Ақын қаламындағы Алматы
Бөлісу:
Алматы. Әкенің жанарындай қатулы һәм қайырымды қала. Әженің әжіміндей шым-шытырық шұбалған жолдар. Жанарында арман алаулаған албырт жастың, ғасыл сезімі қанаттанған ғашықтың, тағдыры шимайланған ақынның медет-мұраты болған Алматы. Ғашық жанардың шұғыласындай, жас ақындардың құбыласындай болған шаһарға Жайық өңірінен де бір топ шайыр-жүректер келген болатын. Бірі «Беу, Алматы, жатсынба баласын қырдың», – дей келе, «Ақ Жайық маған Қадырды жоқтатпа деді», – десе, енді бірі:
«Тіршілікте аспан ортақ, жер де ортақ,
(Ақын болсаң тек өлеңмен алдарқат)
«Беу, Алматы – өлең қала» деп келдім,
Қолымызда Қадыр берген кең қалпақ», - деп келіпті. Қадыр ақынды толғатқан топырақтан келген жас ақынның бірі - Шерхан Талап болса, екінші өлең жолдарының иесі - Аслан Тілегенов.
«Жүрегіме жақын сенің есімің,
Әкем десем, анам десем, несі мін?!
Жарқыраған көк тасында көшеңнің
Ізі қалған Сәкен бәтеңкесінің»
немесе:
«...Беу, Алматым, тұра алам ба сүйе алмай,
Келемін мен, келемін мен қиялдай.
Жас қаламым дірілдейді қиналып,
Сен жайлы жыр ақ қағазға құя алмай...», – деген сыршыл ақын Төлегеннің жүрегіндегі Алматыда, «Тек мен ғана түсінем бұл қаланы» деген Есенғали ағамыздың, Мұқағалидан Маралтайға дейінгі шайыр-жүректердің мәуелі арманы, әуелеген ән-жыры, қатыбас тағдыры қашалған қалада Аслан ақын да Алатауға өзінше сыр тарқатыпты. Жақында жас ақынның «Үр» деген өлеңдер жинағы, ақынның жары болған жас жазушы Гүлзат Нарытбектің «Сая» деген әңгімелер жинағы «Егіз кітап» («Twinbook») форматында жарық көрді. Өкінішке орай, «Сая» деген кітап бөлімінің авторы Гүлзат Нарытбек тағдырдың «қазаны ұрып», ерте «солды». Бұл кітап Аслан ақынның сол жарына деген сартап сағынышы һәм жарымен бірге Алматыда өткен «таңдайында дәмі кеппеген» күндеріне деген аңсары деп ұқтық. Себебі, ақын кітапқа жаңа туындыларын емес, сол алғашқы қалаға келген әсерлі жырларын, сүйгенімен танысқан сәруәр шақтарындағы туындыларын енгізген.
Кезінде ақын Мұрат Шаймаран Алатаудың етегіндегі қала туралы:
«Жазылмас жараңның тапсам деп бір емін,
Мойныма бұршақ сап Алладан тіледім.
Булыққан төсімде бүлк етіп жатырсың,
Алматым – о, менің жаралы жүрегім, - деп жырлаған екен.
Біз бүгін жас ақын Асланның жүрегіндегі Алматы жайында сөз етпекпіз.
Алатауға қарап арқаланған ақындардың дені осы қалада талайлы тағдыр кешіпті. Кешегі Буддадай байлық пен мансаптан баз кешіп, ақиқатты іздеп кеткен Әділді, «итаяқтан ас ішіп», ит өмірден түңіліп кеткен Әмірханды жоғалтқан қала бұл. Дегенмен, қанша ақын күйінсе де, көз қиып кете алмайтын мекен. Жоғалғаны мен жоқтаушысы көп шаһардың не сиқыры бар екен?! Арманындағы Алматы мен тағдыры болып кезіккен Алматының арасында адасқан ақынның жыры былайша өріліпті:
«Күнбатыстан билеп берді боз құмдар,
сағым биін –
бір әуеннің от демі.
Көз көруге тиіс мұнда мезгіл бар,
Алатаудың жыл сайынғы көктемі.
Санамағын отыр айтып календарь,
Бетін сызбай, жапырақпен жер сыздым...
Алматыда – көктем..,
сосын өлең бар,
Бар және бір шерлі және Шерсіз күн.
Көз ұшында,
ой ішінде жол егіз.
Жаны ауырған жаралы һәм қаралы.
Ертеңдерге енді қайтіп береміз?!
Ертай шалдан алып қалған қаланы
және қайсы жанымызды енді емдер,
Көңілді өлең оқылудан һәл ада.
Кеткенсіңдер,
енді қайтіп келмеңдер,
Әділі мен Әмірі жоқ қалаға.
Өлімсіреп келген үміт бар дәті,
Желге қосып ыңылдайды әуенді.
Көзсіз арман жеткізген бұл –
Алматы!
Армандапсың,
алданыңдар, ал енді...».
Алданған арман, сандалған тағдыр, қарманған қол мен жалғанған үміт... Адасқан жолдарда бағытын, бағытсыз жолдарда бақытын іздеген жандарға қарап ақын туған жерін сағынады. «Алматыдан Оралға» атты өлеңі – соның дәлелі іспетті.
Орай да борай қар
жауса,
Боранда қалар мекенім.
Сабылған сенбей сөзге онша,
Сағына сосын жетемін.
Қоштаса жырлап жат елді,
Алдыға шырқап бар әнді.
Сағынып күткен әкемді,
Сарғая күткен анамды.
Сорлаған көздің жасындай,
Бетінде қалың мұз кепкен.
Ақ Жайық
тулар тас ұрмай,
Мұңдана қарсы ап бізді еппен.
Сағына жетсе сүйікті ер,
Сарқытшыл ұлың болармын.
Алатаудайын биіктер,
Аласа тауы Оралдың...
Толқыта тербеп бір күйді,
Асыға күтіп тұр мені.
...Алдыға жүрек жылжиды,
Пойыздан жүрдек ілгері...
Төлегенше төкпелеген ақын енді туған жерге жетіп, мауқын басқанмен, артынан алаңдап, еліктей елеңдеп қалған аруы жүрегін сыздатып, өне бойын шымырлатып, ой-тұңғиығына шым батырып жібереді.
Алматыға ақ жауын жауған шығар,
Жауған шығар...
Мені қазір сағынған қыз,
Жайықты ойлап жабығып қалған шығар.
Алатауға тағы бұлт жеткен шығар,
Жеткен шығар...
Қапырық – Жайықта әлі,
Алматы – көктем шығар.
Көктөбені бір нөсер жапқан шығар,
Пәк тамшылар...
Сырғанап жанарынан,
Тағы, тағы хат жазып отқан шығар.
Күн сосын күлген шығар,
Жүрген шығар...
Жұбанып сағынған қыз,
Мен әлі сүйерімді білген шығар...
Арманыңмен қауыштырар – осы қала. Сол арманнан алыс қылар да - осы қала... Асланның «Осы қала» өлеңі осылай дейді:
«Бақыттың келгені осы бір
айналып,
Көңілдің кезі кеткен көші дара.
Алматы - екеумізге ұнайды анық,
Біздерді кездестірген осы қала», - дей келе, жыр соңында ол:
«Бұл жүрек сені бекер кінәлайды,
Назыңды ала алмаған тосып ала.
...Алматы енді маған ұнамайды,
Біздерді қоштастырған осы қала...», - деп түйіндейді.
Махаббатымен табыстырған да, алыс қылған да – осы қала. Ақынның бірде сүйіне, бірде күйіне жырлауы содан шығар. Біз жас ақынның жүрегіндегі Алматыны ғана сөз еттік. Ал ақын өлеңдердегі кемшін тұстарының бірі - көп оқыған ақындарының әсері мол байқалатыны дер едік. Әсіресе, Есенғали ағамыз бен Ерланның әсері молдау секілді. Бұл Асланның студенттік жылдардағы жырлары болғандықтан онысын кемшін тұсқа жатқызбасақ та болады. Дегенмен, сөзіміз дәйексіз болмас үшін Асланның «Сәт» өлеңінің мына жолына назар аударсақ:
«Сенен өзге болар жанға кім дауа?
Жерге түскен жапырақты көтердім,
Саған ұқсап кете алмады бұл қала».
Хайку түріне келетін бұл өлеңнің «Жерге түскен жапырақты көтердім» деген жолдары Ерлан ақынның жаңбыр жайлы өлеңіндегі «...Жерге түскен жапырақты көтерші, Мұңымыздан ауыр емес ол біздің!» деп келетін өлеңіндегі «Жерге түскен жапырақты көтерші» деген жолымен үндес. Әлбетте, Асланды Ерланнан көшіріп алды деуден аулақпыз, әйтсе де белгілі бір ақынды көп оқысаңыз оның жеке шығармашылығыңызға өз әсерін тигізбей қоймайтыны рас. Өлеңнің әуезі, тіпті кейде жолдары да автоматты түрде жазылып кетуі ғажап емес. Аслан ақынның бұдан басқа«Бақ», «Шақ» «Ертерек», «Сен мені сүйесің бе?» деп сұрашы», «Парақстан» сынды өлеңдерінде де Ерлан Жүністің шығармашылығы өз ықпалын тигізгені байқалады. Бұл тек жорамал ғана. Олай болмауы да мүмкін. Жоғарыда айтқанымыздай Асланның бұл шығармалары студенттік жылдарда жазылғандықтан, алғашқы өлеңге келер жолда өзге ақынның әсерінсіз болмауы да мүмкін еместей.
Ал ақынның артықшылығы – тамаша лириктігі, нәзік сыршылдығы, болып жатқан жағдаяттарды терең түйсікпен көре білуі дер едік. Аслан Тілегеновтің соңғы жазылған жырлары бұл сөзіміздің толық дәлелі. Тіпті, Есенғали Раушанов ағамыздың өзі қоңырау шалып, Асланның ақын екендігін, дәл осы уақытта тоқтамай жазу керектігін айтып, батасын беріпті. Бұл біз үшін – зор қуаныш. Қалай десек те, Аслан әдебиеттегі бүгінгі лиризмнің дамуына үлкен үлес қосады деп сенеміз.
Ақынның соңғы жазылған шығармашылығы жайлы, Тәңірі қуат берсе, алдағы уақытта жазатын боламыз.
Бөлісу: