«Алматы ашық әдебиет» мектебі қандай мектеп?
Бөлісу:
Француздардың жазба әдебиетке деген құштарлығы ертерек басталған ғой, XVI ғасырда антикалық әдебиеттің негізін қалаған француз гуманист-ақындарының шағын үйірмесі келе-келе «Плeядa» деген әдеби топқа, ұйымға айналыпты. Ал Ресей жерінде әдебиетті дамытуға арналған алғашқы бағдарламалар 1919 жылдары пайда болған дейді кей деректер. Бастапқыда олар өңірлік деңгейде жұмыс істеп, кейін келе кеңестік жас әдебиетті қамтып, өркен жая берген. Нәтижесінде әдебиетшілердің шағын бірлестігі ауқым алып, әдебиет мектебі пайда болған. Бұған құлағымызға сіңісті «Щедрин мектебі», «Некрасов мектебі» дегендер мысал бола алады.
Әдебиет мектебі деген қазіргі кезде де бар. Мысалы, «Алматы ашық әдебиет» мектебінің жұмыс істеп жатқанына он бес жылдың жүзі болыпты. Алғашында оған «Мусагет» қоғамдық қорының негізін салушы әрі президенті болған, әдебиет саласында еңбегі сіңген қаламгер, жазушы Ольга Маркова жетекшілік еткен. 1998-2008 жылдар аралығында бұл мектеп әдебиетті насихаттау бағытындағы жұмысын белсенді жүргізген. Кейін қаламгер есімін есте қалдыру мақсатында ОЛША деген атпен жалғасын тауып отыр.
«Алматы ашық әдебиет» мектебінің (орысша атауы ОЛША) үйлестірушісі Екатерина Макееваның айтуынша, ОЛША әдебиет мектебінің жұмысы жүйелі жолға қойылған: мектеп әдеби шеберлікке үйрететін әртүрлі курстар өткізеді, оның ішінде прозаға, поэзияға, драматургияға ерекше назар аударылған және сценаристік өнер мен балалар әдебиеті де қамтылған. 2023 жылдан бері мектепте сабақ қазақ тілінде де жүретін болған, оның ішінде сценарий жазудағы шеберлікті үйрететін, көркем мәтінді сюжет құру бойынша, әдебиеттануға кіріспе, поэзияға қатысты да толық қамтылып, авторлармен шығармашылық кештер де ұйымдастырылып тұрады. Лекциялар мен семинарлары негізінен сенбі күндері өтетін Әдебиет мектебінің сабағы 6-7 айға созылады. Студенттерге арналған лекция тізімінің ішінде әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, стилистика мен тіл мәдениеті, дереккөзтану, драматургия, кинодраматургия тақырыбы басты орында, сонымен бірге авторлық құқық, қазақ әдебиеті, сын мен эссе, автофикшн мен әдеби рецензияға қатысты тақырыптардың да студенттерге берері мол. Лекция оқитын оқытушылар арасында оқырманға есімі белгілі қаламгерлер Елена Клепикова, Дина Махметова, Иван Полторацкий, Берікбол Батан, Айнагүл Садыкова, Алла Джундубаева, Әлішер Рахат, Айзат Рақыш, Салтанат Қайырбек және басқалар бар.
Біз ОЛША-ның үйлестірушісі Валерия Валерьевна Макеевадан Әдебиет мектебі жайында кеңірек сұрап-білгіміз келді (осы жерде айта кетейік, Валерия Макееваның өзі де проза жазады, оқырмандары оны Крутова деген атпен таниды). ОЛША-ның маңызды бастамасының бірі – «Шеврон» компаниясы мен АҚШ елшілігінің қолдауымен өтетін жастардың әдеби шеберханаларын ұйымдастыру жұмысы. Бұл шеберханалар 13-21 жас аралығындағы жастарға бағытталып, олардың қысқа әңгіме жазудағы қабілеттерін шыңдауды мақсат етеді. Бұл жұмыстар екі тілде жүргізіледі. Қазіргі таңда бағдарлама тағы да жетілдіріліп жатқандықтан, әзірге үзілісте көрінеді.
«Бұған қосымша – «Алматы ашық әдебиет» мектебінің жастарға арналған әдеби шеберханасының маңызды жобасының бірі – Almaty Writing Residency – бұл да жергілікті авторлардың шығармашылығын қолдауға арналған. Әсіресе, қазақтілді әдебиет пен орыстілді әдебиеттің өзара ынтымақтастығын қолдау. Бұл бағытта еліміздің әдеби кеңістігіндегі қаламгерлер мен қатысушылар арасында әдеби аудармаға қатысты семинарлар өтеді. Бұл жерде өзара мәдени ынтымақтастық диалог пен әдеби байланыстарға басымдық беріліп, қазақстандық және шетелдік мамандар шақырылып, бұл алуан түрлі шығармалар тудыра отырып, қаламгерлердің әртүрлі әдеби бағыттардағы тәжірибесін біріктіруге мүмкіндік беретінін де айта кету керек. Қатысушылар әдеби қоғамдастықты дамытуда ашық кездесулер мен талқылауларды жиі ұйымдастырады, – дейді Валерия Макеева.
Осы жерде айта кетейік, 2022 жылы «Алматы ашық әдебиет» мектебі ай сайын екі тілде жарық көретін «Дактиль» әдеби бірлестігімен біріге отырып, «QALAMDAS» әдеби сыйлығын тағайындады. Ондағы мақсат жоғарыда айтылғандай, еліміздегі қазақ және орыс тілінде көркем дүние жазатын жастарға қолдау білдіру болатын. Қазіргі уақытта осы байқауға қатысуға өтініштер қабылдануда, бұл 9 желтоқсанға дейін созылады.
«Бұл байқау арқылы мемлекет немесе ірі компаниялардан бөлек, шағын компаниялардың да қазақстандық әдебиет тағдырына бейтарап қарамайтындығына көз жеткендей болды. 2023 жылдан бері сыйлықты EZ Solutions ивент-агентствосы өз мойнына алған» – деген Валерияның сөзіне қарағанда, он бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әдеби мектепте студенттен ташылық жоқ, тіпті оффлайн-форматтың өзінде жыл сайын 40 студент оқуға түсіп отыр. Ал онлайн-формат өз көкжиегін бұрынғыдан да кеңейте түсті деуге болады, биыл онлайн-форматтағы аудитория тек қазақ тілінде ғана курс жүргізіп жатыр. Осылайша «Алматы ашық әдебиет» мектебі (ОЛША) – қазақстандық авторларды барынша қамтып, жазу қабілеттерін шыңдап, оларды оқырмандар мен қаламдастар арасында кеңірек таныстыруды мақсат етеді.
Бөлісу: