Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Какей Жаңжұңұлы - қазақтың көрнекті сықақшысы...

11.07.2017 5273

Какей Жаңжұңұлы - қазақтың көрнекті сықақшысы

Какей Жаңжұңұлы - қазақтың көрнекті сықақшысы - adebiportal.kz

Кеше ғана ортамызда жүрген бұл пәни дүниеден өтті деуге қимайтын аяулы жандардың бірі Кәкей Жанжұңұлы көзі тірі болса, биыл 70 жасқа толар еді. Ол лирик ақын ғана емес, талантты сықақшы да еді. Кәкей сықақтың поэзиялық жанрларында өз өнерімен ел есінде қалып, өзіндік тапқыр әдіс-тәсілімен көзге түсе білді. Ол қазақ сықақшыларының озық өкілдері Бейімбет, Асқар, Оспанхан, Шоналардың тәлімді үлгілерін жалғастырушы әрі осы саланың көрнекті өкілі де бола алғанын батыл айтуға хақымыз бар.

Кәкей сонау мектеп қабырғасында оқып жүрген шағында-ақ сықаққа бейім екендігі қатарлас оқығандардың әлі де есінде. Сол кезде Кәкей Оспанханның «Соқырішек хикаясын» мәнерлеп, жеріне жеткізе сахнада орындаушы еді. Мүмкін сол бала кездің жүрегінде ұялаған әсері ме екен, Кәкей сықақтары стилдік жағынан Осапанхан шығармашылығына жақын, туыстас секілді көрінеді. Бірақ, оны қайталаушы емес, қазақ сықағының ең көрнекті өкілі Оспанханды басып озып кетпесе де, бір кем түспейді. Сондықтан да Кәкейді тек Монғолиядағы қазақ әдебитетінің ғана сықақшысы ғана емес, біртұтас қазақ жұртшылығының белгілі сықақшы, белді жазушысы деп баға берсек асыра мақтап, артық айтқанымыз емес.

Кәкей сықақ өлеңдерімен қатар сықақ әңгіме, көрініс, скетчтер жазды. Моңғол тілінен аудармалар жасады. Кәкей Жанжұңұлының сықақ жанрындағы елеулі еңбегі – 1986 жылы Баянөлгейде жарық көрген «Жебе» атты сықақ өлеңдер жинағы. Біз тек осы жинаққа көз жүгіртсек те, сықақтың өлеңмен жазылған сан түрін тамашалаймыз. Олардың өлеңмен жазылған фельетон, хикаялар, әсіресе пародиялардың түр-түрін: пародия-жыр, пародия-бата, пародия-ән, пародия – беташар, пародия – бесік жыры, «Махамбетше» , «Абайша» сияқты тағы басқа көп қырын байқаймыз.

Кәкей 1969 жылы Алматы қаласында Абай атындағы ҚазПИ-де оқып жүргенде «Жастық шақ көлеңкесінде» деген тақырыппен жазған топтама әзіл-сықақ өлеңдерінен сол замандағы қазақ жастарының келеңсіз қылықтарын сынай білгенін көресіз:

........... Айналайын, аққу мойын,

ай қабақ;

Бір жігіттен тағы шықтың

«тайғанап».

Жүрегіңді жан біткенге

жаймалап ,

Үлгеріпсің жиырма жігіт аймалап,

Жолың болғыр, сылдыр

моншақ, ай қабақ.

Енді қиын боларма екен

бал қарақ,

Қаба сақал біреу кепті

«мал қарап».

Сөз салдырып жатыр дейді

жеңгеңнен,

Жайын жүрмей құтырды –ау

бұл шалдар –ақ,

Енді қиын болар ма екен,

бал қарақ...... деп құрбыларын назды мысқылмен түйресе. Махамбетше пародиясы «Есердің ісі бітер ме?» - де:

Көк таксиге «ер салмай»,

Көше кезіп жер шалмай;

Елбең-елбең билемей;

Еденді теуіп «илемей»,

Қырық қызға сөз бермей;

Жай бұлтындай өзгермей;

Шалбарының балағы

Алты қарыс кем болмай,

Шапанының етегі

Алты сүйем кем болмай;

Сабау-сабау шашына

Сақал мұрты тең болмай;

Елден ерек жан болмай,

Есердің ісі бітер ме?..

– деп мәнсіз – мақсатсыз күн кешкен желікпе есер жігіттерді Махамбеттің көпке әйгілі өлеңнің үлгісімен сықақтап пародияға айналдырады. Ал Кәкейдің басшыларға арнаған «Беташар» пародиясы былайша басталады.

А – ау!

Жаңа бастық келіп тұр,

Жат ортаға еніп тұр.

Жалпақтаған жұртына

Шекеден сәлем беріп тұр...

...............................................

Ары қарай жаңа келген бастыққа жас келіндей таныстыру жасалып, сәлем беруге ұластырады.

... «Ұлық болсаң – кішік бол» -

Деген сөзге алданба!

Қарапайым бастықта

«Айдын болмас» жалғанда.

Қалтыратсын қаһарың,

Қарсы алдыңа барғанда...

Арыстандай ақырсаң,

Алдыңнан жан өтпесін.

Бір мәжіліс шақырсаң,

Бір аптасыз бітпесін,

Шенқойларға бір сәлем!

.............................................

Осылайша «жағымпазға, жебушіге, жемқорға, туыстасына, қол - аяғына» бір-бір сәлем бергізеді

Бұл өлеңде сол заманның ағымына қарсы келген, редакциялық цензурадан өтпей қалатындай да шумақтар кезігеді. Мысалы:

... Өркөкірек, білермен,

Мәнсәпқұмар шіренген,

Сайын елге сиыспас ,

Сендей бастық жіберген,

Жоғартынға бір сәлем!

«Тәйтіктің «Бесік жыры» пародиясы халқымыздың белгілі бесік жырының үлгісінде жазылып, жас ғұмырын, өнімді шағын босқа өтікізіп, «сайран салып» жүрген кейбір жастарды мінейді.

Сол өлеңнен бірақ үзінді келтірейік:

... Мәпелеумен бағайын,

Ағарса да самайым.

Сенен басқа кімім бар,

Болайын бір малайың.

Әлди – әлди «ақ» бөпем,

Ақ төсекке жат бөпем.

Түс ауғанда тұр, бөпем,

Сейіліңді құр, бөпем...

Әлди, әлди, әлдиім;

Қажыттың ғой, қалғиын.

Астан-кестен қалды үйің,

Ашыды ғой бар миым.

Безіп кетсең – ол қиын;

Қайда еріп қаңғиын?!

Әурелеген әлдиім,

Әлдилеткен шал қиын!

Әлди, әлди, әлди – ай!

Кезінде Кәкей Жанжұңұлының әрбір сықақ өлеңі баспаға шыққанда елеулі бір оқиға болғандай, ел елеңдесіп, күлісіп, қайсы бірі шамданып, шамырқанып жүретін. Сықақ жанры адамның кемістігін сынап-мінеп, әшкерелеп отыратын уытты болатындықтан барлық жұртқа ұнай бермейді, әрине. Ақынға сырттай ренжіп жүретін жандар да ел ішінен табылатын. Бірақ Кәкей сықақтары, әсіресе нақты нысанаға тиер фельетондары мәдениетті, әдепті де епті тілмен жазылатын. Мысалға ол бір фельетонына басты кейіпкер етіп, аямай сынап жазған бір азаматтың сыртқы бейнесін жағымды етіп суреттеп, «сонау бір жігіт ағасы пәленше - екең» деп майдалап жеткізген еді....

Кәкей жаңжуңұлының сықақтарының тақырыбы: бұрмаланған дәстүр, кертартпа әдеттер, тоңмойын бюрократтар, ойсыз, ессіз есерлер, маскүнем, жебір-жемқорлар, дін бұзатын дүмшелер сияқты сан алуан болып келеді.

Кәкей өмірінің соңғы жылдарында ұмыт қалған дінімізді қайта қалпына келтіруге, халыққа дін таратуға, жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуге көп қызмет етті. Қазіргі моңғолиядағы қазақтарының орталығы Өлгийдегі алғашқы діни медіресе Кәкей атында. Ол Ұланбатыр қаласына аттанған ең соңғы сапарында сол медіресеге арналған, өзі жасаған «Араб әліппесін» бастыруға барған еді.

Қазірде кейбіреулер: «Кәкей бұрын дінге, әдет-ғұрыпқа қарсы сын жазып келген», - деп әділетке қиянат жасап жүр. Мен ондайларға: «Кәкейдің бұрын жазғандарын, «Жебе» жинағын оқып көріңіз»! - дер едім.

Мысалы, Кәкейдің сол кездегі қысқа шымшымаларында:

... Жұртты алдаған «көріпкел»

Сандалтумен өтпесін;

«Дүмше молда ел бұзар»,

Етек алып кетпесін, - деп жазды.

Яғни, дінге емес дін бұзар «дүмшелерге» қарсы, Кәкей сол Ұланбатырға аттанған соңғы сапарында діни «Әліппемен бірге монғол тілінде шықпақ соңғы сықақ өлеңдер жинағын ала кеткен еді. Ең соңғы жазған хаты да сол сықақ жинағын тапсыру жөнінде болған екен. Ең соңғы лирикалық өлеңдер жинағын «Қош, көктем» деп атаса, соңғы шығар сықақ жинағын «Ұжымаққа барудың құпиясы» деп, атапты. Алла ауызына салып, тағдыр аян бергендей. Моңғол тіліндегі сықақ өлеңдер жинағын аударып шығарысуға моңғолдың белгілі сықақ жазушысы Тангадын Галсан атсалысып көмектесті.(Бұл жинағының шыққанын өзі көре алмады).

Міне, осылайша Кәкей Жанжұңұлы қазақ сықағын дамытуға өзінің аз ғұмырында елеулі үлес қосты. Мен бұл шағын мақаламда сықақшы ақынның әдебиеттің осы бір қиын да қызықты жанрында жазған еңбектерін түгелдей шолып, қорытындылап бере алмадым.

Тек мақсатым – әдебиет сүйер қазақ оқырмандарына, шетелде өмір кешіп, өзінің саналы аз ғұмырында артына қомақты әдеби мұра қалдырған қазақтың белгілі сықақшысы Кәкей Жанжұңұлы деген азаматтың талантын таныстырып, ата жұрттағы ел назарын аударту ғана болды.

Батай МАҚАБЫЛҰЛЫ,

сатирик-жазушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар