Имамғазы Нұрахметұлы: Парасат биігі

Бөлісу:

03.05.2017 5770

Асқар Алтайдың әңгімелеріндегі тарам-тарам болып өріліп жататын ойсілемдері мен сезім арналары кісіні бірде шыңға, бірде шыңырауға бастайды. Бір ғана ойды қаузай беретін тар өрістілік жоқ. Жазушының «Казино» атты әңгімелер жинағын оқып отырып, алапат сезім иіріміне жолықтым. Жанымда жаңғырыс пайда болып, басыма не бір ойлар оралды. Жазушы қиялына еріп, оның көркемдік әлеміне жол тауып, өзіме керек мән, заманға керек ұлағат іздесем деген түйінге тоқтадым. «Казинодағы» әр әңгіме шүңет сырларға, тылсым сезімдерге толы өзінше жеке-дара әлем. Мені сол ғажайып әлем өз иіріміне тартып әкетіп бара жатыр. Қайта-қайта оқи бергім келеді. Әсіресе «Альпинсті» оқыған соң ондағы образдар көз алдымнан кетпей тұрып алады. Шағын ғана бір әңгіменің өзінде бір-бірімен отаса бермейтін бірнеше ойды қатар өріп, соның тігісін көрсетпей, жымын білдірмей табиғаттың өзі жаратқандай жарасымды қылып, оқиғаны ойға, ойды сезімге теліп жіберген. Оның қаламынан туған шығармалар әттеген-ай дейтін осалы жоқ, иі қанып, илеуі жеткен дүниелер. Жазушының шеберлігі оның тақырып таңдауынан да, сол тақырыпты қалай меңгеруінен де көрініп тұр. Шебер жазушы бір шығармаға бірнеше ойды сыйғызып қатар өреді. Біз оқып отырған «Альпинст» те осындай қатпары қалың, қазынасы мол шығарма.

Тақырыптың сонылығына талас жоқ. Жазушының мәңгілік тақырыбы адам өмірі ғой. Сол өмірдің қандай сәтін суреттеу, қандай сезімді бейнелеу әр жазушының еркінде, ал қалай бейнелеу, қандай образ жасау талғамға, талантқа байланысты. Шағын әңгіменің қиын тұсы жинақылықпен тыныстылықтың ұштасуында. Сюжет пен оқиғаны кейіпкер сезімін ашуға қызмет еттіре білу қас шебердің еншісінде. Әңгіме жазғыш жазушылардың көбі оқырманды оқиғамен алдайды. Күрделі оқиғаны қызықты қылып баяндап шығу шебер жазушының мақсаты болмауға тиіс. Болған, бірақ қазіргі әдебиеттің дамуы ол дәуірден өтіп кетті. Әңгіме оқиға емес, әңгіме – бегілі бір кезеңдегі адам рухының нақты бейнесі. «Альпинсті» оқығанда менің көзім осыған жетті. Сюжеті шымыр шағын ғана әңгіме оқиғаға емес, сезімге құрылған. Асқар Алтай әңгімелерінің құндылығы осында.

Әңгімеге талай шыңды бағындырған кәсіпқой шыңшыл Тайшынның соңғы сапары арқау болған. Оқиға кейіпкердің түс көруінен басталады. Шың басында жалғыз қалғанын көріп шошып оянған Тайшынның түсінде көрген тауға аңсары ауады. Жүрегінде бір түрлі сағыныш сезімі пайда болған. Ауыл адамдары түске нанғыш. Ауылда өскен Тайшын үшін бұл көргені түс емес – аян. Оның түсіне шексіз сенгені анық. Елсізде бір биіктің басында қалатынын біліп, жүрегінде қорқыныш пайда болған. Жазушының тілімен айтқанда «Өзін таудың шақырғанын түйсінді. Түйсінді де тіксінді». Сөйте тұрып, қорқынышын жеңіп, сол шыңға шығуға жанықты. Әлгі жұмбақ шыңға деген өзі де түсіне алмайтын құмарлық жанын жегідей жеп, ақылға көнбес алапат сезім оны әбден билеп алды. Ақыры Құзғындының биігіне шықты. Сөйтсе сол көрген түсіндей барса келмеске жол шегіпті. Барар жолы ашық, қайтар жолы тұйық болды. Ақыры сүйегі сонда қалған, аянышты жағдайда мәңгілік сапарға аттанған. Бар болған оқиға осы ғана.

Тайшын үшін шыңға шығу таңсық емес. Басы көкпен таласқан Килимонжораға да, Монблан мен Эверестке де, Аляска мен Кавказға, Алатаудың Хантәңірісі мен Алтайдың Ақтауына да шыққан. Бұл жазушының логикалық қорытындысы, кейіпкердің жан толқуы алдындағы түйсігі. Қай тау екенін білмесе де, түсінде көрген сол биікке жаны құлаған, ынтасы ауған күйде түнделетіп жолсерік жолдас іздейді. Тайшын шыңға шығудың қауіп-қатерін жақсы біледі. Бірақ соған жаны құмар. Оны бұл қадамға итермелеген биікке құмарлық, белгісіз бір сағыныш. Ерекше сезімдерді бастан кешіру тау адамдарының жанына жағатын болмыс. «Ең үрейлі, ең күшті сезім таубасында туады».

«Адам шыңның таз төбесіне табаны тиіп тұрып, шыңға басын иіп тұрады». Бұл жазушының өмірден түйген қорытындысы іспетті. Кейде талантты танымады, барды бағаламады деп біреулерге өкпелеп жатамыз. Сол өкпенің өзі біздің пендешіліктің айналасында жүргенімізді көрсететінін білмейміз де. Биіктік биікке шыққан адамға ғана сырын ашады. Солар үшін бағалы, аласалар үшін биік қорқынышты. Парасатсыз адамдар таланттан өлердей қорқады... Ол оның құнын бағалай алмайды ғой.

Адам ретінде бала-шағасынан алыста, ең жақын адамадарына қош айта алмай елсіз иенде – шың басында қалған бейбақ жанға жаның ашуы керек қой. Рас Тайшынның соңғы тағдыры аянышты-ақ. Бірақ әңгіменің қызығы онда емес, «Альпинсті» оқығанда сіздіТайшынға деген жанашырлық сезім емес, өзіңіз де біле бермейтін бір түрлі сағыныш сезімі билеп алғанын байқайсыз. Көңіліңді мұң басып, қарадай алағызғандай боласың. Өзім сондай бір көңіл күй кешіп, нені сағынатымды, нені аңсайтынымды біле алмай дал болдым. Бала кезімді, сол кезде жүрген жерлерімді, бастан кешкен пәк сезімдерімді аңсадым ба? Алғашқы қорқыныш, алғашқы үрей бойымды тағы биледі ме? Ол жағын біле алмадым. Әңгіменің тылсымдығы сонда – Құзғындының ұшар басынан қайтар жолда мұз жарықшағына құлап, түпсіз шыңырауға кеткен Тайшынды құтқарғың келмейді. Оған жаның аши отырып, сол биікте қалуын сен де іштей тілейтін сияқтанасың. Оқырманды осындай күйге түсіретін құдірет жазушы шеберлігі, сезімді тығырыққа тіреп, Тайшынның сол шыңырауда қалғаны дұрыс екеніне жаныңды сендіргендігі ғой.

Әңгімеде нақты биіктікке – тау шыңына шығу барысы, шыңшылдардың кәсіптік психологиясы сөз болғанымен, астарында рухани биіктік, яғни кісілік кемелділік мәселесі, кемелділік пен азғындықтың ұлт ағдырына тигізер әсерін көрсету жазушының басты мақсаты болған.

Парасаттың кемдігінен, шыққан тұрғысының аласалығынан адамзат азып бара жатыр. «Адамда болмысын жоғалтады. Қазіргі заман адамдары қояндай қорқақ, қарсақтай жортақ, түлкідей бұлтақ». Биікке шығу біреулерге мақтан, елге көрінудің, көзге түсудің тәсілі. Саналы жан иесі қаншалықты аласа болса, соншалықты биікке құмар. Сол құмарлық оның түбіне жетпей ме? Адамзаттың әлеуметтік өміріндегі осы трагедия әңгімеде көркем образ арқылы көрініс тапқан. «Нағыз адамдық асыл қасиет тау басында ғана» парасаты биік, рухы таза адамда ғана адамшылық бар. Тайшынның ойынша «таудағы достық бәрінен биік, таудан төмен түскен жерде пендешілік бой көтереді». Парсаттың биігіне шыға алмай, пенделік күйбең төңірігенде қалған адамдардың махаббаты мен қарғысының арасындағы шекара болмайды. Дос болып жүріп өз пайдасы үшін қас дұшпаныңа айналу, досын сату намыс емес, қас болып жүріп болмашы мүддесі үшін дос болғансып, табаныңды жалаудан тайынбайды. Оның бәрі ұсақтықтан. «Ойда достыққа да, қастыққа да орын бар».

Өзі биік адамға биіктің керегі де болмақ емес. Ата-бабамыз табиғатпен бірге жасасып келе жатса да, шыңға шығуды мақтан көрмеген, кәсіп деп білмеген. Себебі өзі сол биікте жүрген. Бұл сөзіммен жұрттың көбі келісетініне күмәнім жоқ. Бірақ, шың басына шығуды мақсат еткен кәсіпқойлар жоқ демесеңіз, қазақ тауға шығудан ексе болмағаны да анық. Тіршілігі дала төсінде, тау басында өтететін көшпелі халық биікке дене шынықтыру, атақ-даңққа бөлену мақсатында шықпаса да, өмірі сол биіктерге байланысты болған. Биіктік туралы қазақ ұғымы қазіргі шыңшылдармен отаса бермес. Басқаларға мақтан үшін, атақ шығарып,жұрт көзіне түсіп,ел назарын аудару үшін қажет болған биіктіктау елінің тіршілік тұғыры. Тау баласы дүниені төбесінен көру үшін биікке шығатын. Далада жүрген қазақ отыруға тура келседе биіктеу жерді таңдап алып отыратын, жоқ қараса биік шыңдарға шығып төңірекке көз салар еді. Құсының томағасын биікке шығып тұрып тартатын.Қысқасы биіктік қазақ тіршілігінің тұғыры. Шың біреу болғанмен оған әркім әр түрлі мақсатпен шығады. Елге көріну үшін биікке шығу мен дүниені көру үшін шығудың айырмашылығы жермен көктей. Қазақы дүние таным биіктікті ізгілікпен пәктіктің мекені деп қабылдаған. Жақсы көрген адамына тілек айтса, «шыққан тауың биік болсын» дейтіні сонан. Әңгіменің бізге ұнағаны да осы тақырыбы. Жазушы бүгінгі шыңшылдық өнердің мақсаты мен ұлттық дүние танымды паралель қойып, парасаттылық пен күйкіліктің нарқын безбенге салған.

Шыңға шыққыш Тайшын тағдыры арқылы адамгершілік пен парасат биігіне ұмтылған адамдардың үміті мен сенімін қатар суреттеген.

Тайшын ұлттық салт, ұлттық дәстүр, тіпті ұлт тарихы ұмыт болған заманның адамы. Жартылай азған ұрпақтың образы. Оның заманында жаттанды тарихшылар, жандайшап жағымпаз ойшылдаркөбейген, халық жалтақтыққа бой үйреткен. Осының бәрінің себебі ұлттық ұстанымның әлсіреуі, азаматтық тұрғының аласалығы, парасаттың шөгуі, ізгіліктің әлсіреуі. «Бұл Құзғындыны, Құзғынды мұны ұмытқалы не заман» деген автор аузынан айтылатын Тайшынның ойы осы шындықты меңзейді.

«Тайшынды қала халқының қыбырлаған тіршілігі алдаусыратқанмен белгісіз биікке деген құштарлық жан дүниесін суыртпақтап тарта берді».Бұл Тайшынның болмысынан көрініс берген заман рухы, замана биігі –тарихи тұғырын сағынған халықтың рухы. «Тайшын альпинст болайын деп болған жоқ, альпинст қылған қаланың қажытқан тіршілігі. Тау мұның анасы еді, Құзғынды деп қияға көз тігуі де сол анаға деген сағыныш екен». Адамзат жат мәдениетке қанша бауыр басса да, түптің-түбінде өз болмысын іздейді. Сұңғат ел рухы әбден әлсіреп тозған кезеңнің ұрпағы. Ол да тегін іздейді, биіктікті аңсайды. «Өзім жазықта тусам да тау арасын аңсаймын да тұрамын». Өзі де түсіне бермейтін ішкі қайшылыққа толы сезімінің астарында ұлт болашағына деген үлкен сенім, зор үміт жатыр. Халықтың тегіненайнымағанын мұнан артық қандай образбен көрсету мүмкін. Сондықтанда Тайшын: «Міне-міне, сенде түбің, тегің тау ұлысың. Сен екеуміз ұқсаспыз», - деп қуанып кетпеді ме. Халық өз ұрпағын өзі тәрбиелейді. Сұңғаттасондай заман түлегі. Оны Тайшындар тәрбиелеп, тауға бауыр бастырған, рухын биікпен жалғаған. Әңгімеде бұл шындық Сұңғаттың бұрыннан Тайшындармен бірге шыңға шығып жүрген талапты жас екенінен көріс тапқан.

Тарихынан, мәдениетінен айрылған, дәстүрін ұмытқан ұрпақтың алды тұйық. Тайшын заманның тәлкегіне ұшыраған,сол тұйыққа тірелген ұрпақтың өкілі. Оны өзіде жақсы біледі, «Менде жетіммін» деп күңіренгені тегін емес. Бірақ Тайшын үмітсіз шыңырауға кеткен жоқ,тегін білмейтін тексіз емес.Тек қана заманның соқыр тұманы бағытынан адастырған. Оның үміті Сұңғат. «Менің әке-шешем тау» демеді ме.Тайшын мен Сұңғат империялық озбыр саясат жетпіс жыл табанға салып таптағанда жаншылмаған рухтың тұлғалануы.

Тарих – өткен өмір, болған іс. Ол ескерусіз қалса қалар, жоғалмайды да өзгермейді. «Е-еһ, бауырым,тауларда толқиды, тауларда жылайды, тауларда аңсайды, тауларда жоқтайды. Тауда адамды аңсайды, аңсағанда өзіне шақырады, ыңғайы келсе бауырына басып қалады. Бауырына басса ...... бар зарын төге жоқтайды. Сен ондай күңіренген үнді естіген жоқсың. Ғажап үн. Мені сол зарлы үн шақырады да тұрады». Жансебіл Тайшынның соңғы арманы да, үміті де осында, мені биікке сен баста деп тұрғандай. Ұрпаққа деген шексіз сенім мен үміт жатыр.

Адам ойы терең, тұрғысы биік болған сайын сергек, сезгір келеді, ақиқатты тез көреді.Ондай адам жаңылмайды да адаспайды. Сондықтан тау басында «адасуың қиын». Ойсыздық ұсақтыққа, аласалыққа бастайтын дерт. Ұсақ адамдар шындық пен өтіріктің айырмашылығын біле алмас, адамзат сүрлеуінің шым-шытырығынан ақиқаттың жолын таба алмайды да. Шындық қатаң қағидаға арқа сүйейді, оның алдында жалтарып жан бағу, бұғынып бой қорғау мүмкін емес. Сондықтан, биікте «ажалың жақын».Тау басында не ол жеңеді, не сен жеңесің. Тау басы тығырық». Құзғындыны көрген Сұңғат бұрын көрмеген таудың ғажап көркіне, тылсым тұлғасына бір жола құлайды, осындай биікке Тайшынның неге шықпағаны оған жұмбақ. Әр дәуірдің адамдары өзінің алдындағы аға буынға сенеді. Өйткеніолардың мүмкіндігінде, потенциялында жақсы таниды. Құзғындыны көрген Сұңғат та: « аға бұған қалайшықпай жүрсіз?» деп таңырқады.

Тайшынның да өз осал тұсы бар. «Ой бауырым-ай, ақымақ болған соң қайтесің, біздікі баяғы қағынан жеріген, жатырын жатсынған құлан....». Сұңғатқа ауыр болса да бұл шындық. Бүгінгі адамдар айта алмайтын шындық. Қытайдың әйгілі жазушысы Мо Янның: «Қалам басқалар жайлы жазғанда рахымсыз, өзің жайлы жазғанда тым мейірімді» деген сөзі еске түседі. Қазіргі аға буын өздерінің қателігін айта алмайды. Осалдығын жасырып, өзінен өзі қаһарман жасауға шетінен шебер. Әңгіме авторы осы бір қысқа диалог арқылы әлеуметтік тамыры тереңде жатқан осы келеңсіздікті ашып тастаған. Тайшын Асқардың замандастарының жиынтық орбазы десек, жазушының қаламы өзіне де «рахымсыздық» танытқанын аңғарамыз. Мұндай «рахымсыздық» тек қана рухы таза, қаламы шебер жазушының қолынан келетінін айта кеткен жөн.

Күйкі тірлікке бой үйреткен тобырдан ізгілік күту әбестік. Елді биікке бастау керек, парасат биігін бағындырған елде ғана болашақ бар. Онда да сол биікке шығу, табан тіреп тұру үлкен жауапкершілікті талап етері хақ. «Бар үміт, бар күдік биікте». Сол биіктің басында болашағын күткен аға жолбасшы қалды. Биікті ғана аңсаған, биікте ғана өмір сүретін қазақ рухы. Түпсіз шыңыруға кетсе де, табанға тапталмас таза табиғаттың құшағында...... Ол да армансыз. Артынан ерген ұрпақтың көсемін бабалар рухымен табыстырып, адам баласының табаны жетпеген биікке шығарып кетті. Болашаққа деген үлкен сенім....

Бөлісу:

Көп оқылғандар