"Сәкентану сайыпқыраны" Тұрсынбек Кәкішев
Бөлісу:
Саналы ғұмырын қазақ әдебиеттану ғылымына арнаған санаулы ақсақалдардың ішінде Тұрсынбек Кәкішев ғылыми мектеп қалыптастыра алған санаулы тұлғалардың бірі. Сексенің сеңгірінен асып, тоқсанға тақаған шағында мына жалғаннан 2015 жылы аттанып кете барып еді. 15 тамыз сол айтулы ғалым ақсақал, қазақ сын мектебінің қалыптасуына негіз қалаған Тұрсынбек Кәкішевтің туған күніне байланысты соңынан ерген шәкірттері, бірге бір кафедрада қызмет атқарған әріптестері ғалымды еске алып дөңгелек үстел өткізген еді. Соға орай айтылған естеліктер мен ізгі ниеттен шыққан тілектерді сіздерге ұсынып отырмыз.
Жандос Смағұлов, әдебиеттанушы ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы: Тұрсынбек Кәкішев туралы сөйлеу деген сөз қазақ әдебиеттану ғылымының және сынның тарихы туралы сөйлеу деген сөз. Оған қоса бүкіл сәкентану ілімінің ірге тасын қалап, оның шаңырағын көтеріп, ұлттық әдебиеттануда өзге бір ілім қалыптастырушы ретінде сөйлеу деген сөз. Тұрсекеңді, туған халқы тұлға деп таныды, ұлықтады. Бүкіл Түркі дүниесі Тұрсекеңді ғұлама ғалым деп бағалады. Қаламгерлер қауымы жазушы деп таныды. Филологтар ғалым, сыншы деп мойындады. Замандастары азамат деп қадірледі. Дос-жолдастары арысым деп ардақтады. Ал, шәкірттері ұстазым деп құрмет тұтты. Өзі әдебиеттану ғылымына келген уақытта Көк Тәңірісі ұлттық руханиятты дұрыс деңгейде зерттеп, зерделеп беретін адамды қанатының астына алып, қорғаштап жүреді деп ойлаймын. Мысалы, Бейсенбай Кенжебаев Ташкенттегі жетім балардың атаманы болып жүрген жерінен Ғани Мұратбаевтың қолына түсіп, балалар үйіне тапсырылып, одан кейін Ғани Мұратбаевтың ықпалымен Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетіне оқуға жіберілмесе, онда қазақ әдебиеті тарихын сонау Орхон-Инесей жазбаша ескерткіштерінен бастап зерттейтін мектеп қалыптастырған ғұлама Бейсенбай Кенжебаев болмайтын еді. Ал, қазақ әдебиеттану ғылымының бағына Бейсекеңнен кейін Тұрсынбек Кәкішевті Көк Тәңірі салып берді деп ойлаймын. Себебі, Ақмоладағы театрда актер болып жүрген жерінен Алматыдағы Политехникалық университетке түсем деп келіп, Қайыржан Бекқожиннің ықпалымен журналистка факультетіне түсіп кетпегенде бізге «Садақты» кім іздеп беретін еді. Бізге 1917 жылға дейін қазақ әдебиетінде сын болған жоқ деген, академик Мұхаметжан Қаратаевтан бастап «Қазақ – Қазан төңкерісіне дейін үш пайыз ғана сауатты» дегенді тас-талқан шығарып, «Қазақ әдебиетінің сыны Қазан төңкерісіне дейін туған» деп докторлық қорғап, оны жоғары оқу орындарына жеке пән ретінде кіргізетін адам болмайтын да еді. Болмаса бүкіл түркітілдес халықтардың ішінде «Өнегелі өмір» сериясы бойынша тұңғыш кітапты Мәскеуден «Сәкен Сейфуллин» деп шығаратын адам техника саласына кетіп қалар ма еді. Қазіргі әдебиеттану ғылымында айтты, айтпады үш мектеп бар. Әдебиет тарихына байланысты Бейсекеңнің әдеби мектебі, әдебиет теориясынан Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мектебі және қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынынан Тұрсынбек Кәкішевтің мектебі. Ахмет Байтұрсынұлы ғылым кандидаты да емес, Кенжебаев пен Кәкішев жай ғана қарапайым профессор. Халыққа қызмет жасау, ол академиктікпен шектелмейтініне міне сіздерге дәлел. Егер Кәкішев әдебиеттануға келмегенде «Мағжан мен Сәкенді» кім жазып берер еді. «Сәкен сүйген сұлуларды» кім жазып берер еді. Бүкіл әдебиеттану ғылымының тарихын зерттеуде көшбасшылық жасап, соңынан шәкірт ертті. Өзінің айтатын сөз бар еді. Күбіра тәтем: «Ай, Тұрсынбек, осы сен-ақ кедейдің балаларын жинап аласың да, қиынға саласың да жүресің. Анау құрдастарың бар, шенеуніктің балалары бар оп-оңай қорғата салатын», - дейтін. Ауылға, мектепке кетіп бара жатқан бес бірдей жігіт: Жанғара Дәдебаевты, Шәкір Ибраевті, Құлбек Еркөбекті және Болатжанды, барлығын Әди Шәріповтің алдына ертіп апарып академияға жұмысқа орналастырған да Тұрсекең. Оны ол шәкірттері де жазады. Қараңызшы, академияда істеген қайсының ғылыми мектебі бар екен. Ахаң салған әдебиет теориясынан ғылыми мектепті жалғастырған Зейнолла Қабдолов ҚазМУ; әдебиеттану мен сыннан ғылыми мектеп қалыптастырған Кәкішев ҚазМУ; Қазақ әдебиеті тарихы ғылымынан мектеп қалыптастырған Бейсенбай Кенжебаев ҚазМУ. Академия, академия дейміз ғой. Үш ғылыми мектеп те ҚазМУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасында негізі қаланып, сонда қалыптасты. Тұрсекең туралы көп айтуға болады. Кәкішев өзі айтқан әдебиеттану мен сынның орталығы Қарағандыға ауысты деп. Қазір Евней Букетов атындағы зерттеу университетінің қазақ әдебиеті кафедрасы бүкілдей Тұрсынбек Кәкішевтің шәкірттері. Ендеше Тұрсекеңнің ғылыми мектебін Қарағанды да дамытып отырғанымызға мақтанамыз. Рахмет!
Рахымжан Тұрысбек, филология ғылымдарының докторы, профессор: Армысыздар әріптестер! Қазақ руханиятының ары-бергі кезеңіне қарасақ, атақты адамдар көп болғанын әр кезеңде кездестіруге болады. Біз енді өзіміз көрген, шәкірт болып соңынан ерген, дәрістерін тыңдаған аяулы ағамыз ұстазымыз профессор Тұрсынбек Кәкішұлының алдымен студенті, кейіннен шәкірті ретінде аспиранты болдық. Сосын әріптесі болып қатар жүрдік. Осының қай-қайсында да Тұрсекеңнің адами, азаматтық қырлары байқалып тұратын. Күнделікті мына қоғамдық өмір, мәдени рухани істер де, өзінің жаңа көзқарас эволюциясын әр кез білдіріп отыратын. Алпысыншы жылдардың аяғында Тұрсекең қазақ әдебиетінің тарихының бағдарламасын жасады. Араға бірер жыл салып, соның оқулығын жазды. Қазір республикадағы жоғары оқу орындарының филология мамандықтарында осы «Қазақ әдебиетінің тарихы» жүйелі түрде оқытылады. Тұрсекеңнің еңбектердің қай-қайсысымыз әр кезде пайдаланамыз. Тұрсекең еңбектерінің мазмұн табиғатына қарайтын болсақ, мұнда қазақ әдебиеті тарихының мәселелері, әдебиет теориясы, оның сыны сынды белгілі салалардың бәріне тұшымды жауап табамыз. Ұстазымыздың сәкентанудың сайыпқыраны, оның бастауында тұрған мұзжарғыш ретінде айтсақ болады. Сәкенді тануға қосқан еңбектеріне біз әр кез жүгініп отырамыз. Сол еңбектерінің қатарында «Мағжан-Сәкен» және олардың өнер бәсекесі. Сосын Сәбит-Мағжан-Сәкен болып жалғасатын сериалы дүниелер. Осы жазбалардың бәрі шын мәнінде қазақ әдебиетінің мәселелері. Әсіресе, жиырмасыншы ғасырдың басындағы ахуал. Әдебиет тарихы, оның белгілі адамдары, көзқарастар жүйесі. Кешегі кеңестік дүние мен «Алаш» арасындағы қарым-қатынас. Оның қайраткер, қаламгерлері және осы тұстағы көзқарас эволюциясын қай-қайсына да жауапты осы Тұрсекеңнің «Мағжан-Сәкен» сынды ғылыми эссесінен табамыз. Мысалы алғашқы тұстардың өзінен ақ Тұрсекең: «Мағжан Сәкеннен бір жас үлкен еді, ит көйлекті бұрын тоздырып еді соған қарамай, 1912 жылғы белгілі «Шолпан» деген жыр жинағы, Сәкеннің 1914 жылғы белгілі «Өткен күндер» бастап таратып алады да күллі қазақ әдеби процесін біздің әдебиеттің дамуымен байланыстырады. Мысалы кез келген әңгімені ол кісі тарихқа, дерекке руханияттың талап тілектеріне құрады. Сол кездегі уақыт рухы қандай болды, кеңестік жүйе мен Алаштың миссиясы, оның қаламгерлерінің ұстанымы дегенді айтып, айтып келіп бір түйінді тұсты Сәбит Мұқановтың отыз екінші жылғы белгілі еңбегіне табан тіреп, тиянақ тауып отырамыз»,- деп ары қарай жаңа әңгімені жалғастырып кетеді. Осы еңбекте Мағжанның, Сәкеннің, Сәбиттің айналасында құрады да, соны күллі қазақ әдебиетінің дамуымен, сондағы жанрлардың қалыптасуымен, соның бастауында тұрған Сәкеннің, Мағжанның, Сәбиттің үлесі арқылы қазақ әдебиетінің тарихы байды, қазақ әдебиетінің жанрлық даму үрдістері қалыптасты деп жеке бас емес, өнер бәсекесіне құрады. Осы арқылы қазақ әдебиетінің классигі Сәкен және сәкентануға өзінің қолтаңбасын қалдырады.
Шоқан Шортанбай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, доцент: Құрметті көпшілік, бүгінгі күні Тұрсынбек ағамыздың туған күніне байланысты еске алу кешінде сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын! Тамыздың тамылжыған бір әдемі күнінде дүниеге келген Тұрсекең өзі де сондай жайдары, сондай ұлтқа деген, отанына деген алғаусыз көңілін білдіріп өткен азамат деп еді. 1986 жыл оқуға келгенде, сондай тау тұлғалы қазақтың үлкен зиялы азаматтың бірі, ақсақалын көргенде тәнті болатынбыз. Біздің көз алдымызда өмір бойы сол ақсақалдық, ағалық ісінен, сол жүрісінен, сол сөзінен танған жоқ. Кейін ағаның алдында дәріс тыңдадық. Кейін әріптесі болдық. Енді осы тұста Тұрсынбек ағаның 70 жылдығын атап өту қарсаңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ да ертерек дайындық басталып, сонда әрқайсымыз Тұрсынбек ағамыздың әр қырынан жазатын болып келістік. Бұл іс-шараның басы қасында жүрген Рахымжан Тұрысбек ағамыз маған тақырып ретінде Тұрсынбек Кәкішұлының сапарнамалары туралы жазуды тапсырды. Сол іске орай Тұрсынбек ағайдың көпшілік оқырман біле бермейтін еңбектері «Жол үстінде 80 күн», «Ұштасқан үш өзенмен» деген кітаптарын мысал ала отырып Тұрсынбек ағайдың бір әдетін, яғни ел руханиятына, ұлт әдебиетіне керекке жарасыншы деп, көрген-білгендерін, естігін-түйгендерін қолына қағазы мен қаламын ала салып ерінбей жазып алатын ісіне қанықтым.
Міне, осы тұста бүгінгі әңгіме ауанына орай Сәкен туралы қырым, ноғайлы, балқарлардың ортасына барғанда да, кавказ жерінде жүргенде де, тіпті қиыр шығыста Зейнеп Батырбекова деген кісіден Сәкенге қатысты, Гүлбаһрамға қатысты деректерді тәпіштеп, тиянақтап жазып алғанын жақсы білеміз.
Шынында да Тұрсекең жиһанкез, нағыз саяхатшы және ел аралап қызықтап қана қоймайды, ұлтымызға қажетіне жарайтын дүниелерді қай жерде болсын жинақтап жүретін көреміз. Кейінірек Иран, Түркияға, Қытай сапары барысында осы әдетінен жаңылмады. Ол кісі үнемі жаз болса елден шығып кетеді ел, жер аралауды әдетке айналдырды. Осы саяхатшылық ол кісінің бір қыры деп есептейміз.
Тұрсекеңнің саяхатшылығы тек Сәкен мұрасына ғана емес, ұлттың қаймақтарына, ұлттың мықты азаматтарына, қазақтың қажетіне жарайтын барлық дүниені көзінен таса қылмайтын. Соны үнемі қолына алып, құнттап жүретін Тұрсекеңнің ықтиятты ісі, өнегелі өмірі қашанда кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді деп сенеміз. Өзінен кейінгі рухани шәкірттеріне еңбектері мәңгілікке таусылмас мұра деп айта аламыз.
Алтынай Жүсіпова, филология ғылымдарының кандидаты: Құрметті зиялы қауым, сіздермен бір үстел басында Тұрсынбек ағамызды еске алып, әңгіме дүкен ішінде болғаныма өте қуаныштымын. Тұрсынбек ағамызды өз басым негізінен рухани әкем деп айтуыма болады. Мен Тұрсынбек ағайдың шығармасымен мектептен бастап таныспын. Ес білгелі, кітап деп, кітапты сүйе бастағаннан бері ағайдың еңбектерін оқыдым. Ағайдың кітаптарына қарап, осындай да еңбектер жазады екен ау деген таң қалыс мені әдебиетті сүюге алып келді. Кейін Тұрсынбек ағайдың шығармашылығымен одан әрі университетте айналыстым да қорғаған кезде де ағайдың шығармаларын қосып, зерттеп әдебиеттануға қосқан үлестерін зерттедім.
Зерттеуші ретінде қарастырған тақырыбыма сай осы отырыста айтпақ болған пікірім ағайдың тағы бір қыры ол – Абайтанушы.
Ағайдың өз аузынан көп естіген бір сөзі есімде қалып қойыпты. Ағай әрдайым біз Абайтану мәселесіне келгенде Ахмет Байтұрсынның «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласымен абайтану басталды дейміз, шындығында олай емес. Оны Кәкітайдан бастауымыз керек деп, абайтану мәселесін бастаған бірінші Кәкітай, одан кейін Әлихан Бөкейханов, содан кейін барып Ахмет Байтұрсынов деп қарау керек деген мәселені айтатын. Оны ол кісі жай ғана айтып қойған жоқ. Оны өзінің «Сын сапары», «Оңаша отау», «Қазақ әдеби сынының тарихы» деген кітаптарының бір бөлімін осы Абайтану мәселесіне арнаған. Одан кейін қазақ әдебиет сынының эстетикалық арнада дамытқан, нағыз сынды тудырған ол Абай дейді. Яғни Шоқан Уәлиханов ғылыми арнамен әкелсе, Ыбырай Алтынсарин педагогикалық тұрғымен келді, ал эстетикалық тұрғыдан нағыз сынды әкелген ол Абай дейді. Енді кезінде жиырмасыншы ғасыр басында сынның туу мәселесіне келген кезде, сынды кеңес-қазақ әдебиеттанушы ғалымдары: «Сын бізде жоқ деп, сын бізге тек қана кеңес үкіметі кезінде пайда болды» деген ойлар айтылды ғой. Бірақ, Тұрсынбек Кәкішев сынды сонау ежелгі дәуір әдебиетінен әкеліп таратқан еді. Енді соның бір тарауы осы Абайға арналған. Сондықтан біз Тұрсынбек Кәкішұлын нағыз абайтанушы ретінде қарастыруымызға болады. Соны әрі қарай жалғастырып, зерттеуіміз керек. Осы мәселенің мен бүгінгі дөңгелек үстелге алып келген едім. Оны бұнда оқып отыру ұзақ болатындықтан, осылайша қысқаша қайырып отырмын. Енді ағайды біз ешқашанда ұмытпаймыз. Ол кісі осында отырған көпшілігіміздің ұстазымыз. Бізді әр дәйім ағайдың рухы қолдап жүрсін деп айтқым келеді.
Сағымбай Жұмағұлов, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы, ғалым: Армысыздар, осында келіп отырған қадірменді ел ағалары, бауырлар! Шындығында, қоғам Тұрсынбек Кәкішұлы көтерген проблемаларды әлі түбегейлі шешіп болған жоқ. Санадағы жарадан қазақ қоғам әлі айыққан жоқ. 1956 жылы Тұрсынбек Кәкішұлы, Рахманқұл Бердібай көтерген тіл мәселесі әлі де өзекті. Осыдан бір ғасыр бұрын, 1923 жылғы Сәкен Сейфуллиннің көтерген мәселелері әлі алдымыздан шығып отыр. Тұрсынбек Кәкішұлы секілді батыл айтатын азаматтар аз. Біздің тіліміз қандай деңгейге бара жатыр? Аралас мектептер қаптады, осыны да кезінде Тұрсынбек Кәкішұлы қаншама қазақ тілі қоғамдары бар солар қандай деңгейде қызмет атқарып отыр деп қатты айтатын. Біздің айтайын дегеніміз осы Тұрсынбек Кәкішұлы сияқты тұлғаларды аңсаймыз. Сол кісілерді сағынамыз. Өйткені ол кісі Алаш қалам қайраткері айтқандай, «Қалам қайраткері» деген ұстынға, сол атаққа, сол тұғырға лайықты еді. Мына руханият майданында, тіл майданында әрбір азаматқа тілді өркендету мәселесі алдыда тұр. Аятжан бауырымыз өте жақсы көтеріп жүр, аралас мектептер деген бір пәле болды, тіл деген күннен күнге жағдайы нашарлап барады, Астананың ауласының бәрі орыс тілінде сайрайды. Сондықтан да ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішұлы айтқан мәселе әлі де көкейкесті. Шындығында Сәкеннің қайраткерлігі қазақ ұлтының тарихи атауын қайтарып бергені еді. Бірақ оқулықтарда солардың бірі жоқ. Мысалға Сәкеннің «Аш қазақ» деген өлең бағдарламаларда жоқ. Оқулықты мың ақтарсаң да таба алмайсың. Сондықтан үгінгі Тұрсекеңнің туған күн бәрімізге ой салады. Соңынан ерген қазақтың қаншама азаматы ол кісінің шапағатын көрді, мейіріне бөленді. Осыған орай ағамыздың рухы шат болсын деп, ары қарай ізгі істері жалғасын тауып, халқына қызмет ете берсін деп тілейміз.
Бөлісу: