Мартин Хайдеггер мен Ханна Арендт
Бөлісу:
Махаббат ұлттан биік па?
Махаббаттың шек пен шегарасы қайда?! Әлемде неше түрлі махаббат хикаясы бар. Бірақ сүйген жанның сенің ұлтыңды жоқ қылып, тірідей өртеп жіберген адамдардың қатарында тұрғанын көру, көре тұра сүюді жалғастыру үшін қандай ерлікті талап ететінін біз секілді пенделер сезіне де, түсіне де қоймас деп ойлаймыз. Бір сәтке көз алдыңызға елестетіп көріңізші, уағында ғайыптан тайып біреуге ғашық болдыңыз. Сүйдіңіз, өртендіңіз. Бір күні сіздің отбасыңызды, туған-туысыңызды, ауылыңызды, ұлтыңызды жер бетінен жоқ қылғысы келгендер қатарында сіздің сүйгеніңіз тұрады. Жәй ғана сол қатарда тұрмайды, білек сыбанып жауыздардың билігін, әрекетін қос қолдап қолдайтын болады. Міне, осы кезде сіз әлі де жаңағы жанды сүйетін бе едіңіз? Сүйетін болам десеңіз ұлтыңызға, сүймейтін болам десеңіз махаббатыңызға қиянат емес пе?
Мейлі, бұл екеуінің арасында қазірше шешім шығармай-ақ қойыңыз. Бірақ күндердің бір күні сүйгеніңіз жасаған қателігін мойындап алдыңызға келсе, ұлтыңызды жойып, тірідей өртеп жіберген жауыздыққа ортақ болғаны үшін кешіре алатын ба едіңіз?! Мейлі кешірдіңіз делік, ұлтыңыз ше?! Ұлтыңыздың алдында қандай күйде болар едіңіз?! Шынтуайтына келгенде, қандай күйе, қандай сезімде болатынымыз бір құдайға ғана ақиқат. Бір қарағанда Голливудттық немесе Болливудтық фильмдердің сценариі секілді көрінгенімен, қазақ тарихында маңызды оқиғалардың бірі саналатын ІІ Дүниежүзілік соғыста, бізден алыста Еуропада осындай махаббат оқиға орын алған болатын. Кейіпкерлері атақты философтар Мартин Хайдеггер және Ханна Арендт еді. Махаббат оқиғасы Германияның Марбург қаласында басталады. Ханна 1906 жылы 14 қазанда Линден қаласында еврей отбасының жалғыз қызы болып дүниеге келген. 18 жасында Марбург университетіне оқуға түседі. Бұл жерде Мартин Хайдеггермен танысады. Аз уақыттың ішінде-ақ асқан білімділігімен Хайдеггердің жүрегін жаулап алады. Хайдеггер бұл уақытта Марбург университетінде философия кафедрасының доценті, үйленген, екі баланың әкесі болатын. Бірақ екеуінің арасындағы махаббат ұшқыны жас айырмашылығына және Мартиннің үйлі болғанына да қарамасқан алапат өртке айналады. Өртке айналады деуіміз біздің эмоционалды сөзіміміз емес, Хайдеггердің Ханнаға жазған хаттарын оқитын болсаңыз, сіздің де кеудеңізді қарып өтетінін кәміл сенімдіміз.
Мысалы, Хайдеггер бір хатында «Құрметті мисс Арендт! Бүгін кешке кешіктірмей сізге келіп, жүрегіңізбен сөйлесуім керек. (...) тек осылай ғана бізді жақындастыратын тағдырға лайық бола аламыз» немесе «дүние енді сіздікі де, менікі де емес, ол біздің ортақ әлемге айналды. Біз жасаған және қол жеткізген нәрсенің бәрі сізге де, маған да емес, бізге тиесілі» деген сөздерден араларындағы махаббаттың қаншалықты ыстық болғанын сезінуге болады.
Бірақ екеуінің арасындағы махаббат оқиғасымен қатар Германияда да жаңа оқиғалар орын алады. 1933 жылы Гитлер Германия билігіне келіп, еврейлерді қыспаққа ала бастайды. Ханнаға да еврей деген себеппен университет сабақтарына қатысуға тыйым салынады. Әрмен қарай еврей ұлтының басына нендей қасірет келгенін тізбектеп жазудың еш қажет жоқ шығар. Ханна Гитлердің зұлымдығынан қашып, әуелі Парижге, сосын Америкаға қоныс аударады. Ал Ханнаның ғашығы, мәңгі өлмес махаббаты Хайдеггер болса Гитлердің билігін қолдап, нацизм идеологиясын ашық түрде қолдайды. Тіпті «Уа! Фюрерім, сен біздің адамзатқа қажет құтқарушысың.(...) Жаңа рухтың ұстазы, жауынгері» деген сипатта мадақтар жолдайды. Әрине, біз бұл жерде Хайдеггерді кінәлаудан немесе айыптаудан аулақпыз. Бірақ Гитлерді қолдап жатқанда, көз алдына бір сәтке болсын Ханна келмеді ме деген ой маза бермейді. Егер Ханнаның туған жерін тастап, жер ауып кеткенін есіне алса қандай сезімді басынан өткерді екен дейміз ішімізден. Бірақ Хайдеггердің қандай күйде, қандай көңілде болғаны тағы да бір құдайға ғана белгілі. Бізге жеткен оқиғалар бойынша 1945 жылы Фрайбург университетінен шығарылады. Ал Ханна Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін әртүрлі еврей бірлестіктерінде жұмыс істеп, мақалалар жазып күн көреді. Екеуінің арасында махаббат оқиғасы ІІ Дүниежүзілік соғыспен бірге аяқталу керек секілді көрінеді. Бірақ аяқталған махаббат, махаббат емес екенін ескерсек, соғыс біткенімен Ханна мен Хайдеггер арасында махабаттың бітпегенін 1950 жылғы оқиғадан анық аңғаруға болады. Соғыстан кейін Германиядан заңсыз кеткендермен бірге Ханна да туған жеріне оралады. Оралады және тұрақтаған қонақ үй бөлмесінде Хайдеггермен кездеседі. Хайдеггер бұл кездесуде Ханнадан көмек сұрайды деген деректер бар. Яғни, айрылып қалған абыройын қалпына келтіру үшін Ханнаның көмегіне жүгінеді Хайдеггер. Ханна еврей ұлтының азабы мен қасіретіне себепші болған Гитлердің саясатын неліктен қолдағанын түсінбесе де, Хайдеггерге қол ұшын созудан тартынбайды. Дәлірек айтсақ, өз ұлтын жойып жіберуге аз-ақ қалған жауыздардың қатарында болған сүйгенін Ханна кешіреді, көмектеседі. Осылайша, Хайдеггер мен Ханнаның махаббаты басқа деңгейде жалғасын табады. Бұл аралықта Хайдеггер университетке қайта оралады, Ханна болса Принстон университетінде жұмыс істеген алғашқы философ әйел болады.
1961 жылы Ханна Екінші дүниежүзілік соғыста еврейлерді өлтірудегі ең маңызды нацистік шенеунік Адольф Эйхманның Иерусалимде сот процесін бақылап, The New Yorker журналында мақала жазады, кейінірек аталған мақала «Eichmann in Jerusalem: A Report on the Banality of Evil» атты ғаламат кітапқа айналады. Міне, осы кітапта Ханна «Эйхманның өзі «жауыз» емес еді, ол жай ғана ойлауды білмейтін, не істеп жатқанынан бейхабар, бұйрыққа бағынушы қарапайым мемлекеттік қызметкер. Оны «жауыз» деп айыптау дұрыс емес еді» дейді. Осы арқылы Ханна Эйхманды емес, Хайдеггерді ақтап алғысы келгендей көрінеді бізге.
Себебі Ханнаның көзінше Хайдеггердің идеяға сенгеннен басқа ешқандай кінәсі жоқ болатын деп ойлаймыз. Бірақ сонда да ұлтыңды жоюға аз-ақ қалған адамдар қатарында өзінің сүйгеніңді көру, оны кешіру, түсінуге тырысу және ең бастысы сүюді жалғастыру үшін Ханнаға қаншалықты деңгейде ерлік қажет болғаны, ал Ханнамен кездескен сайын көзіне тік қарауға Хайдеггер қандай күш алғаны бізге белгісіз. Бәлкім, расында махаббат дегеніміз ұлттан биік тұратын сезім бе екен, әлде ұлтқа деген сезіміңмен ешқашан салыстыруға келмейтін рухизат сезім бе екен?! Әйтеуір, Ханна мен Хайдеггер өле өлгенше хат алмасып, Ханна Еуропаға келген сайын Хайдеггермен жолығып тұрды. Тек 1975 жылы Ханна Нью-Йоркте көз жұмғаннан кейін, артынша бірнеше айдан кейін Хайдеггерде қайтыс болады. Осылайша олар жер бетіндегі барлық идеологиялардан ада, ұлт пен қоғамнан тыс басқа бір әлемге аттанып кете барды...
Бөлісу: