Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Серік Сейітманның топтама өлеңдері...

06.01.2016 7281

Серік Сейітманның топтама өлеңдері

Серік Сейітманның топтама өлеңдері - adebiportal.kz



ҚАЖЕТ ЕМЕС ЗАҢ МАҒАН

 


Қаныма анам сіңіртіп бар салтымды,

Хат танымай танып алғам қалпымды.

Отан-Ана!

Қажет емес заң маған,

Заңсыз-дағы қадірлеймін халқымды.

 

Туа сала кешпесем де суыңды,

Иткөйлегім өзеніңе жуылды.

Отан-Ана!

Қажет емес заң маған,

Заңсыз-дағы кірлетпеймін Туыңды.

 

Алтын көрсе айналатын түлкіге,

Заңгер аз ба қалып жүрген күлкіге.

Отан-Ана!

Қажет емес заң маған,

Заңсыз-дағы қол сұқпаймын мүлкіңе.

 

Айналайын жылы жұмақ ұядан!

Сені есеппен сыйлап жүр-ау кей адам.

Отан-Ана!

Қажет емес заң маған,

Заңсыз-дағы мәңгі өзіңді сүйе алам.

 

Қаңбақ құсап көшкенімен қонысқа әр,

Отаны бар!

Ер медет қып соны ұстар.

Қажет емес,

Қажет емес заң маған,

Заңнан күшті менде биік Борыш бар.

 

Мейлі маған бермей-ақ қой көп бәйгі,

«Өзге Отан» деп жүрегім еш соқпайды.

Борышымнан айнып кетсем бір елі,

Ең алдымен Арым келіп соттайды.

 

 

                ҚАЗАҚҚА ҰҚСАЙДЫ

 

Қазаққа ұқсайды зау мұзарт,

Асқақ шың бұлтпенен таласқан.

Сол шыңнан биіктеу жалғыз-ақ

Дүниеге шаңырақ – Көк Аспан.

 

Қазаққа ұқсайды, расында,

Күлімкөз алтын Күн көктегі.

Жарылқап досын да, қасын да

Бәріне шуағын сепкені.

 

Қазаққа ұқсайды, бауырым,

Байқасаң, далиған қара жер.

Артылып үстіне ауырың,

Қойнына өлгеннің бәрі енер.

 

Қазаққа ұқсайды жақпарда

Жылт еткен таудың бал бұлағы.

Өзендер өзгеріп жатқанда,

Бастауы былғанбай тұр әлі.

 

Түзетіп тарихи қатаны,

Ғылымға жаңалық ендір сен.

О баста Алла Адам-Атаны

Қазақ қып жаратқан, мен білсем!

 

 

ДОМБЫРА

 

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – домбыра.

Қадыр ақын

 

Нағыз қазақ арғы атамның баяғы

Арғы өмірге аттап кетті аяғы.

Арғы атамның көзін көрген қауымнан

Көзі тірі – домбыра ғой аялы.

 

Тақымыңа тайғақ-кешу жолда сын,

Мықты болсаң, сонда рухың солмасын.

Қоңыр даусын жоғалтқан жоқ домбыра,

Қақ төбесін ойғанда да қорғасын.

 

Сол домбыра қасиеттім, киелім,

Одан артық кімді қалай сүйемін?

Төрімдегі бас қонақ қып сүйегін,

Мойнымдағы тұмар еттім тиегін.

 

Домбыраның пернесінде ән ғажап,

Домбыраның шанағында зарлы азап.

Қазақ болып қалды мәңгі домбыра,

Домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ.

 

 

 

ТҮРКІСТАН

 

Айналайын атамекен – Түркістан!

Сені өзекке тепкендерді жын қысқан.

Бір сен үшін атам жаға жыртысқан,

Бір сен үшін бабам жаумен қырқысқан.

 

Құйылып кеп қол болғанда бар түрік

Жау тентіреп кетпеп пе еді шарқ ұрып.

Тегін сатып тентек болды енді ұлың

Тарихының тамырына балта ұрып.

 

Төбеңе кеп тоқтап қалған арай күн,

Арай күнге көз аша алмай қараймын.

Қасиетіңді мансұқтаған

Қасиетсіз

Діншілдердерді мен де мойындамаймын.

 

Әрбір тасың сыбырлайды сыр айтып,

Әруағыңды алмайыншы мұңайтып.

Құшағыңда ұйықтап жатыр қанша алып

Сүйектері топырағыңды тыңайтып.

 

Жасыл өлкем қысы қопал, жазы көп,

Жүректерге тарихыңның сазын ек.

Сенде текке дамыл тауып жатқан жоқ

Қазы-биім қаз дауысты Қазыбек.

 

Басымды иіп құдіретіне Құдайдың,

Кесенеңде тілек тілеп жылаймын.

Аят оқып Абылайдың басында,

Хан бабамның «Үш арманын» сұраймын.

 

Айналайын Түркістаным – Тұраным!

Мирас еттің Қожа Ахметтің тұмарын.

«Әлхамдүллә – мен мұсылман қазақпын!»

Тірлігімде айтар осы ұраным. 

 

 

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫ

 

Түсінбей қалмаңыз қалай деп,

Балдырған сәтім ол таза-шық,

Тұмсығым қанады талай рет

Қазақтың қызына таласып...

 

Қасында қазақтың мұңының

Бір тиын үлде мен бүлдеңіз.

Ұлтымның қансүйер ұлымын,

Қанішер деп ойлап жүрмеңіз.

 

Қазақ деп қақсамай тізеңіз,

Алаш деп ақпаса қаныңыз,

Қара қыз,

Тез менен күдер үз,

Жаныммен үйлеспес жаныңыз.

 

Кеудеңді «ұлтым!» деп кернеген

Намысың болмаса қаныңда,

Есімің құрысын Ер деген,

Жігітім, батыр боп танылма.

 

Ертеңге елеңмін, алаңмын,

Бозарып барады самай-дүр.

Өз қанын сүймейтін адамның

Жүрегі тоқтамай қалай жүр?!.

 

Егемен елміз деп қуанған

Бабалар шаттанып көрінде.

Атажау қанына суарған

Атамның қылышы төрімде.

 

Тіленіп бақытсыз ұрысты,

Қанымды болса кім жылатқан,

Төрдегі қайқыбел қылышты

Қайтадан суырам қынаптан!

 

Малым бар – жаныма садаға!

Жаным бар – арыма садаға!

Арым бар – қаныма садаға!

Қаным бар – қаныма садаға!        

  

 

КӨК СЕРКЕ

 

Қарсы алдыңда дәу тұрса да не көрім,

Бойыңдағы намыс еді сенерің.

Қарағайдай мүйізі бар көк серке,

Бір отардың көшбасшысы сен едің.

 

Малдың жауы шибөрі де шибөрі

Мысың басып, отарыңа тимеді.

Саған сеніп, жамыраған қозы-лақ

Өрісінде ойнақтады, биледі.

 

Кер ешкінің сенен туған лағы бар,

Лақ та болса күжірейген жалы бар.

Бақылдаушы ең,

Бақырдың да бұл жолы,

Бауыздалып кете бардың, жануар.

 

Тулақтай боп тапталдың да аттарға,

Лезде айналып кеттің солай көкпарға.

Отарыңда топ бастайтын дәстүрді

Аманаттап қалдырдың ба лақтарға?!

 

Қой бастаған қоңыраулы көк серке,

Тарихымды еске салдың ескерте.

Қарап тұрып көкпардағы кейпіңе,

Ойға оралды-ау Алаштағы Көп Серке!..

 

 

САРҚЫТ

 

Әр ауылдың төрінде бір атам бар,

Әр атамның аузында мың мақал бар.

Мақалыңның мәнін қайдан ұғынсын

Бойдан емес, ой жағынан тапалдар?!

 

Сыбағамнан қағылмайын құр қалып,

Сарқыт ішіп, отырайын сыр бағып.

Ата, сендей сұңғыла қарт болайын,

Сақалыңды берші асыма бір малып.

 

Ұлтымыздың ұлылығын ұғына,

Ғұрпымыздың жету үшін құнына,

Басқа жұрттың айналмауға құлына –

Барқыт емес, сарқыт керек ұлыңа.

 

Терлігіне термен бірге жас сіңген

Тай-құнаның мен емеспін басбілген.

Сарқытыңмен қоса маған бата бер,

Асқа емес, ақ батаға ашпын мен.

 

«Батаменен ер көгерер...» дейді елім,

Ер көгерсе, ел көгерер – түйгенім.

Еліменен бөліседі нағыз Ер

Бақыт көрсе жасуындай иненің.

 

Жабырқатпай әр жылың мен әр айың,

Бақтан ғана бурыл тартсын самайың.

Десең жұртқа – жаназа емес, той көр де,

Жесең – тойдың сарқытын же, ағайын!

 

 

ШУМАҚТАЛМАҒАН ОЙЛАР

 

Арман адамды жетелесе, адам арманды жетелеуі керек. Адам болмаса, арманның арман болуы; арман болмаса, адамның адам болуы мүмкін емес.

 

***

 

Әкем мені бала кезімнен қариялардың қолына су құйғызып, етік жаматып, тоқым тіктіріп, ұстара ұстатып үйретті. Және өзінің шашын алғызып болған соң:

«Шаш аларың көп болсын,

Шаштай дәулет берсін», – деп батасын беруші еді. Сол кездерде алақан жайып, бет сипағаным болмаса, бұл батаның байыбына бара бермеппін. Кейін, өсе келе жазу үстеліне отырар әр сәтімде әр шығармамның шоқтығы осы қос тармақтан пәс болмауы үшін көп ізденіп, терең толғанатын болдым.

 

***

 

Жаман атты жүгенсіз мінсең алып қашады, жайдақ мінсең көтенжауыр қылады. Кейбір пенделер де сондай.

 

***

 

Бала шағымда астымда күрең қасқа ат болды. Жануар жетім өскен құлын еді. Қолбала болған соң, жабағы кезінен әкем екеуіміз арба жегіп үйреттік. Дөнен шыққан көктемнен бастап үйірге қостық. Арба тартқан атта қайбір қауқар болсын, үйірге түскен алғашқы күндерде, жыл сайын, көрінген айғырға таланып, бие-байталдарын беріп қоятын да сәл көкке тойынып әлденіп алған соң, кезінде өзін талаған айғырларды шетінен шиқанын шығарып шайнап жүріп, үйірін қайта тартып алушы еді.

         Жылқы тектес деп жүрген қазағымның қалтасын ғана ойлаған қазіргі талай ұрпағының Отанына деген махаббатты қасқа айғырдың үйіріне деген махаббатымен салыстырайын десем өзімнен өзім ұялам...

 

***

 

Кей сәттерде тұлпарлардың бәйгесіне есектер төрелік жасауы мүмкін. Сондықтан, жарыстың бәрі де әділетті болмайды. Бірде тұлпар талантын тап басып тануға есектің өресі жетпесе, енді бірде оның есекпиғылдан аса алмауы да ғажап емес.

 

***

 

Мен биік тұлғалардың тағдырын асқақ таулардың тағдырына ұқсатамын. Таулар қашанда төбесінен бұлт арылмай, суық қарды көрпе етіп жамылып, өздері қалтырап жаурап, қардан еріп пайда болған суды жерге нәр етіп сыйласа, тұлғалар да барлық кесапаттарға өздерін кедергі, тосқауыл етіп қойып, елге тек жақсылық сыйлауға тырысады.

 

***

 

Кейбір «төбешіктер» өздерін «тау» санап, асқақтап, «жерге» мұрынын шүйіріп, миығынан күліп қарайды. Олар өздерін сол «жердің» көтеріп тұрғанын білсе екен. 



Серік СЕЙІТМАН

«Шалқар» ұлттық радиосының Бас редакторы,

«Жас тұлпар-2014» сыйлығының иегері

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар