Асылбек Байтанұлы. Иосиф Бродский қалай тергелді?

Бөлісу:

02.03.2017 5035

Өткен ғасырдағы орыс әдебиетінде есімі танымал ақындардың бірі – Иосиф Бродский. Шығармашылығы Нобель сыйлығына лайық деп танылған әйгілі ақын 1940 жылы 24 мамырда Ленинград қаласында еврей отбасында дүниеге келеді. Әкесі фотосуретші, анасы бухгалтер еді. Әдебиет зертеушілер Иосиф Бродскийді 18 жасынан бастап өлең жаза бастады дегенмен, ақынның 1956-57 жылдары жазған бірнеше өлеңдері де бар.

Иосиф – көптеген талантты тұлғалар сияқты, тұрақты білім алмағандардың қатарынан. 7 сыныпқа екі жыл қалып жүріп, 8 сыныпты өлдім-талдыммен бітірген соң, Маяковскийдің «Кім боламында?» айтылатын мамандықтардың біразының басын шалады. Ақыры тағдыр оны ақындық жолға салады.

1962 жылы суретші ару Марианна Басмановамен таныстық ақын өміріне үлкен өзгеріс, серпіліс әкеледі. Болашақ жарына ол көптеген өлеңдерін арнайды. Философия мен діни әдебиеттерді, поэзияны «жілігін шағып майын іше» оқыған Иосифтің қоғамға деген сыни көзқарасы ерте қалыптасады. Оның коммунистік идеяға, кеңестік жүйеге деген қарсылығы өлең болып өріледі. Өзгеше ойлауды, шығандап шығуды, кеңестік көкжиектің шеңберінен асыра көз жіберуді кешірілмес қылмыс санайтын қоғамда ақын өзін өгей сезіне бастайды.

Бір жұмыстан соң бір жұмыс ауыстырып, арасында өлеңдерін жазып, аударма жасап азын-аулақ табыс тауып жүрген ақынды қоғамдық талқыға салып соттап, жер аудармақ болады.

1963 жылы «Ленинград ақшамы» газетінде Лернер дегеннің Бродскийді «паразиттік өмір сүру салтынна ие» деп қаралаған мақала жарық көріп, қоғамдық ойлау жүйесіне қайшы деп саналған үш өлеңнен мысал келтіруін оның әдебиет әлемінде зорайып келе жатқан беделін көре алмаушылар іліп әкетіп шу көтереді. Шындығында екеуі ақын Бобышевтікі, қалған біреуі Бродскийдің «Саяхат» атты поэмасынан мағынасын өзгертіп кесіп алған бөлігі еді.

Бұл оның Марианнамен арадағы келіспеушілікке байланысты қатты қиналып жүрген кезі еді. Тіпті қайғыға берілгендігі сондай, өзіне өзі қол салуға да бекінген кезі болған екен.

Бродскийді 1964 жылы ақпанда тұтқындағаннан кейін жүрек талмасы ұстап қалады. Не бары 23 жастағы қалалық жігітке бес жылға алыс түкпірге жеру аудару туралы үкім шығарыладыды. Ленинградтан кеткенімен, А.Ахматова, К.Чуковский, К.Паустовский, С.Маршак, Д.Шостакович қатарлы ықпалды зиялылардың күш-жігері арқасында жыл жарымнан кейін босатылады. Бір таңқаларлық жағдай сот жиналысына куәгер ретінде шақырылғандардың көбі: «Мен Бродскийді танымасам да...», - дей отырып, көсіле сөйлеп куәгерлік жасаған екен. «Пастернактың шығармаларын оқымасам да сынап отырмын», - дегендей «тисе терекке, тимесе бұтаққа» жағдай қай заманда да болған ғой.

1964 жылы 13 наурызда Ленинград қаласының Дзержинский аудандық сотының қаулысымен «арамтамақтығы үшін» болашақ Нобель сыйлығының лауреаты Иосиф Бродский «батыр қала Ленинградта тұруға лайық емес» деп танылып сотталады. Бұған себеп – Бродскийдің өлеңдері совет жастарына кері әсер етеді екен (алайда мұны «дәлелдеушілердің» жартысынан көбі, жоғарыда айтқанымыздай, ақынды танығаны былай тұрсын, өлеңдерін оқымағандар еді.

Идеялық қырағылық, партиялық принципшілдік тұрғысынан алғанда Бродскийдің еш жерде жұмыс істемеуі – расымен де кеңес адамына тән емес «арамтамақтық» еді. Иосиф Бродскийдің ісін қараған екі бірдей сот отырысына қатысқан жазушы Фрида Вигдорованың жазбасынан айыптаудың қалай өткенін көрейік.

Алғашқы жиналыстан үзінді келтірейік.

Судья: Сіз немен шұғылданасыз?

Бродский: Өлең жазып, аударма жасаймын. Былайша айтқанда мен...

Судья: Былайша айтып отыратын ештеңе жоқ! Нақты жауап беріңіз! Қабырғаға сүйенбей түзу тұрыңыз. Сотқа (маған) дұрыс жауап беріңіз! Сіздің тұрақты жұмысыңыз бар ма?

Бродский: Мен мұны тұрақты жұмыс деп ойлаушы едім.

Судья: Нақты жауап беріңіз!

Бродский: Мен өлең жаздым. Жазған жырларым басылып шығады деп ойладым. Менің болжауымша...

Судья: Бізге болжаудың да қажеті жоқ! Неге жұмыссыз жүргеніңізді нақтылап айтыңыз!

Бродский: Мен жұмыс істеп жүрген жоқпын ба? Мен өлең жазамын.

Сот өкілінің әлде жорта білмегенсуі, әлде шынымен де поэзиядан, шығармашылық адамының ғадетінен хабары жоқ па, үнемі қыжыртып сұрақ қоюмен болады:

Судья: Сонда сізді кім ақын деп мойындады? Сізді кім ақындардың санатына кіргізіп жүр?

Бродский: Ешкім де емес. Жалпы мені кім адамзаттың қатарына қосты дейсіз?

Судья: Сіз мұны оқыдыңыз ба?

Бродский: Нені?

Судья: Ақын болу үшін. Осыны оқытатын қандай бір жоғары оқу орнын бітіруге тырыспадыңыз ба?

Бродский: Бұл мамандық оқумен игеріледі деп ешқашан ойламаппын, ойламаппын да.

Судья: Онда қалай болғаны?

Бродский: Менің ойымша... бұл (сасқалақтап) Құдайдан беріледі.

Келесі сот жиналысы былайша өрбіген. Сот залының есігіне «Арамтамақ Бродскийдің соты» деген хабарлама ілінеді. Құрылысшылар клубының үлкен залы адамдарға лықа толады.

Алдымен сараптама қорытындысы оқылған: Психопатиялық сипаттағы мінез-құлық байқалғанымен, еңбекке жарамды. Сондықтан әкімшілік жаза жүктеу мүмкіндігіне ие». Судья тағы әдепкі дөрекі, дөкір әдетіне басып, қиямпұрыс сұрақтар қоя бастағанын көреміз.

Судья: Демек, сіз өлең деген нәрсені жазып үйде отырған екенсіз ғой. Ал, жұмысты көп ауыстырудың қандай пайдасы болды?

Бродский: Мен 15 жасымнан бастап жұмыс істедім. Баған бәрі қызықты көрінуші еді. Өмір жайлы, адамдар туралы мейлінше көбірек танып-білейін дегендіктен жұмыс ауыстыра берген едім.

Судья: Сіз отан үшін пайдалы бірдеңе істеп көрдіңіз бе?

Бродский: Мен өлең жаздым. Бұл менің жұмысым. Менің жазған дүниелерім еліме қазір қызмет етуде, келешек ұрпаққа да солай болады дегенге сендім, сенемін де...

Ақынның кеңестік өндірісте жұмыс істеп, ел қатарлы жалақысын күтіп, стандартты өлеңдер жазып, стандартты өмір сүруге қарсылығын жазалау органдары өкілдері жақсы түсінетін еді.

...Судья: Зауытта жұмыс істеп жүріп те өлең жазатын адамдар бар ғой. Солай жасауға сізге не кедергі болды?

Бродский: Адамның бәрі бірдей емес қой. Тіпті бет пішіні, шашының түсіне дейін.

Судья: Бұл сіз ашқан жаңалық емес. Мұны бәрі біледі. Ал сіз онанда коммунизмге апартын екпінді қозғалысқа қатысу жағдайыңызды айтыңызшы.

Бродский: Коммунизм құру – тек қана станоктің жанында тұру мен жер жырту емес қой. Бұл әрі зияткерлік еңбек, яғни...

Судья: Асқақ фразаны тастаңыз! Онан да болашақта еңбек іс-әрекетіңізді қалай қалыптастырмақсыз, соған жауап беріңіз.

Бродский: Өлеңдер жазып, аударма жасасам ба деген едім. Бірақ бұл қандай да бір жалпы қабылданған нормаларға сай болмаса, мен тұрақты жұмысқа кіремін, алайда өлең жазуды тастамаймын! Мен өзімді паразиттікпен тіршілік етіп жүрген адаммын деп есептемеймін.

Міне, ақыннан жауап алу осы сарында өткен.

Сот ісіне Ленинградтағы Бродскиймен байланыста болған кейбір зиялыларды да шақырып жауап алған екен. Солардың бірі – Герцен атындағы әдебиет институтының оқытушысы, жазушы, ғалым Э.Г.Эткинд. Жауап беру барысында ол ақынды қолдайды.

Эткинд: Бродскийге аудармашы ақын ретінде мүмкіндік беру керек. Қажетті кітаптар да жоқ, әдеби орта да жоқ, үлкен қаладан алыс кетсе оған қиын болады, мүлде дерлік мүмкіндік жоқ: менің терең сезінуім бойынша оны жарқын болашақ күтіп тұр. Мен «Арамтамақтың соты» деген хабарландыруды көріп қатты таңғалғанымды айтуға тиіспін.

Судья: Сіз бұл айтылым туралы білдіңіз ғой.

Эткинд: Білдім. Бірақ мұндай айтылым бойынша қабылдайды деп ешқашан ойламаппын. Оның мұндай өлең жазу техникасымен, халтура жасағысы келсе еш қиналмас еді ғой. Егер ол жеңіл-желпі жұмыс жасағысы келген болса, жүздеген жолдарды аударып тастаған болар еді. Ол ақшаны аз тапқан болса, бұл оның еңбекқұмар болмағанының дәлелі емес.

Судья: Сіз Бродскийдің танымы туралы айтып отырып, шетел әдебиетіне неге мойын бұра бересіз? Сіз неге өзіміздің отандық әдебиет жайлы айтпайсыз?

Эткинд: Мен онымен аудармашы ретінде әңгімелестім және оның американ, ағылшын, поляк әдебиеті жайлы таным-түсінігі туралы қызықтаған едім. Олар ұлы әрі алуандыққа ие және де үстірт емес.

Көпті көрген жазушы Эткинд те Бродскийге қолдау көрсете отырып, әлем әдебиетіндегі прогресті жақтайтынын байқатып алады. Ал қаралаушы тараптың айтары мына сыңайда өрбігендігін ленинградтық жазушы Воеводиннің сөздерінен аңғарамыз.

Воеводин: Жазушылар одағына Бродский өлеңдерінің үш бумасы берілген. Ондағылар үш тақырыпқа бөлінеді: бірінші – дүниеден түңілушілік, екіншісі – порнография, үшіншісі – отанға, халыққа деген жеккөрушілік, яғни бірөңкей өгей отан туралы айтады. Тұра тұрыңыз, қазір еске түсіремін... иә, «өңшең біртекті орыс тобыры». Бұл мәнсіз өлеңдерді оның арына қалдырайық. Ақын Бродский деген жоқ! Бәлкім, аудармашы болуы мүмкін, ал ақын жоқ! Бродский зиянды ықпал етті. Бродский жастарды еңбектен, әлем мен өмірден аулақтатады! Міне мұнда Бродскийдің қоғамға үлкен қарама-қарсылық рөлі бар.

«Өңшең біртекті орыс тобыры» деген сөз – расымен де кеңес халқының өмір сүру мазмұны мен формасын біркелкі пішінде қалыптамақ болған жүйенің қорғаушылары үшін кешірілмес айыптау еді. Воеводиннің сөзін белсенді айыптаушылардың бірі Сорокин жалғастырады.

Сорокин: Ол – арамтамақ, арсыз, алаяқ, идеялық тұрғыда лас адам. Бродскийді оқушылар сілекейін шашып жүр. А.Некрасов айтқан жоқ па: «Ақын болмасаң, болмассың, азамат болу – міндетің». Біз бүгін ақынды емес, арамтамақты соттап отырмыз. Мұндағы кейбіреулер не үшін отынымызды жек көретін адамды қорғаштап отыр? Мұны қорғап отырғандардың да моральдық айнасын тексеру керек. Ол өз өлеңдерінде былай дейді: «Мен өзге отанды сүйемін». Оның күнделіктерінде мынадай жазбалар бар: «Мен қызыл сызық шеңберінен шығып кету туралы көп ойландым. Менің жирен басымда конструктивті ойлар пісіп жатыр» . Ол және былай деп жазады: «Стокгольм ратушасы маған Прага кремлінен гөрі сенімдірек». Марксті ол былай деп атайды: «шырша бүрінің тәжімен көмерілген кәрі мешкей». Енді бірде былай деп жазады: «Мәскеуге менің түкіргім келді!». Міне, Бродскийдің және оны қорғайтындардың бәрінің кім екендігі!».

Шын таланттың шалғайына жабысып, қаралайтындардың қашанда табылатыны, жағатын қара күйе бояуы да дайын тұратыны – бұл өмірдің жазылмаған заңы ғой. Осылайша батыр қаладан аластатылған «арамтамақ тақпақшы» Ленинградқа оралғаннан кейін де тыныштық болмайды. Сөйтіп жеті жылдан кейін ол КГБ-нің ресми қысымымен АҚШ-қа қоныс аударады.

Шығармашылық адамына тағдырдың бір сыйы сияқты қадам болғанымен, отанынан алыс жүргенде үш рет инфаркт алып отаға түсіп өлім мен өмір арпалысқан кезде ата-анасының келуіне рұқсат берілмейді. Жүректің созылмалы дертіне шалдыққан ол 33 жасында «Сәлем, саған, қарттық шақ» деп өлең жазып, қырыққа таяғанда «Ғұмырым жайлы ұзақтан ұзақ болды дегеннен басқа не айтам» деп опынады. Әйгілі ақын отанынан босқын болып шыққаннан соң, қарт ата-анасымен кездесуді арман қылады. Кеңес Одағы құлаған соң ғана елге келіп кету мүмкіндігіне ие болады. 1996 жылы мынау жалғанды артқа тастайды. Швед академиясы «Ғаламдағы барлық болмысты біріктірген тап-таза мөлдір идеялы жырлар» деп бағалап, 1987 жылы оған әдебиет бойынша Нобель сыйлығын лайықтайды. Әйгілі ақынның бейнетпен басталып, зейнетпен аяқталған күрделі тағдырының бір үзік парасы осындай.

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар