Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Шағын жанрдың шебері Сейітжан Омаров туралы бірер ...

30.06.2017 7986

Шағын жанрдың шебері Сейітжан Омаров туралы бірер сөз

Шағын жанрдың шебері Сейітжан Омаров туралы бірер сөз - adebiportal.kz

ЖҮРЕГІ ЖЫЛЫ ЖАН

Бесінші сыныптың оқушысымын. Бір күні мұқабасы тозған кітаптан «Алтын киік» аталған ертегіге көзім түсті. Біртүрлі, ерекше оқылады. Жан дүнием төңкеріліп түсті. Әжем айтатын аңыздардан бөлектеу. Атқан оғы мүлт кетпейтін Қарамерген аңшы туралы жазады. Ұзақты күн сарылып, қанжығасы бос қайтып келе жатқан аңшыға қалың орманның шетінен бір киік кездеседі. Қарамергенді көрген киік те қатты сасып қалады. Бұйралана біткен алтын түгі құлпырып, қос мүйізі күнмен шағылысып жалт-жұлт етеді. Ойда жоқта киелі жануармен кездескен мергеннің де дегбірі қашып, көп ойланбай оны нысанаға алып, басып қалады.

Оқиға осылай қоюлана түседі. Осы шығарма маған қатты әсер етті. Бірақ ол кезде ертегінің авторы кім екенін білген емеспін. Әжем секілді бір кісі шығарған болар деп ойладым. Кейінірек кітапханадан Сейітжан Омаровтың кітабын алып оқысам, ішінде мен ұнатып оқыған «Алтын киік» ертегісі жүр. Содан бері көрнекті қаламгердің оқырманы болып байландық. Биыл сырбаз суреткердің туғанына – 110 жыл. Ардақты азаматтың көзін көріп, жақын аралас-құралас болғандар да азайды. Бүгінде иірімі тереңде тынып ағатын тұнық өзендей ғибратты ғұмыр кешкен қаламгердің есімі де көп айтылмайды. Талай жақсылар осылай тарих толқынымен ағып, ұмытылып барады. Балалық қиялымды шарықтатып, сөз әлеміне жетелеген жазушы жайында жазуды парыз санадым.

ЖЕТІМДІКТЕН ЖЕТІЛГЕН...

Сейітжан атамыз елордадан онша қашық емес Атбасар ауданындағы Керегетас ауылында дүниеге келген. Әкесінен жеті жасында жетім қалған жеткіншек туған ауылындағы бастауыш мектепте сауатын ашады. Одан кейін Атбасар қаласындағы жетіжылдық орыс-татар мектебінде оқиды. Жасынан білімге құштар жігіт өзін ілгері жетелеп, Қостанай халық ағарту институтын аяқтайды. Алғашқы еңбек жолы ұстаздықтан бастап, жергілікті жауапты орындарда жұмыс істейді. Жасынан сөз өнеріне ғашық бозбала журналистік жолға түседі. Аудандық және Солтүстік Қазақстан облыстық газетінде жауапты хатшы болды. Сол кезде оның өлеңдері облыстық, республикалық мерзімді баспасөзде жарияланып, көпшілікке танылады.

1937 жылы жігері жалындаған жас дарын Алматыдағы қазандай сарқ-бұрқ қайнап жатқан қаламгерлер ортасына барып, Қазақстан Жазушылар одағы аппаратына қызметке қабылданады. «Бақыт» аталған тырнақалды кітабы 1938 жылы жарық көреді. Суреткер сұм соғыстың да сазды балшығын кешіп, майдан даласындағы «Вперед, на врага» газетінің қызметкері, рота командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары болады. Кейінірек жазушы соғыс тақырыбы туралы бірнеше шынайы шығармалар жазды. Өмірінің ақырғы күндеріне дейін қаламын қолынан тастамайды. Міне, алыс ауылда туып, жетімдіктің мехнатын шегіп, сол кездегі қоғамдағы түрлі формацияны көріп, ақыры қанды қырғынның да ащы дәмін татып, текті тамыры мен салмақты қалыбынан айнымай, тірліктен өз жолын таба білген табанды тұлғаның өмір жолы – кім-кімге де үлгі боларлық өнеге.

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БАҒБАНЫ

Бүгінде балалар әдебиеті кешеуілдеп қалды деп жиі айтамыз. Әрине, оның да түрлі себептері бар шығар. Бірақ кеңестік кезеңде керегесі кеңейген балалар әдебиетінің басында тұрған бірегейлердің бірі Сейітжан Омаров болды. Жазушы шығармаларының басым бөлігі балалар өміріне арналған. Өз туындыларында автор жасөспірімдерді отансүйгіштікке, ерлік пен батылдыққа, достық пен бірлікке, рухани тазалық пен пайымды парасатқа үндейді. Оның жеткіншектерге арналған кітаптарынан көпсөзділік, оқиғаны қолдан қиюластыру, шытырман ой іздеу секілді басы-артық дүниелер кездеспейді. Композициялық құрылымы, сюжет құру шеберлігі, кейіпкерлерінің көркем бейнелілігі, әсіресе, төгіліп тұрған тіл кестесі анық көрінеді. Түрлі әдеби тәсілді сәтті қолданады. Оқығаннан жетелеп жөнеледі. Бір ғана «Абай сөзі» деген шағын әңгімесін алайық. Қысқа ғана, әрі кетсе 4-5 бет. Қаламгер өз балалық шағынан сыр шертеді. Бірде кешкілік үйіне алыстан ат арытып Серкеш деген жездесі келеді. Ол әкесінен айырылып, көңілі қамығып жүрген кішкентай баланы мүсіркеп, маңдайынан иіскеп, екі бетінен алма-кезек сүйеді. Дастарқан үстінде Абай туралы әңгіме айтады. Серкеш жездесі хакім ақынның барлық өлеңдерін бір дәптерге көшіріп алып, оқып жүр екен. Оған бәрі таңғалады. Баланың әжесі мен апасы Абай туралы құштарлана сұрайды. Ас ішіліп болғаннан кейін Серкеш қалың қара дәптерді қолына алып, сығырайған жетілік шамның жарығымен өлеңді оқуға кіріседі. Енді мына үзіндіге қараңыз.

«Абай сөздері менің де құлағыма жағып барады. Оқыған сайын көкірегім ашылып, елігіп, құмарта түстім.

– Бұл өлеңдерді оқыдың деп молда балама дүре соқпай ма? – деп әжем Серкештің бетіне жаутаңдай қарады.

– Молдадан жасырып оқы, кірлетпей ұста...

– Көрдің бе? «Ғылым таппай мақтанба» дейді Абай. Ол – дана адам. Онысы – оқы, үйрен, өнер тап дегені. Оқысаң қор болмайсың. Серкештің бұл айтқаны менің көкейіме қонып, көңіліме жағып кетті.

– Абайдың осы өлеңдері менің саған тартқан сыйым болсын, – деді Серкеш. – Қағаз тозады, өшеді... Жаттап, көкірегіңе жазып ал!

Мен үнсіз басымды изедім...»

Бар болғаны осы. Алып-жұлып бара жатқан оқиға жоқ. Аңғара білсеңіз, автор там-тұмдап зерделі ой айтады. Жазушы қысқа жанрға өте шебер. Қолтаңбасы да дара. Әрине, мақалада кейіпкеріміздің барлық шығармаларын талдау мүмкін емес. Және ол біздің міндетімізге жатпайды. Қаламгердің өзі ғұмыр кешкен дәуірді бейнелеген кітаптары жайында кезінде сыншылар жоғары бағасын берген. Коллективтендіруді қозғаған «Қызыл ай» романы жайында да ой айтқан. Сонымен бірге, суреткердің аудармашылық қыры да бір төбе. Көзі тірісінде әлем және орыс классиктерінің әдеби еңбектерін ана тілімізге тамаша тәржімалаған.

МІНЕЗГЕ БАЙ КІСІ

Жалпы, көрнекті қаламгердің кісілік келбеті өте көркем болған. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағында жауапты, жемісті қызмет атқарған. Өмірде біртоға, кенересінен асып-төгілуді білмейтін, парасаттылықтың құты қонған азамат туралы замандастары төгілдіріп жазған. Айталық, Әзілхан Нұршайықов: «Ешбір жазушы өзін өзгеден кеммін деп ойламайды. Артықпын деп есептейді. Ал Сейітжан ағамыз өзін де, шығармасын да өзгеден биік қойған емес. Бетегеден биік, жусаннан аласа өмір сүрді. Сол үшін де халықтың сүйіктісі болды» десе, ғалым- публицист Жұмағали Ысмағұлов: «Мінезге бай кісі еді. Оның бой-басының мәдениеті, сабырлы, салиқалы адамгершілігі, биязы, жұмсақ парасаты өзі қатарлы замандастарына да, жасы кіші ұрпаққа да үлгі-өнеге еді» деп сыр толғайды. Профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Алдына келгеннің ғана емес, алыстан айбат шеккендердің де тілін тауып, сабасына түсіретін мәмілегерлігі, салмақты мінезімен-ақ асаулардың аптығын басатын азаматтығы бар еді. Қазір осындай қасиет жетпей жатыр-ау деп қалғандайсың» деп ағасы туралы сыр шертеді. Осыдан-ақ жазушының кім-кімге де жанашырлық көрсетіп, ауыр сөз айтпай, жүрегі жылы жан болғанын көреміз.

***

Жоғарыда кемеңгер қаламгердің Атбасарда туғанын жаздық. Бұл жерде көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин дүниеге келген. Туған жерінің тарихын хатқа түсірген этнограф Клара Әмірқызының да осында кіндік қаны тамған. Міне, осындай айтулы тұлғалардан кейін текті өңірден суырылып шыққан көркем сөз зергері көрінбеді. Кезінде Атбасар арғы-бергі жақсылар бас қосып, жиын өткізетін, жүйрік ат саудалайтын орталық болған. Талай дүлдүл әншілер сонда дауысын жеті қырдан асырып ән шырқаған. Кеңестік үкімет орнап, Тың игеру науқаны бел алған тұста қаланы жағалай қоныс еткен қазақ ауылдары жетім баланың күйін кешіп, ана тіліміздегі мектептер жабылып, ұлттық қайнардың көзі бітелді. Жергілікті жұрт өз тамырынан ажырап қалды. Азаттық орнағаннан бері Атбасар өлкесі арайланып келеді. Қазақ мектептері қайта ашылды. Кім біледі, сол оқу ордасындағы білім алып жатқан жеткіншектер арасында Ілияс пен Сейітжан аталарының жолын жалғайтын, қара сөзді пір тұтқан қара бала өсіп келе жатқан шығар?! Жақсылар салған жол жалғасады деп сенеміз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар