Рахымжан Отарбаев: Ұлылар қай заманда да бір-бірімен үндес болады
Бөлісу:
Қазақтың көрнекті жазушы-драматургі, Бейбітшілік қорының алтын медаль иегері Рахымжан Отарбаев 15 күндік шығармашылық сапармен Германияда болып қайтқан еді. Біз қаламгерге осы елде өткен кездесулер мен баспа, кітап шығару мәдениеті жайлы бірнеше сауал қойған едік.
- Алдымен сапар мақсаты жайлы айтып өтсеңіз?
- Гёте институты әлемнің 140 елінде өркен жайған. Соның үлкен бір бөлімшесі Алматы қаласында. Оның жетекшісі Барбара фон Мюнхаузен ханым. Бұл сапардың алдында бөлімше қызметкерлері соның ішінде Мюнхенде тұратын немістің үлкен жазушысы Герт Хайденрайх мырзаның қатысуымен менің неміс тіліне аударылған шығармаларыммен танысқан еді.
- Құпия болмаса қандай шығармаларыңыз?
-“Бас” романы және «Шыңғыс ханның көз жасы» повесі мен әңгімелер кітабым. Аударған өзім аса сыйлайтын ағам Әлібек Әлжанов. Сол кезде мені Берлинге шақырту, неміс баспагерлерімен оқырмандарымен жүздестіру жайы талқыланған. Барлық сапар қаражатын Гёте институты көтеріп алған бұл алғашқы жоба екен.
- Жақсы жоба екен, аға...
- Дұрыс айтасың. Германияға алғашқы қадамымды Берлиндегі мұсылмандар зиратында жерленген Мұстафа Шоқайдың Құран бағыштап, тәу етуден бастадым. Өйткені қазақ театр сахнасына арнап «Мұстафа Шоқай» тарихи драмасын жазған өзім ғой. Ал, мына бір суретке ерекше назар аударыңыздаршы. Мұстафа ағаның жанында тағы бір қазақ (?) мәңгілікке байыз тапқан сынды. Өйткені ол кезде фамилияға жалғанар “овты” біздің елден барған мұсылман баласынан басқа елде қолданбайтын еді. Бәлкім таныс-біліс, туысқандары табылып қалар деген оймен түсіртіп алдым.
- Өте дұрыс айтасыз. Талай тұлғаларымыз бұдан бұрын да Шоқай зиратына барса да, бұл назарға ілікпеден жаңалық екен.
- Мюнхенде тағы да жанымдағы сол қаланың тұрғындары, қазақшыл тұлғалар Сүлеймен Шадхам, Өмірхан Алтын, Жарқын азаматтардың бастауымен мұсылман зиратына атбасын тіредім. Онда Мұстафа ағаның серіктері Қарыс Қанатбай, Дәулеткерей Тағыберді сында біраз арыстарымыз байыз тапқан. Жандарында Шоқайдан соң «Түркістан легионына» басшылық еткен Каюм ханның да құлпытасы тұр. Немістің бар игілігін көріп 1993 жылы баһи кешіпті...
- Иманды шаруа. Енді баспагерлермен кездесуіңіз жайлы баяндасаңыз?
- «Deutsche Verlagsszene» және «Suhrkamp Verlag» баспасындағы кездесулер «Haus der Poesie» әдебиет үйіндегі сыр-сұхбат өте тартымды өтті. Жан-жақты танысулар, әдеби пікірталастар, кітап болашағы, жаңа ағым бәрі-бәрі риясыз айтылды. Жалпы ГДР кезінде қазақ жазушыларының кітабы біршама жарық көрген. Қазірде жоққа тән. Олардың анық білетіні Шыңғыс Айтматов. Бір баспагердің: Абайдың ертеде шыққан өлеңдері мен қара сөзін оқыдым. Ол туған халқын соншама жек көрген. Ал, сіз мақтап отырсыз – деп сауал тастағаны бар. Мен айттым: - Ол жек көрмеді. Мәнін айтты. Сіздің Ницщелеріңізде кезінде, неміс болашағы жоқ, құрыған халық деп жазған жоқ па еді, – деп жауап бердім. Ұлылар қай заманда да бір-бірімен үндес болады ғой.
- Өз шығармаларыңызға деген ықыластары қандай екен?
- «Бас» романым осы күзде неміс тілінде жарық көрмек. Ал, «Шыңғыс ханның көз жасы» повесі мен әңгімелер жинағым қазірде баспагерлердің талқысы үстінде. Нәтижесі көп кешікпес деп ойлаймын.
Сөз соңында Гёте институты Алматы бөлімшесінің қызметкері, неміс тілінің жетік маманы Шолпан Қызайбаева қарындасыма да айтар алғысым зор.
Бауыржан Қарағызұлы
adebiportal.kz
Бөлісу: