Тілді дамытып, рухты көтеретін тәрбие құралдарының тұсаукесері
Бөлісу:
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Ұлттық академиялық кітапханада Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы шығарылатын «Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі», «Электронды қазақ үй» және басқа да интерактивті өнімдердің тұсаукесер рәсімін өткізді. Тұсаукесер рәсімі Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлының құттықтау сөзімен ашылды.
Шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, филолог-ғалымдар, елімізге танымал қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және оқырман қауым қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – тіл мәдениетін жетілдіру, қазақ тілінің лексикалық қорын жүйелеу, «Тілдің үш тұғырлылығы» ұлттық мәдени жобасын іске асыру негізінде шығарылған және ұлттық құндылықтарды халық санасына сіңіру мақсатында алдағы уақытта әзірленетін инновациялық өнімдерді көпшілік қауымның назарына ұсыну.
«Абайтану әліппесі» кешені «Жақсы бала», «Жақсы ұстаз», «Жақсы ата-ана», «Жақсы құрбы-құрдас» деп аталатын 4 кітаптан тұрады. Кешендегі оқу материалдары инновациялық технология негізінде әзірленген сөйлейтін қаламның көмегімен дыбысталады.
«Даналық әліппесі» оқу-тәрбие кешені қобыз үні, домбыра күйі, бесік жыры, халық әні, халық аңызы, халық ертегісі, халық тағылымы, халық жыры, нақыл сөз, билер сөзі, аталар сөзі, бабалар батасы енгізілген 12 кітап және сөйлейтін қаламнан тұрады. Олар баланы рухани құндылықтар арнасында тәрбиелеп, қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.
«Электронды қазақ үй» – бүгінгі заман талабына негізделген балаларды тәрбиелеу құралы. Бұл өнім қазақ ертегілері, балалар әндері, күйлер, дәстүрлі әндер, терме-толғаулар, бесік жырлары мен Абайдың қара сөздерінен құралған.
Бөлісу: