«I am singer» байқауында Димаш орындайтын «Дайдидау» әні – халық әні емес!!!
Бөлісу:
«Өнерде шекара жоқ» деп жатады. Бұл – аксиома. Мұның айқын мысалы – Қытайда өтіп жатқан «I am singer» (Мен әншімін) ән байқауы. Хунань провинциясының Чанша қаласында өтіп жатқан дүбірлі додаға күллі Қазақстан болып көз тіккелі де бірнеше аптаның жүзі болды. Он кезеңнен тұратын өнер сайысы бел ортадан ауған тұста жеңіске деген құштарлық, өзара бәсеке де қыза түскендей. Талантымен миллиардтар елін таң-тамаша қалдырып, ерекше құбылыс ретінде бағаланып үлгерген алаш ұланы Димаш Құдайбергеннің дабысы алыс Америка мен Еуропаның төріне де жетті. Халықаралық беделді жобалардан шақырту алып жатқан Димаштың өнеріне деген ықылас та жоғары. Димаштың өнерін әспеттеуге қатысты сан түрлі рекордтар да тіркелуде. Мысалы, ол туралы әзіл қойылымның қаралымы қазіргі күні жарты миллиардқа (!) жеткен. Әрине, мұның бәрі айналып келгенде - ұлт мерейі.
Димаштың арқасында қалың қытай, барша әлем жұртшылығы қазақ халқын танып білуге құлшынып, тарихымыз бен мәдениетімізге деген қызығушылығы артқанын сезініп отырмыз. Мұның бір дәлелі – атақты актер Джеки Чаннның Димашты арнайы іздеп келуі. Джекиге ұлттық дәстүрімізбен шапан жауып, қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, қазақ тілінде тілмаш арқылы сөйлескеніне қарап Димаш бауырымызға қалай разы болмайсың!
Байқаудың барысына келсек, кез келген әншінің мүмкіндігі жете бермейтін танымал әндермен қатар Қытайдың өзінде аса жоғары бағаланатын күрделі туындыларды асқан шеберлікпен орындап шыққан Димаш алты кезеңнің қорытындысы бойынша үздік нәтижеге қол жеткізіп отыр. Алдағы сенбі күнгі кезеңде ол ана тілінде ән шырқамақ. Яғни әйгілі «Дайдидау» әнін орындамақ. Мұны фейсбук парақшасында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі хабарлаған болатын. Министрдің қолдауымен халық аспаптар ансамблі арнайы Қытайға барып, конкурсқа дайындалып жатыр. Олар Димашпен бірге өнер көрсетпек екен. Димаш пен ұлт аспаптар ансамбліне сәттілік тілей отырып, алдағы күндері Димаш шырқамақ «Дайдидау» әні туралы аз-кем тоқталмақпыз.
Осы ретте айтарымыз, «Дайдидау» – Димаштың оң жамбасына келетін сүйікті әні. Сүйікті әні дейтініміз – Димаш бұл әнді «Славян базары» халықаралық беделді ән байқауында тамаша деңгейде орындап Гран-Приге қол жеткізген болатын.
«Бірер күннен кейін шығыстағы бір жарым миллиард саны бар көршіге танымал болу бақыты бұйырайын деп отырған және қай кезеңде де тыңдаған жанды шымырлаған нәзік иірімімен бірден баурап әкететін осы «Дайдидау» әні кімдікі?», - деген сұрақ туындары сөзсіз. Қазақ өнері кеңістігінде бүгінге дейін бұл сұраққа екі түрлі жауап бар. Біріншісі – «Дайдидау» ежелден бері келе жатқан халық әні. Халықтық болғанда да Арқа мектебіне тән ән екені бір ауыздан мойындалған. Екінші жауап – бұл ән – төл туынды. Төл туынды болған да қазақтың әйгілі ақыны, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың төл туындысы. Иә, Мағжан Жұмабаевтың ақындық, педагогтік, ғалымдық т.б. қырларына қоса, ән шығарғандығы жөніндегі мәліметтердің бар екендігін білеміз.
Түрлі басылым беттерінде, ғаламторда жарияланған материалдарға шолу, сараптау жасау барысында өнер тарихын зерттеушілер мен танымал дәстүрлі әншілер, ән тарихына бей-жай қарамайтын жалпы тыңдарман қауымның пікірі де осы мәселеде екі тарапқа бөлінгенін көреміз. Мысалы, дәстүрлі әндердің тамаша орындаушысы әрі білгірі, әнші-ұстаз Еркін Шүкіманов:
‒ Қолдан автор жасау – қиянат. Мысалы, «Аққұм» әнін Ахмет Байтұрсыновтікі деп жүргендер бар. Ол ‒ халық әні. «Дайдидау» әнін Мағжан Жұмабаевтікі деп жүр. Мағжанның өзіне тән үш-төрт әні бар. Тіпті, Мағжанның «Сен сұлу» әнінің де үш нұқасы бар. Біреуі минорлық, бірі мажорлық, соңғысы мажор-минорлық нұсқасы. Аралас нұсқадағысы Затаевичтің кітабынан шықты», - деген пікірді ұстанады.
Дәстүрлі ән өнерінің жарық жұлдызы Жәнібек Кәрменов «Япырай», «Сағындым», «Дайдидау» әндері Мағжандікі деп есептеген екен. Яғни, 1991 жылы «Өнер» баспасынан Жәнібек Кәрменовтің құрастыруымен жарық көрген «Қазақ әндерінің антологиясында» «Аққұм», «Қаракөз» әндері мен «Ілме» күйі Ахмет Байтұрсыновтікі, «Қызыл бидай» әні Жүсіпбек Аймауытовтікі, «Сен сұлу», «Сүй, жан сәулем», «Ақсұңқар құс», «Япыр-ай», «Дайдидай» әндері Мағжан Жұмабаевтікі делінген. Мұның да үлкен негізі бары анық. Адамзатқа Абайды берген құнарлы топырақта туып-өскен даңғыл көкірек әншінің әрдайым дәлел-дәйекпен сөйлеп, тереңнен тербеп өткендігіне өз заманының көрермен-тыңдармандары куә.
Ал ән атауы «Дайдидау» деген не сөз өзі? Осыған да тоқталған жөн болар. Әннің басында яки қайырмасында дауысты немесе дауыссыз дыбыстарды қоса отырып нақыштауды музыка тілінде вокализ деп атайды. Мұндай вокализдердің қатарына халықтық немесе авторлық әндерде жиі ұшырасатын «Аха-хай», «Ги-ги-гай», «Ди-ди-дау», «Ха-лә-ләй», «А-хау», «Ей-ей-ей», «Ай-ай-ай», «Ох-ох-охой» т.б. келетін қайырымдарды жатқызамыз. Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» мысалға алсақ түсінікті бола түседі.
Жаңа ғасырда сирек дауысты әнші Нұржан Қалжанның өзгеше орындауында елді елең еткізіп, Димаш шырқау шыңына жеткізген «Дайдидау» әні қазақ сахнасында қай кезеңдерде орындала бастады деген сұрақ туындауы заңды. Енді осы мәселе төңірегінде азырақ тарқаталық.
«Дайдидау» әнінің қазақ сахнасында алғаш рет ресми көрініс табуы 1935 жылдан басталады екен. Осы жылы Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» пьесасы, ал 1938 жылы Евгений Брусиловскийдің осы аттас операсы қойылады. Бұл қойылымдарды музыкалық әрлеуде «Дайдидау» әні пайдаланылған екен. Ерекше тоқтала кетерлігі – бұл қойылымдарға енгізілген «Дайдидау» әні халықтыкі деп берілген. Ендеше, «Дайдидау» әні расымен де Мағжандыкі болса, неге оның атымен аталмаған?», - деген сұрақтың тууы заңды ғой. Оның себебін де заман ауанына қарап аңғарғандаймыз. Пьеса сахналанған кезде Мағжан Жұмабаев кеңестік коммунистік қоғамға жат элемент «алашордашы» ретінде айдауда жүрген болатын. Ал опера Мәскеуде сәтті қойылып жатқан тұста Мағжан да, пьеса мен либретто авторы Бейімбет Майлин де халық жауы ретінде ұсталып, жазықсыз құрбан болып кеткен еді. Мұндай жағдайда ән авторының аты әрине, қайдан аты аталсын.
Демек, Мағжандыкі ретінде мойындалған бұл әннің шынайы тарихы саналы тұлғалардың сақсынған сыбыр-күбірі арқылы Жәнібек Кәрменов заманына жеткен деп болжауымызға болады. Соынмен қоса, Мағжандыкі деп сеніммен айтуға болатын бір дәйек – әннің мәтініндегі Мағжанға тән табиғат десек те болады. Мағжан өлеңдерінің ішкі ырғақ, иірімдеріне тым үйлес, етене екенін ақынның шығармашылығынан біршама хабары бар оқырман, тыңдарман анық байқаған болар еді.
Хат жаздым қалам алып сізге еркем,
Жүзің бар он төртінші айдай көркем.
Есіме сен түскенде беу қарағым
Қозғайсың қатып қалған іштің дертін.
Уай, дайдидау-ай қозғайсың қатып қалған-ай іштің дертін.
Әдеттегі Арқаның дәстүрлі шырқау әндерінен бөлекше мәнердегі, қайырмасының өзі Еуропалық романстардың иіріміне жуықтығы сезіліп тұратын әннің авторы орысша білім алған адам екенін аңғаруға болады.
«Хат жаздым қалам алып» дейтін мәтіндік қолданыс ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы кітаби ақындар стиліне де жуық па дейміз. Ақан серіде осындай жолдардың барын білеміз.
Шынымен менен достым калғаның ба
Мойнына айырылуды алғаның ба
Екеуіміз айрылмастай болып едік,
Қайтейін уәдеңнің жалғанына.
Уай, дайдидау-ай, қайтейін уәдеңнің-ай жалғанына.
Ал уақытына келсек, біз бұл әнді Мағжанның жиырмасыншы жылдардың соңындағы айдауда жүрген шағында шығарған туындысы деп білеміз. Мұндағы асық жарына деген сағыныш ақынның «абақтыда айдан күннен жаңылатын» шерлі күндермен сабақтасып жатпаса не қылсын. Бірінші шумақ Мағжанның өміріне қатысты болғанымен екінші шумақтағы «қайтейін уәдеңнің жалғанына» дегені келіңкіремейтіні рас. Мұны кейінгі «түзетушілердің» қолымен алыстатылған жұмыстың нәтижесі деуге болады. 30-50 жылдары ұлттың генфондына қоса, мәдениеті мен әдебиетіне де орны толмас зардапқа ұшырап, көптеген деректер бұрмаланғаны белгілі.
Әнін айтпақ түгіл атын атауға тыйым салынған сол бір зұлматты жылдардан кейін жарты ғасыр өткен соң ғана Мағжан туған халқымен қайта қауышты. Осы екі аралықтағы дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы толықтай дерлік үзіліп қалғандықтан да осы күні көптеген туындылар мен тарихи оқиғаларға қатысты «иә» немесе «жоқ» дейтін дилеммаға келіп тіреліп жататынымыз бар.
Ендеше, шығыстағы алып көршіміз Қытай елінің аспаны астын қазақ әнінің асқақ дүбіріне бөлеген Димашқа сәттілік тілей отырып, осы бір тамаша әнді «Мағжан Жұмабаевтыкі» деген ортақ уәжге тоқтасақ елдігімізге нұқсан келіп, өнеріміз ақсап қалмаған болар еді дейміз. «Дайдидау» әні әлем сахнасында асқақтай берсін!
Мақаланы көшіріп жариялауға рұқсат етілмейді!
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: