау мәдениет үйінің директоры Мұратбек Сарыбас «Періште қыз», әнші, сазгер Серік Пешен «Талғарым» әндерін тамаша орындап, кештің салтанатын асырды. Алда тағы бір неше ән шығарсам деген ойларым да жоқ емес…
-Болат аға, сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Жеңіс Қанен
Бөлісу: