Амангелді Кеңшілікұлы: РУХ ЖЫРЫ

Бөлісу:

13.04.2017 10032

Тарихта кездейсоқ ештеңе жоқ. Сөз жүзінде ғана сипаты советтік болған әдебиетіміздің қилы кезеңдерді басынан өткере жүріп, ұлттық мінезі мен бет түзер бағдарынан адасып кетпеуінің түрлі тарихи себептері бар. Қол астындағы халықтарға тізесін батырып, ноқталап ұстаған алып империяларда күйреу нышанының белгілері біліне бастаған шақта, отарлық езгіде жаншылған халық рухының бұлқынып, темір құрсауды бұзып шығуға талпынып, кемелденіп кететін дәуірі болады. Ұзақ жылдар бойы бодандықтың қыспағында жүріп, қайраты шынығып, ширыға түскен елдің азаттыққа ұмтылған ұлттық мұраты сол уақытта оның әдебиетінен көрініс тауып, қоғамдық санаға қозғау салады.

Кеңестер империясының аспанын тітіркентіп, найзағайдай күркіреген алпысыншы жылдар әдебиеті халқымыздың рухани тыныс-тіршілігіне құт-береке әкеліп, алтындай сәулесін ұйытқан, қазақтың бағзысы мен бүгінгісін сұрыптап, келешектегі бағытын айқындап берген сөз өнеріміздің ғажайып дәуірі болды. Тоталитарлық тоқыраудың тоңы жіби бастаған уақытта киелі шаңырағымызға уықтай қадалған санасы сергек қаламгерлеріміз, ұлттың арман-аңсарын оқырман жүрегіне жеткізетін жаңа жол тапқысы келіп, ізденіс иіріміне түсті.

«Құмнан су іздеген құландай» (Мұқағали) творчестволық тынымсыз ізденістер жемісін бермей қалған жоқ. Ең алдымен ол поэзиямыздан көрініс тауып, дүниенің сырынан ой түюі мен жазу мәнері бір-біріне ұқсамайтын талантты ақындардың легі әдебиетіміздің алып мұхитына теңіздей болып құйылды. Көктемнің жылы лебін ала келген жыл құстарындай болған олардың бәрі де қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп, танымын тереңдетіп, өрісін ұлғайтып, өрнегін түрлендіріп жібергенімен, Мағжан мен Қасымдардың ізін басқан санаулы ақындар ғана бодандықтың бұғауынан босап шығудың бақытын армандаған мақсаттарға қол созып, қалғып кеткен халықтың санасын оятатын амал іздеді. Ұлт қасіретінің шоғына жаны күйе жүріп, өлең жазған сондай жыр алыптарының қатарында болған Жұмекен Нәжімеденовтің өнер аспанында құс жолының ізіндей сайрап жатқан дара қолтаңбасы мен өз биігін жасап кеткен шығармашылық әлемі бар. Бұрынғы өткен ақындарды қайталамайтын ол ерекшелік Жұмекеннің кез-келген өлеңінен тайға басқан таңбадай анық көрініп тұр.

Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам,
ұқсамайтын ешкімге жаңадан бір жол салам.
Сай қуалап, жұрт құсап, соқпақ қуман жымысқы,
басқан ізін ешкімнің аңдымаспын тіміскіп,
керек болса, ағайын, нағыз бұлақ, нағыз ән,—
қара шыңның төбесін тесіп тұрып ағызам.

Сәл шыдай тұр, ағайын, мен түбінде енші алам,
алтынға кім қызықса — бәрін жиып бер соған,
Маған темір күрек пен болат қайла бер мықты —
көрсетейін көкесін қайсарлық пен ерліктің.

Сәл шыдай тұр,
Мен ертең өз тайыма ер салам,
қартайды ғой Пегасың, кім қызықса — бер соған.
Жақсы өлеңді достарым жазсын менің жан сала,
мықты өлеңнің көкесін көрсетейін мен саған.

Ешкімге ұқсамайтын өнердегі жолын салғысы келген ақынға көңіл қазанында болаттай балқытылып келген ойының ауырлығына шыдау үшін қандай қайсарлық пен жүректің сабырлылығы керек болды десеңізші.

Нағыз ақындардың өмірі мен ұлт тағдырының кіндігі бір. Алпысыншы жылдардың белесінде әдебиет есігін ашқан басқа бірде-бір ақынның шығармашылығы дәл Жұмекеннің өнеріндей ұлт тағдырымен тығыз түйіскен емес. Жұмекен поэзиясын тереңірек үңіліп, өлеңдегі әр жаңа қадамына жітірек назар салсаңыз, одан тек өмір қазанындағы бұрқ-сарқ қайнаған тіршілікті ғана емес, ұлтқа жасалып жатқан әділетсіздіктермен жаны қайшылыққа түскен ақын ойының даму эволюциясын да көресің. Әр жылдары жарық көрген жыр жинақтарына, күнделігіне, туған-туысқандары мен достарының естеліктеріне, тіпті, шығармашылық табиғатын түсіне алмай көзі тірісінде ақынды сынаған мақалаларға шолу жасау сол заманның картинасын қайта тірілткендей болды. Керек десеңіз, балалық шағын көз алдымызға елестеткен естеліктердің де Жұмекеннің шығармашылық табиғатын тани түсуге тигізген пайдасы көп. Олармен танысқан соң отарлық езгіге жаны қарсы болған күрескер тұлғаның ақындық кесек мінезінің қалай қалыптасқанын аңғара бастадық.

Соған қарамастан, әлі күнге дейін әдебиетімізде Жұмекендей жаратылысы бөлек, дара құбылыстың тарих сахнасында қалай пайда болғанының себебін түсіндіріп беруге тырысқан жұмыстар жасалмағандықтан, біз әр нәрсенің басын бір шалып, малтығып келеміз. Тіпті, қып-қызыл даудың тұтанып кетуінен сескеніп, ол сұрақты қоюға жүрегіміз дауаламайтын да сияқты ма, қалай? Жұмекен творчествосы төңірегінде әңгіме қозғалғанда, емтихан «тесттерін» жаттап алған пысық оқушыдай «жұмбақ ақын», «күрделі ақын», «ХХІ ғасырдың ақыны» деген сөз тіркестерімен жұрттың басын қатырып, оқырманға бағыт-бағдар берудің орнына, оны керісінше, қара орманға кіргізіп, жолынан адастырып жібергендейміз. Ең өкініштісі ұлы ақынымызды поэзиядағы құбылыс болған «жұмбақ», «күрделі» өлеңдерді жазуға қандай ірі себептер мен әлеуметтік жағдайлардың итермелегенін сана сүзгісінен өткізіп, саралап та көрмеппіз. Әдебиетіміздің көрнекті өкілі Темірхан Медетбек қана «Тереңдік» деп аталатын мақаласында, бұрын-соңды көп адам байқамай келген шындыққа айрықша назар аударып, нағыз ақынның өмірін туған халқының тағдырынан бөліп қарауға болмайтынын жақсы жазды.

«Ақын – ұлттың ұлы ақыны деңгейіне көтерілуі үшін, ол сол ұлттың қайғы-қасіретінің қанды жасын ішіп, оның бүкіл азабын жан-жүрегімен көтере білуі керек. Қанша ол тынысты, қанша ол қуатты болғанмен, қанша ол образ, теңеу, метафораларыңызды иіріп алып кеп өлеңге қызмет еткізіп қойғанмен, ол өлеңдердің өзегінде ұлттық рух пен ұлттық мүдде жатпаса, онда ол ұлы ақын бола алмайды. Ірі ақын болуы мүмкін. Мықты ақын болуы мүмкін. Бірақ ол ұлттың ұлы ақыны бола алмайды». (Темірхан Медетбек, Үш томдық таңдамалы жинағы. ІІІ – ші том. 263 бет)

Тауып айтылған тамаша тұжырым. «Ұлттың ұлы ақыны дегеніміз кім?», деген сауалға, осыдан артық қандай қисынды жауап болуы мүмкін? Айтылған сөздің ақиқатына көз жеткізгіңіз келсе, қасіреттің пышағына жаны жаралана жүріп ұлт ақыны атанған Рудаки мен Дантелердің, Шенье мен Байрондардың, Мицкевич пен Шевченколардың, Пушкин мен Абайлардың, Махамбет пен Мұраттардың, Мағжан мен Қасымдардың, Мұқағали мен Жұмекендердің, Кеңшілік пен Жұматайлардың және ақындық сертіне адал болып қалған Темірхандардың өлеңдерін оқыңыз. Сонда нағыз ақындардың барымен мақтанып емес, ұлтының жоғын түгендеу үшін тер төгіп, әдебиет майданындағы ақ алмастай жарқылдаған Рухтың алдаспаны екеніне көңіліңізде иненің сынығындай да күдік қалмайды.

Темірхан ағамыз өз мақаласында, ақын өмір сүрген кезеңде майы таусылған шамдай өз-өзінен өшіп, бойынан нәр кеткен шөптей өз-өзінен семіп бара жатқан ұлт тағдырын да, оның әлсіз болса да жүрегінің бір түкпірінде жатқан арманды аңсарын да жазу мүмкін болмағаны екенін айта келіп, Жұмекен жөнінде мынандай ойдың басын қайырады.

«Міне, осы тұста ол «Күй кітабын» жазды. Күй тілінде сөйлеп тұрған ұлтының зары мен шерін, мұңы мен наласын, қайғы мен қасіретін өлең тілінде сөйлеткісі келді. Құрманғазылар заманындағы отарлық тепкі мен Кеңес Одағы кезіндегі отарлық астамшылдықтың бір-бірінен түк айырмашылығы жоқ екенін ұқты. Айырмашылығы үстеріндегі киімдерінде. Ол замандағы адамдар үстеріне күпі мен шекпен киіп құл болған, ал бүгінгі адамдар галстук тағып, костюм киіп құл болып жүр. Бар айырмашылық осы. Ал зорлық – сол зорлық. Қиянат – сол қиянат». (Темірхан Медетбек, Үш томдық таңдамалы жинағы. ІІІ – ші том. 263 бет)

«Күй кітабын» оқыған кездегі біздің де алған әсерімізді айна қатесіз, қаз-қалпында жеткізген Темірхан ақынның байқампаздығына тағы да ризашылығымды білдіремін. Орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің «...ұлттық сипат дегеніміз сарафанды сипаттауда емес, халық рухының өзегінде жатады» дегені, осындайда есіңе еріксіз оралып, ойыңды сан-саққа жүгіртеді екен. Ой бесігімізді тербеген осы сөздердің растығына мойындағанымызбен, егер де біз табанға түсіп, тапталып жатқан ұлтының тағдырын ақын ең алғаш «Күй кітабында» суреттеді деген тұжырымға тоқтам жасасақ, қара түнек басқан заманда халқының жанына рухының жарығын түсіріп, жүрегін елжіреткен Жұмекен жырларының ұлылық қасиетін түсінбеген болар едік.

Асылы, әр ұлы ақын «әдебиет– халықтың жаны» (Аймауытов) екенін әу бастан түйсігіне түйіп, оған адал қызмет етуге ішінен ант етіп, азаматтығы мен ар-ұяты сыналатын күреске дайындықпен келетін болса керек. Мойнына құрық салдырмайтын мінезі асау ақындарымыздың тырнақалды туындыларын парақтағанымызда, дүниеге іңкәр жүрегінің лүпілін ғана сезіп қоймай, жан әлемінің кіршіксіз тазалығы мен азаматтық бейнесінің сағымданған сұлбасын көргендей әсер алатынымыз да сондықтан. Егер Жұмекен поэзиясына ат үсті қарамай, әдебиеттегі жүріп өткен жолының әр қадамына ықыласпен зейін салсақ, оның ірі тұлғасының тарих сахнасында пайда болуының заңды құбылыс екенін аңғаратынымыз анық.

Жұмекеннің алғашқы жинағындағы өлеңдерінен-ақ халықтың Рухы үшін болатын мылтықсыз майдандардағы шайқастарға тас түйіндей бекініп келген ақынның күрескерлік тұлғасы менмұндалайды емес пе.

Кетті ұлы адам. Қайда кетті? Кім білген,

Кетті әйтеуір хош айтысып бұл күнмен.

Жас ұялап қимас көздер қалды артта,

Аспанының ақ иығын ілдірген.

Енді.. енді туа ма оған жан ұқсап,

Қараңызшы көкжиекке анықтап:

Күншығыс жақ арайланды, батысқа

Бара жатыр қара табыт қалықтап.

Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт,
Туған жерден тамырымен жұлынып?
Кімнен ғана айырылдық жұртым-ау,
Қара жалау қалыпты ғой ілініп!

Топ ішінен ымырт шалған жүздері
Көңіл байғұс сол ақынды іздеді.
Көрінбеді ол, танылмады тынысы,
Жиі соққан көп жүректен біздегі.

Қайда кетті ол бізді тастап – төзбеймін!
Жүректерге тепті батпай сөз кейін.
Ақын кетті, топас ажал қолында
Асыл кетті бір жапырақ бөздейін.

Қайда ғана, қайда ғана жол алдың?
Көру үшін туып па едік молаңды.
Ақыл-қиял сөресінен әлемдік
Бір қалың том құлады да жоғалды.

Жөнелді ақыл, бұл өмірде жұрты қап
Жыр туады, жыр туады бұрқырап.
Бір бәйтерек өсіріп ең, туған жер,
Жел өшірді – жағып едің бір шырақ.

Шер-мұң қалды у жұтынып безерген,
Ернім қалды сусын аңсап кезерген.
Бұл өлімге, бұл өлімге төзер де ем –
Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен.

1961 жылы ұлы Әуезов дүние салғанда шерлі жүрегінен толқып туған «Мұхтар қайтқанда» деп аталатын лирикалық туындыда, ертеңіне алаңдап қалған тұтас бір ұлттың қамырықты күйі асқан шеберлікпен соншалықты дәл, әрі шынайы кестеленіп, бұлыңғыр болашағына деген алаңдаушылығы қалай керемет сүгіреттелген. Басқалардың жоқтауына ұқсамайтын, өрнегі өзгеше өрілген өлеңді соңына дейін оқып шыққаныңда аза бойың қаза болып, Әуезовті қара жердің қойнына қимай-қимай тапсырып, жан дүниесі күңіреніп, ішкі әлемі теңселген миллиондаған жанарлардан «ұлттық рухымыздан айырылып қалған жоқпыз ба?» деген көңілдердің алаңдаушылығы мен ауға түскен балықтай қиналған сезімдердің арпалысын көріп, ақынның қасірет жамылып айтқан ойының тылсым тұңғиығына тереңдеп, тұншыға жаздайсың.

Күні кешеге дейін ақын творчествосына тоқталған талай еңбекті оқысам да, бірде-бір ақын, жазушы, әдебиетші, һәм философтың Жұмекеннің осы өлеңіне көңіл дүрбісін салғанын өз басым байқамадым. Басқаларын айтпағанда, тіпті, Жұмекен мұрасының бірден-бір жанашырлары болған Зейнолла, Әбіш, Темірхандардың да сөз арасында болса да осы туындыға бір тоқталмай кеткеніне қайранмын. Поэзия аспанындағы Темірқазықтай жарқыраған жұлдызды қалай елемеуге болады.

Біз мысалға келтірген осы өлеңдегі «Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен» деп аяқталатын ең соңғы түйінді сөзді әдебиеттің киелі босағасынан аттаған кездегі Жұмекен жүрегінің адал анты, айнымас серті ретінде қабылдасақ та қателеспейміз. Күңіренген көңілдердің күрсінісін жеткізген жалғыз ауыз сөзде Жұмекеннің ғана емес, алпысыншы жылдары әдебиетімізге келген мінезді ұрпақтың ұлтымыздың жоғын толтыру үшін арпалысып, жанталаса әрекет еткен күресінің мақсатты мәні түйінделген. Жұмекен творчествосы ұлттық мінезімізді қалыптастырып, әдебиет шаңырағының шайқалып, рухымыздың түсіп кетпеуіне тірек болған күресте шарболаттай шыңдала түсті.

Түрлі көзқарас тұрғысынан ақын туындыларын талдап, шашыраған шындықтардың басын біріктіруге тырысқанымызбен, әлі күнге дейін біз Жұмекен поэзиясында кенеттен жарқ ете қалған ұлы ойдың (великая мысль) ақын жүрегінде қалай тұтанғанын зерттеуге талпынып көрмеппіз. Мағынасы терең әбзел сөздеріне ғана сүйсініп, жауабын іздемек түгіл, «ұлы ойдың ұрығы ақын жанына қалай түсті?» деген күрмеуі күрделі сауалды өзімізге қоймаған да екенбіз. Әдеби сынымыздың Жұмекен әлемінің мұхиттың түбіндей тереңіне бойлай алмай, бетінде қалқып жүргенінің негізгі себептерінің бірі осында жатқан жоқ па екен? Жан-жақты зерттелмей келе жатқан ақын шығармашылығының сан қырлы табиғатына тоқталмас бұрын, әуелі осы тақырыпты індетіп, шамамыз келгенше жоғарыда қойылған сұрағымыздың жауабын табуға тырысып көрелік.

***

«Әр халықтың өзіне тиесілі еншісі бар» екенін айтқан неміс философы Гегель әлемдік ақыл айналымына тұңғыш рет «халықтық рух» ұғымын енгізген-тұғын. Оның айтуынша, халықтық рухтың арқасында тарихи үдеріс жүзеге асады. Бүгінгі таңда аксиомаға айналған қисынға сүйенсек, күні кеше ғана тәуелсіз ел атанып, азаттыққа қол жеткізген бақытымыздың әлдекімдер айтып жүргендей оңайлықпен бұйыра салған олжамыз емес, отарлық тепкіге де, шапқыншылыққа да, тоталитарлық қыспаққа да шыдай жүріп, келешектен күдерін үзбей күресіп, ұлпа жүрегі шерге толған халқымыздың тарихтан алған еншісі екеніне еш күмән қалмайды. Ұлтымыздың ең ұлы мұраты - тәуелсіздікке жету жолындағы өрмегі үзілмей, ғасырлардан ғасырға жалғасқан рух майданында елдігімізді қалыптастырып, халқымыздың жігерін жанып, намысын қайраған сөз өнеріміздің атқарған қызметі өлшеусіз зор.

Қазақтың рухы сергелдеңге түсіп, қолынан билік кете бастағаннан бергі өліара уақыттың бәрінде ұлттық арманымызға айналған азаттық идеясы ақындарымыз жырлаған ең негізгі тақырып болды. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы мен орыс отаршылдығы төбе көрсеткен тұста ұлт болып ұйысуға шақырған Бұқар бабамнан бастап, ұлт-азаттық көтеріліс поэзиясының дарабозы Махамбет, жат жұрттық езгіге қарсы күреске үндеген зар заман ақындары Мұрат, Шортанбай, Дулаттар мен Абайдың рухынан қуат алып ХХ ғасырдың басында Алаш идеясын тарих алаңына алып шыққан зиялыларымыз Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжандардың қаламын қанды жасына малып отырып жазған шығармаларының өзегі азаттық идеясымен жараланған.

Ұлтымыздың бас көтерер азаматтарының бәрін де жайындай жалмаған жиырмасыншы ғасырда қазақтың санасына шуағын төгіп, рухын кемелдендірген екі үлкен ұлттық құбылыс болды. Біріншісі, Абай ұстанған -ағартушылық бағыт, екіншісі, ұлттық тәуелсіздігімізді алып беруді көздеген - Алаш идеясы. Жалғыз пайғамбарынан айырылса рухымызға жегі түсіп, бордай тозып кететінімізді әріден ойлаған данышпан Әуезов халқымызға Абайды аманаттап кету үшін, жанкештілікпен еңбек етті. Ұлы Мұқаңның толып жатқан тақырыптарға қарамай, Абайға ғана көңіл назарының бұрылуында әдебиетпен бірге ұлтымыздың да ең ұлы мұраты болып табылатын халықтың рухын сақтап қалуды көздеген мақсат жатты. Жүз жыл бұрынғы тарихи ситуацияларды саралаған кейбір ғалымдарымыз Алаш идеясы бесігінде тұншықтырып өлтірілді деген тұрғыдағы ой айтып жүр. Мен мұндай қисынсыз пікірмен түбегейлі келіспеймін.

Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық топырағымызда қайтадан гүлдеп, жапырағы жайқала бастаған Алаш идеясы тақыр жерге өсіп шыққан бәйтерек емес-тін. Ұлттық мұратымызды айшықтаған идеяның рухани тамыры егемендікті аңсаған халқымыздың жүздеген жылдар бойғы арманын көрікті ой, кестелі тілмен жеткізген барлық ұлы ақындарымыздың азаттықты жырлаған елдік мүддесінен бастау алады. Мысалы, Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының мына шерлі толғауы, одан бір ғасыр бұрын өмір сүріп, елі үшін қайғырып, көкірегі қарс айырыла жаздаған Махамбет пен Дулаттардың зарымен үндесіп қана қоймай, мағыналық жағынан толықтыра түсіп, әдемі үйлесімділік тауып тұрған жоқ па.

Кешегі қара күндерде,

Жұлдызсыз, айсыз түндерде,

Жол таба алмай сенделіп,

Адасып алаш жүргенде,

Бұл күнгі көп көсемдер,

Сұраймын, сонда қайда едің?

Ақыл таппай дағдарып,

Жан ашыр таппай сандалып,

Барарын қайда біле алмай,

Жүрген бір күнде сан ғарып –

Есепсіз көп шешендер,

Жөніңді айтшы қайда едің?

Сарыарқа сайран жерлерім,

Көк орай шалғын көлдерім,

Бәрін жауға алдырып,

Асқар тау - биік белдерім.

Қысылып қазақ тұрғанда,

Данышпандар, қайда едің?

Атадан бала айрылып,

Қанаты сынып қайрылып,

Қасірет толып жүрекке,

Тұрған бір кезде қайғырып,

Толып жатқан қамқорлар,

Елде жоқ едің, қайда едің?

Құландай үркіп елдерің,

Қалдырып мекен жерлерін,

Жаяу, жалпы, жалаңаш,

Қатын, бала, ерлерің

Аштықтан кырғын тапқанда,

Сыпыра жомарт, қайда едің?

Кедейдің сорын қайнатып,

Майданға жасын айдатып,

Тіл жоқ, көз жоқ, басшы жоқ,

Өлімге басын байлатып –

Жіберерде, жаным-ау,

Жан ашыр, жақын, қайда едің?

Енді бүгін кім жаман?

Данышпан емес, кім надан?

Қамқор емес, кім жауыз?

Жомарт емес, кім сараң?

Көсем емес, кім жалтақ?

Шешен емес жоқ адам.

Бәрі білгіш, бәрі де ер,

Жеткіздің, Алла тағалам.

Күрескерлік қайраты жоғалып, жігері таусылып, халық жер бетінен жойылып кетпесе, көңіл бесігінде тербетіліп, жүрегінде әлдиленіп, ғасырлардан ғасырларға аманатталып, ұлттың топырағына өсіп шыққан ұлы идеясын тамырымен жұлып тастау алып империялардың да қолынан келмейді. «Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей қоймайды», - деген Ахаңның (Байтұрсынұлы) тұжырымы ақиқат болса, Алаш идеясы халықтың жанынан пана тауып, ұзақ жылдар бойы әдебиетінің қан тамырында бүлкілдеп соғып тұрды деуге толық негіз бар.

Келісу, келіспеу, шарт емес. Дәуірлер барысында тереңдігінің сыры ашыла түсетін Жұмекен поэзиясының жұрт шеше алмай жүрген құпиясының кілті «Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен», деген ойдың астарында жасырынғандай болып көрінеді маған. Қайғының жаңбыры үдей түскен өлең жолдарын оқығанда Мұқаң аманат етіп кеткен, түпкі мақсаты Алаш идеясымен сабақтасып жатқан жүктің ауырлығын сезіп, халықтың рухы үшін болатын күрестің бұрынғыдан да шиеленісе, бұрынғыдан да қиындай беретінін таразылап:

Бір күй шертем деп едім – шерте алмадым,
енді маған ақылдың бер тарланын.
Күй алғалы көп болды көңілімді,
жүрегімді көп болды өрт алғалы.

Бір сөз айтам деп едім – айта алмадым,
бұзау болды тұлпармен қайтарғаным.
Жауырына ер батқан кербестідей
Қайқаңдадым, әйтеуір, қайқаңдадым.

Түбі шертем деп келем күйімді мен,
образбен ойымды киіндірем,
Кеуде шіркін табыттан табылғанша,

табылғанша жинағым үйіндіден, - деп көмейіне кептелген ащы

шындықты ашық айта алмай, өмірі құсалықпен өткен ақын жүрегінен шыққан күрсіністің сырын шын ұға бастайсың.

Қара көздің басырын, ақ шел қаптап бара жатқан заманда өмір сүрген Жұмекеннің жан күйзелісін түсінуге болатын еді. Ол халықтың көкірек көзін ашып, елдің рухын сілкіндіретін мүмкіндіктердің бәріне кісен салынған Абай заманынан да күрделі, әрі қайшылықты уақытта өмір сүрді ғой.

Он бес жыл бұрын сөйлеген сөзімде Жұмекеннің қазақ поэзиясына Абайдан кейін үлкен тереңдікті алып келген ақынымыз екенін айтқанымда, менің пікіріммен келіспегендер де болды. Соған қарамастан мен өз сөзімнен танбаймын. Олай болуы заңды да еді. Себебі, азаттық тақырыбын жырлаудың барлық жолдары бітеліп тұрған заманда өмір сүрген ақын ол идеяны халық жүрегіне жеткізетін жол табу үшін том-том кітаптарды қотарып, күні-түні ізденіп, шындықтың топырағын Абайдан да терең қазуға мәжбүр болды. Егер ұлы Абай мыңмен жалғыз алысса, Жұмекеннің маңдайына сол замандағы бүкіл қоғамдық жүйенің надандағымен арпалысу қасіреті жазылды.

Абай заманында халқымыздың күндердің-күнінде өз азаттығын алатынына аздап та болса, алыстан мұнартқан нәзік үміт бар-тын. Гуманизмнің туын биік көтерген ұлы Толстой дүние салғаннан кейін ол үміттің сәулесі біржолата сөнді. Жарқ ете қалған жалыны кенеттен өшіп қалған Ресей әдебиетіндегі жағдайды ойласам, өткен ғасырдың басындағы Чехов пен Буниннің арасында болған мына бір әңгіме менің есіме түседі. Артық немесе асылық сөйлеуді суқаны сүймейтін Чехов бір күні көңілі тұнжырап Бунинге:

- Ертең Толстой өлген соң бәрінің де күлі көкке ұшады, - дейді мұңайып.

- Сонда не, әдебиеттің де ме?

- Ия, әдебиеттің де..

Чеховтің көріпкелдігі айна-қатесіз дәл келді. Данышпан Толстой дүние салғаннан кейін жеті жылдан соң орыс топырағында төңкеріс болды. Жалғыз Ресейге ғана емес, әкелген қасіреті бодандығында жүрген халықтардың бәрін де зар илетіп, қан құсқызған төңкеріспен бірге Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Толстой мен Чеховтар аспанға көтерген гуманизмнің туы жығылды, орыстың әдебиеті халықты адамгершілікке тәрбиелеу миссиясынан айырылып, таза идеологияның құралына айналды. ХІХ ғасырдың аяғында өмір сүрген данышпан Абай орыстың ұлы ақыны Пушкиннің:

И долга буду тем любезен я народу,

Что чувства добрые я лирой пробуждал,

Что в мой жестокий век восславил я свободу

И милость к падшим призывал – деген жалынды жырларынан қуат алып, әулиедей болған Толстойдың ««Өнер зорлық-зомбылықты жоюы тиіс. Тек өнер ғана мұны жасай алады», - деген ғибратына жүрегін жылытқан кемеңгеріміз-тұғын.

Заманның қара бұлты қоюлана түскен, Жұмекен өмір сүрген өліарада орыс әдебиетіндегі рауандап атқан руханияттың шапағындай жарқыраған гуманизмнің жалқын сәулесі де қалмай, отаршыл елдің көрсеткен зорлық-зомбылығы мен озбырлығы жылдан жылға күшейіп бара жатты. Қалың қазақтың тағдыры қара қазандағы бидайдай қуырылып, қымызымыз жауымыздың таңдайында, қыздарымыз қас дұшпандарымыздың борбайында кеткен ақтабан шұбырындыдан да өткен нәлет заманның езгісі ұлттық рухымызды жойып жібере алмаса да, тұғырын шатқаяқтата бастаған-тын.

Әрине, Абай атамыз қазақты қынадай қырған орыс отаршылдарының халқымыздың көзіне көк шыбын үймелетіп, озбырлықпен жасаған жан түршіктірерлік зорлық-зомбылығын, санасында сәулесі бар азаматтарының бәрін итжеккенге айдатып әкетіп өлтірген айуандығын көрген жоқ. Ал, Жұмекен күйеулері «халық жауы» болып атылып кетіп, жесір қалған апаларының сорғалап аққан жасына тұншыға жаздаған қасіретін көзімен көрген - зар заманының тірі куәгері, әдебиет түгіл, бір-бір елдің патшасы болуға лайық арыстарынан айырылып, ботадай боздап, жаны жазылмастай жараланған халықтың ұлы болды.

Желтоқсанның ызғарлы желіндей тоңдырған дәуірдегі барша қазақтың орны толмас қайғысын жеріне жеткізіп суреттеген «Мұқтар қайтқанда» атты ақынның зарлы толғауындағы «Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт, Туған жерден тамырымен жұлынып? Кімнен ғана айырылдық жұртым-ау, Қара жалау қалыпты ғой ілініп!», - деген өлең жолдарын оқығаныңда халқымыздың жан жарасының сыздап бара жатқанын сезіп, жон арқаңа кірпі аунағандай күй кешіп, тұла бойың түршігеді.

Жиырмасыншы ғасырдағы екі ел әдебиетінің дамуына зер салсаңыз Пушкин кемелдендіріп кеткен орыс поэзиясының күрт құлдырап, ал, қазақтың жыр әлемінің керісінше кемелденіп, ойының тереңдеп, өрнегі айшықталып, ұлттық бояуының қырғауылдың қанатындай құлпырып кеткеніне көңіліңіз сүйсінеді. Нәубәттан көзімізді ашқызбаған кезеңдердің артынан, еркіндіктің көбесі сөгіле бастаған алпысыншы жылғы жылымықтан соң біздің поэзиямызға Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Өтежан Нұрғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Қадыр Мырзалиев, Өмірзақ Қожамұратов, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов сияқты қазақ өлеңінің бояуын құлпыртып, ою-өрнегін түрлендіріп жіберген талантты ақындардың үркердей шоғыры қосылды. Ондаған жылдар бойы қазақ поэзиясының жан әлемінде тұншығып, қамалып қалған сезімдері кенеттен жарылып, сел-тасқындай болып ағылды. Кіші халықтарды торына тары шашқан бөденедей ұстап, айтқанына көндіріп, айдаған жағына қарай жүргізгісі келген Ресейдің әдебиеті болса, керісінше, шовинстік пиғылмен уланып, ұлттық тамырынан ажыраған орыстың поэзиясын даңғырлаған әуен басты. ХІХ ғасырда жанартаудай болып атылып, адамзаттық ойдың асқарына көтеріліп, әлемді таң қалдырған орыс сөз өнерінің топырағы тозып, халықтың жаны болған әдебиетіне жегі түсті. Жазушы, әрі сыншы, Дмитрий Мережковскийдің «Қазіргі кезде біз әдебиетіміздегі пушкиндік рухтың жоғалып бара жатқан мезгілін бастан кешудеміз», («Дмитрий Мережковский «Вечные спутники», 414-ші бет, «Азбука-классика» Баспа үйі, 2007 жыл) - деген сөздерінің астарында, осындай бір көңілсіз шындық бар.

Сөз жоқ, алпысыншы жылдардағы орыс поэзиясы өлеңді түрлендіру мен ойды беру жағынан әжептәуір дамыды, зор табысқа жетті, бірақ, тамырынан жұлынып кетіп, халықтық рухы мен ұлттық құнарынан айрылды. Пушкиндерден бастау алған поэзиясының ұлы дәуірі Есениндермен аяқталып, алпысыншы жылдары орыс өлеңін стадиондар мен алаңдарға алып шыққан Маяковскийге еліктеген бір топ ақындары, оны Қытайдың алмасындай дәмсіздендіріп жіберді. Данышпан Толстойдың өз елінің отаршылдық пиғылымен күресе жүріп мәпелеп өсіріп кеткен ұлы идеалы күйреп, Ресейдің өнер алаңы орыстар мен еврейлердің айтыс-тартысына айналып, жылдан жылға әдебиеті батпаққа бата берді. Вадим Кожинов сияқты әдебиет зерттеушілерінің аса ірі ақын болмаса да, өлеңдеріндегі ұлттық мінездің шырайы бұзылмаған Николай Рубцовтарды көтеру үшін, монографиялық еңбектер жазып, жырларын насихаттауға жанын сала кірісуінің артында, орыс поэзиясындағы халықтық рухты сақтап қалуға ұмтылған ниет жатқанын аңғару қиын емес.

Алпысыншы жылдардағы қазақ поэзиясының сезім тасқынын селдетіп, жапырағы жамыраған ағаштай жайқалып кетуінің ең басты себебі - ұлттық топыраққа табан тіреп қалып, рухани өзегіне жегі түсіріп алмауында. Бодандықта қорлық көрген қазақтың әдебиеті рухы түсіп, жүнжіп кетудің орнына, қайта тоталитарлық жүйеге айбат шегіп, сес танытып, мінез көрсетті. Дәл осылай болуы заңдылық-тын. Ақынның шерлі жүрегінен ащы запырындай болып шыққан сөзімен айтсақ:

Қыңыр болды не керек – болайын деп болды ма,

бір үн болды керемет – болайын деп болды ма;

ол асау да болмас ед – болмасына қойды ма

түрме, бұғау, қудалау. Дала және домбыра.

Қыңыр болмас еді ол – түзу болса тағдыры,

жұмыр болмас еді ол – ғұмыр бойы қаңғыды.

Үміт ішті кеседен – бар керегі түзде еді,

Түңілейін десе де – әлденені іздеді.

Ұқты ма оны көп адам – тапты бәрін жаңадан,

түрме, бұғау, қудалау, домбыра мен даладан.

Іздеді ол түздегі бал-арадай азайып,

гүлден бірақ бал емес, тұз жинады ғажайып;

әйтеуір бір асқарда – бұлақ барын түсінді.

Әйтеуір бір бастарда – құлақ барын түсінді.

Төзім етсе – бұлақтан бір қануға болар деп,

Өзі кетсе – құлақта үн қалуға болар деп.

Ер тірлігін ойласа – ер тірлігін ойлады,

ер тірлігін ойласа – еркіндігін ойлады.

Сондықтан да үзілмей шертілді күй ұдай бір,

дүбірі мен жүйріктің, сыңғырындай бұғаудың.

Өкінішке қарай, бізде де қазір Жұмекендей ұлы ақындарымыз гүлден тұз жинағандай болған әдебиетіміздің ғажайып дәуірі аяқталып, күрескерлік жігеріміз сарқылып, халықтық рухымыз жоғалып бара жатқан қорқынышты уақытта өмір сүрудеміз. Ар-ұятымыздың алтын Күніндей жарқыраған әдебиетіміздегі Рухтың сәулесі сөніп, қайтадан алып империялардың қармағына түсіп, құлдықтан көз жаза алмай, бірте-бірте жойылып кетеміз бе деген үрей салқынының жылдан жылға бойымды мұздатып бара жатқанын несіне жасырайын.

Бірақ бүгінгі заманның шым-шытырық шырғалаңы кімдердің нағыз ақын, кімдердің жемсауын толтырған бұлбұл, кімдердің батыр, кімдердің қорқақ, кімдердің бұқарашыл, кімдердің билікшіл, кімдердің күрескер, кімдердің рухын сатқан алаяқ екеніне анық көзімізді жеткізді. Дәл қазіргідей ақынның азаматтығы мен ар-ұяты сыналатын аласапыран заман тумағанда біз мына өмірден кімдердің кім екенін білмей-ақ өтер ме едік. Халықтық рухтың сөзімізде ғана бар, ісімізде жоқ әрекетке айналып, әдебиетіміздің өзегіне жегі түсіп, күннен-күнге ұлттық мінезімізден айырылып бара жатқанымыз – қорқынышты құбылыс.

Күні кеше ғана Жерге байланысты билікке мінез көрсетіп, халықтың бейбіт шеруге шығуы – бүгінгі әдебиетіміздің осалдығын көрсетеді. Ақын ұлтының сөзін сөйлей алмай тілін тістеп қалған уақытта, халық көтеріліп, алаңға шығады.

***

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің алғашқы кітабы «Балауса» 1961 жылы жарық көрді. Көп жағдайда біз ақындардың әбден толысып, кемелденген шағында дүниеге келген кесек шығармаларына назар аударамыз да, әдебиет әлемінің есігін аттауға куәлік алған тұңғыш жинақтарына көз қырымызды салуды ұмыт қалдырамыз. Жұмекен жайында сөз айтқандардың ішінде жазушы Әбіш Кекілбайұлының ғана әңгіме барысында «Балаусаға» азды-кем тоқталғаны болмаса, ақынның шығармашылық әлемінің табиғаты мен күрескерлік рухын аша түсуге көп көмегін тигізетін осы жинаққа мойын бұрып, көңіл бөлген кезіміз шамалы.

Кез-келген ұлы ақынға халықтық Рухтың құбылысындай қарай алмайтын мемлекеттік саясатымыздың салғырттығынан Жұмекендей таланттарымыздың ұрпаққа рухани азық болатын мұрасын жұртқа дұрыстап таныта алмай-ақ қойдық. Өнер арқылы жас буынның бойындағы отаншылдық сезімін оятуға тамызық болатын осы мәселеде еліміздің Ресей мемлекетінің өз әдебиетін насихаттауды жолға қойып, әрекет етіп жатқан ісінен үлгі алатын өнегесі көп.

Мысалы, Ресейде ұлттық әдебиетінің негізін қалаған Пушкин творчествосын зерттеген қаншама көл-көсір жұмыстар жасалуда. «Пушкинтану парақтары» деп аталатын монографиялық еңбегінде әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов «Библиография произведений А.С.Пушкина и литературы о нем. 1937-1948» деген бір ғана жинақта ұзын саны 7012 кітаптың, зерттеудің, мақаланың аты тіркелгенін айтыпты. Жарияланған басылымы көрсетілген 747 беттік бұл кітап небәрі он жылда, оның өзінде елде баспа да көбейе қоймаған, газет-журнал да аз шығатын отызыншы, қырықыншы жылдардағы он жылды қамтығанын, оған облыстық, аудандық газеттердегі жарияланымдар еңбегінің, ең бастысы – шет тілдердегі Кеңес Одағының ұлт тілдеріндегі дүниелердің атымен сырт қалғанын ескерсек, пушкинтанудың алапат ауқымын өзіңіз де аңғара аласыз.

Бұдан бөлек, Кеңес уақытында өмір сүрген ақын-жазушылардың творчествосын талдаған кейбір сыншылар пікірінің адасушылық болғанын түсіндіріп берген қаншама қыруар материал орыс баспасөзінде жарияланып жатыр. Өкініштісі, дәл осындай тұрғыдағы талантты ақындарымыздың творчествосына әділ қарамай, қалпағын теріс айналдырып кигізіп көрсеткен совет заманындағы адасушылықтарды саралап беруге тырысқан зерттеулер отандық әдебиетімізде атымен жазылған емес.

Ұлы ақындарымыз жайында іргелі еңбектер жазу ісі дұрыс жолға қойылмағандықтан шығармашылық психологиясының (психология творчество) алқабын зерттеуге біздің әлі түрен сала қоймағанымыз айтпаса да түсінікті. Сондықтан Жұмекен творчествосын танудағы ашқан жаңалығымыздың қайыршыға тастаған кедейдің садақасындай аянышты күйде екені ащы да болса шындық.

Шығармашылық психологиясы зерттелмесе де, поэзия әлеміндегі тарландарымыз Қадыр Мырзалиевтің «Ой орманы», Мұқағали Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?», Кеңшілік Мырзабековтің «Іңкәр дүние», Жарасқан Әбдірашевтің «Найзағайлы жаз» атты алғашқы жыр кітаптарындағы өлеңдердің қазақ поэзиясына жаңалық әкелген туындылар болғаны әңгіме барысында азды-кем айтылып қалады. Неге екені белгісіз, Жұмекен жайында сөз бола қалса, ақындық ізденістерінің қалай дамығанын бажайлап, шығармашылық көңіл-күйінің қалай құбылғанын жан-жақты саралай түсуге мол мүмкіндік беретін оның тұңғыш жинағы «Балаусаны» тарс есімізден шығарып, әңгімемізді бірден «Күй кітабы» немесе «Менің топырағымнан» бастаймыз. Әдеби сынымыздың кесірлі әділетсіздігінен ұлттық поэзиямыздағы құбылыс болған, өрнегі өзгеше тоқылған Жұмекеннің бұл жинағы әлі күнге дейін өзіне лайық бағасын алған жоқ. Жүрегіне салмақ түсіріп, ауруханада емделіп жатып, өмірінің ең соңғы күндерінде жазған күнделігін шолып шығып, осы бір әділетсіздіктің ақын жанын да жабырқатқанын аңғардық.

«Қазір жұрт мен туралы: «бұ қайдан шықты?» деген сауалдан, соған жауап іздеуден ауыса алмай жүр. Вознесенскийді аударды – содан шықты ма? Евтушенконы көп оқушы еді – содан шықты ма? Әлде Мұхтар мен Қадырдың бірінен шықты ма? Нәжімеденов қалай өзінен-өзі шыға қалады? Әйтеуір «шығуы» керек еді ғой? Неткен сауатсыз жұрт! Мен осы топырақта өлең жазған қай замандасымнан болса да бұрын шықтым ғой. Мен шыққанда («Балауса» 1961 жыл) әдебиетте Төлеген, Мұхтар түгілі Мұқағали, Қадыр да жоқ еді ғой?» (1983 жылы жазған ақын күнделігінен)

Айтылған сөздердің жаны бар. Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілдері болып табылатын ақындарымыз Төлеген Айбергеновтің алғашқы жыр жинағы «Арман сапары» - 1965 жылы, Мұхтар Шахановтың тұңғыш кітабы «Бақыт» - 1966 жылы, Қадыр Мырзалиевті қалың жұртқа танымал еткен туындысы «Ой орманы» - 1966 жылы, Мұқағали Мақатаевтың бірінші өлең кітабы «Қарлығашым, келдің бе?» - 1972 жылы жарық көріпті. Солай бола тұрса да, біз күні бүгінге дейін алпысыншы жылдар поэзиясындағы дүмпулер мен жарылыстардың алтын бастауында Мұқағали да, Төлеген де, Қадыр да, Мұхтар да емес, қазақ жырының дарабоздары Ғафу Қайырбеков («Дала қоңырауы», 1956 жыл), Сағи Жиенбаев («Сыйлық», 1960 жыл), Тұманбай Молдағалиев («Кәмила», 1960 жыл) пен Жұмекен Нәжімеденовтердің («Балауса», 1961 жыл) тұрғанын айтудан қашқалақтаймыз.

Оқырман көңілін жаңаша сергіткен рух самалын қазақ поэзиясына алып келген тамаша ақынымыз Қадыр Мырзалиевтің «Ой орманы» жарық көргенде, біз ол кітаптың табанын жерге тигізбей, көкке көтеріп мақтадық. Өлең өлкесіне тыңнан жол салған, соны туынды екенін айтып, баспасөз бетінде оқырманнан сүйінші сұрағандай, жарыса жазғанбыз. Дегенмен, «Ой орманына» кеңшілік жасап, тіпті, аузының суы көпіріп кеткен әдеби сынымыздың Жұмекеннің шын мағынасындағы құбылыс болған «Балаусасын» елемей қоюының себебі неде? Біздің айтпақ ойымыздың төркінін дұрыс түсінуіңізді сұраймыз, қымбатты оқушым. Ешкім де қазақ поэзиясындағы өз биігін межелеп кеткен Қадырдың «Ой орманы» кітабына берген әдеби қауымның бағасын төмендеткісі келіп отырған жоқ. Өнерге абырой әпермейтін ондай ниеттен атымен аулақпыз. Ұлттық өрісі тарылып, жырлайтын тақырыбы тақырланып бара жатқан қазақ лирикасына ой ағысының тасқынын алып келген «Ой орманы» шынында да сол кездегі қазақ поэзиясының зор табысы болды. Бірақ, неге біз, тигізген шарапаты одан кем болмаған әдебиеттің басқа құбылыстарына әділеттің көзімен қарай алмаймыз? Мұқағали мен Қадыр сияқты ірі ақындарымызға жасалып жатқан қандай да болса құрметті көпсінуге болмайды. Әйткенмен, қазақ поэзиясының тарландары Сырбай, Ғафу, Жұмекен, Төлеген, Өтежан, Меңдекеш, Зейнолла, Тұманбай, Дүйсенбек, Фариза, Сағи, Кеңшілік, Жарасқан, Жұматай, Дәуітәлі, Тынышбайларға дәл осындай ітипат таныта алмай жүргеніміздің себебі неде? Неге көзі тірісінде бір-бірінің талантын құрметтеп өткен ақындарымызды өлген соң алалайтын болдық? Аты ауызға алынбағандықтан поэзиямызға лирикалық биязылық пен жылылықтың лебін алып келген Сағи Жиенбаевтай ақынның болғанын бұл күні халық ұмыта да бастады. Талантты ақындарымыздың қай-қайсысы да халқымыздың рухына қанатымен су сепкендей болған қазақ поэзиясының қарлығаштары емес пе еді.

Нағыз әдебиеттің ісімен айналысудың орнына әр аймақ өз елінің ақындарын ғана ардақтап, жершілдік пен жікшілдіктің қып-қызыл отын жағып, халықтық рухымызды соның шоғына қақтап жатқанымызды біз неге ойланбаймыз? Әдебиеттің игілігін қолында билігі барлар мен соларға жақындар ғана артығымен көріп, өмірден өткен талантты ақындарымыздың мұрасын күресінге лақтырып тастаған, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» тірлігіміз сорақылық қана емес, халқымыздың рухына жасалып жатқан қиянат қой. Қиянат!

«Халтуршик» санаудан аймақтарымыздың бір-бірімен жарысқа түскендей болып, олардың том-том кітаптарын бұрқыратып шығарған тірлігіне қарап, «ақша жоқ» деген биліктің уәжіне еш сенбейсің. Қызық, билікке құлша қызмет еткен өлермендердің сорпасы су татитын көп томдықтарын шығаруға қаржыны аямай төгетін үкімет, классик ақындарымыздың кітабына келгенде, ылғи да тиынын санап, тарылып қалады. Егер қанында ұлттық намысы бар Серікқали Муриновтай кәсіпкер азамат демеушілік жасап көмектеспегенде Жұмекендей ұлы ақынымыздың жеті томдық толық шығармалар жинағы қолымызға тимес те еді. Секеңе мың да бір рахмет! Алла Тағала екі дүниенің де қызығын көруге жазсын, ол азаматқа. Бірақ, неге дүниеден өткен ғажайып ақындарымыздың мұрасын кітап етіп шығару ісі жекелеген адамдардың қамқорлығының арқасында жүзеге асуы тиіс? Жас ұрпақтың жүрегіне отаншылдық сезімін ұялатуға мұрындық болатын ол іс мемлекеттік дәрежеде атқарылатын үкіметтің жұмысы емес пе. Ештеңеге де, ешкімге де жаны ашымайтын мемлекеттік саясатымыздың немқұрайлығынан ұлттық сана-сезіміміз қайтадан мәңгүрттене бастаған шақта Жұмекен творчествосының зерттелмей қалғаны үшін кімді кінәларыңды да білмейсің.

Әдеби сынымыздың «Жұмекен қандай ақын?» деген сұраққа мардымды жауап таба алмай, «терең ақын» деген сөзге желімше жабысып қалғанына да міне отыз жылдың жүзі тақап қалды. Басқалар түгіл, Жұмекен творчествосы жөнінде жақсы жазған ақын Темірхан Медетбек те осы сөзге қайта-қайта қадалып, оны айналсоқтап, терең деген сөзге ерекше көйлек кигізгісі келіп, бірін-бірі толықтыра түсетін ұғымдарды, қалай қарсы қойып алғанын байқамай қалады.

«...әр ұлы ақынның өлшемі болады. Олай болса, Жұмекен Нәжімеденовтің өлшемі – тереңдік. Сөз жоқ биікте тұру мен кеңістікте жүру де қиын. Ал, бірақ тереңдікте жұмыс істеу қиын ғана емес, аса ауыр да. Кеңістікті игеруге де, биіктікті меңгеруге де болады. Ешқандай асқандық деп ойламай-ақ қояйық, рухани кеңістігіміз бен биіктігіміз біршама игерілген де...»

Талантына зор құрметпен қарайтын Темірхан ағамның осы айтқан пікірлерінің ешқайсысымен де өз басым келіспеймін. Егер біз биіктік деген ұғымды аспан деп ойласақ, космос корабльдеріміз де жете алмай жүрген миллиондаған жұлдыздар бар ол әлемде. Егер біз кеңістік ұғымын далаға телісек, біз әлі күнге дейін түсіне алмай жүрген қаншама сыр жатыр, онда.

Өнер әлеміне парасат тауының биігінен қарап, шығармашылық құшағын кеңге жая білетін ақын жүрегінен ғана терең ойдың бұлағы ағылады. Егер сіз Жұмекеннің «Балаусасын» оқыған болсаңыз, ақын жанының дархан даладай кеңдігіне қызығып, жапырағы биіктеп, тамыры тереңдеп кеткен өлеңдеріне риза болып, топырақпен емес, таспен тістесіп жатқан рухының қайсарлығына сүйсіне түсесіз ғой.

Сөзімізге дәлел керек десеңіз, ақынның жалт-жұлт еткен гауһар тастай көз жауыңды алатын өлеңдерден тұратын «Балауса» жинағының кез-келген бетінің дәмді жерінен мысал келтіре кетейін.

***

Бал балауса байтақ өлке кең мекен,

Бала гүлді кім оятты жел ме екен?

Сен кетпеші шыңды тастап, ақша бұлт,

Кету керек болса түбі – мен кетем...

***

Аяз, аяз!

Бозарды бет шымырлап,

үлпек қарда ізім қалды қыбырлап.

Қыс келгенін, мұз басқанын даланың,

Суық жел тұр құлағыма сыбырлап.

***

Ұщқыр болсаң қара бұлт,

шың қабағын баспас ең?

Көк төсінде жаралып

қалай қондың тасқа сен?

***

Жүріп келем қара жолда асығып,

(Осы жолдың аяғы – арман, басы –үміт)

Мен дайынмын

Тауық болып теруге

өз тағдырым тары болса шашылып.

***

Анау таудың басына

Қарашы бұлт тиюін.

Бұлттар, бұлттар жасырма

Табиғаттың биігін.

***

Шомылып мөлдір өзенге,

сергіп те қап ем оянып.

жауапты бір кезеңге,

Келіп те қаппын таянып.

***

Анау келген кім болды екен, біліп келші кім екен

Батырлық па? – Өз төрімде күтіп алам, түнетем.

Байлық болса қулау болар, тура қара көзіне.

Кім де болса алдамасын, алданбасын өзі де.

Қайғы болса артында оның қуанышы бар шығар,

бірі кірлеп, бірі жуып кеудем менің аршылар.

Бақыт болса, денем әлсіз көтере алман (өз ойым)

арман болса өмір-бақи арқалайын, төзейін...

Адалым боп арнап келсе – барым әзір, көңіл хош,

түсір жылдам, атын байла, қырауын қақ, тонын шеш.

Шындық болса кілем төсе, дастарқаным жаямын,

жалғандық па – тулақ таста, сүріп шықсын аяғын.

«Балаусадағы» көзіміз түскен жерден маржандай қылып теріп алған жыр шумақтарында аспандағы жұлдыздарға қолын созған асқақ арман да, дархан даламыздай кеңдік те, теңіздің түбіндей тереңдік те бар. Асылы ақын қолына қаламын алып, көңіл теңізін дауылдай толқытып, жанына тыныштық бермеген мазасыз ойларын қағаз бетіне түсіретін кезде қандай да бір терең ойды айтамын деген мақсат қоймаса керек. Алдына ондай мақсат қойған ақын жасандылыққа ұрынады.

Әдебиет әлеміне ой қыдыртып, атақты Гомердің «Иллиада», «Одиссея», Вергилидің «Энеида», Шығыс шайырлары Фирдоусидің «Шахнама», Низамидің «Ескендір-нама», Румидің «Мәснәви» дастандарын, Батыс поэзиясының алыптары Петрарканың «Лаура», Шекспирдің «Ромео мен Джулетта», Байронның «Корсар».., болмаса тіпті, төл топырағымыздағы мысалдарға жүгініп, Ілиястың «Құлагер», Мағжанның «Батыр баян», Мұқағалидың «Райымбек», Жарасқанның «Дала сенің ұлыңмын», Кеңшіліктің «Иманжүсіп» поэмаларын есімізге түсіріп көрейікші. Осы аталған шығармаларда эпикалық сарын, махаббаттың нәзік сәулесі, имандылықтың қағидалары, тарихи оқиғалардың тізбегі, өнер адамдарының жан қайғысы, даламыздың кеңдігі мен рухы бар, бірақ, тереңдік жоқ деп айта аламыз ба? Жоқ. Әр талантты ақын өзінің шығармашылық табиғатына тән тәсіл мен бояулар арқылы тереңдіктің сырын ашады. Жүз жерден ұлы болса да, жұрттың бәрі сөз патшалығындағы тереңдікті іздеуде Гете мен Абайлар салған жолмен жүре берсе поэзия баяғыда-ақ ешкімге қызық болмай қалар еді. Жұмекеннің «Балаусасындағы» мына бір өлең жолдарына назар аударыңызшы.

Қандай үміт артар едің, жаңа күн,

көктемеде бүр жарсам мен ашылып.

Бір ғажайып бәйтерек боп талабым,

бұтағыңа ұя салар жас үміт.

Жолаушы едім, үмітімді қуған ем,

мені сенім, сенімді мен әлдилеп.

Шаршармын мен, сонда-дағы туған ел,

бір бұтаңа сүйенермін қалғи кеп.

Жортармын мен күн-түн қатып сабылып,

қалар алыс бұйра тозаң бұлдырап.

Тыныстармын аспан бұлтын жамылып,

Ай астында ақ бұлақ боп сылдырап.

Алғаш оқығанда ақындық жанардан бір тамшы жастай болып үзіліп түскен лирикалық шығармада тамылжыған табиғаттың сұлу көрінісі ғана бар сияқты болып көрінеді. Шеберлік тұрғысынан назар салсаңыз, әлі он екіде бір гүлі де ашылмаған жас жігіттің шағын миниатюралық өлеңнің қауызына бүршік атқан сезімін де, таудай биік талабын да, ай астында толқыған асқақ армандарын да қалай сыйғызып жібергеніне қайран қаласың. Таза да шынайы қалпында жүрек қойнауынан шығып, ақынның жан әлемімен гармониялық үйлесімділік тапқан табиғаттың қас-қағым сәттік құбылысын сүгіреттеген өлеңде мақсатты ой айтылмаса да, жырдың әр жолында адамды тылсым тұңғиығына тарта түсетін қаншама терең сыр жатыр.

Күйшілікті де терең меңгеріп, өлеңде де ешкімге дес бермей, екі өнердің тізгінін қатар ұстаған Жұмекен Нәжімеденов сегіз қырлы, бір сырлы - таңғажайып талант. Ол суреткерлікті де, сыршылдықты да, биязылықты да, кеңдікті де, биіктікті де, тереңдікті де, сұлулықты да шығармашылық шеберлігімен ұштастыра білген ақын. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында күні-түні тынымсыз еңбек етіп, артына жеті том өлмес мұра қалдырған жыр сүлейінің қолына күрек пен қайла алып, тонна-тонна топырақты қазып, алтын іздегендей болған еңбекқорлығы мен өнерге берген адал сертінен айнымаған рухының қайсарлығына жыр жинақтарын парақтаған сайын, сүйсінген үстіне сүйсіне түсесің.

Отыз жылдан соң «Балаусаны» қайта оқып шыққанымда, Жұмекенді азаттық жайлы қалың ойдың шыңырауына батырып, шығармашылық әлемінің алқабына бостандық туралы ойдың алғашқы дәнін тастаған ақынның кім екенін тапқандай болдым. Ол - Пушкиндер мен Лермонтовтардың өздері азаттықтың ақыны ретінде табынған – Байрон.

Пышақтың қырындай ғана жыр кітабында ақын қайта-қайта Байрон шығармашылығына қызығып, оған қатарынан екі өлең арнайды. Және екі өлең де Байронның емес, тәуелсіздікті аңсаған Жұмекеннің жан шыңырауынан жеткен дауысындай болып естіліп, көңіліңнің теңізін тербейді.

Болашаққа деген ізгі бір тілек,

Арман, үміт күн кешіп ел бос қаңғып.

Сөз алғанда сен аңсаған бостандық,

Өз арнаңда өлең ақты күркіреп.

Қайран, Байрон! Ол өмір бойы қайғы мен қасіреттен көзін аша алмай дүниеден өтті. Әділеттелік іздеп, бостандықты аңсаған шайыр туған жерінен де қуылды. Байрон туындыларынан азаттық рухының лебі еседі. Жаны қайсар, мінезі асау ақын жырларындағы бостандық тақырыбының жарығы орыс поэзиясының тұлпарлары Пушкин мен Лермоновтың, немістің тамаша шайыры Гетенің де таным көкжиегін ақыл-парасатының шуағымен аймалап, ойларын көріктендіріп жібергені әдебиет тарихынан белгілі мысалдар. Қазақ ақыны Жұмекен Нәжімеденов те құлдардың қолын қысудан жиіркеніп:

Судьба! возми назад щедроты!

И титул, что в веках звучит!

Жить меж рабов – мне нет охоты,

Их руки пожимать - мне стыд! – деген Байронның кесек мінезіне тамсанып, жүрегін оттай жандырған махаббатын жасыра алмай тебіреніп кетіп, қайсар ақынды табиғат жаратқан өр рухтың құбылысына теңейді.

«Балауса» жинағындағы Байронға арналған екінші өлеңмен танысқанда, Жұмекеннің ақындық рухының азаттық идеясымен жараланып қалғанына анық көзіңіз жетеді.

Уа, керемет!

Буырқана туды өлең

Сол ғасырда өсек-ғайбат гулеген.

«Азаматтар» азап атты, тас атты

атқан тастан Байрон букет жасапты.

Жұмекен ағылшын ақынының тәкаппарлығы мен азаматтық үнінің асқақтығына бас иіп, бірте-бірте, қоғамдағы әділетсіздіктерге қарсы шындықтың қынабынан суырылып, семсердей сермелген жалынды жырларынан қуат алып, рухтана түседі. Отарлық езгіде жаны жаншылып, ыстық табада шыжғырылған тағдыры есіне түскен шайыр Байронмен рухтас екенін түсініп, оны жақын туысындай жақсы көріп, көңіл көзесіне сыймаған сезімін төгіп алып:

Осы екен ғой, осы екен ғой ой деген,

Осы екен ғой, ақын болып сөйлеген!

Көз алдымда от күреген алақан...

Ойхой менің британдық дана атам! – деп қатты толқып кетеді.

Неге ақын, сүйегі баяғыда қурап қалған, қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ағылшын Байронға «британдық дана атам» деген өлең жолдарын арнаған? Өйткені, ол азаттыққа жету жолындағы тіршілік сапары ауыр болған Байронның өмірі мен бодандықта жүріп, шерменде күй кешкен өз тағдырының үндестігін сезіп отыр.

Бұл тақырып Жұмекенге тәуелсіздік идеясын халқының санасына сыналап сіңіру үшін керек болып тұр. Байронның азаматтық өнегесі осы идеяны жүректерге жеткізу жолындағы таңдап алынған - символдық белгі.

Кіп-кішкентай Британия аралын,

тарсындың сен, жер шарына қарадың.

Арыстандай ағылшындық жүрекпен

асындың сен грек қару-жарағын.

Сөз жоқ, Жұмекен азаттық тақырыбын түрлендіру үшін жан-жақты ізденіп, Байронның өмірі мен шығармашылығын қазымырланып зерттеген. Әсіресе, ақынның «Чайльд Гарольдтың қажылығы» поэмасының Жұмекенге қатты әсер еткені анық байқалады. Француз жазушысы Андре Моруаның, орыс әдебиеттанушысы Анатолий Виноградовтың ақын жайында жазған танымдық кітаптарын Жұмекен парақтаған болуға тиіс, себебі, Байрон туралы өте көп білетіні өлеңдерінен бояуы қанық, айшығы анық болып көрініп тұр.

Толқын болып құладың сен бір керім,

Шалшық болды теңізім деп жүргенің.

Алыс жаға көрінбек ед, көрінбек..

Бітті ақыры даңқты бір өлім боп, - деп Жұмекеннің ақындық жүрегінен өлең болып төгілген ойдың тасқыны, айтылған пікіріміздің шындық екенін растай түскендей.

Лордтардың палатасында жұмысшыларды қорғап, әділеттілікті жақтап сөйлеген жалынды сөздері Байронның атын бір-ақ күнде аспанға шығарған-тын. Билік басындағы атқамінерлердің зәресін ұшырып, елді дүрліктірген оқиғадан соң 23 жасар Байронның атағы аспандап кетті. Арыстан ақынның жаңа ғана жарық көріп, әлі сиясы да кеуіп үлгермеген «Чайльд Гарольд» поэмасының алғашқы екі бөлімін жұрт талап әкетті.

Ағылшын үкіметінің отарлық саясатын әшкерелеп сөйлеген жалынды сөздері биліктің өшпенділігін туғызды. Байронның замандасы, француз жазушысы Стендаль биліктің ақынға деген ашу-ызасын «саяси ашу-ыза» ретінде бағалады. (Қараңыз: Стендаль. 15 томдық шығармалар жинағы. – М., Правда, 1959. 7-том – 297 бет).

1816 жылы ақынға қарсы ұйымдастырылған науқан Байронды біржолата Отанын тастап кетуге мәжбүр етті. Қуғында жүріп ол Италия мен Грекияның тәуелсіздігі үшін күрескен қозғалыстарға қолдау білдірді. Байрон поэзияға азаттықтың рухын алып келді. Ақын қайтыс болғанда жазушы Вальтер Скотт өр ұланын жоқтап, қабырғасы қайысқан халқының қайғысын былай жеткізді: «Әділетті бетке айтқан дауыстың да, оны жамандаған сөздердің де үні бір сәтте өшіп, біздің бойымызды аяқ астынан аспанның жарығы жоғалып кеткендей сезім билеп алды».

«Балаусаны» оқығанда Жұмекен Нәжімеденов поэзиясындағы оттай жанған азаттық жалынының кенеттен пайда болуына Байрон шығармашылығынан ұшқындаған ойлардың әсер еткенін байқайсың. Тәуелсіздікті жырлаудағы екі ел әдебиетіндегі ұлы ақындардың рухани үндестігіне көзің жете түседі. Азаттық тақырыбының бірте-бірте Жұмекен шығармашылығының күретамырына айнала бастағанын көресің.

***

Бір күні Смирнованың үйінде өткен кеште бар жан-тәнімен Пушкиннің әсерлі әңгімесін тыңдап, кейбір сөздерін ара-тұра қойын кітапшасына жалма-жан түртіп жатқан Гогольді көріп қалған Жуковский ризашылық сезіммен оған былай дейді: «Сен Пушкиннің айтқан сөздерін жазып жатсың ба? Өте дұрыс жасайсың. Пушкиннің кез-келген сөзі баға жетпес байлығымыз. Ол он сегіз жасында отыз жастағы адамдай ойлайтын. Ақынның ойы өзінің Құдай берген жасынан әлдеқайда ерте жетілді».

Жұмекен Нәжімеденовтің жеті томдық толық шығармалар жинағын оқып шыққанымда, менің де дәл осындай мағынадағы сөздерді ақынға қаратып айтқым келіп кетеді. Әр жинақ сайын жаңа қырынан танылып, ойы өсіп, рухы кемелдене түскен жыр тұлпарының табиғи зердесіне таң қаламын. Ойлы өлеңнің тасқынын селдетіп, сөз патшалығына ол үлкен дайындықпен келді. Қазақтың талантты ақындарының ғана емес, жаһан жауһарларының үздік шығармаларының да бәрін оқып, ғибрат алып, дүниетанымын байыта түсті. Мәңгі ескірмейтін асыл жырдың бағасын білген ақын рухы мен жанына кір жұқтырмаған адамның жүрегінде ғана нағыз өнердің туатынын ерте түсінді. Өнердегі жасандылық пен жалған атақтан бойын аулақ ұстады. Айқай салып, шындықтың бағасын арзандатпау – Жұмекеннің ақындық кредосы болды. Ол осы ұстанымынан өмір бойы айныған жоқ.

Жел екпінін маған берсе табиғат,

маған берсе судың күшін табиғат,

жаңғырығын берсе жақпар таулардың,

даладай ғып кеңдік берсе табиғат;

берсе маған нөсерлі көк күркірін,

бұлт астынан шыққан күннің кірпігін,

жеті бояу қосып берсе түр-түрін,

дүние қолда тұрса нандай бір тілім;

жол қуатын қиған күннің өзінде,

су ағысын құйған күннің өзінде,

алақанға ап асқар таудың өзінде,

Дала құсап кеңіген бір кезімде –

Соның бәрін айналдырып мен үнге,

үш күн, үш түн айқайласам кемінде,

айқай салсам ел-жұртымды сүйем деп

айқай салсам топырағымды сүйем деп,

жар салсам мен екі тілде..

бес тілде –

бірақ оған сенбес еді ешкім де,

сенбес еді,

«күмәнді» атап тірлікті,

қазығына таңар еді бір мықты;

жатып келіп тексертер ед,

Сен де, дос,

айқай салып арзандатпа шындықты.

Тыным таппай ізденіп, бұрқыратып жыр жазғанымен Жұмекеннің шығармашылық табыстарына көңілі толып, қанағаттанған кезі аз болды. Оқырманды қайта-қайта таң қалдыру үшін, шығармашылық шеберханасынан шықпай жұмыс істеп, шындықтың топырағын бұрынғыдан да терең қопара түсіп, келер күнді ұялмай қарсы алғысы келген ақынның көңілі бір сәтке де байыз таппады.

1961 жылы «Балауса» жарық көрді. 1962 жылы «Сыбызғы сыры», 1964 жылы «Өз көзіммен», 1966 жылы «Жарық пен жылу», 1967 жылы «Күй кітабы», 1968 жылы «Мезгіл әуендері», 1970 жылы «Ұлым, саған айтам», 1971 жылы «Қызғалдақ жайлы баллада», 1972 жылы «Мен туған күн», 1973 жылы «Ақ шағыл» романы, 1975 жылы «Кішкентай» романы, 1977 жылы «Даңқ пен дақпырт» романы, 1979 жылы «Жеті бояу», 1980 жылы «Шуақ», 1982 жылы «Ашық аспан», «Темірқазық» атты тереңдігі жағынан бірінен бірі асып түсетін, өлеңдегі салған өрнектері біріне-біріне ұқсамайтын жыр жинақтары туды ақын қаламынан.

Пышақтың сабындай ғана қысқа ғұмырында соншама көп іс бітіріп кеткен ақынның тау қопарғандай болған еңбекқорлығына таң қалмау әсте мүмкін емес. Ақын Жұмекен де кемеңгер Абайдай ұлылықтың шыңына, шалқар шабытпен ғана емес, ізденіспен және еңбекпен ғана көтерілуге болатынын сәуегейлікпен болжаған Лермоновтың:

Өзіңе сенбе, жас ойшыл,

Тіл өнері дертпен тең.

Көңілдің жүгін қиял қыл,

Ызаға тұтқын бойың-зең.

Қасиет тұтып, ойға ұмтыл,

Қан қайнап, қуат егілсін!

Онан гөрі еңбек қыл,

Улы сусын төгілсін.. (Абай аудармасы) деген сөздерінен тәлім алып, әлі ешкімнің соқасы тимеген өлең алқабын жыртып, ойдың ұрығын септі. Бір тақырыптан соң екіншісіне ауысып түрлі поэмалар жазады. Шебер жазылған дастандарына да көңілі қанағаттанбаған ақын көңілі бір мезгіл прозаға да ауа бастады. Байқайсыз ба, Жұмекеннің көңіл қалауы поэзия болғанымен, ол тіпті, прозада да талай мықты жазушыны жолда қалдырып кетіп, үш сүйекті роман, көптеген әңгімелер жазды. Өлең табиғатын терең түсініп, шеберлікпен талдаған сын мақалалары қандай, ақынның? Алайда, біз осы уақытқа дейін тек ақын Жұмекенге ғана назар аударып, прозаик Жұмекенге көңіл бөлмей келеміз. Әділіне жүгінсек, ақын қаламынан туған «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» романдары қазақ прозасындағы бітімі бөлек туындылар. Социалистік реализмнің тар шеңберінен шыға алмаған сыншылар өз уақытында бұл үш романға теріс батасын берді. Өкінішті! Ғажабы Жұмекен романдарындағы көтерілген әлеуметтік шындықтар мен адамгершілік мәселелері әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Тырнақ астынан кір іздегендей болған сыншылардың бұл үш романдағы Жұмекеннің шығармашылық шеберлігі туғызған ұлттық образдарға назар аудармағаны көңілімізде өкініш сезімінен басқа ештеңе туғызбайды.

Прозадан бөлек, аударма саласындағы Жұмекен еңбектерінің өзі тұтас бір әңгіменің тақырыбы болуға жарайды. Ол Шығыстың ұлы шайыры Сағдидың «Бустанын» бояуын құлпыртып, ана тілімізде еркін сөйлетті. Түркияның ақындары Назым Хикмет, Зия Осман Саба, Рифат Ылғаз, Фазыл Хұсно Даглараджа, Орхан Уәли, Октай Рифат, Мәлік Андай, Жахид Көлеби, Сабахатдин Құдрет Ақсал, Неджети Жұмалы, Неузат Ұстұн, Суат Ташер, Ахмет Әріп және Атаол Бахрамоғлының жырларын да қазақшаға тамаша тәржімалады.

Чехтардың ғажайып ақыны Витезслав Незвалдың өлеңдерін керемет аударған Жұмекеннің өлең рухын терең түсініп, өрнегін бұзбай, тігісін жатқызып бере алған шеберлігі қандай ғажап! Өлеңнің аударма екенін айтпай, Жұмекеннің төл туындысы десе де сөзімізге шүбасыз сенеріңізге бәс тіге аламын. Ақынның тәржімалауындағы «Эллегия» деп аталатын мына өлеңді зейін салып, оқып көріңізші.

Бір күндері боламыз-ау біз де ұмыт,

Жаңа ақындар келер жырды қыздырып

Біздің еткен еңбегіміз өтелер,

Әлде біреу есіне алса үздігіп.

Біз көтерген тулар да көп, атақ көп,

Атақтылар арасында шатақ көп, -

Біз аулақтан қызығармыз, қарармыз

Батқан күннің артындағы шапақ боп.

Қарармыз біз,

Қайғырмай да

Қиналмай,

деп қоярмыз:

«Өмір түбі – иман ғой!»

Даңқ, атақ жоқ,

Жатармыз біз бір аунап,

Тырыспай-ақ әлдекімге ұнауға,

Керек болмай қадірің де,

Халқың да

Қарармыз біз бәріне де салқындап,

Бәрін көріп бәз қалпында,

Аяғы:

Аңсармыз тек жұртымызды баяғы,

Өшер бәрі,

Оқыр тағы мастанып

Әлдекім өз ғұмырының дастанын.

Бақыт деп ек туған жердің топырағын,

Жатармыз біз сол топырақты жастанып.

Витезслав Незвал ХХ ғасырдың жаңашыл ақыны. Әлемге әйгілі шайыр Назым Хикмет өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында дүние салған Незвал творчествосы жөнінде былай деп айтқан болатын: «Незвал творчествосындағы мұң - күшті, азаматтық мұң, түңілу, торығу емес. Незвал творчествосында күлкі, қуаныш, өмірге сену бар. Ол - оптимист, бірақ күні үшін жылтыраудан аулақ.

Витезслав Незвал ғасырдың ең шұрайлы ақындары: Маяковский, Лорка, Тувим, Нерудалармен қатар тұр.

Ақын Незвал сурет пен музыканы сүйетін. Ол суретте жақсы салумен қатар, рояльда тамаша ойнайтын. Жас кезінде сурет өнері мен музыканың қайсысын қуарын білмей көп толғанған.

Мен чех тілін білмеймін. Дегенмен, Незвал жырларын, жолма-жол аударма тілінде оқығанның өзінде ақын ойының өткірлігіне, дәлдігіне таң қалам».

Орыстың ең күрделі ақыны Андрей Вознесенскийдің өлеңдерін Жұмекен түпнұсқадан да асырып аударды. Жұмекеннің тәржімалауында Вознесенскийден гөрі қазақ ақыны Нәжімеденовтің рухы үстем болып тұр. Қайта орыс шайырының қияс-қияс ой бұрау үшін ғана айта салған кейбір өлең жолдарына ол жан бітіріп, бояуын құбылтып, мағынасын тереңдетіп жіберген.

Мен – тоқырау үстіндемін.

Жан меңіреу.

Күн сайын бір жол жазам деп, екпіндеп.

Қайрайды дос,

ал, менде –

бір жол да жоқ, жоқ күн де.

Менің далам жатыр үнсіз түкпірде,

Заводтарым тоқтап қалды сиқырлы.

Жанның жұмыссыздығы

Есінейді бір түрлі.

Менің сыншыл іздегішім шындықты

Тісін қайрап мақаласын жазады.

Тоқырауы жоқ қоғамда осынау

Жалғыз тартам тоқыраудың азабын...

Дәл осы аудармада Вознесенкийге қарағанда азаттығынан айырылған қоғамда өмір сүріп, өнердегі біржақтылық пен бірсарындылықтан жалыққан Нәжімеденов жанының жалғыздығы басымырақ көрініс тапқан.

Жалпы өзіме Вознесенскийге қарағанда Шығыстың ұлы шайыры Сағдидың жырларын қазақша сөйлеткен Нәжімеденовтің тәржімалары бір табан болса да жаныма жақын. Екі ұлы ақын бір-бірімен үндесіп қана қоймай, бірін-бірі толықтыра түскендей. «Бустан» аудармадан гөрі, нәзирә үлгісімен шығарманың рухын дәл берген Нәжімеденовтің төлтума туындысына көбірек ұқсайды.

Асықпаңдар айыптыны асуға,

Көк түймедей миың болса басыңда.

Қыл мойынды қию оңай болады,

Бірақ қайта жалғау – қиын соғады...

Адам. Адам. Әділ қайғы - әр ұғым,

Құяды оған мейірімділік жарығын.

Соғыс болса – соғысқа да көне біл,

Жазу үшін бейбіт күннің өлеңін..

Әдебиеттегі мықты ақындардың шығармаларын Жұмекен олармен ой таластыра отырып аударады. Ол туындылардан ақын даналықтың кені мен парасаттың байлығын табады.

Әр жинақ сайын Жұмекеннің көпшілік күтпеген тосын қырынан танылып, жаңаша түлеуіне сол жасаған аудармалардың тигізген шарапатының да зор ықпалы болғанын айта кеткен ләзім. Ақынның тау қопарып, тас жарғандай болып еңбек еткен ізденістерінен кейінгі көтерген тақырыбының өткірлігі жаныңды ұстарамен тіліп жібергендей күйге түсіреді. Айталық, қазақ поэзиясында соғысты жырламаған ақын кемде-кем. Бірақ осы тақырыпты дәл Жұмекендей асқан шеберлікпен және тапқырлықпен суреттей алған кім бар?

Әр жыл сайын әлдеқайдан бір құпия жел есер,

әр жыл сайын түн қойнында әлдекімдер кеңесер.

Жиырма миллион!

(нольдері көп демесең)

қағазды да қайыстырмай жазылар сан емес ол.

Жиырма миллион үміт, тілек, қайғы, арман, -

Сонау жылы қайтпай қалған майданнан

әкелер мен ағалар.

Жо-жоқ, қате!

Қайтпай қалған жоқ олар;

Тоғызыншы май сайын сол Ер халық

күнбатыстан бұлт секілді торланып –

қалың гуіл түнгі аспанға тарайды;

ең биікке шығып ап

қырық миллион көз-жұлдыз боп қарайды

ұрпақтардың тірлігіне қызыға,

содан кейін окобына-сызына.

Қайта құлаған шақта

солқылдайтын секілді Жер бір түрлі –

жапырақтың көзіне жас іркілді.

Ой қазанында қайнатылып, ақындық жүректен балқып түскен өлеңнің көркемдік құйылымынан мін таба алмайсың. Лирикалық туындыда бір артық сөйлем түгіл, бір артық сөз жоқ. Табиғат көріністерінің бәрі: әлдеқайдан есе қалған жел де, кенеттен пайда болған қара бұлт та, гуілдеген аспан да, жымыңдаған жұлдыздар да, жаңбырдың тамшысы тиген жапырақтар да өлеңдегі өз қызметін соншалықты дәл және шынайы атқарып тұр. Енді бір сәтте өлең ырғағының екпіні дауыл күнгі толқыған дариядай күшейе түсіп, көз алдыңдағы табиғат көріністерінің бәрі де кенеттен соғыстан оралмаған жауынгер бабаларымыздың рухын айналғандай болып, теңселіп қоя береді.

Жиырма миллион ұлы Армия, ұлы рух

көтеріліп қайтадан

әр жыл сайын бір-ақ түнге тіріліп,

орман болып түннің желі шайқаған

түйіледі қырық миллион жұдырық

тірі қалған жауларына.

Түн тымық,

түнгі самал алыс қырда тімтініп,

іздеп жүріп «туысқандар моласын»

оятады түгел бәрін.

Өлең оқығандай емес, қан майданда қаза тапқан батыр аталарымыздың қайсар рухына арналып жазылған азалы музыканы тыңдағандай болған жаның қайғының отына орана түседі. Сезім дауылымен көңіліңнің теңізін шайқаған өлең жолдарынан енді бір сәтте жаныңды тәтті күйдің ырғағымен тербеген музыканың әсерлі әуені естілгендей болып, шаттық пен қуаныштан жарыла жаздаған жүрегің жапырықтай дірілдей жөнеледі. Ұрпақтарының тірлігін көру үшін бір күнге тіріліп кеткен майдан даласынан оралмаған батыр бабаларымыздың рухын сезгендей боласың.

Ер-жігіттер – әлемді алған атағы –

сарт-сұрт етіп сапқа тұрып жаиады.

Содан кейін..

«Отбой» алып бір тұстан

жолдарымен қырқысқан,

жиырма миллион көлеңке боп шұбалып,

курант ұрып, түн ортасы болғанда

нені қорғап өлген болса сол маңда

табысады бәрі-бәрі.

Шынайылықтың кірпішімен қаланған өлеңнің әр шумағы, әр сөзі көңіліңнің нотасын қалай дәл тауып, сезіміңнің нәзік пернелерін қалай дәл басады десеңізші. Жо-жоқ, өлең емес... Поэзияға айналған батырлық пен қайсарлықтың көрінісі, нағыз – Рух жыры бұл.

Сонсоң әлгі көп халық

бара жатыр Бас алаңды бетке алып.

Жиырма миллион Ерлік, Қайрат, Құдірет

әр жыл сайын бір рет,

партизаны арба жегіп кәрі атқа

қатысады Жеңіс түнгі парадқа.

Жиырма миллион үміт, тілек, қайғы-арман –

сонау жылы қайтпай қалған майданнан

әкелер мен ағалар.

Жо-жоқ, мүлде қайтпай қалған жоқ олар:

әр жыл сайын Тоғызыншы май түнгі

салтанатқа қаруларын қайта ілді,

қарауытып жауып өзен, жағаны

түні бойы дүбір тасты жарады...

ертесіне тірілердің парады.

Лирикалық туындыда соғыста қаза тапқан әкесінің келбетін сүгіреттейтін немесе оны жоқтайтын жолдар жоқ. Бірақ өлеңнің кульминациясындағы бір ауыз ғана жыр шумағы жаңағы біз айтқан жоқтаудың орнын артығымен толтырып, Жұмекеннің әкесі Сабыреденнің қандай азамат болғанын көз алдымызға елестетіп, ет жүрегімізді елжіретіп, көңілімізді толқытып жібереді.

Ал, біздің үй..

ерке қыз бен тентек ұл

шат күлкіге кенеледі иен-тегін.

Ескішілдеу шешем – есті болса да

әкеміздің өлген күнін сол санап

Тоғызыншы май сайын –

Сары майға пісіреді шелпегін.

Міне, керемет! Өнердегі өрнегін өзгелерге ұқсатпай салудағы шығармашылық шеберлік дегеніміз осы. Өлеңнің аяғындағы ойдың қызуы жан-сезіміңді майдай ерітіп жібереді.

Жалпы Жұмекенің шығармашылық табиғатында, қызуы бір күнге ғана жетіп, ертеңіне суып қалатын ойлар атымен жоқ. Ақынның кез-келген жыр жинағынан оттай жанған ойлардың жалыны лаулайды. Өлеңнен ойдың кенішін емес, сұлу сөздің сыңғырын ғана іздегендер Жұмекенді толық түсіне алмай, парасат ашаршылығына ұшырап жүр. Ақын ойларында адамның жанын жаңартатын және қайта тірілтетін құдірет бар. Өлеңдегі ойдың маңыздылығына Абайдан кейін зор мән берген бір ақын болса, ол – Жұмекен.

Жұмекен поэзиямыздағы жаңа құбылыс. Өрнегі өзгеше тоқылғанымен, рухы мен дүниетанымы жағынан ол Абайға ең жақын ақын. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің ішінде Абаймен ойша сырласқандар көп болғанымен, кемеңгердің жан әлемінің жалғыздығын дәл Жұмекендей түсініп, терең үңіле алған ақындар сирек, әдебиетімізде.

Бір сенімі бар еді маған да елдің,

«Ұлғайды арман»,

мен-дағы алаң болдым,

Ымыртта ымырт құсап қоңырайып,

өзімді іздеп шығып-ем – саған келдім.

Кетті дейді жыр оңбай...құрсын бәрі,

Сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып..

Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман,

түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі?!

Қара шал-ай, қарашы мойын бұрып:

жырды алдым шау тарттырып, қойылдырып.

Басқа барар жерім жоқ, саған келем

қалғанда сөзім жүдеп, ойым құрып.

Таппаған соң өлеңмен жүрек емін,

бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім:

туатығын сықылды бүгін-ертең

мраморға жазылар бір өлеңім.

Қажып келдім қасыңа қалғиыншы,

не қарғыс, не бата айтшы.. ал құйылшы.

Сен маған туған жерім сияқтысың,

аңсағанда келетін шалдың исін...

Абай санасында сәулесі бар қазақтың өмір сапарының мәнін түйіндейтін шағында іздеп баратын - рухани мешіті. Сондықтан да Жұмекен үшін Абай ескерткіші жансыз бейне емес - ұлттық Рухымыздың символдық көрінісі. Ол ойдың қуатын сол Рухтан табады.

Қазақ топырағында ұлы болып жаратылған ақынның қасіреті басқа халықтармен салыстырғанда әлдеқайда ауыр. Біздің халық қай заманда болса да Құдай бойына талант берген суреткерді, жаны оттай жанған ақынды, инемен құдық қазғандай білім іздеген ғалымды, заманынан озып туған данышпанды көре алмай, оларды күндеп, жолдарына ор қазумен келеді. Ал, халқының санасына ақыл-парасатының сәулесін түсіріп, жарқын келешекке жол бастап беруге бел буған кемеңгерге тіпті, қиын.

Ұлыларын ұлықтай алмайтын халық, керісінше, алаяқтықпен қызметке жеткен надандарын басына шығарып, хан көтереді. Паганиниге арнаған «Салыстыру» атты өлеңінде Жұмекен отарлық езгіден қанымызда қалып қойған қасіреттің шындығына тереңірек үңіле бастайды.

Боданлықтың кесапатынан, санамыздан өшпей, бойымыздан кетпей қойған, қазақты өсірмей келе жатқан бір үлкен кесел бар. Ол –құлдық мінез. Құлдық мінезден арыла алмаған халық еш уақытта да бақытты бола алмайды. Махамбеттің басын кескен зұлымдық, Абайды соққыға жыққан аярлық, Ахмет пен Мағжандардың көзін құртқан опасыздық, Мұқағалиларды зар илеткен мейірімсіздік, күні кеше ғана Алтынбектерді өлтірген опасыздық – құлдық мінездің көрінісі. Құлдыққа мойынсынған елдің өзінің құлдық өмірінен басқа ештеңені сүймейтіні әлімсақтан белгілі. Құлдық қоғамда өмір сүріп, еркіндікті аңсаған өнер адамының мына жалған дүниеден көретін қызығы қорлық пен қиянат қана.

Нені айта алсам – сенің кінәң емес қой,

нені айтпасам – менің кінәм емес қой –

сен түсіріп жатқан кезде скрипкаға күйді бір,

батыр Сейтақ отыр еді қамауда.

Қонақ үйден орын таңдап сен жүргенде,

үйді бұл

Жау түрткілеп, - түсіп еді талауға,

Сенің жарың алтын алқа таққанынша күлдіріп,

Әуес-шешей тезек терді бір қауым.

Сен әлемді таңдантқанда – Құрманғазы «бүлдіріп»,

киіп еді Спартактың бұғауын.

Сен тұрғанда кешкіғұрым ақ балконға сүйеніп,

түсіне еніп сары бөз бен кенеп көп

бабам менің бүтін үйге кіре алмады,

түйе жүн

Шекпенінен ұялғаннан емес тек.

Сен отырдың Амадидің* скрипкасын жаратпай,

*Амади – әйгілі скрипка жасаушы шебер

Махамбет те тумайтұғын ер тіпті, -

домбыра жоқ – қой шетінде отырғанда таң атпай,

көршілердің көсеуін ап шертіпті.

Мұның бәрі сенің бағаң емес қой?

Сонда осы.. Менің сорым да еместей.

Сені бүкіл Европаның «Әулиесі» мақтаса,

Ұлы Абайды өсектеді тобықты.

Жақсымызды бетімізге күйе жағып айтпасақ,

бізде-дағы талай мықты болыпты.

Байқасаңыз, ақынның мағынасы терең өлеңдерінің бәріне де Абай жырларының шуағы түскен. Абай тек ақын немесе кемеңгер ғана емес, Жұмекеннің пір тұтып сыйынатын әулиесі - рухани әкесі. Ол – қазақтың рухы. Ол Абайға, сағынғанда шалдың иісі келетін туған жеріндей сыйынады. Бірақ соған қарамастан Жұмекеннің дүниені танудағы өз жұмбағы мен ешкімге ұқсамайтын дана түйсігі болды. Ол Абайдан тағылым алды, бірақ, кемеңгердің жүріп өткен жолын қайталамай, омбылап, өнердегі өз соқпағын салды.

Жұмекен халықтың көңілінен шығатын емес, танымын тереңдетіп, парасатын биіктете түсетін шығармалар жазуды мұрат етті. Өнердегі рухани тереңдіктерді іздеді. Ақын шығармашылығында адам жанының шыңырауында жатқан «жеңілдігі - көбіктей, ауырлығы – табыттай» шындықтар зерттеліп, халық рухының тереңінде жасырынған қасіреті ашыла түседі. Жұмекен поэзиядағы біржақтылық пен жасанды қалыпты бұзып шығып, қара өлеңді жаңаша түлеткен - рух төңкерісінің жыршысы.

Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген,

Поэзия секілді бір саулы інген

Ботасы өлген секілді ертеде оның,

Абай жатқан бауырында кер төбенің.

Қасым жатқан шет жағын боз даланың,

Саулы інген – жыр кезеді боздап әлі.

Ботасы өлген батады Ана мұңға,

Ілиястың Құлагер заманында.

Алаяқ пен не түрлі қырсау мінген

Поэзия – жүр әне, бір саулы інген.

Ботасы өлген батады Ана мұңға

«Аралды» ашқан Әбділдә заманында.

Боз інген жүр, бір ойға бекіндім мен:

бұйдасын қиып кеткен секілді інген.

Бір желіге тоқтары, келері анық

деп ақындар жөңкіп жүр шелек алып.

Қайтіп бүтін бұл ырыс тисін бірден

Жәбір қолға сауынған – исіндірген?!

Бір тамшыға біреу жүр құны қалып,

Біреу шықты, әнеки, тұлып алып.

Байғұс інген.. бүйірі бүлкілдейді,

бота-қайғы бауырын түртіп жейді.

Бір шелекке нәр тамып бірер қасық,

бірер көңіл қалды, әне, құмар басып.

Ол бақыттан, достым, сен қалдың аман,

Ең тынышы –қой бағып, мал құраған...

Бос шелектің дауысы-ай даңғыраған,

бос шелектің дауысы-ай даңғыраған.

Әлемдік әдебиеттің бұлағынан қанып ішкен ақын заманға икемделіп жазылған өлеңдердің ғұмыры ұзақ болмайтынын жақсы білді. Бос шелектердің дауысы даңғыраған қоғамда өмір сүрген Жұмекеннің жаны отқа оранып, өмір бойы байыз таппады. Алайда азаттықты аңсап, өрмектің құрындай сезімдері шайқалған ақын жанын түсінетін кім бар, мына жалғанда? Айтыңызшы, кім?

Жылдар бойғы тынымсыз ізденістен туған, ақын жүрегін жарып шыққан шығармалар өнер туындылары ғана емес, түрлі қырынан ашылған, азаттық жолында қорлық көрген - туған халқының трагедиясы. Оларды оқығаныңда, ұлтымыздың бодандықтан тартқан тауқыметінің кермек дәмін ерекше сезе түсесің.

Жанын жегідей жеп, көңілін кемірген азаттық жайлы ойларын Жұмекен «Күй кітабында» кеңінен толғанып, келісті ой, көркем тілдің құдіретімен айшығын анық, бояуын қанық етіп суреттеді.

Пенде баласының бақыты Жұмекен үшін ең алдымен оның азаттығымен өлшенеді. «Күй кітабындағы» шығармалар – өнер адамының азаттығы сыналған трагедиялар. Бостандық жоқ жерде сана мен сенімнің еркіндігі жойылып, зұлымдық салтанат құрады. Адам рухының азаттығы дегеніміз, ол ең алдымен - адам санасының бостандығы. Сана азат болмаған жерде, рухтың еркіндігі кісенделіп, жан азап шегеді. Бодандықтың бұғауы қатты бата бастаған шақта халықтың азаттықты іздеудегі сергелдеңі жаңа бір шырғалаңға түседі. «Күй кітабы» қазақ поэзиясындағы бітімі бөлек туынды ғана емес, азаттық тақырыбын халық санасына жеткізудің жолын іздеген - рухтың жаңа құбылысы да.

Әсіресе, ақын жыр кітабында» Құрманғазы Сағырбайұлының «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Түрмеден қашқан», «Адай» т.с. күйлеріндегі музыканың құдіретімен жеткізген халықтың азаттықты көксеген арманын асқан шеберлікпен өлеңге айналдырып, көркем тілмен әдемі кескіндеп, оны өз заманының шындығымен шебер ұштастырған.

Жұмекен қара өлеңмен сүгіреттеген Құрманғазының «Қайран, шешемі» күйшіге емес, ең алдымен батыр ананың қайсар рухына орнатылған ескерткіш. Оқырманға түсініктірек болуы үшін күйдің шығу тарихына қысқаша тоқтала кетейік.

Ақбайдың шабармандары Құрманғазыны арбаға байлап жүргелі жатқанда шешесі Ақбаланы көреді. Əлпештеп өсірген анасына əлі күнге дейін қайырымды іс істемегеніне өкініп, енді, тағы міне, айдалып бара жатқанын ойлап, көзіне жас кеп, шешесінің қасына келеді. Күйдің тарихын жақсы білген Жұмекен осы ситуацияны поэзия тілімен шебер сөйлетеді.

Не көрсеттім мен саған,

Азапты ойдан өзге не?

Көріп едің, анажан, мен секілді «кезбеден».

Әр күн сайын басыңа бір уайым қосылды.

Әр түн сайын шашыңа бір уыс ақ қосылды.

Ұл тіледің құдайдан – алдың оны зорға, ана,

ар тіледің құдайдан – жоқпын арды қорлаған;

ақ тілеуің құдайдан – жалғыз мен ғой, балаң ғой,

бақ тіледің құдайдан – құдай оған сараң ғой;

көрмейтінін құдайдың – көріп қайтып шыдадың,

бермейтінін құдайдың – неге ғана сұрадың.

Қайран шешем, аяулы анам,

тісті едім мен – тұмша жапты.

Салмаса егер бұғау маған.

бұлқынбас ем мұнша қатты.

Құлдықтың бұғауынан қорланған Құрманғазының күйі шынымен де қандай аянышты! Көзіне жас келмек түгіл, өкіріп жыласа да кешірімді еді, күйшіге. Бірақ анасы баласының жігерін жасытқан бодандыққа, қолына кісен салған құлдықтан да бетер қорланып “Мен ұл таптым деп жүрсем, жаман, жасық немені туған екем ғой. Кімнің алдында көзіңнен жас шығарып тұрсың?” – деп, жағына шапалақпен тартып жібереді. Құрманғазы өзінің қателігін түсінеді. Орал түрмесінде жатқанда осының бəрін ойлап, шешесіне арнап “Қайран шешем” атты күйін шығарып, анасынан кешірім сұрағандай болады.

Жұмекеннің жыры да күйшінің қапастағы халін баяндағандай баяу басталады да, бірте-бірте əсерленіп, шабыттана төгіледі.

Қайғырма, ана, серттемін – бал берсе де айныман,

Күйім болар шерткенім – жан берсе де айныман.

Суық едім, жан ана, - тыншытпады күй деген

туып едім далада – өсіп келем түрмеде:

..бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады,

ханға бермес қолымды – кісен қиып барады.

Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін,

бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін.

Не деген өжет, не деген қайсар мінез! Тағдырына көнудің орнына, оған мысқылдап күле қараған, не деген тәкәппарлық! Қасіреттің жолы арқылы сәуле іздеген күйшінің азаттыққа ұмтылған жан қайғысын Жұмекен қалай керемет түсініп, табиғи қалпында қалай шынайы сүгіреттеген. Өлеңді оқығанда сонау ғасырлардың қойнауынан жеткен азаттықты аңсаған азалы үннің дауысы құлағыңа шалынғандай тұла бойың түршігіп, көкірегіңе өксік кептеліп, көзіңе ыстық жас тығылады.

Азаттықты армандаудың символы ретінде белгілеп алған кейіпкері - Құрманғазының образы арқылы Жұмекен халық бостандығының трагедиялық тағдырын аша түседі. Бостандық жоқ жерде ұлттың өмірі мағынасыз бос тіршілікке айналып, құлдық сананың шылауына шырмалып, рухы күйрейді. Бодандықта жүрген халықтардың бостандыққа ұмтылуының арғы жағында өз бақытын іздеген мағыналы күрес жатыр. Тәуелсіздігінен айырылған халық екі дүниеде де бақытты бола алмайды. Көрген күндері де күн емес - түрме, бұғау, зорлық-зомбылық пен туған топырағында қашқын атанып, жалғыздықтан жапа шегу. Құлдықтың қорлығынан асқан қандай тозақ бар мына жалғанда. Бодандықтың бұғауынан босана алмай өлген адамның жаны фәни дүниеде де тыныштық таба алмайтын шығар, сірә.

Күйші қашты түрмеден,

Қорыққаннан емес қой.

Айдын-құмға сіңіп кетті бір дене –

торыққаннан емес қой.

Күйші қашты түрмеден,

сыңғырынан бұғаудың;

жыңғылына даланың.

Ыстық ұрды маңдайға –

Көкірегінде бірте-бірте еріді үн.

Күйші қашты мазағынан түрменің

азабына бүкіл байтақ елінің.

Күйші қашты – күй мәңгі азат деп еді,

Оны бірақ кез-келген тор қамады.

Не кеңшілік беріп еді сол өмір

кеңдігінен басқа туған даланың.

Амал, нешік, бостандықты армандаған өнер адамының тағдыры осындай. Бірнеше мәрте түрмеге қамалып, Орал мен Орынбордың абақтыларына отырып шығып, қуғын мен сергелдеңге түскен Құрманғазы Сағырбайұлы тәуелсіздік туралы ой-толғамдарын музыканың әсерлі әуенімен халық жүрегіне әлдилеп жеткізсе, Жұмекен Нәжімеденов дәулескер күйшінің көркем образы арқылы, жалыны сөніп бара жатқан бостандық идеясын қара өлеңнің құдіретімен ұлтымыздың санасында қайта тірілтті. Ұлы ақынның жанынан толқып туған жырлары да Құрманғазының күйлеріндей жігерлі қуатымен борандатып, ұшқыр екпінімен сезіміңді баурап әкетеді. Тыңдап көріңізші:

Дала жатыр,

Жиылмапты-ау, етегі,

кеңдік жатыр өзіне-өзі күш бермей,

Қыр бастары қараң-қараң етеді –

ақиықтың көлеңкесі түскендей.

...Күйшіге тек кеңдік болса – болады,

топырақты танымасын, танысын;

Желк-желк етіп, ақ селеуі даланың

үдетеді ақ боз аттың шабысын.

Бүкіл маңай тарғылдана береді,

күй оянып келе ме әлде зердеде?

Шөп ызыңы – бостандықтың өлеңі

мынау жер ме,

әлде сансыз перне ме?

«Ақиқатты таныңыздар, Ақиқат сендерді азат етеді», - дейді данышпан Сократ. Жұмекен бостандыққа жету жолында, «мұз жастанып, қар төсенген» тарихи тұлғалардың тағдыры арқылы заманның дауылы үнін өшіріп тастаған, айтылмай қалған ақиқатты іздейді. Қоршаған ортаның құлы болғысы келмеген Жұмекеннің жаны азаттыққа құштар. Ақын адамның санасына үстемдік етіп, рухының еркіндігін жоққа шығарғысы келетін қоғамның әлеуметтік шындығын қабылдай алмайды. Бостандықтың сәулесін сағынып, ағынан жарылып, алыстан мұнартқан келешекке көзін тігіп жазған ақын жырларында шығармашылық шеберлікпен қатар, көріпкелдік қасиет те бар. Ол өнер адамының бостандығына кісен салудың халықтың рухы мен санасын қорлау екенін әулиелікпен жырлайды.

Тағдыр оған берді-дағы домбыра

қалды кенет өзі керең болды да.

Тағдыр оған жолын берді,

ерлеген

сол жолға өзі жатып алды көлденең.

Тағдыр оған намыс берді масқара,

масқара ғып билік берді басқаға,-

намысты ұлдың тауыссын деп зердесін,

қамыс құрлы жанышсын деп ерді есіл.

«Құдай» оған тұлпар берді мақтаныш

арқан керді тұрған кезде шапқалы.

Дос та берді – көріссін деп ай аспай,

жау да берді – алыссын деп аяспай,

келіпті оның жүз досына мың жаудан,

бірақ бәрі бір бопты күй тыңдауда.

Пәнде ғұрлы көрмеген соң басқаны,

«Құдай» да ақыр ептеп күндей бастады.

Жаратушы жаңылып-ақ бітті ғой,

жасағанның қатесі де – мықты ғой:

жолына оның жатпаса ешкім көлденең,

болмас еді мұнша биікке өрлеген.

Домбырадан қорыққаннан бұраулы,

аяққа емес, қолға салды бұғауды.

Сол бұғауды күшті қолға салмаса,

тәңір күшті көрінбес ед елге аса.

Құрекеңе бұғау «сиқыр жүзіктей»..

Ұлылардың бақыты да қызық қой.

Бостандық болмаған жерде адам өзінің құдайлық табиғатын жоғалтады. Жұмекен адамдық тұнығын сақтап қалғысы келетін құдайлық болмыстың бар екенін бостандық пен рухтың азаттығын аңсаған өнер адамының тағдыры арқылы дәлелдейді. Себебі нағыз өнер адамы – ол Құдайдың қазынасы. Адамның көңіл көзін ашатын Алланың жұмбағы өнердің табиғатында жасырынған. Бірақ сол ұлы құпияның терең сырын құлдық мінезден арылған азат ойлы адам ғана түсінеді.

Бостандық тақырыбының маңыздылығы ақын туындысында адам жанының динамикалық қозғалысы барысында жан-жақты ашыла түседі. Еркіндігін жоғалтқан адамның көңіліне Алатаудың асқақтығы да басқаша әсер сыйлайды, ма, қалай.

Алатау, деймін,

Алатау деймін..

Не түсіндің бұ дүниеде – ұлы болып Алатау,

Не тындырдың мына әлемде – шыңы болып Алатау.

Шыңы болсаң – жанды да ұқпай шығандаған

шығарсың,

ұлы болсаң – жаңғырықпай тұра алмаған шығарсың.

Мұнар басқан қар шыңдарың – тиылғаның болды ма,

сол мұнардан аршылғаның – жымиғаның болды ма.

Тыйыла алсаң, неге адымдап жүре алмайсың, Алатау,

жымия алсаң, неге ағындап күле алмайсың, Алатау.

Бұл не өзі? Шемендей болып түйілген кек пе, құйындай көтерілген сезімнің дауылы ма, бодандықтың қорлығына шыдамай, тоталитарлық жүйеге қарсы жаралы арыстандай атылған Жұмекеннің ақындық жүрегі ме? Бұл кімнің азалы үні? Отарлық езгінің тепкісіне ашынып, ғасырлар қойнауынан жеткен Құрекең домбырасының қайғылы әуені ме, әлде, азаттықты аңсап, күйзелген Жұмекеннің жан айқайы ма? Биік болып жаратылғанына да қуана алмай, шерлі жүрегін қалай жұбатарын білмей тұрған не, немесе, кім мынау? Басын мұнар басқан Алатау ма, бодандық көңілін жабырқатқан Құрманғазы ма, әлде, отарлық құлдықтың қамытынан босап шыққысы келіп бұлқынып, жанұшыра айқайлаған Жұмекеннің ақындық жүрегі ме? Бәрі, бәрі және Жұмекеннің өзі бұл кейіпкер.

Аталы ер, сен! тұйық қарап сонша күні төменге,

Жата берсең ұйып қалар қаншама ұлы денең де.

Сүгіреттей сұлулықтың киіп алып атағын,

Қыбыр етпей қыңыр шыңдар әлі қанша жатады?!

Сені демеп «бата беріп» қанша күн мен түн кетті,

Неге керек жата беріп ұлылықты міндеп қып!

Зады кез-келген ақын шығармадағы кейіпкерінің адамдық мінезі мен тереңдігін, жан дүниесіндегі толқуларды, жүрегін жабырқатқан күйзелістерді алыстан емес, өзінің ішкі әлемінің табиғатынан алады. Жырлап отырған кейіпкерінің жан сарайының сүгіреті ақынның ішкі дүниесінің гармониясымен әдемі үйлесімділік тапқанда ғана шынайы да, шыншыл шығарма туады сезімтал жүректен.

Салып қалсаң – өз бетің жоқ – тасқа тидім

нән шыңдар,

Жаңғырықтан өзге түк жоқ, босқа тұрған жансыңдар.

Тербетейік көгіс тасты –

Тартыс керек, жел керек,

кел кетейік, қол ұстасып,

кетейікші кезбе боп!...

Алатау деймін,

Алатау, деймін..

О, құдіреті күшті, Құдай- ау! Ұлы жүрек пен талант бергеніңмен, неге өнер адамының азаттығын тартып аласың, сен? Мынау жалған тіршілікте құлдықтан асқан қандай қорлық бар, пендеге. «Бақаның бағынан гөрі, тұлпардың сорын артық» (Бауыржан) көрген таланттарды «құлдық қоғамға» тап келтіріп, неге азапқа салып қойдың, жандарын? Азаттықты аңсап, арманда кеткен өнер адамдарының көзінен аққан қанды жасты неге көрмейсің, Құдай? Неге оларды үсті-үстіне қинап, үмітін сындырып, төзімін сынай бересің? Неге, туған топырағынан қашқызып, жерінен, елінен бездіресің? Ұлы адамға берген еншің қасірет пен қорлық па еді, Жаратқан ием?

Құрманғазы туралы туындылар топтамасын түйіндеген соңғы өлеңді оқығанда осындай бір мазасыз ойлар жаныңды түртпектеп, көңіліңе тыныщтық бермей, жұдырықтай жүрегіңді аласұртып қояды.

Ыстық тілген еріні.. тікен тескен тізені

бүкті қашқын,

жығылды топырақты сүзе кеп.

Қайдан шыққан бұл адам – айта алмаймын,

әйтеуір,

көкжиектің қалыпты ар жағында ізі оның.

Неге ғана құлады – айта алмаймын оны да,

сүрінсін деп мен оның жіп кергем жоқ жолына.

Құлады ол жалп етіп – шаршаған-ау, ай тегі,

(Мен де сөйтіп құлар ем –шаршамасам қайтемін).

Дана түйсігімен, сомдаған кейіпкерінің жан әлеміне еніп кеткен ақын ерекше болып жаратылған өнер адамының трагедиясына үңіле түсіп, халықтың жүрегінде жасырынып жатқан рухани тереңдіктерді табады. Жұмекен Нәжімеденов шығармаларында түрлі ситуацияға ұшыраған бір адамның трагедиясы арқылы бодандықтың бұғауынан босана алмаған тұтас бір ұлттың нағыз қасіретінің шын сыры жан-жақты ашыла түседі. Құрманғазының басындағы жағдай жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың трагедиясы. Рухы азат бола алмаған күні кешегі Мағжандар да, Қасымдар да дәл осындай зобалаңды басынан кешті. Көп шындықты ашық айта алмаған Жұмекен де жаны қиналып, жалғыздық тауқыметін тартты.

Содан кейін.. ыңырсып құлаш жерді қысты кеп,

қышқаш дерсің қолдарын – жоқ одан да күштірек.

Бүріп алып иіскеді бір көденің түбін ол,

иіскегендей жарының қос бұрымын түбінен.

Алақандай жерді сол сүйді бір сәт пысынап,

кеберсіген, еріні қас қиқымын қысып ап.

Көзін тас қып жұмды ол – дұрыс болса шамалау –

адам сірә, ләзатты көзін жұмып табады-ау.

Рухтың оты шабытынан қайнап шыққан өлеңнің әр жолы ақынның жүрегінен жалындап туып, азаттықты армандаған құмардың құшағында балқып барады. Өлеңнің әр шумағының астарынан екпіндеп, еркіндікке шақырып ескен бостандықтың құйыны сезіміңді шайқап барады. Ақын туындыларының ішкі желісінен «еркіндігінен айырылған адам көзін жұмып қана табатын», азаттыққа шақырған басқа бір шындықтың сәулесі жарқырайды.

Екі бетін шаң басқан – екі тамшы жас тіліп,

екі бетті төрт бөліп ағып түсті жақсы үміт –

әлденені тапсырды;

жаны кетті,

сол жаңағы көдені маңдайымен бастырып..

Жатты енді

Дәл осы сәт қуғыншы...

төзе алмасаң - тілді кес,

әр екі қол – бір-бір ит, әр кеудеде бір крес.

Өліп кеткен ер жанды – өлтірмек боп тағы да,

өлікті емес, ол жатқан – жерді тепті жабыла –

жырынды ғой жау деген – сескенбес ел жау да аса,

жетіп өлер жігіттің топырағы болмаса.

Жұмекен шығармашылығында суреттелетін өнер адамының көрген азабы жаныңды шоқтай күйдіре түседі. Олай болуы заңды да.

Ғасырлар бойы бодандықтың бұғауынан босана алмаған біздің халқымыздың сөз өнері ренессанстық еркіндіктің бақытын басынан кеше алған жоқ. Рухтың еркіндігіндей жалт ете қалған Махамбеттердің тағдыры аянышты болды. Қазақ топырағына ренессанстық азаттықтың алғашқы дәнін тастаған Абайдан кейін әдебиетіміздің өрісі ұлғайып Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Мағжандармен бірге өнер өлкесінде еркіндіктің самалы соғып қоя бергенімен, бақытымыз ұзаққа созылмай, арыстарымыздың тағдыры бір оққа байланып, руханиятымыздың тамырына қайтадан балта шабылды. Ұзақ жылдар бойы біздің әдебиетіміз Абайдың шығармашылық жолының заңды жалғасы бола алмады.

Алпысыншы жылдардың белесінде оқ пен оттың ортасынан аман қалғандай болып жеткен Жұмекеннің рухты жырлары ұлттық санаға қатты қозғау салды. Өнердегі қатып қалған қағидалардың тас қамалын бұзып кірген талантты толқынның қатарында болған Жұмекен азаттыққа қол созған ұлтының аянышты тағдырын жырлай отырып, қазақ поэзиясының танымын тереңдетіп, оны Абайдан кейін адамзаттық ойдың тағы бір биік белесіне көтеріп кетті. Рухтың көрінісіне айналып, Темірқазық жұлдызындай болған Жұмекен жырларының мәңгі жарқырай беретініне мен сенемін.

***

Ақын Жұмекен Нәжімеденов ұлттық топырақтан жаратылған - Рух қозғалысының суреткері. Жас кезінен бастап азаттық идеясы көңіл бесігін тербеткен ақынның бұл тақырыптың қойнауын терең қопару үшін еркіндікті аңсап өткен тарихи тұлғалардың өміріне қайта-қайта үңілу заңдылық еді. Ол бостандыққа ұмтылған және тәуелсіздігінен айырылған өнер адамдарының тағдырын қазымырланып зерттеді. Жұмекеннің шығармашылық жанары ерекше қадалған сондай тарихи тұлғалардың бірі - ұлт-азаттық көтерілісінің дарабозы Махамбет.

Жұмекен Нәжімеденовтің жеті томдық толық шығармалар жинағын оқып шыққаннан кейін, батыр Махамбеттің қаһармандық рухына арналған «Жаңғырық» секілді бітімі бөлек поэма жазу туралы тоқтамға ақынның бір күнде келмегеніне көзіміз жетті. Дастандағы айтылатын ойларға шығармашылық идеяның жаулығын жаппас бұрын, ұзақ жылдар бойы ол сезімдер ақын жүрегінде қорғасындай қорытылып келді. Қаламы төселе бастаған шақтан-ақ Жұмекен азаттықтың жебесіндей атылып, арыстандай мерт болған Махамбеттің күрескерлік болмысына қызығып, оған бірнеше өлең арнады. Олардың ішінде сәтті шыққан жырлар да аз емес.

..Бұл бұтаны шалды талай ат арық,

Талай-талай тамырларда тасты қан.

Бір ғасырды қазып алсаң қопарып,

Махамбеттің ізі шығар астынан...

Әйтсе де, Махамбет заманының күрделілігін, әлеуметтік теңсіздіктің шиеленісін, азаматтық болмыстың тұнығы лайланып, құлдық мінезге бой алдырған шақтағы отаршылдықтың залалын ашып көрсету үшін бірнеше өлеңнің жеткіліксіз болғаны айтпаса да түсінікті. Ең алғаш Махамбетке өлең арнап, осы тақырыпқа ен салғаннан бері азаттыққа шақырғандай болған бір жұмбақ дауыс Жұмекен әлемінің жан шыңырауында ондаған жылдар бойы жаңғырып жатты.

«Құлдықтан қорынбаған халық – шіріп өлсе де сауап», - дейді орыс философы Чаадаев. Әрине, тәуелсіздіктің қадірін түсінбей, құлдық өмірін аңсайтын халыққа обал жоқ. Бірақ, ғасырлар бойы рухы азат болып келген бостан елге құлдықтың қамыты зорлықпен кигізіліп, еркіндікті аңсаған азаматтарының аяғына кісен, аузына құлып салынса қайтпек керек?

Жұмекен «Жаңғырық» поэмасында қолына пышақ ұстаған дәрігердей, осындай заманға тап болған дәуірдің ішін жарып, құлдық психологияға шырмалған шындыққа қарап, жалғыз Махамбеттің ғана емес, бүкіл қоғамның трагедиясын зерттеп көрмек болады.

Міне, ақ боз атына мініп, жалғыз ұшқан шағаладай, саталданып жауған қардың сақалына жабысқанын да елемей ақын Махамбет даланың төсінде құйындатып келеді. Ол халқының мойнына киілген құлдықтың қамытынан қорланып, жанын жұбататын ем таппай Ақ Жайыққа қарай шауып барады. Исатайдан айырылып, жалғыздықпен дос болған батырдың жаралы жүрегін кім емдей алады, енді? Кім? Халық па? Қайда ол – халық? Азаттығы шідерленіп, асқар таудай азаматын сұлатып салғанына қуанып, тобырға айналған жұртты халық деуге бола ма, өзі?

Халық бостандығын жоғалтқанда, рухы күйреп, ішкі құлдығы күшейе түседі. Зұлымдық пен ізгіліктің, әділеттелік пен жауыздықтың не екенін ажыратудан қалып, тұтас бір ұлттың адамдықтың адал жолынан адасуы басталады. Халық Алла сыйлаған азат жанымен ненің ізгілік, ненің зұлымдық болып табылатынын өзі таңдауы тиіс. Ұлтты ұшпаққа жеткізіп, оны шын бақытты ете алатын екі құдірет бар, ол – рухының бостандығы мен тәуелсіз санасының тереңдігі. Құлдық сана шексіз қатыгездікті туғызады. Жұмекен өз поэмасында адам рухын мәңгілік құлдыққа салып қоятын отарлық саясаттың зардабын, жүрегі қан жылап отырып, жырлайды.

Үзік-үзік жайларды жалғай алмай бір адам,

жамау-жасқау ой кешті одан-бұдан құраған.

Екі ғұмыр секілді өзінің кешкені,

екеуі де – бос бейнет;

есті етем деп кещені,

ер етем деп ездерді тарыққан жан өстеді-

елін алад есіне Нарындағы көшпелі,

Екі ғұмыр кешіпті – екеуі де жөн емес,

кешкен ғұмыр – ғұмыр ма,

ылғи тақас, ерегес:

ақын ғұмыр – тек егес,

батыр ғұмыр – төбелес.

Хан салғанда тепкіні,

би бастады түрткіні,

жұртым деді жұлынып – түсінді ме жұрт мұны!

Халқым деді қақырап, қайқы қылыш қолға алып –

қайда бірақ сол халық?!

Қыздырғанда сары қымыз,

қақсатқанда қайғы шын –

біреуі ерсе дақпыртқа

көбі еріпті пайда үшін!

Кез-келген халықтың кісілік келбетін рухының азаттығы ғана сақтап тұр. Егемендігін жоғалтқан ел жан күйзелісін ғана басынан кешіріп қоймай, иманынан да айырылады. Халықтың бостандығын тартып алу – рухтың құлдығын туғызады. «Жаңғырық» поэмасында Жұмекен «алғаным ару болмаса, алдыма алып сүйменді» деп сұлулықтың өзіне асқақ қарап, мерейі үстем болған рухтың қалай құлдырап, құлдық психологияға тұсауланғанын көрсетеді.

Ей, қызғыш құс, қызғыш құс,

сені көлден айырған лашын құстың екпіні,

мені елімнен айырған Хан мен бидің тепкіні.

Ел қорғамақ болып ем – басым қалды зор дауға,

менің елім, құрығанда, татиды екен қорлауға,

ей, қызғыш құс, тати ма, сенің көлің қорғауға?

Көл қорыған – сен едің,

ел қорыған – мен едім;

жас егілген тал үшін – орман болсам деп едім,

жел жапырақ қамысын-

зордан болсам деп едім,

жел жапырса қамысын

зордан болсам деп едім,

жел жағына жетімнің қорған болсам деп едім.

Ақ Жайықтан ат мініп әрі асқалы келемін,

арғы бетпен аптығып жар асқалы келемін,

тағдырыммен тағы бір таласқалы келемін.

Жұмекен тарихи тақырыпты қозғағанда белгілі бір уақыттың шындығын жеткізумен ғана шектеліп қалмайды, келешекке көз тігіп, суреткерлік шеберлікпен ұлтты тоздырып жіберетін өлім ұрығының құлдық мінезде жатқанын көрсетеді. Адамдықтың шекарасынан аттап кетіп, Махамбеттің басын кескендердің опасыздығы арқылы құлдық сананың бейшаралығына куә боласың. Батырын өлтірген халық енді екі дүниеде де бақытты бола алмайды. Заманның залымдығы суреттелетін шындықты жырлаған тұста Жұмекеннің ақындық жүрегі құлдық буғауды үзіп кеткісі келіп жұлқынып, жаны ышқынып шыңғырады.

  • Ей, қиқым-жұрт,

сендерге қалай қонсын ырыс-бақ,

кек алар ер сен едің, көбік ауыз ұрысқақ,

дұрыс ұста семсерді,

ессіз, аңқау байғұстар,

өлтіре де алмадың тым құрыса дұрыстап!

Бас шабылды енді-енді – басынатын кісі көп,

басынуға батырды асығатын кісі көп;

бес қаруы көкжалдың кетті әркімнің белінде,

тақымында біреудің боз ат кетті кісінеп.

Қалай болды бұл өзі?

Оны ойлаған жан қайда,

қара қайда,

хан қайда – қалды бәрі шалғайда.

Ғажабы күні бүгінге дейін ешкім де Жұмекеннің «Жаңғырық» поэмасындағы батыр Махамбеттің басы арқылы, «қазақтың еркіндігінен» айырылғанын таңбалаған символдық белгіге аса назар аударған жоқ.

Махамбет – азат рухтың символы. Батырдың шабылған басымен бірге бабаларымыздың арманы болған бостандықтың күні де батты. Қазақтың құлдық мінезі азаттықтың үнін өшірді. Кең-байтақ сахараны жаңғыртқан дарабоз ақынның жан айқайындай бостандыққа шақырған дауыс шыға қояр ма екен, енді мына даладан?

Махамбеттен кейін, белгісіздік тұманымен мұнарланған ХХ ғасыр есік қақты. Ұлтының келешегін ойлағандардың басы шабылып, қырандар қалықтаған аспанда тағы да қарғалар қарқылдады. Рухы өлген халықтың сағын сындырып, құлға айналдыру енді аса қиын іс те емес.

Бас қырқылды, ал, сол жолы,

кеуде тынды бір түрлі,

басы кеткен кеудедей ел де тынды бір түрлі,

шөпті сылдыр еткізіп, жел де тынды бір түрлі,

кірпігіне бұтаның мөлдір шық іркілді,

кірпік қақпай қайың тұр,

самал жел жоқ үп еткен –

әйтеуір бір ел болды түтіндерін түтеткен.

Ел де айдын көл секілді,

толқымаса - өлі су,

ондай көлді шалшық қып бөлісу жөн, бөлісу.

Бөліседі кім мен кім?

Бөліс деген – далбаса

неғылады бөлісіп

егер түгел алмаса?!

Махамбеттің образы арқылы ақын бостандықтың трагедиялық тағдырына терең үңіліп, шындықтың бетпердесін жұлып алып, айтуға жұрттың жүрегі дауаламай жүрген сырды ашады. Халықтың рухани өмірі түнек пен мағынасыздықтың зынданына қамалып, санасы сансырады. Құлдық қоғамның зардабын тартып отырған Жұмекен еркіндігінен айырылған ұлттың кім-көрінгенді төбесіне шығарып тайраңдатқызып қойған дәрменсіздігіне налиды.

Азияда қырқылған шын батырдың басы әлгі

Европаға жол шекті салтанатпен жасанды.

Басы кетсе дененің –бітіруші ед кеуде не,

бітірері: «байғұс-ай, обал болды-ау» деуде ме?!

Олай болса бұл тірлік оңай екен пендеге,

оңай жолмен ақыным жүре алмайсың сен неге?

Жұрт осылай ойлайды, өтейді, өстіп парызын,

түсінбеген құлаққа күй де, жыр да – бәрі ызың.

Шебер десең бұ тағдыр –

бас шұлғиды басы – әйгі,

баста не тұр, қарында болмай ма екен ырыс, бақ.

Ағашты да қорламай кесу үшін дұрыстап

қол араның жүзін де қисық-қыңыр жасайды.

Махамбеттің өлімі – азаттыққа ұмтылған ұлт бостандығының берекесіз соқпағының ақыры. Енді құлдықтың қамытынан құтылу үшін бостандықтың орасан рухы, сенім еркіндігінің ерлігі керек. Батыр ақын отарлық құлдықтың ноқтасын басқа салғызғысы келмей, жалғыздығымен арпалысты. Бірақ жалғыз батырын аярлықпен өлтірген елдің рухы қайта ояна қояр ма екен? Ақырып теңдік сұрап, азаттыққа шақыратын ерен ерліктің оты қайтадан жана қояр ма екен, азаматтарының жүрегінде?

Мәрт еді ғой о жігіт,

күркелі еді-ау, күркелі

мұндай ері өлген ер - өшкенімен бір тегі6

өзіңді-өзің өңештен кескенімен бір тегі.

Тым болмаса біздің ел – жұтағанға жұрт еді,

енді біздің мінген ат бұтадан да үркеді:

енді бізде айбар жоқ,

қалың елдің беті ықты –

бетке ұстайтын беделің сол адамда кетіпті.

Отарлықтың таңбасы басылған құлдық сана Махамбеттен кейін келетін әлі талай ақындардың алтын басын түрмеде шірітетін болады. Қазақ тек батырынан ғана айырылған жоқ, елдік қасиетін де жоғалтты. Басы жоқ елде қандай қасиет болуы мүмкін. Бір батыры қалмаған елге айтқан сөзің енді құмға сіңген судай жоғалады. Бұдан былай халық қорлау мен мазақтан қара жерді жастанғанша көзін ашпайтын болады. Батырын өлтіріп, басын жоғалтқан халыққа тажал тағдырдың дайындап қойған сыбағасы осындай.

Жуасыды Ақ Жайық:

күн ашылды, жел тымық,

ел де тынды – желікті жігіттерін өлтіріп.

Бәрі тынды, бітті-өтті, бір күнгідей болмады,

бұталарды айналып өтетіндей жел-дағы

жапырықтар сыбдырсыз;

жолда шаң жоқ жым-жылас,

толқындар бар жалы жоқ,

жартас бар тек жылжымас.

Теңізге өткен шағала,

қарғалар бар, жоқ басқа,

қызғыш қана шырылдап көл қориды оқтаста.

Асау аулақ біздерден,

асаулардан біз аулақ –

тұлпар туар биелер сиыр болды бұзаулап.

Қандай қорқынышты шындық! Құдай аузына салды ма, білмеймін, Жұмекен ақындық шабыттың қиялына беріле отырып, Махамбет пен өз заманының ғана емес, мына біздің де шегіп жатқан қасіретімізді жазып кетіпті.

Бүгінгі күні біздің бойымызда асау тұлпардай болған Махамбеттердің мінезі қалған жоқ. Алдына келген асын талғамай күйсей беретін сиырға айналғанымызға да қай заман. Бірақ амал қанша? Көнбіс мінезімізбен бәріне де шыдап, мөңірегеннен басқа қолымыздан келетін қайран болмаса, не істейміз? Айтыңызшы, не істейміз?

Бөлісу:

Көп оқылғандар