Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ербол Алшынбай: Көкке қарай қол созады боз жусан ...

08.11.2016 4432

Ербол Алшынбай: Көкке қарай қол созады боз жусан

Ербол Алшынбай: Көкке қарай қол созады боз жусан  - adebiportal.kz


Ербол.jpg

Өмірге келмеген ақын туралы баллада




Бабам өткен үтікенді сағынып,
Асқақ, нәзік жүрегімен аңсауық.
Аңқасына тұрар тамшы тамызып,
Жер келені сағынғанда нарша бұлт.





Бабалардың құс көңілі емсеген,
Күнге маңдай тосады екен жайық нұр.
Көбелектей қанат қағып ерке өлең,
Шексіздікке талпындырар ғайып бұл.



Жанарында таңғы шықтай жарасым,
Өзегінде жан айта алмас мұң-нала.
Түсімде сол үтікеннің даласын,
Жалғыз шарлап жүреді ылғи бір бала.



Күн құлайды құбылаға паңдана,
Кірпігіне алтын сәуле жалатқан.
Көкжиекпен сүйіседі кең дала,
Арасында жалғыз сәби адасқан.



Алқарада көлбең қағып бір елес,
Күрсінеді түнмен туыс сол бір сам.
Ымырт сайын аласұра түрегеп,
Көкке қарай қол созады боз жусан.



Үтікенде аруақ өріп түнімен,
Азалы күй жердің езіп еңсесін.
Алпыс қылды ата қобыз үнімен,
Маған шерлі сыр айтады ол сосын.



Мен ақынмын, ақиқаттың ақ шашы,
Сұлу сөз ем шыңға біткен шынардай.
Қағып-қағып кәрі өмірдің қақпасын,
Кетіп барам кіре алмай.



Жарық дүние мен де саған іңкәр ем,
Шыбығымның қиды балғын діңін кім!?
Сорлы анамның соңғы суық жасымен,
Мен де бірге үзілдім.



Енді адамзат айта алмайтын сөз менмін,
Айта алмайды енді оны ешкім обал-ақ.
Жүрем толқып өзегімде шер мен мұң.
Сыңар құстай қанатымды сабалап.



Дала менің шерімді ұғар бір тумам,
Туласа егер қысқандай боп безгек қыр.
Кеңістікке симай толқып бұлқынған,
Мендегі сол айтылмаған сөз деп біл!



Дейді-дағы алау нұрға айналып,
Көкке сіңіп жоғалады бұлғап қол.
Сөз айта алмай қалам тілім байланып,
Дертке айналып ішімдегі сыздап шер.



Айта алмаған сөзім қалды ендігі ол,
Шайнайды өзін бөрідейін жаралы.
Мен білемін құтырынған шерлі жел,
Неге кезіп жүретінін даланы.



Мен жоқтаймын, жел де сені жоқтасын,
Жанарында жанбай қалған жасын бар.
Қағып-қағып кәрі өмірдің қақпасын,
Кірмей кеткен ақындар!



Тебіренсе жердің суық жүрегі,
Нұрға айналар қаны қату қара түн.
Әр таң сайын күнге қарап күледі,
Көбелектей қағып сол сөз қанатын.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар