Руслан Жұбаныш. Көрермен Қаңтарды айтқанда егіліп жылап отырды

Бөлісу:

05.09.2024 1688

Ән мен әуенді, би мен өнерді поэзиямен ұштастырған бұл жастардың қойған қойылымдары адамды қалың ойға жақындатып, кейде мұңға батырып жіберетіні бар. Өйткені бұл көңіл көтеретін ойын-сауық кеші емес. Бұнда адамзат жайы, өзіміз ішінде жүрген қоғамның көлеңке жақтары, экология, саясат тақырыбы, тіпті мұратына жете алмаған адамның жан күйзелісі жайлы айтылады. Бұл жерде өнердің идеясы  түгелімен қарсылықтан туған деуге болмас, ең бірінші мақсат – әсер ету, эмоция тудыру. Дұрыс қой, өнер қай заманда да еркін пікір-көзқарастың алаңы, қозғаушысы, санаға, жүйеге болсын өзгеріс әкелуде басқаша батыл  ойды, жаңа идеяны берудің құралы. Осыны түсінгендіктен де қоғамды өзгертуге, әлеуметтік-саяси кеңістікке әсер етуге ынталы топ өз үнін жеткізуде өнерді таңдаған. 

Арт-жобаның атының өзі ерекше. «Тәуел[ді]сіз». Мағынасыз дей алмайсың. Мысалы, біз мемлекет ретінде тәуелсізбіз дейміз, бірақ, оның өзі шартты түсінік екенін жеткіншек те біледі. Адам ретінде де өзімізді тәуелсіз көргенімізбен, санамыз, дағдымыз мүлдем ондай болмауы мүмкін. Яғни адам бір мезгілде әрі тәуелді, әрі тәуелсіз. 

2019 жылдан бері Астана мен Алматыда алты рет кеш өткізген бұл жобада негізінен өлеңдер оқылады. Неге өлең? «Тәуел[ді]сіз» арт-жобасының продюсері Руслан Жұбаныш бізбен әңгімесінде поэзияның ролі бәрінен биік екенін айтады.  

Айтпақшы, Русланның «vlast.kz» сайтына берген сұхбатындағы мына ойы ұнаған бізге, ептеп қазақшалап көрейік: «Біздіңше, өнер адамы өнердегі өзін емес, өз ішіндегі өнерді көбірек жақсы көруі керек.  Көп адам өнердегі өзін соншама жақсы көреді, бұл өнерге қастандықпен бірдей. Сондай-ақ, қазір көпшілік өлеңді өзінше оқып, видеоға да жүктейді, дегенмен, бұған қалай-солай қарағанды қаламас едім. Поэзия басқа өнер түрлеріне қарағанда қолжетімді өнер түрі болғанымен, бұл шынайылық пен ерекше көзқарасқа лайық бекзат өнер» деген екен. 

Біз «Тәуел[ді]сіз» арт-жобасының продюсері  Руслан Жұбанышқа бірнеше сұрақ қойған едік.

- «Хикая» заманауи өнер кешін көріп шықтым. Өлең, әуен арқылы жаңа ой айту, сахнадағы жарық, түстер арқылы мағына үстей түсу, келген адамдардан, әсіресе жастардан үміт етіп, солар бір ой алып кетсін деген ниет қана емес, осы қоғамдағы кей жағдайға қарсылық көрінеді. Қара судай тұнып, өзгермей, сол қозғалмағаннан да борси бастаған улы көл секілді осынау еш өзгеруді тілемейтін қоғамнан тұншыға бастаған, «Бәрі менің еңсемді басатын, партиялар, діндер, үнсіз қарғыстар» деп шамырқанатын жастардың ойын түсіндік. Енді олардың осы қоғамды жақсы жағына қарай өзгертетін қандай амалдары бар? 

- Рузвельттің сөзі есіме түсіп отыр: «Тұрған жеріңде, өзіңде бар дүниемен, қолыңнан келгенін жаса» дейді. Мен адал жаса деп қосар едім. Қосып қайтейін, менен бұрын «Адал жүріп, адал тұр» деп Абай да айтып кетті ғой. 

Біз таңдаған жол қоғамды жақсы жаққа өзгерте ала ма, білмеймін, бірақ қоғамға ой сала алатынына сенемін. Бұл – өнер жолы. Соқтықпалы, соқпақсыз. Өзім іздеген шексіз еркіндікті осы жолдан таптым. Осылай әркім өз жолын тауып, оны адал, шексіз махаббатпен жүріп өтсе, жақсы жаққа өзгеріп те қалармыз, кім білген?

-  «Тәуел[ді]сіз» атты жобаларыңызға қалай келдіңіздер, негізгі ұстанымына қалай тоқтадыңыздар, идея қалай шықты, сол туралы айтып беріңізші.

- Мектеп қабырғасынан әдебиетке, поэзияға жақын болдым. Бірақ поэзияның қалыптасқан, «сызылып, гүрілдеп» оқитын формасына ешқашан көңілім толмаған. Оқитын жандар поэзияны емес, өзін сүйіп тұрғандай көрінетін. Өлеңге жаным ашитын. Өйткені өлеңді жеткізе білу керек, оны жеткізу үшін өзіңді ұмыта білу керек. 

Университетте оқып жүріп, заманауи, «үлкен поэзия кешін» өткізсем ғой деп армандайтынмын. Өзім қалғанда ішімнен жиі ҮПК деп қайталайтынмын. Солай, 4-курста жолдастарымды жиып, идеяны ортаға салдым. Бұл 2019 жыл еді, ол Назарбаевтың доғарысымен, Астананың атының ауысуымен тұспа-тұс келді. 

Бояуы осы боямасыз күндердің,

Кеше кім ем?

Бүгін енді кім болдым?!

...Баспанасыз босып жүрген кезімде

Астанасыз қаларымды білген кім? - деп сахнаға шықтық («Қыжыл», Саян…

- Ұйымдастыруды неден бастадыңыздар? Бойында оты бар, ұлтына бүйрегі бұратын, ойлы, ән-жырға әуес жастарды қалай таптыңыздар? Сценарий кімдікі? Қанша жас болды құрамда? Жастар ұйымдарынан не жалпы биліктен болсын, қолдау болды ма?

- Басында не ресурс, не тәжірибе жоқ, қызық болды. Кешті өткізуге зал керек болды, оның жарнасын қалтамыз көтермейді. Студентте ақша қайдан болсын? Солай «Жастар» театрына барып, солардың қойылымдарына билет сатып, есесіне залын бір күнге тегін алатын боп келістік. Өз кешімізді тегін өткізіп, афишасын бір күн бұрын жариялағанбыз. Қазір күліп еске аламыз. Одан бері бес жыл өтті, тәжірибе де толысты. Қазір бұл салада өз орнымыз бар, қалыптасқан көрерменіміз бар. 

Жыл сайын үлкен кастиң өткіземіз, өнерпаздарды солай іріктейміз. Жыл сайын құрам жаңарып отырады, кәдуілгі театрдан да ерекшелігіміз сол. Жобаға қосылған әр жаңа өнерпаз өнердің құпия кілті іспетті. Олардың жаңа қырымен біз де өсеміз, бір орында тұрып қалмаймыз.

2021 жылы Тоқаевтың «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алдық. Бұл – биліктің емес, халықтың салығынан бөлінген қаражат. Соған қарамастан, алған грантымыз алдымыздан шықты. Содан бері тек тәуелсіз, халықаралық ұйымдармен жұмыс істеуге тырысамыз.

- Сахнаны жалға алу, бүкіл техникалық аппаратураларды жалдау, гримдеуге дейін... қаншама қаражат керек, оны қалай шештіңіздер?

- Иә, әр кештің алатын ресурсы аз емес: материалдық та, моральдық та. Жоғарыда айтқанымдай, халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп, гранттармен күн көріп жүрміз. Адам құқығы мен хақын құрметтейтін ұйымдар жобаның ұстанымын жоғары бағалайды, қолдайды. Былтыр солай арт-активизм саласындағы халықаралық ARTIF Awards жүлдесіне ие болдық.

- Үшінші шығарылымынан кейін тоқтап тұрсыздар ма? Бұл енді басқа бағыттта болсын жалғаса ма әлде осымен болды ма? 

- «Хикая» мен «Бетперде» тәмам, биыл «Жерге табын, адам, енді!» кешін қойып жатырмыз. Сүлейменовтің танымал поэмасын қайта рефлексиядан өткізіп, өткен мен өзектіні сахналаудамыз. Сәті түсіп, бірінші рет аймақтарға жол аштық. 

- Жалпы істелген жұмыстарға көңілдеріңіз толды ма? Жұртшылыққа айтам дегендеріңізді толық айта алдық деп ойлайсыз ба?

- Көңілім толады, толмайды деп айту қиын. Жеке өзім өнерге аш адаммын, әрқашан жақсырақ, толымдырақ, мазмұндырақ жеткізуге болар еді деп тұратыным бар. Бірақ жоқтан бар жасап, қолымыздан келетінді жасағанымыз сөзсіз. Айтатын дүние таусыла ма? Қанша дүние айтылды, айтылуы керек қаншасы бар? Олардың да сәті келері анық.

- Маған «Хикая» да, «Бетперде де» ұнады. Мұнда тек өлең емес, қара сөз де оқылды. Қаңтар оқиғасын айттыңыздар. Жалпы бұндай шындықты қабылдауға халық дайын ба екен? Сіздерге қандай да болсын бір қысым не ескерту болмады ма?

- Жалпы халық дайын ба деген дүниені ұнатпаймын. Халықтың дайын, дайын еместігін айтатын Құдай кім екен деп ойлаймын кейде. Көрермен Қаңтарды айтқанда егіліп жылап отырды, бұл іште жиналып қалған шер ғой. Іштегі дүние сыртқа шықпаса, онсыз да жан жарасы ауыр қоғам сал болмай ма? Көрерменнің көз жасы ауада тарап, іштегі шер шықты. Бұл – өнердің құдіреті. 

Ескерту де, қысым да болды. «Сөз түсінбейтін ақымақтан күнде жеңілемін» дейді ғой. Тура соның кебі. Бұл елде сайлау, референдум, бәрін қойғанда, ең болмаса, өнер еркін, тәуелсіз болуы керек шығар?

-«Бетпердеде» кей нөмір шынымен де жүрекке ауыр тиді. «Қазақ тілінен қашқан қазақ, өз еліндегі екінші сортты ұлтқа айналу, жеке адамның қадірін білмеу, жалпы немқұрайлылық... Тақырыптар жан-жақты қарастырылған. Біз шын тәуелсіздікке, сана тәуелсіздігіне қашан жетеміз деп ойлап отырасың. Қоғамның қысымы, «қараңғы көшелерден қорықпай жалғыз жүруді арман еткен» қыздар даусы, әйел болғаны үшін төмендеу бағаланып, тек әйелдік міндеттерді тықпалайтын түсініктер...  бұл ойларды бәріңіз жиылып, ортаға тастадыңыздар ма? Қалай жинақтадыңыздар?

- Сценарийді ортақ жазамыз. Әр кеште елдегі, әлемдегі өзекті дүниелерге үн қатуға тырысамыз. Мысалы, «Бетперде» кешіндегі әйелдердің жанайқайы мен қазақ тілінің мәртебесі әлі де күн тәртібінде тұр. Осы кештен кейін маған бір өнерпаздың анасы келіп, құшақтап жылаған болатын. «Балам дайындыққа барып жүрмін, концертте өнер көрсетемін» дегеніне, көп кештердің бірі шығар деп ойлағанмын, бірақ бұлай боларын білмедім» деп көзіне жас алды. Бұл мен үшін ең үлкен баға болды.

-Жастар поэзиясы (бұлар - төрт аяғынан тең басып тұрмаса да, идеясымен, жаңаша ой айта алуымен, ішіндегі еркіндігімен алып тұрған өлең жолдары), оның музыка сүйемелдеуімен оқылуы аудиторияға  қаншалықты әсер етеді? Кейде өлеңді оңашада, үнсіз оқығанда соншама тереңдігі сезілетін кездер болады...

-        Мен замандас ақындарға тәнтімін. Бізде кенжелеп тұрған көп сала бар, бірақ заманауи қазақ поэзиясы емес. Олар эксперимент жасаудан, форманы түрлендіруден, түрлі тақырыпта ой тарқатудан жасқанбайды. Бұл менің бес жылда көз жеткізген дүнием. Оңаша, үнсіз оқитындар оқи берсін, бірақ жұртшылыққа жария сап айтатын өлеңдерді айтайықшы, оқиықшы, жеткізейікші дегім келеді. Әйтпесе, расымен, «шаң басқан архивтерден табыла ма» деп уайымдаймын.

- Жақсы ой екен. Ал енді осындай керемет дүниенің қабылдануы қандай деңгейде? Әлде бәрібір де «квн-щиктердің» арзанқол қалжыңы өтімді ме бұл жұртқа? 

- Жоғарыда айтқанымдай, біздің алғашқы кешіміз тегін өткен болатын, кейін құны 1000 теңге болды. Қазір билет бағасы – 5000 теңге. Әр кеш сайын көрерменіміз артпаса, кеміп жатқан жоқ. Қазір Астана, Алматыда зал лық толы отырады. Бұл бес жолы бойы көрерменге, өнерге деген адалдығымыздың жемісі дер едім. Тәуелсіз өнерді бағалайтындар бар, аз емес. 

Кезінде «Әдебиет – азшылықтың мүлкі» деп селектив (таңдаулы) қоғам қалыптастырған сияқты. Бірақ оқыған қоғам болғымыз келсе, бұл түсініктен арылу керек дер едім. Сонда «квн-щиктермен» де теңесіп қалармыз. Бірақ интеллектуал өнерге көп көрермен керек пе өзі деп ойланамын. Бұл енді басқа сұрақ.

- Осы кейде көп стресті жағдайдан өткен немесе әлі толық шыға алмаған ересектердің осындай ойландыратын, тұңғиығына тартып кететін ауыр дүниелерді тыңдаудан қашатынын байқаймыз. Біздің халықтың тойшылдығының да өзіндік сыры бар ма дейсің, мүмкін, олар жүрегін одан әрі ауыртқысы да келмейтін шығар. Ал бірақ, біздің өмірді жаңа ғана бастаған, қоғамның көлеңкелі жақтарын байқауға тиіс, өзгерісті қалауы тиіс дейтін көп жастарымыз да сондай болып көрінеді. Әлде олар бұндай нәрсені қабылдамау арқылы ұлттың мәселесінен де алыстағысы келе ме? Болмаса қандай да бір жауапкершілік алудан қаша ма? Мүмкін, шынымен де бұдан гөрі тикток қызықтырақ па?

- Жауапкершілік туралы айтқаныңызбен келісемін. Бұл ең қиын дүние ғой. Оның жүгі батпандай. Сондықтан, көбі ауыр жүкті арқалағанша ТикТокті құп көретін шығар. Бұл көптің ішінде жасы да бар, кәрісі де бар. Бірақ бәріне топырақ шашпаймын, шашуға батылым да бармайды. Қолында бар дүниесімен шыр-пыр боп бірдеңе жасауға тырысып жүрген көп замандастарым бар. Оларды мақтан тұтамын. Еңсең мен еркіндігіңді басып тұрған көзбояу қоғамда қанатыңды кең серпу де қиын ғой. Бастысы - барлығы сынып кетпей, аман жүрсе екен деймін. 

- Осы жоба арқылы қандай жаңа есімдерді аштыңыздар?

- Нақты мынаны аштық деп айта алмаспын. Бірақ бізге келген көрермен әдебиетке, өнерге бір табан жақындай түсетіні анық. Адамдар кештен кейін тармақтарды жазып, ақындарды белгілеп, сезімдерін бөлісіп жатады. Біз үшін ең маңызды дүние осы. Бірінші қадам жасалды, әрі қарай көрерменнің еншісінде. Сәті түссе ақындардың жеке кештерін осылай өткізсек деп армандаймын. Әлі қоңырау да, ұсыныс та түспеді. Ақындардың тезірек табысы өссін деп күтіп жүрмін.

- Сіздің жобаның жалғасы қашан деп сұрап жүргендер бар ма?

- Жоба қазір жүріп жатыр, жуырда Семейден гастрольдік сапардан оралдық. Бұйырса жақында Қарағандыға баруды жоспарлап отырмыз, күзде аймақтарды аралап, нүктесін Астанада қойсақ деп жоспарлап отырмыз.

- Өзіңіз туралы  айтып өтіңізші, айналаңызда өзіңіз сияқты еркіндеу ойлайтын достарыңыздан кімдер бар? Бұны сұрап отырғанымыз – біз жастардан үміт етеміз. Тек жастар ғана бір-біріне әсер ете алады. Баяғыда «Жас тұлпарды» құрған да жастар еді. Бұл да сондай қадам деп түсінеміз. 

- Шыны керек, өзім туралы не айту керегін білмеймін. Адамдар «тәуелсіздің» кешіне келсе екен деймін, біз солай тілдесе аламыз. Бар айтарым да, қосарым да сол кештерде. 

Әрине, еркін, еркіндікке ұмтылатын, арзу армандары бар жолдастарым көп. Тілектері тезірек орындалса екен, «Жаңа Қазақстанды» солар жасаса екен...

- Әңгімеңізге рахмет. 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар