Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Серік Қирабаев. Бердібек Соқпақбаев...

12.02.2019 15069

Серік Қирабаев. Бердібек Соқпақбаев

Серік Қирабаев. Бердібек Соқпақбаев - adebiportal.kz

Бердібек Соқпақбаев – қазақ əдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым əңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің де өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушыларымыздың бірі еді . Жа-сынан өмір талқысын көп көрген адамның өмірбаяндық деректері оның шығармаларына арқау болды. Ол сол көргендері мен сезінген дүниесін Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі ауыр кезеңнің шындығына сəйкес жаңартып, ой елегінен өткізіп, типтік орта шындығына лайық типтік бейнелер арқылы аша білді.

Бердібекпен біз соғыстан кейінгі дəуірде ҚазПИ (Қазақтың Абай атындағы педагогтік институты) қабырғасында танысқан едік. Мен келіп оқуға түскенде, ол үшінші курстың студенті болатын. Институт қасында əдебиет үйірмесі жұмыс істейді екен. Онда жас ақындардың өлеңдері оқылады, жаңа шыққан əдебиет кітаптары талқыға түседі, əдеби өмірдің жаңалықтары жайлы пікір алысулар өтеді, белгілі ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырылады. Үйірмені Қайнекей Жармағамбетов басқарады. Əуелде Қазақстан Комсолмолы Орталық Комитетінің хат-шысы, кейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, «Əдебиет жəне искусство» журналының редакторы болған Қайнекей жарты жалақыға институтта сабақ береді, жас əдебиетшілердің басын қосып , олардың тəуір деген шығармаларын бастыруға көмектеседі. 1947 жылы соғыстан кейінгі дəуірде тұңғыш рет жас жазушылардың кеңесін ұйымдастыруға мұрындық болған да Қайнекей еді. Жасөспірімдер мен балалар театрында өткен кеңесте ол Жазушылар одағы басқармасының төрағасы С.Мұқанов екеуі баяндама жасаған. Кейін комсомол жұмысынан ауысып , Одаққа барған кезде ол жастарға деген осы қамқорлығын тіпті дамыта түсті. Біздің бəрімізді де одаққа, журналға жұмысқа тартып тəрбиелеген Қайнекей болатын.

Ортада отырған үлкен кісі Ілияс Омаров, оң жақта түрегеліп тұрған Серік Қирабаев

Қайнекей басқарған үйірме қызғылықты өтеді. Əркім өлеңдерін оқиды, оларды талқылаймыз. Жаңа шыққан шығармалардан кім не оқыды, пікірі қалай – пікірлесіп алып, артынан солардың қайсысын талқылайтынымызды шешеміз – баяндамашы тағайындаймыз. Ол баяндамаларымыз кейін мақала боп шығып жатады. 40-50 жылдардың шекарасында əдебиетке келген ҚазПИ жастарының бəрі де осы үйірмеден шыққан. Бердібек Соқпақбаев, Тұрсынбек Жабаев, Кəрібай Шəменов, Ғафу Қайырбеков, Мұқаш Сəрсекеев, Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев, Мыңбай Рашев – бəрі де кейін белгілі əдебиетшілер қатарына кірді. Бірі – ақын, бірі – жазушы, бірі – сыншы болып, олар сол кездің өзінде институт ішін дуылдатып жүретін. Қалада əдебиет тақырыбына өткен бір жиналыстан қалыс қалмайтынбыз. Жазушылар одағының пленумдарына да баратынбыз. Оған Қ. Жұмалиев пен Қ. Жармағамбетов өздері билет əкеп беріп, баруымызды қадағалайтын. Бір жолы оқу бөлімінің бастығы бір топ студентті жібермей қойып, Қажымның біздің көзімізше оның жер-жебіріне жете ұрысқаны есімде. «Əдебиетші болатын жастар əдебиет жаңалығын біліп жүруі керек. Одақтың шаруасына араласа жүріңдер», – дейтін ол. Ал Жазушылар одағының хатшысы əрі редактор Қайнекей оны тікелей ұйымдастыратын.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Ерболат ҚУАТБЕК: Бердібектің өлімі

Бердібек осы үйірменің белсенді мүшесі болды. Ол өлеңді көп жазады, əсіресе балаларға арналған өлеңдері тартымды. Жас жазушылардың алғашқы кеңесінде аталып, кейін «Жастар даусы» (1949) атты жинаққа кірген Бердібектің:

Өлеңде мінезі бар жас баланың,

Жылатып алам ба деп жасқанамын.

Жазып қойып, өзіме өзім сенбей,

Оқып-оқып басыма жастанамын.

Өлең – нəзік шегіндей домыраның

Үзіп алсаң, үлкені масқараның,

деген жолдары кезінде көп адамның аузында жүрді, сыншылардың мақалаларында келтірілді.

Бердібекпен біздің жұлдызымыз алғашқы кездесулерде-ақ жараса кетті. Оның үйірмеде оқыған өлеңдері туралы айтқан пікірлеріме ден қойды ма, əлде бір жиында Қабыкен Мұқышевтің «Алтын арқа» деген жинағы туралы жасаған баяндамам ұнады ма, білмеймін, ол маған тез үйіріле кетті. Біраз əңгімелесіп қалғанымыз есімде. Бердібек менің қай жақтан келгенімді сұрады. «Қарағандыдан» дегенді естігеннен кейін, өзінің соғыс кезінде Қарағандыда ФЗО мектебінде болғанын, зорлықпен барған адамның ауыр тұрмысқа шыдамай, қашқанын, жолда жүк пойызы үстінде ұсталып, сотталғанын, соғыстан соңғы кешірім бойынша босап келіп, оқуға түскенін əңгімеледі. Мен де оның əңгімесіне іш тар-тып, жанашырлық сездірдім. Оның үйірмеде оқыған өлеңдеріне жиі пікір білдіретін болдым.

Оның өлеңдері «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттері мен «Пионер» журналдарында басылып жатты. Кейін қалжыңдасқанда «Қарағандыдан ФЗО-дан қашқан қашқынсың ғой» дегенде, ол: «Əуелі Қарағандыдан мен қаштым, артынан сен қаштың, уһ, бəріміз боп құтылдық-ау», – деп жауап беретін. Ол қалжыңқой еді. Сөзден ұтыла қоймайтын. Қолма-қол жауап беретін.

Бердібектің алғашқы жинағы «Бұлақ » деген атпен 1950 жылы басылды. Ол балаларға арналған өлеңдерден құралған еді. Бізде бұрын шын балалар əдебиеті онша дами қоймағанды. «Балаларға арналады» деген шығармалардың өзі балалар туралы үлкендердің көзімен суреттелген өмірдің бейнесі болатын. Балалар характері, бала психологиясы дегенге онша мəн беріле бермейтін. Балаларға арналған өлеңдердің жаттауға ыңғайлы ойнақылығы, ырғағы, ой тапқырлығы ескерілмейтін. Алғашқы өлеңдерімен-ақ Бердібек осы олқылықтардың орнын толтыруға қызмет етті. Оның «Бұлағында» шын мағынасындағы кіші мектеп жасындағы балаларға лайық жырлар мол еді. Мен осы жинақ жайлы мақала жазғам («Лениншіл жас», 1951, 17-қаңтар).

Бердібек көңілді, тапқыр, əзіл-қалжыңы аузында жүретін жігіт еді. Студент кезінде: «Сенің бес сом ақшаң болса, менің 20 тиыным бар, екеуміз екі кружка сыра ішейік, сен «алып бердім» деп жүрерсің», – дейтін. Жинағына жазған сын мақалам шыққан соң, мен оған қалжыңдап:

– Сені мақтадым, жумайсың ба? – дегенімде, ол бірден:

– Мен кітап шығармасам, сен мақаланы қайдан жазар едің, сен жу»,

– деп өзіме сілтеді.

Сол жылдардың өзінде Бердібектің «Он бес жасар чемпион» деген повесі «Пионер» журналында басылды. 1953 жылы «Бақыт жолы» деген əңгімелер жинағы шықты. Соңғы жинаққа да мен мақала жазғам («Лениншіл жас», 1953, 12-маусым). Сөйтіп, ол əдебиетке еркін енді, балалар əдебиетінің көрнекті өкілдерінің қатарына қосылды. Біз, оның замандастары шын балаға тəн мінезі бар əдебиет Бердібектен басталады дейтінбіз.

Бердібек аты белгілі ақындардың өлеңдерін өзгертіп айтуға шебер еді.

Студент кезінің өзінде оның Абайша жырлаған:

Көңілім қалды арақтан, шараптан да,

Ауыртпаған бірі жоқ таң атқанда.

Алыс-жақын будканың бəрін көрдім,

Жалғыз-жарым қалмаса анда-санда.

Арақтан көңіл шіркін аянған ба,

Кім тұрар милиция таянғанда.

Жатасың кең көшеде кең көсіліп,

Пальто да, костюм де жоқ оянғанда, -

деген сияқты өлеңдері көп болатын. Бірақ ол ішкіштердің қатарына қосылмайтын. Достарымен бас қосып қалғанда ел қатарлы көңілді отырғаны болмаса, артық мінез көрсеткен емес. Өлеңдегі жолдар жалпы шындықты айтқаны да.

Б. Соқпақбаев - мұғалім

Біздің студент кезімізде қазіргі «Алтын алма» мейрамханасының орнында «Алматы» деген мейрамхана тұрды. Соның кең бір залында сырттан келген ерлі-зайыпты екі адам Алматы жастарына бал билерін үйретті. Сол үйірмелерге қызығушылық танытып, бəріміз де бардық. Кейде сабақтан шыға сала, асығыс би сабағына жүгіретінбіз. Сондай бір күндері мен Бердібекке соқсам, ол қасындағы балаға:

«Сен, Əкімбайға айт,

Бердібек асықты» де.

Жумай кетті

«Тарелка, қасықты» де... , -

деп Сəбитше, тапсырма беріп жатыр екен. Асығыс айтылса да, өлең жолдарын өзгертіп, жаңа жағдайға икемдеу оның айрықша қабілетін танытатын еді.

Институт бітіргеннен кейін Бердібек Бəшен атты қызға үйленді. Өзі «Лениншіл жаста», «Қазақстан пионерінде» жұмыс істеді. Сонда бірге істейміз, «Лениншіл жастың» жауапты хатшысы деп, Бүркіт Ысқақовты үйіне қонақ еткені есімде. Алғашқы кітаптарын шығарып, аздап гонорар таба бастаса да, пəтердің жоқтығы, жас отбасының (оның үстіне Самал атты қыз туды) тауқыметі, соғыстан соңғы дəуірдің қиыншылықтарына қосылып, оған жеңіл соқпады. Кешікпей ол еліне, Нарынқолға мұғалім боп кетті. Бір-екі рет Алматыға келгенде соғып кеткені бар. Келесі жаз-а Бəшен, Самал үшеуі біздің үйге келіп түсіп, Өскеменге Бəшеннің төркіндеріне кетті. Біз, Баянжан Мəдиев (Бəшеннің жерлесі, Бердібекке туыстай боп кеткен жақсы жігіт еді. Журналист. Талдықорғанда облыстық газеттің редакторы болып тұрып қайтыс болды) екеуміз пойызға шығарып салдық. Бердібектің жолаушы пойызына бірінші мінгені екен (Қарағандыдан қашқанда жүк пойызына мінген ғой), Баянжан екеуміз:

«Өскеменнен қыз алмасаң, өмір бойы пойыз көрмей кетеді екенсің»,

– деп, «пойызға бірінші мінген адамның ырымын жаса» (Қазақтың жас баланы атқа мінгізгенде жасайтын ырымдарын айтып) деп, біраз əурелегенбіз. Жайшылықта əзілді жауапсыз қалдырмайтын Бердібек бұл жолы ыржалақтап күле берген.

Ауылда ол көп тұрақтай алмады. Алматыға қайтып келді. Шығармашылық адамына əдеби орта керек, кітап шығару қажет – барлығы оның бетін Алматыға қарай бұра берген сияқты. Бір күні түн ішінде (ұмытпасам 1954 жылдың басы) мезгілсіз, біреу есікті қатты тарсылдата бастады. Сұрасам, Бердібек. Нарынқолдан ерте шыққан екен. Қыс іші, жол ауыр болып, түнделетіп зорға жетіпті. Кіргізіп, бойын жылытып, жатқыздық. Таңертеңгі шай үстінде ол біржолата келгенін, мектептен кеткенін, жайсыздау бір директормен келісе алмағанын айтты. Əңгіме арасында Бекмахановтың жер ауып, Нарынқол мектебіне мұғалім болып барғанын, талантты ғалымды қудалаудың əділетсіздігіне деген көзқарасын да айтып қалды. Асылы, Бердібек идеологиялық қысым арқылы көрінетін социализмнің əділетсіздіктерін көргіш те, сынағыш та болатын. Біз, оның жолдастары, аузын жауып ұстауға тырысатынбыз. Мектепте сабақ беріп көрмеген Бекмаханов сабақ жоспарын жасау сияқты істерді қалай атқаруды Бердібектен сұрапты. Оның елмен қарым-қатынасын директор қадағалапты. Ғалыммен кездесіп, сөйлесіп қалып жүргені үшін Бердібекке дікілдепті. Екеуінің арасындағы кикілжің осыдан басталса керек. Кешікпей Бекмахановты басқа жаққа алып кетіпті (Шу мектебіне жіберіпті, сол жақта ұстаған ғой). Бердібек арыз беріп, босап Алматыға кетіпті. Ауылда Бəшен босанып, қыз туыпты. Біздің 1951 жылы туған баламыз бар еді, біз «құда боламыз» деп мəз боп қалдық. Кішкентай Нұр Бердібекті «ата» деуге үйренді.

Алматыда баспасөз маңында əртүрлі шағын қызметтер істеп жүрді де, Бердібек кейін киностудияға редактор боп орналасты. Жатын орны – біздің үй. Оның əзіл-қалжыңы, көңілді кейпі, əңгімешілдігі бұрын мен білгенмен, біздің отбасымызға онша таныс емес еді. Ол тұрған 4-5 ай ішінде (ол қаңтарда келді де, маусымда үйін көшіріп алып келді) біздің үй оған үйреніп алды. Ол кешігіп келсе, əлде бір жаққа баратын болса, оны іздеп, алаңдап отырамыз. Бердібек жоқ болса, күлкі, əзіл-қалжың да болмайды. «Бердібектей неге болмайсыңдар, көңілді жүрмейсіңдер», – деп, Əлия арасында бізге де ескерту жасап қояды.

Қызмет орнымыз алыс болмаған соң, бəріміз де үйге түскі тамаққа жиналамыз. Дəмеш деген Əлияның апасы бар, Сауда министрінің орынбасары, ол да бізге келеді. Біздің үйде шешей бар – шəйнек оттан түспейді. Дəмеш кешке де соғып, тамағын біздің үйден ішіп кетеді. Осыны көрген Бердібек əзілдеп:

– Дəке, сіз «күнде сізден» екенсіз, – деді.

Бəріміз де бұл сөздің мағынасын түсінбей, Бердібекке қарадық. Сонда Бердібектің айтқаны:

– Бір қыдырымпаз жігіт аңдып тұрып, мұржадан түтін шыққан кезде, көршісінің үйіне жетіп барады екен. Ас үстінен шығады. Қазақ «кет» демейді, үстелге шақырады. Үй иесі тұрып: «Қарағым, атың кім?» – деп сұрапты. «Күнде сізден», – депті жігіт. Сонда үй иесі: «Қарағым-ай, атыңды өзіңе лайық қойған екен. Ең болмаса, əкең марқұм «бір күн бізден, бір күн сізден қоймаған екен», – депті.

Бəріміз күліп, көп уақыт Дəкеңді «күнде сізден» деп жүрдік. Бердібектің жігіттік қызықтары да мол болатын. Бір жолы Əлиямен бірге оқитын (Сол жылы институт бітірейін деп жүрген) бір Монғолиядан келген қазақ келіншегі еріп келді. Бердібектің көзі жайнап, əлгінің асты-үстіне түсіп əңгімелесіп, артынан: «Мен бұл кісіні шығарып салайын»: деп, бізді отырғызып, өзі алып кетті. Ертеңіне əлгі келіншек Əлияға: «Кешегі жігіт жазушы ғой, байғұстың əйелі қайтыс болыпты, маған көңіл білдірді», – депті. Оны маған Əлия сыбырлап айтып келді. Біз Бердібектің өзіне айтпадық. Үнсіз сыр сақтадық.

Көктем туды. 1 Мамыр мерекесіне көшеге шықтық. Ол кезде көшеге ерте алып шығып, трибунаға жете алмай, ұзақ тұрып, қыдырыстап жүретінбіз. Бердібек екеуміз ҚазПИ-дің алдында өзімізбен оқыған бір топ жігіттерге кездестік. Ең үлкені – Иманбек Ұйықбаев деген тіл маманы, ғалым жігіт еді. Бəріміз жиналып, шуласып тұрғанда, мен сөз бастап:

– Имеке, мына Бердібектің əйелі қайтыс болып, көңілі жарым боп жүр, ешкімге айта да алмайды. Менің өзім басқа жақтан естідім, соған көңіл айтпайсыздар ма? – дей бергенімде, Бердібек маған қарап:

– Əй, – деп қалды да, ыржалақтап топтан бөлініп кетті. Содан үйге кеш қайтты.

Бір қызығы – Бердібек сыртта көргендерін, кездескен əйелдерін үйіне келгенде, əңгіме қып айтып отыратын.

– Ой, оның не? – дегенімде,

– Əйелдер қызық халық қой. Жасырсаң, күдіктеніп бітеді, ашуланады. Шыныңды айтсаң, қалжың ғой деп сенбейді, – дейтін.

Əлгі əңгімені де ол менен бұрын Бəшенге айтып қойыпты. «Серіктің шығарып жүргені», – депті. Мен айтсам, Бəшен нанбайды.

Бердібектің мұндай əңгімелері көп болатын. Негізінде шындық жатқанмен, ол əзіл араластырып, өңдеп, күлкілі ғып айтатын.

– Бірде бір бойы ұзын келіншекпен қыдырдым, – дейді ол, – оған таянып, бетінен сүюге мойным жетпейді. Бір заборға сүйеніп тұрдық. Тастың үстіне шығып сүюге ұмтылғанымда, келіншек шегініп кетіп, оның мойнына асылып қалдым.

Бір жолы əйелі ауылға кетіп, бұл үйіне бір келіншекті ертіп келіп қонады. Таңертең ерте есік тарсылдайды. Бұл: «Əйелім келіп қалды ма?» деп қорқып, əлсіз дауыспен: «Бұл кім?» – деп сұрайды. Сол күні Жоғарғы Кеңес сайлауы екен. Есік сыртынан «Дауыс беріңіздер» деген дауыс шығады. Күшейіп алған Бердібек: «Неге ерте мазалайсыңдар? Дауыс берем бе, бермеймін бе – өз еркім», – деп күш көрсетіпті.

Жазға қарай Бердібек ауылға кетіп, Бəшенді екі баласымен көшіріп алып келді. Пəтер жоқ. Жалдауға пəтер тауып алғанша деп, баяғы өзіміз жатқан жатақханаға (студенттер жазғы демалысқа кеткен) түсіпті. Павел Карпенко деген комендантымыз болушы еді. Анда-санда бір жарты беріп, қалаған бөлмемізге жатушы едік. Бердібек сонымен келісіп, бір айға бір бөлме алыпты. Маған телефон соқты. Біз Əлия екеуміз оларға амандасуға бардық. Газдың жоқ кезі. Электроплитаға ет аса бастады. Біз шай ішіп, əңгімелесіп отырдық. Ұзақ отырмыз. Қазан қайнамайды. Бір кезде Бердібек кастролді көтеріп қалса, плита сымы үзіліп , сөніп қалыпты. Шыдамы таусылып отырған Бердібек плитаны Бəшенге ала ұмтылды. Біз ұстап қалдық.

– Ал, көңілді Бердібекті көр, – деп жатырмын Əлияға.

Мұндайды көрмеген ол шошып кетті. Ақыры плитаны жөндеп, бір күн отырып, ет жеп қайттық.

Бердібектің ауылы жақын, əкесі тірі – малшы. Мейіздей қып кептірген етті жиі жіберіп тұрды. Ол телефон соғады:

– Біздің үйден бір ет келіп еді. Біз жиі барамыз. Бөліп жейміз.

Бір жылы күзге қарай осындай бір хабар айтып Бердібек телефон соқты.

– Біздің үйден бір тəтті ет келіп еді. Ертең демалыс қой. Апамды ертіп, Əлия үшеуің келе қойыңдар, – деді.

Ол кезде Бердібек Тастақта жеке үй жалдап тұратын. Тастақтың Сталин көшесі мен Киров көшесінің қиылысында, оңаша қорасы бар үй еді. Ертеңіне таңертең шай ішкен соң, «ертерек барып қайтайық» деп, он бірден аса шығып барсақ, есіктің алдында Баянжан марқұм əйелімен, шешесімен тұр.

– Мыналардың есігі жабық, – дейді ол.

– Қой, бізді алдағанмен, кемпірлерді алдамас, көршілерге кілтін тастап, базарға кеткен болар, – дедім мен.

Шынында да, солай екен. Көршілерінен кілтін алып, біз Баянжан екеуміз самауырын алып шығып, екі кемпірге:

– Самауыр қойыңыздар, – дедік.

Екі əйел үйіндегі еттің бəрін, қорасында үлкен қазаны бар екен, соған асты. Баянжан екеуміз төсегін ақтарып жүріп, Бəшеннің сөмкесін тауып, ақша алып, Сталин, Комсомол көшелерінің бұрышында дүкен болатын, содан арақ əкелдік.

Сөйтіп, шайды бұрқыратып жасап, ішіп отырғанымызда, артынып-тартынып өздері келді. Бізді көріп, күлді. Біз де: «Шақырасыңдар да, кетіп қаласыңдар», – деп қарсы дау айтып, «арақты өз ақшамызға алдық», – деп ақша даулап жатырмыз.

Сол бір қалтқысыз, көңілді шақтарымыз-ай!

Пəтерсіздіктің ауыртпашылығын Бердібек көп көрді. Алматының қай жерінде болса да, оның үй жалдамаған ауданы жоқ шығар. Шығармашылық азапқа қосылып, тұрмыс та оның жүйкесіне тиді. Жайшылықта күйгелек ол тіпті ашуланшақ болып кетті. Сырт жүрісі тағы бар – ол Бəшеннің жүйкесіне тиеді. Араларында жиі қақтығыс болып қалып жүрді. Кішкентай қызы қайтыс болды. Тіршіліктің азабынан біраз босау үшін ол Алматыдан кетуге бел буды. Оның Мəскеудегі əдебиетшілердің екі жылдық жоғарғы курсына кетуінің түпкі себебі осында. Күзде алды-артына қарамай, Бердібек Мəскеуге аттанып кетті. Шығарып салдық. «Қыс келіп қалды, пəтер де жоқ, далаға тастап кеттің ғой», – деп Бəшен Самал екеуі жылап қалды. Бұл, ұмытпасам, 1955 жылдың күзі болатын. Бəшенді біз қолымызға алдық. Осы күнгі Қонаев пен Əйтеке би көшелерінің қиылысында (қазіргі Арасан моншасының орны) екі бөлмелі, бірінен бірі өтетін шағын, ескі үйде тұратынбыз. Екі баламыз, анамыз бар. Соның үстіне Бəшен Самалмен келіп кірді. Үйренген, бірімізді-біріміз сынамайтын дос көңілді жас кезіміз ғой, сыйысып тұрдық. Бердібек жазға қарай келді де, пəтер жалдап отбасын қолына алды. Күзде оларды Мəскеуге алып кетті. Олардың табысып, қалпына келгеніне қуандық.

1956 жылдың күзінде Қырымнан курорттан қайтқанда мен оларға соқтым. Үйіне бір-екі күн қондым. Аралары жақсы екен. Баяғыдай көңілді күйі. Риза боп қайттым. Келісімен Əлия да оларды сұрап жатыр. Менің қуанышты хабарымды естіп, ол да қуанып қалды. Алайда, бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Бəшен қыс ішінде қайтып келді. Басқа барар жері жоқ, тағы бізге келді. Оны аман сақтап, 1957 жылы оқу бітіріп келген Бердібектің қолына тапсырдық.

Жеке пəтер жалдап тұрғанымен, Бердібек пен Бəшеннің арасы жарасып кете алмады. Бердібек кетіп қалып, Бəшен жылап бізге келіп жүрді. Жазға қарай біз Əлия екеуміз курортқа кететін болып, жас балалар мен апам марқұм үйде қалды. Орталық партия Комитетінің үйінен екі бөлмелі жайлы, жаңа пəтер алғанбыз. Апама серік болсын əрі апамның көзінше ренжісе қоймас деп, Бердібек пен Бəшенді біз бір бөлмемізді босатып, соған кіргізіп кеттік. Бірақ жараса алмаған олар: «Кемпірдің мазасын ала бермейік», – деп, біз келгенше шығып кетіпті.

Сол жылы Бердібек бірінші рет пəтер алды. Алматының шет жақтарында Хрущев поселоктары деп аталатын бір қабат жеке үйлер салынып жатқан. Бұл үйсіздердің тасқынын басу үшін Хрущев ойлап тапқан нəрсе болатын. Бердібекке СМУ-15 деген ауданнан үш бөлмелі оңаша үй тиді. Оны жаяулап барып көріп, үйін көшірістік. Алайда, бұл қуаныш та ұзаққа бармады. Ол үйде Бəшен Самал екеуі қалды да, Бердібек өз жөнін тапты. Біздің Бердібекпен жиі қатынасымызға да тыйым түсті.

Бір кездескенде, ол үйленгенін айтты. Əйелі дəріханада істейді екен. Жазушылар одағында, жиындарда кездесіп қалып жүрдік. Тағы бір кездескенімізде, əйелінің босанғанын, ұлды болғанын айтты.

– Біз де ер бала туғыза алады екенбіз, құттықтап қой, – деді ыржалақтап. Мен құттықтадым. Келесі жылдардағы бір кездесулерде екінші рет ұлды болғанын айтты.

Бұрынғыдай жайраңдап келе алмайды. Бəшеннен кеткені бетіне шіркеу де болатын шығар. Əлиядан да сол үшін қысылатын болар. Осы ойлармен біз Бердібекті жас əйелімен шақыруға ұйғардық. Ол келді. Бұрынғыдай көңілділік танытқан жоқ. Əйелін де қасынан шығармайды. Ұзамай, ол бізді, жолдастарын жинап шақырды. Бұл жолғы кешіміз де ресмилеу болды. Біздің əйелдеріміз оның əйеліне таянып кетсе:

– Əй, мына кəрі əйелдер менің жас əйелімді бұзып кетуі мүмкін, – деген қалжың айтқан боп, əйелін оларға таянтпауға тырысты. Жас əйелдің күйеуінің бұрынғы жолдастарына таянбауға тырысуы заңды да болар. Бұрынғы əйелдің жолдастарының жаңаны мойындауы да оңай болмайды. Олардың бұрынғы əзіл-қалжыңын жас əйел түсіне де қоймайды. Сірə, Бердібекпен қайта табысып кетуімізге осындай психологиялық жайлар кедергі жасады-ау деймін. Араларымыз осы екі шақырыспен тамамдалды. Анда-санда аздап ішіп алған кездерінде кейде телефон соғып, кейде үйге келіп, бізді іздейтінін, сағынатынын, жалғыздығын айтып шер тарқатып кеткен кездері де болды. Сондай бір кештің бірінде көзіне жас алып отырып:

– Сендерді сағынам. Осы күні үш бөлмелі үйім бар, сырттан бір қонақ келсе, соған төсек салып беретін орын таба алмаймыз. Сендердің екі бөлме үйлеріңнің бір бөлмесін бізге босатып берген мінездеріңе таң қалам! Адал достықтарыңа, дарқан мінездеріңе басымды ием, – дегені есімде.

Бердібек өмірінің соңғы жылдары тұйық, оңаша өмір сүрді. Жазуды да қойды. Қонаққа бару, достарымен бірге болудан да тыйылды. Мұның аяғы немен біткенін елдің бəрі біледі.

Бердібек – табиғаты адал, өмірді сүйген, ақкөңіл, жарқын жігіт еді. Кездескенде қалжыңдасып, көңіліміз көтеріліп қалатын. Сондай бір қалжыңды сəттерді еске түсірейін.

Бірде бірге оқыған жолдасымыз Кəрібай Шəменовті жерлеуге Кеңсайға бардық. Жерлеп болған соң, мен таянып:

– Əй, Соқпақбаев, сенің осы жерде дачаң бар дейді, қайда, көрсетші, – дедім. Ол сайдың арғы бетіндегі төбені нұсқады.

– Əй, мынау өлгендердің ортасында қорықпай қалай жатасың?! – дедім мен тағы да.

– Өлгендер не істейді? Тірі сендерден қорқу керек, – деді ол.

Бір жолы Жазушылар одағына барсам, бірінші қабатта, кіреберіс вестюбльде, ішінде Бердібек бар, бір топ жазушы тұр екен. Мен бəрімен амандастым да:

– Шіркін, дүниенің тары-ай! – дедім.

– Не боп қалды, – деді олар елеңдеп.

– Бір кезде Мұхтар мен Сəбит сыйыспайды деуші ек. Енді Соқпақбаев пен Сарғасқаевтың сыйыспағанын көрдік.

Жұрт ду күлді. Сол күннің алдында «Қазақ əдебиетінде» Соқпақбаевтың С.Сарғасқаев шығармаларын қатты сынаған мақаласы шыққан. Сансызбай – ұзақ жылдар балалар баспасөзінде қызмет істеген, балаларға арнап көптеген шығармалар жазған белгілі жазушы еді. Оның алғашқы əңгімелер жинағына (1953) мен мақала жазғам. Кеш дамыған балалар əдебиетін Бердібекке ере, дамытуға еңбек етіп жүрген қаламгер болатын. «Соқпақбаев, Сарғасқаев» деп, екеуінің аты-жөндерін де бірге атап жүруші ек. Сол екеуінің арасынан бір қара мысық өтіп кеткен бе, ойда жоқта Бердібектің Сансызбайдың оны-мұнысын қазбалаған мақаласы шықты. Менің əңгімені қалжыңға айналдырып, айтып тұрғаным сол еді. Бердібек жауап бере алмады. Ыржалақтап, елмен бір күлді де қойды.

Бердібек Тахауи Ахтановпен, Сафуан Шаймерденовпен де жақын жолдас болды. Олармен де арасында болған қалжың-əзіл көп.

Өмірінің соңғы шағында ол елмен қарым-қатынасын азайтып, оңашалау өмір кешті. Жұмыс та істемеді. Кітаптары да басылған жоқ. Азғантай зейнетақымен күн көрді.

Алатын пенсия бар – бір жүз қырық.

Жұмыс та істеп жүргем жоқ онша қырып.

Қатынның көжесіне тойып алып,

Жатамын да осырам тырқ-тырқ,

деген сияқты өлеңдері болатын. Бізді көргенде сонысын айтатын. Бердібекпен біздің студенттік достарымыз көп еді.

Соғыстан кейін ҚазПИ-де оқығандардың біразы Алматыда қалды. Олар ғылымға, əдебиетке, журналистикаға араласып кетті. Бəріміз бір үйдің баласындай тату, араласып, өмір кешіп едік. Əртүрлі жағдайлармен арамыз сиреп, қатынастарымыз алыстаған кездің өзінде бір-бірімізді сағынып көрісетінбіз. Ренжіскен, мінез көрсеткен кездеріміз болған жоқ. Сондай достың бірі – Бердібек еді. Онымен өткен жас шағымызды, қалтқысыз достығымызды біз əлі де сағынамыз.

2002


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар