Пер Лагерквист. Лифт тозаққа түскен болатын

Бөлісу:

22.06.2016 3141

Банк директорының орынбасары Йенссон сәнді лифттің есігін ашып, опа аңқыған қымбат тонды ғажайып жаратылысты аялай демеп алға оздырды. Жұмсақ орындыққа отырған екеуі бір-біріне тығыла түсті. Ал лифт төмендеп барады. Талдырмаш әйел Йенссонға еміне ернін шүртитті. Сәл шарап исі шығады. Екеуі сүйісті. Олар осының алдында ғана қонақ үйдің шатырындағы терассада, жұлдызды аспан астында кешкі ас ішкен болатын. Енді міне, көңіл көтеруге бара жатыр.

– Жоғарыдағы отырыс тамаша болды, жаным! – деп сыбырлады әйел, – Құдды өзіңмен бірге сонау жұлдыздар арасында қалықтап ұшқандай болдым. Махаббат дегеннің не екенін сол арада ғана түсіне бастайсың. Сен мені сүйесің ғой, иә?

Банк директорының орынбасары жауап берудің орнына әйелді қапсыра құшақтап, бұрынғыдан да құшырлана сүйді. Лифт құлдилап келеді.

– Келгенің қандай жақсы болды, тәттім менің, – деді Йенссон. – Жанымды қоярға жер таппадым ғой.

– Ия, бірақ сен оның адам төзгісіз мінезін білсең ғой! Өзімді ретке келтіре бастап едім, бас салып қайда баратынымды сұрады. «Қайда баратынымды өзім білемін», – дедім. Тұтқын емес шығармын! Сөйтіп едім сазырайды да қалды. Қашан киініп болғанымшы тасырайып отырды да қойды. Жаңа қоңыр көйлегімді кидім. Қалай, жараса ма? Жалпы өңіме қай түс келеді өзі? Мүмкін күлгін?

– Саған бәр түс жарасады, сүйіктім, – деп сүйсіне қараған банк директорының орынбасары, – бірақ дәл бүгін ерекше әдемісің, – деп қосып қойды.

Еркелей күлімсіреген әйел тонының түймесін ағытты. Сосын екеуі ұзақ сүйісті.

Лифт құлдилап келеді.

– Киініп болып есікке беттеп едім, білегімнен шап берді, әлі ауырып тұр, бірақ жұмған аузын ашсашы! Сен оның қандай дөрекі екенін білсең ғой! «Ал, сау бол», – дедім. Ал ол әдетінше ләм мим демеді. Тоңмойын неме, бұдан ары төзе алмаспын.

– Байғұсым–ау!

– Аз-маз көңіл көтерсе несі бар екен?! Жо, осындай суық адам, құдай біледі, жер бетінде жоқ шығар. Дүниеге шынайы, жеңіл қарау дегенді білмейді ғой.

– Құртақандай құлыншағым, соның бәріне төзіп бақтың ғой!

– О, қатты жапа шектім, қатты. Тап мендей жапа шеккен адам жоқ шығар. Тек өзіңді жолықтырғанда ғана, мен байғұс, махаббат дегеннің не екенін білдім емес пе...

– Қымбаттым! – деп үздіге сыбырлаған Йенссон оны құшағына қысты.

Лифт құлдилап келеді.

– Өзіңмен анда, жоғарыда жұлдыздарға қарап армандап отырған қандай, – деп әйел оның құшағында балқи түсті. – Мен бұл күнді ешқашан ұмытпаспын. Ал Арвидпен бұлай болуы мүмкін емес, қашан көрсең қабағы бір ашылмайды, ия, тіптен мүмкін емес.

– Елестетудің өзі қорқынышты, жаным.

– Шын айтасың ба? Жоқ, – әйел сыңғырлай күліп, оған қолын созды, – соны да сөз қыламыз ба? Оданда қазір мына арадан шыққан соң, жақсылап тұрып көңіл сергітеміз. Сен мені сүйесің ғой?

– Күмәнің болмасын! – деп саңқ еткен банк директорының орынбасары бас салып сүйе жөнелді.

Әйел тұншыға алқынып кетті.

Лифт құлдилап келеді.

Йенссон еміне түсіп, тәтті сөздермен еркелетіп бақты; әйел қызарақтай берді.

– Бүгін түнде бір-бірімізді бұрын ешқашан сүймегендей сүйеміз, иә?.. – деп құлағына сыбырлады. Әйел оның баурына тығылып, көзін жұмды.

Лифт құлдилап келеді.

Құлдилағанда да зымырап келеді.

Осы сәт Йенссон басын кегжең еткізіп:

– Лифтіге не болған? Неге тоқтамайды? – деп таңырқай қарады. – Біз отырғалы қай заман, а?

– Ия, жаным, дұрыс айтасың. Уақыт зымырап өте шықты.

– Бір құдай білсін, мұнда қанша отырғанымызды! Мұнысы несі?

Ол есіктің торынан сыртқа сығалап қарады. Түнек – басқа түк жоқ. Ал лифт бір қалыпты, баппен құлдилап келеді, құлдилап келеді.

– Құдайым–ау, бұл қалай болғаны? Құдды түпсіз тереңге құлап бара жатқандаймыз, тоқтайтын түрі жоқ!

Олар көз тоқтатар бірдеңе жоқ па екен деп көп әуреленді. Қап-қара түнек. Олар түнекке бата түсті.

– Тозаққа түсіп барамыз, – деді Йенссон.

– Қорқам, сүйіктім, – деп жыламсыраған әйел оның мойнына асылды. – Өтінемін, тезірек тежегішті тартып, көмек шақыршы!

Йенссон тежегішті бар күшімен тартқан. Еш пайда жоқ: лифт сол қалпы мәңгілік түнекке қарай құлдилай берді.

– Сұмдық қой мынау! – әйел айқайлап жіберді. – Енді не істейміз?!

– Сайтан алғыр, мына қуыста не істей аласың? – Йенссон күйіп кетті. – Қайдағы бір сандырақ.

Бойын шарасыздық билеген талдырмаш әйел еңіреп жылап жіберді.

– Доғар, қымбаттым, жылама, сабыр сақтау керек. Бәрі бір ештеңе істей алмайсың. Ия, сөйте ғой. Кел, отырайық... Міне, осылай, қасыма, ары қарай не болатынын көрейік. Әйтеу бір тоқтауы керек қой, тіпті шайтанның алдынан бір-ақ шықсақ та!

Олар не де болса артын тосуға ұйғарысты.

– Қырсық, – деді әйел, – тап бір біз көңіл көтерерде өсти қалуын!

– Ия, соны айтам, – деп Йенссон да қосып қойды.

– Сен мені сүйесің ғой, иә?

– Құртақандай сүйкімдім менің! Йенссон оны құшағына қысты.

Лифт құлдилап келеді.

Ақыры тоқтады-ау. Көз қарықтырар жарық шашылды. Бұлар тозақта еді. Лифттің торлы есігін ашқан шайтан ізетпен бас иді:

– Қайырлы кеш!

Шытырайдай киінген екен, тек фрактың желке тұсынан түктері құдды тот басқан шегедей қылтиып, шүйдесі күдірейіп тұрды.

Бастары айналған Йенссон мен әйел әупірімдеп сыртқа шықты.

– Құдайым–ау, біз қайда келдік?! – деп мына құбыжықты көрген екеуі жарыса айқай салды.

Шайтан қысыла–қымтырыла екеуінің қайда келгенін айтты.

– Бірақ әдетте жұрт ойлағандай қорқынышты да емес, – деп асыға үстемелеп қойды, – қайта, керісінше көңілден шығады деген үміттемін. Тек, білуімше, жалғыз-ақ түнге ә?

– Ия–ия! – деп қуанып кеткен Йенссон аптыға жауап қатты.– Тек қана бір түнге! Ұзақ аялдайтын ойымыз жоқ!

Кішкентай әйел қалш-қалш етеді, Йенссонның білегінен тас қылып ұстап алған. Сары жалқын жарықтың өткірлігі сонша, айналада ештеңе аңдалар емес. Хал мүшкіл деп ойлады екеуі. Сәлден соң аздап көз үйренейін деді. Бұлар алаңқайда тұр екен, айналада сұрқай үйлер қарауытады, подъездері қып-қызыл шоққа айналған; перделері түгел жабық, бірақ жапсарынан көрініп тұр, іште от жалындап жатыр.

– Мырза, шамасы, бір–біріңізді сүйесіздер? Шайтан қулана жымиды.

– Ия, шексіз, – деді келіншек, көзі жайнап.

– Онда соңымнан еріңіздер – деп шайтан да жұғыса кетті. Бірнеше қадамнан соң олар күңгірт, тар көшеге бұрылды. Қожалақ маңдайшада ескі, сынық шам ілулі тұр. – Өтінемін, бері жүріңіздер. – Ол есікті ашып әдеппен кейін шегінді де, екеуін алға оздырды.

Бұлар ішке кірген. Алдарынан семіз, емшегі иттің басындай, сақал-мұртына күлгін опаның түйіртпегі жабысқан ұрғашы шайтан жылмыңдай қарсы алды. Ырс-ырс етеді, көзі тұздай, құдды жақынын көргендей сүйсіне қалыпты. Маңдайындағы түк шырмаған мүйізін көкшіл жібек лентамен гүлдеп байлап алған.

– Ах, бұл Йенссон мырза екен ғой, құрбысын ерткен! Мінекейіңіз, сегізінші нөмір, – деп қылмың қағып, добалдай кілт ұсынды.

Олар май-май сатымен жоғары өрледі. Қалт етсе тайып құлайтындай, тәлтіректеп әрең келеді. Йенссон сегізінші нөмірді тауып, олар ішке кірді. Тарлау бөлме екен, ауасы – ауыр, борсыған иіс шығады. Ортада кір дастархан жабылған стөл тұр, іргедегі төсектің де көрпе-жастығы күс-күс. Бөлме бұларға жайлы көрінді. Екеуі пальтоларын шешіп қойып, ұзақ аймаласты.

Кенет басқа бір есіктен даяшы киімін киген адам кірді, смокингі мен кеудешесі мұнтаздай, ала көлеңкеде жарқырап көрінеді. Еппен кірген оның аяқ сыбдыры да естілген жоқ, бірақ меңірейген біреу. Кірпік қақпастан бір нүктеге қадалған да қалған. Өңі сұп-сұр, ал самайын оқ тесіп өткен екен. Ол бөлмені жиыстырып, айна алдындағы орындықты сүртіп, түнде дәрет сындыратын шелек пен қоқыс жәшігін қойды.

Екеуі бұған назар аударған жоқ, тек, есікке беттегенде ғана Йенссон:

– Аздап шарап алуымыз керек шығар, бізге жарты шөлмек мадера әкеліңізші, – деді.

Адам тағзым етті де жоқ болды.

Йенссон пенжағын шешті. Әйел жалтақтай бастады:

– Ол қазір қайтып келеді.

– Ия, балақай, мұндай жерде ұялудың еш қажеті жоқ, шешін.

Әйел көйлегін шешті де, қылымси бұратылып келіп Йенссонның шалбарынан тартып, тізесіне отырды. Бұл бір керемет сәт еді.

– Ойлашы, – деді құлағына сыбырлап, – осындай ерекше, романтикалық жерде екеуіміз ғана! Ғажап! Мен бұны ешқашан ұмытпаспын...

– Сұлуым менің! Йенссон да үздіге сыбырлады. Сосын еріндер ұзақ өбісті.

Адам тағы да дыбысын білдірмей кіріп келді. Асықпайтын бір қалыпты қозғалыспен рюмкаларды қойып, шарап құйды. Бетіне шамның жарығы түскен. Бірақ сұп-сұр жүзінде кісі қызығарлық ештеңе жоқ еді, ал оқ тескен самайы үңірейіп тұрды.

Әйел баж етіп атып тұрды.

– Құдайым–ай! Арвид! Бұл сенсің бе?! Сен! О, Құдай, ол өліп қалған! Ол атылып өлген!

Адам бір нүктеге қадалған күйі үнсіз тұра берді. Жүзінде қайғының ізі де жоқ, сол баяғы түнерген қаталдық қана.

– О, Арвид, бұның не, бұ қайткенің?! Қалай ғана дәтің барды?.. Сүйіктім, басыма титімдей де ой келгенде ғой, сенші маған, үйде, қасыңда қалар едім. Бірақ сен жақ ашпадың. Бұлай істейтінің туралы, мен кетіп бара жатқанда да тіс жармадың! Өзің айтпаған соң мен қайдан білем? О, Құдай!..

Әйел қалш-қалш етеді. Ал адам тап бөтен біреудей жансыз, мұздай жанарымен қарып өтті. Ақсары жүзі шаммен шағылысып тұр, үңірейген жарақат орнында қанның ізі де жоқ.

– Қандай қорқынышты! – әйел айқай салды. – Мен мұнда қалғым келмейді. Тап қазір кетейікші, мен бұған төзе алмаймын!

Ол көйлегін, тоны мен шляпасын жүре қармап, бөлмеден атып шықты. Йенссон соңынан ерді. Олар сатымен төмен қарай дедектей жөнеліп еді, әйел тайып кетіп қақырық пен темекі күлінің үстіне былш ете түсті. Төменде бағанағы мүйізді кемпір бәрін түсінетін жанашыр кейіппен мырс-мырс күліп қарап тұр екен. Сақалын шошаңдатып басын изеп қояды.

Сыртта олар аздап өз өздеріне келгендей болды. Әйел киініп, үсті-басын ретке келтіріп, мұрнына опа жақты. Йенссон оны қорғаштағандай белінен құшақтап, көзінен сүйіп жасын құрғатты. Өзі сондай мейірімді бола қалған.

Екеуі асығыс басып алаңға беттеді.

Шайтан–жарылқаушы әдетінше алдарынан шығып, бәйек болып жатыр.

– Қалай, болып қойдыңыздар ма? Разы шығарсыздар деген үміттемін?

– О, бұл бір сұмдық болды! – деді әйел дауысы жарықшақтана шығып.

– Олай айта көрмеңіз, мүмкін емес. Сіз бұрын қалай болғанын көрсеңіз ғой! Ал қазір тозақ деуге аузың бармайды. Біз, адам азапты сезбеуі үшін ғана емес, сонымен бірге ләззат алуы үшін де бар жағдайды жасап бағудамыз.

– Барды бар деу керек, – деп Йенссон қоштай кетті, – мойындаймын, анағұрлым ізгі орынға айналған.

– Ия-ия, – деді шайтан, – жоғарыдан төменге дейін түгел жаңғыртылған, көріп тұрсыз.

– Әрине, заманға сай болу керек.

– Ия, ендігілер тек ар азабымен ғана арпалысады.

– Құдайға шүкір! – әйелдің даусы саңқ етті.

Шайтан бұларды лифтіге дейін құрметпен шығарып салды.

– Жүздескенше, – деді тағзым етіп, – және қош келдіңіздер.

Ол сарт еткізіп есікті жапты. Лифт өрлей жөнелді.

– Бітті–ау әйтеуір, – деп жарыса сөйлеп, кеуделерін кере дем алған екеуі, бір-біріне тығылған күйі жұмсақ орындыққа сылқ етіп отыра кетті.

– Сен болмасаң мен бұған төзе алмас едім, – деді әйел сыбырлап.

Йенссон оны құшағына қысып, екеуі ұзақ өбісті.

– Ақылға қонбайды, – деді ыстық құшақта ес жиған әйел, – солай етуге қалай дәті барды! Бірақ баяғыдан біртүрлі еді, өзі. Дүниеге шынайы, жеңіл қарауды білмейтін, ол үшін бәрі не өмір, не өлімнің әңгімесі.

– Ақымақ.

– Маған айтуына болар еді ғой? Үйде отырар едім. Екеуміз басқа бір кеште кездесетін едік.

– Әрине, – деді Йенссон, – әрине, басқа бір жолы кездесер едік.

– Ой, сүйіктім менің, соны неменеге сөз қылып отырмыз? Бәрі артта қалды.

Әйел оның мойнына асылды.

– Ия, көгершінім, бәрі артта қалды.

Ол оны құшағына қысты.

Лифт өрлеп келеді.

Орыс тілінен аударған Нұрлан Қабдай

Бөлісу:

Көп оқылғандар