Бердібек Соқпақбаевтың өзін-өзі өлтіруіне не себеп болды?

Бөлісу:

21.12.2016 116612

ЖҮРЕКТЕН КЕТТІ...

Балалалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың өлімі туралы алып-қашпа әңгіме көп. Ол 1991 жылдың 24 шілдесінде Алматы қаласының сыртындағы саяжайында көз жұмған. Сол кездері бірге тұрып жатқан екінші жұбайы Бибігүл Қонысбаева жазушының жүрек ауруынан кеткенін айтады. Журналистердің қайталай қойған сұрағына соңғы 20 жылда осы жауаптан бір танған емес.

Өмірінің соңғы жылдарында жазушылардың ешқайсымен араласпаған Бердібек дүниеден өтетін күні де саяжайында жалғыз болған. Қазақ кейде мұндай қайғы үстінде шындықты біліп тұрса да, сыртқа шығармай, үнсіз қалып жатады. Бердібек те үнсіз жерленген. Алайда, арада жылдар өткенде ақын Қадыр Мырза-Әлидің «Жазмышы» жарық көріп, жазушылар арасында біраз дүмпу тудырды. Ақын кітабында Бердібектің өлімі туралы: «Бердібек Соқпақбаев сергек те шымыр, сүйегі асыл, мықты қазақ болған. Үлкен-үлкен аурулар түгіл, ұсақ-түйек аурудың өзімен ауырып, тіптен тұмауратып көрмеген, аяқ-қолы балғадай азамат еді. Ал жазушы ретінде шындықтан, реализмнен басқаны мойындамайтын, бояма шығармаларды иттің етінен жек көретін бірбеткей батыр қазақ-ты. Бір күні сол ағамыз ойда-жоқта қайтыс болды. Жұрттың сөзіне де, өз құлағыма да сене алмадым. Сенуім де мүмкін емес еді. Бірақ, сен, сенбе! Өлген адамды тірілте алмайсың. Арулап о дүниеге аттандырдық. Қимас қаламгерді қара жер құшағына тапсырдық. Өз қолымызбен жерледік. Әйтсе де, көңілде күдік қалды. Адам бірдеңені сезеді. Сезеді! Күдіктенсем, күдіктенгендей-ақ екенмін. Кейін Бердібек Соқпақбаев қазасына куә болған бір әріптесімнен төрт-бес адам болып барып, Кеңсайдағы саяжайынан төбеде асулы тұрған марқұмды өз қолдарымен түсіріп алғанын естідім. Қазақ баспасөзі оның қалай өлгені туралы шындықты бүгіп қалды. Біздің өзіміз түк білмедік. Қалың қазақ оқырманы әлі күнге шейін оның қалай қаза болғанынан бейхабар», – деп жазды. Осылай жазушы қазасының қалай болғанынан қазақ қоғамы хабардар болды...

ЖАЗУШЫНЫҢ СОҢЫНА КГБ-НЫҢ ТҮСУІ

Сайын Мұратбековтың тілімен айтсақ, «тек көзімен көргенін жазатын, қағазды бекер шимайламайтын шынайы Бердібектің» өлімінің бұлай болуы жанында бірге жүрген тұстастары тұрмақ, біздердей қарапайым оқырманының өзін ойландырары хақ. «Неге?» «Не себепті?» деген сұрақтар жан-жақтан қаумалап, тыныштық берер емес. Расымен, «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» секілді мөп-мөлдір туындылар иесінің өзіне қол жұмсауы мүмкін бе? Тіпті, жұмсады деген күнде, жазушыны бұл қадамға итермелеген нендей ауыр жағдай екен?

ҚОСЫМША МАҚАЛА: Серік Қирабаев. Бердібек Соқпақбаев

Осы сұрақтарға жауап іздеп тағы да замандастарының жазғандарын ақтардық. Бірге қызмет атқарған Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев өз естелігінде назар аудармасқа болмайтын мынандай бір әңгіменің тиегін ағытады: «Ұмытпасам, 1958 жылғы күз күндерінің бірі еді. Қызметтің соңында кеңседе жалғыз қалып, ой құшағында отырғанмын. Біреу есік қақты. Томпақ бетті, моншақ көзді, қолтығында жұқалау кітабы бар, көзге ұрардай көркем киінбеген, үстіндегісі аса жұпыны да емес, бірақ костюмі қонымды бейтаныс жігіт көрінді. Сол кезде 35-ке келген менен де жас екен. Амандықтан кейін: «Сіз мені танымассыз. Мен жерлесіңіз боламын. Сіздің өлеңдеріңізді үзбей оқимын, ел есінде қалатындары аз емес, бірақ, көп те емес әзірге. Журналыңыз тіпті әдемі. Жұрт жаппай ұнатады. Басылымның бет-бейнесі айқын. Балдырғанға ненің керек екенін дөп басып табасыздар», – деп үзді әлгі жігіт әңгімесін. «Пікіріңе рақмет. Өз мамандығың әдебиетшілік пе? Ұстаздық па?» – деп сұрадым. «Кейін айтам ғой... Тегінде таңдаған қызметкерлеріңіз шетінен ығай мен сығай, мықты болса керек. Мәселен, жалғыз Бердібек Соқпақбаевтың өзі неге тұрады? Кереметтей талантты, бала психологиясының білгірі, жазғандары қандай тартымды оқылады?!» – деп сүйсініс білдірді. «Оның рас, таланттылығы талассыз, содан да проза бөлімін басқартып қойдық», – деймін мен. «Әнуар Дүйсенбиев те әжептеуір өсіп келеді, жақсы балалар ақыны. Өзі серілеу ме деймін. Хатшылыққа оңтайлы ма? Ал Қадыр Мырзалиев оқуын биыл бітірсе де алғыр сияқты», – деді. Біздің қызметкерлерге осыншама жоғары әрі әділ баға беріп отырған жігітке, шынымды айтайын, ішім жылып барады. Сонда бұл кім? Сол сұрақты көзімнен оқыды білемін, ол: «Мұзаға! Мен...» деп төс қалтасынан кішкентай куәлігін суырды да, көзіме тақап, оқып алыңыз дегендей біраз ұстап отырды. Портреті де желімделген. Куәлігін қалтасына қайта сүңгітті. «Біз сіздің адал коммунист, іскер жетекші, жауапкершілікті терең сезінетін адам екеніңізді білеміз. Сол себепті де ашық сөйлескелі келдім. Бердібек Соқпақбаев қандай адам? Идеялық позициясы? Саяси ұстамдылығы?» – деп сөзін нықтады жігіт. «Ол партияда жоқтар қатарында. Бірақ, партия мен үкіметтің ішкі және сыртқы саясатын қолдайтын азамат. Жазған шығармалары ұстамды, идеялық тұрғыдан бұра тартып, бұрмаланғанын білмеймін. Біздің көзімізше лағып сөйлегенін құлағымыз шалмады. Коллективтегі мінез-құлқы осындай. Басқа жердегісі бізге беймәлім», – дедім бар сырымды ақтарып. «Онда сіз мені көрген жоқсыз. Мен сізбен тілдескем жоқ. Осымен әңгіме тәмам», – деді де жігіт кете барды. Дел-сал күйде, қараптан-қарап пұшайман болып үйге жеттім. «Бұл Бердібек не бүлдіріп жүр?» деген сұраққа жауап іздеп, таба алмай дал болдым. Біреу-міреуден сұрауға жол жабық. Жан баласына тіс жарған жоқпын. Тек редакциядағы әлгі әңгімеге жанасымы бар ма екен деп тұспалдауға келетін бір оқиға болды. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігі кезінде қазақ балалар әдебиеті проблемалары талқыланғанда Лев Кассиль: «Бердібек Соқпақбаев неге келмеген?» – деп бәрімізден сұрағандай жағалай қарады. Біреу: «Ол ауырып қалды ғой деймін», – деп еді, Лев Кассиль басын шайқады. Онкүндіктен оралған соң да мен редактор ретінде қызметкерлеріме ықылас-пейілімді өзгерткен емен, бұрынғы сыйластықты қалпында сақтадым, ешбір сыр аңдатпауға тырыстым. Бердібектің мінезінен де пәлендей өзгеріс аңғармағандаймын. Маған ешкім оны қызметтен босат деп нұсқау берген жоқ. Ол қызметтен өзі арыз жазып, өз еркімен босаған-ды. «Бірыңғай әдеби шаруамен шұғылданамын», – деген сияқты еді. Редакциядағы әріптестер онымен қимай айырылыстық. Көңілде сыз-сызат қалғандай болған жоқ. Осы күні ойласам, Б.Соқпақбаевтың журналдағы жұмысынан кетуіне сыртқы бір күштің ызғары тиген секілді. Әйтпесе, уақыт жағынан Бердібек те, басқа қызметкерлер де тап «Балдырған» редакциясында таршылық көрмеген шығар-ау деп ойлаймын. Рас, «Бұл – жазарын жазып тауысқан жазушы. Өз өмірнамасынан өзгеге қиял ұшқырлығы жетпейді білем», – деп күңкілдегендердің, күндегендердің пыш-пышы да естілмей қалмаған. «Ақиқатты баяндасам, әлеуметке сөзім жетпейді, сүзгілерден өтпейді», – деп қорғалақтаған қаламгер үн-түнсіз жатқаным жөн деп ұйғарды ма екен? Әлде тындырып, тұндырып кеткендері сандығында сақтаулы қалды ма екен? Тілін тістеген ақын тұншығады. Берен талант Бердібекті де осы мүшкілдік шырмады ма? Мен шеше алмай жүрген бір жұмбақ осындай».

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қазақ прозасына миф керек пе?

Әріптесі жазғанындай, Бердібек жұмыстан кетіп қана қойған жоқ, өмірінің соңында мүлде жазбай да кетті. Мұнысын өзі «өтірікті жаза алмаймын» деп түсіндірді. Әлде, соңына түскен «үш әріптің» қаттылау қысымы болды ма екен? Өйткені қарындасы Несіпхан Аманбаева да «Аңыз адам» журналының жазушыға арналған санында берген сұхбатында: «Ағамның қоғамның өзіне ұнамайтын жақтарына қарсы болғаны рас. Бірде ортаншы бауырым Бердібек аға туралы бір қызық жайды айтып берген: «Дүкенде тұрсам, алқынып-жұлқынып, өң-түс жоқ, бозарып ағам кіріп келді. «Өй, аға, тыныштық па? Не боп қалды?» – деп сұрасам: «Көптен бері менің соңымнан біреу қудалап жүрген сияқты», – депті. Бауырым жалындап тұрған жас жігіт қой, бірден: «Кім ол?! Орыстар ма? Көрсетші, қане! Сазайларын тарттырайын», – деп білегін түріп шыға келіпті. Бердібек ағам: «Жо-жоқ, сен араласпа. Арандап қаласың», – деп біраз уақытқа дейін дүкеннен далаға шығармай қойыпты. Бізге жүректен кетті деген хабар жетті. Бәріміз соған иландық. Кейін келе өліміне байланысты түрлі қауесеттер шыға бастады. Сондай әңгімені алғаш естіген кезде бауырымның айтқаны есіме түсті. «Соңымнан біреу қудалап жүрген сияқты» дегенде не айтқысы келді? Қудалаған кімдер болды? Неге ашығын айтпады? Түбіне солар жетпеді ме екен?» деген ойлар маза бермеді. Аға біреуді қатты ренжітіп, сол үшін соңына шоқ алып түсетіндей адам емес еді ғой. Тек тура сөйлейтіндігі өзіне пәле болып жабыспаса... Өлімінің анық-қанығын сұрап білуге Бибігүл тәтеден батпадым. Ескі жараның аузын тырнап, жүрегін ауыртқым келмеді. Жалпы, соңғы сапарына Баққожа Мұқай шығарып салды ғой. Ағаның жерлеу рәсімінің бәрін сол кісі ұйымдастырды. Ағаның өлімінің сырын бір білсе, сол кісі егжей-тегжейлі білетін...» – дейді. Бұл да жазушы өмірінің тыныш өтпегенін көрсетсе керек.

БЕРДІБЕКТІҢ БОСТАНДЫҚ СҰРАП ХАТ ЖАЗУЫ

Мұзафар Әлімбаев Бердібектің соңына «үш әріптің» 1958 жылдан түскенін айтты ғой. Ол қатал бақылау 1970 жылдары тіпті ұлғайды. Оған себеп болған 1973 жылдың желтоқсанында Алматыда өткен Азия мен Африка жазушыларының дүниежүзілік конференциясы еді. Бұл туралы жазушы Рымғали Нұрғали «Таудан түскен адам» атты естелігінде Бердібектің Қонаевқа: «Мен Қазақстан түгіл, одан зорғыға да арызданғанмын кезінде. Әділет, шындық бар екен деп. Азия және Африка жазушыларының Дүниежүзілік конференциясының атына, Ташкентке жағдайымды айтып, үйсіз-күйсіз жүргенімді көрсетіп телеграмма салам деп өмір бойы пәлеге қалдым емес пе? КГБ-сы да, ЦК-сы да, Жазушылар одағы да итті қуалағандай соңыма шоқ алып түсіп берсін. Сіз дүрілдеп тұрған шағыңызда қол ұшын берген жоқсыз, бүгін мені мақтап, жүрегімді жара жаздадыңыз. ТҮГЕЛ АЙТАТЫНЫМЫЗ ӨТІРІК. БАРЛЫҒЫ ӨТІРІК. КІТАП ӨТІРІК. ГАЗЕТ ӨТІРІК. АДАМДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ӨТІРІК. ӨТІРІК, ӨТІРІК. БӘРІНЕН ЖАЛЫҒЫП КЕТТІМ», – дегенін жазады. Бұл әңгіме бертінде, Қонаев орнынан түскеннен кейін болған.

БЕРДІБЕК НЕГЕ ЖАЗБАЙ КЕТТІ?

Бердібек Соқпақбаев – бар жан-тәнімен, болмысымен Кеңес үкіметіне қарсы болған адам. Әсіресе, оның соңғы романы «Өлгендер қайтып келмейді» қоғамға қарсылықтан, сарказм, мысқыл, кекесінен тұрады. Бұл туындысы жарық көргенімен, қатты күзелді. Цензурадан өтпей қалған тұстары көп болды. Осыдан кейін жазушыда «Өтірікті жазбадым, жазған шындығымды баспады. Өтірік жазғанша, мүлде жазбайын» деген ой болған секілді. Өйткені, «Не жазып жүрсіз? Неге жазбайсыз?» деп сұрағандардың бәріне солай жауап берген. Бірақ оның жазбай жүргеніне жазушылар сенген жоқ. Ол туралы Қадыр Мырза-Әли: «Анда-санда жолыққанда жылыұшырасып, құшақтап көрісеміз. Мен ол кезде «Жұлдыз» журналына ауысып кеткенмін. Ол кісі де жұмысын тастап, еркін шығармашылыққа көшкен.

– Беке, не жазып жүрсіз? – деп сұраймын.

– Не жазушы ем? Түк те жазып жүргем жоқ. Менен маскүнемдер жақсы! Олар ең болмағанда бастарын жазады. Жазбайын демеймін, әрине! Жазғым-ақ келеді. Бірақ, ақиқатты айттырмайды. Өтірікті жазғым келмейді! – дейді ол бір жағынан әзілдеп, бір жағынан мұңайып.

– Жазушы болып жаратылғаннан кейін әйтеуір бірдеңе жазуымыз керек қой! Жазушы жазбай жүре ала ма?! Жүре алады! Қиын! Бірақ, амал жоқ!

ҰҚСАС МАҚАЛА: Жанат Ахмади. Бейiмбеттi атқан кiм?

Бекеңнің бұл жауабына мен ешқашан сенген емен. Әлі де сенбеймін. Құдай біледі, Бекең бірдеңе жазып жүрді. Бірақ, Азия және Африка жазушыларының Ташкентте өткен конференциясынан кейін кәдімгідей қорқып қалды. Өйткені, ол содан кейін КГБ қадағалауына тап болды. Оған ешқандай күдігім жоқ. Әйтсе де, қайталап айтам, ол бір мықты шығарма жазды. Ресей жазушылары жасырын жазған дүниелерін шетелдерге шығарып, жариялап жатты. Бекең оны жақсы біледі. Ондай мүмкіндікті ойламады дейсіз бе?! Ойлады, Құдай біледі. Бастыруды мақсат етпесе, жазып бітіруді мақсат етті. Жаз күндерін көбіне-көп саяжайда өткізетін. Сол көлденең көзден аулақта тек арамшөп отап жатты дейсіз бе?! Бірдеңе түртіп те жатқан шығар. Бірақ, «Айналдырған жау алмай қоймайды» деген. Бекеңнің, әсіресе қолжазбасының соңына түскен тыңшылар түбіне жетіп тынғанға ұқсайды. Егер менің осы болжамым рас болса, онда ол қолжазба құрыды! Бұдан артық қандай қасірет болуы мүмкін!.. Өмірінің соңғы күндерінде Бердібек ағамыз көп нәрседен түңіле бастаған-ды. Төніп қалған қара бұлтты қатты сезінген болу керек!» – деп еске алады.

Мүмкін... Жазса, жазған шығар... Шығармашылық адамының жазбай отыруының өзі адам сенгісіз жағдай ғой. Бірақ жазылған дүние болса, қайда кетті?

"АСЫЛЫП ҚАЛҒАН ЖОҚ, АСЫП КЕТТІ..."

Міне, Бердібектің айналасында осындай жауабы жұмбақ сауалдар өте көп. Оның мінезін, болмысын білетіндер «Бердібек өзін өлімге қиятын жан емес еді» дейді. Көптің көңілінде «соңына түскендер өлтіріп тынбады ма екен, қолжазбасын қолды қылмады ма екен» деген күдік те жоқ емес. Әсіресе Қадыр ақын: «Қалай дәлелдесе де, мен оның асылып өлгеніне сенбеймін. Алдымен өлтіріп, содан кейін асып кетуі мүмкін. Бұл жағынан оның қазасы Сергей Есениннің қазасына қатты ұқсайды», – деп басқа ойдың шетін шығарады. Орыстар Есениннің адам қолынан қаза болғанын дәлелдеп шығарды емес пе?! Солай сүйікті ақындарын ақтап алды. Ал біз Бердібектің ақиқатын әлі айта алмай келеміз... Бостандыққа ұмтылған ғазиз жүректің мұңын әлі де түсіне алмаған сияқтымыз. Тек кезінде 1992 жылы Бердібектің алма ағашта асулы тұрғанын естіп, жаны ауырған ақын Өтежан Нұрғалиев қана «Бердібек бізге өлімімен бірдеңе айтқысы келген болар. Сендер оның өлімін жасыру арқылы жазушының соңғы айтам деген ойын жасырғандарың. Жазушының еркіне қол сұққандарың» деп аласұрған деседі... Ақыры «Өлгендер ояу, тірілер неге ұйқыда?» деген поэма жазыпты. Поэмадан үзінді оқи отырып, тағы бір ойланайықшы. Әлі ұйқыда жүрген жоқ па екенбіз?..

– Мойында, жаным, мойында,

Кім анау кірген қойынға?

Құйрығы да жоқ, жалы жоқ,

Далада жүрген құлан ба?

Адамнан азған жылан ба ?

Кім анау, тұрған жалпылдап?

Ағашта тұрған салпылдап?

– Бекең ғой, ойбай, асылған,

Қара түн емес, бұлт емес –

Адамдар – бетін жасырған!

Адамдар дейді-ау, ойбай-ай,

Адам деп бізді кім айтар?!

Ісім бар шашқан қандарын,

Қандарын шашып Адамның,

Топырағын жердің тыңайтар

Асудан басқаны білмейміз,

Атудан басқаны білмейміз,

Адам деп бізді кім айтар?

О, Біздер... Кімді аспадық,

О, Біздер... нені бастадық?

Бәлені бастайд Қара тана,

Бәлені біздер бастадық!

«Жер асты оған аздау деп...» деп,

«Жер үсті оған аздау деп...» деп,

Алатау дейтін Асқар тау –

Үстінде тұрып өлуді

Бекеңе Құдай жазды-ау, деп,

Соқпақбайұлы Бекеңді,

Бәріміз түгел... жиналып,

Классик қылып көмуге –

Тұрдық та аздап қиналып,

«Осы да үлкен баға» деп,

Жасы да үлкен Аға деп,

Асқар да таудың үстінде,

Дачаның қалың ішінде,

Әлемнің асқақ жұлдызын

Еуропа мен Азия –

Әлемнің халқы көрсін деп,

Арыстан туған Бекеңді...

Ата жау болған дұшпандай,

Алпыс та сегіз жасында,

Ағыбай ердің асында –

«Ағамыз ғой» деп, еркелеп,

Өлтіріп тындық, не керек...

Еркелеп жүріп енесін,

Ұрдық та жайлап... денесін

Ағашқа асып тастадық!

О, Әдебиет, сорлаған!

Әркімдер мініп қорлаған,

КГБ сені зорлаған,

БКП сені қорлаған,

«ЦК-ның» өзі зорлаған,

Тағы да кімдер қорлаған?

Әлі де талай айтар ем,

Есімде бәрі қалмаған,

Есімде жалғыз қалғаны

Адамдар ұқсас алмаға...

Әсіресе, Бердібек,

Бердібек... ұқсас...

Алмаға...

Мен асылмай тұрғанда,

Сен асылмай тұрғанда,

Бекең тұр неге асулы?

Некрологқа қол қоярда,

Ойландыңдар ма, адамдар?

«Тек сендер емес, Дүниеге –

«Менің де атым Қожа» деп

Әдебиеттің қожасы,

Басында аппақ сәлдесі,

Көзінен зулап көз жасы,

Кітабының аты «Бұлақ» боп,

«Өлгендер қайтіп келмейд» деп,

Атаңа нәлет иттер-ай,

Тым болмаса асылмай,

Өлуге мұрсат бермейд» деп,

Ағашта тұр ол – асулы!!!

Кім асты оны? Қоғам ба?

Ойлану керек оған да,

Біреуің жауап бермейсің,

Жартастың анау басына,

Басымды барып

Соғам ба?

Соғайын десем, басымды,

Бекең тұр онда асулы,

Бекең тұр онда ашулы...

«Неге өлді?» деген сұрауға

Жауабын бермей түнерген,

Дүниеге мынау ашулы!

Айттым ба, әлде асырып?

Болды ма сөзім асылық?

Ағаштар кітап бола ма,

Жазушы өлсе асылып?

Дар ғой ол, ойбай, дар ғой ол,

Кессең тілін сөйлейді,

Домбыра дейтін Кәрі ағаш,

Бүгінгі күйім... тау жақта...

Бердібекті асқан – Дар ағаш!

Өзіміз үшін жерледік,

Өзіміз үшін терледік,

Кім үшін қанын ол төкті,

Төгілген қанын көрмедік,

Бердібек қалды асулы,

Сол қалпы қалды

Ашулы...

Шындығын айтпай халқына,

Жасырған адам көп шығар!

Бердібек құсап талтүсте

Асылған ұлы жоқ шығар.

Сократ... жерді жасырды.

Христос көкке басылды.

Қазақта мұндай жоқ еді,

Бердібек... енді... Асылды!!!

Бердібекті асқан бұл Ағаш

Үзіліп кетпей, қайтіп тұр?

Ойландыңдар ма, енді, Адамдар,

Бердібек бізге

Не айтып тұр???

Марфуға ШАПИЯН

Бөлісу:

Көп оқылғандар