Ауылым - алтын тұғырым! Проза аталымы бойынша шолу

Бөлісу:

01.12.2016 5866

АУЫЛЛ.jpg

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «АУЫЛ» партиясы мен «Әдебиет порталының» ұйымдастыруымен өтетін ауыл тақырыбына арналған жас ақын-жазушылар арасындағы «Ауылым – алтын тұғырым» атты әдеби онлайн конкурсына қатысушылардың белсенділігі ересен болды деуге болады.
Қазақтың алтын бесігі ауыл – кез келген қазақтың жанына жақын, мәңгі таусылмас тақырып. Қазақ аулының иісі бар әрбір өңірден, соның ішінде арасында жазушы ретінде танылып қалыптасқандары бар, қаламының қарасөзге икемін енді таныта бастағандары бар - проза жанры бойынша елуге жуық автор өз туындысын жолдапты.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, расымен де оқырманды селт еткізерліктей, проза жанрына қойылатын талаптарға сай әңгімелермен қатар, мектеп бітіру емтиханы үшін жазылатын шығармаларға немесе көсемсөз стиліндегі дүниелерге ұқсас жолданымдар да болғанын және олардың бәріне бірдей тоқталу мүмкіндігіміз жоқтығын айтып өтпекпіз.
Кейбір туындылар жинақы да, теп-тегіс келгенімен, мазмұны мен идеясы ауыл тақырыбынан, қазақ аулының кешелі-бүгінгі қаз қалпынан аулақ жатқандығын да атап өткен жөн.
Біздің назарымызға шалынған дүниенің бірі – ақын Ақберен Елгезектің «Бір уыс бидай» атты әңгімесі. Әдебиет әлемінде поэзиядағы дарынымен танылған Ақберен ақынның шағын әңгімесі де қалам ұстаудың ебін меңгерген икемді бірден аңғартады. Әңгімеде қазақ өмірін табиғатпен астастыра суреттейді:
«Алпыстан енді асқан тың шалдың басындағы малақайдың қос құлағы – сол шақта оңтүстікке қарай шулап ұшып бара жатқан құстың бейнесін айнытпай салып, аттың жүрісін ауада дәл білдіріп, тербеле ербеңдеп келе жатушы еді".
Автор малды ауыл адамының психологиясын шебер сезіне отырып, көз алдымызға әкеледі:
«Малды жайғап жүрген атамның асқазанындағы тәбетті мен оның келбетінен көретінмін....Көшпендінің ұрпағымыз ғой, қара пештің үстіндегі шойын қазанда бұрқылдап жатқан күздіктің етінің иісін екеуміз бірдей сезетінбіз. Сол иіс қораға дейін келіп тұратын және сол ғаламат жұпар екеумізді ортақ қуанышқа кенелтуші еді. Ауылға байланысты шығармалардан іздейтініміз – осы сияқты қазақы иісі шынайы бұрқыраған кәдімгі ауыл қариясының, ауыл азаматтарының, ауыл баласының риясыз мінезі, таным-түсінігі ғой. Әңгімедегі ата мен немере арасындағы мына бір үзіндіні алып қарайықшы:
- Ата, осы сіз неге күнде осылай далада сипақтап жүріп аласыз? - деп сұрадым бірде.
- Еее, айналайын, асқа шақыратын кемпірім болса, бір сәрі. Келін шақырғанда, бірден кіруге ұялам. Өз малымның еті болса да, мен де бір жетім адаммын ғой... - деді.
- Ой, бұл өзіміздің Гүлғайша ғой, неменеге қысыласыз? Қызық екенсіз!
- Келін бір шақырғанда жетіп келген атада қасиет болмайды, шырағым. Ол ойланады, атам маған ренжулі емес пе екен деп. Сосын асын да, шайын да қабағы ашылып береді». Жүрекке жылы тиетін, бояуы қанық ұлттық таныммен суарылған боямасыз қалып деген осы.
Мұрат Алмасбекұлының «Ақсақ хансу» атты шағын эсселер циклін де келіп түскен дүниелердің ішіндегі сүбелісі деуге болады. Фабуласын шеберлікпен құра білген автор бір қарағанда бір-біріне байланыссыз баяндаулар болып көрінетін эсселердің түйінін өкініштің ащы мұңы мен шүкірәна қуаныштың тәтті балымен қоса өріп аяқтайды. Оқиғасы шекараның арғы бетіндегі қазақ аулында өткенімен, қазақ қалпы – қайда да қазақ қалпы. Автордың Бестерегі – кез келген қазақтың өз жүрегіндегі ауылы, Бестерегі.
«Әркімнің жүрегінің түбінде бір ұя бар екені анық. Ол – өзінің туған ауылы. Әлбетте, «жүрегіңнің түбіне терең бойларсың-ақ». Бірақ, туған ауылыңның топырағын басып, ауасын жұтып, шөбіне аунағанның жөні бөлек қой. Ол мүлде басқа сезім. Міне, сол сезім жанымды сыздатқанда мен сая табатын бір алданыш бар. Ол – ескі фотоларды ақтарыстыру. Енді, сол фотолардың ішіндегі «ауылым» дегенде аңқам кеуіп, аңырап отырып көз салатын айшықты бірнешеуі жайлы сыр бөліссем деймін». Автор осылай баяндау желісін ілмектей отырып, өзімен бірге қазақы әлемнің етене тұңғиығына жетелейді.
Фотограф ақсақ қытай түсірген әрбір сурет – қайта оралмас қазақы өмірдің бір-бір естелігі ретінде көз алдымызға әкелінеді. Мінеки, мынау – әкесі өз қолымен қазған «сүтті құдық»:
«Ішкендер «суы жақсы екен, тәтті екен» деп тамасана отырып, шәугімді тез сарқып тастапты. Тал түбіндегі құдық содан бері суының дәмін берген жоқ. Тіпті, ұзақтау отыратын көрші үйдің бойжеткендері де алыссынбай содан келіп су алып қайтатын. Айтпақшы, ақсақ хансу сол тәтті құдықтың суынан қайнаған қаймақты күрең шайды талай ішті. Терлеп, тепшіп тұрып ішетін...»
«Әңгіменің иісі» атты эссе былай басталады:
«Осы суретті көрсем болды мұрныма бір иіс келеді. Болды, басқа сезімге орын жоқ. Бір ғажап иіс!».
Күнделікті тірлік кешкен қарапайым ауыл адамдарының қайталанбас мінездерін олардың бір-бірін соғымбасқа шақыру дәстүрі арқылы автор шынайы көрсете алған. Солардың бірін мысалға алып көрелік:
"Ең соңынан, қонақтың бәрі келіп болды-ау дегенде қабырғалас үйден Жағас ағамыз шығады жөткірініп. Ол кісі бірден үйге кірмейді. Терезенің тура алдынан өте тоқтап, сырттан шөп шарбақ жақты бір байқайды. «Үштішу, әтшү, ой ана шелек шөп басқалы жүр ме өзі. Бағана ғана бездіріп жіберіп едім» деп бар-жоғы белгісіз әлдебір түйенің елесіне айқайлап қоятын. Сөйтіп, жиылғандарға шаруақор, малсақтығын бір танытып алып кіретін... Әйтеуір, соғым басына шақырылатын адамдардың әр қайсысы бір-бір маңғаз болмыс секілді елестейтін маған».
Қай өлкенің болсын, қара домалағы бастан кешкен қазақы өмір суреттерін бірінен кейін бірін суреттер арқылы көзге елестете, көңілмен сезіне отырып, қазақтың байырғы бір мекеніндегі қазіргі халге қалай жүрегің шымырламас: «Бір жылдан кейін жүрек шымырлай берген соң, суреттерді қайта қарап отырғанмын. Әлгі тақыр тастақты жаңа ауылда тұратын Жағас ағам хабарласты. Бестеректі расында бір бай қытай сатып алып, қоршап тастапты. Қоян өсіреді екен. «Шаппаға да, қыстауға да кіре алмаймыз қазір, бір тал шырпысына зар болып қалдық» деп «аһ» ұрды ағам... Ал, әлгі бай қытай кім деп ойлайсыздар? Ақсақ хансу...» Ары қарайғы қорытындыны өзіңіз жасарсыз, оқырман.
Есболат Айдабосынның «Қоңыр ботиын» да байқауға келіп түскен әңгімелердің ішіндегі бірсыдырғы жақсы оқылатын туындылардың қатарына жатқызамыз. «Денсаулық – зор байлық» деген халық даналығын эпиграф ретінде ала отырып, автор оқиғаны бірінші жақтан баяндап отырады. Әңгімедегі Қадронның өмірі, іс-әрекеті арқылы өрбитін әңгімеден қазақ прозасының классиктері Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақбоз ат», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» сынды танымал туындыларынан есетін таныс самалды сезінгендейміз.
Автор диалог арқылы кешегі мен бүгінгінің проблемасын ашуды жөн көреді:
«-Өзің ойлашы деп Қадрон етқашты саусақтарын тарбита жайды. Өздері кеңестік жүйе бойынша оқыған адам, өздері Кенесарыны қанқұйлы қанішер деп таныған ұстаздар қалайша азат ойлы шәкірт тәрбиелейді. Олар сол өзі оқыған қойыртпақты біздің басымызға жуынды құсап төге салды емес пе, өзі белшесінен батқан батпаққа білегімізден ұстап қоса тартып әкетті ғой... Ескі оқулықта жазылған дүдамал дүниелерді талдап-таразыламай-ақ миымызға сіңірді. Мектепте адам маймылдан жаратылған деп оқып едік, университетке барғанда оның барлығы қып-қызыл өтірік боп шыға келді. Осылай ескі мен жаңаның арпалысын көріп, әрбір білгіштің аузына жалтақтап, кімге сенерімізді білмей есалаң адамша алақтап жүргенде отызға да жетіп барыппыз. Меніңше, сол бір жылдары мектеп бітірген түлектерді қайтадан жинап алып, Отан тарихынан дәріс оқу керек.
-Сөзіңнің жаны бар дедім, тағы да ұстаз алдындағы шәкірттей именшектеп. Шыбындаған ат құсап бас шұлғудан өзгені білмейтін менің пұшайман түріме бір қарап алды да Қадрон көзін ағаш басындағы қызыл алмаларға қадап ойлана сөйледі.
-Қазақта шіріген жұмыртқа деген сөз бар,- деді көзін жоғарыдағы алмалардан тайдырмастан. Шіріген жұмыртқадан ешбір пайда жоқ, одан тұқым өрбімейді, жеуге жарамсыз. Жарыла қалса иісі де жаман. Мен өзімді сол шіріген жұмыртқа секілді сезініп жүрмін».
Бала кезінде қарсыластармен бәсеке ойында олжа салып ұтуға қолайлы аяқкиімі ретінде қызмет атқарса да, денсаулығынан айырып, ревматизмге ұрындырған қоңыр ботидың салдарынан төсекке таңылған ауыл азаматы Қадрон образы – кез келген ауылда ұшырасатын, өмірден оқығаны мен түйгені көп кәріп жандардың жиынтық бейнесі.
- Ауру адамның барлығы – философ... Бірақ олар данышпанмын деп даурықпайды. Өйткені олар сендер көлеңкесінен шошып жүрген өліммен күнде сөйлеседі. .. «Бізді қайтесің»,- деді аз-маз үнсіздіктен кейін. – Онсыз да кемеңгерлер көп өмірде. Алысқа бармай-ақ фейсбукке кірсең, небір білгіштер Оразалының тауықтарындай тізіліп отыр емес пе?! Солардың қолынан іс келер-келмесін білмеймін, әйтеуір ақыл айтудан аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермес. Бәрі ғұлама, бәрі данышпан. Кеңкелестің өзі кемеңгер. «Қан мен тердегі» Судыр Ахметше ауызбен орақ орады, белі талмайды әсте.
-Интелектуал білгіштер аз, бірақ білгіш болып көрінетіндер көп. Өкініштісі соңғысының жолы болғыш, жарнамасы жер жарады. Бірақ солардың беті жып-жылтыр болып, жылмиып тұрғанмен іші қуыс. Сөзінің сөлі мен нәрі жоқ. Жесең ішіңді кептірер қытайдың алмасы секілді дәмсіз, оданда құрт шалса да сенің бақшаңның алмасы дәмді деп түрегеліп барып, жерге түскен қызыл алманы беторамалға сүрте салып қарш еткізіп тістедім.
-Әрине құрт та сен секілді - деп мырс етіп күлді. -Тәттіге үйірсек, дәм-сөлі жоқ, қағаз секілді қаудырлаған жемісті не қылсын олар,- деп «шіріген алма» ұғымын одан әрі тарқатып кетті.
-Не десең де шіріген алма атағын менен тартып ала алмайсың. Балғын шағымда өзегіме құрт түскен, енді сол мүжіп жеп жатыр. Бір күні сабағымнан үзіліп түсермін. Ешкімге керексіз болып, шіріген күйімде топыраққа айналармын.
- Өзекті жанға – өлім нәсіп. Бәріміздің барар жеріміз – бір. Топырақ – біздің тегіміз. Ерте ме кеш пе жер ана баласын бауырына алады. Өзің пессимист болып кетіпсің. Өмір оптимистердің арқасында алға жылжып келеді. Осыны ұмытпа!». Айтары бар, ойландырар «Қоңыр боти» әңгімесі әділқазылардың да назарына ілігері анық деп білеміз.
Байқауға келіп түскен толымды дүниелердің бірі - Қанат Әбілқайырдың «Жылан кегі» мистификациялық хикаяты. Жалпы, санамызды сан түрлі ағымдар мен діндер сансыратқан қазіргі заманда сан ғасырлық мифологиялық жадымызға ауыр соққы алып отырғанымыз рас қой. Мыңдаған жылдардан кейін ғана тәуелсіз мемлекет құра алған еврей халқын жұтылып кетуден аман сақтаған иммундық қайнардың бірі – тәураттық аңыздар демей ме? Әрі күні бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа ұлықтап отыр.
Ислам діні Ұлы Далаға қанат жайғаннан бергі ондаған ғасыр жүзінде де мүлде өшіп кетпей, ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған, түркілік тұтастығымыздың, әрі ұлттық идентификациямыздың айшығы – мифологиялық санамыздан тамыр тартатын бұл хикаятты бастан-аяқ талдасақ, таяуда аттың басын тартпайтынымыз анық.
Бір мүшелден келесі мүшелге дейін бата алып отыруы тиіс өнер иесінің, дәл осы хикаяттағыдай, ұшқан құстан өзге жан иесі шекара аттамайтын тұста, арғы бетке асып келе алмай буылып қинала жатып өмірден өткен оқиғасын өз басым, білемін. Демек, бұл да бір тылсым дүние. Тек, «мың айтқаннан...» демекші, хикаятты оқуға кеңес беремін.
Асхат Өмірбаевтың «Біздің ауыл» әңгімесінде кешегі алаңсыз, бақуатты да мейірімді ауыл емес, бүгінгі нарықтық экономика жағдайындағы кейбір сәлемі сатулы, қабағы ауылдың шынайы өмірі бар. Үзік-үзік эпизодтардың бірін мысалға алайықшы:
«Таңертеңгі апақ-сапақта жылы киініп, сыртқа шыққан. Ауылдастары қораларынан малдарын шығара бастапты. Елең-алаңда қой-ешкінің маңыраған дауысы естіліп, ауыздарынан бу бұрқырып барады. Көзіне таныс біреу шалынды. Арғы көкшеде тұратын, марқұм құрдасы Сәкібайдың баласы Манат екен.
- Әй, Манатжан, бері келші. Жасы отызға таяп қалған бойшаң жігіт салқын амандасып, қолғабын шешпестен қолын ұсынды.
- Манатжан, ақшаңды төлейін. Бүгін қойдың кезегін бағып бере қойшы. Бүгін ауырып, жағдайым болмай тұр.
- Ой, аға, қазір теледидардан футбол көрсетеді. Испания мен Бразилия ойнайды екен.
- Е, сол футболыңды кешке көрсең болмай ма? Біздің үйде «тәрелке» бар, Жандос сабақтан келген кезде қойып береді.
- Болмайды аға, тікелей эфирден көрген қызық емес пе?
- Е, бопты онда, түсінікті, – деді Қабдеш қабағын түйіп. – Бір амалы табылар.
Манат қойын алдына салып берді де, үйіне қарай аяңдады. Бұл кезде Қытайдан келген қандастар да қойларын қосып жатыр еді.
- Аға, қой бағатын адам керек пе еді? – деп біреуі жетіп келді. Кеше Оспан қой кезегін бағатын адам тауып берем деп еді, дәу де болса айтқан адамы осы шығар деп топшылады.
- Иә, керек еді? – деп Қабдеш іздеген адамының тез табыла кеткеніне қуанып.
- Аға, мен бағып берейін, екі жарым мың теңге берсеңіз болды.
- Әкәу, қой бағу құны екі мың теңге еді ғой, - деп еді, анау теріс бұрылды.
- Жарайды, - деп келісті Қабдеш амалсыз. – Елдің малына ие бол. Түгендеп ал. Жоғалтсаң, өзің жауап бересің.
- О жағына қам жемеңіз, - деді Қабыл жымыңдап. Қабдеш үйіне қарай қайтты. Жол бойы ыстығының көтерілгеніне емес, екі ортада бағаның көтеріліп кеткеніне налып: «Әлгі, Сәкібайдың баласы қойдың кезегін екі мың теңгеге баға салса ғой, түгі де кетпейді. Өзінің киім-кешегіне ақша табар еді. Марқұм әкесін зар илетіп еді, енді шешесінің қолына қарап отыр. Тепсе темір үзетін жігіт. Ертең шешесі қисайып қалса, не істейді? Бар малын, үйін сатып, өзі қаңғып кететін шығар» деп өзімен-өзі бұрқылдап келе жатты». Өмірдің өзі ме? Өзі. Ендеше, бұл әңгіме де – әңгіме.
Абылай Сматулланың «Жаздыгүні жауған қар» атты хикаяты да кейбір тұстарында орынсыз баяндауларға көбірек орын беріп алатындығына қарамастан, жақсы жолданымдардың қатарына қосуға болады.
Бас кейіпкерді «Пақыр» деп атауының өзі де бекерден бекер еместігін хикаятты оқу барысында көзіңіз жетеді. Ауылдық жердегі кішігірім мекеме бастығының тағдыры арқылы автор сәтті драматизм жасай алған. Анасы ерте өмірден өткен үш қызын жетімсіретпей, бағып-қағып өсіріп, ұядан ұшырып, дағарадай үйде сопа басы қалған Пақырдың ісі – шынымен де наңыз азаматтық қой. Автор мұны оқиғаға кіріспе ретіндегі «Жолданбаған хатта» қызының сөзімен аңғартады:
«Әке, білесіз бе, мен сізді жақсы көреді екем. Бірақ, осы уақытқа дейін бұл жайлы сізге тіс жармаппын. Неткен қатігезбін. Кейде «сізді ай мен күннен артық көремін» деп айтқым-ақ келеді. Бірақ, жеме-жемге келгенде тартыншақтаймын. Жасанды естілетін секілді. Әке, мен сізге деген махаббатымды ешқашан айтпаймын. Себебі, анам секілді ұялшақпын. Анам жұртпен сөйлесе алмайтын. Солай деуші едіңіз. Мен есімді біле бастаған шақта ол бақилық болып кетті. Сонда сіз бізге екінші рет үйленген жоқсыз. Мен сіздің осы ерлігіңізге өмір бақи разымын. Иә, осыныңызға ерлік деген баға бердім... Әке... Мен сізді жақсы көрем...»
Кеңестік биліктің ақырғы тұсында балалық шағын, ұлы өзгерістерге толы тәуелсіздік кезеңінде жастық дәуренін өткізген, қазіргі күні қоғамның бір кірпіші болып қаланып, өз жолын тапқан замандастардың өсу жолын бейнелейтін Хабира Ахметованың «Ауылдың қызы» әңгімесі де, оқиғасының өмірдің өзінен алынуымен, жүрекке жылы тиіп, оқырманды баурайды.
Қысқа-нұсқа болса да, биік адамгершілік сезімді шынайы бейнелейтін Алғадай Әбілғазыұлының «Баянды махаббат» әңгімесі де тартымды.
Қорыта айтқанда, байқаудың проза жанры бойынша жолданған дүниелердің барлығынан аңғарылған ортақ сипат – қаймағы бұзылмаған қазақ аулына деген риясыз махаббат, ыстық ілтипат, қайталанбас базарлы шаққа деген көкіректі кернеген сағыныш. Байқау арқылы бүгінгі қазақ жастарының бүгінгі қазақ ауылы туралы таным-түсінігінің көкжиегін, болашаққа деген арман-мүддесін көрдік. Біз бірнеше жолданымға ғана тоқтала алдық және бұл бір ғана оқырманның ой елегінен өткізіліп жазылған дүние, яғни өзге аталмаған шығармалар орын алуға лайықты емес дегенді білдірмейтіндігін ескерткеніміз жөн деп білеміз. Соңғы сөз – әділқазылардыкі. Ендеше, шығармаңыз бәйгелі болсын әңгіме, хикаят жолдаушы.
Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар