Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Албасты

 

 

Кей фольклорлық шығармаларда әйел түрінде берілетін, енді бірінде түлкі кейпіне енетін адам сипатынан гөрі демондық сипаты басым, адамға қас дүлей күш. Албасты – мифологиялық көне кейіпкер. Бұл ретте ғалым С.Қасқабасов: «көне мифологиядағы рух-иелер алғашқы қауым мифінде дүниені жаратушы әрі күллі әлемнің иесі болып көрсетіледі. Мұндай кейіпкерлердің қалдығы кейінгі заманда қалыптасқан жанрларда да, мысалы ертегі, эпостарда да көрініс береді» деп жазған болатын.

 

албасты.jpg

 

Зерттеуші П.Т.Әуесбаева «Түркі халықтарының хикаялары» атты ғылыми зерттеуінде Албасты бейнесіне қатысты құнды талдаулар жасайды.

Автордың: «Албасты» персонажы шығыс халықтарына кең танымал. «Әлем халықтарының мифтері» деген энциклопедияда бұл персонаждың қазақ, Қазан және Қырым татарлары, башқұрт, өзбек, ұйғыр, алтай халықтарында «албасты», «алвасти» деп аталады, түркмендерде «ал», «албассы», қырғыздарда «албарсты», қарақалпақ, ноғайларда «албаслы», азербайжандарда «хал», «халанасы», кұмықтарда «албаслы қатын», балқарлар мен қарашайларда «алмасты», түріктерде «ал», «ал-ана», «ал-қары», «ал-кузы», тувалықтарда «албыс» деген атаулармен кездеседі. В.А.Гордлевский өз еңбегінде Осман түріктері бұл персонажды «ал» немесе «ал-карысы», ал азербайжандар сондай-ақ «эл-арвады» деп атайтынын көрсеткен [19, 301]. Сондай-ақ бұл персонаж түркі халықтарынан басқа халықтардың мифологиясында кездеседі. Ол тәжіктерде «албасти», лезгиндерде «ал паб», грузиндерде «али», армяндарда «алы», ингуштерде «алмазы», күрдтерде «һал анасы (алк)», таттарда «ол», талыштарда «ала жен», монғол халықтарында «алмас» деген атаумен белгілі. Албасты негізінен сары шашты әйел бейнесінде сипатталады, сондықтан батыс сібір татарлары, Зеравшан өзбектері оны «сары қыз», «сары шаш» деп те атайды. Бұл персонаждың шығу тегін көп ғалымдар этимологиясына қарап, түркі халықтарымен байланыстырады. Мұнда «ал» түркі тіліндегі «қол» мәніндегі сөзді білдірсе, «басты» кәдімгі түркі тіліндегі етістік, демек «қолмен басты» деген мағына береді. В.А.Гордлевский «ал» сөзін алқызыл түспен байланыстырып, қанға қатысты ма деген болжам айтады [19, 301]. Басқа түсіндірме бойынша, «Ал» – ирандық құдайдың атауы. Сондай-ақ «Ал» сөзі сонау шумер халықтарынан келе жатқан «илу» – «Алла» атауымен байланыстырыла келе, «түбір» фонемасы «рух», «құдай» мағынасын беретін үндіеуропалық термин екеуінің қосындысы деген пікір бар [20, 58]. О.А.Сухарева өзінің зерттеуінде М.С.Андреевтің пікіріне негізделіп, бұл персонаждың шығу тегі – әйелдердің туу (босану) құдайы, тіпті көне азиялық Анахита (Венера) құдайының трансформацияға түскен бейнесі дейді [18, 32]. Егер де жамандық, ауру, сырқатқа қарсы тұмарларды жағып жіберу, өртеу сияқты амалдар орындалса, мұнда керісінше, албастының суреті салынған тұмарды тағып жүру дәстүрі түркі халықтарында, тәжік, ауған халықтарында да сақталғаны айтылады. Демек исламға дейінгі діни сенімде албасты әйел бақытын қорушы, жүкті әйелдерді жебеуші құдайы дәрежесіндегі персонажы болған. Бала туу, аман-есен босану, сәбиді дүниеге әкелу, емізу сияқты аналық функциясы оның иығына асып жүретін ұзын екі немесе жетпіс емшекті сипатынан да көрінеді. Және де албастының матриархат дәуіріндегі жоғары құдай екені анық байқалады. Өйткені матриархаттың патриархатқа орын беру барысында сол кезеңдегі құдайлардан ер адамдардың басым түсуі патриархаттың үстемдігін белгіледі. Ал албастыны тоқтату барлық хикаяларда тек ер адамдардың ғана қолынан келгенін байқаймыз. Сондай-ақ албастының сыртқы келбетінің де құбыжықтануы оның жоғарғы құдай статусынан айырылумен байланысты. Көптеген хикаяларда албасты жалбыраған сары шашты, тісі ақсиған, кейде құс аяқты немесе өкшесі теріс қарап тұрған, үстін жүн басқан немесе керісінше, арқа жағы жоқ жалаңаш деп сипатталады. Осман түріктері оны тобығына дейін жететін ұйпаланған шашы мен екі саусақты өте жіңішке қолынан таниды. Ол туған-туысқандардың түріне ене алады, сондай-ақ түлкі, ит, ешкі сияқты жануарлар кейпін қабылдай алады, – деген талдауларының маңызы зор.

 

албасты1.jpg

 

«Ел арасындағы албасты мен адамның кездесуі туралы бұл хикаялар, негізінен, үш сюжет құрайтындығын С.Қасқабасов былайша топтаған: Бірінші сюжет мынадай: бір адам жолда келе жатып аузында адамның өкпесі бар итті (немесе ешкіні, т.б. хайуанды) көреді.Оның албасты екенін біліп, әлгі адам албастыны сабап, өкпені алған жерге қайта қуып келеді. Келсе, жаңа босанып жатқан әйел не талып, не өліп жатады. Үйге келген адам албастыны ұрып, өкпені орнына қойдырады.Сол кезде әйелге жан бітіп, көзін ашады.

Екінші сюжет бойынша, албасты түнде ешкімге көрінбей келіп, үйдегі әйелді, немесе қызды тұншықтырып жүреді. Осы үйге қонаққа келген «киелі» біреу албастыны көріп, оны сабап, үйден қуып жібереді, сөйтіп ауру адам науқасынан мүлде айығады.

Хикаялардың үшінші сюжеті былай деп баяндалады: бір адам албастыға жолығып, соған үйленеді де, біраз уақыт бірге тұрады. Соңында әр түрлі себептерге байланысты адам одан қол үзеді, бірақ албасты оған зияндық істейді. Адам оны ұрып қуады, немесе атып өлтіреді.

Осының үшеуінде де албасты адамға зиянкес кейіпкер болып көрсетіледі және оның көбінесе адамға йен далада, ала көлеңкеде кездеседі.

Албастының айқын әрекеті жас босанған әйелді өлтіру. Мұндай функция басқа ешбір зияндас жын-шайтандарда жоқ. Аса бір көңіл аударып айтатын нәрсе сол – алба­сты образы мен оның осы зиянды функциясы жалғыз қазақ емес, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікпен, түрік, татар, құмық, ноғай, малқар, қарашай, ұйғыр, чуваш, тува сияқты түркі халықтарының кең етек алса. Ал, иран тектес халықтарда албасты бейнесі тәжік, шугнан, яз-гулям, вахан, ишкашим, рушан, хуф елдерінің фольклорында кездеседі. Албасты сөзі әр түрлі варианта тіпті кавказдағы абхаз, адыг, нах, дағыстан, армян тілдерінде де бар екен. Ғалымдардың айтуынша, албасты сөзі удмурт, мари тілдерінде де ұшырасады.

Жай қарағанда таза қазақ сөзі сияқты көрінетін «албас­ты» лексемасы көп халықтар тілінде кездесуі, ол туралы түсінік пен хикаялардың ұқсас болуы бұл образдың көнелігін дәлелдейді.

Алайда, хикаялық образдарды арнайы қарастырған ғалым С.Қасқабасов албасты образы әр елде әр түрлі болып та сипатталатындығын ортақ белгілерімен бірге әр халық албасты бейнесіне басқа бір сипаттар қосқандығын, сөйтіп, ол кейде еркек болып та суреттелетіндігін айтқан. Мысалы, ноғайларда еркек албастыны Кіркөйлек деп атайды екен. Қазақтарда да ер­кек албасты бар деп сенушілік жайлы кезінде Шоқан Уәлиханов жазған.

Албасты туралы мифтік түсінік бойынша оның басты функциясы – жаңа босанған әйел мен сәбиге қастандық қылу функциясы барлық жоғарыда аталған халықтардың хикаясында көрсетіледі. Рас, албастының зиян келтіру жолдары өзгешелеу: тәжік пен өзбек хикаяларында албасты жаңа туған сәбиге емшегін емізіп, қастық қылады да, босанған әйелдің құтын бекітіп, ендігәрі бала көрмейтін етеді. Ал қазақ хикаяларында албасты толғатып жатқан әйелдің өкпесін ұрлап алып, суға тастайды, сөйтіп, әйелді өлтіреді. Рас, хикаялардың көпшілігінде киелі бір адам өкпені ұрлап алып бара жатқан албастыны көріп қалып, оны есінен тандыра сабап, корқытып, өкпені қайтадан орнына қоюға мәжбүр етеді.

 

албасты2.jpg

 

Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (Үрімжі, 1996) атты кітабындағы «Ажағай киесі жайында» деген мифте: «Ажағай (нажағай немесе найзағай) – көк Тәңірінің құдіретті қолбасы батыры. Ол Жасаған Тәңірінің жарлығы бойынша, от найзасын үйіріп, жазайыл садағын кезеп, жазалау жорығына аттанады. Жер көкті күңірентіп, садақ тартып, Тәңірінің тағдырына қарсы шыққан қаскелең құбыжықтарды, албастыларды атып, төбесінен жай түсіріп, жайратады.

Күркіреген күн – оның тартқан садағы, жерге түскен жасын (жай) – оның садағының оғы. Ажағайдың атқан оғынан қашқан албастылар қайдағы ылас орындарға, бойы және жүрегі таза болмаған адамдарға барып паналаған. Мұндай жағдайда, албастыға атқан оқ оларды да ала кетеді» (43-бет), – делінеді.

Бұдан албастының күркіреген күннен қорқатындығы айқын аңғарылады.

«Сабалақ, Әбілмансұр, Абылай хан» тарихи жырында кісі есігінде жүрген жетім Абылайға ақ құс – албастының төресі келіп аян береді. Азамзаттың төресі Әбілмансұр болса, аққұс бейнесі – албастының төресі ретінде сомдалады. Жырда Абылайдың әруағы Әбілмәмбет ханнан да күшті, албастыны алдай алған керемет күш иесі ретінде суреттелген.

Енді ел арасына кең тараған албасты бейнесінің екінші қырына тоқталайық:

«Екіқабат әйелді албасты, марту деген жын басады. Сондықтан да әйел тұншығып, есінен танады» деген наным ел ішінде әлі де кездесіп қалады. Албастының шығу төркіні туралы мынадай аңыз бар:

«Бір замандарда ел ішінде бір әйел болған екен. Ол аузы сүйреңдеп, көрінгенмен ұрысады. Санаулы ғұмырында бір пендеге жақсылық жасамайды. Ел жұртына әбден жексұрын болған сол әйел бір күні ойнас жасап, бала көтереді. Бірақ, айы-күні жетіп, баласын дүниеге әкелер сәтінде өмірден озады. Әлгі бейбақты ағайындары жерлеген екен. Сол сорлы көрде жатып, баласын туады. Бірақ бала не адам емес, не айуан емес кейіпте өмірге келеді. Өзі ана құшағын көрмегендіктен екіқабат әйел атаулымен өштессе керек. Босанғалы жатқан әйелді бас салып тұншықтыратындықтан жұрт оны «ал, басты» атандырыпты».

Ш.Уәлиханов «Албасты – әйел босанғанда қастандық қылатын жын (дух)» [21, 115] десе, Д.К.Зеленин албастының әуелгі мекені сумен байланысты деген пікір айтқан. Неміс ғалымы А.З.Розенфельд те албастыны (алмасте) сумен байланыстырады [18, 33-34].

Қазақ фольклорындағы Албасты туралы мәтіндер әртүрлі. Сол мәтіндерді сараптай келе, ел аңыздарында албастының екі түрлі болатынын байқадық. Оның бірі қара албасты, ал екіншісі сары албасты. Қара албастыны ешбір молда, бақсы қашыра алмайды, ал сары албастыны бақсының күшімен, не болмаса қамшының күшімен қашыруға болады. Қара албасты басқан әйел ақыры есін жия алмай қайтыс болады делінеді. Мәселен, Махамбеттің Жәңгір ханға арнаған өлеңінде де

Хан емессің қасқырсың,

Қара албасты басқырсың

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын – делінеді.

«Бір бақсы адам бір үйге келіп қонады. Ол үйде науқасқа шалдыққан бір әйел бар екен. Әлгі қонақ ояу жатса, албасты қараңғы түнді жамылып, үйге кіреді де, науқас әйелді басып, тұншықтыра бастайды. Қонақ бақсы орнынан атып тұрып, албастыны сары ала қамшымен сабап, қуып шығады. Сонымен ауру әйел ада-күде сауығып кетеді» деген үзіндіде сары албасты суреттеліп отыр.

«Бір күні алыс жолдан келе жатқан салт атты бір жолаушы бір ауылдың жанына таяй бергенде, сол ауыл жақтан аузына өкпе тістеп шыға келген бір түлкіні көреді де, оның түріне қарап, түлкі кейпіне кірген албасты екенін біледі. Ол албасты қашатын киелі адам екен. Ұран сала ұмтылып, әлгі албастыны ат баурына алып сары ала қамшымен сартылдатып сабап, ауылға айдап әкеледі. Ауыл абыр да сабыр еді. Бұл ауылда жаңа босанған бір әйел талып, әл үстінде жатыр екен. Албасты оның өкпесін суырып әкеткен екен. Әлгі адам албастыны сабап: «өкпесін орнына сал» деп бұйырады, албасты өкпені орнына салып қояды. Сол сәтте әйелдің бойына жаны еніп, көзін ашып, сейіліп сауығады» – деген үзіндідегі албасты да аң кейпіне ауыса алатын құбылмалы зұлым күш иесі.

Албастының тағы да бір түрі – кісі тектес бүкіл денесін түк басқан мақұлық. Албасты негізінен иен далаларды және таулы, орманды жерлерді мекендейді. Қазақтар оны кісікиік деп те атайды. Албасты бойы адам бойындай, қос аяқты, тік басып жүреді. Шөпті, етті талғамай жейді деген түсінік бар. Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымы бойынша, ол көбіне аузына әйел өкпесін тістеген түлкі, ұзын емшектері жерге тиген ешкі, басы үлкен мақұлық, немесе қаншық ит кейпіне ауысып отырады.

Тағы да үзіндіге үңілейік:

Ақмешіт маңындағы Нұрпейіс деген бидің әйелі толғатып, босанады да талықсып кетеді. Сол сәтте бір түлкі кіріп, талықсыған әйелдің жанына келеді. Мұны көрген бір ер адам албасты екенін біліп, түлкіні тұра қуады, түлкі кейпінде келген албасты әлгі әйелдің өкпесін ала қашып, өзенге тастап жібереді. Сол сәтте талып жатқан әйел жан үзеді.

Келесі мәтінде «албасты – емшектері салбырап жүретіндіктен иығына асып жүретін, су жиегінде шашын тарап отыратын сұлу қыз (келіншек). Ол сумен байланысты, су жағасында өмір сүреді. Атқа мінгенді, ат жалын өріп қойғанды жақсы көреді. Албасты келіншектерге, ең алдымен жас босанатын (босанған) келіншектерге, жаңа туған нәрестелерге зияндық істейді, өкпесін ұрлап әкетіп, суға салады, кеудесіне мініп алып тұншықтырады» – деп суреттеледі. Ал келесі мәтін бұған қарама-қайшы келеді. Онда: Албасты – су тылсымына байланысты әзәзіл пері. Албастылар өзен-көлдердің маңайын мекен етіп, ақ шашы жалбыраған, емшегі арқасынан асып салбыраған ұсқынсыз әйел кейпінде көрінеді. Әдетте, ол жағалауда жайбарақат шашын тарап отырады. Албастылар жансыз заттар мен жануарлар кейпіне енеді деген нанымдар бар. Ең қаскүнем зиянкес албастылар қара, қалғандары сары болады. Олардың қолында әрқашан да сиқырлы кітап, тарақ, күміс теңге жүреді. Албастының күйеуі – әзәзіл Теміртөс сайтан. Ол – орманда мекендейтін пері. Албастылар адамның түсіне еніп, шошытып, ауруға шалдықтырады, – делінеді.

Көріп отырғанымыздай, албасты жас босанған әйелдерге зиянкес рух. Ол сумен байланыста. Әйелдің өкпесін суға тастағанға дейін әйел талып жатқанымен бұл жалғанмен байланысын үзбейді, ал өкпені суға апарып тастаған уақытта әйел о дүниеге аттанады. Бұл жерде қазақи дүниетанымдағы судың орны да анық көрінеді. Халқымыздың діни нанымында су – бұл дүние мен ол дүниенің арасын жалғастырушы. Тіршілік көзі суда екенін білетін халқымыз ағын суды ерекше қасиетке толы деп санаған.

Қазақ дәстүрінде албасты, марту басып, талып ауырған әйелдерді бақсыларға көрсетіп, қамшымен ұрып емдеген. Албасты атауы «мысы, күші, жыны басып, арқасы ұстайтын, арбап алатын қесапат күш» дегенді білдіреді.

Белгілі ғалым Серікбол Қондыбайдың «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» атты кітабында «албасты» деген нәрсеге толық түсініктеме беріліпті. Онда: «Албастыны адам бағындыра алады: ол үшін бір тал шашына ие болу керек; өзбектер мен түрікмендерде албастының магиялық кітабын, теңгесін, тарағын не кез келген бұйымын иелену арқылы бағынышты етуге болады. Ол айналғыштық қасиетке ие, жануарлар кейпіне, сондай-ақ жансыз нәрселерге айналып кете алады. Қазан татарларының түсінігі бойынша ол арба, шөмеле үйіндісі, шырша болып көрінеді, мұнысы – қазақтағы жын-періге ұқсас. Әзірбайжандық түсінік бойынша, олардың аяғы құс аяғы сияқты болуы мүмкін, бұл қазақтағы – құсаяқ мыстан кемпірдің сықпыты. Қазақ түсінігінде олардың аяғы шайтандікі сияқты теріс қарауы немесе тұяқты болуы мүмкін. Тувалық түсінік бойынша оның жалғыз көзі бар, мұрны тастан не мыстан жасалған, арт жағының еті жоқ болғандықтан, іш құрылысы көрініп тұрады. Қазан татарларында да сондай түсінік бар, яғни артынан іш құрылысы көрініп тұруы мүмкін. Батыссібірлік татарлар түсінігі бойынша олардың тырнақтары өткір болады. Қазақтар мен қырғыздар албастыларды сары (сасық) және қара деп екіге ажыратады.

Ауру мен түнгі үрей әдетте бастығырулар әкеледі, көбіне жас нәрестелер мен босанатын не босанған әйелдерге зиянын келтіреді. Түрік, әзірбайжан, қазақ, қырғыз, т.б. түсінігі бойынша албастылар адамның өкпесін, бауырын, жүрегін ұрлап, суға тастаса, адам (әдетте әйелдер) өледі екен. Түрік, қазақ, ноғай, құмық, тува түсініктері бойынша, албасты адам баласымен жыныстық қатынасқа түсе алатын көрінеді. Қазан татарларының түсінігі бойынша кейде албасты қан ішеді екен… Түрік түсінігі бойынша албастыны бағындыру үшін оның киіміне ине шаншып қойса болғаны»…деген ақпараттық сипаттағы талдаулар жасалады.

Албасты – көне мифтік кейіпкер болғанымен, ол туралы наным күні бүгінге дейін жетіп отыр. «Албасты бассын», «Қара бассын», «қара басқыр!» деп қарғау, бір шаруа бітпей қалса, «не қара басты» деп ұрысу, ұсқынсыз, жағымсыз, сүйкімсіз, сұмпайы адамды «нағыз албасты екен» деп сипаттау ел арасында әлі кездеседі. Сол сияқты «таң алдында босанған ана таң әбден бозарып атқанша ұйықтауға болмайды» деген тыйымды ұстанатындар да бар. Бүгінгі таңда «албасты басты» деген ұғым «иманынан жаңылды, тура жолдан тайды» деген ұғымды да білдіретінін айта кеткеніміз жөн.

Фольклорлық үлгілерден албасты бейнесінен басқа да дүлей күштерді кездестіруге болады. Олар: кісікиік, сөрел, марту, үбе т.б. Кісікиік негізінен, иен далада, орман-тауларда кездеседі. Бойы адам бойындай. Қос аяғын тік басып жүреді-мыс. Ал сөрел – қалың жынысты, мүлгіген орман-тоғайды мекендейтін пері. Орман кісісі деп те атайды. Шоқан Уәлиханов өз жазбаларында сөрелді албастылардың басшысы деп келтіріпті. Кей аңыздарда сөрелді албастының күйеуі деп те беріп жүр. Түрі адамға ұқсас, кеудесі қушық келген, тұяғы жұқа, бойы ұзын келеді. Көбіне, адамды қытықтап өлтіреді-міс. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев мұны «жаманшылық иесі» деп қолданған.

Зерттеуші П.Т.Әуесбаева «Түркі халықтарының хикаялары» атты ғылыми зерттеуінде: «Ш.Уәлиханов «сөрел» (серей) деп қазақ ортасында жезтырнақтың еркегін атаған [21, 115], дей келіп, қазақтарда бұл персонаждың аз тарағанына, ал татар, башқұрттарда керісінше «шүрәле» персонажына қатысты материалдардың көптігіне тоқталады. «Шүрәле» немесе «орман иесі (перісі)» орыс халқының «леший» персонажына ұқсас. Башқұрттарда «шүрәле» персонажы «ярымтық» деп те аталады. «Ярымтықтың» функциясы, сипаты шүрәлемен бірдей, тек «жартылық» деген мағынада сыңар аяқты, бір көзді болып суреттеледі. «Шурале» сөзінің этимологиясы славян халықтарының «щур» (чур) құдайының есімінен туындаған. Оны негізінен үстін тұтастай түк басқан, маңдайында жалғыз мүйізі бар, қолдары мен үш саусақтары өте ұзын екені айрықша көрсетіледі. Кей хикаяларда қолтығы қуыс, бармақтары алтын-күмістен деген мағлұмат бар [4, 54]. Сөрелді албастының күйеуі деп біледі, сондықтан кей сипаты албастыға ұқсас: аяғы артқа, өкшесі алға қараған. Адамдарды орманда адастырып кетеді немесе қытықтап өлтіреді.

Хикая персонажы ретінде сөрел түні бойы ұнатқан атқа әбден мініп, зорықтырып өлтіреді. Оны ұстау үшін адамдар аттың арқасына жабысқақ қара май жағып қояды. Сонда сөрел атқа желімделіп, қаша алмай қалады. Тура осы сюжет осман түріктері арасында сөрелге емес, албастыға қатысты таралған [4, 54], – дей келіп, – Албасты жайында мемораттар аз болып көрінгенмен, ол өзінің мән-мазмұнын өзгертуге бейімделіп, жаңа персонаж түрінде түлеп отырғанына «хикаялар» куә. Бұл персонаж қазақ, телеңгіт, қарақалпақ, ноғай фольклорында жезтырнаққа айналуға бейім болса, татарларда жолшыларды ауылға жеткізбей адастыратын сайтанға, башқұрттарда «бисура», өзбек-тәжіктерде «момо», «аджин» атты персонаждарға, түріктерде жынға трансформациялануы байқалады, – деп қорытады.

Түрлі кейіптегі мұндай қасқөй жындарды бақсы, болмаса ерекше қасиеті бар молдалардың ғана көріп, қуа алғандығы туралы Ә.Диваевтың еңбегінде жазылған. Е.А.Александровтың Қазалы уезінен жазып алған дерегінде: «босанатын әйелге толғағының ауыр, жеңілдігіне қарамастан міндетгі түрде бақсы шақырылады. Себебі албасты-марту осындай сәтте әйелге қастық жасайды. Бірақ, ол ер адамнан қорқады. Албасты-марту «жұқпалы» болады деп ырымдағандықтан әйел толғатып жатқан үйге, әсіресе жас келіншектерді кіргізбеген» – деп жазылған.

Қорыта айтқанда, АЛБАСТЫ бірде адам кейпінде, бірде жануар кейпінде көрініп, бір күйден екінші күйге ауысып, әйел адамға, оның ішінде бала босанып жатқан әйелге қарсы әрекет жасайтын, оның өміріне қауіп төндіретін әйел бейнесіндегі қаскөй күш.

Көп оқылғандар