Қасымхан Бегманов. Грузияның ұлттық мұрағатынан құнды мағлұматтар мен деректер таптым...

Бөлісу:

26.09.2024 1504

Биыл Қазақстан Жазушылар одағы үшін жақсы бастама, жемісті еңбектің жылы болды деуге болатын шығар. Оған себеп – негізгі үш жобаның біреуі «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» жобасы аясында ғалымдар мен қаламгерлерден тұратын топ ТМД елдеріне сапар шегіп, біздің елімізге, тарихымызға, әдебиетімізге қатысы және қажеті бар дерек-дәйектерді алып қайтты. Оның ішінде сенсация деуге тұратын жаңалықтар да бар. Мысалы, Қасымхан Бегманов ағамыз Грузияның ұлттық мұрағатынан 1937 жылы Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты дастанының 750 жылдық мерейтойына Қазақстаннан арнайы барған делегациясының атынан домбырамен толғау жыр айтқан Жамбыл ақынның дауысы жазылған 49 минуттық деректі фильмді тапқан.  Одан бөлек, Жамбыл мен Кененнің Тбилисидегі Шота Руставели ескерткіш бюстінің жанында түскен, бұрын еш жерге жарияланбаған жаңа суретін архивтен ұшыратқан. Біз осы жөнінде, жалпы жоба жайында кеңірек білмек болып, «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» жобасының жетекшісі Қасымхан Бегманов ағамызға сұрақ қойған едік.

-Қасымхан аға, «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» жобасы аясында ауыз толтырып айтуға тұрарлық еңбектер жасалған екен, сол жайында сұрағалы отырмыз. Бірақ алдымен осы жобаны қолға алуға не түрткі болды?

-Жобаны қолға алуға түрткі болған басты себеп – бүгінгі күні зерттеушілердің, әсіресе, тарихшы мамандардың  еңбектерінің деректік базасын кеңейте түсуді мемлекет басшысының өзі қолдап отыр. Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Біз, ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», – деді. Ал енді «Жобаның маңызы неде?»  деген сұраққа жауап бере кетейін. Біз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылатын «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» бірлескен жобасы аясында қилы замандарда қазақ тарихының «шашылып» қалған ақтаңдақ беттерін жинақтауды мақсат қылдық. Осы мақсатқа орай ТМД елдерінің архивтеріне алдын ала хат жолдап, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы сол елдердегі Қазақстан Республикасының Консулдығына хабарласып, тығыз байланыс орнаттық.

-Осы жоба аясында Грузияда болғаныңызды естіп-білдік, бұл жайында парақшаңызға да мәлімет салыпсыз. Бұдан біраз жыл бұрынғы сапарыңыз бен осы жолғы сапарыңыздың арасында қандай сабақтастық болды? Сіздің жазбаңыздан Мұстафа Шоқай туралы дерекке грузиндердің ықыласы бөлек дегендей ой байқалды. Бұл шынымен солай ма? Шоқай туралы қандай деректер бар екен? Ол қайда сақталған?

-Он бес жыл бұрын «Мұстафа Шоқай жолымен» атты халықаралық экспедициямен Тбилиси, Кутаиси, Батуми қалаларына барып, архивтеріндегі құжаттарды қарап, сарылып жұмыс істеген елге қайта жолым түскеніне бір жағынан қуандым. Жоба жетекшісі ретінде сапарлап барғанда, ертеректе «Мұстафа Шоқай жолымен» атты халықаралық экспедициясында жинақтаған тәжірибемді, көрген-білгенімді пайдаландым. Сонау ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында тілдей ғана қағазға жазылған бір ауыз сөздің өзі тарихи дәйек пен дерек бола алатынын, оның құны қаншалықты қымбат екенін сезінгенім тағы бар. Тбилиси мемлекеттік университетінің эмиграциядағы грузин ұлтшылдарына арналған музейінде Мұстафа Шоқайдың 1935 жылы Париж қаласында шыққан «Түркістан Кеңес үкіметінің қол астында» атты кітабы тұр. Оның грузиндер үшін құндылығы – кітаптың бір бұрышына Мұстафа Шоқай «Өте қадірлі Ной Жорданияға, автордан. 6.ХІІ.1935» деп, өз қолтаңбасымен жазып бергенінде. 

-Өзіңіз қандай тақырыпты зерттедіңіз? Не таптыңыз? Сіз үшін бұл сапардың нендей жаңалығы болды?

-«Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» жобасы бойынша менің зерттеген тақырыбым: «Қазақтың саяси тұлғалары мен қазақ ақын-жазушыларының Грузиямен әдеби-мәдени байланысы» (архив құжаттары негізінде), Тбилиси қаласы. Зерттеу жұмыстарым жайлы мына мәліметтерді анықтадым: Грузияның астанасы Тбилиси қаласындағы Важа Пшавел атындағы Ұлттық мемлекеттік мұрағатынан біраз құнды мағлұматтар мен деректер таптым. Грузияның ұлттық мұрағатынан 1937 жылы Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты дастанының 750 жылдық мерейтойына Қазақстаннан арнайы келген делегациясының атынан домбырамен толғау жыр айтқан ұлы Жамбыл атамыздың дауысы жазылған 49 минуттық деректі фильм – тарих үшін аса құнды құжат деп есептеймін. Ақын аталарымыз Жамбыл мен Кененнің Тбилисидегі Шота Руставели ескерткіш бюстінің жанында түскен, бұрын еш жерге жарияланбаған жаңа суретін бүгін осы архивтен ұшыраттым. 1937 жылы Грузияға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, атақты сыншы Мұхаметжан Қаратаев бастап келген делегация құрамындағы бес адам – Ж.Жабаев пен К.Әзірбаевтың, М.Қаратаевтың және Т.Жароков, П.Кузнецовтардың бұл қаладағы қай қонақүйге тоқтап, қай жерлерге барғандары туралы ведомостьқа қойған қолдарын таптым. Жүрген жерлерін, болған мекемелерін анықтадым. Қазақ ақын-жазушыларының грузин тіліне аударылып шыққан шығармалары қашан, қай жылы, қай баспадан шыққаны жайлы жазылған анықтама-картотеканы көшіріп алдым. Мысалы, ақын-жазушы ағаларымыз М.Әлімбаев пен Т.Әлімқұловтан бастап, Т.Бердияров, Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев, Ғ.Қайырбеков, М.Мақатаев, С.Мәуленов, І.Мәмбетов, Т.Молдағалиев, С.Мұқанов, Ж.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, Ж.Өмірбеков, А.Жұмағалиев, Ә.Сәрсенбаев, С.Сейітов, С.Сейтқазин, Н.Шәкенов, А.Шамкенов, Қ.Шаңғытбаев, М.Шаханов, З.Шүкіровтің өлеңдері грузин тіліне аударылған жыр жинағы «Казахская советская поэзия» сериясымен 1967 жылы Тбилиси қаласы, «Литература да хеловие ба» баспасынан шыққан екен. Тбилисидің ұлттық кітапханасына бес жыл мерзімге оқырман болып тіркелдім. Мұрағаттар мен кітапханалардағы қазаққа қатысты картотекаларды мұқият қарап, қажет дегендерін суретке түсіріп алдым. Қым-қиғаш сәт. Жаз мезгілінде Тбилисидегі ресми мекемелердің көбісі жабық, демалыста екен. Сол кезде ескі таныстарды, достарды іздеп таптым. Түрлі қиыншылықтар бастан өтті.

-Сонда санаулы уақыт ішінде осынша шаруаға үлгердіңіз бе?

-Келген күннен бастап, тамыздың 12-сі мен 17-сі аралығында әр күнім, әр сағат, минутыма дейін есептеліп, «Қазақтың саяси тұлғалары және қазақ ақын-жазушыларының Грузиямен әдеби-мәдени байланысы» атты зерттеу тақырыбыма байланысты архив құжаттары негізінде бар мүмкіндігімді, тәжірибемді пайдаланып, шамам келгенше жұмыс істедім.

-Жоба аясында басқа елдерге барған зерттеушілер қалай жұмыс істеді? Жобаға қатысушылардың ұзын-саны он алты адам екен. Нәтиже көңіл көншіте ме? 

-Ия, он алты зерттеуші белгіленген уақытта бір адамдай жұмылып, қысқа мерзімде өте жоғары ұйымдасқан түрде, он алты елге барып, мұрағаттарда, кітапханаларда тапжылмай отырып, әрқайсысы он баспа табақтан 16 қолжазба жазып, сараптау комиссиясына тапсырды. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай еңбек етті. Осы жерде болашақ үшін, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге, сонымен бірге мемлекетшілдікке тәрбиелеуге бастайтын үлкен жобаға қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне шынайы алғысымызды айтамыз. Жобаға қатысып, мұрағаттарда зерттеу жұмыстарымен тиянақты айналысқан ақын-жазушыларға да өз ризашылығымды жеткізгім келеді.

-Осы зерттеу еңбектерге жоба жетекшісі ретінде шолу жасап, тоқталып кете аласыз ба? «Әдебиет порталының» оқырмандары не істеліп, қандай зерттеу жасалғанын біле түссін деген ой ғой. Оның қайсысының ұлт тарихы, әдебиеті үшін маңызы, орны қандай екенін өздері іштен бағамдай жатар...

-Жоба жетекшісі ретінде зерттеушілердің еңбегі мен алғашқы жазбаларын ең бірінші болып оқып, төменде әрқайсысына өз пікірімді білдірсем, мысалы, Қанипаш Мәдібаева АР Ұлттық кітапханасында, Ұлттық архивте, М.Маштоц атындағы көне қолжазбалар институтында (Матенадаран), Ереван мемлекеттік университеті шығыстану факультеті түркітану кафедрасында архив құжаттарын қарастырды; библиографиялық көрсеткіш, мерзімді басылымдар, зерттеу еңбектер бойынша жұмыс істеді. Матенадараннан көне қыпшақ қолжазбасының көшірмесін алып келді. Бұл жәдігерді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.И.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің қыпшақтілді армян жазулы қолжазбалар бойынша жас мамандарына тапсырды. Құжаттардың басым көпшілігі армян тілінде жазылғаны қиындық туғызғанымен, жергілікті мамандардың көмегімен бірқатар танымдық ақпарат қорын жинап қайтты. Матенадаран қолжазбалар институтындағы қыпшақ тілді армян жазулы көне қолжазбалардың, «Қыпшақ грамматикасының» игерілу бағыттарымен танысты. Шығыстанушы армян ғалымдарымен өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен бірге ғалым А.Тойшанұлы «Манас» эпосын жинау, зерттеу, насихаттау ісіне А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, С.Асфандияров, Ғ.Тоғжанов секілді қалам қайраткерлерінің үлкен үлес қосқанын архив мәліметтері арқылы анықтады. Сондай-ақ Қырғызстан Алаш зиялылары Қ.Тыныстанов, Е.Арабаев, Б.Данияров, Х.Қарасаев, манасшы С.Орозбаков туралы деректер жинап, олардың қазақ қаламгерлерімен байланысын зерделеді. «Манас» жырын жазып алу туралы жиынға 1922 жылы Ташкенде Түркістан басшылары Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұловтар қолдау көрсеткені, бұл іске қазақ-қырғыз «Талап» ұйымын құрған Х.Досмұхамедов бастаған Алаш игі-жақсыларының шарапаты мол болғаны тиянақталды. Сол себептен де Алаш ардақтыларының есімін әйгілі жомоқшы Сағымбай Орозбаков «Манас» жырында таңбалап кеткені зерттеу жұмысында айқындалды. «Манас» жырында Сағымбай Орозбаковтың аузына ілінген тұлғалар – А.Байтұрсынұлы, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, О.Жандосов. Мысалы, мынадай жыр шумақтары сақталған: «Журт бийлеген баарың ук, Байтурсунов, Кожонов, Баш тарыкы бабаңдын, Байкап көргүн ойлонуп… Рыскулов, Жандосов, Манас, Көкчө бабаңыз, Бар жомогун табабыз». Әйгілі манасшының қазақ зиялыларымен осындай тығыз қатынасы архив деректері арқылы да айшықтала түсті. 1935 жылы Бішкекте «Манас» жырын баспаға дайындау, орыс тіліне аудару туралы комиссия құрылғанда эпос туралы негізгі баяндаманы Мұхтар Әуезов жасап, жиынның нәтижесінде «Манас» жырын жариялауға қаулы алынып, редакциялық алқа құрамы бекітіледі. Бұл 17 адамнан құралған мәртебелі тізімге Қазақстаннан С.Асфандияров, С.Сейфуллин, Ғ.Тоғжановтар бекігені туралы құжат табылды (1935 ж. 9 көкек, №10 протокол, латын қарпінде. Қараңыз: Фонд 23 , Опись 1, Дело 1127).

Ғалым Ақеділ Тойшанұлы Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл-әдебиет институты сирек қолжазбалар қорынан қазақ пен қырғыз халқын қатар билеген Еңсегей бойлы Ер Есімге арналған «Эр Эшим» дастанының түпнұсқа қолжазбасын алды, сол кезеңдегі екі елге ортақ Есім хан, Көкім би туралы мәліметтер жинақтады. Осы архивтік құжаттар негізінде А.Тойшанұлы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Алаш және «Манас» деген мақала жариялады («Қазақ әдебиеті», 2024, 6 қыркүйек, №35). Фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлы жоба аясында «Түрік халықтарының әдет-ғұрыптары» деген зерттеу еңбегін аяқтап ұсынды. Бұл еңбекте қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, әзербайжан, түрік, түрікмен, татар, башқұрт, алтай, саха, құмық секілді көптеген бауырлас халықтардың өмір-тіршілігінің арқауы болған ғұрыптық фольклоры жүйесі кешенді зерттеліп, бағзы заманнан бері үзілмей жалғасқан ата-баба салтының жас ұрпақты тәрбиелеуге, түркі халықтарының рухани келбетін, ар-намысын қорғауға, отаншылдық пен достық сезім қалыптастыруға маңызы аса зор бірегей құндылық екені терең пайымдалды. Белгілі жазушы Нұржан Қуантайұлы да Санкт-Петербург архивтерінде нәтижелі жұмыс істеді. 

Сонымен бірге сыншы, зерттеуші Құлбек Ергөбек Бакуде өткен күндерінде ізденіс арнасы бірнеше бағытта жүйеленіп, іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары атқарылды. Іс-сапардың басты мақсаты – «Қазақ-Әзербайжан әдеби байланыстары архивтік деректер ізімен» атты зерттеу жұмыстарын атқару болатын. Осы бағыттағы ізденіс арнасы Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі жазушы, драматург және кинорежиссер Анар Рзаевпен және төраға орынбасары Сәлим Бабуллаоглымен кездесуден басталған екен. Сұхбат тақырыбы Орталық Азия халықтарының ұлттық мұрасы, батыстық мәдени үрдіс, эмиграциялық әдебиет секілді алуан тақырып айналасында өрбіді. 1926 жылғы тұңғыш рет Бакуде өткен І түркологиялық съезд жайында да ақтарыла әңгімелесіп, өзекті ойдың тиегі ағытылған. Сонымен қатар зерттеу тақырыбы бойынша әдебиеттермен танысып, қажетті кітаптар мен архив материалдарын сатып алды.

-Бұл жобаның құрамында жас ғалымдар болды ма? Әлде кілең үлкендер жағы ма?

-Жобаның құрамына сақа жазушы, ғалымдармен қатар, бес талантты жас қаламгерді қостық. Осы жастардың ішінде көш бастап жүргені әрі мерзімді басылымдардағы эссе, әдеби зерттеу, сын мақалалары арқылы көпке танылған жас жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Елдос Тоқтарбай. Одаққа жыл басында мүше болған әдебиеттанушы ғалым, Алаш зерттеушісі Заңғар Кәрімханның есімі де елге танымал. Бұған дейін оның «Дүние шыр айналса…», «Толағай», «Абай мен Алаш», «Қазақ тарихы. Инфографикалық деректер» атты кітаптары жарық көрген. Заңғар Кәрімхан бұл жолы Ресейдің Омбы қаласына барып, сол қалада білім алып, еңбек жолы басталған Алаштың ірі қайраткері, педагог, ағартушы, әскери қолбасшы Отыншы Әлжанұлы жайлы мол материалдар жинап қайтты. Алаш кезеңін зерттеуші жас ғалым, әдебиеттанушы Данияр Ихсан елге енді-енді танылып келе жатқан талантты жас қаламгер. Ғазымбек Бірімжан, Жүсіпбек Салықұлы секілді Алаш зиялыларының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, кітаптарын жарыққа шығарған. «Құлыншақ», «Жетісу жауһарлары», «Жетісу жұлдыздары», «Ұлтты оятқан ұлы сөз» сынды әдеби антология мен сериялық кітапшалардың авторы. Түркия, Ресей, Өзбекстан елдерінің кітапхана мен архив қорларында жұмыс істеп, бірнеше халықаралық экспедицияларға қатысқан. Данияр Ихсан Ресей Федерациясының Астрахан қаласына барып, Алаш қайраткері, агроном, қаламгер, мемлекеттік бағдарламамен шетелде білім алған алғашқы қазақтың бірі – Ғазымбек Бірімжан туралы деректер іздестіріп, мол олжамен оралды. Жауынбай Жылқыбайұлы – жобамыздың ең жас қатысушыларының бірі. Ол осы уақытқа дейін халықаралық экспедициялар мен түрлі жобаларға қатысып, ТДМ елдерінде өз зерттеу жұмысын жүргізген. Жауынбайдың осындай туындыларының бірі – «Алаш ардақтысы» (Әбубәкір Алдиярдың өмірі мен шығармашылығына арналады) деп аталады. Әбубәкір Алдияр – тәуелсіздіктен кейінгі жылдары есімі еленбей келе жатқан қаламгерлердің бірі. Жас қаламгер Ертай Біләл осы уақытқа дейін ұлт дербестігі, елдігі, теңдігі жолында жазықсыз құрбан болған Алаш қайраткері, ақын, композитор Қапез Байғабылұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеген. Ертай Біләл Санкт-Петерборға барып, жазушы, публицист, драматург, аудармашы, репрессия құрбаны Нұғыман Сәрсенұлы Манаевтың ғылыми айналым түгілі, қазіргі қаріпке түспеген бірнеше кітаптарын анықтап, жинақтап қайтқан болатын. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қазіргі көркем әдебиет саласын дамыту және қолдау мақсатындағы жобасы бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында Ресейдің Томбы қаласында біраз күн іссапармен болып, бірқатар мұрағат-кітапхана қорларын ақтарып қайтқан қарағандылық қаламгер Серік Сағынтай іс-сапар барысында Алаш қозғалысының қайраткері, ғұлама Әлімхан Ермеков, Азияның әз ұясына ғұмырын арнаған Григорий Потанин, Николай Ядринцев, Г.Потаниннің шәкірті, Сібірге мәңгі сағынышын арнаған Георгий Гребенщиков, қазақ сахарасының аң-құсын түгендеп зерттеген аяулы жазушы-ғалым Максим Зверев, Сахалин аралын мекендеген нивх халқының жалғыз жазушысы Владимир Санги секілді тағы да басқа қалам сертін Қазақия, Сиберия жұртында ұстаған ілкі заманғы әріптес аға, ата буын жайлы ізденістер жүргізіп, нәтижесінде, «Қазақия, Сиберия…» атты филологиялық эссе жазылды. Ал белгілі жазушы Момбек Әбдіәкімұлы жоба аясында осы жылдың тамызының 19–23-і және 26–29-ы күндері арасында екі рет Ташкент қаласында болып, ондағы республикалық ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қоры мен Шығыстану институтындағы көне қолжазбалар қорында жұмыс істеп, ХХ ғасырдың басында Түркістан өлкесінде өмір сүрген ақын-жазушылар мен саяси қайраткерлердің осы күнге дейін көпшілікке беймәлім болып келген біраз еңбектерін жиыстырып қайтты. Халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Любовь Шашкова «Соғыс пен тың топырағы туысқан» атты жинағын шығару үшін «ТМД елдері мұрағатындағы қазақ жазушыларының ғылыми-зерттеу еңбектері» жобасымен айналысу барысында, Минскідегі «Породненные войной и целиной» газетінің қызметкерлерімен кездесті. Көптеген жаңа архивтік материалдар алып қайтты. Филология ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы Төрәлі Қыдыр Тәжікстан астанасы Душанбе қаласына барып, қазақ әдебиетіне қатысты біраз құнды деректер алып келді. Оның іссапары Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың ресми сапарымен тұспа-тұс келгендіктен де, екі ел Ұлттық ғылым академияларының ұйымдастырған ғылыми конференцияның пленарлық мәжілісінде «Қазақ-тәжік әдеби байланыстары» жөнінде баяндама жасады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы Аймұхамбеттің ізденіс жүргізу үшін Ташкент қаласына іссапары сәтті өтті. Зерттеуші Айткүл Бейсенбайқызы Досыбаева Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында болды. 

-Қорыта айтқанда, сапарларыңыз сәтті болып, қоржындарыңыз толы қайтқан екенсіздер ғой. 

-Иә, қорыта келгенде, Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бірлескен «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» атты ірі жобасы аясында іссапарлар табысты, сәтті аяқталды. Уақыттың тығыздығына қарамастан жазылған осынау тарихи, деректі-дәйекті зерттеу еңбектер – болашақта жазылатын сүбелі шығармаларға арқау болатына сенімдіміз. Өйткені тәуелсіздік жолындағы күресте арына дақ түсірмей, абыроймен өткен ұлыларымызды іздеу – барлық дәуірдегі ұрпақтардың басты борышы бола береді.

-Өзіңізге ерекше әсер етіп, көңілге түйіп қайтқан жайттан аз-кем айта кетсеңіз... «Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, сырт елдің рухани мұраға келгенде қандай жақсысын байқадыңыз?

-Қазақ «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген ғой. Осы орайда грузиндердің тарихи дерек жинаудағы менімен бөліскен, мен өз көзіммен көрген бір фактіні айта кетейін. 1994 жылы Грузияда алғаш рет грузиндердің бүкіләлемдік форумы өткізіледі. Форумға сыртта жүрген грузиндердің бәрін шақыруға тырысады. Осы форумға байланысты Тбилисиде, Кутаисиде, Батумиде және Грузияның басқа қалаларында көптеген шаралар өткізілген. Осы форум президентінің орынбасары, профессор Гурам Шарадзе іс-шаралар жобасына Грузин эмигранттары мұражайын ашуды енгізу туралы үндеу тастаған. Профессор Гурам Шарадзе 1981 жылдан бастап Грузин эмиграциясының қызметі мен тарихының 70 жылдығына байланысты көптеген кітаптар мен монографиялар шығарған. Профессордың бұл саладағы негізгі әрі түбегейлі еңбектерінің бірі – «Жат елдің аспаны астында» деп аталатын үш томдық кітабы мен «Эмигрант грузин журналистерінің тарихы» деген 20 томға жоспарланған кітаптар сериясының 8 томдығы. Осы Грузин эмигранттары мұражайына профессор Гурам Шарадзенің өмір бойы шетелдерден жинаған жәдігерлері мен тарихи деректері қойылған. Мұражайда отыз мыңға жуық қолжазба, жеті мыңнан астам грузин және шет тілдерде жазылған грузин халқының бейнесін айшықтайтын құжат, грузин эмигранттары туралы ғана емес, мерзімді басылымдарда жарық көрген грузин, орыс, француз, ағылшын, тағы басқа тілдерде жазылған құнды мақалалар мен кітаптар, фото және аудиоматериалдар бар. Жаңа басында айтқанымдай, онда Мұстафа Шоқай туралы да құнды деректер сақталған.

-Осы тұрғыда біздің елдің де дерек жинау мүмкіндігін осылай кеңейтуге бола ма, қалай ойлайсыз?

-Ия, менің де айтпағым осы, болашақта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» бірлескен жобасының аясында табылған құжаттар мен дерек-дәйектерді, аудио, видео жазбаларды жинақтап, Ұлттық кітапханадан ба, әлде Жазушылар одағынан ба бір бөлім ашсақ жақсы болар еді. Сонда осы жоба аясында жинақталған бүкіл құнды құжаттар бір жерде тұрар еді. Ол айналымға түсер еді. Болашақ жазушылардың, ғалымдардың, зерттеушілердің жұмысын жеңілдетер еді. Осылайша, бізде де дерек жинау мүмкіндігін кеңейтуге жол ашылар еді.

- Әңгімеңізге рахмет. 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар