Қасым Қайсенов: Маған тиесілі Батыр атағын командирім алды

Бөлісу:

05.05.2017 22008

БАТЫРЛЫҚТАН ГӨРІ БАСЫҢНЫҢ АМАНДЫҒЫН АЛДЫМЕН ОЙЛАЙСЫҢ

– Қасеке, өміріңіздің ең ауыр кезеңі – соғыс жылдары. Мұнда да жолым болды дей аласыз ба?

– Соғыста өмір мен өлім ғана болады. Егер аман қалсаң, жолың болғаны да. Фин соғысы басталып, мені де майданға жіберді. Бұл 1939 жылдың қысы еді. Мәскеуге барған соң диверсиялық-барлау мектебіне алындым. Аса құпия мектеп болуы тиіс, хат жаздырмайды, хат та алдырмайды. Әрі мектептің қай жерде екенін де, көшесін де білмеймін. Екі жыл оқытқан мұғалімдердің аты-жөнін де білмеймін. Шетелде ондаған жылдар болған кәнігі барлаушылар ғой. Ол мектепте оқудың өзі қиын. Сондай мамандардың қолына түсіп, тәлім алғаным жолымның болғаны ғой. Әлгілердің берген білімі, үйреткен әдіс-айласы арқасында жаумен бетпе-бет кездескенде, жекпе-жекте жеңіліп көрмедім. Айқастарда аман шығып отырғаным сол мені оқытқан 20 шақты барлаушылардың көмегі шығар деп ойлаймын.

Сөзіңізге қарағанда, Сізді әу бастан ашық майданға емес, жау тылына диверсиялық әрекеттерге дайындағанға ұқсайды. Жау тылына қалай және қашан бардыңыз?

– 1941 жылы қараша айының 19-ы күні Днепрдің оң жағындағы Богуслав деген қаланың маңындағы қалың орманға парашютпен түстім. Мен оқыған құпия мектепте болашақ партизан отрядтарының командирлерін дайындаған екен. Бітіргендерді әр майдан штабтарына бөлген көрінеді. Мен Оңтүстік-Батыс майдан жанындағы партизандар қозғалысы штабына жалғыз бардым. Бұл штабтың жау тылына жөнелтуге дайындап жатқан өз адамдары бар екен. Диверсиялық әрекеттер жасауға қабілетті, бір-бір мамандықты игерген бар-жоғы 10 адамды басқарып, алғаш рет жау тылына аттандым. Парашютпен жау тылына түсу оңай емес. Табанымыз жерге тиген сәттен бастап қалың жаудың ортасындамыз. Күндіз де, түнде де айналамыздың бәрі жау. Жау тылына жөнелткенде бізбен енді көрместей қоштасып қалады. Біздің алдағы халімізді осыдан-ақ біле бер.

– Қалың орман, қаптаған жаудың ортасында қалған 23 жасар қазақ жігіті мына Сіз алғашқы күндері не күйде болдыңыз?

– Жау тылына, орманға түскеннен-ақ фашистер листовка тастап, «беріліңдер» деп бізді айналдыра бастады. Бізді көп адам деп ойласа керек. Сол екі арада 10 адамның біреуі қашып кетіп, қиын болды. Енді фашистер біздің санымызды да, қандай топ екенімізді де, кім басқарып келгенін де, қандай қару-жарағымыз бар екенін де біледі. Мақсатымыз жау тылында партизан отрядтарын ұйымдастыру, жеке дара жүрген шағын топтардың басын біріктіру, орталықпен байланыс жасау болатын. Әйтпесе 10 адаммен бүкіл жауды қырып тастау мүмкін емес қой. Қашып кеткен сатқынның кесірінен сырымыз мәлім боп, төртінші күні қоршауда қалдық. Партизандық өмірімнің алғашқы ұрысы, бетпе-бет шайқас осылайша басталды. Кешке дейін атысқанда Борис деген пулеметші орыс жігіті екеуіміз ғана тірі қалдық. Фашистердің де біразын жайраттық. Қас қараюын күттім. Қасымдағы жігіт ауыр жаралы, жүруге жарамайды. Қараңғы түнде Днепрді бетке алып, қансырап, әрең жатқан адамды плащ-палаткамен сүйретіп қоршаудан өттім. Қоршаудан құтылып, Днепрге жақындай бергенде жаралы серігім қайтыс боп кетті. Оны жерлеуге менде уақыт болмады. Сүйреп әкеп бір жарға жатқызып, плащ-палаткаға орап, бетін көлеңкелеп кетуге ғана шамам келді. Сол жолы орманда он шақты күн жалғыз жүрдім. Жау тылында әр жерде күні бұрын белгіленген, астыртын кездесетін орындар бар екенін білетінмін. Солардың бірін іздеп тауып, Примак дегенмен кездестім. Біраз уақыт сол Примакпен бірге жүріп, астыртын аудандық комитет, астыртын обкомның көмегімен Киев, Полтава жерінде Чапаев атындағы партизан құрамасын ұйымдастыруға қатысып, кейін сол құраманың полк дәрежесіндегі бір отрядын басқардым. Екі жарым жылда Днепрдің оң жағында, сол жағында жау тылында небір қырғын майдан жасадық. Соның бәрі қазір ертегі секілді. Талай қиын да қатерлі шайқастар болды. Айта бастасаң тауыса алмайтын секілдісің.

­− Қасеке, дегенмен Сіздің партизандық жолыңыздың аса бір елеулі оқиғасын айтпасқа болмайтын тәрізді. «Днепрден өту» Ұлы Отан соғысы тарихында ең ірі әрі шешуші шайқастардың біріне жатады. Совет Армиясының шабуылын тоқтату үшін фашистер осы шепті – Днепрдің оң жағалауын алынбас берік қорғанға айналдырғысы келді. Сондықтан Днепрдің ұзына бойы қан майданға, қырғын соғысқа айналғаны рас қой. Сіз сол қырғынның бел ортасында жүріп, арғы бетке алдымен өткендердің қатарында болыпсыз. Солай емес пе?

– Ол кезде партизан құрамасының үлкен бір отрядының командирі екенімді әлгінде айттым. Совет Армиясы Днепрге жақындағанда біздің құрама осы өзеннің оң жағында, жау тылында жүрген еді. Совет Армиясына қосылу үшін біз Днепрдің сол жағына шығып үлгердік. Сөйтіп, 1943 жылы қыркүйек айының ортасында өзіміздің тұрақты Армиямен кездестік. 1943 жыл Совет Армиясының тегеурінді шабуылымен Днепрге жеткен кезі ғой. Жау Днепрдің арғы бетіне шығып, мықтап бекініп алды. Біздің мақсат – қайткенде Днепрден өту, жаудың мақсаты – қайткенде де тоқтату. Днепр өзені нағыз қыл көпірге айналды.

Сіздің кітап сөреңізден Маршал Г.К.Жуковтың естелік кітабын қолыма алып отырмын. Ставка 1943 жылдың 9-қыркүйегінде Днепрден алдымен өткендерді Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы алдын-ала бұйрық шығарыпты. Сөйтіп, Днепрдің арғы бетіне алдымен өткен әрбір адам Батыр атағынан дәмелі болса керек.

– Қалқам, мұндайда Батырлықтан гөрі өз басыңның амандығын алдымен ойлайсың. Маршал Жуковтың кітабынан келтірген үзіндіңде айтылғандай, танк армиясының механикаландырылған бөлімдері алдымен жетіп, көпір салатын бөлімдер, саперлер, тағы басқалары кейін қалып қойған. Ерте келген танкистер бізден көмек сұрайды. Днепрдің оң жағалауы биік, қыратты болатын, ал сол жағы жадағайлау еді. Оң жаққа өтіп, бекініп алған фашистерге сол жаққа оқ ату оңай. Танк бөлімдерінің Днепрден тез өтуі үшін біздің құраманың партизандары қайткенде арғы жағалауға өтіп, жаудан аз да болсын жер тартып алып, плацдарм жасауы керек. Бұл іске құрамадағы алты отрядтың біреуі баруы тиіс болды. Құрама басшылары не ойлағанын кім біледі, бұл ажалға жұмсағанмен бірдей еді. Әйтеуір, құрамадағы алты отряд командирі ішінен мені таңдады. Менің отрядымдағы партизандардың көпшілігі – Днепрдің арғы, бергі жағындағы селолардың тұрғындары. Мені таңдауға, бір жағынан сол себеп болды ма, әлде қазақ болғандығым ба, кім білсін. Мен өз отрядымнан таңдап 120 адам алдым. Совет Армиясы бөлімінен 500 адам береміз деді. Мен өз отрядыммен қыркүйектің 21-нен 22-не қараған түні Днепрден қол қайықпен өттім. Оң жақтағы тау қабырғасына салынған Григорьевка деген селоны түн ішінде басып алдық қой.

Бүкіл әскеріңізбен бе?

– Қайдағы әскер. Адамдардың жартысына жуығы суға батты, атыста жер жастанды. Днепрдің бойын бомбылап, арғы беттен атқылап, өзеннің суын шарасынан асырып жатыр. Аман қалғандарымыз арғы жағаға шығып, салған бойда әлгі селоға кірдік емес пе? Бұдан кейін бөгелместен көршілес тағы екі селоны босаттық.

Сіздер селоны басып алғанда немістер ұйықтап жатыр ма еді?

– Жоға. Айнала атыс, бізге шегінер жер жоқ. Сол екі ортада сол жақ беттегі әскердің бір офицері маған телефонмен айқайлайды. «Селоны сағат он екіге дейін ұстап тұрыңдар. Соған дейін біз Днепрден өтіп үлгереміз», – дейді. Біз, шамамен, сол он екіге дейін селоны ұстап тұрдық. Бірақ отрядтағы адамның бәрінен айрылдық. 20 шақты ғана адам қалдық. Сөйтіп тұрғанда фашистер бізді бомбылай бастады. Келесі күні Совет Армиясы бөлімдері Днепрден өтіп, біз басып алған Григорьевка селосына да жетті-ау... Тарихта Букрин плацдармы деген атау бар. Ұлы Букрин және Кіші Букрин деген екі селоға байланысты аталған. Днепрдің төменгі ағысында, Киевтен төмен қарай 100 шақырым. Григорьевка және бұған қосымша екі селоны алу арқылы Букрин плацдармына жол салған біз едік.

Қасеке, тағы да Жуковтың кітабынан үзінді келтірейін. «Днепрден өткендегі шабуылда көрсеткен жанқиярлық ерлігі, асқан табандылығы үшін екі жарым мыңға жуық солдаттарға, сержанттарға, офицерлер мен генералдарға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді». Апыр-ау, Қасеке, сол тізімде Сіз неге жоқсыз?

– Маған тиесілі деген Батыр атағын кейін өзімнің Карпаттағы командирім болған Тканко алды. Ол бізге Днепр бойында 20 адаммен парашютпен түскен десант болатын. Сол біздің арамызда жүріп, Днепрдің бергі бетіне бірге өткенбіз. Кейін мен өз отрядыммен Денпрдің арғы жағасына өткенде ол бармай, құрамада қалған. Біздерді тірі қалды деп ешкім ойламаған. Григорьевка селосының алынғанын, плацдарм жасалғанын естіп-білген Тканко Харьковтегі майдан штабына барып, Әскери Кеңестің мүшесі Хрущевтің қабылдауында болады. Днепрден өткен партизандар отрядының командирімін дейді. Сонымен, қысқартып айтқанда Батыр атағын сол Тканко иеленіп кетті. Мен де Батыр атағына ұсынылған болуым керек. Бірақ...

– Бұдан кейінгі партизандық жолыңызды қысқаша шолып өтсеңіз қайтеді? Ел білсін де. Мыңнан аса адамы бар партизан отрядын басқарған қазақ командирі өэіңіз ғана ма деймін.

– Днепрден кейін 20 шақты адамды парашютпен Молдавия жеріне тастады. Мұнда партизан отрядын құрып, тылда жаумен соғыстық. Содан кейін 1944 жылдың басында тағы да 25 адамды үшінші рет Румыния жеріне түсірді. Румынияның Плоешти деген мұнайлы ауданы бар. Фашистер пайдаланбауы үшін біраз мұнай базаларын өртедік, қираттық. Сол 25 адамнан тірі қалған үшеуіміз Совет Армиясына қайтадан қосылдық. Бізді демалдырып, емдегендей болды. Төртінші рет 1944 жылдың маусым айында бізді тағы да парашютпен Карпат тауына тастады. Осында «Закарпатье» деген партизан дивизиясын құрдық. Командиріміз – әлгінде айтқан Кеңес Одағының Батыры, полковник Александр Тканко. Дивизияның бір полкын мен басқардым. Сонымен, Совет Армиясы Карпатты алғаннан кейін партизандардың біразы соларға қосылып, көпшілігін Батыс Украинада кеңес өкіметін орнату үшін сол жерлерге қалдырып кетті. Мен енді қатты ойландым. Карпат тауында қала алмайтынымды білдім.

Қасеке, «ер туған жеріне» деген. Көңіліңіз ел жаққа ауған болар?

– Әрине, елде әкем бар, шешем бар, Асыл апаң бар. Үш балам бар еді, олар соғыстың алдында қайтыс боп кетті. Өзімнің ойым – елге қайтсам ба деймін. Елден кеткеніме бес-алты жылдай бопты. Күні-түні басқа ұлттардың ортасында жүргенде өз тіліңе де зар боласың. Сонда бар-жоғы 26 жаста екенмін.

Сіз үшін майдан жолы Карпатта аяқталған тәрізді. Елге қашан және қалай қайттыңыз?

– Бұл бір қызық хикая. Киев қаласында Ворошилов атындағы көшенің 18-үйінде Украинаның Орталық партизандар қозғалысының штабы болды. Мені Карпаттан сол штабқа жіберді. Бұл жерде де бағыма қарай жақсы адамдарға кездестім. Солар мені атақты партизан Ковпакқа қабылдатты. Оған барғанда менің айтқаным – «елге қайтайын» деймін. Сондағы Ковпактың, басқаларының айтқан ақылы мынау: «Вася, еліңе қайтпа. Сен төрт жыл бойы қысы-жазы бізбен бірге соғыстың, жау тылында болдың. Сенің істемегенің, көрмегенің жоқ. Сен бұл жерде талай өктемдік, тіпті партизандардың өзіне қиянаттар жасағансың. Сен – қаталсың, батылсың. Ойыңа келгенді бірден істейтін адамсың. Біз сені жақсы білеміз, саған ризамыз. Еліңе қайтпа дейтін себебіміз, сені еліңде ешкім білмейді. Білмеген соң, түсінбейді. Еліңе барған соң біраз жүресің. Содырлық жасайсың, түрмеге түсесің, сонда шіріп өлесің», – дейді. «Енді сені Армияға жібермейміз. Сен үшін соғыс аяқталды. Саған қызмет береміз. Керек десең, отбасыңды алдыртайық. Сен алдымен соғыссыз бейбіт өмірде тұруға үйренуің керек. Содан бір-екі жылдан кейін өзіміз еліңе алып барып табыс етеміз», – дейді. Мұның бәрі олардың маған деген қамқорлығы мен ризашылығы ғой.

Сөйтіп әрі-сәрі боп жүргенімде Киевке ақын Жұмағали Саин келді. Ол адал, бірбеткей адам болатын. Украинада партизан отрядында соғысып жараланып, ауруханаға түсіп, кейін елге оралыпты. Елдегілер: «Бұл қалай партизан болған, ешбір құжаты жоқ, пәлен-түген», – депті. Сондай қаңқу сөзден құтылу үшін ол кісі Киевтегі Орталық партизандар қозғалысы штабына келген ғой. Штабтағылар: «Осында сенің жерлесің бар, партизан отрядының командирі», – демей ме. Штаб бастығы мені шақыртып, кадр бөлімі кабинетінде отырған Жұмағали Саинмен кездестірді. Бұрын көрмеген адамым. Жұпыны киінген шағын ғана кісі екен. Жұмағали ағаңмен Киевте осылайша табыстық, таныстық, 10 шақты күн бірге жүріп-тұрдық. Ол құжаттарын түгендеп алды. Екеуміз сырласамыз. «Елге қайтқың келе ме?» – дейді. «Қайтқым келеді. Бірақ мұндағылар әзірге жібергісі келмейді», – деймін. «Елге шынымен қайтқың келсе, бұл мәселені өзім шешейін», – дейді. Сол кезде мені Ровно қаласындағы ет комбинатының директорлығына тағайындап, соған жүргелі жатқанмын. Жұмекең Украинаның Орталық Комитетіне де, штаб бастығына да, бәріне бір өзі барып, мені қызметтен босаттырып, өзімен бірге елге алып қайтты. Ол ақылды қазақ қой, қайтар алдында Украин үкіметінен, партизандар қозғалысы штабынан Қазақстан үкіметіне мен туралы хат жаздырып алып, сол пакетті менің чемоданыма салдырды. Мұның мәнісін, пакеттің қандай пайдасы барын кейін түсіндім.

Екеуіміз 1945 жылдың 1 қаңтарында II Алматы вокзалына келіп түстік. Жұмағалидың Калинин мен Фурманов көшесінің бұрышындағы бір бөлмелі пәтеріне бардық. Жұмағали мені бүкіл жазушылар қауымына таныстырды, біразымен достастырды. Мен оны еш уақытта ұмытпаймын. Жұмағалиға қарыздармын.

ҚАЙТА СОҒЫСҚА БАРМАҚ БОП, ЕКІ РЕТ ҚАШТЫМ

Қасеке, жұрт Сіздің Алматыға алғаш келген кездегі қылықтарыңызды жыр ғып айтады. Гәп неде?

– Гәп, менің бейбіт өмірге икемсіздігімде болса керек. Ақылсыз емеспін деп ойлаймын. Соғыста ақымақ адам алдымен оққа ұшады. «Елге аман қайттым» деген желік менде болған емес. «Тәртіпсіз» адам екенім рас. Дағдылы қалыптың шеңберіне сыймай кететінім бар. Елге келген соң маған жұмыс табылмады. Ана наркоматқа, мына наркоматқа барамын. «Мамандығың не?» – дейді. «Мамандығым жоқ», – деймін. Апаң «Социалистік Қазақстан» газетінде істейді. Пәтер жалдап тұрамыз. Әке-шешем елде.

– Сол кезде Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке барыпсыз ғой.

– Мен Алматыда жұмыссыз қаңғып жүрген соң, Жұмағали ағаң да күйзелді. Бір күні маған: «Қасым, анада Украинада бір пакет берді емес пе, сол қайда?» – дейді. «Чемоданымда жатқан шығар», – деймін. Жұмағали пакетті алып қарайды. Пакеттің сыртында «ЦК Казахстана. Шаяхметову» деп жазылыпты. Ішін ашып қарауға болмайды, мөрленген. Жұмағали: «Осында сен туралы жазылған болуы керек. Сол кісіге баруың керек», – дейді. «Ол кісі кім еді?» – деймін. Ол маған түсінікті болсын деп: «Шаяхметов – осындағы ең үлкен командир», – дейді. «Оған кім көрінгенді кіргізбейді. Бір үлкен қызметкердің кабинетінде телефон болады. Шаяхметовтің фамилиясы тұсында номері болады. Соны табасың да телефон соғасың», – дейді. Мен апаң жұмыс істейтін «Социалистік Қазақстанның» редакциясына келемін. Редактордың кабинетінің алдында шақылдап тұрған бір орыс қызы отырады. Аты – Тоня. Кабинетке кіргізбейді. Редактордың жоқ кезін аңдыдым. Бір уақытта әлгі қызды біреу шақырып алып кеткенде кабинетке кірдім де есікті жауып алдым. Шаяхметовтің фамилиясы тұсындағы 247-нөмірді бұрап едім, дәл түстім. «Майданнан келген партизан отрядының командирі едім. Сізге беретін пакетім бар. Және өз қолыңызға тапсыруым керек. Майданға жүргелі тұрмын», – дедім. «Ертең кел», – деп уақытын айтты. Мен ылғи үш пистолет салып жүретінмін. Иығымда асынған планшетім, биноклім болады. Бөркімде – қызыл лента, аяғымда – немістің жалтыраған етігі. Қайда барсам да осы күйімде жүремін. Оған ұялмаймын, ерсі көрмеймін.

Әлгі кісіге ертең кел деген уақытында барайын. Сөйтсем, ол үйге кіру үшін пропуск керек екен, қару-жарақты тапсыру керек екен. Айтқанға көнбей, ішке кірейін десем, ауыздағы милиционер «пропуск» деп жібермейді. Оны қолынан қағып жіберіп, асыға басып екінші қабатқа көтерілейін. Соңымнан үш милиционер қуып келді. Алдымнан да милиционер шықты. «Жақындамаңдар, атамын», – деймін. «Мен – военный адаммын. Пакетті өз қолыммен тапсыруым керек. Басқа ешнәрсені білмеймін», – деп айқайлап тұрғанда арғы жақтан көзілдірік киген сары адам шығып, сыпайы сөйлесті. Ол: «Інім, бұл жерде тәртіп керек. Ол кісіге қару-жарақпен баруға болмайды. Егер көнсең бәрін менің кабинетіме тастайсың. Есікті бекітіп, жабамыз. Шығарда қайтадан аласың», – дейді. Сөйтіп, ол кісі мені тура Шаяхметовтің кабинетіне алып барды. Төрде отырған басы тақыр, шағындау адамға кірген бойда пакетті тапсырдым. Ол ашып, оқып болған соң: «Менің атымнан Әбдісәметпен сөйлес, үш күннің ішінде жұмысқа орналастырсын», – деді. Сөйтіп Жоғарғы Кеңестің ақпараттық-статистикалық бөлімінің референті боп қызметке орналастым. Өзіме жеке кабинет берді. Бастығым Кәрібжан Досымбеков деген жігіт. Тілі майда, үнемі «Қасымжан» деп сөйлейді. Қолыма екі карточка берді. Ол дегенің көп дүние екен, қарқ болдым да қалдым. Жұмысым – облыстық атқару комитеттерінің қаулы-қарарларының дұрыс-бұрыстығын бақылап отыру. Бастығымның алдыма қойған папкаларын ашып қарап, оқып көремін. Бір күн отырдым, екі күн отырдым. Әлгілерден түк те түсінбеймін. Содан кейін папкаларды жиып қойып, босқа қарап отырмайын деп пистолетімді тазалаймын. Бөлшектеп, қайта жинаймын. Сөйтіп отырғанда «жаңа қызметкер не істеп отыр екен» деп әркім есігімді ашып қарап кетеді. Содан олар мені айналдыра бастады. Бір күні Әліби Жангелдин аға келеді, бір күні өз бастығым келеді. Жиірек келетін – Әлекең. «Сені енді соғысқа жібермейміз. Мына пистолеттеріңді осындағы секретный отделге тапсыр. Бинокль, планшетіңді төсегіңнің тұсына іліп қой», – деп ақыл айтып кетеді. Сол шал ақыры мені қарусыздандырды. Қайтадан соғысқа бармақ боп екі рет қаштым. Екеуінде де вокзалда ұсталып қалдым. Бұл 1945 жылдың басы болатын. Қызметке қырым жоғын білген соң мені бірден партияға алды да, бір жарым жылдық лениндік курсқа оқуға жіберді. Кейін ол курс партия мектебі атанды. Курсты бітірген соң Шымкент облысына аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп жіберді. Одан Жамбыл облысындағы Свердлов ауданына дәл осы қызметке ауыстырды. Онда да қызмет істегенім қызық болды. Біресе ауданның мал шаруашылығы жөніндегі, екінші ауданда өндіріс-сауда жөніндегі орынбасарымын. Бұл жұмыстардан мүлде хабарым жоқ. Ештеңені оңдырмайтын болған соң жұмыстың бәрін тастап, апаңды алып, ешбір рұқсатсыз Алматыға қашып келдім. Осында жеңіл өнеркәсіп комиссариатында кадр бөлімінде қызмет атқардым. Саған, шынымды айтайын, соғыстан кейін оңдырып қызмет істемеген адаммын.

АДАМ ӨЛТІРУДІҢ 100 ТҮРЛІ ӘДІСІ БОЛАДЫ

Қасеке, оның есесіне кітап жаздыңыз, жазушы атандыңыз. Бұл бір басыңызға аз жұмыс па?!

– Мен осы жасымда қазақшасы бар, орыс, украин тілдеріне аударылғаны, қайта басылғаны бар, отызға жуық кітап шығардым. Сол кітаптарда жазғандарым – басымнан кешкендерімнің 20 немесе 25 пайызы ғана, қалғандары жазылған жоқ. 1941-42 жылдары біз жау тылында жүргенде тұтқын алған жоқпыз. Тұтқынды айдап жіберетін жерің, не қамап қоятын абақтың болмаса не істеуің керек? Мысалы, қолға 50-100 фашист түсті дейік. Оларды босатып жіберсең, ертең қайта қару алып, өзіңді атады. Тұтқын алмаған соң не істейді деп ойлайсың. Оны жою керек. Біздер – жау тылында жүрген партизандар туысқан украин халқын, совет халқын фашистер қатыгездікпен өлтіріп жатса, атып жатса, кішкентай балаларының жүрегіне қанжар сұғып лақтырып жатса, соның бәрін көріп жүрсек, үйлері өртеніп, өздері қан жоса боп сабалған, арып-ашқан адамдар біздерден «құтқарыңдар» деп көмек сұраса, адамда ыза-кек болады ғой. Оған қоса партизандарды «халық кегін алушылар» дейді. Сонда жауға өшігіп, біз де қатыгездік жасадық. 1941-42 жылдары біздің қатыгездігіміз фашистерден артпаса, кем болған жоқ. Ал оны жазуға болмайды, жазғанмен жарыққа шығармайды. Тіпті жазған күннің өзінде сені жауапқа тартуы мүмкін. Жау тылында заң, сот жоқ. Судья да, прокурор да өзіңсің. Төреші де, тергеуші де – азаматтық арың, ашу-ызаң. Біз керекті оқ-дәрі, киім-кешек түгіл, күнделікті тамағымызды табу үшін фашистермен соғысып, өзімізден шығын – кісі өлімін шығарып, тартып алып, тартып іштік. Мысалы, 50 фашисті қолға түсірдік, елу патрон шығындау керек. Бізге оны беретін Қызыл Армия жау тылында жоқ. Сондықтан оларды қалай өлтірді деп ойлайсың. Адамды өлтірудің 100 түрлі әдісі болады. Адам – табиғатынан жауыз. Оның үстіне небір жағдайларды көрген соң, амалсыздан өзің де жауыздыққа барасың. Сондықтан 1943 жылдың басына дейін бастан кешкен оқиғаларымыз жазылмай қалды. Орыс әдебиетінде де «окоп шындығы» дегенді кейінгі уақытта ғана көрсете бастады емес пе. Ал менің жазғандарым 1943 жылдың ортасынан 1944 жылдың аяғына дейінгі оқиғалар ғана.

Мені біреулер роман, повесть жазды деп жүр. Оның бәрі – өтірік сөз. Мен роман да, повесть те, көркем әңгіме де жазған адам емеспін. Мен басымнан не кештім, өз қолыммен не істедім, өз ойымнан не өткіздім – соның бәрін фотоға түсіргендей еске түскендерін жазып жүрген адаммын. Сондықтан менің жазғандарымның бәрін бұрынғы партизан отряды командирінің басынан кешкендері деп түсіну керек. Ұлы Отан соғысы кезінде партизандардың фашистерге қарсы қолданған әдіс-айласы деп ұғыну керек. Басымнан кешкен оқиғаларымның 70-80 пайызы енді жазылмайды, менімен бірге о дүниеге кетеді. Оны жазбады деп оқырман қауым маған өкпелей қоймас. Фашисі бар, Отанына опасыздық жасаған сатқыны бар, полицайлары бар, өз қолыммен қаншама адам өлтірдім. Демек, мен – қолы қанға боялған адаммын.

Қасеке, қан жібермейді демексіз бе?

– Кім біледі, менің өмірімнің ақыры ауыр болуы да мүмкін. Өйткені, қолы қан адам оның сазайын тартуы керек шығар. Бір кезде мен өзімнің бір кітабымда неміс халқына үндеу жарияладым. «Еңбекқор, талантты неміс халқы! Егер де менің қолымнан қанішер фашистерің қаза тапса, маған рахмет айтыңдар. Ал егер менің қолымнан байқаусызда, амалсыздан Гитлердің заңынан қорқып келген адал ұлдарың мерт болса, онда кешіріңдер мені. Мен оған кінәлі де емеспін. Кінәлі – Гитлер, фашизм», – дегенім бар. Сол айтқаным – айтқан.

КІСІ ӨЛТІРЕТІНДЕЙ ҚАТЫГЕЗДІК БОЙЫМДА ЖОҚ СИЯҚТЫ ЕДІ

Бейбіт өмірдегідей емес, адам соғыста тез өзгеретін шығар. Бәріміз де өмірге бір-ақ рет келетін жұмыр басты пенде емеспіз бе?! Кімге де болсын жан тәтті...

– Иә, адам өзгереді. Мен тумысымда қатал емес едім. Жұртты аяғыш едім. Бала кезімде далада жас шыбық жатса, «түнде қорқады ғой» деп, ұйықтағанда қойныма алып жататынмын. Кісі өлтіретіндей қатыгездік менің бойымда жоқ секілді еді. Соғыс бізді қатыгездікке үйретті, кекті оятты. Атыста аяушылық болмайды екен. Соғыс заңы – қатал. Жас кезде жасаған кейбір тентектігімді есіме аламын да, ойланамын. Осы мен партизан болуға ыңғайланып туған адам сияқтымын.

Майданнан оралып, елге келген кезде қоғамда «лишний» адам сияқты өмір сүрдім. Біреулер: «Сіз осыдан жарты ғасыр бұрын Батыр атағына ұсынылған екенсіз. Бір емес, бірнеше рет ұсынылыпсыз. Сіз соның күйігіне қалай шыдап жүрсіз?» – дейді. Өз басым осы сұрақ дұрыс емес деп есептеймін. Адам болған соң ең алдымен өзіңді тануың керек. Бұл өміріңде не істеп, не қойдың? Ал мен өзімнің не істегенімді әбден білген адаммын. Айталық, баяғы бір кезде Бауыржан Момышұлына да, Рақымжан Қошқарбаевқа да Батыр атағын беру керек деп жұрт айқайлап жүрді. Бірақ мен сонда көпшіліктің көзінше де, жиналыстарда да мына сөзді қайталап айтумен болдым. «Баукеңе Батыр атағының керегі жоқ. Оны табиғаттың өзі Батыр етіп жаратқан, халық солай деп қабылдаған. Мен де қартайып қалдым. Маған да ол атақтың керегі жоқ. Арамызда мына Рақымжанға берсе, әлі жас қой, жасаған ерлігінің қызығын көріп, тағып жүрсе, сол жарасар еді», – дейтінмін.

Бауыржан тастай берік, қара ағаштай қайыспайтын ерекше адам еді. Ол Батырлығын да, генералдығын да ала алмады. Сол күйінде іштен тынып, үндемей кетті. Ол еш уақытта, еш жерде өкпе-назын айтпайтын. Ал ішіп алған кезде, ашуланған кезде Рақымжан шыдамай, айтатын. Ол екеуміз өмірде бір-бірімізге жақын боп, жақсы араластық. Мені жақсы көргенде «Қасым аға» дейтін. Ал көңілінен шықпасам, «қара аю» дейді.

Бір күні менің кабинетіме аздап ішіп келді. Ол кезде «Жазушы» баспасында директордың орынбасарымын. «Қасым аға, менің Герой атағымды бермеді», – деп күйінді. Мен орнымнан тұрдым да кабинеттің есігін жаптым. «Әй, Рақымжан, сенің мынауың дұрыс емес, қарғам. Мен сенен алты жас үлкенмін. Мен, мысалы, төрт жыл Украина жерінде не үшін соғыстым? Сен Конституцияны жақсы білесің. Конституцияда «Отанды қорғау – әрбір совет азаматының қасиетті борышы» делінген. Біздің елге фашистер шабуыл жасап, жаугершілікке ұшырадық. Бәріміз де Отан қорғауға аттандық. Біреудің қолынан аз келді, біреудің қолынан көп келді. Айтайық, біздің қолымыздан көп келген екен. Соны халқымызға, Отанымызға сатуымыз керек пе?! Бізге не только Алтын Жұлдыз, не только орден-медаль беру, тіпті рахмет айтудың да керегі жоқ. Біз өзіміздің азаматтық борышымызды атқардық. Мынауың ұят болды. Менен басқа ешкім естімесін», – деп құшақтап бетінен сүйдім. Содан ол: «Қасым аға, мұныңыз дұрыс екен», – деді. Бауыржан да, Рақымжан да о дүниеге арманда кетті. Одан кейін маған «Халық қаһарманы» атағын берді. Мен сол атақты алғанда қуанды деп ойламаңдар. Халық қаһарманы белгісін кеудеме таққанда сыр бермей, шыдадым. Үйге келдім. Келдім-дағы есікті бекітіп, оңаша отырдым да, бір бокал коньякты ішіп алып, жыладым. Қатты күйзелдім. Ана екеуін о дүниеге жіберіп, өзім тірі қалып, осы награданы әдейі күткендей болдым. Өзімді солай сезіндім. Шынын айтқанда, бұл жұлдыздың маған керегі жоқ еді. Маған «Партизан Қасым Қайсенов» деген атақтың өзі жетеді. Кейін Рақымжанға Халық қаһарманы атағын берген күні тағы да жыладым. Өйткені аз да болса оның аруағы алдында арым тазарғандай болды.

Батырдың әртүрлі басылымдарға берген сұхбаттары бойынша дайындалды

Бөлісу:

Көп оқылғандар