Жетісудың бұлбұлы ақын Сара

Бөлісу:

28.08.2024 755

Жетісу – талантты тұлғаларға бай өлке. Өзендер өрнектеген өлкеде қаншама ақын-жазушы, күйші-композитор, өнерді өмірім деп білген өнегелі жандар шықты. Соның ішінде есімі есті қазаққа танымал, қыз болса да, қаймықпай, айтыс аламанында ерлермен бірге қатар шапқан саңлақ ақын Сараның ғұмырын тілге тиек еткіміз келеді. Айтыс – сөз барымтасы, қағытпа қалжың, аса ұқыпты болуды талап ететін арда өнер болғасын, мұнда әлсіздерге орын жоқ. Бір ғана кемшін тұстан көлдей қателік, сүйекке таңба болар «сызықты» алып шығуға болады. Бірақ Сара мұндай қиындықтарға бала кезінен дайын болды. Домбыраны серік етіп, далиған даланың дүбірі жанына, дарыны қанына сіңді.

Өтепберген Ақыпбекұлының мәліметіне сүйенсек, Сара ақын 1853 жылы дүниеге келіп, 1907 жылы қайтыс болған. Зираты Қарашоқыда. 1871 жылы атағы алашқа жайылған ақын Біржанмен айтысқан. Ел арасында айырықша есте қалған айтыс – осы Біржанмен болған сөз тартысы. Бұл туралы кеңінен тоқталатын боламыз.

Ақын Сараның хатқа түскен өлеңдері некен-саяқ. Соған қарап, ақын жазба емес, ауыз әдебиетінің өкілі деп топшылауға болатындай. Шеген Ахметов Сараның «Шымылдық» деген өлеңі барын айтып, одан мынадай үзінді келтіреді:

Қылжақ сөз – мұсылман мазамды алып,

«Әмеңгер» әлегіне басым қалып. 

Азаттық алды деген сорлы басым,

Күңіренем тағдырыма күнде налып.

Осындай жүрген кезім көп жылауда,

Көкірек шерге толы, көз жылауда,

Қараңғы, айсыз түнде ел аулақта.

Отырдым жауап беріп көп сұрауға.

Өлеңдегі «азаттық алды деген сорлы басым» деген тармақта негізгі айтар ой, басты идея жатыр. Яғни, бұл өлең «Біржан-Сара» айтысынан кейін жазылған болуы мүмкін. Өйткені Сара Біржанмен айтысқанда Жиенқұлға қор болғанын айтады. Мұны естіген ел ағалары көп ұзамай Сараға бостандық беріп, «бұлбұл құсты» тордан шығарады. Жалпы, қазақ халқында қыз тағдыры, қыз ғұмыры – маңызды болса да, кейбір кезде оның рұқсатынсыз қалың малға сатылып кеткен жағдаяттар көп болғанын білеміз. 

Ақын Сараның портреті

XX ғасырдың басында өмір сүрген Алаш арыстары бұл мәселеге ерекше тоқталып, жаңашыл шығармалары арқылы дәстүрді қайта қарауға үндейді. 

Ақын Сараны көргендер

Ақын Сараны көзімен көріп, ауызба-ауыз сөйлескен Әшім Нұрлыбаев Сара туралы былай дейді: «1909 жылдың жазы. Қасымда Баймұқамбет деген жолдасым бар. Әкемнің Найман еліндегі нағашысына барып, қайтар жолда шөлдеген соң, жақын бір ауылға бұрылып, ат үстінде сусын сұрадық. «Асығыс, суыт жүрген қандай жандар, кім де болса үйге кіріп, қымыз ішсін», деген әйел даусы естіледі.. Келбетті, қызыл шырайлы, шамасы елуден асқан әйел екен. 

– Жолбарыс жонды, ер мұрынды, ат ерінді, сұңқар реңді келер деген, реңдерің тәуір екен, бұл жердікі емес көрінесіңдер, қайдан келдіңдер? – деп сұрады.

– Бір ауыз өлеңіңді тыңдауға ынтық едік, – деп қолқаладым. 

Сара жақтауы сүйектен нақыштап өрнектеген, төсек үстінде, тұскиізге сүйеулі тұрған, қызыл сырлы, үкілі домбыраны қолына алып, ақырын баяулата әндетіп, қолма-қол айтқан төрт-бес ауыз өлеңі мынау еді:

Бұл дауысқа құмар болды бала неден?

Балаға мейірімді ана деген.

Сайраңдап орта жүзде шалқып жүрген,

Мен едім кәрі анаңыз Сара деген.

Мен едім Қажекеңнің немересі,

Май болды қазанымның керегесі.

Олардың бақ басында тұрған шағы,

Ойлашы келіспеді неменесі.

Дауысым осындай ғып самғайтұғын,

Сараның ежелден-ақ өнегесі.

Кешегі сөз майданы болған шақта,

Тең түскен саңлақ едім терезесі,

Кемпірді сұрақ қылып сөйлестік деп,

Болмасын көңліңіздің келемежі, -

деп домбырасын қайта орнына қойды. Өлеңнің соңғы жолдарын ұмытыппын».

Ал бұрынғы Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, «Қоскөл» колхозының қарт тұрғыны, Ақан серінің қолында жүріп, көптеген әндер үйренген Тлеубаев Хамит өзінің Сара жайындағы бір кемпірден естіген әңгімесін естелікке қалдырыпты. Сол 1958 жылы 94-ке келген сөз білетін Баршын деген кәрияның сөзі мынау: «Болмады деп кім айтады? Біржан мен Сараның айтысқанын өз көзіммен көрдім, тіпті Біржан ауылға келіп кеткенге дейін ішінде болғанның бірімін. Ол кезде мен келіншек едім. Айтыс Ешкіөлмес тауының бауырында Қаратал деген жерде өтті. Айтысқа Біржан мен Сарадан басқаның қатысы болған жоқ, шешесі, сіңлісі айтысыпты дегендердің бәрі де бекер».

Ақын Сараның зираты

Сараны көргендердің қатарында Қазақ ССР халық әртісі Қ.Байсейітов те бар. Ол «Құштар көңіл» кітабында өзінің Сараны шамамен 1911-1912 жылдары көргенін баяндай келіп: «Екі бетінің ұшында қызылы бар, шешем құралпылас кісі екен. Бәлкім, менің шешемнен де егделеу ме деп те қалам», – дейді.

«Біржан-Сара» айтысының көркемдігі

«Біржан-Сара» айтысында көп жерде Біржан салдың жеңгені айтылады да, айтыстың көркемдік шеберлігі тасада қалып жатады. Айтыста қолданылған түрлі әдеби көркемдегіштерді тізіп шықсақ, қазақ сөз өнерінің соншалықты биік, асқақ екенін аңғарамыз. Қосылмас қос өзендей бір-біріне дес бермеген екі шайырдың түпкі мақсаты – ел арасын суыту емес, керісінше, сөз киесі арқылы дауласқан жұртты ынсапқа, ынтымаққа шақыру. Айтыстың шартына бағына отырып, екі ақын өзінің руларын мақтан тұтады, қарсылар руды ықтыруға тырысады. Бұл әдіс – қос руға да қатысты күрделі мәселелерді ортаға салып, шешудің оңтайлы жолы деп білген жөн. Сара шығармашылығының көркемдік деңгейі жоғары болмаса, Біржан сал сонау алыс жерден ат терлетіп, іздеп келмес еді деген орынды уәж туады. 

Мұхтар Әуезов «Айтыс өлеңдері» мақаласында: «...Бірақ Біржан салған жерден Жиенқұлға жабыспайды. Әуелі Сарамен өнер жарыстырады. Өлген жерің осы ғой деп Біржан талай түйіліп келгенде, Сара тойтарып тастап, аспанға шарықтай береді. Біржанның асқақ көңіліне Сара қадалған оқтай тиеді. Салмақ асып келгенде екі ақынның күш қарқыны қаралас сияқты. Амал не, Жиенқұлға келгенде үні шықпаған Сара жеңіліп, Біржанға жолын ұсынады». 

Мұражайдан көрініс

Ғабит Мүсірепов: «Әттең, даусыз шындықтар төңірегінде де, кейде қол бостықтан туып, езбе әңгімеге айналып кететіндік бар. Соның бір көрінісі – «Біржан-Сара» айтысы туралы ширек ғасырға созылып келе жатқан кереғар пікірлер. Осынша ұзаққа созылған талас «Біржан-Сара» айтысының көркемдік жағына, теңеу, бейнелеу, айтыстың ішкі логикасы, әдісі, қапы кеткен жақтарына бір соққан емес» деп кіжінеді. Одан кейін былайша сөзін жалғастырады: «Қалай болғанда да бір нәрсеге – Сараның ақын болғанына, ақын болғанда да, өте сирек дарын иесі екеніне еш дау жоқ. Осыған күмәнсіз тоқтасып, енді оның айтыстан басқа өлеңдері болды ма деп алаңдаушылық, әрине, заңды. Бірақ заңдылықты жөнсіздік жаққа пайдалануға болмайды. Сараның пәленше құрбысына, түгенше нағашысына, одан оның пәленше жиенінің түгенше жиеншарына жетіп, содан жазылып алынды дегендердің бәрін де жіті көзден, білгір мамандардың елегінен өткізіп қана, ең керегін кәдеге алуға болар», – дейді.

Шынтуайтына келгенде, Сара Тастанбекқызы Біржан салдан жеңілгенімен, кейбір тұстарда Сара ұтқырлық көрсетеді. Біржанның «Найманның болады екен қызы надан» деген сөзін Сара іліп алып, мұндай кемсітушілік ер адамға жараспайтынын айтса, екіншіден, «Ағаға іні келер біздің елде, // Көп боп па, сұрасуға есен-аман» деген сөзін де сынайды. Бұл жерде Сара ұл емес, қыз екенін, іні емес, қарындас екенін Біржан есепке алмай, аяқ-асты айтқаны байқалады.

Біржан сал Сараға өзін былай мадақтап таныстырады:

Естігелі, Сара, сені үш жыл болды,

Сері едім төңірекке құлаш жайған.

Түлкінің жүгірісін қыран байқар,

Ұялсаң, сөзің емес маған айтар.

Қанды көз, май жеп алған ақиықпын,

Сен түгіл қасқыр көрсе бірақ шайнар.

Бұлай деуі өзінің алғырлығын айтқаны. Әдетте, қанды, майлы етті жесе, бүркіт тояттап, аңға түсе қоймайды, селқос ұшады, не аңды қумай, отырып қалады. Қанды, майлы етті жеп аң алатын құсты аңшылар өте сирек кездестіреді де, оны аса бағалайды. Біржанның «қанды көз май жеп алғыш ақиықпын» деуі осыдан. Бұл – оның «бап талғамайтын, жеңбей қоймайтын ақынмын» дегені.

Біржанның бұл образына Сараның қарсы қоятын образы – үйрек:

Әй, Біржан, жасың үлкен, өзің аға,

Қымбаттығым белгілі білсең баға.

Қамысты терең көлдің сұқсырымын,

Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға.

«Қамысты терең көлдің сұқсырымын» деген сөз Сараға екі жақтан ұтымды: бірінші – сұқсыр үйрек дегені кішкене және ұшқыр үйрек, оны қаршыға мен лашынның ең ұшқыры ғана алады, шабан құсқа ол ұстатпайды. Сұқсыр – өте сақ үйрек. Ол көбіне күндіз көлдің тереңінде жүзіп, түнде, іңірде ғана ұшады. Көлдің тереңінен үйрек еш уақытта қыран құсқа алдырмайды, ол суға сүңгіп кетеді. Міне, бұл сипаттың бәрі Сараға келеді.

Сараның әкесі Тастанбек үш ағайынды (Тастанбек, Тастанқұл, Тасжан) болған. Сараның кіндіктес ағасы Жайсанбек және үш інісі Мәкәри, Захари, Сахари туралы да деректер бар. Бәлкім Сараның «Алтауы ауыл аруақ үш ағам бай» деуі осыған саятын шығар.

Сара өз бейнесін көркемдеп, асырып айту арқылы қарсыласын жеңуге ұмтылады. «Өз басым ұрғашының қара тілі», «Иранбақ бет бітісім қызыл гүлі», «Майысып нәзік белім бұраң қаққан», «Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан», «Сөйлесе май тамызған бұлбұл тілім», «Сықылды гауһар сағат нақыс шапқан», «Ажымсыз он саусағым бәрі де аппақ», «Болғанда аузым сағат, ернім қақпақ», «Міні жоқ отыз тісім меруерттей», «Мойыным сұңғағындай жүзген қудың», «Лебізім шырынындай шәрбат судың», «Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең» деп ақын Сара жас болса да, көпті көрген, көп «қасқырдың» азуынан аман өткенін еске салады. Мұндағы метафора, теңеу, эпитеттерден байырғы әдеби дәстүрдің бейнесін және табиғатқа етене жақын болған ақын жанының тұнықтығын да байқай аламыз.

Әріп пен Сараның арақатынасы

Әріп Тәңірбергенов пен Сара Тастанбекқызының арақатынасы, ыстық ықыласы туралы сан түрлі пікірлерді айтпай өтуге болмайды. Бұл – әлі күнге дейін жұмбағы ашылмаған ашық мәселе. Себебі кей зерттеушілер екеуінің арасында шынайы ғашықтық сезімі болды десе, енді бірі ол деректі жоққа шығарады.

Ө.Ақыпбекұлының айтуынша, Ә.Тәңірбергеновтың «Ұмытпаңыздар мені» деген жинағын (Жазушы баспасы, Алматы, 1969 жыл) құрастырған және алғы сөзін жазған, филология ғылымдарының кандидаты Ө.Есназаров Әріптің 1875-1876 жылдары Шәуешек қаласында 1880-1889 ж.ж. аралығында Жетісу, Алматы, Піспекте қызмет атқарғандығы туралы жаза келіп, Әріптің Сараға ғашық болғандығын, әрі ру арасындағы дау-жанжалдарға байланысты Сараға қосыла алмайтындығын айтып өтіпті.

Саралап қарасақ, Әріп Сараға 1875-1876 жылдары ғашық болса, онда Сара үш баланың анасы болған кезі. Оның үстіне Сараның Әріптен үш жас үлкендігі тағы бар. Зерттеушілердің тағы бір дәлелі – «Әріптің хатына Сараның жауап хаты». Осы хатта Сараның: «Толғанып терең ойға баттым, ағай, // Бір таңға көз іле алмай жаттым, ағай» деп басталатын өлеңді келтіреді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, үш жас үлкендігі бола тұра Сара Әріпті «ағай» дейтіндей жөні жоқ секілді.

Дегенмен, Қапалдағы ақын Сара атындағы музейден екеуара байланысқан хаттың түпнұсқа түрін көрдік. Экскурсовод қыздың айтуы бойынша, шынымен де, Сара мен Әріптің арасындағы ғашықтық сезім болған және осы хат соған дәлел болады.

Ал Шеген Ахметовтың: «Әріп 1856 жылы туып, 1924 жылы 68 жасында дүние салған. Сонда Әріп айтыс болған жылы 15 жасар бала екен. Біржан-Сара айтысын Жүсіпбек қожа Шайхислам да, Әріп те мен жаздым демеген. Ол кездегі айтыс ақындарының бір ерекшелігі – бірінің сөзін бірі, бірінің өнерін екіншісі өздеріне қарай икемдемеген, иемденбеген. Қайта бірін-бірі көтермелеп, құрметтеп, бірінің шығармасын екіншісі елден елге таратып қатты дәріптейтін болған» деген пікірі бар. 

Қалай десек те, екі ақын бір-бірімен көріскені, сұхбаттас болғаны белгілі. Бірақ олар шын ғашықтар болды ма деген сауалға толыққанды жауап бере алмаймыз. Естеліктер мен хаттарды ақтара отырып, әлі де тереңірек, тыңғылықты зерттеу қажет.

Әбдірахманның қазасы

Т.Сыдықовтың «Жетісу дүлдүлдерінің дүбірі» кітабында ақын Сараның өміріне қатысты тың мәліметтер берілген. Кітапта Сараның «Әбіштің аруағына» деген өлеңінің тарихы баяндалады. Хәкім Абайдың болашағынан зор үміт күткен, білімді офицер баласы Әбдірахман қапияда көз жұмып, сүйегін әскери қызметін өтеп жүрген Верныйдың әскери емханасынан Шыңғыстауға әкетіп бара жатады. Абайдың арнайы тапсырмасымен жүрген жігіттер (ішінде Шәкәрім де бар) жол жиегіндегі ақын Сараның үйіне келіп, қонып, демалып, риза-хош көңілмен тарқасады. «Әбіштің аруағына» өлеңі осы сәтте шыққан. Бұл – 1895 жылдың 1 қаңтарындағы оқиға. Біржан мен Сараның айтысы 1870 жылдың жазында өткеніне тоқталсақ, содан бері ширек ғасыр артта қалады. Қаралы көштің қатарында Абай да болған деген нұсқалар бар. Бірақ бұл дерек шындыққа жанаспайды, біз көптеген абайтанушылардың еңбектерінен Абайдың Шыңғыстауда күтіп отырғанын білеміз. 

Арнау-өлең ғаламтор желісінде «Көп сәлем Ыбыкеме, дұғай-дұғай» деп жарияланған. Бірақ шын мәнісінде, ол жырдың аты «Әбіштің аруағына». Жыр былай басталады:

Әй, Шəке-ай, қабырғамды кетті-ау тіліп,
Айтқаны Ыбекемнің қадір біліп.
Қажыған қайғы басып, аға-екеме.
Тілеймін ұзақ жылдар ғұмыр-тірлік.

Одан кейін тақырып кеңірек өрбіп, Сараның Әбішті шынымен де көргенін, «ұзақ таңда» көз ілмей, өлі тәнін бағып отырғаны айтылады:

Санасын Ыбырай аға мені өзіндей,
Баласын күтіп алдым өз көзіндей.
Мен де ортақ қайғысына, жүрек жалын,
Әбішке айтқан оның зар сөзіндей.

Төгілтіп бал-бауырсақ дастарқанға,
Ақ ниет, адал жүрек тұрмын алда.
Даярмын шырақ қойып күзетуге,
Әбіштің аруағын ұзақ таңға.

Мәтінге үңіле отырып, Сараның Абайға (өлеңдегі Ыбырай – Абай) деген бауырмалдылығы мен жанашырлығын сезуге болады. Ал Шәке деп отырғаны – Шәкәрім. Шәкәрім осы қаралы топтың қатарында болып, жөн-жосығын айтып отырған басты адамдардың бірі болған. Хәкім Абайға баласы Әбдірахман қайтыс болғаны жанына тастай батып, түнін ұйқысыз, күнін күлкісіз өткізеді. Үміт артқан баласы қапияда көз жұмған, кеудесіне тараған дертті қайғыдан бас көтере алмай қаймыққан Абай сонда былай деп жырлайды:

Жаңа жылдың басшысы – Ол,

Мен ескінің арты едім.

Арман деген ащы сол,

Сүйекке тиді, қарт едім.

Абай «Жаңа жылдың басы» деп тек қана баласы Әбдірахманды ғана емес, сол заманда енді қалыптасып келе жатқан, жаңа толқын, жақсы леп, жан-жақты білім иелері, ұлтын жан-тәнімен, шын жүрегімен сүйген жас буынды айтып отыр. Орыс білімін игерген Әбдірахмандай жастар қалың қазақты оятып, ғылымға жақындатады деп сенген.

Фариза Оңғарсынованың пайымдары

Сара ақын – нәзік жанды ақындардың соны соқпағын, ерекше жолы мен дәстүрін қалыптастырды десек, қателеспейміз. Сараға ұқсағысы келетін, Сарадай танымал болғысы келетін қазақ қыздары бірінен кейін бірі қаулай өсіп, айтыс сахнасында да, жазба әдебиет бағытында да көптен көрінді. Ақын жайында Ф.Оңғарсынова: «Мені ақындыққа талпындырған және жазғыш ер-азаматтардан қалыспауға үйреткен Сара апамыздың тағдыры, шығармашылығы», – деп естелік қалдырыпты.

Тағы бірде: «...Халқымыздың жады соның бәрін ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, кейінгіге өнеге етіп келеді. Сара жазу столының басына оңаша отырып өлең жазбағаны белгілі. Әр жерде айтқан жырларын әркім жаттап алып, кейінгі хат білетіндердің қағаз беттеріне түсіруі тумасынан ақын халықтың өнерге, оның ішінде әдебиеттің негізі – поэзияға деген ықылас-ілтипатының қашан да шексіз болғанын айқын көрсетеді», – дегені де бар.

Ұрпақтары

Біржанмен айтысқаннан кейін жетім қызға жасаған әділетсіздіктері сүйектеріне таңба болмас үшін ел ағалары Сараға бас бостандығын береді. Өз өлеңдерінде Сара басы бос екенін білгеннен кейін көлденең көк аттының барлығы маза бермендігін жазады. Осылай төрт-бес жыл өткеннен кейін өзін ұнатып, жылдар бойы есігінде жүрген Бекбайға тұрмысқа шыққан Сара Тастанбекқызы Ермұқан мен Нұрмұханбет атты ұлдарды, Рухия, Жақия, Кіпия, Мунира есімді қыздарды дүниеге әкелген. Қ.Қайранбаевтың дерегіне сүйенсек, анасына тартқан өнерлі әрі келбетті Нұрмұханбет 14 жасында көкпарда мертігіп, мезгілсіз көз жұмады. Рухиядан өрбіген Бекайдар, Қозайдардан ұрпақ бар. Өзгелері туралы нақты деректер азырақ болып тұр.

Сол Рухияның ұрпағы, Сара ақынның шөбересі Нүсіп Дайырұлы былай дейді: «Сараның ортаншы қызы Рухия анамыздан – Дайыр, Қозыайыр туады, Сағади осы екеуінің әкесі. Ол 1932 жылы о дүниеге сапар шексе керек. Дайыр мен Қозыайыр жасында балалар үйінде тәрбиеленіп, көп ауыртпалық көріпті, қазір бұл өмірде жоқ. Дайыр ақсақалдан 5 ұл, 2 қыз қалды. Бауырларымның үшеуі шешемізбен бірге Қаратал ауданындағы Достижение ауылында, бір ұл Алматыда, бір ұлы «мен» және бір қызы Талдықорғанда тұрамыз». 

Жалпы, ақын Сараның өмірбаяндық тың деректері, жинастырылған мұралары, ақынды көрген, білетін адамдардың естеліктері, көзі тірі ұрпақтарының сөздері қазір Ұлттық Ғылым академиясының қолжазба қорындағы 766-папкада сақтаулы.

Түйіндей келе, ақын Сараның қазақ ауыз әдебиетіне, айтыс өнеріне сіңірген еңбегі орасан зор. Сара жолы – ешкімге ұқсамайтын дара жол. Нәрлі тілі мен бейнелі сөздерін жаттап, жас ұрпаққа насихаттау – бүгінгі буынның еншісінде.

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар