Асылбек Байтанұлы: Қаламгерлер бір-бірін көре алмай ма немесе Қабыл синдромы.

Бөлісу:

13.03.2017 6708

Бақталастық, бақастық, қызғаныш, көре алмаушылық, ғайбаттау. Иә, бұл адамзат баласының бойындағы, туа бітті жағымсыз қасиеттердің нақ өзі. Туа бітті дейтініміз – Адам ата мен Хауа ананың бел баласы Қабыл өзінің туған бауыры Әбілді көре алмастықпен, қығанышпен өлтіргендігін меңзегеніміз. Барша адамзат баласы Қабылдың белінен өрбігенін ескерсек, бұл жаман қасиеттерді адамзаттың жан-тәніндегі «Қабыл синдромы» деп ортақ атау берген болар едік.

«Қабыл синдромы» жер бетіндегі күллі пенденің бойында әр түрлі деңгейде көрініс табуы мүмкін. Әрине, пендешіліктен биік, иманы кәміл жандардың мұндай жаманшылықты бойына жолатпайтын тазалығы боларына да сенімдіміз.

«Қабыл синдромы» біздіңше, көбінесе мамандығы, кәсібі, тіршілік қалпы ұқсас, бірақ мақсаттары, мүмкіндіктері әр түрлі жандардың арасында болатын сияқты. Әу баста да солай еді ғой – Әбіл малшы, Қабыл – егінші, Әбілдің ниеті түзу, құлшылығы қабыл болды, ал Қабылдыкін Жаратушы қабыл қылмады дегендей...

e7605c10270cfcda1306f17b193d5883.jpg

Тіпті бәсекелестік, мақтангөйліктің өзі қызғанышпен астасып жатқан жоқ па? Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» хикаятындағы еңбекқор Еңсептің түбіне жеткен де Қалпақтан асып түссем дейтін іштей бәескелестік, зәбірсіз мақтан емес пе еді. Рас, шынайы бәсекелестік, мақсатты жарыс болған жерде ілгерілеушілік болмай қоймайды. Бұл әсіресе, рухани әлемге, қаламгерлер шығармашылығына қатысты болған жағдайда, асса әлем, қала берді ұлт әдебиетіне олжа салған шоқтығы биік туынды дүниеге келері хак.

Ал ендеше, ұлттық аямен шектеуге келмейтін, әлемдік ауқыммен өлшенетін белгілі қаламгерлердің сөз ләмінде «Қабыл синдромы» қалай көрініс тапты дегенге бір көз жүгіртейікші. Қаламы жүйрік қаламгерлердің өз әріптестері туралы айтқан «тұзы мен бұрышы ащы» сөздері сақталып қалып жатса, айып па?

«Гекльберри Финнің басынан кешкендері», «Том Сойердің басынан кешкендері» және басқа да тамаша туындылардың авторы, әйгілі американ жазушысы Марк Твен «Қаруланған және өте қауіпті» («Вооружён и очень опасен») фильміне шығармасы арқау болған жазушы Фрэнсис Бретт Гарт туралы былай деп жазған екен: «Гарт – өтірікші, ұры, алдамшы, көрсеқызар, маскүнем, жігерсіз жасық, қорқақ, сатқын әрі өзін масқарасын шығармас үшін, еврей екенін мұқият жасыратын сұм».

3966dc90f6b36963643c4119c43960cd.jpg

«Могиканның соңғы тұяғы» атты тамаша туындысымен танылған әйгілі жазушы Фенимор Купер жайлы да Марк Твен тым жақсы жазбаған екен. Жазушы былай дейді: «Купердің шығармашылығында әлдебір кемшіліктер бар. Тек бір ғана «Шайқурай» шығармасының 3/2 бөлігін алсақ, Купер әдебиетке қарсы мүмкін болатын 115 қылмыстың 114-ін жасап үлгерген ғой». Мұны менсінбеу деп түсінеміз бе әлде кекету дейміз бе?

Әйгілі Марк Твеннің өзгелер жайындағы пікірінің ұшқарылығы соншама, ағылшын әдебиетінің «бірінші ханымы» атанған әйгілі жазушы Джейн Остин туралы жазбасы тіпті сорақы: «Мен өзге авторларды сынауға құқылымын деп санамаймын және мұны кейде тек жек көрушіліктен, еріксіз қалшылдап кеткенде ғана жасаймын. Мен Джейн Остинді жиі сынағанды ұнатамын – оның кітаптары мені есімнен тандыратыны сондай, тіпті өзімді өзім ұстай алмай қалатыным бар. Әр кез оның «Тәкаппарлық пен жалған сенім» оқыған сайын, мүрдесін көрден қазып шығарып алып, бас сүйегі мен асық жілігінен тартып-тартып жібергім келеді». Міне, шығармаларымен миллиондарды бас игізген Марк Твеннің өз замандастары жайлы ой-пікірі осындай!

Ал өзінінен басқа ешкім жоқтай астамсыған Марк Твеннің де сыншылары аз болмайтыны анық қой. Мұндай пікірді Уильям Фолкнер айтады: «Адамдарды үстірт әрі бошалаң ақылмен қызықтыру үшін әдеби ескі-құсқысын жергілікті өндірістің жаңа киімдерімен бүркеген бұл жазушысымақты Еуропада тіпті төртінші сорттыға да санамаған болар еді». Яғни, Маркті мойындамайтынын ашықтан ашық білдіреді.

aea21e32f30dc0aad6441fab3f657f1d.jpg

«Әр жүйрікке бір томар» демекші, Уильям Фолкнердің өзін ит терісін басына қатпатып, іске алғысыз қылған замандасы да табыла кетті. Ол – Эрнест Хемингуэй болатын. Ол Фолькнер туралы былай деп жазады: «Бишара Фолкнер. Ол шынымен де үлкен ойлар үлкен сөздерден туындайды деп ойлай ма екен?». Және бірде былай деп мәлімдейді: «Сіз әлдеқалай жұмыс орнында ішетін адам туралы естіп пе едіңіз? Бұл – Фолкнер. Ол кейде қателікке де ұрынады – мен оның бірінші рөмкені қашан босатып үлгергенін, жазған кітабының парағына қарап-ақ дәлме-дәл айтып бере аламын»

«Еруліге қарулы». Мұндай «тың» пікірлері үшін Фолкнер де Хемингуэйге қарыздар болып қалмаған екен: «Оның оқырманды сөздікке үңілуге мәжбүрлей алатындай, сөзді пайдалану қабілеті жоқ»

Нобель сыйлығының иесі Эрнест Хемингуэй замандасы Джеймс Джойс туралы мынадай пікір айтады: «Меніңше, ол кәдімгі ақымақ, оның кітабы («Улисс») біздің елімізге әлі де көп зиян шектіреді. Сіздерге зиян мөлшерін айтып нақты жауабын беру үшін оны қайталап оқитын боламын. Бірақ мұның жара қабыршағы екенін білу үшін бір табақ жара қабыршағын сарқып ішу міндет емес. Мен оны өзіне өзі қол салып өлетіндігіне сенемін». Басқасы басқа, жаулық тілеудің шегі өлім тілеуге дейін жетуін ештеңемен қатап ала алмаспыз. Шығармашылық адамдары арасындағы бітіспес бәсекелестік, бақталастықтың соңы үлкен трагедиялық халге ұшыратып жататындығына мысал да аз емес қой, тарихта.

87c1a13481dba5103a33a83b5bc2a9bf.jpg

Тағы бір әйгілі жазушы, «Бовари ханымды» жазған Гюстав Флобер атақты жазушы әйел Жорж Санд туралы мынадай «тамаша» сипаттама береді: «Дәу сиыр, іркілдеген сия». Бұл да ешбір әдепке сыймайтын қылық қой.

Орыстың әйгілі жазушысы Иван Бунин кеңес дәуірінің алғашқы кезеңіндегі әдебиеттің аса ірі өкілі Владимир Маяковски туралы мынадай ойын жазып қалдырған екен: «Маяковский кеңестік кісіжегіштіктің ең арам, ең ұятсыз да зиянкес қызметшісі ретінде және оның өзін әдеби дәріптеу мен кеңестік құл-құтандарға өзі ықпал етудің мысалы ретінде большевиктік жылдар әдебиеті тарихында қалатын болады». Маякоскийді әрине, жаман ақын дей алмаймыз. Бірақ қоғамдық көзқарасына байланысты өзге лагерьдің адамы ретінде танылған Буниннің сөзінде де жан бар ма деп ойларымыз анық.

d2c541b76c908df97ad3a479f1f2a329.jpg

Татар әдебиетінің классигі Ғалымжан Ибрагимов өз халқының поэзия әлемінде алғаш таныла бастаған жас Ғабдолла Тоқайды. «Әдебиет бағына адасып кірген көк есек» деп бағалаған болса, маркстік-лениндік идеяны негізге етіп алған ҚазАПП белсенділерінің Мағжан бастаған алашшыл қаламгерлерді қара есекке теріс мінгізгендей қылып айтқан сөздері, теңеген теңеулері аға мен ініні, дос пен досты бір-біріне жау қылған кер заманның нағыз мысалындай емес пе? «Қабыл синдромы» бұл кезеңде таптық көзқарасқа қарай көрініс тауып, «шіріген байшыл ақын», «қарақасқа кедейден шыққан халықшыл ақын» дегізіп, қаламгер қауымды екіге жарған жоқ па еді!

«Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай», - деп Абай хәкім айтпақшы, өнер жарысында, әдебиет аламанында бәйгеге түсіп жарысып, өзгелерді оқ бойы озып шаң қаптырып кетпесе де, мойны озық тұруды қай қаламгер қаламайды дейсіз. Ғұмырлық бәсеке дегеннің өзі осы ғой.

64656a1ec24a335a40e1320726779992.jpg

Жайшылықта бір-бірін «халтурщик», «сарай ақыны», «графоман», «дарынсыз», «бостекі» т.б. деп сырттай тепсіне айдындап, сарындастан сыбайлас топ құрап, жақ-жақ, БАҚ-БАҚ болып, желіде жел туғызып жататын, бірде көңілі көл, бірде қу медиен шөл жүретін, қалам ұстаған ағайынның осы бір тірлігін де «Қабыл синдромына саямыз ба, қайтеміз? Біздің айтпағымыз - арғы-бергіні қазбалап, қырық жылғыны көңірсіту емес, әдебиет әлеміндегі бақталастық, кеңталанттар мен кемталанттар арасындағы бітіспес күрес - ерте заманнан бері жалпы әлемдік әдебиетте бар құбылыс екендігін айтпақ еді. Өз қазанымыздың қақпағын ашқан жоқпыз. «Жасасын, ұлы әдебиет! Жасасын, жасампаз жазушылар!», - дейміз де, ең бастысы...

Бөлісу:

Көп оқылғандар