Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Асылбек Жаңбырбай: "Өмір-ай, ерте күз бе едің?..»...

15.10.2016 7797

Асылбек Жаңбырбай: "Өмір-ай, ерте күз бе едің?..»

Асылбек Жаңбырбай: "Өмір-ай, ерте күз бе едің?..» - adebiportal.kz

12002902_503652709795883_8358627013752816517_n.jpg

ЖАЗДЫҢ СОҢЫ

 

Жаңа жыл күзден басталу керек қалайда!

 

Есенғали Раушан


 

 

Жаздың соңы тағы да таяп қалды, ə,

Таяп қалды, ə, зілдей күн?..

Раушан гүлдер ғұмырын аяқтарда,

Мен күлуді білмеймін.

 

Тізбектелген бұлттар тізбе мұң боп,

Басады əлі еңсемді.

Өмірімнен шаттықты іздедім көп,

Жетім жандай ең шерлі.

 

Жаздың соңы болса ше жылдың соңы,

Құр бекерге шулайды ел.

Солу дейді жайнаған гүлдің соры,

Қайта өспекке қурайды ол...

 

Күздің басы - жаңа жыл, меніңше енді,

Үзілсе де жапырақтар.

Нүктесі емес тірліктің өлім соңғы,

Көктеу үшін топырақ бар.

 

Жаздың соңы секілді-ау заманақыр,

Бəлкім, бұ да қайырлы.

Көктем келер қыстан соң, қара да тұр,

Сонда ұғасың шайырды!..

 

 

 

ЖҰБАТУ ЖЫРЫ

 

 

Сенбеймін жұртқа күз келді десе,

Мен келдім күзге – дұрысы.

Өсірген көктем біздерді кеше,

Өкінбе, жаным, тынышы.

 

Күрсінге толы көкірек мынау,

Дүрсілге толы жүрек ше?

Жетім көргендей бетін өптім-ау,

Жалғыз жапырақ дір етсе...

 

Жоғалды, гүлім, жұмағың жазғы,

Бір ғұмыр жазған маңдайға.

Өкірмей үнсіз жыладың назды,

Өксігің қалды таңдайда.

 

Сұп-суық жердің топырағы да,

Нұр төкпес енді көңіл де.

Қарадың маған – ақымағыңа,

Қараған сынды өмірге...

 

Әлдилей айтып ғашық сөзімді,

Ұйықтатайын ба, періштем?

Бақи таңында ашып көзіңді,

Байыз табарсың пейіштен.

 

Сенбеймін жұртқа күз жетті десе,

Мен жеттім күзге – дұрысы.

Қанатымды аспан іздетті неше,

Қайтайық, құсым, тынышы...

 

 

 

КҮРЕҢ ҚЫЗ

 

 

Мен өзіңмен қоштаспаймын, күрең қыз,

Қос ғашықтай қатар өмір сүрерміз.

Махаббаттың білмесек те не екенін,

Жанымыздың бір екенін білер күз.

 

Сендік мұңды түсінбейді мұңсыздар,

Жұрт даурығып шулағанда үнсіз қал.

Айтқызбай-ақ сырыңды ұғар жүрегім,

Жүрегіммен сөйлесуге тілсіз бар!..

 

Бұл дүниеге бізді əкелді суық күз,

Қоңыр мұңға сондықтан да жуықпыз.

Жапырақтар құлағанда зар тыңдап,

Қап-қара түн жылағанда туыппыз.

 

Жұлдыз-жасын ағызғанда жылап түн,

Келеді оны жылы сөзбен жұбатқың.

Қараңғы үйден таңға жақын жоғалсақ,

Іздейді ертең, іздейді ертең, бірақ кім?..

 

 

 

ҒАШЫҚ ХАТ

 

 

Сүмбіле суып кеткенде,

Таразы туып жеткенде -

Күз баласына сыйла жарқын күлкіңді,

Сен өйткені ұқсайсың ғой көктемге.

 

Ғажайыпсың қам көңілімді гүл еткен,

Жұпарыңнан жауһар жырды дүреткем.

Сартап қылды сағыныштың сырқаты,

Нұрлы бейнең ғана мендік жүрекке ем.

 

Мөлдір шықты қыраулады таң суық,

Содан болар жүрек құрғыр шаншуық.

Бүр жарғанда жылуыңнан арманым,

Бұл жалғанда қалмас сірə жан суып.

 

Отты сезім махаббат боп шарпыды,

Соқты талай перінің де салқыны.

...Көрінсе екен көз жұмарда соңғы рет,

Күлімдеген жанарыңның жарқылы!..

 

 

 

БЕЙНЕУ-АҚТАУ

 

 

Менің мінген пойызым - Бейнеу-Ақтау,

Үнсіздігім - ұйықтаған елді оятпау.

Күздің таңы қырсығып қойды-ау атпай,

Түннің соңы - басталған ойды аяқтау.

 

Өмір деген пойыз ба, бізге мейлі,

Біз не дейміз, ұқпадым, күз не дейді?

Мені іздейтін жандар бар ауылымда,

Ал шаһарда ешкім де іздемейді...

 

Пойыздамыз бəріміз өмір деген,

Сырттағы күз бермейді көңілге дем.

Мені іздейтін жандарды қимай-қимай,

Жүрегімнен жас болып төгілді өлең.

 

Менің мінген пойызым - Бейнеу-Ақтау,

Мұңсыздығым - қалғыған шерді оятпау.

Күздің желі далада желді-ай аттай,

Жырдың соңы - басталған жолды аяқтау...

 

 

ЖАПЫРАҚ ЖАЙЛЫ КҮЗГІ ЖЫР

 

Кейде көңілім құлазыр кəрі дүз боп,

Сары уайымнан аумаған сары күз кеп.

Дүние - дарақ болғанда, біз - жапырақ,

Өтеміз ғой жалғаннан жарық іздеп.

 

Дүние - дарақ болғанда, біз - жапырақ,

Қабылдайды кезекпен күзгі атырап.

Сарғайғаны - жапырақтың қартайғаны,

Жел соқты, əне, біреуін үзді ақымақ.

 

Сарғайғаны - жапырақтың қартайғаны,

Жастық шақтың көшкені алты айдағы.

Жапырақ сынды жүрегім жұлынардай,

Сарғайтады-ай сағыныш қай-қайдағы.

 

Жапырақ сынды жүрегім жұлынардай,

Ала алмаған тағдырдың құны бардай.

Жайнап өскен гүлдерден сəн де ұшады,

Көбелектей жоқ болар дымы қалмай.

 

Жайнап өскен гүлдерден сəн де ұшады,

Гүлдей жайнау - адамның мəнді шағы.

Жақындарынан айрылған жан - құсалы,

Жапырағынан айрылған тал - құсалы!..

 

 

 

КҮЗ ЭЛЕГИЯСЫ

 

 

Көңілсіздік жайлайды неге күз боп,

Неге бейуақ күрсіне береміз көп?..

Анам да жоқ жұбатар жан баласын,

Сосын қайтем жылауға себеп іздеп.

 

Ақындардың таныс қой жұрты маған,

Мың бір мұңым өлеңнен бұрқыраған.

Шаттығымды ұрлаған неткен тағдыр,

Қатты қылды - қайтқалы былтыр анам!

 

Бір жыл емес, мен үшін жүз жыл өтті,

Жібіте алмай жүрмін-ау мұз жүректі.

Сағынышым барады құстай ұшып,

Қанатымен зыңырантып күзгі көкті.

 

Күз деген не, келмей ме гүл көктемім,

Мұз деген не, ерімей ме нұр боп керім?

Жапырақпен жыл сайын бір сарғайып,

Жапырақпен жыл сайын бір көктедім.

 

Жауып жатыр қалаға күзгі жаңбыр,

Кезіп кеткен ойым бар түзді қаңғыр.

Ызғыған жыр есіп тұр жүрегімнен -

Оянардай анам мен мызғыған қыр!..

 

 

 

ЖАН МЕН ТƏННІҢ ДИАЛОГЫ

 

 

1

 

- Уақыт қанша?

- Күзден кетті қыркүйек...

- Табылмады жер бетінен жұрт-үйек.

- Арманыңа мен кедергі болдым ба?

- Бұл жүрекке келген едім нұр тиеп...

- ...

- Өмір маған ақ маңдайын тұр сүйеп!

 

 

2

 

 

- Уақыт қанша?

- Үш күн өтті қазаннан...

- Енді қайтып жадырамас жаз алдан.

- Жолда тастап кетесің бе досыңды?

- Саған орын ыңғайладым мазардан...

- ...

- Менің азам артық сенің мазаңнан!

 

 

 

 

ӨМІР-АЙ...

 

 

Өмір-ай, шын ұқпадық мəніңді біз,

Қарып тұр жанымды от, тəнімді мұз.

Бұл шаһар - ала шаһар, құла шаһар,

Тағы да күз түскен бе, кəдімгі күз?

 

Ұлының бір қатесін жүз кешіріп,

Жүруші ед менің анам - үзбес үміт.

Көктемде құс секілді ұшып келді ол,

Һəм қайтты құс секілді күзге сіңіп...

 

Жылайтын жасым емес - отыз деген,

Ақындай жан бар ма өзі жоқ іздеген?

Таразы жұлдыз құсап туылыппын,

Еһ, шіркін, бір барсамшы со күзге мен.

 

Өмір-ай, бастасам ғой қайта бəрін,

Келмейді-ақ қатемді де қайталағым.

Ақ жүрек, пəк сезімді сақтаймын деп,

Ақын боп кеткенімді байқамадым…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар