Қарақат Әбілдина: Қазақтың сөзіне мән беретін үш әнші болса, соның бірі – менмін!
Бөлісу:
Танымал әнші Қарақат Әбілдина Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнін сахнада орындап, сөздерін шатастырып алғаны туралы ақпарат тарап кеткен болатын. Baq.kz тілшісі осыған қатысты әншінің пікірін сұрап білді. Қарақат Әбілдина «бұның астарында дұрыс емес пиғыл жатыр, біреуге бұл керек болды» дейді.
«Бұл – 10 жыл бұрынғы видеожазба. Содан кейін мүлдем орындалмай кеткен, менің репертуарымда тасада қалған ән. Былайша айтқанда, мен басынан бұл әнді үлкен кәсіби сахнада орындаймын деп көздемегем. Мен оны ағайын-тума арасында, қонақтарда айтқым келді. Кәсіби сахнада орындалатын әндер, үлкен ортада орындалатын әндер болады. Репертуар әртүрлі болады ғой. Мынау енді той-томалақ, кішігірім ортада орындалатын ән десе болады. Бұл әнді ағайын-тумам, елдің арасында орындасам деген ниетпен осыдан 10 жыл бұрын Алтынбек Қоразбаев ағамен хабарласып, рұқсатын алдым. Ол кісі «әрине» деп рұқсат берді. «Сөзі Әбдірахман Асылбековтікі» деп, автордың телефонын жіберді. Мен аранжировкасы бәрі дайын боп, студияда жазатын кезде Әбдірахман ағаға телефонмен хабарласып, «аға міне басы осылай басталады, сөздері осылай-осылай, дұрыс қой?» деп пысықтап алдым. Ол кісі «иә, дұрыс» деді. Әннің әрбір жолына тоқтап, мағынасына мән бермедік. Мәтінді бір шолып өттік. Әннің осы нұсқасын бір видеожазбадан тауып, қағазға түсіріп алған болатынмын. Негізі, екі жақтан да асығыстық болған да шығар. Тез арада орындау керек болды. Өйткені, бір той болды, сондай бір тойға халықпен амандасатындай, желдіртіп тұратын терме іспеттес ән орындағым келді. Бұл ән өз төлқұжатыма арналған әндер қатарында емес», - деп түсіндірді мән-жайды әнші.
Орайы келгенде, осындай дүниені қазбалап, жұртты әбігерге салған ағайынға да ренішін білдірді.
«Қаншама жыл өткеннен кейін сол терменің дәл сол жолына тоқтап, соны осыншалықты жариялап не болды? Егер сол әнді күні бүгінге дейін ұялмай қайта-қайта айтып жүрсем, ол шынымен ұят болар еді. Айтылмай кеткен әнді қайта қопарып, сол сөзге килігу қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Әрине, бұның астарында дұрыс емес пиғыл жатыр, біреуге бұл керек болды», - деген әнші оған «қатты қайғырмайтынын» да, ол үшін «ақталмайтынын» да жеткізді.
«Мен, жалпы, қазақтың сөзіне мән-мағына беретін үш әнші болса, соның бірі – менмін. Керек болса, репертуарымдағы барлық әндерді тексеріп, (қатесін – агенттік) тағы тауып берсін. Бәлкім, мені сөзге мән бермейтін, сөздің құдыретін, қасиетін түсінбейтін ғып көрсеткісі келгендер ақтарсын бүкіл репертаруымды. Қазіргі әндерімді қарасын», - деп ренішін де білдірді.
«Әндерінің бір сөзін қате айту, түсініксіз айту қазіргі Қарақатқа үлкен сын болар еді», - деді эстрада жұлдызы.
Сөз соңында әншілердің сауатын тексеруші ағайынға: «әншілердің сауатын тексеруді қолға алған болсаңыздар, мен құптаймын. Және оны менен бастаған болсаңыздар, оған да мақұл дейін. Бірақ ол үшін 10 жылдың көлемінде ұмытылып кеткен репертуарды көтерудің қажеті жоқ», - деген тілегін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын танымал әнші Қарақат Әбілдина Әбдірахман Асылбековтің сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнін сахнада орындаған болатын. Ән орындау кезінде сөздерін шатастырып алған. Оны жақында Нұртас Жұма Бек есімді әлеуметтік желі қолданушысы аңғарып, ренішін білдірді.
Негізгі Әбдірахман Асылбеков ағамыз жазған дұрыс нұсқасы былай:
Армысың, балғын iнiлер,
Ағалап алдан жүгiрер.
Iнiсi кiмнiң бар болса,
Өнерi өрлеп, iрiлер. (Қарақаттың нұсқасында: Етегі ерте түрілер)
Армысың, қарындастарым,
Ақ тамақ қарлығаштарым.
Сағынып келдiм сендердi,
Дарынды жалын жастарым.
Ал «Сауатсыздықты жалпылаған жаяудан көрген бір басқа. Ел алдында жүрген бүгінгінің аспандағы жұлдыздардан жарығын артығырақ көретін жұлдыз сымақтарымыз не айтып, не қойғанын өздері аңдамай қалатын секілді. Төмендегі бейнероликтегі Алтекеңнің (Алтынбек Қоразбаев) «Елге сәлем» әнін шырқап тұрған Қарақат салған жерден сандырақтап тұр. Ол: «Інісі кімнің бар болса, Етегі ерте түрілер», дейді. Не деген сорақылық (етегі ерте түрілген, етегі ерте көтерілген) деген сөзді қай жерде қай мағынада айтыларын қолданылатынын білмегені ме сонда?» - деп Нұртас Жұма Бек есімді әлеуметтік желі қолданушысы пікір білдірген болатын.
Бөлісу: