Томис – сақ патшайымының салған қаласы (II бөлім)

Бөлісу:

27.07.2024 1226

Ілгерідегі мақаламыздың бірінші бөлімінде жазғанымыздай Рим ақыны Овидийдің (б.з.д. 43-17 жж.) император Август бұйрығымен біз айтып отырған осы Томис қаласына жер аударылып, жат жерде жазған «Тристия» және «Эписулае Экс Понто» сынды шығармаларында  скифтер жайлы көптеген деректер келтіреді. Тіпті 1859 жылы Эжен Делакруаның «Скифтер арасындағы Овидий» атты картинасы да Томис қаласындағы скифтер мен Овидийді бейнелеген еді.

Біздің заманымызға дейінгі 6 ғасырда түрік халықтарын билеген Томирис ханшайымның аңызға толы өмірі мен билігі жайлы халық аузында көптеген деректер бар. Әрісі, ғылыми мақалалар мен сараптамалық еңбектердің басым көпшілігінде оның парсылармен соғысы, ондағы ерлігі жайлы жазылғаны және бар. Десе де, Томирис патшайымның айналасында дау-дамайлар да жеткілікті екені жасырын емес. Тіпті парсы халықтары Томирис патшайымды өздеріне тарса, түрік халықтары біздің патшайым деп көрпені өздеріне қарай тартады. Әрісі, қазақ даласында аңыз қылып айтылатын «Кирдің басы» жайлы оқиға турасында да екі халықтың пікірі екі түрлі. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда түсірілген «Томирис» фильмінің ирандықтар арасында дау тудырып, «қазақтардың тарихты бұрмалағанын», «Томирис Кирдің басын алмағанын» алға тартқан қарсылық жазбаларын көзі қарақты оқырман қауым жақсы біледі деген ойдамыз. Бірақ ирандықтардың барлығы «Кирдің басын Томирис алмады» деген пікірді білдірмейді. Грек тарихшыларының, соның ішінде Герадоттың еңбегіне сүйенетіндер бұл деректің рас екенін қабылдайды. Сайып келгенде Кирдің басы алынды екен деп тарих оны ұмытып кетпейтінін уақыт бүгінгі күнге дейін дәлелдеп беріп отыр. Әрісі, басы алынған патшалардың біздің тарихта да жеткілікті. Жә, біздің бүгінгі жазбамыз Томирис ханшайымның таласқа түскен қос халықтың қайсысына тиесілі немесе Кирдің басы жайлы емес, осы дискурстарды басшылыққа ала отырып, әңгіменің ауанын тіпті басқа арнаға бұратын жайы бар. Яғни, бұл жазба – аты аңызға айналған патшайымның Қара теңіз жағасында соққан қаласы жайлы болмақ. Иә, қағыс естімедіңіз, Томирис патшайымның Қара теңіз жағасында соққан Томис қаласы турасында сөз қозғамақпыз.  Біздің санамызда сақталған суреттеулер бойынша, самиян даланы өз иелігінде ұстап, қыранша қанатын жайып емін-еркін көшіп көрген бабаларымыздың Шығыс Еуропа жерінде қала соққаны шындыққа жанаспайтындай болып көрінеді. Бірақ біздің мойнымызға жүктелген міндет – бұл пікірдің дұрыс яки бұрыстығын анықтау емес, дұрыс яки бұрыстығын анықтайтын маман салаларының құлағына алтын сырға ілу. Шынтуайтына келгенде айтылған-жазылған пікірлердің барлығына құрмет көрсету керек дейтін адамдардың қатарынан емес екенімді де ашық айтқым келеді. Себебі құрмет тек адамға көрсетілуі тиіс. Пікірлер болса бағалануға лайық. Ал демократиясы мен әлеуметі енді ғана етек-жеңін жинап келе жатқан біздің қоғамда пікір ме білімді, білім мен сенімді ажырата алмау үлкен дерттің бір парасы ғана. Әрісі адамдарға құрметтеу, пікірлерді бағалау туралы ой да  маған тиесілі емес екенін ұмытпаған жөн. Бұл ойдың иесі - Иоанна Кучуради. Біз болсақ, Иоаннаның пікірлерді бағалау, адамдарға құрмет ойын басшылыққа ала отырып, Томирис ханшайымның Қара теңіздің жағасындағы салған қаласы жайлы айтпаққа ниеттеніп отырмыз. Әрине, жоғарыда айтқанымыздай бұл қаланы Томиристің салып-салмағаны жайлы нақты деректер жоқ. Бірақ онда сақтар мен сарматтардың өмір сүргені жайлы деректердің ақиқат екені және бар. Демек, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды емес пе?! Мұның ақиқатына тарих мамандары мен археологтар жетіп, көз қарақты оқырманға ұсынса деген ниет қана. Ал біз болсақ, бұл пікірді бағалап, пікір иесіне құрмет көрсете отырып, қиял да болса Томиристің соққан қаласына жайлы жазбаққа ниеттіміз. Сонымен Томирис ханшайымның соққан қаласы жайлы пікірді гот текті Византия шенеунігі, өмірінің кейінгі бөлігінде тарихқа бет бұрған Джорданстың (кей деректерде Джорнандес, Йорданс деп те айтылады) «De origine actibusque Getarum» (қаз. Геталардың [Готтар] шығу тегі мен әрекеттері) атты еңбегінде кездеседі. Джорданстың өмірі мен шығармашылығы туралы толыққанды мәліметтер бізге жеткен жоқ. Тіпті оның гот текті екеніне де күмәнмен қарай ғалымдар мен тарих зерттеушілері жетерлік. Джорданстың сүрген өмірі мен қоршаған ортасы жайлы толыққанды жазылмаған еңбек ретінде Станислав Долезалдың «WHO WAS JORDANES?» (қаз. Джоданс кім?) атты мақаласын оқуды ұсынамын. Қанша жерден құпияға толы адам болғанымен, оның есімін тарих сахнасына шығарған осы «Геталардың (Готтар) шығу тегі мен әрекеттері» еңбегі болатын. Әрісі, бұл кітап готтар жайлы жазылған ең ескі және жалғыз кітап болуымен де сондай құнды. Джорданс бұл кіапты Кассиодордың жоғалған гот халқының шығу тегі мен тарихы туралы көлемді кітабының қысқаша мазмұны деп жазады. Алайда Джорданс Кассиодордың жұмысын қаншалықты пайдаланғаны белгісіз. Оның нақты тарихқа немесе шығу тегі мифологиясына қаншалықты жақын екендігі даулы болса да, жоғарыда айтқанымыздай готтардың шығу тегі мен тарихын баяндайтын жалғыз заманауи дереккөз ретінде бағалауға тұрарлық. 

Гетиканың (кітапты қысқартып Гетика деп атайды) алғы сөзінде Джорданс Кассиодордың үйінде Готтар тарихының он екі томдығы бар екенін анық білетін ағасы Касталийдің өтініші бойынша жазып жатқан Романада еңбегін тоқтатып, Гетиканы жазуды бастағанын айтады. Осылайша, Касталидің Кассиодордың он екі томдық еңбегінің қысқаша мазмұнын жазуды өтініп, осы өтініштің аясында ғаламат еңбек дүниеге келеді.  Жалпы кітаптың мазмұнына келетін болсақ, кітапта готтардың тарихы Беригтің үш кемемен Сканцадан Готискандцаға көшуінен басталады. Тіпті аталған еңбекте Геродоттың гетиандық жарты құдайы Залмоксис готтардың патшасы болады. Джорданс готтардың Агамемнонмен соғыста біраз жерді қалпына келтіргеннен кейін бірден «Троя мен Илиумды» қалай талан-таражға салғанын сипаттайды. Сондай-ақ олардың Мысыр перғауыны Везосиспен кездескені айтылады. Мұнымен қоса, готтардың біздің дәуіріміздің үшінші ғасырында Рим әскери күштерімен кездескен кезі де баяндалып, кітап византиялық генерал Белисарийдің готтарды жеңуімен аяқталады. Джорданес жұмысты 2030 жылдан кейін жеңіске жеткен готтарды құрметтеу үшін жазғанын айту арқылы аяқтайды. Джорданстың аталған еңбегіндегі (артық айтсақ кешірім сұрай отырып) тарихи қателіктердің аяқ алып жүре алмайтымыз жайлы көптеген рим тарихшылары жазғанын да айта кетуіміз керек. Уолтер Гоффарттың «Варварлық тарихтың баяндаушылары», Василе Парван «Дакия: Карпат-Дунай елдерінің ерте өркениетінің құрылымы», Андрей Остеа «Румын халқының тарихы» атты еңбектерінде Джорданстың геталарды готтар деп түсінетіні туралы жазған. Дациялықтар мен геталар туралы көптеген тарихи мәліметтер готтарға қате жатқызылған да жоғарыда еңбектер дәлелдеген-тін. Қанша жерден қатеге толы еңбек болғанымен, бізді елең еткізген Томирис ханшайымның соққан қаласы мен ғұндар тарихы жайлы мәліметтер еді. Гетиканың кіріспе бөлімінде ғұндар жайлы айтылады. Яғни, ғұндардың Азов өзенін кешіп өтуі, Атилланың шежіресі, Бледаның өлтірілуі, Аттиланың қылышы, Атилланың Италияға жасаған соғыстары, Батыс жорығы, өлімі және жерлеу рәсімі, Атилланың ұлдарының күресі сияқты маңызды мәліметтерін жаза отырып, соңында Атилланың ұрпағы Мундоның тағдырын жазады. Осылармен қатар Қара теңіздің солтүстігін мекендеген ғұн тайпаларынан деректер келтіріп, тілдері жайлы айтады. Өкінішке орай, ғұн тілінде жазылған бірде-бір мәтін күні бүгінге дейін сақталмағаннан кейін, Джордансттың мұндай мәліметтерді қайдан және қалай алғаны белгісіз. Десе де, аталған еңбектегі ғұндар жайлы деректерді тарихи деректермен салыстыра отырып зерттеу, түбі бір түрік тарихы үшін маңызды деп есептемеймін. Ал біздің бүгінгі жазбамыздың ауаны ғұндар жайлы емес, жоғарыда бірнеше рет тілге тиек еткен Томирис ханшайымның соққан қаласы жайлы. Сонымен, Томирис ханшайымның соққан қаласы жайлы айтпастан бұрын, Томиристің ерлігі жайлы қысқаша дерекке көз жүгіртсек. Әрине, бұл деректерді қазақ даласында еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін білетінін ескерсек, анау айтқандай жаңалық болмауы мүмкін. Әрісі Джорданс та осы деректерді тілге тиек ете отырып, Томирис ханшайымның салған қаласы туралы айтады. Яғни, бәрімізге белгілі Томирис біздің заманымызға дейінгі VI ғасырды өмір сүрген. Ел басқарған патшайым массагеттердің көсемі Спаргапистің қызы. Кейбір деректе Алып Ер Тұңғаның немересі деп те келеді. Томиристің билігі Ахемен әулетінен шыққан, «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған парсылардың Кир патшасы Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген, «жеңілуді білмейтін» деп дәріптелген «өлместер» әскерін ашық шайқаста тас-талқанын шығарып жеңуімен тікелей байланысты. Дәленденген тарихи деректер бойынша, мемлекетінің аумағын кеңейтуді ойлаған Кир батыс елдеріне аттанбас бұрын әуелі шығыс жағын қауіпсіздендіру мақсатымен массагеттерді бағындырып алуды көздейді. Сөйтіп түркі көшпенділер еліне елші аттандырып, олардың ханшасы, сол кезде күйеуі өліп жесір отырған Тұмардың өзіне тұрмысқа шығуын сұрайды. Бұл Кирдің массагеттермен соғысуға желеу іздеуі еді. Ал Томирис ханшайым болса Кир патшаның ұсынысын қабылдамай тастайды. Осыны желеу еткен Кир жауынгерлерін шығысқа қарай қаптатады. Арақс (қазіргі Сырдария) дариясына жетіп, үстінен қалқыма көпірлерді құруды, кемелердің кермесінде мұнара қамалдар тұрғызуды әмір етеді.Өздерін жаулап алуға келген парсылардың әр қадамын алыстан бақылап, біліп отырған Тұмар олардың дариядан өту үшін әуреленіп, көпір салғалы жатқанын естіп, Кирге арнайы жаушы жібереді.

Мадилардың патшасы! Ниетіңнен қайт. Салып жатқан көпірлеріңнің игілігін көрер-көрмесіңді өзің де білмейсің. Өнбес істі қума. Өз патшалығыңа бар да, өз билігіңді жүргізе бер, бізді күндеме. Ал егер алда-жалда соғыспай қоймаймын десең, онда көпір салып, уақыт өткізіп, әуре болма. Дарияның біз жақ бетіне шығып соғысамын десең, біз үш күншілік жерге кетіп, жол ашайық, ал дарияның өз жағыңда соғысамын десең, сен үш күншілік жерге шегін. Қалауыңа қарай өзің шеш.

Тұмардың ұсынысын Кир патша әскери кеңеске салады. Біраз пікір таласынан соң, Лидияның бұрынғы патшасы, сол кезде Кирдің қолындағы мырза тұтқын Крездің ақылымен дарияның массагеттер жағында соғысуды ұйғарып, шешімдерін Тұмарға хабарлайды. Массагеттер уәделерінде тұрып, үш күншілік жерге шегініп кетеді. Олардың кеткеніне анық көз жеткізгеннен кейін Кир бүкіл әскерін дарияның арғы бетіне өткізіп, Крездің үйреткен айласымен массагеттердің шабуылдаушы тобын алдап қолға түсіріп, түгел қырғынға ұшыратады. Осы шабуылшы топтың басшысы, Томиристің ұлы Спаргапис көз жұмады. Сүйікті ұлы мен шеп бұзар жауынгерлерінің қайғылы хабарын алған Томирис Кирге жаушы жіберіп, оған өзінің соңғы сөзін жеткізеді.

Қанқұмар Кир! Жеңіске желікпе. Сен менің ұлымды ашық айқаста қару құдіретімен жеңген жоқсың. Шарап ішкізіп, алдап барып, пенде еттің. Енді менің мына ақылымды ал. Айла амалмен біраз жауынгерімді опат еткеніңді қанағат тұтып, менің ұлымды өзіме қайтарып бер де, есен-сауыңда жөніңді тап. Егер өйтпесең, Тәңірі атымен ант етіп айтайын, қанға қаншама тойымсыз болсаң да, адам қанын сусының қанғанша ішкізермін!

Бірақ Кир өзінің шайқасатынын айтып, Томиристің жаушысын кері қайтарады. Келесі күні екі жақтың арасында бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген сұрапыл қырғын соғыс басталады. Ақырында далалық ұрыс тәсілін тиімді пайдаланған массагеттер парсылардың әскерін түгел дерлік жусатып салады. Қоршауға түсіп, бас сауғалар мүмкіндігінен айырылған Кирдің өзі де жауынгерлерімен бірге айқас алаңында қаза табады.

Аңыз бойынша, Томирис шайқас аяқталған соң, сарбаздарына Кир патшаның денесін тапқызып алып, басын кестіріп, қан толтырылған меске салып тұрып:

«Әйтеуір тірі қалдым, сені жеңіп шықтым демесем, жан дегендегі жалғыз ұлымды аярлықпен қолға түсіріп, сен менің түбіме жеттің, жауыз! Енді Тәңірге берген сертімді орындап, басыңды қанға бөктіріп, сусыныңды қандырғаннан басқа амалым жоқ» -деген деседі

Осылайша, Геродот «Грек жерінің сыртындағы ең қанды соғыс» деп сипаттаған соғыста массагеттер жеңіске жетеді.  Бірақ Герадот бұл соғыс жайлы жүз жылға жуық уақыттан кейін жазғанын да ескергеніміз жөн.  Яғни, аталған соғыс жайлы Герадоттан бөлек, Страбон, Поляенус, Кассиодор және Джорданс  та жазған. Міне, осы жердегі бізге қызық мәлімет болып отырған Джорданстың  деректеріндегі Томиристің бейнесі. Себебі біздің эрамыздың 6 ғасырында өмір сүрген гот текті тарихшы Джорданстың еңбегінде Томиристің бейнесі толығымен бұрмаланған.  Яғни, Кирмен соғысқан сақ ханшайымы Томирис емес, Гет ханшайымы Томирис деп айтылады.  Әзіл-шыны аралас, парсы мен түрік таласып жүрген Томирис ханшайымға готтардың да дәмесі бар екенін осыдан-ақ көруге болатын сияқты. Сонымен біз білетін деректер Томирис ханшайымның Кирдің басын алуымен аяқталса, Джорданс Томирис ханшайымның Кирді жеңгеннен кейін Мозияның кейінірек Кіші Скифия деп аталатын бөлігіне барып, Мозия жағалауында өзінің атымен Томис деген қаланың негізін қалағанын айтады. Гетикада Томис қаласы жайлы ұзын-сонар ақпараттар берілмейді. Тек қана Кирмен болған соғыстан кейін Томирис ханшайымның Кіші Скифияда өз атымен аттас Томис қаласын соққаны жайлы қысқа ғана қайырады. Жазбамыз нақты және дәлелді болуы үшін Томирис ханшайымның соққан қаласы туралы кітаптың үзіндісін түпнұсқада беруді жөн санап отырмыз. Түпнұсқа еңбекте Томис қаласы жайлы былай делінеді:

X. 61 Tunc Cyrus, rex Persarum, post grande intervallum et pene post dcxxx annorum tempore (Pompeio Trogo testante) Getarum reginae Thomyre sibi exitiabile intulit bellum. Qui elatus ex Asiae victoriis Getas nititur subiugare, quibus, ut diximus, regina erat Thomyris. Quae cum Abraxem amnem Cyri arcere potuisset accessum, transitum tamen permisit, elegens armis eum vincere quam locorum beneficio submovere; quod et factum est. 62 Et veniente Cyro prima cessit fortuna Parthis in tantum, ut et filium Thomyris et plurimum exercitum trucidarent. Sed iterato Marte Getae cum sua regina Parthos devictos superant atque prosternunt opimamque praedam de eis auferunt, ibique primum Gothorum gens sirica vidit tentoria. Tunc Thomyris regina aucta victoria tantaque praeda de inimicis potita, in partem Moesiae, quae nunc a magna Scythia nomen mutuatum minor Scythia appellatur, transiens, ibi in Ponti Moesiaco litore Thomes civitatem suo de nomine aedificavit.

Түпнұсқа мәтіннен де көрініп тұрғандай, Помпей Трогустың куәгерлігімен жазған Джорданс,Томиристі Гет патшайымы деп танып, Кирмен соғысын баяндайды. Десе де, соғысты орналас жері деп Сырдария өзенін айтады. Басқаша айтатын болсақ, Кирдің Азиядағы жеңістерінен жігерленіп Гет патшайымы Томириске ашқан соғысы жайлы жазылады. Осы соғыста Томиристің ұлы мен әскерлерін өлтіргенімен, соғыста жеңіліс тауып басы алынады. Міне, осы соғыстан кейін Томирис патшайым Мозияның қазіргі Кіші Скифия деп аталатын бөлігіне - ұлы Скифиядан алынған атау - өтіп, Понтостың Моезиялық жағалауында Томис қаласын тұрғызады. Ең маңыздысы, Томис қаласы Джорданстың осыған дейінгі қателіктері секілді немесе қиялындағы қала емес, географиялық орны бар, Рим империясы кезінде Томис деп аталып келген Румынияның Добружа аймағындағы Қара теңіз жағалауындағы ең үлкен қазіргі Констанца порт қаласы. Қаланы Констанца болып атауы Византия дәуіріне тиесілі. 

Джорданстан бөлек, аталған қалада расында скифтер мен сарматтардың өмір сүргенін арғы-бергі барлық тарихи деректер растайтынын және бар. Мысалы, Рим ақыны Овидийдің (б.з.д. 43-17 жж.) император Август бұйрығымен біз айтып отырған Томис қаласы жер аударылып, осында жазған «Тристия» және «Эписулае Экс Понто» сынды шығармаларында да мұндағы скифтер жайлы көптеген деректер келтіреді. Тіпті 1859 жылы Эжен Делакруаның «Скифтер арасындағы Овидий» атты картинасы да Томис қаласындағы скифтер мен Овидийді бейнелеген. 

Ал жалпы Қара теңіз бойындағы скифтер мен сарматтардың гегемониясы жайлы Герадот, Фукидид, Гней Помпей Трог сынды тарихшылардың еңбектеріне сүйенсек, Томис қаласын Томирис ханшайым соқпаған күннің өзін де, скифтерге тікелей байланысты екенін көруге болады. Себебі Томис қаланың іргесін Томирис ханшайым қалағаны туралы мәлімет тек қана Джорданста ғана кездесетін секілді. Егер біздің көзіміз алдамаса, Страбон мен Аррианның еңбектерінде қаланың Томис болып аталғанын Томирис ханшайыммен байланыстырмайды. Тек қана Страбонның айтуынша, Томис Гистриядан 250 стадия, Каллатидан 280 стадия, ал Аррианның дерегінше Милеттің колониясы, аңыз бойынша, Медея өз ағасын өлтірген немесе оның әкесі Әйетес ұлының соңғы сынығын тауып, барлығын бірге жерлеген жер ретінде айтылады. Ал Томис қаласының Констанца болып аталуы бертінде болған оқиға десек артық айтқанымыз емес. Себебі тарихи деректерге сүйенсек, Томистің есімі Ұлы Константиннің (274-337) туған қарындасы Флавия Юлия Константияның (293-330) құрметіне «Константьяна» болып өзгертіледі. Осылайша, Ұлы Траян қорғанының артында орналасқан елді мекен біраз уақыт Болгар патшалығының бір бөлігі болып, 1419 жылы Османлы билігіне өтеді. Қанша жерден, нақты тарихи мәліметтерге сүйенбесе де, Джорданстың Томирис ханшайым және оның соққан қаласы Томис жайлы жазыған дерегі жүрегімізді селк еткізгенін жасыра алмаймыз. Бәлкім бұл қаланы Томирис ханшайым соқпаса да, ханшайымның атына аталуы әбден мүмкін. Көктегі пленетаға атауы берілген Томирис ханшайымның есімі уағында бір қалаға қойылған болса оның несі айып енді?! 

 

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар