Айзаданың өлеңдері шынайы өмірге берілген жолдама сияқты
Бөлісу:
Адам ішкі сезімінің, қуанышы мен қайғысының, мұңы мен сырының көшірмесі – лирика. Бүгін сіздерге таныстырғалы отырған жас ақын – Айзада Сәдуақас та лирик ақын. Ол өзінің көргенін, сезінгенін, көкейіндегі сұрақтарды өлең арқылы оқырманға жеткізе біледі.
«…Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!» -депті Мұқағали. Шындығында да солай шығар. Біздің шамамыз поэзияны ғылым ретінде зерттеуге шамамыз жете қоймас. Дегенмен, өлең өлкесіне аяқ басып жатқан әр жастың өлеңін тым болмағанда әдеби теориялық тұрғыдан талдап отырсақ деген ниетіміз бар. Ендеше, сөздің басын ақын өлеңдерінің көркемдік деңгейін анықтайтын бейнелеуіш құралдарынан бастасақ. Айзаданың өлеңдерде бірден көзге түсетін тәсіл – қайталаулар. Мысалы:
Ажал жетпей, өлмессін деп, былайғы үн,
Күрсінген күн есейдің.
Қайтарымы болатынын лебіздің,
Түсінген күн есейдің.
Немесе:
Бумеранг дейді өмірде бәрі,
Бұл аңыз қанша жалғасар?
Бумеранг дейді әлемнің бәрі,
Айналып келер қылғаның.
Және:
Сені біреу лайықсыз деп айтады,
Мен бәрібір, мен бәрібір сенбеймін!
Сені біреу сүймейді деп айыптар,
Мен бәрібір, мен бәрібір сенбеймін!
Бұл анафоралық және эпифоралық қайталамалар арқылы жас ақын, біріншіден, өлең әуезділігін арттырса, екіншіден, оның айтар ойына оқырман көңілін аудартып тұр.
Сонымен қатар өлеңдерде оқырманға бұрыннан таныс қазақ мақалдары да орынды қолданылған: Ор қазсаң, өзің түсесің. Атаңа қылған, алдыңа келер. Әрине, бұл мақалдар құрылысы жағынан өзгеріске ұшыраған, алайда бұдан өлең мағынасы өзгеріп кетпейді, керісінше басқа сөздермен ұйқасып, өлең бейнелілігін арттыруға қызмет етіп тұр.
Өлеңдерінде оқырманға ой салар, сәтті шыққан шумақтар да бар. Мысалы:
Екі есе көркем сұлулық екен,
Екі аяғыңмен тұрғаның;
Барлық жерде құтқармасын ақылдың,
Сезінген күн есейдің;
Бумеранг болса тірлікте бары,
Жауапсыз неге сезімдер?...
Расында, жас ақынның бұл ойына ешкім қарсы келе алмас, бірінші өлеңінде адам баласының бағалай білмейтін байлығын табиғаттың сұлулығынан да артық көрсе, екінші және үшіншісінде барлық адамның көкейіндегі сұрақ сөз етіледі. Ол – ақылдың кез-кездегі дәрменсіздігі мен жауапсыз сезімдер.
Жас ақынның айтар ойы, оқырманға жеткізуге тырысатын, оқырманмен сырласуға тырысатын тақырыптары көп. Алайда сол ойын жеткізуде көркемдік құралдарды пайдалануда әлі де болса іздене түсу керек. Өлең сөздердің дыбыстық жағынан ұйқасқан тізбегі емес, ол – мағынаның бірлігі. Жас ақын өлеңдерінің кейбір шумақтарында логикалық қателіктер кездеседі:
Жұлдызды сосын санағым келді,
Таңнан да түгел тайынбай.
Бұл жерде ақын таңның көрінісін беруге тырысқан, алайда тайынбау сөзі көбінесі намысқа тырысу, кері шегінбей деген мағынада қолданылады. Таңнан тайынбау деп қолдану – орынсыз.
Ал келесі шумақтағы табиғат көрінісі шынайылықпен сәйкес келмейді:
Тастарға төмен сарқырап бұлақ,
Сәулесін солай төгетін.
Тазалығымен жарқырап құрақ,
Тал-қайыңдарды өбетін.
құрақтардың тал-қайыңдарды өбуі мүмкін емес.
Жаласынан жалғандардың жаңылып,
Жығылған күн есейдің.
Бұл тармақта ақын адамдардың жалған жаласынан жаңылған күн туралы айтқысы келген, алайда сөйлемді дұрыс құрмаған. Себебі жалғандардың жаласы деп қолдану қате, жалған – сын есім, ол заттанғанда ғана оған көптік жалғау жалғанады, бұл жерде ақын жалғандардың жаласынан деп емес, жалған жалалардан деп қолданғаны дұрыс болады.
Өмір дейтін теңіздегі қайықтар,
Сезім шығар...
Жерге қайтып келмеймін!
Егер өмір – қайық болып, оның қайта оралмайтынын айтқысы келсе, ақынның жерге деп емес, жағаға қайтып келмеймін деп қолданғаны орынды болатын секілді.
Ар дегеннің қардан мамық екенін,
Басқасының бұл дүниеде бекерін.
Қолдан сусып ол да бір күн кетерін,
Ұғынған күн есейдің.
Бұл жерде арды ақ қарға теңеп, оның кіршіксіз екендігін жырлағаны орынды. Алайда оны қолдан бір күн сусып кетеді деу – қате пікір. Себебі қазақ арды жаннан да биік қойып, «жаным – арымның садағасы» деп өсиет қалдырған.
Жас ақын өлеңдеріне азды-көпті талдау жасап, оның шығармашылығымен таныстыруға тырыстық. Ал, Айзаданың өлеңдері жайлы алдыңғы буыннан Сағыныш Намазшамова мен ақынның замандасы Ерболат Қуатбектің де пікірін назарларыңызға ұсынамыз.
Сағыныш НАМАЗШАМОВА, ақын: Жас ақын Айзаданың өлеңдері асығыстықтан, арсы-гүрсіліктен ада, керісінше байсалдылық, байыптылық бар. Қиыннан қиыстырам деп әуреленбейді, өзінде барды барынша шынайы жеткізеді. Ең бастысы тазалық есіп тұр.
Ол өлеңінде өмірді ауырлатпайды, мұңының өзін жүрекке жүк түсірмейтіндей жылылықпен қабылдайсың.
Қараңызшы:
Іздеп те сені бармаймын, кешем,
Көрерсің тағдыр қосқанын.
Есіме енді алмаймын десем,
Кезіге берер достарың.
Ұмытарыма сендіре алсаң,
Қайғым да бәлкім қайтады.
Көк жәшікке де телміре қалсам,
Сен айтқан әнді айтады.
Расында тілге жеңіл. Бұл саяздықтан туған жеңілдік емес, жамалыңды жанап өткен салқын самалдай жайлылық.
Жас талапкердің айтылмаған беймәлім сырлары, байқатпаған белгісіз қырлары қалмағандай, бар ой-қиялын, арман-аңсарын өлеңге айқара ашады. Ол да болса жастыққа тән игі қасиеттің бірі болар.
Айзаданың аса балаң деуге келмейтін, естияр шақтағы есті өлеңдері оның болашағынан үміттенуге үгіттеп-ақ тұр. Жас қаламгердің қанаты қатаюына, қаламы ұшталып, қарымы шыңдалуына шын жүректен тілектеспін!
Ерболат ҚУАТБЕК, ақын: Балалық шақта тезірек есеюді армандадық. Ал қазір ше? Сәби болғымыз келіп жүр. Бірақ, біз бұл арманымызды дүниеге жар салудан сескенеміз, қорқамыз. Шынайылық деген әдемі сөз бар. Әдемі сөз емес, адамға тән болуы керек болмыс. Біз оны тұншықтырғымыз келеді. Тағы сол балалық. Балалық ақылы жоқтық емес. Даналықтың бәрі балалық шақта. Себебі, бала әдемі сөзге үйір болмағандықтан қайырлы сөз шығады. «Үлкен» адамдар даналықты әдемі сөз деп түсінетіні қандай өкінішті?!
Ар дегеннің қардан мамық екенін,
Басқасының бұл дүниеде бекерін.
Қолдан сусып ол да бір күн кетерін,
Ұғынған күн – есейдің.
Бұл Айзада Садуақасованың бір жапырақ ойы, өлеңі. Жоғарыдағы ойға жетелеген, балалық шақты ауызға алуға мүмкіндік берген Айзаданың жыры. Болмысы мен өлеңі – аттас. Асқақтық – үнсіздік. Мұны Айзада ақын жақсы түсінеді.
«Бар!» дегеннің қабағынан қамығып,
«Кел» дейтұғын керегіңді сағынып.
Жаласынан жалғандардың жаңылып,
Жығылған күн – есейдің.
ЕС-ейдің. Еске ие болдың деген сөз. Сонда қалай? Балалық шақ көзден бұлбұл ұшты ма? Ақын жүрек қалайша қиып тұр?
Жан дегеннің жарлығына Құдайдың,
Шыдағанша шыдайтынын құлай мың.
Ажал жетпей, өлмессін деп, былайғы үн,
Күрсінген күн – есейдің.
Есею – қиындықтармен бетпе-бет келген сәт. Ақынның айтпақ ойы осы. Таным мен түсінік тарылып қалған жоқ па? Жоқ, бұл күдігімізді келесі шумақтағы жолдар сейілтеді.
Хал дегеннің толқынындай теңіздің,
Қуанышпен қатар жүрер егіз мұң.
Қайтарымы болатынын лебіздің,
Түсінген күн – есейдің.
Айзада бұл жерде тағы да бір дүниені қаперімізге салып отыр. Есею – жүректің алғашқы лүпілі екенін. Туғанда жүрек соқпай жата ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ, ол мүлдем басқа леп қой. Ал бұл лүпілдің соққысы ерек. «Ес пен жүректі бөлуге болмайды» деп тұр автор. Жүрек болмаса ақылдың несі ақыл? Есею – балалық шақты мәңгі бақи жүрегіңде тербеу. Ақынның тағы бір ойы бұл.
Жар дегеннің досыңнан да жақынын,
Тек сонымен үйлесерін бақ ұғым.
Барлық жерде құтқармасын ақылдың,
Сезінген күн – есейдің.
Зар дегеннің заласынан талайдан,
Шаршағанда шашыраған сан ойдан.
Көзсіз сенер адам таппай маңайдан,
Безінген күн – есейдің.
Есейдім.
Енді ЕС иесі ғұмыр бойы БАЛАЛЫҚ, ДАНАЛЫҚ пен СЕЗІМДІ мәңгі бақи тербеп өтпек. Ақынның бес шумақ өлеңінен бес күн жалған дүниені көреміз. Бұл өлең – шынайы өмірге берілген жолдама. Өлеңді талдап отыруға әрқашанда болады. Бірақ бұл өлеңнің сиқыры мені осындай ойға жетеледі.
Есеюден де қорықпаңыз, Айзада ақын!
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:
Аты-жөні: Айзада Сәдуақас
Туған жылы: 15.06.1993
Туған жері: Қарағанды облысы, Жаңаарқа өңірі
Мамандығы: педагог-психолог
***
***
Биікке ғана қарағым келді,
Көзімді Күннен айырмай.
Жұлдызды сосын санағым келді,
Таңнан да түгел тайынбай.
Тауларға түсті көздерім кейін,
Өздерін кербез ұстаған.
Жаңғырық болып жалғасты күйім,
Құстар да олай ұшпаған.
Тастарға төмен сарқырап бұлақ,
Сәулесін солай төгетін.
Тазалығымен жарқырап құрақ,
Тал-қайыңдарды өбетін.
Аспаннан қалай аласардым деп,
Талайлар кейіп өтпес пе?...
Жанымдағыма жарасармын бек,
Қол созып қайтем жетпеске?
Жүрекке сыйлар жылулық мекен,
Тәндегі жаның-бір бағың!
Екі есе көркем сұлулық екен,
Екі аяғыңмен тұрғаның.
***
Бермесем егер көргенде сәлем,
Күн кеткен дерсің сыр қылар.
Ұмытпақ болып жүргенде әрең,
Сені сұрайды құрбылар.
Іздеп те сені бармаймын, кешем,
Көрерсің тағдыр қосқанын.
Есіме енді алмаймын десем,
Кезіге берер достарың.
Көңілім, күзім тоңып тұрады,
Естелік оңай өше ме?
Баруым керек болып шығады,
Екеуміз жүрген көшеге.
Сабырсыз санам, аласұрамын,
Амалын таппай күн кешер.
Ұйқыдан қашып, таң асырамын,
Түсіме кіріп, тілдесер.
Ұмытарыма сендіре алсаң,
Қайғым да бәлкім, қайтады.
Көк жәшікке де телміре қалсаң,
Сен айтқан әнді айтады.
Тырысқанмын деп ақталмадым да,
Арылмай "сен" дер күйден мен.
Жадымда мәңгі жатталғаның ба?
Саябақ, сансыз үйлермен.
Үмітім таңнан кешіме қалар,
Адасуымнан қорықтым.
Қаладан сені есіме салар,
Кетуім керек, соны ұқтым…
***
Ар дегеннің қардан мамық екенін,
Басқасының бұл дүниеде бекерін.
Қолдан сусып ол да бір күн кетерін,
Ұғынған күн-есейдің.
Бар!- дегеннің қабағынан қамығып,
Кел…-дейтұғын керегіңді сағынып.
Жаласынан жалғандардың жаңылып,
Жығылған күн-есейдің.
Жан дегеннің жарлығына Құдайдың,
Шыдағанша шыдайтынын құлай мың.
Ажал жетпей, өлмессін деп, былайғы үн,
Күрсінген күн-есейдің.
Хал дегеннің толқынындай теңіздің,
Қуанышпен қатар жүрер егіз мұң.
Қайтарымы болатынын лебіздің,
Түсінген күн-есейдің.
Жар дегеннің досыңнан да жақынын,
Тек сонымен үйлесерін бақ ұғым.
Барлық жерде құтқармасын ақылдың,
Сезінген күн-есейдің.
Зар дегеннің заласынан талайдан,
Шаршағанда шашыраған сан ойдан.
Көзсіз сенер адам таппай маңайдан,
Безінген күн-есейдің.
Есейдім.
***
Бумеранг дейді өмірде бәрі,
Бұл аңыз қанша жалғасар?
Адамдар дейтін өңірде әлі,
Жанарлар жаспен алмасар.
Бумеранг дейді білетін халық,
Ор қазсаң, өзің түсесің.
Берекеңізді жүретін алып,
Тартады сондай үлесін.
Бумеранг дейді талабы таным,
Айналып келсе, қолдайды.
Достыққа адал-табады бағын,
Сатқындар болса, оңбайды!
Бумеранг дейді, сандырақ егер,
Ақиқат болса жақ ашар.
Атаңа қылған, алдыңа келер,
Шындыққа кімдер таласар?
Бумеранг дейді... қорқытсаң керек,
Жүгінсін деумен тиымға.
Қолдасаң бүгін қолтықтан демеп,
Қорғаның болар қиында.
Бумеранг дейді әлемнің бәрі,
Айналып келер қылғаның.
Таусылған күні сәлемнің дәмі,
Табады тағдыр жұрнағын.
Мұздаса көңіл, түндікте қары,
Суыса септік сенімдер...
Бумеранг болса тірлікте бары,
Жауапсыз неге сезімдер?...
***
Мен жыл сайын сұлуланып,
Мен жыл сайын құлпырам.
Мен күн сайын күлім қағып,
Биіктерге ұмтылам!
Мен сәт сайын сабырыммен,
Сенім тауын қалаймын.
Текті туған тамырыммен,
Туы болам талайдың!
Әр мезетте даналанып,
Ақтарамын жанымды.
Белестерден дараланып,
Бағалаймын бағымды!
Қалт кететін кезім болса,
Қайта тіктеп бойымды.
Сенімге еріп, сезім қонса,
Тамашалар тойымды.
Кешіктірген уақыт-тұрақ,
Кеткені жоқ елде есем.
Кешегіден бақыттырақ,
Көрінемін, сенбесең.
Жүрекке бар жылуды алып,
Босатамын құлпынан.
Мен күн сайын сұлуланып,
Мен күн сайын құлпырам
***
Көріскенде жаным жайнап қайтады,
Жүрегімді, жанарымды жеңбей мұң.
Сені біреу лайықсыз деп айтады,
Мен бәрібір, мен бәрібір сенбеймін!
Өмір дейтін теңіздегі қайықтар,
Сезім шығар...
Жерге қайтып келмеймін!
Сені біреу сүймейді деп айыптар,
Мен бәрібір, мен бәрібір сенбеймін!
Бір өзің боп өр мінезді, жаны игі,
Мейірімді түсінеді сендей кім?
Сені біреу қатыгез деп таниды,
Мен бәрібір, мен бәрібір сенбеймін!
Бұл қоғамның суық сөзі жанайды,
Батар күннің үкіміне көнбеймін!
Сені біреу жасанды деп санайды,
Мен бәрібір, мен бәрібір сенбеймін!
Мен бақыттан, сен адастың бағыңнан,
Шұғыла боп өміріме енбейсің!
Күтіп жүр деп айтса мені таныған,
Сен бәрібір, сен бәрібір сенбейсің!
Жалған айтып, жұқартыпсың төзімді,
Сағы сынған сағынышты емдеймін.
Маған енді лайық дейді өзіңді,
Мен бәрібір, мен бәрібір сенбеймін!
Бөлісу: