ҒАЙЫП ӘЛЕМ. ӘДЕБИ СУБЛИМАЦИЯ-ІІ

Бөлісу:

30.09.2024 1341

Бұдан басқа келесі бір әңгімеде ертеректе жолаушы шыққан бір топ кісі айдалада жалғыз үйге келіп қонақ болады. Үй иесі жылпылдаған жас жігіт, тысқа шығып кеткенде үлкендеу бір жолаушы «Мынау пері екен» деп бір оқу оқиды, сонда әлгі жігіттің демі күшейіп, қарны кеуіп көтеріледі, дем алғанында үйдің түндігі желпілдеп кетеді. Жігіттер қарнын қылышпен құлаштап шапқанда бір бу атыла ұшып кетеді. Қараса, бұлар үйде емес, айдалада, тақырда отыр, дөдеге деп байлаған ат-түйелері қурайға байлаулы тұр. Содан соңдарынан бір кемпір қуады, түндегі жігіттің шешесі екен, әлгі молда кісі дұға оқып, жүрісін баяулатады, адамдарға таяған кезде аспандағы ақ бұлтқа тіреліп, белі жіңішкеріп, аттың қылындай болады. Жігіттер тағы да белін қылышпен қиып жібереді. Кемпір зым-зия, орнында кішкентай ұл мен қыз қалады. Молда кісі екі сәбиді қоржынның екі басына салып алып қайтады. Кейін баласына бағынышты етіп үйретіп, қоластына қалдырып кетеді.

БАСЫН МЫНА ЖЕРДЕН ОҚИ АЛАСЫЗ

Бұл оқиға Бекетай құмындағы Жиырма төрт дейтін жерде болған, ал әлгі қасиетті молда кісі Жұбан молданың әкесі Жүрдібек екен. Әлгі перілер – Мәншүреннің бес баласы Жұбанның пішен тасу, құдық қазу, қора-қопсы жөндеу сықылды дала жұмыстарын тындырып беріп отырған, жұмыс болмай қалса, топырақтан арқан естірген. Жұбан молда 1923 жылы қайтыс болғаннан кейін де, жиырмашақты жыл сол маңайда жүрген. Ауылға көп зияны болмаған, дегенмен қараңғыда кісіні жолдан адастырып, от жағып, түрлі дыбыс шығарып ат-көліктерін үркітіп әурелейді де екен. Бірде Нәсихан деген кісіні сор жағасында таңалакеуімде бір қара кісі сабап кетеді. Ауырып, екі-үш ай төсек тартып қалған Нәсихан кейін келе тіл мен жақтан айырылады. Өзі мұны перілерден көреді екен.

Ел ішінде мұндай әңгіме көп, соның бәрін жанынан шығарған сөз санау яки сенбей, жасынға шығару қисынға қайшы. Бұл мақалада мен естіген-көргенімнен туған өз көңіл-күйімді бейнелеп жазып отырмын. Сол сияқты ілгеріде көргенін, естігенін айтып кеткендер де сондай көңіл-күйлерін кейінгілерге жеткізуде. Бар болғаны сол. Біз әлдене бір нәрсені білмесек, ол әлдене нәрсе болмаған деген сөз емес. Әпсіндік (мистика) дейміз бе, инферналдық (тылсым) дейміз бе, қайткенде де бізбен қосанжар, қатарлас өзге өлшем бары талассыз. Оған дәлел – ықылым заманнан келе жатқан халықтық сана, көптің мифологиялық сана-сезімі. Ал ол сана, ол мифологиялық эстетика жек (демон) әлемін құбыжық (хубус) деп тапса, пері әлемін хұсни (көркем) дүние көреді. Діни санада Ібіліс, Сатана, Люцифер – Сәуле, Нұр таратушы, періштелердің көркемі, Құдайға қарсы шыққаны үшін құбыжыққа айналдырып жазалаған. Діни жектану бойынша жек әлемінен адам затты құлшылық, тағат орындары (шіркеу, мешіт) құтқарады, ал оккультiк, магиялық демонология бойынша Гоетия мен Абрамелин дәстүрін ұстанушылар жын-перілерді тағұт етпейді, оларды шақырып, пайдаланады, тағұт ететіндер – оккультші-демонолатрийлер.

Осы жерде «Жұбан молдалар да исламның эзотериялық (ішкі) бағытының өкілдері болуы мүмкін бе, яғни олар сопылар емес пе екен?» деген сұрақ қылаң ете қалады. Бірақ Жұбан молданың өмір-хаятына қарасаң, олай емес сияқты: ол Істерлітамақта жоғары медресе оқуын тәмамдаған, бірнеше мәрте хаж барған, имам-хатиб, ахун қызметін атқарған, демек, таза әһлі сүннә жолында. «Кәпір жындар кейбір қасиеті күшті адамдарды өздеріне дос етіп алады, сол кісіге өздері періштелер әлеміне барып, тың тыңдап алған кейбір мәліметтерді береді, кейбірі дұрыс шығуы мүмкін, содан әлгіндей адамдар ел ішінде бақсы, балгер, тәуіп, көріпкел аттанады» дейтін пікір, біздіңше, толық, дұрыс пікір емес. Жоруымызша, Жұбан молдалар – көнеден келе жатқан білімнің иелері. «Жын-пері өздерінен білімі асқан ұламаларға ұйып, мүрид болады» деген сөз осы жерде шындықтың пердесін ысырады. Жын-пері әлемінің өкілдеріне түбі тесік көзеге құм құйғызып саулатып қоюды бағзы өркениет иелері – атланттар қолданған. Қазақ молдаларының перілерге елекпен су тасытуы, құмнан арқан ескізуі, ем-домға, жоқ іздеуде пайдалануы осы көнеден келе жатқан «зомби пері» үлгісімен бір ізді басады. Мұндай тауарих – ғайып дүние иелеріне ауыр жұмыстар атқарту Сүлеймен ғ.с.с.-ға да телінеді. «Дүние тылсымға толы ғой. Оның шындығын білуші Алла. Дегенмен Жаратушыға сілтеп салып қарап отыруға болмайды, саналы индивид болып жаратылғандықтан адам баласы да сол тылсымның сырларын ұғынуға тырысқаны жөн. Пенде басы көрге кіргенше екі дүниенің де сырын ұқпаққа талпынумен өтпек. Біздің, адамдардың, бұ дүниеге келгендегі басты миссиямыз да осы меніңше», – деп жазушы Серік Асылбекұлы айтқандай, бізге де ғайып әлемді Батыстағыдай, Ресейдегідей тарихи негіздерінен бастап қуалап, діндегі пәнаралық байланыстар арқылы ғылым бабынан тексермек керек. «Они» аталатын жапонның жын-пері дүниесін алғаш тарихи тұрғыда тұрып бейнесін, шығу тегін зерттеген, сол арқылы жапон психикасы мәселесін көтерген Кояма Сатоко сияқты зерттеушілер жоқ біздің ғылымда. Бір ғажабы, жапонның они дейтін ғайып әлем өкілдері қазақ демонологиясына өте ұқсас: онда да Ямато тауын мекендейтін дзюдзюцуси дейтін жапон бақсылары они-ларға су тасытып, отын тергізіп қояды екен, бағынбаса оқу оқып, қол-аяқтарын сірестіріп тастайды. Они-лар да белгілі бір уақытта, түнде шеру тартып шығады, сол шақта кездескен адамды алып кетеді. Топыраққа түскен іздері әрқилы: әр аяғында – екі, не үш башпай болады, жалғыз көз, жалбақ шаш. Сатоконың жазуынша, они-лармен қатынасқа түскен кісілер көрген-білгендерін айтып берген, бұл жерде әңгіме сол әлемде бірнеше күн болып қайтқан адамдар жөнінде. Егер бізде де кейінгі, «әкеткен-әкеп тастаған»-дар осылайша еске қалғанын әңгімелеп берген болса, Сатоко сияқты қазақ психикасының тылсымын зерделеуімізге мүмкіндік туар еді-ау. Ондай ортаға салу жоқ боп тұрғанда біздің қай жазғанымыз да көз жететін, көңіл сенетін іс бола қоюы неғайбыл.

Жалпы, ресми ғылым ғайып әлемнің барлығын жоққа шығарады. Сондай бір ғалым скептик Карл Саган «Жек дүниесі: Ғылым – қараңғыдағы шырақ. Адамзаттың ғақыли ойына шалыс жалғанғылыми ақымақтық» дейтін қалыңдығы кереқарыс кітап жазған. Ал енді жуырда (2023 жылғы тамыз айында) сол Саган өкілі болып саналатын ресми ғылым – физика саласының мамандары бұдан көп жыл бұрын, 1956 жылы физик-теоретик Дэвид Пайнс болжаған қорамсыз (массасыз) бейтарап бөлшектер түріндегі аса маңызды кванттық құбылысқа кез болды. Әлгі «Пайнс жегін (демонын)» АҚШ-тағы Иллинойс университетінің бір топ ғалымы Урбан-Шампейн деген жерде кезіктірген.

Пайнс кезінде қатты денедегі электрондар біртүрлі бір қасиеттерге ие екенін мәлімдеген-ді. Оның жобалауынша, қорам-массаға және электр зарядына ие электрондар масссасыз, бейтарап және жарықпен әрекеттеспейтін құрамдас бөлшектер жасап шығара алады. Ғалым әлгі бөлшекті «демон» деп атап, ол әртүрлі металдардың өзін көрсетуінде маңызды орын алуы мүмкін деген пікір түйген. Әйткенмен, әлгі «жек» бойындағы ерекшеліктерге орай өзін айнала қоршаған ортамен қатынасқа түспеуі себепті оны бақылауда ұстау мүмкін болмай келген еді, енді, міне, араға 67 жыл салып, оның да сәті түсіп отыр.

Осыдан кейін ресми ғылым иелерінің өздері де бір есептен «жектер» яки өздері қуып жүрген ғылым саласының «зомбилері» емес пе екен деген ой келеді. Солар жасаған ғылыми теориялардың терең қойнауларында жалбақ шаш жалғыз көз диюлар жасырынып жатса да өзі білсін. «Данышпан», «ғылыми ойдың данасы» атанып жүрген Максвеллдің, Лапластың, Дарвиннің, Декарттың, бүгінгі Саганның өзі жын-пері емес пе екен?! Тіпті, «адамның жаны» дейтініміз жек араласқан нәрсе, қан-жын болуы мүмкін бе? Ойландырады...

Биыл жаз елде жүргенімізде мәшинеде қатар отырған жігіт тоқтамастан ықылық атумен болды. Өзі ықылық неден тигенін білмейді. Естіген-білген ем-домын жасап баққан, сонда да қоймапты. Бірнеше күн бойы «ық-ық», «ық-ық». Сол жерде менің ойыма медицина невроз ауруына жатқызатын, көмес дүние білгірлері әдетте сиқыршылар адамның ішіне ықылық түрінде кіргізіп отырғызатын жек індеті оралды. Қазір бұл практика сиреген, мұндай елігу мен желігудің орнын жан-жүйкедегі бос кеуекті толтырып тұратын адам діліндегі модальдылықтың өңге викаралық және электрондық тәуелділіктері басқан, яғни адамның бойындағы жын неврозын бүгінде ішкілікке, есірткіге, компьютер-гаджеттерге тәуелділік алмастырған. Жектердің жаңа түрлері. Және адамдар бұдан бейхабар, танымсыз болуы себепті оларды тіпті де «жек көре» алмайды – міне, жаңа заманның жын-жыпырының аса жінтікті шатағы мен әурелеңі! Уфология (осы замандық демонология) да мұны қуаттап отыр. Айтуларынша, заманауи жектер өздеріне сенбейтін қазіргінің адамының санасына бұрынғыдай еркін ене алмайды, сондай күшті қарсылыққа тап болғандықтан ғарыштан келген өзге планеталықтардың кейпіне еніп, жерліктермен байланысқа түседі, ұрлап әкетіп жатады екен, ал шындығында басқа планетадан келгендер деп жүргеніміз – жүзін мың құбылтып, өңін бояған баяғы сол қаскөй жын-перілер көрінеді.

Біздің елімізде 2024 жылдың алғашқы жеті айында екі мыңнан аса адам өзіне қол салған. Басым көпшілігі жастар, соның ішінде мектеп оқушылары. Әдетте әлгіндей суицид оқиғалары жаңа оқу жылы бастала беріп орын алса, біздің сарапшылар себебін оқу үдерісіндегі түйіткілдермен байланыстыра салады. Күлкілі, әрине. Алғашқы сәтсіз махаббат, оқу орындарындағы әлімжеттік, ата-анамен дүрдараздық, булинг, т.б. бірнеше себеп айтылады. Бірақ бұларға жеткілікті, сенімді дәлел-дәйек жоқ. «Менің өліміме пәленше, не мынадай жағдай кінәлі» деп жазып қалдырған бірде-бір жазба кездеспейді. Неге бұлай?

Бүгінде ғаламторда бойына жын кіріп, соның мәжбүрлеуімен өздеріне қол салған қыздар туралы бейнематериалдар таралып жүр. Бірақ тағы да сол дәлелсіз, фактісіз жадағай сөз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бейнеу маңындағы Боранқұл ауылында тұратын оқушы қыз – немере қарындасымыз қораға барып асылып қалғанда үлкендерден себебін сұрап, сыр тартып көрдім, сонда олар ауылда пайда болған әлдебір дуақан кемпірдің оқу оқуынан кейін әлгіндей оқиғалардың жиілеп кеткенін айтты. Санасы ағарған мен, әрине, бұл сөзге екіұшты сендім. Ал кейін, экспедиция кезінде Есмұқан Жанизин айтып берген (өзі куә болған) бір әңгімеден соң әлгі ағарған санамның таянышы біршама жіңішкеріп қалды. Әңгіме былай.

«Жас адамның өзіне қол жұмсау оқиғасы бұдан бірнеше жыл бұрын жас кезінде шалғайда мал бағып отырған өзіме дос-жар бір отбасында болды, – деп бастады әңгімесін Есақаң. – Аудан орталығындағы лицейді жақсыға бітірген әлгі он жеті жасар қыз бала кешқұрым күн еңкейгенде құдықтан су әкелуге барады. Әкесі қырда. Шешесі әрі күтеді, бері күтеді, қызы жоқ. Құдық басында түйесі бос жүр. Ұлын жұмсаған, бала келсе, құдықтың басында екі бидон жатыр, түйе бұйдасыз бос жүр. Қыз болса құдықтың ішінде, түйенің бұйда жібіне асулы салбырап тұр екен... Ал енді марқұм қыздың әкесінің інісі жоғалып табылып тұрады екен. Бір күні тіпті 27 күн бойы жоқ боп, қайтып табылған. Қырдағы ағасы малдың өрісінде арып-ашып жатқан кезінде тауып алған. Қайда болғанын айтпайды, кісімен сөйлеспейді, қалған тірілігі кәдімгі, қалыпты тірлік. Негізінде, ол құдық ішінде асылып қалатын қыздың өз әкесі екен. Жоғалып кететін сырқаты болғандықтан, ағасы бауырына салған. Қазаға жиналған үлкендер жағы «Әкесінің бастаушы ауруы баласына ауып кетті-ау, бейшара қыз» деп тарқасты. Меніңше, қазіргі жастар арасындағы суицидтің үлкен бір себебін бойға кіретін жыннан, жын иектеуден, содан болатын жан сырқатынан іздеу жөн.

Міне, солай.

Лев Толстойдың кейінде жарық көрген күнделігінен тақырыбымызға қатысты бір тосын ой кездестіреміз. Әрін тайдырып алмау үшін түпнұсқа тілде келтірейік:

«...Одна из главных причин самоубийств в Европейском мире, это ложное церковное христианское учение о рае и аде. В рай и ад не верят, а между тем представление о том, что жизнь должна быть раем или адом, так засело в голову, что не допускает разумного понимания жизни такой, какой она есть, а именно – не рая и не ада, а борьбы, непрестанной борьбы, – непрестанной, потому что жизнь только в борьбе, но не в Дарвиновской борьбе существ, особей с существами, особями, а борьбе духовных сил с телесными ограничениями их. Жизнь – борьба души с телом...»

Қалай жақсы айтылған! Болмыс, барлық – ғайып әлем текетіресі деп жүргеніміз тән мен жанның дуализмінің шамадан тыс физикализмге қарсы шығуы екен ғой. Жер шарын Еңбекпен түзеу колониясы көру, ондағы таусылмайтын күйбең тірлікті, елес қуалап, сағым құшқан мына жалған дүние тіршілігін тәрк етіп, жібі түзу версиялы параллельді, тыныш та барақат өзге өлшемге парлап ұшып кетуі емес пе екен осы, біздің суцид деп жүргеніміз. Бәлкім, адами заттың өткен шағы, бұрын бастан оздырған ғайып, ғапыл дәуіріне қайта оралудың ынтызары.

Әдетте, бізде суицид орын алған кезде уақиға орнына полиция қызметкері келіп, ойына түскен нәрсені себеп ретінде жазып кетеді. Ата-анасымен, жора-жолдастарымен, сыныптастарымен, көршілерімен және басқа да адамдармен әңгімелесу, яғни психологиялық аутопция жасалмайды. Ал қазір айтылып жүргендей суицидтің онлайн ойындарға қатысы шамалы екен. Мұның өзі жас адамдардың сана-сезімін сапырылыстыратын режисерлік қойылым ба, әлде трагедиялық жағдайлардың сәйкес келіп қалуы ма, ол жағы мәлімсіз. Негізінде, осы кезде айтылып-жазылып жүрген себептер суицид құбылысының факторлары бірнешеу екендігін көрсетеді, ал оның негізгі триггері біреу болуы мүмкін. Ол триггер – адам бойындағы жын, яғни кісіге ғайып әлем тарапынан болатын әсер болуы әбден мүмкін.

Жапон зерттеушілерінің қисындауынша, жапон халқының они-ді бетперде тұтып пайдалануы адам баласының өңге адамдардың, қоғамның не өмірдегі жағдаяттың алуан сипаттылығы, көпқырлы ыспаты туралы әрқандай ой-пікірді бойға жуытпай, өздерін белгілі бір, жалғыз тек-тұрпат түрінде қабылдайтын қолдан қалып қию болуы әбден мүмкін. «Әлемнің қай бағытпен жылжып бара жатқаны дүдәмалдыққа ұшырап отырған қазіргідей кезде, – деген ой түйеді Күншығыс елінің ми сэнсейлері, – бәлкім бізге «они»-лердің тарихын зерттеп қарап, бұрынғы үстірт көзқарасымызды сүзгіден өткізіп, бір тексеріп алу керек шығар».

ІІ

Ілгеріде келтіргеніміздей, жаңашылдықтары ескіліктерден құралатын жапондар өз дүниетанымында сыртқы дәлел-дәйектермен шектеліп қалмай, ішкі дәлелдерді – бұрын-соңды ғайып әлемге тап келіп, ондағы қосанжар тіршілік иелерімен қарым-қатынасқа түскендердің әңгімелерін шығармашылықта молынан пайдаланады. Бұл бір теңдессіз ғажап трансфизикалық ғамал. Негізінде клиникалық өлім жағдайына түсіп шыққан – о дүниенің босағасынан сығалап келгендер көрген-сезінгенін айтып беріп жүрген жоқ па, сол сияқты жапондар да ғайып әлемде көрген-баққанын жасырмайды. Мұндағы гәп –дүниетанымда, халықтық пәлсапа, наным-сенімде.

Жапондар жын-періні адамзатпен аралас-құралас өмір сүреді, ол кейде адамның еркінен тыс әрекет ететін оның жанының бір бөлігі деп сенеді. Осы киелі ұғымға құлай берілетіндіктері сонша, әліге дейін қалалық фольклоры жаңа кейіпкерлермен молығып отыр. Осыдан келіп, жапон өнері VIII-XIV ғасырлардағы жазба ескерткіштерден, «қиял-ғажайып әдебиетінен» құлатып, фэнтези жанрлы көркем әдебиет нұсқаларына, анимациялық фильмдерге, мангоға, веб-комикстерге, бейнеойындарға, үстелүсті ойындарының неше атасына толы. Миядзакидің «Жын-перілер алып кеткендер» дейтін аниме сериалы топтама ретінде үздіксіз шығып тұрады.

Жын-перілердің әміршілері – мао образына құрылған заманауи жапон фэнтезиіне осы замандық оқырмандар мен көрермендердің сұранымы орасан. Заманауи жапон бұқаралық әдебиетіндегі мао бейнесі – әдеби формулдың конвекционалдық құрылымының аса маңызды құрам бөлігі. Авторлар мао мен кейіпкердің арасындағы тартысты әртүрлі қырынан келіп ойнату арқылы шығармашылыққа қажет кең өріс тауып жүр. Көркем бейнені осылайша трансформациялау ғылым мен прогресс заманындағы адамның және мифтер мен қиял ғажайып дүниесіндегі тарихи адамның ортақ қырларын күнделікті өмір сүруді ынталандыру (мотивация) тұрғысынан тоқайластырады. Адам баласы еңсеруі тиіс құбыжық кісінің өз ішінде отыр деген нарратив қой. Адам адам болып қалу үшін не жойдасыз тұтыну қоғамының құлақкесті құлына айналмақ керек, не болмаса мына заманның жын-перісін адамдардың күнделікті тіршілігінен аластап, өз үстемдігін орнатуы тиіс. Тұжырып айтсақ, әдетте көп халықтар Кеңістік пен Уақыт континуумы – өткінші (жалған) өмір уақыты мен шетсіз-шексіз, мәңгілік уақыт өзара кереғар келіп қалады, екеуінің бір жерге қайшы алыса тоқайласуы уақыттардың қақтығысын туғызады деп түсінсе, ниппондар үшін бұл – адамның тағдыр-талайы, өмірхаят соқпақтары, яғни рухани дүниесі мен материалдық тақыреті жайында ұзақ сүреленетін хикаят.

Романдық-католиктік метамәдениеттің инфрафизикасы да жапон дүниетанымына жуық. Жалпы еуропалық инак (бөгделік) философиясының материалы қырық қабат, отыз бүктеу.

Вергилийдің «Энеидасы» мен Дантенің «Құдайшылық Комедиясы» пошым жағынан ғайып әлемге сафарнама түрінде жазылғанымен, идея ой өзегі тұрғысынан мұңмен басталып, қуанышпен аяқталады (яғни, өмір Комедиямен, күлкімен тәмамдалады), демек, ана дүниені айта отырып, бұл дүниенің өмір сүруі тақыретін – Адам дейтін атқа лайық тіршілік кешуді кәделейді. Данте шығармасының кармациясы бойынша ана дүниеге (жаңа өмірге) барған адам түйсіктік деңгейде өзінің бұрынғы дүние тіршілігіндегі реинкарнацияланған бейнесін саралайды, бірақ бір шартпен – егер өзі ол дүние тіршілігінде адамзат тарихына қандайда бір үлес қосқан болса. Тозақпен басталып, жұмақпен бітетін «Құдайшылық Комедиясындағы» Люцифер сияқты, Мильтон шығармасындағы Ібіліс тәкаппар, Гетенің «Фаустындағы» Мефистофель пәлсапашыл, Лермонтовтың «Демонындағы» Жек әділетсіздікке төзбейтін басасау, ал Булгаковтың Воланды да қаскөй емес, қайта қаскөйлерді жазалаушы Құдайдың кәрі.

Ал Гогольдің белгілі «Вий» повесінің сюжеті славяннан гөрі азиан әпсіндігіне жақындығымен әдемі таңдандырады: жолаушылап келе жатып алыс бір күтірге қонған үш жас жігіт түнде үй иесі мыстан кемпірдің шатағына шаталып, одан дұға оқып және жатқан жерлерін айналдыра дөңгелектеп сызып құтылады; Вий дейтін еркек жынысты перінің қарауға болмайтын көзіне көздері түсіп кетіп пәлеге қалады, т. б. – бұлардың қай-қайсысы да біздің мифологияда аткөпір. Алайда, үшбу байтақ жадығатқа ие бола тұра, ұлттық әдебиетімізде «Вий» тәрізді атышулы әпсін (мистикалық) повесть жазылмады. Ұшқындары болды, ХХ ғасыр басындағы әдебиетімізде. Мысалы, Мағжанның «Құдайшылық Комедиясындағы» суицид бағын еске түсіретін әпсіндік қараңғы-түнек «Орманы», Мұхаңның бас кейіпкері бойын, миын дендеген жын-нафс шайтанмен алысып қалжырайтын, ақыры жеңіліс табатын «Қаралы сұлуы», Жүсіпбектің «Елесіндегі» үстел басында ес ала, ақыл шала күйдегі қалам иесіне ғайыптан кеп тілдесетін сөз иесі – біздегі мистикалық әдебиеттің әдемі бастамалары болатын, бірақ әлгі фэнтези енді қылтанақтап келе жатқанында идеологиялық прессингке түсті, одан арғы кезеңде халықтың эпикалық есінен ажырап, түп-тамырын түгелге дерлік жадынан шығарып алуымен тоқырап барып тоқтады. Кейінгі прозада бұл тарапта көзімізге іліккені – Нұрғали Оразовтың бас кейіпкері – жас қыз иесіз қыстауда жатып ертегідей батыр жігіттің рухымен кезігетін «Ақ сауытты батыр» повесі, соңғы буын жазушылардан Досхан Жылқыбайдың оқыс мистикалық эпизодпен аяқталатын «Квант» атты баяны. Шәрипа Оразбаева түсірген, шетелде өткен кинофестивальдарда жүлдеге ие болып жүрген «Мәриям» фильміне негіз етіп өмірде болған уақиға-айдалада жүріп ізім-қайым жоғалып кеткен шопан жігіттің соңында қалған жарының өмір тарихы алынған. Осымен тәммат тәмам. Неге?

Біздіңше, мистикалық, инферналдық бағыттағы көркем дүниелерді оқып түсіну үшін қазіргі замандық романдарды оқуға кететін білім-өреден әлдеқайда көбірек деңгей, білім-білік керек екендігі сияқты, автор бізден өзінің ұғым-түсінігімен, идеяларымен, ғамал-тәжірибесімен алыста бұлдырап қалған мифологиялық әлемнің зияткерлік һәм заттық дүниесіне ойша, имерсивті саяхатпен көшіп баруы қажет. «Жүз жылдық жалғыздықты» жазғанындағы Габриэль Гарсиа Маркес сияқты.

1947 жылы студент Габо Кафканың «Құбылуын» (әңгіменің бас қаһарманы таңертең төсекте үлкен бір жәндікке айналған күйі оянады) оқып отырып, кенет бойын тоқ соққандай боп, «Ап-май! Мынадай етіп әжем марқұм әңгімелеуші еді ғой» деп терең ойға қалады. Сол сәтте құлағына әжесі – Донья Транклиананың ертегінің обыры жайында айтып отырған дауысы келіп жетеді. Тура отыз жыл аралатып, жазушының қаламынан автордың өзі «бар болғаны балалық шағымның поэтикалық көрінісі» деп атаған «Жүз жылдық жалғыздық» романы қорытылып шығады.

Шығарманың негізгі идеясы – адамның жалғыздығы. Соның ішінде жүз жыл жалғыз өмір кешуі. Үш ұрпақ бойына. Оның себебі, күнә арқалаған күнәһар адамға (әулетке) осынша мерзім жалғыздық жазасы кесіледі және ондай әулет жер бетіне екінші қайтып оралмайды. Соның ішінде ағасы қарындасына үйленген, ақыры сол күнәһарлығы үшін тұқымының тоз-тозы шыққан Буэндиа әулеті, олар тұрған, жер бетінен жоғалған Макондо қыстағы.

Бұл – көркем шығарманың объективті жағы, ал жазушы осы ең басты түпөзек ойға алып келген әдепкі бейнелер – қарапайым, жай образдар болыпты. Олар – авторының атасы мен әжесі. Әсіресе тумысынан шебер әңгімеші, ертекші атанған әжесі – донъя Транклиананың ымырт үйіріле немересіне айтып беретін ғайып әлемдік үрейлі ертектері мен қиял-ғажайып хикаялары. Арғы тегі испандық Галисия өлкесінен – ертекшілер елінен шыққан, ал өзі ырым-жырым, бақсы-құшынаш, арбаушы-сиқыршылар тұнған колумбиялық Гуахиро түбегінде туып-өскен әжесінің әңгімелеріне Маркестің алапат әскерленгені соншалық, ол болашақ шедевр туындысына халықтық қиял-ғажайып ертегі әлемін, мифологияның «төменгі қабаты» – фольклорды таған етіп тартады. Сыншылардың пікірінше, егер жазушы дәл сол бала кезінде әжесінен естігендерін пайдаланбағанда, шындық өмірдің өңін айналдырып, астарын, таса бетін көрсететін мәшһүр «магиялық реализм» әдісін дүниеге әкелмеген болар еді. «Жүз жылдық жалғыздықты» роман-миф ретінде алысқа самғатқан да ол тудырған қиял-ғажайып әлемнің қуатты өрісі.

Тегінде, қазақ прозашыларының осынау ұтымды этник гротескіні әдеби тәсіл ретінде пайдалана алмауы, біріншіден, бізде бағзы реалистік проза дәстүрінің өткелінен өте алмаудан, екіншіден, «магиялық реализмді» Белинскийше фантастикалық реализм көріп, фантасмагория деп қате ұғынудан орын алды ма дейміз. Әйтпеген күнде, ғайып әлем арқылы колумбиялықтарға жоғалтқан есін қайтып берген Маркес сияқты біздің проза да өз халқын жад жаңылшақтығынан құтқарып қалар ма еді, қайтер еді?!

Баяғының қазағы кәделі жазу-қағазын мәсінің қонышына салып жүреді екен (Лев Толстой да ойға келген пікірлері жазылған қағаздарын етігінің қонышында сақтаған). Бірақ етік-мәсі деген қысқа күнде қырық болмағанымен он шешіліп-киіледі емес пе?! Сондайда бірде болмаса бірде әлгі парақ қағаздар түсіп қалып жоғалады. Онымен бірге бейнелеп айтқанда, адам есін жоғалтады, онымен бірге адамдардан құралған халық жадынан айырылып, ессізденеді. Уақыт капсуласынан, жоғалған өмірге ашылған терезеден айырылады. Біздің буын азамат боп ат жалын тартып мінген жылдар – 1990-жылдардың басы. Онан соң біз бір-ақ мезетте бір сәтсіздеу әлдеқандай параллель өлшемдегі шындық өмірге ұшып кеткендей болдық. «Расында, қатарласқан бір әлем бар-ау, осы. Біз сол әлемнен келіп, сол әлемдегі өмірімізді ұмытып қалып жүрген болуымыз да мүмкін», – деп жазған Дәурен Қуаттың пікірі ой саларлық. Шынында да, мифология деп жүргеніміз адам баласының өзінің өткенін, тәу заманын аңсауы болуы керек. Носталжи. Бірақ осының өзі ілгеріде өзіміз ізерлеген, жоғалып-табылған жандардың басынан өткендей есін (осы өмірді) жоғалту ма, әлде жадын (бұрыннан) жоғалта тұрып жаңадан ес жию (жаңадан өмірге келу) ме?

Жапон текті ағылшын жазушысы, нобелиат Кадзуо Исигуроның «Жерленген алып» романының оқиға желісі – өткен өмірін ұмытып қалып, өмірді жаңадан бастаған бір ауылдың тұрғындары. Ел тыныш, мамыражай өмір сүруі үшін сиқырдың күшімен санадан бітеу жарадай сыздаған бұрынғы жаман нәрсенің бәрі – қырғи-қабақтық, соғыс, зорлық-зомбылық, күйзеушілік алынып қалған да, сол өткендегі тірлік олар үшін көрген түстей, сағымдай бөтен нәрсеге айналады. Бәлкім біздің қоғамға да өткенімізді – қасіретті өткенімізді – ұмытып, өмірді жаңадан, жақсы нәрселермен қайта бастау, метафизикалық субверсия қажет шығар. Күшімізді өткенмен байланысты іштегі дай-дай айтыстарға, өнбейтін дау-шарға бекер кетірмей, жаңаның негізінде ортақ бір нырыққа келу. Оны жасайтын сиқыр – әдебиет. Ғайып әлемді айта отырып, шындық өмірдің ақиқатын ашатын, адамның жан дүниесін ізгілендіретін соны бітімді, фэнтези жанрлы көркем шығармалар. Бізге, туған әдебиетімізге шартты да болса осындай бір тосын ізденістер, серпілістер керек қалайда…

Бөлісу:

Көп оқылғандар