Жат өлкенің жылғасында (ІІІ бөлім)

Бөлісу:

07.08.2024 1396

Тұлға бар жерде бақталастық бар. Әлеуметтік өмір тіршілігі жалпыға бірдей адамгершілік ынтымақтасуына, ғаламдық бірлікке негізделген. Яһудилерден бөлек, өзге халықтардың әлеуметтік өмірі, жекелеген күштер мен мүдделердің өзара текетіресулері мен механикалық теңгерулерін, күштілердің әлсіздердің басып-жаншуын және тістілердің бір-бірімен жұлқысуын негіз еткен. ТҰҚ ішіндегі әркім өз лағын теке қойғысы келген өзара қырқыс мүлдем кетіскен, бет көріспес ашық жаулық болмаса керек. Алайда жат-жаланың көзінше билікке таласып, бірінің етегін бірі ашып жүретін түркілік қаспақ әдет ел намысын да, ер намысын да сынға түсірмек. Елдік тұрғысынан «Бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау алады» мәтелі іске қосылса, ер-азаматтық тұрғысынан жөндемі кісінің көңілін қарайтады. «Шабан атты көпшілік оздырады, көпшіліктің аузы ала болса, жүйрік атты тоздырадының» кері келеді. 

МАҚАЛАНЫҢ БАСЫН ОСЫ ЖЕРДЕН ОҚИ АЛАСЫЗ

Мәулекеш ТҰҚ-тағы орта өзіне жақын, ұлпар руханияттан да, саяси шығармашылық – ынтымақтасу үрдісібілім-білік, мәмілегерлік жағдайларынан да ауа жайыла бастағаннан кейін білімін арттыру, қалам қызметімен біржола айналысу жағын көбірек ойлай бастаған сияқты. Отызды толық орталап тұр, кемеліне келіңкіреді, оның үстіне, сірә, «Адам» деген сөздің бір синонимі «еркіндік» болуы керек. Ақында түйсік мықты ғой, ендігі жерде көңіл арымас көлік, таусылмас азық білім жағына қарай тарта береді. Соның ішінде, өзі тәрізді интраверт адамға жақын ғылыми өмірдің ішкі, имманентті сезімшілдігіне қарай. Сірә, оның бұл ілгерілеп оқығысы келген талабына Ольцше институтында «Үлкен Түркістан» жобасына Германиядағы университеттік орталықтардан ғылыми күштер тарту әрекеті де қозғау салуы мүмкін. Институт ұлт комитеттерінің өкілдерін жергілікті жоғары оқу орындарына оқытып, білім жетілдіруді де ойға алған. Шоқайдың ұстанған жоспарының бірінші шарты да осы –  болашақ Түркістан өкіметіне Германия ЖОО-ларында кадр әзірлеу болатын. Соның бірі түркімен Аман Бердімұрат Мюнхен университетінің заң факультетін түгесіп, «Түркістан мысалында Кеңес Одағындағы ұлт мәселесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. 

Ольцшенің ғылыми-зерттеу мекемесінің 13-ші «Баспасөз және пропаганда» рефератының басшысы Шефер де бұл іске араласуы әбден мүмкін, ол Ольцше екеуі жасап берген болашақ ғылыми қызметкерлер тізімі. Әлбетте, Шығыс министрлігіндегі фон Менденің, чуваш тілі бойынша үлкен бедел саналған түркітанушы, «Милли Түркістан» журналының кураторы проф. Бензингтің алқауынан өтпек. Розенбергтің түркі халықтары бойынша бас маманы, танымал шығыстанушы, түркологстфоршер Герхард фон Менде бір кезде Шоқайды Германияға алып келген Георг Лейббранд жетекшілік ететін «Саясат» бөлімінің жанындағы «Кавказ» бөлімшесін басқарып, 1943 жылдың жазында сол «Кавказдың» базасында құрылған «Бөгде халықтар» бөлімінің тізгінін қолға алған сәттен бастап ол іс жүзінде Розенберг мекемесіндегі шығыс саясатына жауап беретін бірден-бір маманға айналған. Менде – аустланд Балтық жағалауының немісісегіз тіл білген жампоз доктор сірә, екі рет үйленгеннорвег жазушы әйелі Каро Эспесет оның екінші зайыбы бола ма дейміз, ал соғыс кезіндегісі Женева университетінің түлегі Сафия Сыртланова, белгілі Қазан татарларынан шыққан оқымысты Сыртлановтар әулетінен. Демек, фон Менде, Хареспен де, Мәулекешпен де бажа есепті. Қалай болғанда да, осы орта Мәулекештің задыдан өнер-білімге етене зияткерлігін байқап, оны философиялық советология бағыты бойынша маман ретінде даярлау керек деп шешкен. (Менде мен Бензингдтің шефі, Шығыс министрлігі Бас саясат басқармасының бастығы Лейббрандт, философия докторы және Фридер-Вильгельм университетінің профессоры-тұғын). Нацистік Германияның әуселесі белгілі де боп қалған сол шамада, бәлкім     штрасседегі сұрғылт түсті тас үйде мекен етушілер ертең қожайын ауысқан шақта жаңа түзімге кірігу үшін керек интегративтік модельдің тағанын әлден тарта бастауды ойға алып қойды ма?! Кеңес кезінде талантты сондайлық бағаламағанымен, далаға тастамаған. Сталин соғыстан кейінгі жағдайды ойлап, 1943 жылдың бастап майданда жүрген бірқатар қабілеттілерді шақыртып алып, ЖОО-ларға оқуға түсірген. Осы шамада немістер де Германияның ертеңін ойлап, сондай бір әрекетке барғанға ұқсайды ғой. Бір сәттік сезім үстінде жеңіл де ұшқыр сөздерді төгіп-төгіп тастайтын, образбен ойлайтын ақын, силлогизммен сүлделейтін фәлсапашы арасы жер мен көктей емес пе деп ойларсыз. Солайы солай. Дегенмен, бұл жерде Мәулекеш бір ойды сан-саққа жүгіртіп ойлау машығына Мәскеуде, ИФЛИ-де оқып жүргенінде-ақ баулынғанын ескеру керек. Батыстық логикасын шығыстық қияс қисынымен және көбінекей кеңестік диалектикамен шалаптап, философияны аз уақытта түйсігімен түйсініп кеткен. Сонан соң орыс қоғамы, орыс әдебиеті заманында Гегель мен Шиллингтің – идеалистік неміс философиясының – шалғайынан шыққан. Сол арқылы ақыл-ой, сезім толғаныстарын суреттеуді үйренген. Бұл фәлсафа Мәулекешке жазушы ретінде де жақын: әрбірдесін әдебиетті, көркем шығармашылықтың психологиясын зерттеу ондағы әлеуметтік-имманенттік әдіспен – әдебиетті қоғамдық құбылыс деп қарап, оның ішкі ерекшеліктеріне сай зерттеу ісімен де бір ізді басады.

Мәулекештің Германияда қай университетте оқығаны жайлы пікір әрнеки. Хамза Абдуллин «Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары» кітапшасында Маулекештің Майндағы Франкфурт университетін, оның философия және ағылшын тілі факультетінде оқығанын жазған. Ал «Азаттық» радиосында қатар істеген қырғыз Азамат Алтайдың жазуынша, Мавликеч Асан ата Хайдарбек университетінде оқыған. Франкфурдты түсінікті, ал Хайдарбегі, сірә, Хайдельберг (Гайдельберг) университеті. Біздің ойымызша, Мәулекеш екеуінде қатар оқыған болуға: алғашқысында стационар, соңғысында еркін тыңдаушы ретінде. 

Ол Германиядағы көне де мұрапалы оқу орнына – қазір Гумбольд атын иеленген, ілгеріде император Фредерих-Вильгельм есімімен аталған Берлин университетіне неге түспеді екен деген сұрақ туады. 1936-1940 жылдары сондағы шығыс тілдері факультетін түгескен, сонда қалып, татар тілінен сабақ берген зияткер Ахмет Темір сияқты, айталық. Бірақ соғыстың соңғы жылдары үздіксіз бомбылау астында қалған Берлинде оқу мүмкін емес еді – 1943 жылғы қарашада ағылшынды «Понтблэкке» сәйкес оныншы қайтара жасалған әуе шабуылынан кейін шаһар астана қала ретіндегі маңызын жоғалтқан-ды. Немесе 1943 жылы Берлин консерваториясына түсіп, ақыры Вена консерваториясына ауысқан. Әлім Алмат сияқты Вена, Мюнхен, Франкфурт кеткен. 

Мәулекештің Франкфурт университетіне дәл қай кезде түскені жөнінде дерек жоқ. Егер Дрездендегі Ольцше мекемесі 1944 жылы қаңтарда өз жұмысын ресми бастағанын ескерсек, соның алдында, 1943-тің күзінде оның тапсырмасын орындап лагерь аралап қайтқан соң, сол жылдың аяқ шенінде кетті деп шамалаймыз. Неміс заңы бойынша абитуриенттің қолында орта мектепті бітіргенін куәландыратын құжат болу керек. Ондай куәлік қағазды арғы бетке алып өткен деу қиын, Оралдан алдыртуға болар еді, бірақ бере ме, ол жақ «Отанын сатқан опасызға» ондай сипат қағазды?! Бірақ қолда Менде, Бензинг, Ольцше сияқты танымал ғылым докторлары берген демесін қағаз, бәлкім тіпті жолдама бар, негізгі сынақ пәндеріне қоса қосымша пәндер емтиханнан сүрінбей өтсең, түстім дей бер. Немісшесі боса-болмаса атша желіп тұр.

Мәулекеш, сірә, 1925 жылғы этнографиялық көрмеде өнер көрсеткен әнші Әміреден кейін Майндағы Франкфурт топырағын басқан екінші қазақ. Ал Германияның бетке ұстар білім ордаларының бірінде ілім тиянақтаған қазақтың алғашқысы. Мұнда оқу – жұмақтың төрінен орын алғанмен бірдей. Бірақ ол жақта университет түгесіп, аспирантурасын қоса бітіріп, доктор болу біздегідей дорбасын қағып «доғдыр» атану емес. Шын ғылымға тән ізденімпаздығыңды танытып және соны үнемі дәлелдеп, мойындатып отырмақ керек. Оның үстіне таңдап алған саласы етене острфоршунг (шығыстану) да емес, ми ашытатын философия болса. Қазақта таза күйінде батыс философиясы да, шығыстық перипатетик фәлсафа да болмаған, онда философиялық ой-пікірлер (бабалар сөзі) бар. Мәдениет типтері – архаик, маргинал, мәңгүрттік, еуразиялық мәдени-әлеуметтік тұрпаттар. Сол үшін де ертелі-кеш кітап тінтіп отыру керек, әсіресе, Франкфуртпен іргелес, Баден-Вюртберг жерлігіндегі Хайдильбергтің Рупрехт және Карл университетінің іргесі 1386 жылы қаланған аса бай кітапханасын.

Бірақ Еуропаның зерттеушілік бағыттағы аса күшті оқу орнынан саналған Хайдельберг – национал-социализмді құшақ жая қарсы алған бірінші университет – мұнда Йозеф Геббельс докторлық диссертация қорғаған, демократиялық рухтағы Карл Ясперс, Альфред Вебер сияқты яһуди профессорларын ағаш атқа теріс мінгізген. Сол себепті де ондағы төрт факультеттің бірі философия факультеті болғанымен, соғыс жылдары бұл сала қатты дағдарысқа ұшырап тұрған еді. Оған қарағанда Мәулекештің негізгі, базалық білім алған ошағы (альма-матер) Франкфуртте атақты «Франкфурт философия мектебі» үлкен өнер сияқты үлкен ғылым да таза ұлттікі емес, ол бейбауырмал сипатта болуы керек екендігінің бір дәлеліндей еді. Әсіресе, бұл мектептің үлкен бір тармағы –неомарксизмін еске алар болсақ, ғажап емес пе? Өзге тараптар өзекке теуіп келген пролетариаттың идеологиясы –марксизм, Frankfurter Schule – неомарксизмнің бір түрі ретіндегі заманауи (индустриялық) қоғамның сыншыл теориясы Германияның қақ жүрегінде бүршік атып тұр! Дәлірегі, осы қаладағы Әлеуметтік зерттеулер институтында өркен жайған, а бірақ ол институт Франкфурт университетінің жанында, содан он үш жыл бұрын құрылған ғой. Өкімет басына келген соң институттың жабылып, оқытушылары шетелге қашқаны рас, бірақ мектептің диалектикалық кеңінен талдау тәрізді негізгі қануандарының рухы көпке дейін кетпей, сақталып тұрады. Сталиндік емес, Гегель мен Маркс ілімдерінің сабақтастығының кейінгі социалистік және фрейдтік идеялармен шалапталған жаңа марксизмі ретінде. Осы Гёте атындағы Франкфурт университеті түлектерінің арасында Адольф Лёве, Карл Отто Апель, Карл Мангейм сияқты социолог, философ, Гельмут Коль (ГФР-дің экс-федералды канцлері) сияқты саясаткер тұлғалар қатарында біз «франкфурт мектебінің» негізін салушы, «теріс диалектика» идеясының авторы Теодор Адорноны және әрине, қазақ қаламгері, философ Мәулекеш Қайбалдинді айтамыз. Оның рухани анатомиясын көрсетерлік дерек-факт біздің қолда жоқ. Өкінішті, дегенмен, осы орайда бірер жағдайға назар тіктеу жөн деп білеміз. Біріншісі, ағылшынның экономика ғылымы сияқты немістің классикалық философиясы жалпы ғылым интернационалистік нәрсе емес екендігіне бір дәлел болса, немістің философиялық романистикасы француздың экспрессивтік, орыстың концептуалдық романистикасы тәрізді өзінің нәсілге, ұлтқа, тілге бөлінбейтінін көрсетті. Жаны романтик, ол романтикасын соғыс та кетіре алмаған Мәулекеш осы арнадан табылып, романтик болып өтті. Алайда ол тән мен жанның қосындысынан қалыптанған классикалық пассионарий болды деу жөн. Соңғы жағдайда оның дүниетанымның өзгеруіне маркстік түсініктегі таптар тап күресі емес, кісінің практикалық ақиқат дүниесін оны өндіру және тұтыну мәселесіне деген қарым-қатынасымен айқындалады деп үйрететін франкфуркт мектебінің пәлсапасы көп әсерін тигізген болуға. Мәулекеш те, Әмірхан да, Харес те, түптеп келгенде тағдырдың диірменіне жаншылып, қолдарына қару ұстап өткен қатты, қатқақ романтиктер. Үшеуі де кешегі комсомол, коммунист, политрук, енді келіп коллаборационист, ертең тағы біреулерге қызмет етеді.

Бүгінде өндіру және тұтыну мәселесіне деген көзқарас күніге өзгеріп жатады, а бірақ кешегі күндері де солай болған – адам деген бір тауық, кімнің тарысы болса, соны шыр айналады. Ал енді бар ма, осынау тауық жемі өмір – кеңінен алғанда тарихтың атжал толқындары, – оларды ат үстінде асаудай ойнатып, ақыры көтеріп әкеп, жағаға шығарып тастады. Монстр біткен құбыжық емес, әйтпесе, грузин әдебиетінің классигі Григол Робакидзе сонау 1938 жылы «Адольф Гитлер. Шетел ақынының көзқарасы» деген кітап жазып, оны нацизм көсеміне арнамас еді ғой. Осы ілім келістіріп сомдаған ұлы да әлеуетті Германияның образын талай мықтылар, бірқатар зияткер тұлғалар қабылдаған. Соның ішінде Мәулекеш те көргеніне, таныммен танығанына тәк тұрса керек. Еңсесі кетіп жүрген жүйрік осы жерде құм жағып ысқылаған алтындай жарқ ете қап, қанат біткендей серпініп келе жатады. «Неміс қазағы» дейтін дефиницияға қылапсыз ие болады. Қызық емес пе, еуропашаңды жаңылдыратын қазақ Германияда, ал көкпар шаптырып той жасайтын неміс Қазақстанда тұрып жатыр...

Үніберсететті кілең «беске» тауысып үйренген жампоз, алғырдың алғыры, алғидың тамыры әгәраки, аламан ат берсе, Ахмет Темір сынды аспирантураның да ойран-ботқасын шығарып берер-ді: Германияда университет бітірген түлек ғылым кандидаты дәрежесін алуға диссертация не алдыңғы докторлық жұмыс, сосын докторлық диссертация қорғайды. Алайда 1944-1945 жылдары «ізгі демократия» елдері Германияның 38 қаласын теппих (кілем) әдісімен, орамнан кейін орам, көшеден кейін көше тәртібімен үздіксіз бомбылаған. Соның ішінде елдің алдыңғы он шақты қаласын тып-типыл етеді.

Көлемі жағынан елдің бесінші қаласы саналған Майндағы Франкфурт та тарихи Ремерберг орталық бөлігінен бастап түгел дерлік қирап қалады. Сондықтан бұл жерде Мәулекеш аспирантураға қалған ба деуден бұрын әуелім сол оқуын бітірді ме деу керек. 

Бұлай деуімізге себеп – Харестің Толминодағы Ағаевқа жазған хаттарының біреуі. 1944 жылғы 17 қаңтармен белгіленген ол хатта Берлинге, ТҰҚ-тағы бұрынғы қызметіне (Каюмның орынбасары) қайтып оралған Харес өзінің «Түркістан легионына» алынғанын, енді Францияға жүрмекші екенін хабарлай кеп, оған себеп деп Каюмнің Шығыс істері министрлігіне жазған хатын атайды. «Хатта Мәулекеш екеумізді әскери қызметке қабылдауға ұсыныс берген, бұл хат кімнен шыққанын сіз білесіз. Осы күндері Мәулекеш менің соңымнан легионға келуі керек. Оның оқудан қол үзіп кеткеніне қатты өкінемін» дейді. 

Сонымен, «Берлиннен мені айырған, хан Каюмнің тепкіні» демекші, екі достың жылы орнын суытқан тағы да сол Уәли дейтін бәле. 1943-тің желтоқсанында «Түркістан легионының» Францияға жіберілген көп бөлігі – кемі алты батальон елдің оңтүстігіндегі Тарн департаменті аумағына, Жоғарғы Гаронна, Арьеже, Альби маңына жайғасады. Негізінен күзет-қарауыл қызметі, ара-арасында француздық «маки» партизандарға қарсы жорыққа шығып тұрады. Харестің хабары Тулуза түбіндегі Альби қалашығынан шыққан, бірақ ол Каюмнің кезекті тоқпағынан қашып, ұзамай басқа бір бөлімшеге ауысып алады. Сірә, 1944 жылы Ұлт байланыс штабтарының Париж филиалдары өз тілдерінде аптасына үш рет шығарып тұрған легион газеттерінің бірінің редакциясына. Соңынан жеткен Мәулекеш те сол маңнан табылуы ғажап емес. Мария Шоқай «Мен сіздерге Ножаннан жазып отырмын» дейтін кітабында сол тұста өзіне белгілі жазушы Асан Кайгин мен бұрын Ташкентте милиционер болған тағы бір қазақтың келгенін еске алады. «Екеуі неміс армиясынан қашып кеткісі келіп жүргендерін айтып, менен көмек сұрады», – деген Шоқайдың жесірі. Бұл өзі сол 1944 жылы Ножан қаласында болған оқиға. Ілгеріде Павел Горбунов өз романында Қайгинді лейтенант шенінде және сол Мария Горина-Шоқаймен арадағы архив хикаясының бел ортасында жүрген кезін сүгіреттегенін білеміз. Демек, Горбунов жазғандай, Мәулекештің Париж, Ножанда болып кеткені анық. Германияға қашан оралғаны жөнінде еш мәлімет кездеспейді. Ал С. Шәкібаевтың жазуында Харес көп ұзамай Ольцшенің көмегімен легионнан босап, Берлинге қайтады, сонда 1944 жылғы қарашада «Арбайтсгемайншафттың» кепілдемесімен ТҰҚ-тағы бұрынғы қызметін қайта иеленеді. Дәлірегі, Гиммлер қайта жасақтаған ТҰҚ-тың Бас хатшысы болып тағайындалады. Мәулекеш те сонда барды ма, әлде Ольцше институтындағы бұрынғы ғылыми жұмысын одан әрі жалғастырған ба, бұл жөнінде қария тарих ләм-мим. 

Соғыстың соңын ала бірқатар түркітілдес қайраткерлер «ұлы орыс халқының құшағы кең бір ұлы» деп Власовпен ақырлас болды. Власовтың КОНР-дың бүткіл «националдарды» федерализм принципімен біріктіру идеясын немістер үшкіріп бергеннен кейін, саясат тілімен айтқанда, «Волховтың ми батпағынан пайда болған» генералмен тактикалық тұрғыдан жақындасты. Сондай қайраткерлердің бірі – Харес Қанатбай. Ол 1945 жылдың басында Дрезденде ольцшелік «Түрк бірлігінің» ізіндегі жаңа ұйым – Түркістан Ұлттық Кеңесінің (ТҰҚ) тұсауын кесті. Мәулекештің бұл ТҰҚ жұмысына қатысқан-қатыспағаны мәлімсіз. Егер сол құрамда болған болса, онда соғыс біте келе ол ТҰҚ қызметкерлері құрамында Австрияның Инсбрук қаласындағы әскерилерге арналған халықаралық лагерьде. Ілгерідегі Ақмырза Қуатбаевтың айтуынша, Харес Кеңес Одағына барудан үзілді-кесілді бас тартқан, барған бойда атып тастайды деп. Жанындағы Ақмырза, Кішкентай, Бақыттарды да қалуға үгіттеген, бірақ ол үшеуі болмай, елге депортациялануға келісімін береді.

Ал каюмдық ТҰҚ болса, бір бөлігі Беберунген қалашығына, екінші бөлігі Мюнхенге келіп, сонда жаңадан құрылған Түркі халықтары өкілдерін қоныс аудару комитетінің көмегімен Түркия боданы ретінде төлқұжат – фремденпасс алып, көпшілігі Анадолыға кетеді. Үш жылда бес мыңдай мұғажир, бес жүздей легионшы. «Түркістан легионында» жұмысшыларды («Ишчи Берлиги») қосқанда 265 мың адам болған. Соның 65 мыңы «Айдасаң айда Сібіріңе, Сібір де өзіміздікі» деп елге оралған, ал 200 мыңы бас тартқан. Итаяқтан сары су ішкізген құл өмірге оралмаймыз, ол жақта бәрібір көкке ұшсаң сирағыңнан, жерге кірсең шашыңнан тартып шығарып алады деп. Еріксіз елге аттандыруға қарсы шығып, алдымен әйелі мен бала-шағасын, сосын өзін қырып жібергендер де кездескен… 

Мәулекеш жақсылықты білмейтін, рақметсіз адам емес еді. Өзін өсірген, білім берген кеңеске де, неміске де нәсікүрлігі жоқ-ты. Бірақ безбенге тарта келгенде, қайтып оралса, айрықша белсенді коллабрант ретінде ең қатаң жазадан құтылмайтыны анық еді. 

Кешу сәлем айтып, бөтен ел, жат жағалауда қалып кетуден өңге амал қалмады. Жүрек жидіген, көңіл алағызған күйде қаракезік қиын тағдырының кезекті, ақырғы соқпағына қадам басты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар