Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Ақсақ құлан
Ұсыну
Кетбұға  (шамамен 1150 – 1225) – жырау, күйші, аты аңызға айналған тарихи тұлға, Алтын орданың ұлы жыршысы, Жошы Ұлысының іргесін қалаған саяси қайраткер, Алтайдан Дамашыққа дейін әмірі жүрген би, Полистаинды бағындырған абыз. Қобыз бен домбыра күйлерінің ұлыстық мектебінің негізін салған күйші,  ұрпаққа ұлағатты сөзі қалған ойшыл. Кетбұға жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер "Шадтжарат әл-атрак" (Түркі шежіресі) кітабы және қазақ, қырғыз, башқұрт, татар, орыс, парсы, араб, қытай, мұңғыл дереккөздерінде кездеседі.  Бұл жинаққа Кетбұға күйші мұрасының ноталары мен аңыздары топтастырылған, жинаққа енген туындылардың аудиожазбасы да қосымша құрал ретінде ұсынылады.

Бөлім 1. «Ақсақ құлан». Күйді орындаушы Халық әртісі, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің алғашқы әртісі - Үрістембек Омаров. Оның жолын ұстанған шәкірттері - Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері  Р.Тәжібаев және Қошқарбек Тасбергенов, бұлар да «Ақсақ құланды» толғап ел есінде қалған өнерпаздар еді. Күй қазақ радиосының «Алтын қорына» кірген, өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазылып алынған, кейінірек осы нұсқада оркестрге де түсірілген. Нотасын түсірген - өнертану магистры, күйші Ақбота Тұрымбетова.

Бөлім 2. «Ақсақ құлан».  Күйді орындаушы - Халық қаһарманы, композитор Нұрғиса Тілендиев. «Ақсақ құлан» күйінің жаңаша нұсқасын жеткізген виртуоз күйші, ол бұрынғы күйдің аңысымен күйдің әсерлі орындаушылық вариантын жасады. Осы күйдің тақырыбын мультипликациялық көркемдеу саласына да пайдаланды. Күй негізінен құланның тарпуын, Жошының өлімі туралы азалы жоқтауын суреттейді. Күйді нотаға түсірген – Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, күйші Батырлан Әбенов.

Бөлім 3. «Сауға». Кетбұғаның «Сауға» күйін жеткізуші және орындаушы –дарынды күйші, жазушы-драматург Таласбек Әсемқұлов. Күйде Алтын Орда дәуіріндегі азаматтық соғыс, руаралық тартыс пен сол кездегі сұрапыл қанды оқиғалар баяндалады. Ел аузында Кетбұға Шыңғыстың алдында белдігін мойнына салып тайпааралық қырқысты тоқтатуды сұрап, тіріге сауға сұраған күй еді деген аңыз әңгіме бар. Күйді нотаға түсірген - Жанғали Жүзбай.

Бөлім 4. «Ақсақ құлан Жошыхан». Күйді жеткізген - Сыр бойының атақты домбырашысы Н.Жәлімбетов. Күйде Жошының өлімін естірткен зар мен қайғы өне бойы азынап тұрады. Күй жоқтау сарынына құрылған, орта екпінмен азынай шертіледі. Күйді нотаға түсірген - дарынды дирижер Мүсілім Әмзе.

Бөлім 5. Ақсақ құлан. Бұл нұсқаны жеткізген – Жетісу күйшілік мектебінің көрнекті өкілі, күйші О.Мұхамәдиұлы. Орындаған Ж.Қадырқұлов. «Ақсақ құлан» аңызының Алатау бауырында шертілетін тамаша нұсқасы. Нотаға түсірген Б.Мүптекеев. 

Бөлім 6. «Кет буканын куусү»,  күйдің қырғыз елінде шертілетін тамаша нұсқасы, қомуз аспабында орындаған - Қырғызстанның Эл әртісі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, қырғыз бен қазаққа ортақ өнерпаз, дарынды күйші, профессор Руслан Жумабаев. Күйде «Балаң өлді, Жошыхан!» деген сөз тақпақтай қайталанып отырады. Нотаға түсірген және домбыраға лайықтаған – Жанғали Жүзбай.

Бөлім 7. Шыңғысханның баласы өлгенде естірткен күй. Бұл да сол кезеңдегі қайғылы оқиғаны елестететін көңілқос әуен. Күй көсем шертіле орындалады, күй тілі сөз секілді ағытылады, біркелкі еркін тартылады. Күйді жеткізуші - Б.Тағайұлы. Нотаға түсірген - күй зерттеуші ғалым, профессор Білал Ысқақов.

Бөлім 8. Бір топ құлан жосыған. Күйді жеткізген О.Мұхамәдиұлы. Күй халықтық әдеби-фольклор негізіндегі жырлардың ырғағына келеді, қайғылы кеуілмен шерлене орындалады. Шыңғыс баласы қаза тапқан соң сахарадағы құлан біткеннің бәрін қыруға жарлық береді, сол кезде құландар бетпақдалаға жосыған екен деседі, күй сол уағиғаға құрылған. Нотаға түсірген - күй зерттеуші ғалым, профессор  Білал Ысқақов.

Бөлім 9. «Ақсақ құлан». Қазақстанның халық әртісі, шертпе күйдің шебері, композитор - М.Хамзин орындаған нұсқасы, бұл күйдің Сарыарқа жерінде сақталған үлгісі болып табылады, солай бола тұра, Қ.Медетов пен Ү.Омаров тартқан «Ақсақ құланнан» ауылы алыс емес екені аңғарылады. Күйді нотаға түсірген - Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы күйші Қайрат Айтбаев.

Бөлім 10. «Кетбұға» күйі жетіген немесе қосбұрау домбыраға арнайы шығарылған күй. Күй авторы - Ж.Жүзбай. С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драмалық театрында режиссер М.Ахмановтың осы аттас спектакліне музыкалық көркемдеу мақсатында арнайы жазылған. Орындаған - күйші Венера Табыс.

Бөлім 11. «Ақсақ құлан сарыны», күйді аңызымен баяндап тартқан атақты күйші -М.Өскінбаев. М.Өскінбаев - Маңғыстау күйшілік мектебінің үздік өкілі, көптеген толғаулы күй шығарған дарынды композитор. «Ақсақ құлан» күйінің үш тарауын жеткізген шежірешіл күйші. Күй аңыздың бірінші тарауына құрылған. Күйді нотаға түсірген белгілі ғалым - Абдулхамит Райымбергенов. 

Бөлім 12. «Естірту» бұл М.Өскінбаев орындаған күйдің екенші тарауы, күйді нотаға түсірген - А.Райымбергенов. Күйде «Балаң өлді - Жошыхан!» деген сөз тақпақтай айтылады, күйде қайғылы оқиғаның баяны бар, көне заманнан өзгермей бізге жеткен тамаша нұсқа.

Бөлім 13. «Айдахармен арбасу», бүл да М.Өскінбаев жеткізген нұсқа, жоғарыдағы аталған күйдің үшінші тарауы болып табылады. Кетбұға Жошының өлімін естірткен соң оның домбырасына қорғасын құйылады да алыстағы аралға апарып тастайды, сонда айдахармен арбасқаны екен деп тартылады. Күйді нотаға түсірген - белгілі ғалым, күйші Абдулхамит Райымбергенов. 

Бөлім 14. «Жаралы Бұғы» күйді орындаушы атақты сыбызғышы - Т.Мұқыш. Халық арасында күйдің бұғы малының қасиеті мен киесіне арналған аңызы қоса айтылады. Кетбұға бұл күйді Жошының қазасына арнап қобызда орындаған екен, кейінірек сыбызғышылар да толғаған деген аңыз А.Сейдімбектің «Күй шежіре» атты монографиясында бар. Күй Алтайда сақталған, аса көркем орындалатын, ел арасына кең тараған көне толғау. Нотасын жазған - Ж.Жүзбай.

Бөлім 15. «Ақсақ құлан», бірінші тарауы, орындаған мұңғұлиялық күйші - С.Аққожа. Байөлке жерінде «Ақсақ құлан» күйінің аңыздары және тараулары көп сақталған, домбыра мен сыбызғыда тел орындала береді. Күйдің нотасын жазған - шертпе күйдің шебері, профессор Білал Ысқақов. Күй мазмұны жоғарыда айтылған қайғылы оқиғаларға құрылған.

Бөлім 16. «Ақсақ құлан», екінші тарауы, орындаушы Байөлкелік күйші -  Ө.Мұхамет. Мұңғұлия елінде шертілетін нұсқа, күй Жошы өлімін баяндайды. Күйді нотаға түсірген – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Б.Ысқақов.

Бөлім 17. «Ақсақ құлан», үшінші тарауы, орындаушы Байөлкелік күйші -  Ө.Мұхамет. Мұңғұлия елінде шертілетін нұсқа, күй Жошы өлімін баяндайды. Күйді нотаға түсірген - профессор Білал Ысқақов.

Бөлім 18. «Жошының қазасын естірту». Күйді жеткізуші - атақты домбырашы Б.Саятөлеков. күйдің аңызы қоса айтылады, ақсақ құлан туралы аңыз күйдің екінші тарауы болып табылады. Нотаға жазған – Жанғали Жүзбай

Бөлім 19. «Ақсақ құланның қашқаны», күйді жеткізуші Шығыс Қазақстан күйшілік мектебінің өкілі, Арқа, Алтай күйлерінің шебері, күйші - Б.Саятөлеков, Өскемен, Семей жерінде сақталған нұсқаларын шежірелеп айтып, күйлерін тараулата шерткен атақты домбырашы. Нотасын жазған – Жанғали Жүзбай.

Бөлім 20. «Ақсақ құлан». Күйді орындаған академик А.Жұбанов. Нотаға түсірген Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының доценті - Төлепберген Тоғжанов. Күй Ресей мұрағатынан табылған, фонографиялық жазбасын Мәскеуден жазып алғандар күй зерттеуші ғалым - Ж.Шәкәрімов пен өнертану ғылымының кандидаты, күйші - Б.Мүптекеев. 

Бөлім 21. «Ақсақ құлан» (хан наласы). Аңыз күйлердің бір тарауы, Ақтөбе жерінде тартылатын нұсқасы, күйді жеткізуші Н.Мәмбеталин. Күйде ханның баласының қазасына қабырғасы қайысқан ахуалы суреттелген. Нотасын жазған және орындаған - Ж.Қадырқұлов.  

Sign in to add a quote.

Sign in to add a review.

Қатысты кітаптар

Көп оқылғандар