Сұраған Рахметұлы: Осы заманауи әдебиет немесе он тағылым

Бөлісу:

09.04.2015 2948


 


 

001.jpg


 


 


 

– Біреу ақиқатты «шын» деп оқиды, біреу жоққа шығарады. Осы екеуіне де оқырмандар жауап береді. Ол сонысымен қызықты. Оқырмандар екі жаққа ауып түсіп қиналады. Теңнің екі жақтағылары да бейкүнә оқырман. Мағыналы ойлар тереңге тартады. Тереңдікті оқырман ғана қандай бір ішкі себеппен сезінеді. Сезіне алмаса - «капут». Ең бастысы - бұны мыймен «шайнау» керек. Оқылмайтын кітаптар сөрелерде толы.


 

Оқылатыны алтыннан да бағалы. Көзі зағип көп (маразмге шалдыққан тобыр) рухани көшбасшысы жоқ болса көрсоқыр қалпында қала бермек. Біз көбінесе қисынды дүниені өз көзқарасымызбен өлшей алмай келеміз. Бұрынғы әсіре дәстүршіл үлгіге қарай түртіншектеп емексиміз.


 

Тарих тегершігін әу баста солай жасап үйретіп қойған, - ә?.. Мемлекеттік төрде (сахна төрінде – Р.С) өз спектаклін қояды.


 

Иә, «бай - құдай, кедей - бай болам...» дейтін бақай есеп күндестік пайда болады. Төменшек, уайымшыл я болмаса аса суықбауыр қоғамның көрінісі осы. Екі ұдай тап келеді өмірге. Кембағал таптың ауқаттыларға деген өшпенділігі ұлғая түседі. Қоғамның санасын әлжуаздау немесе қандайбір пайыми қасиеттерді жою арқылы бұрынғы асау табиғи мінезді жуасыту жаппай момақан тобырды әзірлеуге әкелуі мүмкін. Сұйық әңгіме, нәрсіз шыраш, жаттанды өлеңдер, әсіре ділмарсулар не көрсетер екен? Қоғам кешікпей әйтеуір ешбір көзқарассыз қараң, қапас күйде қалары мәлім...


 

Қазіргі заман әдебиеті жекебастың қамына қарай һәм атақ пен абыройға қызмет ететін болды. Ел алдында «беттің арын белбеуге түйгендер» жазушы болып ойнайды.


 

Тобыр есалаң күйге түседі, «айтқанға көнеді, айдағанға жүреді» т.с.с. Өзінің пікірін өзі жұтады, жоққа шығарады. Әдебиетті тек кеңестік тыныстан жұққан «қан ауруы» құртады. Әдебиетбасшысы біліктен гөрі аутизми алауыздықты, ашты араздықты, берекетсіздікті жемдейді. Соңынан ол өз қолынан қаза тапқан әдебиеттің табытының қасында тұрып күллі оқырманға қаралы көңіл айтады.


 

Өз шимайы жөнді емес бәзбіреулер басқаның жазғанын жазғырып жататыны, өз жазғанын өзгенікімен өлшеуді білмейтін керауыз кесапаттар өңгенің елі артықшылығын қарыс қызғанатыны, өзінен биікпен өзелене бәсекелесіп, аласа бақталас болатыны өкінішті.


 

Бүгінгі айтылымдар тоғысында ғұмыр кешуші саналы ғана топтың жай-күйі мәз емес, аянышты. Ойы қылжақ, тілі мүкіс.


 

Кезінде Француз ойшылы Жак Дерри Да (1930-2004) «адамзаттың сөйлеу үлгісіне біршама өзгерістер енгізуге талпынғаны» бар еді, бірақ нәтижеге жетпеген. Оның ізденістері қарапайым, байырғы Сорбонна мектебіндегі «гүл құмырасына отырғызылып», біраз уақыт өткеннен кейін әлемдік тілдер бақшасына қарай лақтырылған болатын.


 

Оның мәнісі әлем елдерінің біртілділікке қарай ойысуын армандаған жағдайдан туған әрекет еді. Алжирлік, сонда туған жеврейдің жер әлемге шашқан осынау ілім дәнін күллі Батыс, түгел Еуропа енді-енді түсініп ұстаным жасай бастаған ба деп ойлайсың.


 

Ойшыл жеврейдің ойының түп негізі саналы тұлғаның ой-өрісін түбегейлі жаңарту еді. Өкініштісі, ол жаһанданудың түрлі тетіктерін тек космополитизммен ғана астастырып қарауды арман тұтты. Шатасты. Онымен қоймай әлем елдерін де екі ұдай күйге ұшыратқаны бар. Оның қателіктері мен шатасуларын кей жағдайда күшпен негіздемеленген жаңсақ қисындарын жоққа шығару мәселесі әлі де кесе көлденең тұратындай.


 

Оған жауап беру үшін қазақ әлемі өз тілінде сөйлеп, өз өзегінде қайта түлеуі, қайта сергуі қажет.


 

Жак Дерриданың ең шабытты шағы 1967 жылы анық, айқын біліне бастаған. Оның дәлелі - «Дауыс және феномен», «Үшбу сәлем һәм оның айырмасы», «Грамматология қақында» атты бірнеше еңбектерімен өзектеліп жатты. Осылайша тіл дамысы қақындағы небір қисынды идеялар мен әрекеттер әлем мойындаған кейбір ғалымдардың «консервіленген» миынан аунап түсіп, жер ғаламдағы жадылы, текті ұлттар мен ұлыстарға қарай жөңкіле бастаған.


 

Тіл құрылымы тек ХХ ғасырда, нақты айтсақ біздің дәуірімізде ғана күрделі жағдайға ұшырасып отыр. Жак Дерридадан кейінгі бірнеше әлем ғалымдары өз-өз ұстанымдарын ұсынғанымен жағдай тұрақтанатын емес. Мысалы, Швейцариялық ғалым Фердинанд Де Соссюр (1857-1913) Женевада тұңғыш рет Лингвистика мектебінде семиология һәм құрылымдық тіл танудың аса құнды жүйелі негіздерін тарата бастады.


 

Бұл шынында үлкен жаңалық еді. ХХ ғасырдағы дағдарыс ернеуінен асып түсуге жақын тұрған аса құдіретті тіл тағдыры осылайша ғаламдық іліми деңгейге структурализмнің өмірге «іңгәлап» келуімен жаңа бір арнаға соны үнмен жылыстай бастады. Мінеки, ХХ ғасырдың 50-ші жылдардағы адамзат ой танымына тамызық болған ғылыми негізде құрылымдалған тіл танудың кілті «Жалпы лингвистика» дәрістері осылайша төрткүл дүниелік әр мектептің саналы ұстаздарының қойын дәптеріне жазылып үлгерді. Дүние әлемге бағыт нұсқады. Бұны осы ғасырдағы ерекше нұсқанама деп те атап кетуге болатын секілді. 


 

Біздің ізденісіміз - сана, тіл, тағы да - сана. Сол үшін біз бүгін бүтін ес майданында жанталасудамыз. Толығырақ кітаптар рейтингінен қараңыз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар