Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Құдай сүймейтінді де сүйемін!..

09.06.2017 5051

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Құдай сүймейтінді де сүйемін!..

АҚЫН деген кім?

Бұл жайлы талай жүректер жыр толғатқанын білеміз, бірақ:

«Ақын жәйлі айта берер жұрт қызба.
Ғашық болу емес – Ақын, – қырық қызға.
Ақын деген – шар-нажағай, жасампаз.
Шар-нажағай жаралады бұлтсыз да», деп келіп:

«Ақын деген – Ойдың Көзі арқылы
Бар тіршілік иесімен тілдесу», деп немесе:

«Ақын деген – қайыршының мұңдасы.
Ақын деген – Дүниенің Күн-Басы.
Ақын деген – ғарыштан да тым қашық.
Ақын деген – Тәңірінің құрдасы», деген жолдарды оқығанда «Ақын деген кім?» деген сауалға басқа жауап іздеудің өзі артық.

ӨЛЕҢ деген не?

Оған:

«Онда аңдардың ақылы да – жұмақ-бақ.
Онда обалдай аңқып тұрар күнә әппақ» немесе:
«Құсқа да онда әулиелік тіл біткен.
Қыста да онда бал түзеді гүл біткен…», деген жауап аласыз. Тамаша емес пе?! Неткен іңкәр-әлем, дейсіз!

Ақын мұнымен іркілмей:


«Мендік Өлең – бақытты әлем, қысқасы.
Жоқ еш жерде өзгедей бір нұсқасы.
Сол әлемім, баянды да жемісті –
– мәңгі ұлғая беретұғын кеңістік.

Мына Әлем де – өзінше бір таза Өлең.
Құдай болсам... мүлде өзгеше жазар ем», дейді. Бұндай сөзді ақын Тыныштықбек қана жарата алады! Біресе Тәңір болып мұңданып, біресе әлемге құмырсқа көзімен қарай білген Ақынның жырларын оқып, ізгілік демі аңқыған, іңкәрлік нұры жайқалған әлемге сүңгігіңіз келсе – мархабат! Тыныштықбек Әбдікәкімұлының сәбиге тән кәусар-көңілі мен әулиеге тән танымдары Сізді де іңкәрлік әлемінің «сыйлы қонағы» етпек.

Құрметпен, Наурызбек Саршаев

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

* * *

Дос қабірін сөзіммен мөрлеп тұрып та,
Күрең жапырақтарға Күзді күрсіне жерлеп тұрып та,
Жер тағдырын көкірегіммен шерлеп тұрып та,
Ұятым алдында өлердей қан-қан терлеп тұрып та,
Қазағымның қайғысына қайғырғандай қамықпағам.
Оның бір сөзі я бір шыбыны жазықсыз өлтірілсе де,
Мына өмір – тамұқ маған!

БАҚТА

Қарай қалсам маңыма көгершіннің көзімен,
Құмырсқалармен де тілдесер үйеңкі екендігімді де сезінем.
Рас айтам.
Қош аңқып шегірткенің де күйісінен,
Ауадағы сөздердің алқынғанын да түйсінем.
Енді ғана бойжеткен бір ұрғашы кененің,
Таңданыспен, өзіме қол созғанын да көремін.

Сәбилер жүр қызықтап айдаршаларын бақбақтың.
Төбелерінде – кәдімгі қаракөзді әппақ нұр.
Қандай раһат – өмірге жап-жасыл ғып күрсіну.
Шөптердің де естимін жүректерінің дүрсілін.
Ең бір нәзік үндерді кірпігіммен де аулаймын.
Ешнәрсені, ешкімді күйдірмей-ақ, лаулаймын.

Саумаласын саулатып, мекіренеді бие-Күн.
Қызыл шеңгел тісімен тас қасиды сүйегін...
Бәріне – өзім иемін!
Бәріне – өзім иемін!
Тіпті,
Мұндай кезде, Құдай сүймейтінді де сүйемін!..

* * *

Үн ұшында,
Әр жапырақ ішінде,
Нан дәмінде,
Жел күшінде,
Мүсінде,
Ұйқының да қап-қап-қараңғы сөлінде,
Мүрде кейпін киіп алған өлімде,
Тіпті, соноу шексіз ғарыш демінде
Тірі Нұр бар.
Жұртқа мәлім, тегінде.

Біртекті нұр.
Жұмбақ емес о да онша.
Сөйлеп тұрар құдайша яки адамша.
Дәл солайша – бүткіл химия… оттегі.
Кіндігі де, жынысы да жоқ, тегі.

Ақындардың ақылында – сырлы өлең.
Ой түрінде оқуды ешкім білмеген.
Жазу барда, «Жан» сөзі де жаттанды.
Нұр солайша жыныстанды.
Заттанды.

Жердегінің бәрі – жазу.
Оғаштау.
Аң да.
Құс та.
Самала да.
Ағаш та.
Тостаған да.
Сүт те.
Су да.
Өрік те.
Ұғам соны, енгендей әр қаріпке.

Өлең – Күнде!..
Жұмақтығы – көк ұшан!..
Ұшарсың сен, сәтке қошын оқысаң!
Өмір сүру көңілді ме?
Көңілді!
Олай болса, еске алғайсың Тәңірді!

* * *

Мендік Өлең – Ар басқарған нұрлы әлем.
Онда алынған тырнақтар да бүрленер.
Онда атылған оқтың өзі буланар.
Сонсоң, шолп-шолп тамып жатар суға олар.

Онда аңдардың ақылы да – жұмақ-бақ.
Онда обалдай аңқып тұрар күнә әппақ.
Онда өзімнің желге де ынтық кінәм бар.
Дертті ғана шағады онда жыландар.

Құсқа да онда әулиелік тіл біткен.
Қыста да онда бал түзеді гүл біткен.
Адам да онда қартайғанда жасарып,
Күн жайлата білер, тіпті, нашары...

Мендік Өлең – бақытты әлем, қысқасы.
Жоқ еш жерде өзгедей бір нұсқасы.
Сол әлемім, баянды да жемісті –
– мәңгі ұлғая беретұғын кеңістік.

Мына Әлем де – өзінше бір таза Өлең.
Құдай болсам... мүлде өзгеше жазар ем.

* * *

Сорлы шеке – қара мәрмәр, теп-тегіс.
Соңғы сәуле...
Сезсе соны өкпеміз.
Көздің жауы – қылкөпірдей қып-қызыл.
Күннің нұры – көк теңіз.

Көк теңіз-нұр!
Біз бір – балық?..
Желбезек...
Балдыр үшін жанталасу?
Шер - кезек.
Өмір мәнін қайтіп, қалай білмекпіз,
Адам болып көрмесек?

Соңғы сәуле.
Білер мүмкін құл-пенде,
Алмас оймен жанын сойып, тілгенде.
Соңғы сәуле...
Отырамын соны ойлап,
Тұрмыс деген түрмемде.

Сорлы сөздер үйірілер тілге өңшең.
Соңғы сәуле.
Соңғы тыныс.
Жыр мен шер.
Өмір мәнін сол сәулемен жазармын.
Үлгерсем..

04. 06. 2017.

ҒАШЫҚТАР

Ғашықтарға мүлде жат – кісімсіну я мәртсіну.
Көздерінің жасы – мұңлықтар мен зарлықтардың серт суы.
Оларды алғаш көре қалғанымда,
Хайуандығыма қорынтып,
Жанымды сұмдық азаптаған бір дерт сұлу.

Көк темір де езілердей шеріме,
Соңдарынан ере кеткенімде, беріле...
Жұмақ-шөп қаулап өскенін де көргем,
Солардың түнеп шыққан жеріне.

Сенсеңдер,
Олар қабақтарын сәл ғана шытса да,
Талай алапат өрт сөнген.
Дәл солайша қайта гүлдейді, қайтыс болып кеткен қарт шеңгел,
Жымиыстарға айналады кемсеңдер.

Иә,
Күннің күліп тұрғанындай қаратүнектік қым ұшы,
Қайғылы тұрмысымыздың да қайсар болмағы –
– солардың жұмысы.
Таулар да жол береді оларға ығысып.
Мені де үнемі қоштап жүрді мейірімді бір қуат...
Махаббаттың кійе-бұғысы.

Сонда олардан танып-білгенім,
Жауларына да қамқор болу –
– өмір сүрулеріндегі басты мағына.
Бір-бірін сағынса,
Сүйектеріне дейін де қақсап, сағынар.
Үмітсіздерге үміт те үзіп береді
Шаштарының жұпар талынан.
Сенімсіздерге сенім де түзіп береді
Бүкіләлемдік Тартылыс Заңынан...

О-оо, бездерімнен де жас ытқып,
Өзім де ғашықтықтан еңіреп жылағам.
Жылап жүріп,
Тәңірден қиянатқа ұрындырмауын сұрағам.
Шүкір,
Байқамай басып кеткен жәндіктерім де дін аман.
Мінәжатханаларын тастап шығып, бізге ағылсыншы,
Айыққысы келгендер күнәдан.

01. 06. 2017.

* * *

Ақын жәйлі айта берер жұрт қызба.
Ғашық болу емес – Ақын, – қырық қызға.
Ақын деген – шар-нажағай, жасампаз.
Шар-нажағай жаралады бұлтсыз да.

Ақын деген – жауатын қар тамызда.
Ақын деген – атылған оқ ауыздан.
Ақын деген – халқы қажет еткенде,
Құрбандыққа өзін өзі бауыздау.

Бізді ақын деп ойлайды-ау ел, сірә, осы.
Іңірден соң, Ай көрінер.
Түн осі.
Ақын деген – талма тұсы ғаламның.
Адамзаттың ең сұрапыл күресі.

Ақын деген – жұмақта да мұң кешу.
Ақын деген – тылсымданған үббе-су.
Ақын деген – Ойдың Көзі арқылы
Бар тіршілік иесімен тілдесу.

Ақын деген – қайыршының мұңдасы.
Ақын деген – Дүниенің Күн-Басы.
Ақын деген – ғарыштан да тым қашық.
Ақын деген – Тәңірінің құрдасы.

Бізді ақын деп ойлайды-ау ел...
Бәрі – аңыз.
Ақын деген – мүлде бөлек Сана-Абыз.
Біз – өз тәнін қаламсапқа айналтқан
Қаламұшы ғанамыз...

30. 05. 2017.

* * *

Адамдар,
Менде
Сендердің барша зарыңды көтеріп алатын ерен төзім бар.
Көрінбес көркемдерді де көре алатын көзім бар, – сендер үшін.
О-оо, соның өзі – қос Дүние арасындағы ғаламат сенделісім.
Сендер үшін –
Менде қылкөпірден де нәзік, сансыз тылсым сезім бар.
Сезімсіз шақтарыңды кешірмегендерінің – өлгені шын.

Әрине, сендер үшін – әулие де әулие сөзім бар,
Әрқайсысын ата жауларың да мойындар.
Жә,
Өзім бар, соның бәріне де ие.
Бөзім бар үстімде,денеме дәйім дәл.
Оны да шешіп берейін,
Бақшаларыңа қарақшы етіп қойыңдар.

Сонсоң,
Жасырып қайтем,
Өлердей түңіліп кететін де кезім бар,
Мына арсыз тірліктен алаөкпе.
Сондайда, сендер келіңдерші маған, көмекке!

29. 05. 2017.

* * *

Өлімді ойлауға уақытым жоқ.
Бұл – шыным.
О Дүниеге озу – жеңіл күрсінім.
Өзімді ойлауға да уақытым жоқ.
Өйткенше,
Өбіп қалғым бар көктем бүршігін.

Ұйықтауға да уақытым жоқ.
Аздап түс көрем.
Мұңымның сөлін ішкен ем.
Дос іздеп жүруге де уақытым жоқ.
Ой.
Сөз.
Қимыл.
Қасиетті үш перен.

Даурықпа қоғамды тыңдауға да уақытым жоқ.
Жексенбі де – менде – жұмыс күн.
Тарата берсін, таратқысы келсе сыбыс кім.
Дау қуысуға да уақытым жоқ.
Жаутаңдармен келеді ұғысқым.

Жауларымды жазғыруға да уақытым жоқ.
Әркімнің тірлік етуге өз қақы бар.
Мендегі жасампаз үш төреші:
Көңіл.
Ақыл.
Ар.
Құдаймен сырласуға да уақытым жоқ.
Керек болсам, Өзі-ақ шақырар.

26. 05. 2017.

* * *

От пен су сүйіспек, менсіз де.
Менсіз де, жап-жарық күледі өңсіз де.
Менсіз де, шырынды құс гүлі,
Құлпыра түскірі.

Көктемді жырлайды жаршы-ұзақ, менсіз-ақ.
Менсіз-ақ, сәлемге өлең де жалғаспақ тым әсем.
Менсіз-ақ, еңірер күнә-шер.
Менсіз-ақ, көкала түнде бөрілер құрбандық жырын ұлысып,
Бөлтіріктердің де қышиды тіл ұшы.
Менсіз-ақ, бозбала көзінде көркем маздайды мұң алғаш.
Менсіз-ақ, тау шөбінен ұлар мас.
Менсіз-ақ, кез келген тірлік иесі – қызыққа құмар бас.
Алайда...
Алайда, солардың баршасы
Менің өздеріне деген махаббатымсыз өмір сүре алмас.

Себебі,
Бір жарқ етіп өте шыққанда елес-күн,
Ауырып өле кетсе де егер кәрі ешкі,
Аш құзғындарға да келеді демескім.
Менің махаббатымсыз – Күн де көмесі.
Тек, өзімнен басқа білмейді оны ешкім.

Мен – мәңгілік таусылмайтын зарықпын.
Бірақ, көзім – хақ киесі жарықтың, сен дегенде, Туған Ел!

Айтқан сөзім самалдан да таза тым;
Даладан да жазуым зор, жазатын;…
Аспаннан да Ойым биік;
тұңғиық;
алып жүрем тұла-бойыма мұң құйып,
Сен дегенде Туған Ел!

Анттасам да нажағайлы нөсермен,
бүкіл әлем күнәларын кешем мен,
Сен дегенде, Туған Ел!

Сен дегенде, ардағым,
Инелікпін – көтеретін Құдайдың да салмағын!

18. 05, 2017.

***

Мен – мәңгілік таусылмайтын зарықпын.

Бірақ, көзім – хақ киесі жарықтың, сен дегенде,

Туған Ел!

Айтқан сөзім самалдан да таза тым;

Даладан да жазуым зор, жазатын;

Аспаннан да Ойым биік; тұңғиық;

алып жүрем тұла-бойыма мұң құйып,

Сен дегенде Туған Ел! Анттасам да нажағайлы нөсермен,

бүкіл әлем күнәларын кешем мен, Сен дегенде,

Туған Ел! Сен дегенде, ардағым,

Инелікпін – көтеретін Құдайдың да салмағын!

18. 05, 2017.

* * *

Ерте келді құралайдың салқыны.
Мен де жаурап қалғандаймын, жарқыным.
Ел мұңына қатысы жоқ мүлде оның.
Талшын-тал да ырғалады, гүлденіп.
Негізінде, тұрғандай ол есінеп.…
Жұпары жоқ.
Гүлдейді екен несіне?

Бойымдағы сезімденген суым да
Тоңазиды қараңғы Ойдың буында.
Түнде көрген түсім-дағы – түс күрең.
Ұшып кетті жад айнасы үстінен.
Бақ ішінде, секілденіп қош мүрде,
Жатырмын мен.
Керегім жоқ ешкімге.

Жәндік отыр тротуарда.
Өңсіздеу.
Ол да, тіпті, күн көреді менсіз де.
Кетсе үзіліп осылайша ғұмыр-ән,
Жарым ғана еңірерін ұғынам.
Сонсоң, қайта күлімдейді, жыл өтіп.
Бұлжымайтын заңдылықтар реті.

Төңірекке қарап саусақ ұшымен,
Гүл де Күнге көшетінін түсінем.
Қыбыр етпей, қара Жермен айналып,
Кешке шейін жатам енді.
Пайдалы.
Құралайдың салқыны да өтпелі.
Неткен ыстық қолдағы жыр дәптерім...

18. 05. 2017.

МАМЫР

Білесің бе,
Мезі болып, қашқан кезде достан да,
Жұмақ аңқып жетер мамыр, Күн қақпасын ашқанда.…
Кісімсіген түрімізге бір жымиып ол біздің,
Өзен-көлге сәлем беріп,
Өбектейді қанқызды.
Жетім шөпке тамсаттырып бөрте бұлттың саумалын,
Бұғылардың мүйізіне құт дарытар, тау барып.
Топырақтың да дертті тұсын, сенбе мейлі, сен мейлі,
Күркіреген нажағайлы жасыл сөзбен емдейді.

Мамырды сен неғыласың.
Өз мыйыңмен айналыс.
Дүниеде одан асқан жоқ ешқандай пайдалы іс.
Уқорғасын-ойлармен де тыңайт оны.
Күлкімен.
Кіл қаракөк сезімдердің тұқымын ек, мыңтүмен.
Таң атарда жан жарыңның ұрттап қойып көк шайын,
Әнмен суғар.
Нәрестенің былдырымен сәт сайын.
Күтіп-бапта жарықтықты,
Тасыма да жасыма,
Әулиелік көз біткенше әппақ әр тал шашыңа.

Жұмақ аңқып жетті мамыр.
Танымындай текті елдің.
Балконыма кіріп-шығар, кейпіне еніп кептердің.
Көз жасымен қаланың да жуып газ бен тозаңын,
Бақта отырар.
Мөлдір бейне.
Пешенеме жазамын.
Сонсоң, қошын сіміремін, өз-өзімді ұмытарда.
Тәңірімен тілдестірер магнит бар – жұпарда.

Сен маған да қарайлама.
Өз мыйыңмен айналыс.
Бір сәтке де үзілмейді Жаратқанмен байланыс.

16. 05. 2017.

* * *

Өлу емес асылып – бұл өмірден түңілу.
Көргендер бар қайғының ғаламына үңіліп.
Сен де соны көрерсің, өз-өзіңе ене алсаң.
Қадамыңа сүйсініп, қарсы алады обал сан.
Ешнәрсе онда бағынбас заттанғандар заңына.…
Би билейді жайнамаз.
Ән шырқайды қоңырау.
Сәл жымисаң,
Өзгенің қамын ойлап әз есің,
Ізгілік пен зұлымдық үйлесімін сезесің...

Ең жасампаз ғалам – ол.
Өкініш – құт,
Мұң – ырыс.
Түсіңе де кірмеген қарапайым құбылыс.
Мал да шөпті аялап,
Жылан – құстың баласын,
Су да емдейді лағнет ұрғандарды, жаны ашып.
Жұрттың бәрі бір уақ қуаныштан еңіреп,
Бүр жарады гауһартас ғашықтардың демінен.

Екі Дүние арасы сонда жасыл жалғасып,
Сен де аруақпен жүресің қош аңқыта арбасып.
Сөздердің де сол шақта қарай қалсаң көзіне,
Жайнайды олар ұяттан бетің басқан кезіңе...

Өмір – бәйгі.
Қарғама шаңға бола, бәйгіні.
Жаратқанның ісінде жоқ ешқандай қайғы-мұң.

14. 05. 2017.

ЖАҒАЛАУДА

Ертістегі пароходтың кернейі.
Ол да – шашы жалбыраған желдей үн.
Сөйлеп тұрған жадың - жасыл маскалы.…
Отырасың өкініштеріңді еске алып.

Алақанға құйып ішпек шарап та,
Шалғын болып жайылардай алапқа.
Ешбір жанға ызаң да жоқ, датың да,
Рахаттың күйдірмейтін отында.

Көшпелі алтын – Күн нұрының мұртында.
Қол созасың, сар табаның жылтыңдап.
Қыз күлкісі меңдуана иісімен
Бірге өріліп,
Көңіл құрты сүйсінер.

Кекештеніп көмейде бір көне тіл,
Әлденеге азғырынғың келеді.
Шерің саулап жөнелерде денеңнен,
Көз жұмасың.
Күрсінесің тереңнен,

Көк желкеңмен бақыласаң қаланы,
Маңдайыңмен аңсайсың кеп даланы.
Алып көпір – алақандар еңбегі.
Одан бірақ жүйке берік сендегі.

Тағы не бар?
Үйректер бар, қаздар бар.
Құйрығымен суға өлең жазғандар.
Мас орыс бар барқыраған, балықшы.
Бәрінің де сырына сен қанықсың.

Мұнараның бұрқ еткенде азаны,
Елестейді алдағы күн, қазалы.
Пароходты сүйреп кетіп екінді,
Керілесің, түк болмаған секілді.

12. 05. 2017.

* * *

Осы мамыр.
Осы қала.
Осы емен.
Үшеуін де сүйген едім кеше мен.
Бүгін бөтен сезінемін өзімді,…
Күбірлесіп көшемен.

Кемпірленді жаңа ғана көрген қыз.
Бұ Дүниеге мұңдануға келгенбіз?
Жаным менің - көк жапырақ.
Оны да
Ертең көздеп ойнайды әлі мерген күз.

Айлаң бар ма, – өз-өзіңнен қашпасаң?
Сол жайында жыр оқиды дос масаң.
Көзі астында көк мөрі бар долысы
Ұқпас оны ешқашан.

Тірлік сондай Ой түрінде, жанқашты.
Ақыл-есті бүлдіруден танбас-ты.
Кеуде тұстан ұра берер өлгенше
Іштегі бір албасты.

Оның несін зар қыламын еменге.
Емен түгіл,
Бүкіл әлем – көгенде.
Азаттық бар, шешілетін жұмбағы –
– көз нұрымен жаңғақ шағып жегенге.

12. 05. 2017.

* * *

Өте алмайтын жарық та,
Жете алмайтын күбің де,
Тірлік етіп жатырмын мен мұхиттың түбінде.
Сыңарымды іздеймін бұ Дүниеден көшкенше.
Ал, сен кімге керексің, құз басына өскен шөп?

Екеуміздің арамыз – құр тіршілік тоқ, масаң.
Күнге ұмтылып не керек, Жерден бақыт таппасаң.
Ғашықтарсыз, – жұмақ та айналады тозаққа.
Тозақтағы жүргеннің бәрінің де – көзі әппақ.

Мен де – солай, көрмеске «жоқ тіршілік» атандым.
Е, мейлі ғой, сұрапыл күтіп жүрмін топанды.
Күтіп жүрмін топанды, тірілсін деп кісілік.
Таудай толқын әлемді асты-үстіне түсіріп!..

Сонда менен Аспанға қаша көрме, безіне.
Жұп таппаған жұпармын.
Сіңіп кетем өзіңе!

12. 05. 2017.

БӨРТЕГҮЛДІҢ* ЖҰПАРЫ

Онда мен он жастамын.
Өгей ме өмір?
Әкесіз қалған кезім. …
Көмейде – мұң...
Ертіс пен кенже апайым Мырзагелді.
Қарағай...
Мамыр айы.
Семейдемін.

Қыдырдым.
Орман бардым.
Қала кездім.
Сондағы балмұздағы-ай бала кездің!
Үй маңы – бөртегүл бар, қош аңқыған!
Көршінің қызы да бар!
Қаракөздім!..

Қанқыз* бар.. жапырақтың түгіндегі із...
Сеземін, сол шіркінмен мұңым да егіз.
Көршінің қатты арбалдым қызына мен,
Кездесіп бөртегүлдің түбінде біз!..

Сол кездің!... әр құрақты тыңдап түнде...
Сол қыздың қылығы өзге бұлғақ, мүлде!
Сөйлейміз: ол – орысша, мен – қазақша.
Ойнаймыз бір сиқырлы жұмбақ тілде!

Сол тілде бүрлесе еді - мұң бүрлесе!
Сол тілде жайқалса еді мың бір нөсер!..
Сол тілде жарқ етеді тұнжыр көшем!
Сол тілде сайрайды екен бұлбұл да әсем!..

Сол бір шақ – періштелер қалауы ма?
Қанқыздың қанаттағы алауы ма?..
Табаным шымыр ете қалған еді-ау,
Танауым тиіп кетіп танауына!

Жайнайды төбемізде ен-тегін Күн,
Көгілдір қошын үстеп бөртегүлдің!...
Мен солай – қызұнату ғажабының
Жұпарлы болатынын ерте білдім!

Жүрекке бөртегүлден қош өңгеріп,
Күлемін!..
Қаракөзім – әсем көрік!
Армансыз асыр салу!..
Он күннен соң,
Ауылға алып кетті, шешем келіп.

Бала едім, өксік толы соры – ішінде.
Қара көз!...
Жыладым ба сол үшін де?..
Баяғы бөртегүлдің иісін аңсап,
Семейге қайта келдім онүшімде.

Сол мамыр!
Мырза апайым...
Жаңбыр да есте.
Іздедім аяулымды теңбіл кеште.
Жұпары бөртегүлдің ерен өткір:
«Ол қыз жоқ!... көшіп кеткен сенбілмеске!..»

Алжасыл маздағаны-ай бөртегүлдің!..
Мен солай... құсаны да ерте білдім.
Жаутаңдап, жапырағын сипай бергем,
Жанымды өртегірдің!..

Қазір де Семейдемін.
Тұрғынымын.
Меңгергем жыр ғылымын-мұң ғылымын.
Тағы да – мамыр айы, бөртегүлді!
Тағы да – мамыр айы, бұлбұлы мың!

Білмеймін, өңімдегім сес пе, мыс па?..
Гүлденер жұпар аңқып сөз ғарышта!
Дегенмен... бөртегүлді иіскей қалсам,
Түседі жад сұрапыл қозғалысқа!..

Бөртегүл* (сирень)

Қанқыз* (божья коробка)

10. 05. 2017.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар