Астанада «Көбелектің түсі» атты түрік кинокартинасы көрсетіледі

Бөлісу:

15.05.2017 5644

Биыл бауырлас екі ел Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толып отыр. Осы атаулы оқиғаға орай, Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы және Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен «Айлық түрік фильмдері күні» шарасы аясында 20 мамыр күні «Көбелектің түсі» атты кино туындыны көрермендерге ұсынады.

Атаулы шара осыдан 2 ай бұрын басталған. Наурыз айында «Соңғы хат», сәуір айында «Ұзақ хикая» атты фильм көрермендердің көзайымына айналған болатын..

2013 жылы түсірілген «Көбелектің түсі» фильмінің сценаристі және режиссері – Йылмаз Ердоған. Басты рөлдерді Қазақстанда кеңінен танымал түрік актерлер – Кыванч Татлытуғ пен Мерт Фырат сомдаған. Фильмнің оқиғасы Түркияның Зонгулдак қаласында тұратын жас ақындар Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услуның төңірегінде өрбиді. Сол кезеңде ақындар білім алған «Мехмет Челикер» лицейінде әдебиет пәні мұғалімі болып жұмыс істеген Бехчет Недажигилдің ролін атақты түрік актер Йылмаз Ердоған ойнаған.

Атап өту керек, фильм 2013 жылы 86-Академиялық сыйлық комиссиясы тарапынан «Шет тілдегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша Түркия атынан Оскар сыйлығына ұсынылды.

Фильмде 1941 жылдары болған оқиғалар баяндалады. Екі жас ақын Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услу Зонгулдактағы көмір шахтасында жұмыс істейді. Екеуі де әдебиетке етене жақын. 1940 жылдары Еуропада II. Дүниежүзілік соғыс кезінде жас Түркия мемлекеті жаңадан модернизациялану кезеңін бастан өткеріп жатқан еді. Осындай ауыр кезеңде екі жас ақын құрт ауруына шалдығады. Бірақ ауыртпашылықтарға қарамастан қос ақын өз төңірегінде поэзияны насихаттап, әдебиетке деген халықтың қызығушылығын туғызу үшін жандарын салып бақты. Фильмде Музаффер басқа кейіпкер әкімнің қызы – Сузан Өзсойға ғашық болады. Алайда, құрт ауруы жастардың денсаулығына үлкен қауіп туғызды. Осындай бірнеше себептерге байланысты Сузанның ата-анасы қызының олармен дос болуына қарсы...

Ұйымдастырушылар Астана тұрғындары мен қала қонақтарын ақысыз түрде фильм тамашалауға шақырады!

Өтетін орны: «Керуен» ойын-сауық орталығы, Кинопарк. 4-зал.

Күні: 20 мамыр, сағат: 17:00

Бөлісу:

Көп оқылғандар