Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Амангелді Кеңшілікұлы: Жұмекеннің махаббаты... (Жалғасы. «Тамырым менің тереңде» атты кітаптан)

11.09.2017 4664

Амангелді Кеңшілікұлы: Жұмекеннің махаббаты... (Жалғасы. «Тамырым менің тереңде» атты кітаптан)

Ес білгелі екеуі бірін-бірі тек сыртынан ғана естіп-біліп өсті. Уақыт өте келе үлкендердің аузынан тыңдаған әңгімелер бір-біріне деген ынтызарлық сезімін артқыза түсті. Ұлы ақынның болашақ жары Нәсіп пен Жұмекеннің атасы бір топырақта туып-өскен адамдар. Екеуінің балалық тағдыры да егіз қозыдай ұқсас. Жұмекен атасының қолында, ал Нәсіп нағашы атасының бауырында өсіп, тәлім-тәрбие алған. Екеуі де Қошалақ құмына аты шыққан қос қарияның еміреніп сүйген тұңғыш немерелері. Көрмесе де, үлкен кісілердің әңгімесінен бір-бірі туралы сырттай жақсы қанық. Нәсіпті тәрбиелеген Балсекер анасы алаша руынан еді. Ол кісі: «Нәжақама сәлем берем, көрісіп келем» деп амал мерекесі кезінде сонда сапарлап кететін. Ағасымен көрісіп келген сайын, аузының суы құрып айтатын сөзі: «Құдай тіл-көзден сақтасын. Нәжақамның жалғыз немересі Жұмекенжан адам болайын деп тұрған бала екен, жалғыздан қалған тұяқ қой. Алла тілеуін беріп, ғұмырын ұзақ қылсын. Әйтеуір, тегін бала емес екенін жүрегім сезеді. Үйіне қашан барсам да қолынан кітап түспейді. Жұрттың балаларындай ойнап жүргенін көрген емеспін», - деп жер-көкке сыйғызбай мақтау болады. Ол кісі ешкімді аса жақтырмайтын. Мына сөздерінен кейін «Жұмекен қандай бала екен?» деген ой бой жетіп келе жатқан қыздың жүрегіне де ұялап, ішінен оны ойлап қояды.

Жұмекеннің әкесіне тете қарындасы, бүгінгі таңда белгілі музыка зерттеушісі, ғылым кандидаты Жұмагелді Нәжімеденовтың анасы Мүлік апай (шын аты Мүлкима) ер мінезді, сөзге шешен әйел. Ол да апам мен жездеме сәлем берем деп Нәсіптің үйіне келіп тұрыпты. Сондай араласып-құраласып жүрген күндердің бірінде оның да тамырын тартқан бәйшешектей құлпырып келе жатқан Нәсіпке көзі түсіп, қызыға қарайды. Үйге келгенде ол да «Жездемнің қызы әппақ үлпершектей болып өсіп келеді. Кестені, шілтерді сондай шебер тігеді. Мінезі де ұяң, өзі де сондай ибалы», - деп Жұмекенге көңілі ұнатқан қызын жеріне жеткізіп, келістіріп мақтай береді, мақтай береді. Апасының тамсанып айтқан сөздері Жұмекенге ой салып, ол да ішінен «қандай қыз болды екен?» деп Нәсіпті көруге құмартып, төзімі тауысылып, тағатсызданып жүреді.

Сырттарынан бірін-бірі жақсы білгенімен, екеуі жеті жылдықты бітіріп, онжылдық мектепке келгенде ғана жақын танысады. Ол жылдары қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданында ( бұрынғы атауы – Гурьев облысы Теңіз ауданы) үш-ақ онжылдық мектеп бар еді. Аудан көлеміндегі жеті жылдық мектепті бітірушілер аудандағы үш орта мектепке бөлінетін. Тағдырдың бір-бірін көруге ынтығып жүрген жандарды жақындастырып қойған шеберлігіне, қарасайшы. Жұмекен де, Нәсіп те Нұржау ауыл советіне қарасты Ворошилов атындағы мектепте оқитындардың тізіміне ілігеді. Көргеннен-ақ бірін-бірі ұнатқан екі жастың албырт сезімі уақыт өте келе ұлы махабатқа ұласты. Бұл туралы ұлы ақынның жан жары Нәсіп Мұстахқызының 2015 жылы Жұмекен Нәжімеденовтың 80 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Жұмекен-құдірет» деген тамаша кітабында өте жақсы баяндалған. Махаббат – өте нәзік тақырып. Сондықтан да біз жадымыздан ештеңе қоспай, алғашқы көргеннен-ақ бірін-бірі ұнатқан екі жастың махаббаты туралы осы кітапта тілге тиек етілген оқиғаны ықшамдап, нәзира үлгісімен өз сөзімізбен әңгімелеп бергенді жөн санадық.

Екеуі кездескен жылғы қыркүйектің бірінде сабақ болған жоқ, оның орнына жиналыс өткізілді. Мектеп директоры Мұсағалиев Қожахмет жиналысты ашып, алдымен мұғалімдерді таныстырды. Содан кейін оқушылардың қай аусымда оқитынын, кімдердің жатақханаға қабылданғанын, кімдердің бюджет тобына, кімдердің қоғамдық негізге алынғанын айтып, тізімді оқып шықты. Бюджет тобына іліккендердің киімі, тамағы тегін. Қоғамдық дегені - әркім ақша төлеп тамақтанады. Жұмекен де, Нәсіп те бюджет тобы тізіміне ілігіп, екеуі де түстен кейін оқитын болып шықты. Міне, осылайша тағдырдың жібі екі жасты жақындата түсті.

Сол жиналыста апасының аузының суы құрып, жер-көкке сиғызбай мақтап жүрген қызының аты-жөні аталғанда оның да өзі оқитын мектепке келгенін Жұмекен біліп, «ол қай қыз?» деп қасында отырған баладан сұрайды. Бір қызығы жөн білгісі келген баласы өзімен бір сыныпта оқитын Нәсіптің туған немере ағасы Нұрғалиев Ғалымжан болып шығады. Немере қарындасын жыға танымайтын белгісіз бозбаланың сұрастырғанын ол аса жақтырмаған болуы керек. «Оны қайтесің?» - деп төбесінен қойғандай дүңк еткізіп, жауап қайтарыпты. Жұмекеннің есімі аталғанда Нәсіп те қасында отырған Қошалақтан келген Байдаева Қалау деген қыздан ол жайында сұрастырады.

Жұмекенді алғаш көргендегі әсері қыздың жадында мәңгі өшпестей болып сақталып қалды. Үстінде Мүлік апасы тіккен көк китель. Кителінде солдаттың сары түймесі бар. Ақ көйлек, солдат формасы түстес матадан шалбар, қара ботинкасы болды. Орта бойлы, дене бітімі шымыр, шыныққаны көрініп тұр еді, өңі аққұба, шашы қап-қара әрі қалың.

Екеуі білім алған Ворошилов атындағы мектеп «Қазақстан» балық колхозында орналасқан. Колхоз клубының радио торабы арқылы мектеп оқушылары колхозшылар мен мұғалімдер үшін концерт беретін. Мектептің жалғыз скрипкасы бар, онымен Жұмекен жеке нөмір орындайды. Скрипканы одан басқа ешкім ұстамайды. Мереке күндері оқушылардың өнерін қызықтаған көрермендер кішкентай клубқа сыймай кетеді. Ол кездегі кітапхана, клуб дегендеріңіз ұядай ғана шағын үй ғой. Жұрт Жұмекен мен Бақыт Қарабалинаны сахнадан жібермей, қол соғып отырып алады. Оларға қайта-қайта күй тартқызады.

Сол мезеттегі халықтың өнерге деген құштарлығы, өнерлі өрендеріне деген сүйіспеншілігі құртақандай ауыл клубын кернеп кететінін қайтерсің. Жұмекен көбіне скрипкада «Бұлбұл» күйін орындайды, жеке әншілерді скрипкада сүйемелдейді.

Жазғытұрым демалыстың кезі-тұғын. Үйі алыстағы балалар 6 күндік каникулға ауылға бармайтын. Себебі ол уақытта көлік қатынасы бүгінгідей емес. Қазіргілер мұндай әңгімеге ертегі тыңдап отырғандай таң-тамаша қалуы мүмкін.

Жатақхананың дәл жанында сәл дөңестеу жерге салынған қос пәтерлі үй бар. Сол үйде колхоздың басқармасы мен Нәсіптің немере ағасы, Нұржау ауыл советінің төрағасы Хисметов Мәжит тұрады. Түстен кейін Нәсіп ағасының үйінен шығып келе жатса, Жұмекен жатақхананың алдында тұр екен. Алдынан шығып, «Жаңа сенің көкең келді, өзі дүкенге кетті, Мына хатты саған бер деп еді» деп, төрт бұрыштап бүктелген қағазды оның қолына ұстата салады. Қыз болса «көкең беріп кетті» деген жігіттің сөзіне сенбесе де, хатты алып бөлмесіне кіреді.

Ол каникулға үйге бара алмаған кездері көкесі түйеге тамағын артып, екі-үш күн оның қасында болып кететін. Бойжеткеннің көкесін күтіп жүргені рас еді, бірақ ол кісі жол түсіп келе қалса ең алдымен Мәжит ағасының үйіне түсетінін естияр қыз жақсы білетін. Көкесі келіп түйесінен түсіп жатқан кезде Назым жүгіріп келетін. Назым сол үйде жатып оқитын Мәжиттің туған қарындасы. Хатты ашып оқи бастаса, ол Жұмекеннің жазған хаты болып шығады. Ақын Жұмекен Нәжімеденов 1953 жылдың 27 наурызында жан сырын білдіріп жазған ең алғашқы махаббат хатын сүйген қызына осылай табыстайды.

«С...м! Сізге және сіз сияқты жандарға бірінші рет жүректің сырын білдіремін. Бұл сөз тек күнделік үшін айтыла салған сөз емес, болашақтың сәулесі, өмірлік сөз. Сондықтан да бұған жүре жауап бермей, тура дәл жауап қайтаруыңызды өтінемін.» делінген екен ақын хатында.

Сол күннен бастап Жұмекенді сыртынан көріп қалса Нәсіп жерге кіріп кете жаздап ұялып, беті ду ете түсетін. Кейін ол хаттарын өлеңмен жазып, сүйетін қызының ет-жүрегін елжіретіп, шынайы сезімнің жалынымен жаулай бастады. Бұрынғыдай емес, қыз да бара-бара өлеңмен жазылған хаттарды оқығанда кәдімгідей бір үлкен дастан оқығандай сергіп қалатын күйге душар болды.

Совет заманындағы мектептегі тәртіп өте қатал. Оқушы қыз-жігіттердің өзара хат алысуына тыйым салынған. Жұмекен алғашқы хатын сүйген қызына өз қолымен табыстаса да, қалған хаттарын біреулер арқылы берді. Өзімен бір бөлмеде жататын Бекжанов Нәбидолла деген досы ақынның хат тасушысы, екі жастың махаббатының дәнекершісі болды. Нәбидолла хаттарды Жұмекен жақсы көретін қыздың құрбысы Бақытқа табыстайды.

Жұмекен Әжіғалиев Идаят дейтін досымен ылғи да бірге жүрді. Мектеп пен жатақхананың арасы жүз метрдей жер. Бір мезгілде оқитын болғандықтан екеуі бір-бірін күнде көреді. Жұмекен тез-тез жүреді. Сабақты жақсы оқыды. Жұмекен мен Идаятты мектеп оқушылары түгел сыйлайтын. Идаят мектепте комсорг, Жұмекен учком болды. Асханаға барғанда да ылғи екеуі ең соңынан келетін. Асханадағы ұзын столдың тамақ беретін шетіне екеуі қарама-қарсы жайғасады. Ол орынға «Жұмекен мен Идаяттың орны» деп ешкім отырмайды. Ұзақ асықпай отырып, тамақ ішеді, ауыздары әңгімеден босамайды. Асханада күнде екі оқушы кезекшілік міндетін атқарады. Аспазшы Кашипа апай да, кезекші болған оқушылар да оларды асықтырмайды. Кейде кезекшілер оларға асхананың кілтін беріп кете салады.

Екеуі оңаша отырып, оқыған кітаптары, әдебиет, тарих жайлы сыр шертеді. Ең соңынан келген адам тамақтанып болғанша кезекшілер күтеді, олардың ыдысын жинастырып біржола шығады асханадан. Кезекші болған осындай кездері Жұмекен мен Идаяттың әңгімесіне Нәсіп те құлағын түріп қояды. Кейде олар әңгімеге беріліп жан-жағындағы адамдарды да байқамайды.

Жұмекеннің бала күнінен кітапқұмар болғаны сол жылдары Нәсіпке жазған мына бір хатында айдан-анық көрініп тұрған жоқ па? Оқып көріңізші:

«Ғашығым! Сен дегенде жан басқа кеудедегі, Араласым таба алман жер бедерін. Мектептегі тоғыз жыл өмірімде, Бір жанға бір ауыз «сөз» демеп едім.

Сүйіктім! Сенің жұмбағыңның екіншісін мен, тіпті көргенім жоқ (бұл жерде – ден қойып үлгермедім дегені болса керек деп ойлаймын). Себебі: Қарауым өте асығыс болды. Онан басқа, пікірді өте батыл айтатын ежелгі дағдым бойынша өзімше бір батыл шешім айтатыным сөзсіз еді. Бұл жөнінде маған кінә артсаңыз да көтере алатын етіп артарсың.

Серігім! Мен саған аздап сұрауың бойынша пікір айтқалы отырмын, қабыл аларсың!

Алдымен сен тіл байлық – кітапты көп оқу, аз оқуға байланысты депсің. Мұның әбден орынды. Бірақ оқуда да тоқу бар. Мен әдеби кітапты біршама сүйіп оқимын. Сонда да Жүсіптің (Жүсіп өзімен қатар класта оқитын кітапқұмар жігіт) оқыған кітабының маңы түгіл шаңын да көрмейді. Мен әдеби кітапқа сондайын құмармын, тіпті құмарлығым сонша, мен оны оқығанда, басқа сабақты көргім келмейді (тек өзімді өзім зорлаймын). Сырты әсем, әдемі тыныс белгілерімен «киінген» сөйлемді тілбайлықтың жақсылығынан, ойдың алғырлығынан, ақылдың көптігінен деп қарау жеткіліксіз. Сондықтан көбіне сөйлемнің ішкі сырын аңғару шарт. Яғни сөз жазушы (не айтушы) адам өзінің айтайын деген ойын толық меңгеріп, айта алып тұр ма? Жоқ па? Сол жағына көбірек назар аудару керек. Ол үшін ойлап сөйлеу керек. Ойлап сөйлеп, не жазу үшін ақылдың кеңдігі мен ұшқырлығы аса маңызды. Сонда ескеріңіз, бұл сияқты жазба сөз бен ауызша сөздің әсерлілік қасиетін сақтайтын орны бар. Кез келген ортада (көпшілік, жолдастар арасында) шебер, сыпайы сөйлеймін деп талпыну – келекеге ұрындыруы да ғажап емес (адам түрлі ғой). Сондықтан сөз танымайтын, кісіні бағалай білмейтін (шын мәнісінде) тоңмойын, іші тар топастарға сөз айтып қажеті аз.

Көркем әдебиетті оқығанда мазмұнынан бұрын жазушының айтайын деген ойын білдірудегі тіл шеберлік жақтарына көбірек көңіл аудару керек. Сонымен қатар идеялық мазмұнын жақсы меңгере білу керек. Олай істемесең көп оқығаннан пайда табу қиын. Яғни дүниеге көзқарасың өспейді деген сөз. (Дүние болғанда сыртқы дүние, былайша айтқанда қоғамдық көзқарас). Қорыта келгенде, әдеби кітап оқу – адамды адамгершілікке тәрбиелеудің бірден-бір күшті құралы.

Әзірше осыдан басқа айтарым көп болғанмен уақытым (оңаша) жоқ болып отыр. Менде Н-адан басқа сырымды білетін адам жоқ.

Жауап күтемін! 7/V 53жылы.».

Жұмекеннің хаттарында жазған өлеңдері керемет. Жай ғана ұйқас емес, парасатты ойлар, адамгершілік туралы, тәрбиелік мәні мол өсиет сипатты. Төселген ақынның өлеңдеріндей. Ақын сүйген қызына деген көңілін, сағынышын көбіне өлеңмен жеткізеді. Нәсіп те өлеңмен жауап қайтарғысы келгенімен, жаза алмай қатты қиналады. Ойлы өлең құрастыру қолынан келмейді. Амал нешік, қара сөзбен ғана шектеледі. Көбіне хатына жауап бере алмай жүреді. Жұмекеннің парасатының биіктігін көріп, «жауап жазбай-ақ қояйын, мұндай мықты адамға мен жар бола алмаймын ғой, теңі емеспін ғой» деген көңілсіз ойға да кейде бататыны рас.

Он сегіз жасар жас өрен Жұмекеннің сол кезде-ақ осындай салмақты ой-тұжырыммен жазған сырға толы әрі ғашық жүректің іңкәр сезіміне толы хаттары болашақтағы өмірлік жарының дүниетанымын да кеңейте түсті. Әлде, сол уақыттың жастары ерте есейді ме, кім білсін, әйтеуір оларды толғандырар мәселенің қай-қайсысы да адам жанын тебірентерлік ой ұшқындары еді. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан сол жылдардағы қыздар мен жігіттердің рухани үндестігі, бір-біріне деген сүйіспеншілігі албырт жастықтың алаулаған жалынынан ғана құралмайтынын Жұмекен мен Нәсіп те сезінетін.. Оған алпыс жылға жуық сақталса да сиясы да мәні де көмескі тартпаған, қағазы ғана сарғайған мына хаттар куә.

«Сүйген жарға сыр

(арнау)

Тапқыр ой, жүйрік тілге шорқақ едім,

Жорға емес, сыпырылған жортақ едім.

Өнерге азырқансам да аяланған,

Күлерлік қисық-қыңыр мазагерім.

Өлеңім қиыстырған өлең емес,

Болса да кейбіреулер бәсекелес.

Қара сөзге айналмай шақ бірігіп,

Шығарад қаламыммен дау-төбелес.

Араным ашылады өлең десе,

Сондықтан ұмтылмақпын ерегісе.

Болса да білім саяз, ақылым аз,

Өмірде қалғым келмейд келемешке.

Ешкім жоқ маған жүрген қолын созып,

Мен емес құмарлантар жұрттан озып.

Өткеріп алтын заман отырсам да

Ойласам бас жағдайын кетем тозып.

Алтын жаз аясында гүл боп өстік,

Заманда бақыт құшқан уәделестік.

Тиіспіз бірге өткізбек көппен бақты,

Сондықтан бақыт – сарай, білім – тетік.

Болса да түсім қара, жүрегім ақ,

Бұл сөзім сәулеліге дәлелсіз пәк.

Ойымның өрісі тар, өтірігі жоқ,

Мен емес жел өкпелі жалаң аяқ.

Арнасы жүрегімнің өз қолыңда,

Астары саяз сырдың бақ жолында.

Асыра сілтегеннен озбақ дұрыс,

Ақиқат – өмір көркі, таңда жолда.

Біреу бар желөкпелі желіп жүрген,

Батылсып, өткірсініп өріп жүрген.

Біреулер мақтан сөйлеп, атақ іздейді,

Басына киіп алып арсыз жүген.

Сүйрейді қаламымды жүрек еркі,

Болса да сыртқыларға ерсі, күлкі.

Жалғанда сенен өзге жан танымас,

Емес бұл қалам шалты. Жүрек серті.

Сырыңды сырласыңнан жасырмассың,

Сырлас деп аяғына бас ұрмассың.

Сыр шығып жолдасыңнан сырттағыға

Сейіліп абыройың аһ ұрмасын!

Досыңа шындығында сенемісің,

Оны да мендей адам көремісің?

Егер де өзің шансаң, мен де шандым,

Сертіңді соның үшін беремісің?

Жолдас бар бүгін анық, ертең танық,

Өсекшіл сыр жүгіріп болған жанық.

Сырыңды суырып ап тату күні,

Болатын түске анық, сырға қанық.

(жұлдыз ғой. Күлкі болсын дедім. Жаннан асқан шеберлігім).

Айтар.

Әзірге хош болыңыз,

Көп таңдап дос болыңыз.

Албыртсып, асығып,

Атанба көп көз қыз.

Досыңа сырыңды айт

Жалғансыз шыныңды айт.

Кім болса, ол болсын,

Сыр емес, сыныңды айт.

Жолама іштарға,

Жарыңа құштарға.

«Күндесті» көзге ілме,

Мақсаты – құртарға.

Тілегім – аман бол,

Таптырмас маман бол.

Туысқа ардақты,

Турашыл адал бол.

Махаббат болды жұп,

Көңілге салды дық.

Болсам да тым жаман,

Өтінем: сөзімді ұқ!

Нық сеніп күтіңіз,

Ақталар үмітіңіз.

Жанымнан жақыным,

Орнықсын сертіңіз.

Мен өзім жаманмын,

Асырса адаммын.

Өсекке сенбеңіз,

Әзірше аманмын.

Ақпары өтірік,

Желпітер есірік.

Жаныңнан жақының

Жат болмас безініп.

Осымен бітірдім,

Мақсатын пікірдің

Махаббат сәулесін,

(Тапсырам зікірдің).

Осымен доғарып отырмын. Ауылға қайтар кез жетті. Сіз де ауылға барасыз ғой. Үй-ішіне сәлем дерсіз (сұраса).

Досыңыз туралы жоғарыдан оқырсыз. Бірақ мен оған шанбастық көзқараста жүрген ойым жоқ. Сақтық үшін айтылған сөзді сіз оған жорып қалмаңыз. Түсінікті болар...»

«Бұл хаттар – Жұмекен екеуміздің сырсандығымыз, баға жетпес асыл қазынамыз ғой. Жеке архивінде сақтаулы әлгі хаттармен жиі-жиі сырласамын. Жұмекен екеуміздің жұп өміріміз бастау алған қайнар бұлақтың басына осылайша ойша жиі оралып, Жұмекенімнің жүрек жылуына бөленетін кездерім аз емес. Біз жай ғана жұп емес, рухымыз бір тінге айналып кеткен ажырамас жұп едік!...», - дейді Нәсіп апамыз алыстан қол бұлғаған сол жылдардың сағымданған елесін есіне алып.

***

...Құмда туып, қырда өскен балалар мектептің шалғай болуына байланысты мектеп жасына жеткенмен, мектепке кешірек баратын. Жұмекен Дыңғызыл ауыл советіне қарасты жеті жылдық «Жас қайрат» мектебіне тоғыз жасында бірінші сыныпқа оқуға барды. Соғыс жүріп жатқан кезде мектепте парта деген болмаған. Бала саны да аз, мал суаратын астауды төңкеріп, соның үстіне дәптерлерін қойып, ұшы бар қаламсап, сиямен алғашқы әріптерін жазғанын Зейнолла Серікқалиев екеуі кейіннен естеріне алып жүрді. Мектеп директоры аудан көлеміне аты танымал атақты әдебиетші Әбішев Әбдірахман болатын. Жұмекен Әмір жездесінің үйінде жатып оқиды. Жеті жылдықты бітіргеннен кейін Нұржау советіне қарасты «Ворошилов» атындағы он жылдық мектепке барып, оны 1954 жылы бітіріп шықты.

Ол жылдары мектеп бағдарламасы бойынша таңертеңгілік дене шынықтыру жаттығуын жасайтын оқушылар. 16 түрлі жаттығу 15 минутқа созылады, оқушылардың түгел қатысуы қадағаланады. Ер балалардың жаттығуына ұлдардың «физругі» Сатай деген бала, қыздар тобына «физрук» болып Жұмекен жетекшілік етеді. Жұмекен жұрттың алдына шығып, екі жұдырығын түйіп, 16 жаттығуды жасайды, оқушылар оны қайталайды. Әппақ, шашы қап-қара «щетка» прическасы өзіне жарасып тұратын.

Мектептің алдында Шарон өзенінің бір саласы ағып жататын. Жазғытұрым өзен суы жайылып, табиғаттың көз тартарлық көркемдігін айтып жеткізуге тіл керек. Жаттығу жасап болғаннан кейін қыздар иықтарына сүлгі орамалдарын жамылып, өзен жағалауына барып жуынады. Кейін Жұмекен сол күндер жайында «сенің кәрзеңке сияқты өріп қойған шашыңа қызығып, көзімді алмайтын едім», - деген екен жұбайына.

Жатақхана тіршілігі балалардың өмірге, ортаға икемделіп өсуіне көмектеседі. Ұстаздар да балалар бойындағы өнер-білімге бейімділігін байқап, оларды еңбекке баулиды. Ол кезде ауылда шаштараз болмайды. Ер балалар бірінің шашын бірі алады. Ал мұғалімдер шаштарын ең жақсы шаш ала білетін балаға алғызады. Жұмекеннің «Ақ шағыл» романындағы «щетка шаш қара бала» деп отырғаны өзі. Жұмекен мектеп бітіргенше сол щетка прическамен жүрді. Әдебиет пәнінің мұғалімі Қожахмет ағайы шашын Жұмекенге алдырады екен. Сол кісінің үйінде үлкен айнаның алдында шашын алдырып тұрып ол бас терісінің ала-құлалығына, ой-шұңқырына таң қалып, үнсіз күліп тұрады. Айнадан Жұмекеннің үн-түнсіз күліп тұрғанын көріп: «е, менің басымның ой-шұңқырына күліп тұрсың ғой» деп, өзі де бірге күледі екен оған қосылып.

Жұмекен 10 сыныпты оқитын жылы Қожахмет ағай басқа мектепке ауысып, орнына КазГУ-ді жаңадан бітірген жас жігіт Хасан Кәрімов директор болып келеді. Ол кісі де әдебиет пен қазақ тілінен сабақ береді. 9-10 сыныпта оқитын балалардың көбі ол кезде ересектеу келеді. Жаңадан келген жас мұғалімдерге сынап қарайды. Ол кісі болса мұғалімдерге де, оқушыларға да өзін сыйлата білетін жан болып шығады. Сол кездің оқушылары ұстазын шын ниетімен жақсы көре білді, әрі құрметтеді. Оның оқушыларды өзіне табындыра алатын мықты қасиеті бар болатын. Хасан ағаның сабағын оқушылар ұйып тыңдайды. Тәжірибелі мұғалімдерше оқулыққа ешбір қарамастан, көбіне оқулықтардан тыс материалдарды айтып, сабақты өте қызықты етіп жүргізеді. Тақтаның алдында ерсілі-қарсылы жүріп түсіндіреді. Ол сабақты түсіндіргенде бөлмеде ұшқан шыбынның ызыңы да естілетін.

Соғыстан кейінгі жылдары халықтың рухын көтеру үшін үкіметтің қаулысымен бірінші май мерекесі мен жетінші қарашаны тойлап өту үшін арнайы мерекелік шаралар өткізу белгіленетін. Мұндай мереке күндері мал сойылып, көпшілікке арналып дастархан жайылады. Ауыл сыртындағы төбенің басында ат жарыс өткізіледі. Жарысқа аудан көлеміндегі колхоздар, оның ішінде «Жаңа жол» колхозы мен «Жас талап» колхозы арасында жарыс өтеді.

Атшабысқа үлкендермен бірге жасөспірім балалар да шығады. Барын киіп, сәнді ер-тұрмандарын жарқырата ат мініп бару үлкен мерей болды. Ат болғанда анау-мынау емес, ел көзіне түскен тұлпар тақылеттес аты бар адамның еңсесі әлдеқайда биік болатыны белгілі.

Нәсіп тұратын «Жаңа жол» колхозы аудан орталығына аттылы кісіге екі сағаттай жол. Ал Жұмекен тұратын Қошалақ құмынан атпен таңсәріде шыққан адам кешке әрең жетеді. Бір советке қарасты бес колхоздың ара қашықтығы әжептәуір шалғай жер. Шаруашылық қыр, арал деп екіге бөлінеді. Аралы Нәсіп тұратын теңіз жағалауы – аудан орталығына жақын колхоздар. Қыры – Жұмекендердің ауылы. Қырлықта орналасқан колхоздарға Қошалақ құмы, Ақжонас, Қаңбақты, Айдана деген және т.б. жерлер жатады.

...Ол жылдары колхозда жұмыс қолы жетіспейді, жазғы каникулда мектеп оқушыларын пішен жинауға көмекке шақырады. Нәсіптің істейтін жұмысы пішен тиеу. Колхозда төрт тегершікті үлкен ағаш арба болады. Ағаш арбаға екі өгізді жегіп, пішен үйіп тиеледі. Бұл Нәсіптің 9-сыныпқа, Жұмекеннің 10 сыныпқа көшкен жылы еді. Жазғы үш ай демалыста Бақыт пен Нәсіптің қолдары қалт еткенде Жұмекенді еске алмай айтатын әңгімесі сирек, өйткені екеуі де оны сағынады. Дәлірек айтсақ, әркім Жұмекенді өзінше сағынады. «Оны сағынбау мүмкін емес еді. Жазғы демалыс уақытында біздің кездесуімізге сылтау болмайды. Оқу кезіндегідей хат алысып-берісу мүмкіндігі де жоқ». – дейді Нәсіп апамыз. Жұмекеннің мына бір хаты апамыздың осы айтқан сөздерінің айқын дәлелі бола алады.

«Жасымнан Сіздей жанға болдым ғашық,

Махаббат жас жүректе тұрды от шашып.

Бір-бірін шексіз сүйген адал жүрек,

Қосылар күн болар ма бақыты артып?!

Сүйіктім! Мені осы кезде жүрек қайғысы (басқа қайғы емес) басуда. Себебі: Сіз... Сізден бөлінемін. Жазғы демалыс басталғалы тұр. Ауыл арасы шалғай, екі ортамыз алшақ жатыр. Өзіңіз айтқан мен Сіздің аз уақыт жатақханада болмағаныңызға да ренішті жүремін. Былайша айтқанда көргенше шыдамым кетеді. (Өзімше дардай сабыр иесімін деп ойлаушы едім. Бірақ жүрек сабырдан күшті екен).

Бүгін Сіз мен барғанда байқамап едім, кері шығарда көзіңізден аздап реніштік белгі байқадым. Біртүрлі біреудің алдында кінәлі болған адамдай, өте жүдеу отырдыңыз. Хатты ашқанша ауыл жағынан көңілсіз келді ме екен деп ойлап едім. Олай болмады. Әлде ойыңыз түрлі саққа жүгіріп, бір нәрсені қайғылағандай, болмаса ой-қорытындыңызға қанағаттанбай отырғаныңыз ба! (Адамның кейде өзіне-өзі не бір ойлаған мақсаты, ойы жеткіліксіз сияқты көрінетіні болады).

Адамның ішкі сырының айнасы – көз болатын болса, мен ұйықтап кетпесем Сіз маған солай көріндіңіз.

Хош... Жауап күтемін. Сақ бол!

Асығыс жазылды. Түсінерсіз. 10.5.53.».

Каникулға шыққалы Бақыт пен Нәсіптің күнделікті әңгімесі Жұмекен жайында болады. Досы Идаят екеуінің білімділігі, көп оқитыны, жүріс-тұрысы... т.б. осындай ерекшелік қасиеттерін екеуі ғана емес, мектептес үлкен-кіші бәрі үлгі тұтады, ауыздарынан тастамай айтады... Сол жазғы каникулда, Бақыт екеуі бір күні бригадирден оқу жылының басталуына 3-4 күн қалғанда Қанышкенге оқулық алу үшін баруға сұранады. Ол кезде оқушыларды ертең сабақ деген күні босатады. Ал, қырдың балалары оқулық алуға 3-4 күн бұрын келеді. Екеуі де оқулықтарын бұрын алып қойған. Оқулық алуға барамыз дегендері құр әншейін сылтау-тұғын.

Сөйтіп, тамыз айының 27-сі күні Бақыт пен Нәсіп екі атпен Қанышкенге келеді. Қанышкеннің құбыла жақ бетінде бір-біріне қарама-қарсы салынған ұзынша ескі дүңгіршектер болатын. Онда ет, шұбат, нан, т.б. азық-түлік сатылады. Аттарын байлап, дүңгіршекке қарай келе жатып: «Дәл қазір алдымыздан Жұмекен мен Нәбидолла шыға келсе ғой» дейді екеуі де.

Өмірде осындай да қызықтар болады екен-ау! Дәл бір ертегідегідей, дүңгіршекті айнала бергендерінде үстінде жеңін түріп алған ақ жейдесі бар, өзі де әппақ Жұмекен, қасында Нәбидолла бар, екеуі қарсы алдарынан ғайыптан пайда болғандай шыға келеді.... Құдайдың құдіретіне қалай таң қалмайсың. Ол заман ұялы байланыс түгілі, жай телефонның өзі елде болса біреуде ғана, аудан басшыларында ғана бар. Екеуі кітап дүкенін сылтауратып келгендерінде бұл кездесу естен кетпес тамаша оқиға болды. Жұмекен де осындай кездесуді аңсап келгенге ұқсайды. Дәл осындай кездейсоқтық сирек болатын жағдай. Бұл періштедей пәк таза жүректердің ізгі әрі шынайы тілектерін ұлы Жаратушының тоғыстырған құдіреті шығар. Кім біліпті?

Ол кезде қолтықтасып жүрмек түгіл, қыз бен жігіттің көшеде ұзақ әңгімелесіп қатарласып жүру деген де жоқ. Ерсі қылық болып саналады. Ондай қылықпен көзге түстің дегенше сөзге іліктің дей бер.

Базардан шұбат сатып алып ішкен соң олар бір маңызды шаруамен жүрген үлкен адамдарға ұқсап, Қанышкеннің сырт жағындағы Ирек өткелде жолығатын болып тарасады. Сазтөбеде егістік басында қарауыл болып тұратын Мүлік деген апасының үйіне Жұмекен оларды қонаққа шақырады. Мүлік апай Нәсіпті де, Бақытты да жақсы таниды. Әрі Нәсіптің көкесінің жақсы көретін балдызы. Елге ісмерлік өнерімен сыйлы адам. Ол кісінің бөтен ой ойламайтынын, сөкпейтінін жақсы білгендіктен, қонақ болуға келісім береді.

Ирек өткел деп аталуының сыры Қанышкен мен Сазтөбенің аралығында ағып жатқан өзеннен төтелеп өтуге болмайды. Шүңейт-шұңқырын білмейтін адам көлік-мөлігімен суға кетеді. Сол су астындағы ой-шұңқырды айналып өтетіндіктен Ирек өткел аталған.

Бақыт Ирек өткелдің сырын жақсы білетінін, жылқышы Уәлиолла ағасымен бұл өткелді талай рет өткенін айтады. Сондықтан өткелді есіне жақсы сақтап қалған. Жастық шақтың бір ерекшелігі – қауіп-қатердің аса қорқыныш тудырмайтыны болса керек. Жақсы білем дегеннің өзінде күнде өтіп жүрген адам емес, Бақыт қателесіп кетсе, суға кету деген сол емес пе. Ондай қорқыныш оларда болған жоқ. Өткелден өтіп келе жатқанның өзінде Жұмекеннің аузы әзіл-қалжыңнан босамай, оларды күлдірумен болды. «Бақыт-ау, мына өзенді өзің арнасын қазып, өзің ағызып қойғандай, қай жерде қандай шұңқыр барын қайдан білесің. Әдейілеп жол салып қойғансың ба?», - деген сияқты әзілдермен қыздардың шек-сілесін қатырады.

Ирек өткелден өтіп, Сазтөбені бетке алып төрт аттылы келе жатыр. Ол кезде шұбырып жатқан машина, қазіргідей айқырып жатқан айдау жол жоқ. Асып кетсе арбажол. Бір кезде алдарынан жол бойымен ағараңдап кетіп бара жатқан ақ қалпақты көздері шалады. Нәсіп қасындағыларға «анау қалпақ па, ана қараңдар, дөңестен төмен қарай қалпақ кетіп барады», - дейді. «Қайдағы қалпақ айдаладағы, көзіңе не көрініп келеді», - деп, өзін мазақ етеді олар. Ат үстінде келе жатқан әппақ күнқалпақты киген адамның бар-жоқтығы көрінбейді. Жақындап келгенде қалпақ иесі жас жарымдағы кішкентай сәби екенін көреді. «Жұмагелді ғой, мынау», - деп Жұмекен таң қалады. Үйге келген соң Мүлік апайға Жұмекен: «баланы неғып жалғыз жібересіңдер, жылан шағып алса, сиыр сүзсе қайтесің?», - деп сөйлейді. «Бала шығып кеткен екен ғой, байқамай қалыппыз», - деп ақталғандай болады апасы.

Ол уақытта шешелері күнқалпақты қолдан тігіп, жас балалардың жаз бойы басынан тастатпайтын. Құстаңдай деп аталатын қалыңдау матадан бірнеше қабаттап іс машинамен сырып тігеді. Сол «ақ қалпақ» киген бала бүгінгі қазақтың қасиетті қара домбырасының тарихын зерттеген Жұмагелді Нәжімеденов еді. Бір жарым жасында ақ қалпағын басынан тастамай, туған жердің қасиетті құмында зыр жүгіріп, «болар бала бесігінен» дегізіп жүрген кезі екен...

...Соғыс уақытында да, одан кейін де Жұмекеннің атасы мен әжесі колхоз шаруасына араласқан жоқ, бала-шаға мен үй шаруасына қарады. Себебі келіндері колхозға еңбек етті. Атасы мен әжесі жеке шаруашылық ұстап отырды. Төрт түлік малды түгел ұстады. Сол кезде ешкімде жоқ 12 қанатты әппақ киіз үйі болды. Қошалаққа әйгілі алаша Нәжімеден қарияның үйі деп айтушы еді елдегілер. 1956 жылы Гурьевте өткізілген көрмеге Мүлкима апай сол әппақ киіз үйді апарып тіккен болатын. Бұл ата-бабасынан келе жатқан киіз үйдің шаңырағын Жұмекеннің атасы бақанмен өзі ғана көтереді екен. Уығын ат үстінде жүріп байлайтын. Атасы қайтыс болғаннан кейін шаңырақты көтеру үшін бақанды үш жігітке көтертеді екен. Атасының қайратты адам болғанын содан-ақ білуге болады. Сол ел аузында аңыз болып, облыс бойынша бас бәйгеге ие болған әппақ киіз үйдің ішкі-сыртқы жасау-жабдығын, бау-басқұрынан бастап, сыртқы үзік, дөдегесіне дейін Мүлік апай өз қолымен жаңартқан. Апайдың өз қолымен оюлаған ақ текеметін «Жұмекенжанның төріне жаясың ба, мұражайына бересің бе өзің біл, сенен басқа кім қадірін біледі», - деп Нәсіпке берген екен. Бұл жөнінде Нәсіп апамыздың өзі былай дейді: «Қол өнеріне қатысты өз көзіммен көріп, бала кезде қолқабыс тигізіп, анамыздың қасында жүріп үйренген қойдың жабағы жүніне жылқының жалының қылын қосып он екі құлаш қыл арқан есудің технологиясын айта кетейін. Қыл арқан көшкенде түйеге жүк арту үшін керек болатын. Жәй арқаннан айырмашылығы - тиеген жүктің бір жағына ауып кетпейтіндей созылмайтын мықты, әрі ұзақ уақыт қолдануға жарайтындығы. Арқан тегіс шығуы үшін ескен адамның тәжірибесімен қатар қолының қайраттылығы керек. Жұмекеннің әжесі мұндайда ер адамның қажырымен барабар болатын. Үш тіннен есілетінін ескерсек, үш тіннің біріккен басын керегенің көзінен өткізіп бір адам тартып есіп тұрады. Сол арқанның басын Бақытжамал әжеміз ұстайтын. Үш тінді үш адам ширатып есіп тұрады. Бұлардың қимылы да, ара қашықтығы да біркелкі болуы керек. Біреуі селкеу кетсе, арқан тегіс шықпайды. Осы өнерді игерген қайрат пен қажыр иелері әрі аналарымыз, ел басына қиын-қыстау туғанда арқа сүйер панамыз болып еді-ау. Өз басым осындай ортада қайнап өскен жастық шағымнан ұрпаққа ұлағат боларлық бір үлгі көрсете алдым ба деп те ойлаймын арасында..».

Жұмекеннің әкесі соғыстан оралмай қалғанын әңгіме барысында айтқанбыз. Нәсіптің әкесі болса Сталинград шайқасында жараланып, бір аяғын беріп елге аман оралады. Жұмекен жалғыздан қалған тұяқ болса, Нәсіпті нағашы атасы алты айлығында бауырына басып, өз атына жаздырып, ұлым да, қызым да осы деп өсірген. Көкесінің бұлай дейтін себебі өзінің жалғыз ұлы, Нәсіптің шешесінің жалғыз ағасы – Қайсағали да соғыстан оралмай қалған. Жұмекеннің «Мезгіл әуендері» деген кітабындағы «Бір тағдырмыз, бір жіппіз» деген жолдарды жазғанда ол Құдай қосқан қосағы екеуінің тағдырларының ұқастығын меңзеген. Көкесінің жарқын бейнесін Нәсіп апай былайша еске алады, сағынышпен: «Көкем маған елде жоқ жорғаны тауып мінгізуші еді. «Культтруд» деген колхозда Темір деген жылқышы болды. Көкем керемет жорғаның тұқымы бар деп естіп, Темірге төрт түлік малдың әрқайсысынан беріп, еркек жылқы болмай, таңдап жүріп, құла байтал сатып алды. Құла жорға құлагер емес, таза мінсіз құла еді. Қамыс құла. Шабысы жоқ, таза жорға. Өзіміз тұратын ауылда, тіпті көрші колхоздарда одан асқан жорға жоқ. Байтал күнінде сатып алған соң құлындатпай екі жыл міндім. Төрт атшабысқа мініп бардым. Мен мектеп бітіріп, кітапханада жұмыс істеп жүрген кезімде ұл балалары бар ауылдастары көкеме «Қызыңыз бой жетті ғой, енді жорға мініп қайда барады, Әділжаныңыз атқа мінгенше көп уақыт бар ғой, бізге сатыңыз» деп қолқа салған көрінеді. Әділжан деп отырғаным - менің 1950 жылғы туған інімді де көкемдер алты айлығында алып бауырына басқан.

Қазір осы інім көкемнің киелі шаңырағын ұстап отыр, баралары ержетіп, жоғары білім алды. Құда-жегжаттары да өсіп-өнген адамдар. Әділжан мен келінім Тұрсын екеуін, көкемді бағып-күтіп, өз қолдарынан қойғаннан кейін Жұмекен Алматыға көшіріп әкелді.

...Құла жорғаға қатысты көкем ешбір үгітке көнбеді, қайта оларға ренжіп «Қарашы, олардың қыз балаға жорға не керек деуін, ұлдары өскеннің көзіне күйік болдырмаймын» деп, құлабайталды сойып алады. Арынды әрі екпінді құла жорғаның жыры осымен тәмам болды. Шіркін, құлабайталдың бойындағы шабыты екі-ақ жыл шалқыды. Қазір ойлап отырсам, қай заманда да жүйріктердің пешенесіне ұзақ ғұмыр жазылмаған. Сұқтану мен көре алмаушылықтың шын жүйріктің адымын аштырмауы өмірдің заңдылығы екен-ау.

Тағдырым шын жүйріктерді маңдайыма жазғанына ризамын. Жүйрік ат пен жорға кімде болмады дейсің. Бұл жерде менің айтпағым - Аллатағаланың әмірімен ерекше қасиетті туған адам да, жануар да ұзақ өмір сүре алмай, тіл-көз атып түсіретінін айтып өту еді. Мен құла байталымды кейінгі кездері түсімде жиі көремін».

Жұмекен каникулда үйіне барып келгенінде атасы түйемен, өзі керемет ақбоз ат мініп келеді. Ақбоздың бір қарағанда өз тұрқымен салыстырғанда құлағы кішілеу көрінді. Құйрық-жалы төгілген, құйрығы өте келте де емес, жерге жетіп те тұрған жоқ. Ақбоз шымқай ақ емес, өн бойында тарғақтың жұмыртқасындай теңбілдері болыпты.

Жұмекен мінген ақбоздың үстіндегі ер-тұрманы да өзіне лайық еді. Жұмекеннің әкесінен қалған күміс қасты қалмақы ер мен қамшы. Күміс үзеңгіні өзіне арнап соқтырған, шап-шақ, көрмеге дайындағандай көздің жауын алады. Ақ жыланбас құйысқан. Ақ қайыстан жасалған жүгенге 48 ақ жыланбас өрнекті тасты қатар-қатар қадап қойған. Қара қылдан есілген шылбырының ауыздыққа қосылар жерінде қылдың өзінен жасаған шоқ шашақ. Тебінгісін де жұқалап ақ жүннен басқан, тебінгінің шет жақтарын қызыл жүннен жіңішкелеп ескен қызыл жіппен құстаңдайлап жиектеген. Ақбоз жорғаның үстінде отырған болашақ ақынның қолында әкесінен қалған тобылғы сапты күміспен өрнектелген он екі өрме дойыр қамшы.

Бүгінгі күні сол кездегі Ақбоздың күмсәнді әбзелінен қалғаны – он екі өрме дойыр қамшы мен құйысқан ғана. Олар қазір ақынның ұлы Мағжанның үйінің төрінде ілулі тұр.

Бұлардың бәрін тізбектеп айтып отырған себебіміз, сәнді ер-тұрман, бітімі бөлек жорға мен оның үстіндегі бозбаланың отырысы, әр қимылы керемет әсемдік пен үндестіктің үлгісі іспетті.

Осы көрініс әлі күнге дейін Нәсіп апайдың көз алдынан кетпейді. Өмір бойы есінде қалған сурет. Ерекше айбын беріп, қуаттандыратын бақытты шақтарының көрінісі. Көңілі жүдеп, жабыққан шақтарында Нәсіп апамыз осыларды көз алдынан өткізіп, бір қайраттанып қалады. Өмірдің кей сәттері ертегідей болса, ертегінің өзін өмірдегі ізгі ниеттілердің ғажайып асыл армандарынан құрастырмаған деп кім айта алады? Айтыңызшы, кім?

Сонау алыста қалған қимас күндердің бірінде осыншама үндестіктен әсерленген сүйіспеншілік сезімінің арқасында ақынның сүйгеніне арнап жазылған өлеңдерінің біріне Нәсіп те жауап ретінде өлең арнайды. Өлеңнің аты «Ақбоз жорға». Балауса шақта адам өлең оқуға жаны құмар, ақындыққа еліктегіш болатын әдеті ғой. Жұмекен осыған дейінгі сүйіктісінің өлеңдеріне «жаман», «жақсы» деп еш пікір айтқан емес. «Ақбоз жорға» атты өлеңді қатты ұнатады.

Нәсіп сол күндері мынандай аян түс көреді. Жұмекен каникулдан қайтқанда мініп келген ақбоз жорғасымен, үстінде күнделікті киіп жүрген киімі бар, ақ бұлттардың үстінде ұшып жүр екен. Ақбоздың төрт аяғы төрт қанат сияқты жайылып кеткен. Нәсіптің өзі де сол көріністің ішінде жүр. Төмен қарайды... Аяғының астында әппақ мамық тап-таза бұлт. Қалықтап ұшып, адам айтса сенгісіз әсерге бөленіп келеді. Жұмекен ақбоз жорғамен биіктей береді, биіктей береді...

Ол көрген түсін Жұмекенге айтып жеткізуге бата алмай, ұялып біраз жүреді. Мазақтай ма деп те жасқанады. Бірақ, жақын құрбысы Бақыт Ғұмарова Жұмекенге айтқанын жөн көріп, айтпасына қоймайды. Жұмекенге жазған кезекті хаттарымның бірінде осы түсін жазады. Жауап хатта Жұмекен ол түске қатты қуанғанын айтады.

«Сүйерім!

Аруым! Сізге деген махаббат жалыны күннен күнге өршуде... Абай айтады: «Махаббатсыз дүние бос, Қайуанға оны қосыңдар» - дейді. Қысқасы махаббатсыз, сүйіспеншілігі жоқ және ешқандай жылы жүректілік жоқ адамды, адам деп қараудан көрі айуан қатарына қосу – орындырақ екенін қазақ халқының кемеңгері Абай көре білді, өсиет етіп айта білді. Олай болса, біздің жүректерге кінә артуға болмайды. Аздап ертерек тыпырлағаны үшін шамалап өкпелеуге болар да еді...

«Игіліктің ерте, кеші жоқ», - дейді қазақ. Бұған қарағанда жақсылыққа, бақытқа, өмірге талпынған адамды ешкім айыптамайтын тәрізді. (Оқушылық тұрғыдан қарағанда: «Сүйіспеншілікті оқып жүрген кезден бастап қамдауға болады» - деп айтпайды).

Сүйіктім! Сіздің көрген түстеріңіз мен туралы өзіңіздің ой қорытындыңыздан шығуы ғажап емес. Өйткені түс – адамның көңіл-күйінен аулақ кетпек емес. Мысалы: біз қайғыланып жатқанда жаман түс, ал шаттанып жатсаң жақсы түс көріп, оны келешегімізге жорып оңып қаламыз. Бірақ Сіздің түсіңізге мән бермеуге «Әншейін ой ғой» деп қарауға болмайды. Мүмкін, менің бақытты, қызғылықты өмір сүруіме кім шек қоя алады?!

Бұдан былай кейбір туысқандарыңа, шын дос құрбы, құрдас жеңгелеріңе білдіре беруіңе менің қарсылығым жоқ. (Менің алдамшы емес екенімді таныған шығарсың). Осы сырды А. Бақыт біле ме? Қашықтан хабарласу туралы не ойлайсыз?

Сіздің хаттарыңызды мен алғашында сақтықпен жыртып жүр едім, соңғы кезде өзім сақтауға ұйғардым. (Көпшілігі қолымда).

Ж.К.

Басқа айтар сыр болса айтарсыз

27/V.53 ж.

«Ж.К.» деген қысқарту – «жауап күтем деген» сөзді білдіреді» дейтін.

Нәсіп апай болса сол кездегі көрген түсін өз бетінше былайша жориды екен: «Осы көрген түсімді қазір ойлап отырсам, мынадай естіген бір әңгімеммен сабақтас оқиға деп қараймын. Әлдебір американдық ғарышкер Араб елдеріне барғанында азан шақырған дауысты естіп, қайран қалыпты. Мен мына әуенді ғарышта естіп едім, бұл қандай әуен, кім орындайды деп сұрайды жолбасшыдан. Сонда оған мынадай жауап берген екен. «Бұл – азан. Намазға шақыру. Аллатағаланың назарына оның мүминдері құлшылық ететін рәсімнің басталғанын білдіреді» дегенде, әлгі ғарышкер қайран қалыпты. Ол көп кешікпей мұсылмандықты қабылдаған екен.

Ал, мен көрген түсімде Жұмекеннің ақбоз мініп бұлт үстінде жүруі тегін емес. Оның болашағының қандай биікте екенінен аян деп түсіндім өз басым. Оның шығармашылық табысының біреуі ғана – «Менің Қазақстанымы» бүкіл қазақ ұлтының жүрек тебіренісін Аллаға жеткізуі. Сол уақытта болашақ қазақ елінің көкейкесті тәуелсіздігі жайында армандауға ғана, түс көруге ғана болатын. Өз алдына ел болу жайында жақ ашып, үн шығару мүмкін емес еді».

Енді кішкентай шегініс жасап, Нәсіп апамыздың әңгімесіне сүйене отырып, Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» туындысына қатысты бір оқиғаны баяндай кетейік.

Жап-жас Жұмекеннің Шәмші екеуі сол кездің өзінде-ақ «Менің Қазақстанымды» жарыққа шығаруы – қазақ ұлтына Алла-Тағала тарапынан берілген ұлы мұрсат деп түсінген абзал. Болашақ әнұран мәтінінің ең алғашқы қолжазбасы Жұмекеннің аспан түстес шағын чемоданының түбінде сақталыпты. Ашық көк түс – егемендік алған еліміздің көк байрағымен түстес. Еліміз тәуелсіздігін алып, «Менің Қазақстаным» әнұран болып қабылданды...

2014 жылғы 4 маусымда «Хабар» телеарнасынан Қызылорда қаласында түсірілген рәміздер күніне арнап арнайы хабар берілді. Ақбоз атқа мініп ту көтеріп келе жатқан салтанатты көрініс адамның жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, еліңе деген мәртебелі бір қуаныш көкірегіңді кернейді. Міне, осы кезде Нәсіп апамыздың ойына баяғыдағы Жұмекеннің каникулдан оралғанда үйінен мініп келген аты, сол атпен Жұмекеннің бұлт үстінде жүргенін көрген түсі оралады. Көзіне осы көрініс оттай басылып, көңілі босап кетеді. Сол хабардағы ту көтерген жігіт мінген ақбоз ат Жұмекеннің атына қатты ұқсайды екен...

Тағы бір кереметі – Жұмекеннің «Менің Қазақстаным» өлеңі алғашқы 2 шумағының мәтіні де, тағы көптеген туындылары дүниеге келгеннен кейін жарыққа шыққанша аспан түстес чемоданының түбінде, өзі асылға балаған құндылықтардың ішінде сақталыпты...

Екеуі мектепте оқып жүрген жылдары шілтер (кружева) тоқу, кесте төгу өнері сол кездегі қыздардың әдетіне сіңген дағды болатын. Сабақтан қолдары сәл босаса болды, қыздар жұқа ақ бәтес матаның төрт шетін шілтерлеп, түрлі түсті жіптермен өрнектейді. Орамалдың ішкі төрт бұрышының үш бұрышына гүлдің суретін кестелеп, төртінші бұрышына арнау сөз жазады. Қыздар өздерінің жақсы көретін балаларына, сыйлас, сырлас достарына кестелі орамал сыйлайды. Жұмекен сүйікті қызы, келешектегі жан жары Нәсіптің сыйлаған кестелі орамалын көзінің қарашығындай сақтапты. «Маған талай қыздар орамал сыйлады, солардың қайда қалғанын білмеймін. Сенің сыйлаған орамалыңның бұрышындағы гүлдердің орналасуында бір мән бардай, солар сөйлеп тұрғандай көрінуші еді, жоғалтып аламын ба деп көп ұстамайтын едім», - деген екен талай жылдар өткен соң жұбайына. Орамалдағы гүлді өрнек жайында бір хатынды былай деп жазыпты:

«Сүйіктім! Сен дегенде жүректің соғуы сондай, тіпті жүрек күшінің әсерінен барлық денем қозғалған дай сезінем. Кейбір уақытта, кенеттен, сен есіме түскен кезде аумаған жынды адам тәрізді есім шығып отырып қалу деген маған ғажап емес. Көбіне сезетін боларсың, мен саған көпшілік ортасында қарамауға тырысам. Себебі көз адамның ішкі сырының айнасы болуы ақиқат. Сондықтан дұшпандардың күдігінің шешілуі қиындай түссін деймін. Олардан (дұшпандардан) осынша сақтықпен жасырынғанда тек өз басым үшін емес, өте көбірегі сен үшін. Мен өз басыма қайғырмаймын. Үйткені жаман дұшпанға өзім де болмаймын, жақсысы маған жау болмақ емес. Сондықтан тек сенің арың үшін ғана жасырынамын. (Себебі: сені жаман атақпен өсекке қорламақ емеспін, жамандыққа қимаймын да.).

Сенің шын ниетіңмен берген ескерткішіңді асқан сүйіспеншілікпен қабыл алдым. Онда салынған жұмбақ кестеңді өзімше мынадай қорытындыда шештім: біріншіден, кестеңіз өте орынды салынған, қай жағынан алып қарағанда да қателеспессін. Кесте, меніңше, болашақтағы гүлденген өмірдің сәулесі, сол сәулеге, гүлденген өмірге талпынған, соған қол созып ынтыққан өз өміріміздің жастық шақтағы және болашақтағы арман, тілекпен ұштасқан көрінісі болар деймін. Менің өз ойым осылайша. Егер сенің ойыңнан оқшау болса, дәл шешуін ойлап салған (кестелеген деген мағынада – автор) өзің айтарсың. Меніңше осылай ойланған болуына шануға болады.

Ауыл жағдайын сұрасаң, былай болған. Менің өз әкемнің апасының қызы үш жасынан біздің үйде тәрбиеленіп келіп еді (әке-шешесі жасында қайтқан екен). Менен 6 ай кішілігі бар-ды. Сол қарындасымды ескіліктің салтына аямай тұрып шырмалған қарттар, «15-ке келсе отау иесі» деген қарғыс атқан мақалды қолданып, ұзатып жіберіпті (оқымаған бала еді, сырттай білетін де шығарсын). Соған әнеугі әзірде қайғырыңқырап жүрдім. Жазда маған ақылдасқанда мен қарсы екенімді, өзім адам болғанша үйде болуын мақұлдағанмын-ды. Менің сонымды сезіп, қарттар әбден іс біткесін хабарлауға ұйғарғанын біліп отырмын. Менің оны ұзатуға қарсы болатын себебім: біріншіден жастығын (біздің заманға қарағанда) аясам, екіншіден: оның жетімдігін халық алдында танытқым келмейді. Бұл – оның тұрмысын немкетті деп опынғандық емес, қайта әке-шешесі (туған) барлардан 2, 3 есе артық етіп ұзатса деген арманым мен ойым еді. Сүйтіп менің планымды қарттар сайлап тұрып бұзыпты. Енді бағы ашылсын деп отырмын. Басқа айтарым жоқ. Ескерту: Бұдан бұрынғы жазылған хаттағы өлеңнің 8-10 шумақтарын көп ескере қоймассын.» (Сегізінші хаттың да датасын қоймаған)».

Жұмекен сүйген қызына жазған хатын оны көргеннен кейін 7 айдан соң 1953 жылдың 27 наурыз күні өз қолымен беріп еді. Ұлы ақыннан алған хаттарының бәрін де Нәсіп апамыз оқығаннан кейін туысы Назымның қара шамаданына апарып салып отырады. Мектептің батыс бетінде сәл дөңестеу жер болатын. Сол дөңнің үстінде колхоздың қос пәтерлі үйі бар. Сол үйде Нәсіптің немере ағасы Қисметов Мәжит тұрады. Мәжиттің Нұржау советінің председателі болғанын әңгіме барысында айтқанбыз. Назымның сыртын қара сырмен сырлаған шамаданының түбінде төселген газеттің астында Жұмекеннің сүйген қызына жазған хаттары сақталды. Көбі өлеңмен жазылған хаттар. Ұлы ақынның жан махаббатымен жырланған ол хаттарды жұбайы Нәсіп Мұстахқызы қастерлеп ұстап, бойтұмарындай сақтап келеді.

Алайда, екеуі шаңырақ көтеріп, бас қосқан жылдары, жастықтан да болар, әлде, қазақ қызына тән ұялшақтығынан ба екен, Нәсіп апамыз өзінің Жұмекенге жазған хаттарын біреулер оқып қоя ма деп сескеніп, жыртып тастапты... (Жалғасы бар)

Амангелді Кеңшілікұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар