Ұлы дала тұлғаларының кітаптары жарық көрді

Бөлісу:

12.12.2014 8752
_MG_2550.jpgБүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2012-2014 жылдарға арналған «Ғылыми қазына» нысанды бағдарламасы аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты былтырғы жылға дейін «Классикалық зерттеулер» сериясының 1-23 томдарын және «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша «Абай» мен «Жамбыл» кітаптарының тұсаукесер рәсімі болды. 
Биылғы жылы Институт «Классикалық зерттеулер» сериясының жалғасы ретінде 24-34 томдарды және Ұлы дала тұлғалары сериясы бойынша «Әбілхан Қастеев», «Құрманғазы» және «Күләш» атты ғылыми-зерттеу кітаптарын қалың жұртшылыққа ұсынды.  Тұсаукесер рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, филология ғылымдарының докторлары және белгілі ақын-жазушылар қатысты. 
«Классикалық зерттеулер» сериясының «Фольклор туралы зерттеулер» атты 24 томына М.Ғабдуллиннің қазақ фольклорына қатысты танымал ғылыми еңбектері енді. Танымал ғалымның қазақ фольклорының сан-саласына жасаған осы уақытқа дейін жарияланған және жарық көрмеген еңбектеріне ғылыми талдау жасалды.  
«Қазақтың жыраулық мұрасы» атты 25-томына көрнекті әдебиет зерттеушілері С.Сейфуллин, Ә.Дербісәлин, Қ.Сыдиықұлы және М.Мағауиннің XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы мен оның белгілі өкілдерінің шығармашылығына қатысты ғылыми еңбектері топтастырылды. Жинаққа енген ғалымдардың зерттеулерінде Ноғайлы және Қазақ хандығы тұсында өмір сүрген Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей жырау сынды жыр жүйріктерінің асыл мұрасы әдеби-тарихи, салыстырмалы, көркемдік және мәтіндік қырларындағы ерекшеліктер нысанға алынған. Жинаққа Әнуар Дербісәлин, Қабиболла Сыдиықұлы, Мұхтар Мағауин сынды ғалымдар жайында нақтылы мағлұматтар берілді. Кітапта зерттеушілер өмірбаяны ықшамдалып беріліп, барлық зерттеулері атап көрсетілді. Сонымен қатар аталып отырған әрбір авторға жеке-жеке түсініктемелер берілді. 
Жыраулар поэзиясы жайындағы сүбелі еңбектердің іріктеліп терілген мәтініндегі кездескен жер-су атаулары, тарихи тұлғалар, көне шығармалар мен жинақта кездесетін тарихи-әдеби шығармалар, кітапта аты аталатын авторлар туралы мәлімет, мәтінде кездесетін тарихи тұлғалар мен кейіпкерлер сонымен қатар кездесетін мемлекет, хандық ру-тайпалар атаулары және әдеби терминдерге қысқаша анықтамалық сипатта ғылыми қосымшалар жазылды.
«Казахская культура и этнография в Российской библиографии ХІХ-ХХ вв.» атты 26-томда ХХ ғасырда және кеңестік кезеңге дейін жарық көрген бірнеше библиографиялық көрсеткіш қамтылған. Көрсеткіштерге енген библиографиялық мәліметтерде қазіргі таңда да ғалымдар мен жалпы оқырман қауым үшін маңызын жоймаған Қазақстан туралы құнды деректер келтірілген. 

                                 _MG_2470.jpg

Қазақ халқының рухани мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмысы ХVІІІ ғасырда басталады, ал шын мәнінде орыс және Еуропа, шығыс саяхатшылары мен тарихшыларының қоғам қайраткерлерінің еңбектерінде ол тура орта ғасырлардан, ХV-ХVІ ғасырларда-ақ жазыла бастағаны белгілі. Бұл көрсеткішке осындай негізінен ғылыми мақсатта жазылған әдебиеттер мен түрлі кеңсе, мұрағат жазбалары, сондай-ақ әдеби, көркем шығармалар жинақталған. 
Кітаптағы материал библиографиялық басылымдардың жариялануына қарай хронологиялық тәртіп бойынша берілді. Библиографиялық сипаттамаларда түпнұсқалардың стилистикасы мен орфографиясы барынша толық сақталды.

                                _MG_2471.jpg

Аталған серияның «Русский фольклор и  литературыне  связи  России и Казахстана» атты 27-томына филология ғылымдарының докторы, сыншы, жазушы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі М.И.Фетисовтың «Ресей мен Қазақстанның әдеби байланыстары» (ХІХ ғ. 30-50 жж.) монографиясы және Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор М.М.Багизбаеваның бірқатар мақалалары, кітап алғысөздері мен жетісу өңірі казактарының орыс фольклоры үлгілерінің мәтіндері енді. Олардың ХХ ғасырдың екінші жартысында шыққан зерттеулері туралы отандық филолог ғалымдардың оң пікірлері мен жоғары бағалары бірқатар қазақстандық газет, журналдарда жарық көрген. Олар қазақстандық кітапхана жүйесінің қорларын толтырды. 

                               _MG_2507.jpg

«Классикалық зерттеулер» сериясының 28-томы «Абай және әдеби мұра» деп аталады. Кезекті томға көрнекті әдебиеттанушы-ғалымдар, филология ғылымының докторы, Мұратбек Бөжеевтің «Замана кейіпкерлері» атты ғылыми еңбегі  және Қазақстан ҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымының докторы, профессор Ы.Т.Дүйсенбаевтың «Ғасырлар сыры» атты зерттеулер жинағы мен Қазақстан ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымының докторы Ә.Ж.Дербісәлиннің «Дәстүр мен жалғастық» атты монографиясы енгізілген. 

                               _MG_2510.jpg

«М.Әуезов шығармаларның көркемдік  поэтикасы» атты 29-томға Айқын Нұрқатовтың «Мұхтар Әуезов», Рымғали Нұрғалидың «Әуезов және Алаш» атты кітаптары енді. Томға 1 баспа табақ көлемінде алғысөз (Д.Қонаев) және 1 баспа табақ көлемінде түсініктемелер жазылды (Р.Әбдіғұлов, К.Рахымжанов). Томға берілген көлемге орай монографиялардың бірер тараулары қысқартылды. Алғысөзде Айқын Нұрқатов пен Рымғали Нұрғалидың қысқаша шығармашылық өмірбаяны беріліп, ғылыми жұмыстарына шолу жасалып, томға берілген екі монография арнайы талданды. Түсініктемелерде аталған монографиялардың басылымдық жолын көрсетіп, қажетті жерлерге түсініктемелер берілді. 

                               _MG_2536.jpg

Т.Нұртазин, М.Қаратаев, Х.Әдібаев еңбектерінен тұратын 30-том «Заман  және әдебиет» деп аталады. Кітапқа Т.Нұртазиннің «Бейімбет Майлин творчествосы» (ІІІ,V тараулары), М.Қаратаевтың таңдамалы зерттеулері («Қазақ поэзиясының Құлагері», «Әлемге әйгілі эпопея», «Сын атасы – Виссарион», «Сын шын болсын, шын сын болсын», «Қырық жылда», «Поэзиядағы дәстүр мен жаңашылдық»), Х.Әдібаевтың «Талант. Талғам. Тағдыр» монографиясының V,VІ тараулары енгізілді. 

                              _MG_2489.jpg

«Классикалық  зерттеулер» сериясы бойынша шыққан «Драматургия туралы зерттеулер» 31-томына С.Ордалевтің 1964 жылы «Қазақ драматургиясының очеркі» атты кітабынан төрт тарауын енгізілді. Сейділда Ордалиевтің «Қазақ драматургиясының очеркі» атты қазақ драматургиясының тарихын зерттеуге арналған монографиясы тұңғыш рет 1964 жылы жарық көрді (Алматы: Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасы. – 275 б.). М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында орындалған жұмыстың жалпы редакциясын басқарған – Ә.Тәжібаев. Еңбекте 1917-1960 жылдар аралығындағы қазақ драматургиясының басты-басты шығармалары идеялық мазмұны мен жанрлық ерекшеліктері жағынан зерттелген. Мұнда қазақ драматургиясының ертелі-кейінді жазылған ірілі-ұсақты шығармалары толық қамтылмағандықтан, «Қазақ драматургиясының очеркі» деп аталған. 

                              _MG_2540.jpg

«Ұлт зиялылары қазақ музыкасы туралы» атты кітап «Классикалық зерттеулер» сериясының 32-томы болып табылады.
Қазақ руханияттылығында Алаш зиялыларын ұлт музыкасының өмірдегі мәні мен сәні, көркемдігі, мазмұны, эстетикалық маңызы, оның адамның жан дүниесіндегі орны мен әсері, жүрек сырын ашатұғын құдіреті және т.б. киелі қасиеті көп ойландырып, толғандырған. Сондықтан музыка туралы (оның ішінде әсіресе ән және күй жанрлары) оқымыстылардың, қаламгерлердің шабыты мен ізденістерінен туған көптеген мақалалар мен очерктер жазылған болатын. Олардың авторлары Шоқан мен Ахаңнан басқа – Қ.Жұбанов пен А.Жұбанов, М.Әуезов, С.Торайғыров, Ә.Марғұлан, Ғ.Мүсірепов, А.Әл-Машани, Л.Хамиди, Е.Рахмадиев, Ғ.Жұбанова, және т.б. Аты аталған өнер және әдебиеттің көрнекті өкілдерінің шығармашылығында музыкаға қатысты көптеген күрделі мәселелер жан-жақты қарастырылған – оның адамға деген әсері, шығу тарихы, көркемдік сипаты, ұлттық колориті, ішкі құрылысы, оның орындалуы, кешегісі мен қазіргі болмысы және өзге де өзекті проблемалар орын алған.
«Избранные  труды  по  театроведению» атты 33-томға Л.П.Сарынова, Л.И.Богатенкова, О.В.Всеволодская-Голушкевич, Д.Абировтың еңбектері енді.
Кітап XX ғасырдың 70-90 жылдарындағы Қазақстанның кәсіби театртанушылық ойларынан, осы салада еңбектенген зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен құралды. Еліміздегі ұлттық, орыс және балалар театрларының режиссурасы, актерлық шеберлігі, репертуарлык мәселесі, ұлттық би өнері мен классикалық балет өнерінің төңірегіндегі келелі мәселелері, қазақ би өнерінің тууы мен дамуына деген авторлардың өзіндік пікірлері осы томда қамтылады. Кітапқа республиканың белгілі театр сыншылар мен ғалымдарының жазған зерттеулері мен монографиялық еңбектерінен жекелеген тараулары іріктеп енгізілді. Олар: Л.П.Сарынованың «Қазақстанның балет өнері», Л.И.Богатенкованың «Қазактың заманауи сахналық өнері», «Театр: ізденістер мен үміттер», «Адамды естіп ұғыну», О.В.Всеволодская-Голушкевичтің «Бақсы ойыны», сондай-ақ, Д.Т.Әбіровтың «Қазақ биінің тарихы».
«Әдебиеттану және әдеби сын» атты 34-томға 1960-1990 жылдардағы әдеби сыншылар: М.Дүйсеновтің «Әдебиеттің мазмұны мен формасы жайында», «Әдеби форманың кейбір мәселелері»; Т.Тоқбергеновтің «Тарлан ашқан талант», «Әдеби сынға әділет керек», «Көкірегі көктем жыр»; А.Сүлейменовтің «Түр туралы бірер сөз», «Тағы да «Дала сыры» туралы», «Елең-алаңдағы дүбір», «Тәкеннің шаңқаңбоздары», «Әбіштің қоңыр даласы», «Өлшеніп өнер тартылса», «Болмыспен бетпе-бет»;  С.Әшімбаевтің «Әдебиет және мораль», «Парызға лайық парасатты сөз», «Азаматтық позиция – айқындаушы күш», «Азаматтық формуласы»; З.Серікқалиұлының «Сын және жауапкершілік», «Роман және біз», «Ойлы досқа айтар сөз»; С.Жұмабектің «М.Әуезов пен А.Сүлейменовке тән көркемдік танымдар», «Жұлдызы нұрлы суреткер», «Стиль. Ізденіс», «Титан талант тұрлаулы өнер»; Б.Майтановтың «Төлқұжаты таланттың», «М.Әуезов және қазіргі проза тілі», «Көгілдір әлем, кең дүние», «Сыншының беделі» атты кәсіби биік деңгейлі зерттеулері енгізілді. 
«Ұлы дала тұлғалары» сериясының «Құрманғазы» атты томын дайындауға өнертану докторы, С.Күзембай, өнертану кандидаты Б.Тұрмағамбетова, өнертану кандидаты З.Қасымова қатысты. 
Серияның келесі «Күләш» атты томында көзінің тірісінде «қазақ Бұлбұлы» атанған Күләш Байсейітованың ғұмырнамалық және шығармашылық келбеті, сахнада сомдаған образдарының көркемдік қырлары зерделенді.
2014 жылы «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша «Ә.Қастеев» томын дайындау барысында Ұлттық кітапханада, Орталық ғылыми кітапханада, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының кітапханасында, Қазақстанның Мемлекеттік мұрағатында ғылыми-зерттеу жұмыстары атқарылды. 
Кітапқа Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы туралы әр жылдарда жазылған естеліктерден үзінділер кірген. Қазіргі суретшілердің де айтары назардан тыс қалмаған. Айғақтардың молдығы қазақ кескіндеме өнерінің атасы атанған суретші шығармашылығы туралы, өміріндегі қызықты сәттері жинақталған жазбалармен дәлелденеді. 
«Ғылыми қазына» бағдарлама аясында шыққан «Классикалық зерттеулер» және «Ұлы дала тұлғалары» сериялары қазақ әдебиеті тарихы мен теориясына, өнерге қатысты озық ойлы зерттеулерді тәуелсіздік дәуіріндегі ұлттық таным тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік берді. Кітаптар «Әдебиет әлемі» баспасынан шықты.

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар