Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мәлік Ғабдуллиннің майдан хаттары...

15.11.2016 3129

Мәлік Ғабдуллиннің майдан хаттары

Мәлік Ғабдуллиннің майдан хаттары - adebiportal.kz
ДОСЫМА ХАТ


Мен майданда жүріп елдегі және майдандағы таныс жолдастар мен достарыма хат жазып, хат алып тұрдым. Бірсыпыра хаттарымда, өзімше, мәнді - маңызды пікірлер де бар еді. Бірақ, олардың көпшілігінің көшірмесін өзіме сақтай алмадым. Ал, сақтаған хаттарымның көбі жойылып, жоғалып кетті. Сол секілді жолдастардың маған жазған тамаша-тамаша хаттары, алтыннан қымбат пікірлері болатын. Оларды да, майдан жайына байланысты, құнттап сақтай алмай, көпшілігінен айырылып қалдым. Дегенмен, олардың біразы өзімде жүр. Жолдастардың хатына жазған кейбір жауаптарымның көшірмесі өзімде болатын. Соларды төменде келтіріп отырмын. Бұл хаттар қан майданда, бір қолында қаруыңды ала отырып жазылған еді.

ГАБДУЛЛИН.jpg




***

... Осы күнде, майдандағы жігіттермен сөйлескенде, мынадай бір кемшілігіміз көрініп жүр. Мәселен, жігіттердің көбі Абай, Махамбет, Шоқан және солар секілді халық сүйген кісілердің атын біледі. Бірақ, олардың кім болғанын, өскен, туған жерлерін айта алмайды. Тегінде «Қазақ халқының сүйікті адамдары» деген жалпы атпен сериялы бірнеше кітапшалар шығару керек секілді. Онда халыққа қызмет еткен, басқаға үлгі болған адамдардың ісі, өмірі айтылсын. Бұл кітапшаларды біз үгіт жұмысына толық пайдаланып, майданға енгелі тұрған жігіттерге: «осылардай іс істеңдер, халқыңа қызмет етуді өткендегі бабаларыңнан үйреніңдер, халқыңды солардай сүй, сонда сенің де атың мәңгі болады, ұмытылмайды» дер едік. 9/09.41 жыл. Майдан.


***

... Ай артынан ай туып, жыл соңынан жыл да келер. Бүгінгі ауыр, сұрапыл соғыстан дәуірі ертең – ақ шаттық, алтын нұрын шашқан сәулет күніне жеткізер. Сол кездерде өткен уақыттың уақиғаларына көз салармыз. Адам тарихынан ғасырлар бойы өшпес орын алған талай-талай белестерді, мақтаныш етерліктей болып жасалынған мазмұнды істерімізді, халқымыздың абырой-атағы, даңқы, намысы үшін жас өмірін қаза еткен батыр бауырларымызды еске түсірерміз.



Олардың ерлік істерін, олардың бізге қосқан аманатын «қасықтай қаның қалғанша халқыңа қызмет ет» деген тапсырмаларын еске алармыз. Иә, оларды еске алумен іс бітпейді. Халқыңды сүйсең, сол бауырларыңдай еңбек ет, жігерлене істе, ынжық, алқы - салқы болып жүре берме. Бұлай етуді сол ерлердің аруағы кешірмес болар. Сен осы айтылған нәрселерді ойлайсың ба? Ойлану керек, достым. Кәрі қартаяды, жас өседі деген ғой. Егер, бүгін біз халық тілегіне сай іс істей алмасақ, онда болашақ жас ұрпақ, халқымыздың тарихы бізге не айтады? Осыны сен ойлайсың ба? Бүгін біз жақсы істесек те, жаман істесек те ертеңгі күннің адамдарына, олардың алдында жауаптымыз. «Ол кезде кімдер болды екен?» демей ме олар. Я, солай дейді. «Сол болған адамдардың істегендері қайсы?» - дейді ғой олар. Сөйтіп тарихты ақтарар, жақсы ісімізді мақтар, жанымызға лағнет айтар... ренжір. Осыны сен ойлайсың ба, достым? Дұрыс па, бұрыс па, оған төреші өзің бол. Бірақ мен жоғарыда айтылғандарды көп ойлаймын. Күнделікті жұмыстармен бола бермей, ертеңгі күнге де көз салған жөн-ақ, ау! Алдағы күнді ойламай, өзінің қара басының қамын көп ойлайтын адамдар да бар. Олардың болашақ ұрпаққа не деп жауап берерін кім білсін. «Мен қара басымның қауіпсіздігін, қарным тоқ, киімім көк болуын ойладым, күнделікті жоспар орындауды, мал қашырып төл алуды ғана ескеріп едім, сөйтіп жүргенде халықтың болашақтығы ісі есімнен шығып кетіпті» дей ме олар. Бұлай десе, оған кім рахмет айтар дейсің. - Мұның бәрін сен маған несіне айтасың! Мен басшы қызметте жүрген адам емеспін ғой деп ат – тоныңды ала қашуың да мүмкін. Сенің басшы қызметкер емес екенің де рас, оны білем. Бірақ сол кейбір басшы қызметкерден де халық алдында сенің абырой – атағың үлкен, зор деп түсінем. Басшы қызметкер бір төбе болса, сен екінші таусың, халық алдында сенің салмағың басым. - Осы айтылған сөздерге құлақ саларсың, оларды есіңе аларсың деп ойлаймын. 31.10.-1941 ж. Майдан.

***

Мен – қазақпын. Солай бола тұрып, кімде-кім соғыстың (немесе жұмыстың) қиыншылықтарына шыдай алмай байбаламға салынса, қорқақтық қылса, үрейленуге түссе, сөйтіп ол, осындай жаман мінезімен ұлтына, халық намысына, өзінің ар-ұятына, қоғамда алатын орнына, ата-бабасының аруағына тіл тигізсе, - ондай адамға рақымшылық жасамаған болар едім. Етке біткен арам мерез деп кесіп тастар едім. 14.11.1941 жыл. Майдан.


***

Майдан дегендегі бұрын өз көзіммен көрмей, соғыстың не екенін білмей жүрген кездерде соғыс жайында жазылған көптеген кітаптарды, әдебиеттік деп аталатын шығармаларды оқығаным бар еді. «Осының бәрін болмаса да, біраз фактілерін авторлар не көріп, не өте терең зерттеп жазатын шығар» деуші едім. Ол солай да болар. Мен сондай кітаптарды қызыға оқитын едім. Қазіргі Отан соғысын суреттеп жазамын деген адам болса, қолымнан келгенімше көмектесіп жәрдем беруге даярмын.


Осы мақсатпен мен майданға келген күннен бастап «күнделік дәптер» жасадым. Оған күн сайын көрген, білген уақиғаларды, жігіттер жайында, олардың істеген ерліктері туралы жазып жүрдім. Аз уақыттың ішінде көп нәрсе жинап едім. Сол дәптерлерді сары майдай сақтап жүруші едім. Амал не, оларымнан айырылып қалдым. Онан айрылу жайы былай болды. Біз Новосвинюхово деген деревняны шабуылдап алмақ болдық. Нәрсе-қараның бәрін шанаға қалдырдым, қолыма тек автомат, граната, оқ қана алдым. Таң ата ұрысқа еніп кеттік. Күндіз немістің бірнеше самолеті келіп біздерді бомбылады. Осы бомбаның бірі біздің ротаның шанасына түсіп барлық нәрсемізді жоқ етіп жіберді. Соның ішінде менің «күнделік дәптерлерім» де кетті. Сөйтіп, көп уақыттан бері жазып келген, жинаған материалдарымнан, «күнделік дәптерлерімнен» айырылып қалдым. Соған ішім удай ашып отыр. Неміс иттерден жаңағы дәптерлерім үшін де кек алмаса болмас. 5.02.-42 ж. Майдан.


***

... Сен соңғы бір хатыңда «Қазақ халқының тарихы» деген кітап жазылып жатыр деген едің. Бұл өте бір жақсы қуаныш болып отыр. Ертеде халық сүйген адамдарға дұрыс баға берілуіне зер салу керек... Апрель, 1942 ж. Майдан.


***

Менің өзіме разы болмай отырған бір жерім бар. Ол - домбыра тартуды білмеймін. Домбыра тарта білу мәдениеттің, өнердің бір түрі ғой. Мынадай шет жерде, майдан даласында, окопта, жер үйде (блиндажда) отырғаныңда домбыра саған серік емес пе? Домбыраға қосып ән салсаң, әрі тынығар едің, әрі көңіл көтерер едің. Қазақтың халық әндерін шалқыта, ретіне келтіре айтып ән салсаң, сонау алыстағы, ұлан-байтақ жеріңе, Қазақстаныңа, барып сайрандап қайтқандай болар едің деймін. Ия, досым, домбыра үйрену керек. Егер аман болсам, соғыс біткен соң, домбыра үйренермін - ау деп ойлаймын. 23.08.1942 ж. Майдан.


***

Абайдың атақты адам атануына себеп не? Оны сендер – Абай классик ақын болғандығынан деп жүрсіңдер. Ал, Абайдың классик қатарына қосылуына не себеп? Міне, бұған беретін жауаптарың толық емес. Меніңше, Абайдың атақты болуы – оның халық қамын ойлағандығына деп қарау керек. Абайдың қандай шығармасын оқысаң да, онан Адам көрінеді, халық көрінеді. Абай шығармаларының негізінде халық мұны жатады, халықтың тағдыры айтылады. Міне, Абайдың ірілігі осыларды жақсылап көрсете білуінде – деймін. ж. Майдан.

***

Неліктен екенін кім білсін, әйтеуір, соңғы кезде мен елді сағынып жүрмін. Елді ойлап көксеп-көксеп жібересің. Әйелің, балаң, әке-шешең, туған-туысың ел секілді ерекше әсер бермейді екен. Мүмкін мен қателесермін. Бірақ, бәрінен де қадірлісі елің көрінеді. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп неге айтты дейсің. Мына неміс иттерді құртпай елге бару жоқ екенін білем. Елге барғың келсе, елді сағынсаң жауды тез құрту керек дейміз. Қазіргі міндет осы болып тұр. 14.11.1942 ж. Майдан.

***

Маған «Совет Одағының Батыры» деген атақты беруге байланысты таныстардан, жолдастардан, кейбір мекемелерден майдандағы жауынгер достардан көптеген хаттар, телеграммалар алдым. Бәрі де мені құттықтап жатыр. Хаттарды жазушылар әр түрлі адамдар. Олардың ішінде қолына қару алып жаумен соғысып жүрген жігіттер, ғылым адамдары, оқытушылар, комсомолдар мен пионерлер, кемпір-шалдар, қыз-келіншектер, колхозшы мен жұмысшылар, ақын-жазушылар т.б. бар. Бәріне де жауап беріп шын көңілден алғыс айтудамын. Батыр атағына ие болған мен емеспін. Ол – қазақ халқына берілген атақ. Неге десең, менің аты-жөнімді біліп жатқан адам аз, қазақ деген халық барлығын білетіндер көп. Майданда бір жауынгер ерлік жасай қалса, онысы көпке тарай бастаса, жұрттың ең алдымен сұрап білгісі келетіні: «сол адамның ұлты кім екен?» деген болады. Сондай-ақ, майданда жүрген қазақ жігіттері жаумен жақсылап соғысса, ол өз қара басының ғана емес, халқының атағын шығарады ғой. Мен де Батыр атағын аламын, ордендер алайын деген ой болған емес. Бар ойлағаным: мені еркек кіндік азамат деп халқым қолыма қару беріп майданға аттандырды, жақсылап соғыс, қорықпа, ата-бабаның аруағына жаман сөз келтірмей соғыс, мұны сенің ар-намысыңа тапсырамыз деген еді. Мен сол міндетті орындауға күш салдым. Бұл міндеттерді толық орындадым деп айтуға болмайды. Әлі де істелетін істер көп. Қасықтай қаның қалғанша халқың үшін қызмет етуден артық нәрсе дүниеде жоқ деп білемін. 7.03.1943 ж. Майдан.


***

Жуырда мен бір адамнан хат алдым. Ол кісі хатында былай дейді: «Мәлік – ау, осы сенде не арман бар екен? Арманың жоқ та шығар. Оқу оқып, білім алдың. Майданға барып ең, атағың шықты. Сені халқың мақтан етіп отыр. Жаңа туған жас балаларыңа көп адамдар сенің атыңды қойып жатыр. Сенің атыңмен колхоздар, мектептер аталуда. Мұндай дәрежеге жеткен адамның арманы болмасқа тиісті» депті. Осы сөзге сен не айтар едің, достым? Бұл жөнде менің өз пікірімді білгің келетін болар. Онда мен мынаны айтар едім. «Сенің арманың жоқ» деушілік қара бастың қамын көздегендіктен туған сөз. Ол: «Мен бәрін істеп болдым, енді мен ешнәрсе де істемеймін. Мен үшін басқалар істесін, олар мені киіндірсін, тамақтандырсын, мен шалқайып жатамын» деген сөз. Анадан туып, өмірге, жарық дүниеге келгеннен кейін, тәрбие алып, ес білгеннен соң, адамда арман дегеннен көп нәрсе болмайды. (Осы «арман» деген сөздің орысшасы қалай болатынын білмей отырмын. Ол: мечта, стремление, желание, чаяние, фантазия, надежда деген мағына бере ме, әлде қалай? Дұрысын сен айтарсың).

Адамның арманы әлеуметтік (общественный) және жекелік (собственный) болып екіге бөлінеді. Ананың құрсағында жатқан кезіңде немесе қара жерге енген кезіңде ғана арман болмайды. Одан басқа уақыттың ішінде арманнан көп нәрсең жоқ. Біреу – оқу оқып, білім алсам екен, сөйтіп халқыма пайдалы іс жасасам екен дейді. Екіншілері – мал малданып байысам екен, жан – жанданып молайсам екен дейді. Бұлар да арман. Адамның арманы көп және әр түрлі болады. Менің де арманым көп еді. Рас, олардың біразын іске асырдым, орындадым. Бір арманым орындала бергенде, сап етіп екіншісі туады. Ол іске асысымен «мен мұндалап» үшіншісі шыға келеді. Мұның бәрі адамның қара басының, адамның ойынан емес, олар өмір тілегінен, әлеуметтік салт-сананың өсу - өркендеуінен туады. Осы күнде менде арманнан көп нәрсе жоқ. Майданға қатысып жүрген басқа жауынгерлер секілді, менің де арман ететінім: «соғысты жеңіспен аяқтап, елге аман-сау қайтсақ екен» деймін. Сонан кейін, қолдан келгенінше халыққа пайдалы қызмет істесем екен деп арман етем. Бұларға байланысты армандарым мыңнан асады, өте көп. Демек, менде арман жоқ емес, қайта көбейіп кетті деп айтуыма болады... 18.04.1943 ж. Майдан.

"Менің майдандас достарым" кітабынан

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар