Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
ҒАЙЫП ӘЛЕМ. ӘДЕБИ СУБЛИМАЦИЯ-І...

30.09.2024 1753

ҒАЙЫП ӘЛЕМ. ӘДЕБИ СУБЛИМАЦИЯ-І 14+

ҒАЙЫП ӘЛЕМ. ӘДЕБИ СУБЛИМАЦИЯ-І - adebiportal.kz

Ат аяғы тентек, азамат жүріп тұрмай ма екен?! Тарихты ауыл – тағылымды ауылдарды іздеп, Жайықтың екі бетін адақтағанымызға екінші жыл. Биыл Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған тарихи-этнографиялық экспедициямызды қорытындыладық. Екі жыл ел ішінен шіленгер үйші, кәтекі қолшебер, олар жасаған нәрсе-қара, жыршы-жырау аңыратқан сөз кестесі, салт-ғұрыптық жәдігер тердік. Өзеннің сол жағалауынан бұлар кетіңкіреп қалған екен – тапқанымыз қансонарда көкжалға шығып, қоян ап қайтқан аңшының тоятындай ғана болды десек, қалай кетер екен?! Ендігі үміт – оң жағалауда еді. Бұл жақты жіті білмейтін едік. Сырт естуімізше, мұнда табаны жалпақ, таңбасы ұзын ата баласы – баяғыда Бөкейге еріп Нарын асқан ұлтанды қалың ел отыр және өздері тарих кәделеген, шежіре түзген, өнер үкілеген, шеттерінен тілі біздей, тісі пышақтай жылмиған жүйріктер. Әрине, оң жағалау тұтас ескілік бағып отыр десек, асыра айту болар еді. Мұнда да эпикалық жад солғын тартқан, киеліні профандық, утилитарлық сана ығыстырып шығара бастапты. «Көп біледі, бірақ боқ білмейді» деген сөз осы жерге қаншалықты қонымды келерін білмедік, сонда да бүгінде қай өңірде болсын ақпараттық білім жетеді, ал іргелі білім азайды десек, шындықтан адаса қояр ма екенбіз?!

Дейтұрсақта, оң жағалаудың айқын бір ерекшелігі бар. Байқағанымыз, әдетте әңгіме сұрасаң, ау қайыратын теңізші балығын, жердің қанын сорған мұнайшы мұнайын ғана айтады. Мысалы, осы жолы Исатай ауданындағы Жамбай ауылының үлкен деген кісілерінің өзі ұзаса балықтың жамын (жатағын) әуезе етті, жәдігер деп алты құлаш таяуын көрсетті. Нарын деген стансада теміржолдың жайы әңгіме болды, Сазанқұрақта – «қара алтын»... осылай кете береді. Бұларға қарағанда мал жайып отырған ауылдардың әңгімелері өзгеше – ескілікті қамтиды және сала-сала болып жүйеленеді. Ауыл басы демей-ақ қояйық, екі не үш ауылдың біреуінен баяғының үйде отырып кеудесіне даналық жинаған, жасқап та, нұсқап та айтатын Баған ақсақалы болмағанымен, соларды үлгі тұтып өскен, қолдарына су құйып, атын ерттеп, қолтықтап мінгізіп алғысына бөленген, ең бастысы – оригиналдан сөз алып қалған кемі бір шалды кездестіресің. Бәйбішесі қақпағын секіртіп самаурын қайнатып әкелгенше дуадақтың үстіндегі қаршығадай шаншылып отырып, Баған шалдардан ести қалғанын, көрген-баққанын көйітеді. Шүкір дең.

Ал енді бар ма, Исатай ауданының шетіне іліге сап, Хамит Ерғалиев ауылынан арғы жерге ұзап шыққанымызда адам нанғысыз әңгіме-аңыздарға кез бола бастадық. Жын-шайтан жетектеп әкеткен адамдар жайында небір хикаят. Бертінде емес, бұдан ілгеріректе жүріп өткен, мистикаға толы уақиғалар. Исатайдан шығып, көрші Құрманғазы ауданының теңіз беттегі сулы-сабатты атырабын аралап боп, одан арғы Ен Нарынның құмына кіре бере осы бергі, кешегі күндергі адамзатпен душарласқан жын-шайтандар жайлы әңгімелерді естіп, қабағат қайран қалумен болдық. Бейне бір Маркестің Макондасындай ойдан шығарылған қиял-ғажайып мекеніне тап болғандай күй кештік. 

Шілденің шіліңгірі өтіп, саршатамыз есікті тықылдатып тұрған уақ еді, сонда да Атырау атырабы биыл құйқа күйдіретін қатты ыстық. Күн шақырайды да тұрды. Біз мінген УАЗ-Патриот, әшейінде қатқылда ұшып тұрған көлік, құмға кіре мұзға түскен тағасыз аттай түйіткілденіп, ара-тұра мөңкіді. Оның жанында алдымызға салып келе жатқан «Нива» қоңыраулы құлындай құлдыраңдап, жыпыңдап жолынан жазар емес, тіпті озарына келгенде құлақты жымып тепеңдеп кетеді. Жұмекен туған Ашақты көктей өтіп, Қошалаққа жетіп қондық. Осында бізге жолбасшы ретінде қосылған жергілікті өлкетанушы Есмұқан Жанизиннің тәпсірлеуінше, Қошалақ деген сөз моңғолша «мал жаятын кең алқап» дегенді білдіреді екен.  Болса болар, Есекеңнің өзі де «Осы мен кіммін?!» деп қалмаққа тартыңқырап тұр ғой, десе де, сол арада біздің елімізге «қошақ» дейтін сөз түсті (нағыз ғұн емес, сырттай ғұн санатындағы, сірә, ғұндарға бодан болған сондай бір қауым). Қошалақтан арғы, Рақымжан Отарбаевтың шілде суы төгілген Ақжонас дейтін жерді Есақаң Ер Тарғынның алғаны Ақжүніспен шендестіреді, шынында да, Тарғын батырдың атакүлдігі осы тұстан тақа алыс емес, Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданы мен Ресейдің Палласов ауданы шектескен Савинка селосының маңы ғой. Селоны бүйірлеп Тарғын өзені ағып жатыр, бір мүйісіндегі биік жер Тарғын төбе деп аталады, аңыз бойынша батыр сол обаға жерленген. Қошалақтан шығып, Ақжонасты жанай жүріп өткеннен кейін нағыз Нарын құмының өзіне дендей енесің. Баяғыда, бұйрат-бұйрат сары, қызғылт құмның бытқыл-бытқылының ара-арасындағы қатқылдау ашықтарда сығылысып қалың ел отырған. Қошалақтан кейінгі, батыс беттегі Үштаған, Асан (Таубұйрат), Сүйіндік, Балқұдық, Азғыр дейтін ауылдар, бұрындары аттың жіті аяңымен ара қонып жететін жерлер, қамысты бүктеп, ортасынан нығарлап саз топырақ толтырып, қалыпқа қатырып, саманнан құйған тасқыстау мен сабан шегенқыстаулардың табанын бүгінде де ел жайлайды. Қырда, қатқылда мыңғыртып мал ұстайды, шаруалары шат, бизнес орнында, интернет секілді өркениеттік аддикциялардың бірде болып, бірде болмауына да елең ететін емес. 

Үшбу тәңірі алқаптың Қошалақтан кейін ат шалдырар алғыншы тұсы – Таңат құдығы. Жалпы Нарында жолдың «жол» деген аты ғана, мұнда жолмен жүрмейсің, ысылдаған құмды есіп, жарып отырасың. Таңат құдығы сондай «күре жолдың» оң жақ шетінде, ашықта тұр. Бағзыда жыңғылдан өрген, кейін келе бетонмен сұпылап, аузын жәшіктеп тастаған, ағаш тұрықты қауғасы сонадайдан андағайлап көзге ұратын көне құдықтан сапқоз жылдары орденді малшы, КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты Таңат Жұмағалиев мал суарыпты. Негізі ықтасын, ық жер. Айнала төбенің қоршауында. Сонда да әлденеге құлағыма ысылдаған бір зуыл келгендей болды. Дала әуені – желдің даусы ғой, қорқатын ештеңе жоқ, сонда-дағы әлденеге денем түршігіп, терім аздап қазоттанды. Оның себебі – Атыраудан бері шығарда үйге кеп кеткен осы жерлік құдағайларымыз айтқан бір үрейлі әңгіме.

Әлхисса, осыдан үш-төрт жыл бұрын болса керек, Атыраудан шыққан бір жолаушы жігіт,  – сірә бизнесмен, – жолда мына Таңат құдығына ат шалдырады. Содан оны ешкім көрмеген – ұшты-күйді жоқ. Жалғыз-жарым жүрсе керек, джипінің есігі шалқасынан ашық жатырған көрінеді. Ет жақындары іздеп-іздеп таба алмағасын облыс орталығынан дрон алдыртып ұшырады. Дрон әлгі жігітті тапқан, төбесінен түсірген. Сақал-мұрты өсіп кеткен, шашы дудырап, құла түзде алау-далау жалаңаш жүгіріп жүр екен. Бірақ көлікпен шарлағанда таптырмаған.  «Сірә, шайтан көшетін кешкі, немесе таңғы апақ-сапаққа тап келіп, ғайыптан тайып, жын-жыпырлардың көшіне ілесіп кеткен болуы» деп қорытты әлгі «хичкоктық хорророны» менің инфлюансер құдағайларым. «О-от, это да!» деппіз ғой, қапелімде айналайын ана тілімізден аузыма сөз түспей қалып...

Содан бірер күн бұрын Исатай ауданына қарасты ауылдардың әңгімеші үлкендері өңгені айта алмағанымен, осы жын-жыпыр, шайтан-шапыраға келгенде тақтайдай жүйткіп еді-ау. Әсіресе, Забурын ауылының тумасы, ағатай беріш Зинедин ата жайында ересен көп хикая шертілді. Он үшінде-ақ құмалақ ашқан көріпкел кісі екен, соғыс кезінде майдандағы жақын-жуығының тағдырын білмекке келгендерге «Ол кісің тұңғиықта тұр» десе, шынында да әлгі майдангерден хат тыйылып, соңынан хабар-ошарсыз кетеді екен. Жанбайлық Зейнел Лұқпановтың айтуынша, Зинедин ата бірде жас қызды перілер әкетіп бара жатқан жерінен оқумен алып қалған. Атаның қарындасы Нәсудің де сондай қасиеті болыпты. Бірде сол забурындық Жаңбырбай деген тракторшы жігіт айдалада трактор айдап жүріп, аяқ асты жоқ болып кетеді. Сонда Нәсу «Қорықпаңдар, жын-шайтан жетектеген екен, он жеті күннен кейін өзі келеді» депті, айтқанындай-ақ болыпты. Жаңбырбай сияқты «алып кеткен», «әкеп тастаған» ер адам аз болмапты. Айтуларынша, әйел жынысты жын-шайтанның (пері деп те айтылады) жетегінде кетулі. Ал еркегіне кезіксе аман қалмайды екен. Барлығы да айдалада, елсіз жерде жүріп жоғалған, бірнеше күн аралатып оралып отырған. «Қайда болдың?» деп сұраса, бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «Дым білмеймін, өң мен түстің арасында жүргендей болдым, сендерді көріп тұрдым, дауыстарыңды естідім, қамыстың арасында тұрып» дейтін көрінеді. Бірқатары жағы қарысқандай тымырайып, тіпті дым демеген. Іштерін әлдене жегідей жеп, жантақтай ма екен, әйтеуір елірме ауруға ұшырап, жынданып, өлгендері де болыпты. Өлмегендері елірмесе де елеуреп, елеуремесе де ауаланып, аттың желіне ерген адамдай аяғын қайдан басқанын білмей, яки Ай бетінде жүргендей айран-асыр күй кешеді екен. Сонымен бірге, ел «жын қуып желікті» дейтін әлгілерден өңге «әкеткен-әкеп тастағандардың» бірқатар бөлігі кейін кәдімгідей өмір сүрген – үйленген, тұрмысқа шыққан, балалы-шағалы болған, нәсіл-нәсібі қазірде бар, өзіміз сияқты «норм» адамдар. Бұл не ғажап?! Таңат құдықтан шыққасын жанымда отырған Есмұқан Жанзинді әңгімеге тарттым. Көпті көрген қақсал зерттеуші әріден қозғады.

- Шайтанның «салтанат» құратын жерлері көбіне иен даладағы кісісі аз мекен-тұрақтар, иесіз қалған қыстаулар, – деп бастады ол. – Малғұнның арбауын асырып, адам баласын азғырған сәттері оқта-текте болса да ұшырасып тұрады. Мұны күнделікті қарым-қатынаста, таныс-білістерден естіп жүрміз. Жалпы, ертеректе болмаса, қазірде шайтанды күндіз көрдім деген кісіні кездестірмеппін. Негізінен күн қауысқан сәт пен іңір қараңғылығында қозғалысқа еніп, таң алакеуіміне дейін шерулететіндерін үлкендер айтып отыратын. 

- Өз басыңнан өтті ме, ондай ұшырасулар?

- Болды ғой ондай жағдайлар... Әлі есімде, 1992 жыл еді. Құрманғазы өмір сүрді делінетін Құйқалы дейтін қоныста, жайлауда киіз үй тігіп отырғанмын. Тереңіне құпия сыр бүккен Кененбай үңгірі дейтін үңгірден тақа алыс емес жер. Әртаман бір кезде бұрқырап су шығып жатқан Ойық дейтін шұңқыр жатыр. Осы аралықтағы жердің асты – ұзына бойы кеулеме кеуек. Мен Ойық құдықтамын. Жаңа үйленген кезім. Келіншегім шаруамен үлкен үйге кеткен. Отарды кешкілік жатағына өрдім де, торы атқа мініп, бір шақырымдай жердегі көрші малшыға барып келейін деп жолға шықтым. Бір мезгілде жанасалап, бір адам жаяу ілесіп келе жатқандай болды. Ғажабы сол, өзім беттеп келе жатқан көршімнің «Жеңгең екеуміз кешке жақын қыдырып, енді келдік» деген даусы ап-анық шығады, бірақ мен әлі ат үстінде келемін. Бір кезде бар күшімді жиып, атыма қамшы басып, желе-жортақпен көршімнің үйіне жетсем, екеуі қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Мүлде қыдырмаған. Бір шақырымды тура үш сағат жүріппін. Ертеңіне келген жолыма іс кесіп көріп едім, айдаладағы ескі шеген қыстауға бұрылыппын. Және бір емес, бірнеше рет келіп-кетіппін. Кейін осыны бір қария кісіге айтып едім ол: «Аттан түспегенің жөн болған екен, түсіп, ескі үйге кіріп ұйықтап қалсаң, шаруаң бітіп еді» деді. Шайтанның бұл шатағы екінші мәрте 2007 жылы қайталанды. Ол жолы тұп-тура төрт сағат адастырды...

Есмұқан одан әрі өзі куә болған ауылдас бір жігіттің жайынан әңгіме өрбітті. Айтуынша, әлгі жігіт дембіл-дембіл жоғалып кетіп, қайта табылып отырады екен. Алғашқы жоғалуында қырдағы ағасы мал өрісінде арып-ашып жатқан жерінен тауып алады. Қайда болғаны, не көргені жайында жақ ашпапты. Кісімен тілдеспейді, томаға-тұйық қалған өмірі кәдімгі, қалыптағыдай. Бірақ далаға түней береді. Екінші жоғалуы 27 күнге созылған. «Қалың қоғаның ішінде болдым» деген. Өзін іздеген жұрт оны көрмеген, ал бұл көріп тұрған. Сонда айға жуық уақыт нені қорек еткен, қоға жеген бе, мәлімсіз. Экспедиция аяқталғасын мен естігенімді жинақтап келтіріп, Фейсбуктегі парақшама шағындау пос салдым. Көпшіліктің ойын білгім келді. Біраз коммент түсті. Олардың дені төмендегідей. 

Жазушы Дәурен Қуат: «Біздің елде бір кісі қой бағып жүріп жоғалып кетеді. он күн салып оралады. Ағайындары «Қайда болдың, сені іздеп әбден сабылдық қой» десе, анау «Қайдағы жоғалған, мына тұрған сайдың табанында түсіп, қойларды қайырып шықтым емес пе?!» дейтін көрінеді. Туыстары он күн болғанын дәлелдепті. Кейін сол оқиғаны өзінен сұрап көрдім. Күмілжіп айтқысы келмеді... Расында, қатарласқан бір әлем бар-ау, осы... Біз сол әлемнен келіп, сол әлемдегі өмірімізді ұмытып қалып жүрген болуымыз да мүмкін». 

Nurlan Fishman: «Шал» фильмінде ауылдың маңында қой бағып жүріп, жоғалып кететін көрініс бар, соны біраз жұрт сынап тастады. «Қара басты» дейтінді білмегендері ме...»

 Журналист Болат Үмбетов: «Сүйіндік жақтағы Қарасамар дейтін жерде соғыс жылдары сиыр салып жүргенімізде пері түйенің шудасын өріп кетеді» деп отырушы еді апам. Бірде жеңешесі болып үй төбесін де дәрет сындырып отырады екен». 

Светлана Бакишева: «Атам айтатын, тақырда, айдалада кішкентай жалаңаш екі бала ойнап отыр екен деп. Атпен келем, «Қайдағы жүрген балаларсыңдар?» десем, өздеріне шақырады. Түсіне қалдым, дұғамды айтып, қамшымен сатырлатып тұрып тақырды соғып едім, жоқ болып кетті, тек шаңы қалды дейтін».

Журналист Меңдібай Сүмесінов: «Мен оншақты жыл бұрғылау экспедициясында жұмыс жасадым. Сор жағасында ұңғыма қаздық. Бірнеше адам жынданып кетті». 

Ғалым Серікбай Қылышбай (Қосан): «Осындай тылсым оқиғалар біздің ауылда көп болды. Оншақты кісінің басынан өткені есімде. Біреуі өлді, бірнешеуі ауырды, қол-аяғы істемей қалғандар да кездесті. Көпшілігі Қарамолда Әйтіш сынды әулиелік дарыған молдалардың оқуынан жазылды дегенді еститінбіз. Жын-шайтаннан басқа түзде «Қаракісі» дейтұғын жұмбақ рух жүрген, қараңғыда қалған жолаушы, не жоқ іздеген адамды ертіп кететін. Әлгі адам не болғанын білмей, біраз уақыт еліріп ауыратын-ды. Арал жағасында су перісі де әлекке салатыны бар. Сұлу қыз бейнесінде кемеге келген. Бір жолы елсіз түбекте ықтап тұрған кеме өзінен-өзі от алып, боцмандарды қатты шошытыпты. 

Журналист Айткүл Шалғынбаева: «Бұрын далаға электр бағаналары (электрмагнит) келмеген кезде «олар көзге көрінетін болған. Айдалада, елсіз жерде, қора-қопсыда көрінеді екен». 

Қуаныш Сүйеубаев: «Олар адам көп болмайтын ескілікті жерде көбірек болатын (үстемдік алатын) сияқты». 

Саясаткер Сәрсенбай Еңсегенов: «Аруаққа қалай сенсек, бізге түсініксіз тылсым дүниенің барына да сену керек. Өз басымда оншақты жағдай болды. Дұға оқу осындай жағдайларда ең сенімді қорған». 

Жазушы Серік Асылбекұлы: «Дүние тылсымға толы ғой. Оның шындығын білуші Алла. Дегенмен Жаратушыға сілтеп салып қарап отыруға болмайды, саналы индивид болып жаратылғандықтан адам баласы да сол тылсымның сырларын ұғынуға тырысқаны жөн. Пенде көрге басы кіргенше екі дүниенің де сырын ұқпаққа талпынумен өтпек. Біздің, адамдардың, бұл дүниеге келгендегі басты миссиямыз да осы, меніңше». 

Жазушы Мақсот Ізімұлы: «Биофизика саласында геоплазма және биоплазма деген ұғымдар бар. Яғни әр жердің (елді мекеннің), әр адамның бойында (психикасында) өзіндік оң немесе теріс энергия бөліп тұратын жасырын қуат көзі болады. Оны жан-жануарлар (мысық, түйе, т.б.) жақсы сезінеді. Егер әлдебір жердің геоплазмасы әлдебір адамның биоплазмасына сәйкес келіп, теріс өрілсе, Кеңістік пен Уақыт құрылымы күрт өзгеріп кетеді. Әлгі адам (айдалада ұйықтап қалған ретте) ұйқысынан Уақыт пен Кеңістікті бағдарлай алмайтын жынды, есуас күйде оянады. Мәселен, Райымбек ата жерленген (ақ нары шөккен) жердің геоплазмасы өте жақсы, басына барып, ниет еткен адамдардың тілегі қабыл болатынына талай куә болғанмын. Қазақтар әулие басына бекер түнемеген, биофизиканың психикаға әсерін жақсы түйсінген. Тепсеңде шығыр айналдырып, шыңырау қазған Маңғыстау құдықшылары да тұщы әрі мол су көзін осы гео-биоплазманы сәйкестендіру әдісімен тапқан».

Осы соңғы пікір – біз ізерлеп отырған құпия көмбеге жетелеп әкелетін соқпақтың бірі ме дейміз. Ресми ғылым сияқты сакралды (киелі) ұғымдарды саралайтын эзотерия да, тіпті жектану (демонология) ілімі де адам санасы танып-біле алмайтын иррационалды, инферналдық құбылыстардағы геоклиматологиялық фактордың алар орнына ден қояды, тіпті оны мойындайды.

Әлемдегі ең көне құмды шөл – Африкадағы Намиб шөлінің аты нама халқының тілінде «дым өспейтін бос жер» дегенді білдіреді екен. Шынында да динозаврлармен құрдас бұл жер төтенше құрғақ (жылына 10-13 мм ылғалдылық түседі), бірақ жаратылыста, жер бетінде мүлдем тіршілік жоқ жер болмайды, демек, Налибта да тіршілік бар, оның қасында біздің Нарын –тіршіліктің ханбазары. Ашықтардағы жиделі тоғайлар, реликті, эндемиялық өсімдіктердің неше атасы, жал-жал таубұйраттар, Балқұдық пен Асан ауылдарының арасында біз кезіктірген қызғылт-алқызыл құм шоқалдар (сірә, құмның құрамындағы темір оксиденттерінен), ұзына бойы созылған жер асты кеуектері, соларда әредік, кенет аяғыңның астынан ашыла кететін үңгірлер мен терең ойық-шұқырлар, құдық қазатын тебін жерлер... 

Бесшоқы биігінің арқа шығысында орналасқан Кененбай үңгірі 19 метрге дейін кетіп жатыр. Құбыла бетінде – қабырғасы жақпар тастан қаланғандай әйгілі Ойық құдығы. Суы қашып кеткен күні кешеге дейін Ойықтың төсінде ирелеңдеп, кісінің алдын кесіп, ұзындығы құлаш-құлаш, жуандығы білектей қара жылан жүретін, деп жазады осы жердің тумасы, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев. «Бесшоқының табанында, – дейді зерттеуші одан әрі, – қалыңдығы 14,6 метр карсты гипс қабаты бар. Кей жерлерде отыз метрге дейін барады. Жылдар өте әлгі жүлдеде терең карстық үңгірлер мен ойық құдықтар пайда болған. Алапта осындай он құдық кездеседі. Қай-қайсысының да пошымы – киімнің жеңі тәріздес болып келетін қапшық. Есте жоқ ескі заманда Шалқұйрық атымен жер астына түсіп кетіп, нұжым патшалығында болып қайтатын мифтік Ер Төстіктер дәп осы жарықтарда жерге түсіп кеткен дерсің. Иррационалдық, сюрреалды әлдене. Уақыт тоқтап қалғандай. Немесе бейне алғашқы қауымдық құрылыс XXI ғасырмен бейбіт қатар өмір сүріп жатқандай. Бір сәт – қария тарих үшін қас-қағым сәтте – санасы ағарған қазіргі заманның борама (линиялық) уақыты тоқтап, атам заманғы орама (циклдық) уақытқа ығысып жол бергендей бір әсер. Алыста бұлдырап қалған бала кезіңде қалшиып, қалт тоқтап қалған сәтіңде уақыт та бірте-бірте баяулап, ағысы өзге сарынға көшкендей болатын еді ғой және соның өзі мәңгілікке жұтылып бара жатқандай біртүрлі бір сезімге бөлеуші еді – Кененбай үңгірі мен Ойық құдығының жанында тұрғанда дәп сондай күй кешесің. Дантенің «Құдіретті комедиясында» Тозақы жер көп бөлігі Құддыстың астыңғы қабатына кеңінен көсілген алып, шүңгіме түрінде сипатталушы еді ғой – әлгі төңкерілген конус пошымды, тоғыз айналымнан тұратын шүңгіме қусырыла кеп, ұшары Жердің кіндігіне барып тіреледі. Сол жер ядросын Құдайға қарсы шыққаны үшін жаза шеккен Люцифер дейтін ібіліс мекендейді деп оқушы едік қой, астафыралла, мына хтондық бос кеуек Ойық сол шүңгімеге нендей ұқсас, деп жағаңа түкіресің. Өң мен түстің, арсы мен гүрсінің арпасындай бір сәт. Дубай барсаң, шылқыған байлықтың, сән мен салтанаттың иллюзиясына батып, шырмалып шыға алмай қаласың ғой, соған ұқсас. Біреу келіп, тыныштандырғыш транквилизатор жегізіп кеткендей. Бәлкім, кім білсін, кеше ауылда қатар жүрген кісі далаға түнеп, не кенет жоғалып кетіп әрі-сәрі күйде қайтып кеп жатса, мұнда жад жаңылшақтығы тәрізді жүйке сырқатының, алкогольдік елегізулердің, тіпті кәдімгі «қорыққанға қос көрінеді» дейтін алағызулардың әсері болуы да мүмкін ғой. Халықтық сана «жын-жыпыр, шайтан-шапата» атандырып жіберген ғайып құбылыстар осы тектес гео- биоплазмалық құбылыстардың әсері болса да өзі білсін. Мақсот жазғандай, гео- және биофизиканың адам психикасына ықпалы деген нарратив қой. Жердің, адамның бойындағы теріс энергия, екеуі тоқайласып қалар сәт, содан Уақыт пен Кеңістікті бағдарлай алмай қалу, мәңгіру, ессіздену. Постиндустриялық жінтікті заманның шамадан тыс физикализмінен туатын когнитивті диссонанс (адамның санасындағы өзара кикілжіңге келген идея, наным, құндылық, эмоциялық реакциялар қақтығысынан туатын психикалық қолайсыздық жағдайы). Содан келіп, кісінің когнитивті дағды-машығын – есін, назар тіктеулерін, аналитикалық қабілеттерін жоғалтуы. Халықтық сана «жын кірді», «жынданды», яки «шайтан жетектеді» дейтін адамдар жоғарыдағыдай естен тану, жад жаңылшақтығы сияқты невротиялық ауруларға, жан сырқатына шалдыққандар болуы мүмкін бе? МРТ керек-ау біздің бұл іске, қысқасы…Ғажабы сол, көне үндінің дүниетанымдық философиясы («Веда») да көктен түскен 4 кітапта (үш әлемдік дінде) біз ден қойып отырған мәселенің жан сырқатына қатысы жоқ екені, ғаламда шынында да адамизатпен қатарлас өмір сүріп жатқан өңге тіршілік иелері бар екені анық сипатталған. Құранның «Жын» сүресінде адам Сафиолланы топырақтан, періштелерді нұрдан, жынды түтінсіз оттан жаратқаны кеңінен уахи етілген. Құран космографиясы бойынша жын-пері – күнә жасаған періштелер. Шайтан – жынға айналған бірінші періште. Жындар да адам сияқты өмір сүреді – ішеді, жейді, жынысқа бөлінеді, үйленеді, көбейеді және өледі. Өз уақыттарына сәйкес 60-70 жыл шамасы өмір сүреді, (бірақ жын әлемінде жыл санау біздің мың жылымызға сәйкеседі, яғни олар бір жылда осынша уақыт тіршілік кешеді). Түрлі кейіпке кіріп көріне алады. Ауыр жұмыстар атқарады. Адами затқа олар үшін бейтаныс кейбір мәліметтерді жеткізеді. 

Негізінде көбіне шайтан жалын мен түтіннен жаратылған делінеді. Сол себепті ол адам кейпіне ене алады. Әміршісі – Ібіліс, соның басқаруымен дүниенің шартарабында топ-топ болып өмір сүреді. Сіріңкені қозғауға қауқары жоқ оның негізгі шаруасы – адамды азғырып аздыру. Иманнан тосу (раджим). Намазға келуіне кедергі жасау. Періште сынды ол да адам баласының жүрегіне төрелік етуге күреседі. Бағзыда араб елінде әулие аш-шайтан сәуегей кахиндер мен ақын шайырлардың ғайып әлеммен сөйлеуіндегі байланысшылар ретінде қаралған. 

Исламда жын-шайтанның мекені – монша мен дәретхана. «Түнде ыдыс-аяқтың бетін ашық қалдырма – шайтан жалап кетеді»; «Үйде қоқыс ұстама –шайтан ұялайды»; «әжетханада, моншада сөйлеме – шайтан естіп қояды» деп келетін тыйым бар. Атын бадырайтып айтуға болмайды, олай десең ол семіреді, малғұн деу жөн. Тоба дей бермеу де керек, оны тәубамен шатастырмау жөн, тоба – малғұнның кіші баласының аты.

Ғайып әлемде пері дейтін бір жұрт бар делінеді. Діни кітаптарда айтылмайды, пері жайлы әңгіме негізінен мифологияда ырғын. О дүние мен бұ дүниенің аралық шегінде өмір сүреді, адами затқа көрінбей, қауым болып көшіп жүреді. Қазақтың әфсана-ертектерінде дәрежесі періштеден төмен, үлесі адамнан артық. Мұсылман, кәпір болып бөлінеді. Мұсылман пері негізінен адамға зиянсыз. Мисалы, «Ер Төстіктегі» Бекторы қыз пері адамға кесір сиқыр иесі болса, пері жігіт Ағымсалы хақында ондай сөз сөйленбейді (әйтпесе суретші Түзелбаев Ағымсалы дейтін есімді иеленбес еді ғой). Сөйте тұра. «Құламерген», «Сарымерген», «Еділ-Жайық» сияқты ертектерде пері қыздары (перизаттар) көбірек әуезде. Малдан құлан ұстайды. Сарайлары, қызметшілері бар. Баланы тәрбиеші пері қарайды, қауым ішінде үлкенге құрмет көрсетіледі. Көшіп жүреді. Жолда адами зат кезіксе, көрінбей көше береді. Жазатайым көріп қойса, әлгі адами затқа қыз беріп құтылады. Асан Қайғының, Едігенің асыл тегі пері екен делінеді.

Пері зат негізінен адами затқа қауіпсіз, бірақ олардың арасындағы Жалғыз көзді дәу (Төбекөз) адамға зиян келтіре алады. Сонан соң пері қыз уақыттың бір уағында (айталық, елу жылда бір рет) адамнан ұрық алмаққа жерге келіп, жас жігітпен жыныстық қатынасқа түсуі мүмкін. Бұл қатынас адамға өте қауіпті: естен танып, жынданып, тез арада қайтыс болып кетеді. Сондықтан адами зат пері затқа кезікпеуге тырысады. Ал енді бір тұстарда пері қауымына тап болған адамның «көрген дәурені бар өміріне татырлық дәурен болады». 

Бүгінгі ғылымда, демонологияда бұл ғайып әлемдегі бізге қосанжар тіршілік иелері түр-түрі бойынша әлі толық жіктемесі жасалып, біріздендірілмеген. Көбінесе жын-пері-шайтан триумвириаты қосақтала айтылып, бірінің орнына бірі жұмсала береді. Жіктемеде шайтан адамды аздырушы, азғырушы, ал жын кісінің ішіне кіреді, түрлі кейіпке енеді. Жындардың кәпірі шайтанға еріп, алты әріпті лағнеттің әскеріне айналады. Исламда бірқатар ұламалар шайтанды жындардың ең менмен, асау, жаһил бөлігі деп санайды, ал қайсыбірі жындардан бөлек, жаратқанда кәпір боп, тозаққа бұйырылған айрықша қауымға жатқызады. Мифологияда бұлардан басқа бірталай ғайып дүние өкілдері ұшырасады: жек, албасты, марту, қара кісі, жезтырнақ, мыстан кемпір, жалмауыз кемпір, қоқаман, әбілет, малғұн, обыр, жылбысқы, шойлан, шимұрын, су перісі, су иесі (үбе), т.б. 

Осылардың ішінде жек (демон), қара кісі, қоқаман, әбілет, жылбысқы, шойлан, шимұрын секілді бірнеше демононимнің дәл сипаттамасы жоқ.

Қазақстанның Батыс аймағындағы шөлейтті, сорлы жерлерде ғана шимұрын жайлы әңгіме төтенше молдығына қарағанда, жоғарыдағы танымсыз жұмбақ рухтар климатологиялық ерекшелікке орай локальды түрде кездесуі мүмкін. Мысалы, Атырау облысындағы Сарқамыс дейтін жерде болған бір жағдай: әйелдер тезек теріп жүріп ауылдан ұзағанда айдалада көже сапырып отырған кемпірді көреді, қасында кішкентай қыз отыр, немересі сықылданып. Әлгі кемпір әйелдерді көжеге шақырады, бұлар қорқып қашқан кезде соңынан сүркітіп қуады. Әр адымы кісінің екі аттағанындай екен. Әйелдер жанұшырып, шелектерін тастап зытқан күйі ауылға жетіп жығылады. Таңертең үлкендер әлгі жерге барса, екі шелек қарайып кеткен, түбі тесіліп қалған, жанында үлкен қара із жатыр – шимұрын кемпірдің ізі.

Бала кезімізде сор жағасында жүретін шимұрындар жайында жиі еститінбіз. Кісі жетектеп кетті деп жататын. Мас кезіксе басын сорға тығып кеткен. Әртүрлі кейіпке еніп, қора-қопсылы, құмды, сор-сортаң жерлерде жүреді. Түйенің қасына жатады. Көргендердің айтуынша, мұрны шидей, ұзын, төбесінде бес тал шашы болады. Аяқтары теріс қарап тұрады, үлкендер «Түнде біреу кездессе, аяғына қара» деп үйрететін. Әдетте шимұрынды шайтанның бір түрі десетін. Қазір ойлаймын, шимұрын деген сөз шиемұрын яки шиебөрек (чебуреки) дегенді білдірмей ме екен деп.

Сол біздің сор жағасындағы Мақатта 1960-жылдары саяси сай-себеппен бірнеше ай тұрып кеткен Мұрат Әуезов марқұм шимұрын көргенін былай деп жеткізеді: «... Однажды, за домиком – ық явил себя Шимұрын. Гигантский, причудливо сложенный чёрный столб, похож на дымный, с огненно-красной ногой. Медленно, так что темень наступила раньше, чем он приблизился, двигался в сторону домика. Будто надутый парус, а внизу, обеими руками держась за перекладину, летит стройная женщина. Ветер развивает платье, тонкое, до пят, свободно облегающее все тело...» 

Міне, солай. Біздің аядай Мақатта Булгаковтың дәл «Шебер мен Маргаритасы» сияқты яки болгардың Ванга кемпірі бастан өткергендей таза фэнтезилік «шайтанның шатағы» орын алған!

Иманнан, сенімнен туатын мұғжиза көзіңе бір ғажайып болып келеді. Мұрат ағамыздың да көзіне «шайтанның шатағы» сондай бір мұғжиза киіп алып елестесе керек. Әдетте намазға жығылған, орамалға келген жандар, жалпы норматив иман келтірген кісілер мұндайды дұға қайырып қайтарады. Ашық дұшпан – аш-шайтан (шайтан кейпіндегі дұшпан) келгенде Алланың атын еске алу, әл-Фалах, ан-Нас сүрелерін (муаввизатайын) оқып жіберу ең мықты қорған. 

Құран оқып жүргенімде өз басымда осындай екі жағдай болды. Түнде, ұйқыда малғұн басты, үстін иттікіндей сары-күлгін түк басқан бір жануар белуардан төмен басып жатты. Екіншіде, тағы да түнде, ұзын көйлекті, жіңішке кемпір, бас жағымда сыбырлап бірдеңе оқып отыр екен. Екі пәлекет бастығырылған күйі әрең дегенде ішімнен дұға қайырғаннан кейін барып жоқ болды... Экспедиция кезінде үлкен молда, әулие кісілер жөнінде бір қора әңгіме есіттік. Көптеген кәраматтар көрсеткен, солардың ішінде айтулысы – пері ұстағандары. Мұнымен осы аумақта жасаған Жұбан молда, Зинеддин ата, Нарындағы Таубұйратта Жұбай, Мүкарам, Сиқуат, Сибағатолла дейтін қасиеті асқан кісілер айналысыпты. Бесқасқа беріш рулы, Бекетай құмында өмір сүрген Жұбан молда Жүрдібекұлы жайында кітап шығарған оралдық белгілі зерттеуші Қазыбек Құттымұратұлының жазуынша, (көзімен көрген адамдардың естеліктеріне негізделген), өзі бағындырып, қызмет қылдырған жын-перілер, оған әкесі Жүрдібек молдадан қалған. Жұбан перімен 22 жасында, Ереймен құмындағы иесіз қыстау тұрған жерге мал апарып тебіндетіп жүріп кездесіп, араласады. Перінің аты да бар – Мәншүрен. Өзі жалғыз басты. Жұбан айламен ұстаған. Мәншүрен соңыра үйленеді, бес бала туғызады. Айласы – иесіз үйге қазан орнатып, құдықтан елекпен тасытып су құйғызады, құмнан арқан ескізеді. Басқа да перілері болған, олар Жұбан үйінің бір бөлмесінде тұрған. Бөлмеге астан қалған сүйек-саяқ тастайды екен. Келіні Шәрипаның айтуынша, шай үстінде тарс етіп есік ашылып, көзге көрінбейтін біреулер кіріп-шығып жүргендей болады екен, астағфирулла! Атасы олармен күбірлесіп сөйлескендей боп көрінеді. Құмға түскен іздері ботаның аяғының ізіне келеді екен. 

Жалғасы бар…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар