Студенттік көктемдегі поэзия жалыны
Бөлісу:
Астанада күн жылыды. Көктем шуағы жылы шырай танытқанда сәулелі көңілдегі кірбің кетіп, жыр тұнған кеуделерге шабыт ұялайды. Осындай оңтайлы уақытта елордамызда жыр мүшәйрасы да өтті. Жүрегінен өлең аңқыған өрендер ағынан жарылып, құштарлана жыр оқыды.
«Студенттік көктем» жобасы аясында «Жастар жалыны-2014» деген атпен өткізіліп жатқан шығармашылық жастар фестивалі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі ән және би байқауларымен бастау алған болатын. Іс-шара С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студент жастар арасындағы «Махаббат – мәңгілік ертегі» поэзия мүшәйрасымен жалғасты. Жас ақындар жарысына Астана қаласы жоғары оқу орындары – Қазақ ұлттық өнер университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, «Тұран» университеті, Экономика және қаржы колледжі, Қазақ технология және бизнес университетінің қауырсын қалам иелері қатысты. Шартқа сәйкес өлеңдердің барлығы да махаббат тақырыбында. Сайысқа елімізге белгілі ақындар Серікзат Дүйсенғазы, Бауыржан Қарағызұлы, Нәзира Бердалы қазылық жасап, әр қатысушының өлеңіне өз пікірлері мен аға-әпкелік ақылдарын айтып отырды. Нәзира Бердалы ЕҰУ студенті Айбек Молдабайдың «14-ші түн» өлеңінің шынайы махабаттан туғанын айтса, Бауыржан Қарағызұлы Қазақ ұлттық өнер университетінің шәкіртінің «Кесе» өлеңіндегі өзіндік өрнекке тоқталды.
Ал Серікзат ақын талай жыр дүлдүлінің техникалық мамандық иелері екендігін мысалға ала отырып, ҚазАТУ ақындарының “темір-терсек” арасында жүрсе де әдебиетке етене жақындығына ризашылығы мен сенімін білдірді.
Жыр байқауынан кейін ҚазАТУ –да «Жылы маусым» жайдарман ойындары өткізіліп, әзілкеш жастар жұртқа күлкі сыйлады.
Барлық сайыстардың қорытындысы жақын арада жарияланатын болады.
Осымен екінші рет өткізіліп отырған «Студенттік көктем» фестивалінің негізгі ұйымдастырушысы - Астана қаласының жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры. Жобаның мақсаты - жастардың шығармашылық тұрғыдан өркендеуіне жағдай жасап, дарындыларды анықтау және жастарды қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласуына мүмкіндіктер туғызу.
Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті
Бөлісу: