Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ж.Әлмашұлының романдары еліктеу ме, жаңалық па?...

14.08.2017 5642

Ж.Әлмашұлының романдары еліктеу ме, жаңалық па?

Ж.Әлмашұлының романдары еліктеу ме, жаңалық па? - adebiportal.kz

Шағын-шағын әңгімелердің де, көлемді романдардың да мақсұт-мұраты, миссиясы бір болса керек. Ол – адам жанының қатпарларын, болмысын ашу, замана үнін жеткізу, қоғам шындығын айту дер едік. Бірақ, қоғамдық формация өзгерген сайын көркем әдебиеттің түрленіп, жаңа ағымдар дүниеге келетіні және бар. Жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы соңғы уақыттары жаңа ізденістерге барып жүргенге ұқсайды. Оның соңғы шыққан кітаптарының бірі – «Қорғансыздың түні» атты еңбегінде роман-драма, роман-хат, роман-модерн, роман-трагедия сынды бөлімдерге бөліпті. Бұл кітап несімен құнды? Бұндай ізденістердің көркем әдебиетке қандай үлесі бар, әдеби үдеріске қаншалықты әсері бар деген сауалдар туындауы шартты дүние. Олай болса, біз бұл кітап жайындағы пікірлерге кезек берсек.

Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

«Жолтайдың бұл шығармаларын оқырманның кең талқысына салатын дүниелер деп есептеймін»

Бірге жүрген соң Жолтайдың роман-драма, роман-хат, роман-модерн, роман-трагедия деген дүниелер жазғанын естіп, «бұл қалай екен» деп оқып шықтым. Оқығаннан кейін мынадай ой келді. Классикалық әдебиеттің сынынан өткен жанрларымыз бар. Кешегі совет кезіндегі реализм, романтизм жанрлары арқылы көптеген жақсы дүниелер жазылды ғой. Солар арқылы Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тахауи Ахтанов болсын, одан кейінгі толқын Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Оралхандар сүбелі шығармалар жазды. Олардың барлығы да шын мәнісінде іргелі туындылар. Қазақтың табиғатын, болмысын аша білді, тұрмысын көрсете білді, жоғын жоқтай білді. Заман өзгерген сайын жаңа жанрлар пайда болатыны рас. Біз нарық заманына көштік қой. Осы заманның шындығын аңырата айту керек. Бірақ, сол шындықты айта алмай жатырмыз. Кешегі совет кезінде «шіркін-ай менің қолымды босатса ақиқатты айтар да едім, жазар да едім» дейтін қаламгерлердің қайсысы сол сөзінде тұрды?! Рас тарихи тақырыпта әр-түрлі шығармалар жазылды. Бірақ, кеңес кезіндегідей жазылған жоқ. Есенберлин, Мұхтар Мағауин тудырған шығармалар секілді осы жиырма бес жылдың ішінде кесек-кесек дүниелер жазылды ма? Мысалы, Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабозы» да, «Соңғы көші» де кеңестік кезеңде жазылды. Ал, енді тарихты, қоғамдағы ақиқатты айтуға не кедергі? Ешкім тосқауыл қойып отырған жоқ қой?!

Біз бұрынғы ата-бабаларымызбен мақтанамыз ғой. Олардың батыр, дана болғаны рас. Ал, қазір қазақ қалай өзгерді? Бүгінде баласын туып, күресінге лақтырып жатқандар бар, анасын өлтіргендер бар. Сол секілді, ішіп-жеп жатыр, тонап-қанап жатыр, өлтіріп жатыр. Педофилдік мәселе тағы бар. Қазір 400 мыңға жуық гей бар дейді елімізде. Мен оған қарсы біраз күрестім де. Алты жыл күресіп, қарсы тосқауыл қоятын заң жаздым. Парламенттік қос палатасынан өткен соң, конституциялық кеңеске жіберіп, тоқтатты. Гейлердің көңіліне қарап, керек заңның жолын кестік. Міне, бүгінгі күннің шындығы. Мемлекет пен қоғамдағы осы кереғарлықты көркем әдебиетте көрсетуге тиіспіз. Соған кірістім. Алдымен «Мәжіліс депутатының күнделігі» деген атпен естелік түрінде жазып шықтым. Бұйыртса, соның көркемдік шешімін табу ойымда бар. Біз, қаламгерлер жазатын шығармаларымызға жан-жақты дайындықпен келуіміз керек. Ең алдымен қазіргі қазақ ұлтын танып алайық. Ол өзгерген, бұрынғы қазақ жоқ. Осы орайда біраз зерттеу жүргіздім. «Егемен Қазақстан» газетіне «Ұлтты танып болдық па?» деген мақала жаздым. Негізінде ұлтты және адамды танитын, олардың нарық заманындағы өзгерістерін айқындайтын, соған сәйкес мемлекеттік саясатты белгілейтін арнайы институт жұмыс істеуі керек. Бізде ол жоқ. Сондықтан ұлттанумен жазушылардың айналысуына тура келеді. Өкінішке қарай, осылай жасап жүргендер жоқ секілді. Айталық, Жазушылар Одағы осындай үлкен мәселелерді неге талқыламайды? Осындай іргелі, бүкілхалықтық маңызы бар шаруалармен айналысу оның бірден-бір міндеті емес пе?

Жаңа заманға жаңа жанрлар керек те шығар. Сол тұрғыдан келгенде Жолтайдың талпыныстары дұрыс. «Бумеранг», «Бақидан келген келіншек», «Жатпланеталық жігіт», «Абыз-ғұмыр» сынды шығармалары біздің бойымыздағы кейінгі өзгерістерді айтуға ыңғайлы екен.

Қазір біз әдебиетті анау керек қылмайды, мынау керек қылмайды деп көп айтамыз. Ал әдебиетті әдебиетші керек қылып отыр ма осы заманда? Жазушылардың өздері бір-бірін оқымайды. Оқымағаннан кейін салиқалы талқылау болмайды. Жолтайдың бұл шығармаларын оқырманның кең талқысына салатын дүниелер деп есептеймін. Мүмкін «Әдебиет порталы» осыған себеп болатын шығар. Жалпы алғанда әдебиеттегі кез-келген жаңалық ескерусіз қалмауға тиіс. Сол жаңалықты түсінуге тырысу керек. Маған ұнамайды дей салу қиын емес. Меніңше, Жолтайдың аталған шығармаларында өзін-өзі ақтайтын ізденістердің бар екені анық.

Айнұр НАЙМАНБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

ШАҒЫН РОМАНҒА – АУЫР ЖҮК!

(Жолтай Жұмат- Әлмашұлының қысқа романдары хақында)

Дәуір икемдігіне қарай мәдениетті де ыңғайлап қалыптастыру үдерісі дамып келеді. Мың ғасырлық тарихы бар текті әдебиет жанры қашан да адам жанына азық болып, ой мен санаға әсер етер алады. Қазіргідей қарқынды ақпарат заманының жазу өнерінде «ғаламтор-әдебиет» қалыбы ерекше қалыптасуда. Әдебиетіміздің алып тұлғаларының саф мұраларын ғаламтор арқылы электронды нұсқада оқып, уақыт пен қолжетімділікті арттырудамыз. Бүгінгідей «әдебиет оқылмайды, сын-пікір жоқ» деген қоғамда бұл да бір елеулі ықпал деп білеміз...

Әрбір қаламгердің өзіндік сөз саптау шеберлігі мен талғамы, ізденісі мен жазу машығы оқырманын еріксіз жетелеп отыратыны белгілі жағдай. Мұны әдебиетке жаны құштар қауым ежелден-ақ бағалап келеді, талғам өзгерген жоқ. Бала кезімізден-ақ Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ш. Мұртаза, Ә. Кекілбай сынды қаламгерлеріміздің шоқтығы биік шығармаларын санамызға сіңіріп өстік. Уақыт көші жүре келе, әлемдік ізденістерде бар, мүмкіндігінше ықшам, шағын көркем дүниелерді жазу үдерісі қалыптаса бастады. Бұдан ұтарымыз қайсы, табатын көркем табысымыз қандай – әңгіме осы төңірегінде болмақ!

Прозаның биік шыңы – роман. Демек, оған артылатын міндет те, жүк те салмақты. Сосын да роман төңірегіндегі пікірталастардың ылғи да толассыз өрбіп отыруы заңды құбылыс. Жуырда белгілі жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының соңғы жылдары жазған шағын романдар топтамасын оқып шықтым. Қаламгердің «Қорғансыздың түні» (Астана, 2016ж) жинағында «Бақидан келген келіншек», «Жатпланеталық жігіт», «Абыз-ғұмыр», «Қорғансыздың түні», «Күлкі мен көз жасы», «Бумеранг» тәрізді қысқа роман, киноромандары жинақталған. Бұл шығармалардың тілдік-көркемдік, бастысы идеялық мазмұнына ден қойдық.

Өлшеулі ғана өмірде адамзаттың бүкіл ғұмыры сынақтар мен болашаққа деген үміттен тұратындай... Автордың «Бақидан келген келіншек» роман-драмасында оқиға желісі Байжұман есімді кейіпкер арқылы баяндалады. Бұны әуелгі байқаммен түйіндеп айтсақ, «фэнтези» жанрында жазылған дүние деп тануға болатындай. Яғни мұнда Байжұманның бақиға кеткен жары Бижамалмен сырласуы, отбасылық өмірі мен жүріп өткен жолы, жан азабы екеуара әсерлі диалогтармен бейнеленген. Бұл туынды «ғаламтор-әдебиет» порталында жарияланып, әртүрлі пікірлер айтылды да.

Байжұман басшылық қызметте істейтін қаладағы кәсіпкерлердің бірі. Жары Англиядағы қызына бара жатқан кезеңде ұшақ апатынан қаза тапқан. Арада уақыт өте келе Байжұманның көңілі құлазып, асыл жарына деген сағынышы арта түседі. Күндердің күнінде Бижамал түн ішінде адам кейпінде күйеуіне сырласуға келеді. Мұнда түс те, елес те емес, кейіпкер күнделікті өмірдегідей өткен шақтарды саралап, әңгіме өрбітеді. Алайда, ерінің мұндай жағдайдың болуының мүмкін еместігін сұрағанда Бижамал: «Бізге фәнидегі пенделердің әрбір қадамы, әрбір әрекеті мүлде жұмбақ емес. Бәрін көз алдымызға әп-сәтте, керек еткен кезде жылдам әкеле аламыз... Фәнидегілер бізді тез ұмытып, тез естен шығаратыны жанымызға батады. Тіпті бақилықтар туралы егіле-езіле айту қажет емес деушілер де бар», – деп жауап қатады. Осылайша жары күн батып, қараңғылық түскенде келіп, таң атқанда мәңгілік мекеніне оралып отырады. Оқиға әрбір әңгіме-талқыға қарай, жиырма жеті түнге жинақталып, ықшамдалып берілген. Біз «өлгендер қайтып келмейді» дейміз. Дейміз де, бұл тақырыпқа үлкен нүкте қоямыз. Ал, қаламгердің ой-қиялы басқаша. Автордың идеясында – адамзаттың тіршіліктегі ар-ожданы мен іс-әрекетін таразылап, отбасы құндылығын бағалап, яғни бар нәрсенің бағасын ұғыну теоремасы алға шығады. Мұндағы әрбір түнде Бижамалдың диалогы арқылы жұптық өмірдегі кейбір өкпе-наз бен балаларының болашағына алаңдаушылық, болжам жасау көрінісі байқалады. Мұны біз «әруағы қолдап жүреді...» деген ұғыммен ұштастырамыз. Яғни мұнда жаны жаралы Байжұманға келіншегінің елес болып үн қатуы оған күш-жігер беріп, өткен кемшіліктерінің орнын толтыруға себепші болуы – заңдылық іспетті. Мұнда қилы тағдыр да, өкініш пен жастар тәрбиесіндегі еркіндік те кеңінен мазмұндалған. Бақилық адамның қайтып келмейтіндігі белгілі болғанымен, шығарманы адам рухымен сырласу деп түсінсек жарасатындай. Не болмаса, бір кісінің өз қиялымен өзі арпалысуы, ішкі ойлардың лықсып сыртқа шығуы десе де болар ма? Оқиғалар желісі қарапайым да ұғынықты тілмен, әсіресе диалогтармен өріліп отырады. Автор жанрын «роман-драма» деп атапты, ендеше бұл екі жанрдың синтезі. Қазақ әдебиетінде бұндай әдіс бұрын-соңды болды ма екен? Біз әлі кездестірмеппіз.

Әдетте кісіге есім қоярда, оны болашағымен байланыстырып жатамыз. Суреткердің «Қорғансыздың түні» кинороманындағы Ғазиза кейіпкер атақты М. Әуезов шығармасындағы Ғазиза тағдырындай аянышты күй кешеді. Мұны шығарма барысында Ғазизаның сыныптас досы Жарғақбас: «Жаман демеймін. Тек... Ғазиза деген есім Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесінде бар. Ал, ондағы қыз тағдыры...», – деп баяндап өтеді. Кейіпкер есімі жазушы қиялындағы дүние ғой. Бұл жерде адам есімін жамандыққа жору емес, кейбір ұқсастықтар туралы айтылады, ол енді өз алдына бөлек әңгіме!

Шығарма желісі бойынша жесір ананың қызы Ғазиза ару сәті түсіп жақсы білім алып, қызметке орналасып, отбасын құрады. Анасын ауылдан көшіріп әкеледі. Алайда отбасындағы қаржылық қиындықтарға шыдас бермеген кәсіпкер күйеуі Әбдісағит шетелге барып жұмыс істеуге бел байлап, ұзақ уақыт бойы хабарсыз кетеді. Қыздары Аяжан да талшыбықтай болып майысып өсіп келе жатқан. Отбасылық жұптың сәтсіздіктері осы кезеңдерден басталады. Күндердің күнінде Ғазиза Қалыбай есімді еркекпен көңіл жарастырып, бақытты күн кешкендей болады... Әйтсе де Аяжанның туған күн кешіндегі байқаусыз жасалған «масаңдау әрекеттер» опасыздықпен аяқталып, жас қыздың тәтті өміріне балта шабылады. Мұндағы бақытты аңсаудағы сәтсіздіктер мен қоғамда болып жатқан адамгершілік, иманның әлсіреуі сынды өткір мәселелер еріксіз көзіңізге жас үйіреді.

Роман соңында әкесі Әбдісағит табысты болып елге оралып жатқанда, тағдыр ауыртпалығына шыдай алмаған Ғазиза кенеттен дүние салады. Әкесі Аяжанды жоғары оқу орнын бітіртіп, ұзатады. Той үстіндегі танысуларда құдалыққа Қалыбай келеді, сөйтсе күйеу бала Тасқали оның жиені болып шығады. Халқымызда «жамандық айналып иесін табады» деген сөз бар емес пе? Мұнда Қалыбайдың өткен іске өкінгендей болып аһ ұрғаны, өз жанының азабына түскені шынайы баян етілген. Шағын роман желісі кермек өмір көріністері мен ащы шындыққа құрылып, қысқа метражды көркем фильмге сұранып тұрғандай. Жаңаша қалыптағы синтезді туындыны (автор кино-роман деп атаған) ұсынған қаламгердің айтар ойы қашан да жоғары, алдағы уақытта көркемдік айналымға түсері анық.

Кітаптағы басқа туындылар да өмірдің өзінен алынған, тағдырлар тоғысынан сыр шертетін, жазу мәнері мен стилі мүмкіндігінше өзгешелеу шығармалар екен. Өзара хат жазысу арқылы өрбитін «Бумеранг» (роман-хат) – жас күнгі достардың уақыт өте келе өзгеріп, өзгеше жолға түсуі мен араларындағы салқындық сияқты кінәраттарға үңіле отырып, тірліктің тағы бір құпия сырларын ашуға деген ұмтылыс! «Абыз-ғұмыр» (роман-трагедия) – қазіргі замандағы адамдар арасындағы қарым-қатынастың өзгеруі, үлкендер мен кішілер арасындағы сыйластық-түсіністікке сызат түсуі, сол арқылы уақыттың да, мінездердің де өзгеруі жайынан ой толғаған шығарма! «Жатпланеталық жігіт» – есейіп, ес жинаған жігіт ағасының жас кездегі шалыс қадамына өкінуі мен бармақ тістеуін толғаған туынды! «Күлкі мен көз жасы» – ХХ ғасыр басындағы аласапыран кезеңді, кәмпеске мен ашаршылықты, «жазықсыз» жазалануды бастан кешкен ұрпақтың ұлы өкініші! Біз бұл туындыларды түгелімен талдап жатуды мақсат етпедік.

Қысқасы, жазушы Ж.Әлмашұлы бүгінгі қазақ прозасында өзіндік қалыптасқан үні бар қаламгер болумен қабат заманға сай жаңа форма-ізденістерге де түрен салыпты. Олар: оқиғаны тым қоюлатпай, жеңіл баяндау; көлемді барынша қысқарту, көркем образдарды диалог арқылы даралап-сомдау; тілдік-стильдік эксперименттерге бару; жанрлық ерекшеліктерді жақындастыра түсіп, өзгеше форма-әдіс түзу...

Біздің ойымызша, бұл шағын романдар топтамасы алдағы уақытта әдебиет сыншыларының назарына ілініп, өзінің әділ бағасын алуы керек.

Әрине, әдебиет әлемінде жаңаша жазу мен жаңалыққа ұмтылыс қашанда бірден қабылданбаған, ол үшін уақыт керек, пікірлер жиынтығы керек. Біз білетін қаламгер Жолтай Әлмашұлы бұған дейін классикалық әдіс-тәсілдермен әдіптеп жазылған «Тар дүние» роман-трилогиясының авторы еді, сол шығармасымен-ақ әдеби ортада жақсы аталып та жүретін. Енді заманға ілесе, жаңа форма мен әдіс іздеп, шарқ ұра, сол жолда өзінше соқпақ салмаққа ниет етсе – оны жақсылыққа балау керек болар!

Біздікі түпкілікті түйін сөз емес. Әзірге ой-пікіріміз осыған саяды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ, әдебиеттанушы, журналист:

ЖАҚСЫ КІТАП – ЖАН АЗЫҒЫ

Жақында белгілі жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Қорғансыздың түні» деген кітабы қолыма тиді. Бірден қызығып оқып шықтым.

Жаңа жинақ екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімге автордың соны ізденіспен жазылған қысқа романдары топтастырылса, екіншісіне көркемдігі жоғары киноромандар мен кинодрамалар енген.

Кітаптың беташары «Бақидан келген келіншек» атты роман-драмамен ашылады. Атауының өзі жүректі дір еткізеді. О дүниеге кеткен адам ешқашан оралмайды деп ойлаймыз. Қисыны солай ғой. Бірақ қаламгер өз романын жаңаша леппен жазған. Алғашқы беттен тұнық судың иіріміндей үйріп әкетеді. Қалай шығарма соңына барып қалғаныңызды білмей қаласыз. Оқиға желісі Байжұман есімді кейіпкер арқылы баяндалады. Ойы толысқан, орта жастағы азамат. Екі баласы бар. Кәсіпкер. Адамға қайғы қайдан келетінін ешкім білмейді. Шетелде оқитын қызына барам деп алыс жолға шыққан жары – Бижамал оқыстан ұшақ апатынан қайғылы қазаға ұшырайды. Кәдімгі тіршілікте болып жататын жағдай. Тұтқиылдан тиген ауыр соққы Байжұманды есеңгіретіп жібереді. Өмірдің бал қызығын бірге кешіп келе жатқан жарынан айырылу орта жасқа келген ер-азаматқа оңай емес. Басқа бермесін деп айтамыз. Талай азапты күндерді өткізеді. Балалардың өз қызығы өзімен. Бәрінен бұрын суық қайғы Байжұманға тастай батты. Бақиға озған қосағының барлық міндетін атқарады. Жұбайының соңғы салауатты шарасы – жылын да берді. Қазақ «өлмектің артынан өлмек» жоқ дейді. Сонда да ол есінен Бижамалдың бейнесін еш шығармайды. Жатса да, тұрса да ойында жүреді. Қайта күн өткен сайын оған деген махаббаты мен сағынышы ұлғайа түседі. Автор соның бәрін тұшымды бейнелейді. Шығарма тұтастай психологиялық иіріммен жазылған. Алып-жұлып бара жатқан шиеленісті оқиға жоқ. Фәнидегі адам мен бақиға озған марқұм арасындағы диалогтар арқылы өрбиді.

Бірде Байжұман кафеде Кенжехан деген досымен кездесіп, ептеп шарап ішіп бой тарқатады. Сол күні үйге келісімен талып ұйықтайды. Туынды осы жерден қоюлана түседі. Оны автор былай баяндайды: «Кенет... құлақ түбінен жып-жылы, жанға жайлы тиген ыстық леп ескендей. Ұйықтап жатса да, сол ләззатты лепті сезіне алған. «Бұл кім? Менің бөлмеме бөгде кісі кірмеуші еді ғой». Көзін ақырын ашты. Төбеге қарады. Люстра. Сосын оң жағына қарады. Тумба мен лампаны көлегейлеген бейне. Кісі бейнесі». Ол елес – бақидан келген жары Бижамал. Қапалы күнді кешіп жүрген күйеуімен сырласуға келеді. Былай айтқанда, Байжұман не өңі емес, не түсі емес бір жұмбақ жағдайды бастан кешеді. Адам жаны – тылсым құбылыс. «Саған да рақмет! Бір жыл бойы тек қана мені қиялыңа қонақтаттың. Санаңнан өшірмедің. Аңсадың. Сарғайдың. Күттің. Түсіңде сырластың. Оның бәрін білемін» деп күйеуінен тартып жүрген жан азабын азайтықысы келеді. Байжұман о дүниеден оралған Бижамал екеніне сенбейді. «Жоқ, бәрі өтірік! – деп қолын тартып ала қойды. – Өлгендер ешқашан тірілмейді. Сен Бижамал емессің. Басқасың» деп сенімсіздік танытады. Әрине, шағын мақалада шығарманы толықтай талқылау мүмкін емес. Бірақ автордың жаңаша ізденісіне тәнті етеді. Бастысы, оқиға оқырманды сендіреді. Алай-дүлей сезімге бөлейді. Қаламгер романда кейіпкерлердің образын ашуға диалогтарды әдемі ойнатады. Ұзыннан-ұзақ болып көрінгенімен, туындының ажарын ашады. Сол арқылы кейіпкерлеріңнің психологиясына тереңірек сүңгиді. Романдағы оқиға желісі жиырма жеті түнге жинақталған. Әрбір түнде Байжұман мен Бижамал диалог арқылы өздері бастан кешкен өмірдің әрбір сәті бүкпесіз баяндалады.

Біз оқырман ретінде көркем дүниеден не түйдік? Соған келейік. Әлмашұлы өз романында жұмыр басты пендеге «бір күндік сәуле-ғұмырдың қадірін біліп, сыйластықпен, түсіністікпен ғұмыр кешіп, бір-бірлеріңізді бағалап жүріңіздер» деген ойды емеурінмен жеткізеді. Қазақы отбасы құндылығының мәні өзгеріп бара жатқан шақта соның асыл қасиетін дәріптеген ойды астармен бедерлейді. Жазушы жаңалығы деп әдебиеттегі екі жанрды ұтымды үйлестіре білгенін айтуға болады. Өйткені кітапты оқығанда көз алдыңызға екі кейіпкердің бейнесі келіп, сахнадан қойылым көргендей әсер аласыз. Көркем туындыны мінсіз деуден аулақпыз. Романның түйіні аяқталмай қалған секілді көрінді. Соңғы парақты жапқанда тұшынбай қалғандай болдық. Оны оқырманның өз талғамына қалдырайық.

Қарымды қаламгердің «Бумеранг» деген романы да тәп-тәуір дүние. Хат түрінде жазылған көркем дүниеде бала күнінде тай-құлындай тебісіп бірге өскен үш достың есейе келе үш жолға түскен өмірлері өзгеше толғаммен өріледі. Өмірден өзінен ойып алған шығарма адамды терең ойларға жетелейді. Сондай-ақ, «Жатпланеталық жігіт» және «Абыз ғұмыр» деп аталған тың тыныспен ақ параққа түскен екі туындының көтеріп тұрған жүгі ауыр. «Абыз ғұмыр» романы қаламгердің «Тар дүние» аталған үш кітаптан тұратын сүйекті романдарының жалғасы іспетті.

Жинақтың екінші бөліміне енген кинодрамалар мен киноромандарының ішінен «Қорғансыздың түні» атты шығарманы әдейі бөліп алғымыз келді. Автор осы туындының атауын кітапқа берген. Кинороманға дәл бүгінгі күннің бейнесі алынған. Бір қарағанда, күнде естіп, көріп жүрген жағдай. Ал оны көркем шығарма ретінде оқығанда, оқырманға басқаша әсер етеді.

Шығармада басты кейіпкердің аты – Ғазиза. Тоқтаңыз, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» аталған әңгімесіндегі бас кейіпкердің есімі де Ғазиза болатын. Әрі екі туындының атауы да ұқсас. Ұлы суреткердің классикалық әңгімесі 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының 3-4 сандарында «Арғын» деген бүркеншік атпен жарияланған. 1922 жылы Орынборда «Қорғансыздың күні» деген атпен жеке кітап болып шықты.

Ғазиза бала күнінен сезімтал болып өседі. Көркем әдебиетті жақсы көреді. Ардақты әкесі өмірден ерте озып, бар ауыртпалық анасына қалады. Мектепті жақсы оқыған бойжеткен өзі талаптанып жоғары оқу орнына түседі. Оны ойдағыдай аяқтайды. Енді ел қатарлы жұмыс істеп, жалғыз анасына қамқоршы болсам дейді. Қолына дипломын алғаннан кейін, шешесінің көңілін қимай ауылға келеді. Ол жерден дұрыс жұмыстың реті келмей, қайтадан қалаға келуге тура болады. Ауылдан көшерде анасы жалғыз қызына: «әкесінің көзі болған үйді сатпайық» деп өтініш айтады. Кім біледі, алда қандай өмір күтіп тұрғанын. Қалаға қоныс аударғаннан кейін Ғазиза тәп-тәуір қызметке орналасады. Көңілі әр нәрсеге алабұртып тұратын жас адам. Сондай күндердің бірінде ылдым-жылдымы бар, өткір пышақтай лыпып тұрған, өзін бизнесмен санайтын Әбдісағит есімді жігітпен танысады. Екеуі көп ұзамай шаңырақ көтереді. Аяжан деген тәп-тәтті сәби дүниеге келеді. Оқиға осылай өріле береді. Күнделікті тіршіліктің проблемалары алдан шығады. Шаруасы жүрмеген Әбдісағит шетелге барып жұмыс істеуге бел байлап, ақыры ізім-ғайым жоғалады. Енді бар қиындық Ғазизаға түседі. Анасы дүние салады. Ешқандай хабары жоқ ерінен ол күдерін үзе бастайды. Сөйтіп жүргенде Қалыбай есімді еркекпен көңіл қосады. Міне, осы қара ниетті Қалыбай адам айтқысыз қылмысқа барады. Ғазизаның өмірін ғана емес, бой жетіп келе жатқан Аяжанның да тұнығын шайқайды. Осы оқиғадан кейін Ғазизаның «Ақымақпын! Сорлымын! Тас маңдай жан – менмін! Уа, Құдай, алдымен мені жазала! Мені сал бар азабыңа…» деген жан айқайы жаныңызды ауыртады. Шығармада жазушы әр кейіпкердің жанына терең бойлау арқылы моральдық-психологиялық күйді сипаттайды. Дәл бүгінгі күні қоғамда жайлап бара жатқан келеңсіз көріністерді көркем бедерлейді. Романның соңы қайғылы аяқталады.

Баяғы шетелге кеткен Әбдісағит енді қалтасы қалыңдап елге келгенде, тағдырдың салған ауыр сынағына шыдамаған Ғазиза қайтыс болады. Енді Аяжанға әкесі бас-көз болады. Жоғары оқуға түсіреді. Өз қолымен тұрмысқа ұзатады. Енді мына сұмдықты қараңыз. Той құда болып Қалыбай келеді, сөйтсе күйеу бала Тасқали оның жиені болып шығады. Автор жексұрын Қалыбайдың тойдағы көрінісін нақпа-нақ суреттейді. «Енді қайтем? Өз келінімнің көзіне қай бетімен көріне алам!.. Құдай атты ғой мені... Тас төбемнен ұрды ғой, қайтейін...» деп өкінгендей болып аһ ұрғаны, өз жанының азабына түскені шынайы көркемделген. Жазушы осы дүниесі арқылы «бұ дүниеде адамға жасаған қысастық о дүниеге кетпейді» деген философиялық ойды айтады. Кинороманды «Қорғансыз түні» емес, «Қорғансыздың мұңы» деп атаса қалай болады деген ойда қылаң берді. Әрине, оны автордың өзі біледі. Өйткені туындыда жалғыз Ғазиза мен Аяжан ғана емес, сол секілді көптеген қазақ қыздарының тағдыры шырқыраған шындықпен өрілген.

Қорыта келгенде, қазақ әдебиетіне бұған дейін де талай сүйекті көркем дүниелер берген Жолтай Жұмат-Әлмашұлы – соңғы жылдары түрлі әдеби формалық ізденістерге батыл барып жүрген жазушы. Бүгінгі уақыттың тынысын сезіне білген қаламгердің туындыларынан жаңа леппен жазылған өзгеше өрнекті көрдік.

Дайындаған: Наурыз САРША


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар