Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Көкбөрі Мүбарак: Ақ-қара түстерді көремін...

17.06.2017 2412

Көкбөрі Мүбарак: Ақ-қара түстерді көремін...

«Қазір поэзияда белгілі бір «норма», орта деңгей әбден қалыптасып болды деуге болады. Мықты да емес, осал да емес – орта деңгей. Сөйлемінен сүрініп, ұйқасынан құлап, ойынан тұсалып жататын қарабайыр өлеңші енді жоқ. Бұл – өскендіктің де белгісі. Өлеңдер — жақсы, өрнектер – кемел, ақындар – талантты. Бірақ жаңа сапалық жаңғыру дәл қазір жарияланып жатқан өлеңдерден көп байқала бермейді.» депті Тұрыснжан Шапай.

Қазір өлең өлкесіне бет алған әр жас ақын өз сүрлеуімен, өз соқпағымен келуге тырысатыны да сондықтан шығар. Поэзиядағы бұл эксперименттер қаншалықты сәтті болатынына уақыт пен әдеби сыншылар бағасын берер. Сондай жас ақындардың бірі Көкбөрі Мүбарактың өлеңдерін алдыңғы аға буынның пікірімен қоса назарларыңызға ұсынамыз.

Өз жолын іздеген жас ақын...

Мұрат ШАЙМАРАН, ақын: «Сұрапылсың, сұмдықсың!» - демей- ақ қояйын, қаламсабына бармағы батып үлгермеген жас ақын көтеріле, ұшына қалар. Әйтседе:

Айдың кісінеуін қойдырған,

Жылқыдай ғана жұмбақпын.

Немесе:

Менің өмір сүргенім рас болса егер,

Қарлығаштар өмір сүрген жоқ,– деп жыр жазып отырған ақынға елең етпесің де мүмкін емес.

Қызық енді! Жұрт қалай қабылдайды деген сұрақ ақынды толғандырмайтын сияқты. Менің де сабырымды сарқымай, өлеңдерін толық оқып шығуыма себеп – осы қызықтары ғой...

Бақсақ, Көкбөрі Мүбарак ғаламның болмысын, бітімін, бояуын, қым- қуыт қайшылығын өзінше қабылдайды екен; Несі бар!? Данышпан Абай өлеңге әркімнің де таласы бар екенін айтып кетпеді ме...

Өлеңнің сан ғасырлық таптаурынды болған сүрлеуінен аласұра, адасса да арман еткен соқпағын таппай қоймайтын жанкештілік жас ақынды осындай тосын сарынға әкелгені байқалып тұр; Өзінің жаратылыс сыйлаған ішкі мінезі өлеңінде менмұндалап тұр; есептік жеңіл қисыннан гөрі салмағы ауыр, тереңге тартар ойлары оқырманына әлде нені аңғартып тұр. Маған ұнаған тұсы осы.

Басқа әлем, басқа болмыс...

Қуаныш ДӘЛЕЙ: Мынау әлем – жұмбақ, осында ғұмыр кешкен көп тобыр, пенде біткеннің мол шоғыры ол туралы дым білмей бей-жай өмір сүреді, еш нәрсені де түсінбей арғы бет асады. Ал, табиғаттың төл тумасындай болған, оның барлық сыр- сипатын ішіне түйе туған, тәңірі өзі елден ала бөтен биік, бекзат жаратқан аты адам, заты пері және бір бөлекше тумыстағы жаратылыс бар. «Мыңның ішіндегі жалғыз, миллионның ішіндегі алтын дән» _ ғаламның барлық қайғысы мен мұңын, қуанышы мен сырын жадында ұстап, ұлы жаратылстың тамырын дәп басып тыңдап, оны әрдәйім биік болмысымен маңына ақ жауындай себелеп отыратын мұндай жады әуелі ақындық тұғырдан көрінетіні бар. Көкбөрі Мүбарак тап сол заманнан аса туған абзал ұл_ талантты ақындардың сапында. Оның шығармашылығы ешкімге ұқсамауымен, бұрын- соңды ешкімнің жасампаздығын қайталамауымен, бөлекше бітім, асқаралы тазалығымен, табиғаттың өзіндей нәзік, өзіндей сыршылдығымен, өзіндей бекзаттығымен ұнайды. Айналасындағы барлық болмысты, абстракт ұғымдарды да жай санадан асқақ қабылдауымен және сондай қабылдатуымен ерекшеленеді. Табиғатты, жан- жануар, барлық жаратылысты өзінен бөлек алып қарамай, дәл солардың өзінше түйсініп, өзінше тіл қату_ Көкбөрі Мүбарак жырларының негізгі арқауы.

«Тұяғым тұрмысқа маталып,

Адам бола жаздап үдердім,

Қияқты далаға қақалып,

Кісінеп тағы жібердім. »

Бұл мынау адами тұрмыстан, пенделік өмірден әрқашан да биік тұратын басқа әлем, басқа болмыс. Бір тал жусан, бір жұтым ауа, бір түйір тас, бір уыс топырақ та ешқандай мүддесіз, тек берілген ғұмырдың тірлігі үшін ғана риясыз кәдеге жарайтын табиғат әлемі. «Адам бола жаздаудан» қорқатын кіршіксіздік пен ізгілік дүниесі...

«Құмның назына құлақ қанша өлер,

Барша өлген құлағымды білген көк,

Менің өмір сүргенім рас болса егер,

Қарлығаштар өмір сүрген жоқ.»

Табиғат пен адам әсілі бір тұлға болатын, бірақ адам бойындағы улы нәпсі ақыры «Толқынның баласын өзім үшін ғана өлтірдім» дейтін аяусыздықпен жаратылыстан бөлініп шығып кетті. Енді екеуі бітіспес жау сынды бірін- бірі бас бағып аңдып жатыр. Осы қалпында кете берсе алда:

«Менің өмір сүргенім рас болса егер,

Қарлығаштар өмір сүрген жоқ.»

Дейтін бір заманның болары (мүмікін, болғып та қойған шығар...) анық.

«Дүние сәл қылилау болғандықтан,

Көлеңке де, жарық та ұялады.»

Адам дейтін жаралмыс әуелден ақаулы болыпты, оның дүниеге келуі де бітіспес дау мен кіналардың жер бетіне көтерілуіне түрткі болса керек. Сол «Қылилық» ақыры бүгін сорақылығы бадырайған соқырлыққа ұлғайып, дүние қылмыс пен кінәнің шылқыған майданына айналып, адамның пенделігі жер бетінде қара құртша құжынап жүр...

Жап- жас бола тұра бойына ұлы табиғаттың кекселігі мен дәнішпандығын, сұлулығы мен ізгілігін сіңірген ақын інімнің ертеңгі қазақ әдебиетін әлемдік биіктен атойлататынына сенімдімін. Бұл, бастысы, егемендік алып, еңсесін енді көтерген қазақ рухының қайта жанданып, баяғы Абай мен Мағжан, Ақан мен Тәттімбеттер сияқты қазақ жан дүниесінің кемелді дәуірінің толыса дәурендеп келе жатқандығының белгісі. Мені ерекше қуантқан да осы. Көкбөрі Мүбарак бар және оның қатарында осылай лаулап, осылай сезініп, осылай ұлт жанын тұтастыққа қарай жасақтап келе жатқан жаңа буын бар. Илаһим, жолдары болсын!

Көкбөрі Мүбарак – 1994жылы қазақтың шығыстағы алтын шаңырағы болған Алтай аймағында, Көктоғай ауданының Оспан батыр шоқысы деген жерінде дүниеге келген. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Археология және этнология» факультетінде 3 курс студенті. Шығармашылығы мерзімді басылымдарда жарияланып тұрады. Жас ақынның тұңғыш жыр жинағы «Аққудың исі» деген атпен жуықта жарық көреді.

МАҒЖАН

(Мағжан Жұмабайұлына)

Сүйріктейін саусағың,

Бірде тоқтаусыз қалам іздеді.

Қарағай күйесін де аңсадың,

Ормандар лүпілдеп табамыз деді .

Ыбырсыған сулар көз жасыңа еріп,

Кіріп кетті қарамай ағаштан ары.

Таулардың мейірі он жасында өліп,

Өз құшағын іздеп адасқан бәрі.

Үнсіз отырдың, қарашығың ағып

сандалып жүрді әлемде.

Құс жолы тоқсан қара-сұрыланып,

Ағаштарын тонатты тау өрде.

қайда Қызылжар? сұр бөрте аспан?

Ғұн-бабама дейін жетелер еді.

Болсаңызда лепті түндерді тосқан,

Дауысың жұтылып кете береді.

Алса ғой мынау қорлықтан сүйреп,

Ғұнның жауырынды ерлері.

Тарих шимайлаған зорлықтан күйреп,

Өлгендер қайтып келмеді.

Бүйірді аунатты күтпеген бүйі,

Қарағай басына мөлиіп көшті алап.

Мұз жарғақ құшақтап бүктеген күйі,

Магадан отырыпты теріс қарап.

Сен сіңіп кеткенсің бұлаққа барып,

Тұмандар онда ойнап жүр.

Әлсіз үнің жетер құлаққа дарып,

Осылай мені ойландыр.

Ормандар сені құшақтаған күйі,

Мәңгілік қату басталды.

Аспандар көзінен ұзатпаған жиі,

Есімің тастарда жатталды.

Ұшырып етпепті бақбақ дүбірді,

Құрлық теңізге жалпылдап ақсада.

Кезіп кетіпсің жылап әппақ Сібірді,

Мүсініңді жұрт жасап жатқанда…

ЖЫЛҚЫЛЫ ЖҮРЕК

Даланың өткір тұяғы

Үкіні аспаннан қаққандай,

Адам секілді қияғы,

Түршігер жасыл оттардай.

Тұяғым тұрмысқа маталып,

Адам бола жаздап үдердім,

Қияқты далаға қақалып,

Кісінеп тағы жібердім.

Өмілдірігімді шешініп

Жалаңаш саған қараймын,

Өзім өзімнен кешігіп,

Тамшының ішін жалаймын.

Тамшының ішін ай қылған,

Қыздар жасымен ырғап күн.

Айдың кісінеуін қойдырған,

Жылқыдай ғана жұмбақпын!

КӨГІЛДІР МЕҢНЕН ОЯНУ

Көгілдір маңдай, бозғылт ерінді,

Тәні жаңбырдай сіркіреп тұрған бір сұлу!

Неге "сен" болып кездің өңіңді,

Есіміңнің өзі- тұншығу.

Табаным ішіне жол жүріп,

күбірдей көзбен сан қилы...

Тосарсың мүмкін,

Иығыңа қондырып

әппақ өрмекші жаңбырды.

Оянамын мен бұлақтан,

Ақ бұлақ болған түр осы.

Бір ғана тамшы жүрегім кейде құлап қап,

Езіліп бітті мінезім.

Сен сүмбіл шығарсың,

Қарағайды мүмкін танисың.

Сен қалқам бала емес, күмбір туарсың,

Сен тіпті өлген сәбисің.

Арып жеткенде жолдың өзі де

Табаннан,

көз жасым іңір сап көзімнен,

іңірге отырам алаңдап.

Будақ- будақ хаттардың көз жастары да будақ боп,

Будақ- будақ хаттардың көз жастары да будақ боп,

"Жаңбыр үшін!" деді бір күнде.

Шіркейдей жүрегімді тулап кеп,

Кидің бе?!

ТАМШЫНЫҢ БӘРІ ҚЫЛИ

Тамшының бәрі қыли,

Арбам да қыли еді,

Қыли құйрық жылқыма қиып оны,

Қылилау сағаттардан

Қараймын сығалаңдап,

Даланы бұлан алдап,

Жарқылды жылан арбап,

Қылилау сәулелердің

Бәріне жылап аунап,

Қылилау саусақтарға

Уақыт ұмсынады,

Жүзігім шымшып ағып,

Қылилау шіркей маған қарап тұрар,

Уақыттың ол да - бір сыңары.

Дүние сәл қылилау болғандықтан,

Көлеңке де, жарық та ұялады.

Қараңғы арман құптап,

Қылилау сыңсып қалар күналарың.

Тамшының бәрі қыли,

бірақ, айнам,

Сағым жортқан теріңе құлан айдап,

Алдыңда қарсылап от:

Тұншықсаң менің мөлтек тамшыма кеп,

Мөлтегімнің ішінде тана көзім,

Мөлтегің шетінемей қалар еді.

ЖАСЫЛ ЖҰЛДЫЗ ШЫРМАУЫҚТАРЫ

Көктоғайдың көгіндегі

жасыл жұлдыз жанғанда.

Қарағайдың келіндері,

Басын майға малғанда.

Май ағаштың қылқанында,

Ырыс тұрар шаншылып.

Бұл жапсардың сұңқары да,

Жүрегіне тамшы ұрып.

Көктің өмірі – таңқурайдай

қызыл-қызыл іңкәрлық.

Қызыл көңіл шалқи алмай,

Жасылданды шырқаулық.

Әлдеқайдан дауысымды

лашын құс қуып жетеді.

Арпаның паң дәмі сынды,

Көңілім әлауләйлап өтеді.

Жасыл жұлдыз арқамда тұр,

Менің арқам - бір шары.

Бығып жатқан жалғанда бір,

Сам үйіндісіндегі - түн сары.

Сары түндер құлағымда,

Сарғалдақтың сарыны бар,

Ішке жұтып тұрамын да,

Сосын мені жалын ұрар.

Жасыл, жасыл жұлдыздарды,

Жасыл шайға шақырам.

Жасылданған түнгі ызғарды,

Қарашығыма батырам.

ЖЕТІМ

Ол майшамға қарады:

"Періштесіңбе?" деді оған.

Балауызшамның түтігіп жанары,

Бөлмедегі түнектен қараған.

Сұңқылдап отыр балапан,

Иесіз молада - үйінде.

Анасының шашы ағарған,

Шалқиды бақидағы күйінде.

Ана деп жылады көк тіле,

Майшам сора-сора арада.

Періштелер өшіріп кетті де,

Таңды әкеп берді балаға.

ЕНЕШТЕЙ (ЭИНШТЕЙН)

Тозақтың қақпасын өзің қақтың ба,

Біреудің қызыл бұрымы қақты ма,

Қайдасың әйтеу Енештей?

Жұмақта бір үлкен ас болды,

Хиросимадан көп ана келіпті,

Семейден шалдар да келіпті,

Жегендері- мөлтек балықтар,

Үкі қадапты бәрі басына,

Қып-қызыл бастары алаурап,

Мас болған көңілдері талаурап,

Өрт деген музыканы ойнады,

Дрижер болды Нұрғиса!

ҚАРЛЫҒАШТАР ЕЛІНДЕГІ ҚҰЛАЗУ

Бақилық болған қарлығаштарды,

Ақ- қара жолақ боп іздедім.

Қарғалдақ көз жұмған қарлы бастауды,

Менен тартып алып

үрій бастады мүлде өлім.

Бақидағы қарлығаштардың құрметіне мен,

Ақ- қара түстерді көремін.

Тастарға өзімді тілдетіп едім,

Апыр-ау, сонда не дедім?!...

Жарқылы басып жатты толқынның,

Буалдыр шаяндай көзімді.

Толқынның баласын өзім

үшін ғана өлтірдім,

Адасқан қасірет не білді?!

Адасып жүрмін ақыл сұрайын бе екен,

Инелік апайды шақырып.

Инелікке еркелеп,

ұшып жүр неге шынайы мекен,

Қанатын құмға батырып.

Құмның назына құлақ қанша өлер,

Барша өлген құлағымды білген көк,

Менің өмір сүргенім рас болса егер,

Қарлығаштар өмір сүрген жоқ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар