Абайдың мінез-машықтары

Бөлісу:

09.08.2024 1034

10 тамыз – Абайдың туған күні. Хәкім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен оның әулиелік һәм әлемдік дүниетанымын тани алдық десек те, кейбір мінез-машықтары біз үшін әлі де күңгірт. Сондықтан өрнекті өлеңдерін, қара сөздерін өмір сүру үдерісімен сабақтастырып зерделесек, әрі қолда бар құнды құжаттарды пайдаланып, ақынның өзге қырын түсінсек, құба-құп болар еді. Бәлкім, сол арқылы «ақын бос уақытында не тындырды, неге қызықты?» деген сауалдарға жауап табамыз. Шайырдың мінезін тану үшін бізге айналасындағы туыс-жарандарының һәм балаларының естеліктері дәйекті дерек көзі болғалы тұр. 

Қайнарымыз: Әйгерімнен туған баласы Тұрағұлдың, Мағауияның қызы Уәсиланың, өз қолында жиырма жылдай тәрбиеленген інісі, Ысқақтың баласы Кәкітайдың, Әрһәмнің келіні Кәмәлияның және Төлеу ақынның естелік жазбалары. Бұлардың әрқайсысы Абайдың жанында жүріп, бір «ауамен» тыныстап, қызық пен қиындықты қатар бөлісті. Сөйтіп, Абайдың біз таныған ұлы ақын ретіндегі емес, адам ретіндегі шынайы болмысын көрді. Иә, кәдімгі адами болмысы. Бұл сөздің астын сызып айтқанымыз бекер емес. Өйткені тұлғатану бағытындағы біршама ізденістер қалам иесін идеялдандырып жібергендей. Ондай әрекетке баруға еш қарсылығымыз жоқ. Дегенмен, шын болмыс – мұнымен аршылмайды. Ол да сүйді, ол да сүрінді, оның да жаны жай таппай, сарсаңға түскен, қателікке ұрынған мезеті болды. Біз осы тұрғыда көбірек ой қорытсақ, ақынның өмірі мен шығармашылығын тұтастыра аламыз.

Белгілі абайтанушы, ғалым Мұздыбай Бейсенбай – Абайдың мінез-машықтары туралы жан-жақты толғанған санаулы зерттеушілердің бірі. Ол шайырдың архивін ақтара отырып, тың ізденістер жасап, басқа да қырларын ашты. «Абай және оның заманы» кітабында ғалым былай дейді: «Естеліктер 1930-1945 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының ұйымдастыруымен жиналған. Басты консультант М.Әуезов болды. Кәмәлия, Уәсилалардың естеліктерін Шымкент жақтан Ибади Матақов жазып алыпты. Тұрағұл сол Шымкентте өз қолымен жазып беріпті. Әрһәм болса, Семейде жазған, Төлеу ақын 1945 жылы жазған екен». 

Алдымен ақын, аудармашы, жасында ауыл молдасынан оқып, білімін шыңдаған Абайдың текті ұлдарының бірі Тұрағұлдың әкесі туралы пікірін оқып көрейік: «Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі үлкен де өткір, ашулануы да, сауықшыл, дастарқаны мол адам еді. Әр нәрсені қызықтамай, өз шаруасын ғана істеп, салбырап отыра алмайтын. Ауылдағы малшылардың, қызметкер әйелдердің болса да бір тәуір мінезін, ұнамды қылықтарын тауып алып, сол адамды жақсы көріп, ойнап, қалжыңдасып отырушы еді. Әкем адамды жақындығына, байлығына, абырой-атағына қарап емес, оның адамгершілік ісіне қарап, сөйлеген сөзіне қарап бағалайтын. Бір адам сөз сөйлегенде оған бар ынтасын салып, көңілін қойып тыңдайтын. Әңгімеші сөйлеп болғанша оған бір ауыз сөз қоспайды».

Біріншіден, бұл жердегі «ынта», «көңіл қою» деген тұстарын елемей өту мүмкін емес. Абайдың зейінді болуы – құлағына ертегі-дастанды құйып өсірген Зере әжейдің еңбегі. Өйтпегенде, «қазақта қара сөзге дес бермейтін» ақын бола ма? Осы орайда, 31-ші қара сөзінде Абай естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт себеп бар екенін айта келіп: «Көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек», – дейді. Үшіншіден, хәкім «Өзгеге, көңілім, тоярсың» өлеңіндегі «Әр сөзіне қарасын, / Іштегі дертім қозғалсын» деп жырлайды. Бұл да жоғарыдағы ойды айқындап тұрғандай. Абайдың тағы бір мінезі – астарында ащы шындығы бар әзіл-қалжың арқылы мансап пен мақтанқұмар байларға, озбыр жандарға сөз қамшысын сілтеу. Ақын бірде күлкіні жақтырса, бірде күлкіні надандыққа теңейді. Ол үшін мағынасыз күлкі мен астарлы әзілдің арасы жер мен көктей. 

Әрһәм: «Күндегі әдеті бойынша кешке мал баққандар, бие сауғандар, үй шаруасын істейтін әйел-еркек, қыз-келіншек, бозбалалар Абайдың айналасына келе бастайды. Абай олардың аздап болса да, білетұғын өнерлерін байқап, тапсырма береді. Біреуіне өлең оқытады, екіншісіне ән салғызады, енді біріне күй тартқызады, кейбіріне тақпақ, жаңылтпаш, кейбіріне күлдіргі әзіл, қалжың айттырады. Өзі де солармен бірге қызықтасып, күліп рахаттанып отырады. Олардың жаңылғаны, қателескені болса айтып, түзеп береді».

Шынында да, Абайдың әдеби мектебінде небір адуынды ақын-шәкірттер болды. Оның қатарында Шәкәрім, Тұрағұл, Мағауия, Көкбай, Әріп, Әсеттер бар. Дегенмен, қара үзіп шыққан жүйрігі – Шәкәрім болғаны даусыз. Ол «Жалыналық Абайға, жүр баралық» деп қасындағы дос-жарандарын жиып, ойшыл тұлғадан оймақтай мейірім мен ақыл іздегенін білеміз. Бұл – адам бойынан сәуле көрген көңілдің сипаты. Абай да мұндайда астарлы әзіл-қалжыңды, есті отырысты құп көріп: «Егер қисық көрінсе, / Мейлің таста, мейлің күл. / Егер түзу көрінсе, / Ойлап-ойлап, құлаққа іл» дейді. 

Кәмәлия да Әрһәмнің ойын қостайды: «Әкем қызықты, думанды, әзіл-қалжынды өте жақсы көретін. Өз заманында ел аузына ілініп, атағы шыққан әнші-күйші, өнершілердің әкеме келіп өнерлерін көрсетпегені кемде-кем шығар. Әлі есімде, Қарқаралы жақтан Мауқай дейтін әнші келді. Мауқайды бір жыл ұстап, көп сый-сияпатпен қайтарды. Өзіміздің елден Майекеңнің Мұқаметжаны, Әлімханның Мұқасы, Ағаш-аяқ, сыбызғышы Қиясбайлар келгенде әкем бір жасап қалатын. Балаларын жинап ап күй тыңдатып, би көрсететін. Тыңдап болған соң, сын айтып, түзететін». 

Мауқайдың өнеріне тәнті болған Абай оны өз ауылында бір жылдай уақыт ұстағаны ел арасында жиі айтылады. Тағы бір естеліктерде ол ақынның нағашысы деп те көрсетілген. Ал Мұқа – сол өңірге танымал скрипкашы болған. Абайдың балалары скрипка ойнауды содан үйреніпті. Екеуі Көкен тауының көркемдігіне ерекше тамсанып, Мұқа: «Көкенге кемпің толып, Абай аға, / Берерсің өз көзіңмен беріп баға» деп басталатын «Көкен» өлеңін де шығарған. Қиясбай болса, Абаймен емін-еркін әзілдесіп, бір-бірін жатсынбаған жандар болды. 

Әкесі туралы Тұрағұл: «Әкем өзі естіген жердегі ақынды, әншіні, домбырашыларды жинап алып, өлең айтқызып, күй тарттырып отыратын. «Ақындық деген ерекше бір қуат. Ол өте құрметті табиғат сыйы. Оны қадір тұтпау күнә болады», - дейтін еді әкем. Әкем өлең жазарға келгенде, бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккендей болып, танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырап, естілер-естілмес қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп барып жазып кеп кеткенде, көп тоқталып ойлана бермейтін де, қайта сызғылап түзетіп те жатпайтын. Сондай кездерінде өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды», - десе,  Уәсила: «Әкем көбінесе таңертең ерте тұрып, жазу жазып, не кітап оқып отырушы еді. Күнде қонақтар мен үй адамдары жатқан соң өзі жеке отырып оқитын, не жазатын, біз әкем ылғи ыңғай хат жазып отыра ма, болмаса Құран оқып отыра ма деп таңданушы едік. Кейіннен білдік, әкем өлең жазады екен, әрі кітап оқиды екен», - деп естелік сөз қалдырды. 

«Қайта сызғылап, түзетіп те жатпайтын» деген сөйлемнен көп түйіткілдің түйінін шешуге болады. Ақындық деген – асау да, арынды сезім. Арнасынан асып, аяқ-астынан құйыла кеткен алып-ұшпа көңіл. Абайдың өзі де осы күйін «адамның кейбір кездеріне» жатқызады. Ондай кезде жазушы бейне бір трансқа енгендей болып, шынайы әлемді бір сәтке ұмытады да, өзгеше күй кешеді. 

Алпыс екі тамырды иіткен мұндай арда күй туралы Әрһәм: «Абай күндіз оқуға, жазуға көп көңіл бөлмейтін. Кейбір кезі келіп қалғанда ғана бір-екі бет өлең, яки қара сөз жазып тастайды. Әдетте кітап оқуды, жазуы шам жаққаннан кейін ғана болатын. Абай түнде көп ұйықтамайды екен, төсекке жатқан соң бірер сағат өтер-өтпестен шамды қайта жағып кітап оқып отырады, не қағаз жазып отырады. Алдына дөңгелек стол қойылып, ертеңгі шайды соған жасаттырады, кітап, қағаз, қарындаш қойылады», – дейді. Бұл естелік те – ақынның мінез-машығын, өлең жазар сәттегі жан тебіретісін жеткізеді.

Абай ашу мен асығыс істі үнемі сынап жазады. Хәкім шығармашылығының көп бөлшегі де осы бір кеселді мінезге қатысы бар. Бірақ бұл ойы – оның момын болғанының белгісі емес, керісінше сол кеселді өз бойынан аулақ ұстауға тырысқанында. «Бойдағы мінді санасам, / Тау тасынан аз емес» дейді ақын. Яғни, ол өз мінезін түзеткісі, тазартқысы келеді. Бұл пікірімізге Тұрағұлдың естелігі дәлел бола алады: «Жасында ашу мен махаббатты қатар қолданатындығынан қатын-балалары да, ауыл-ауданы да, елдің адамдары да бір жағынан жылы махаббатты жомарт мінезін сезіп, бір жағынан жазатайым болса, ашуланып кететұғын мінезінен қорқып жүретұғын еді. Әкемнің жоғарыда айтқан екі түрлі мінезінің күштілігінен шығар, менің шешем де күндестігін көрсете алған жоқ. Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді. Бұл жұмсартуды өз еңбек қылып тапты. Әкем қажының қайтпайтын қатты, суық мінезін сөгіп отырушы еді».

Иә, адам жасы ұлғайған сайын балалық қалпына ене бастайды дегені рас. Құнанбайдың бала Абайға: «Жайдақ су сияқтысың» деп сөккені есіңізде болар?.. Мүмкін, осы сыннан кейін бе, әлде басқа да себептер болды ма, Абай бойын тіктеп, көзқарасы есейіп, көп адамға бой бермейтін мінезді адам болып шығады. Тұрағұлдың «қажы» деп отырғаны – Құнанбай. Ал Абай мен Құнанбай арасындағы қақтығысты біз «Абай жолы» романы арқылы жақсы білеміз.

Абайдың сөйлеген сөзі, даусы туралы Кәмәлия мен Төлеу анық айтқан: «Сөйлегенде сөзі сақ-сақ етіп отыратын, ашық, анық, қатты сөйлеуші еді. Сөзі қысқа, ұғымды болушы еді. Үлкен болсын, кіші болсын, біреудің сөзінде, отырыс-тұрысында, киімінде бір мін болса, сол жерде бетіне айтушы еді. Жантая кеткен адамға: немене, шаршап кеттің бе, үйіңе барып, төсегіңе жантай дейтін». 

Кәмәлия Абайдың онша кербез адам еместігін, бірақ таза киетінін, орыс-татар киімдерінің жаңа модасын тобықты елі ерте қабылдап, жастарша киінгендігін, ел алғашқыда Абайдан көріп, кейін елдің көзі үйренгенін де айтады. 

Әсілінде, Тұрағұл, Уәсила, Кәкітай, Әрһәм, Кәмәлия, Төлеудің пікірлерін сараптай келе, бұл естеліктер – боямасыз, бүкпесіз, ең бастысы обьективті пайым екенін аңғарамыз. Сапар Байжановтың «Абай және архив» атты зерттеу еңбегі де біз білмейтін көп жайттың түңлігін түреді. Бала Абай, болыс Абай, жар Абай, әке Абай, ақын Абай, қай қайсысын алсаңыз да, бізге бұл сипаттамалардың барлығы да маңызды. Біреуін де көмескілеуге болмайды. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар