Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ш.Айтматов: Егер бүкпесіз әділін айтсақ......

09.10.2017 7663

Ш.Айтматов: Егер бүкпесіз әділін айтсақ...

Ш.Айтматов: Егер бүкпесіз әділін айтсақ... - adebiportal.kz

"Манас" - жер жүзіндегі барша адамзат баласы дүниеге әкелген эпостық жырлардың ең көлемдісі. Ол - қырғыз халқының мақтанышы, әлемдік руханиятқа қосқан үлесі. Осынау ғажайып халықтық туындының басына кеңес билігі тұсында қара бұлт үйірілген кезең болған. Яғни, ескінің қалдығы ретінде "Манасқа" тыйым салынып, мұрағатқа аттандырылуы, бірнеше буын ұрпақтың жадынан өшірілуі керек болған. Ұрпақтар сабақтастығы үзілу қаупі туындаған осы бір алмағайып тұста "Манасты" жанын сала қорғап қалған кім еді? Бұған жауапты қырғыздың чоң жазушысы, Шыңғыс Айтматов пен қазақтың әйгілі қаламгері Мұхтар Шаханов арасындағы сұхбаттан ізделік.

Айтматов. Ылғи да түс көремін. Не ғажабы бар екенін қайдам, кірпігім айқасса бітті, алуан түрлі түстер қамауға алады. Таң алдында бірде қуанып, бірде мұңайып оянамын. Қуанатыным – заманында тірліктің ащы-тұщысын қатар татқан, көңіл көгінде жұлдыздай жанған аяулы адамдарды көремін. Кейде түсіме өзім араласпаған, бірақ сырттай сыры-қырына қаныққан үлкен тұлғалар да кіреді. Тірі жанға тіс ашпайтын құпияларымды кейде соларға ақтарып жатамын. Жасыратыны жоқ, бір-екі рет дәрігерге де қаралғаным бар. Олардың пікірінше, артық, кем ештеңе жоқ, бәрі дұп-дұрыс. Көзім сәл ілінсе, сан түрлі оқиғалар мен елестердің ішіне қайта енемін де кетемін...

Шаханов. Шіке, дәрігер болмасам да, айтайын, мұнда бас қатыратын дәнеме жоқ. Байқауымша, бұл қиял мен әсердің ұшқырлығына, кең ауқымдылығына байланысты жай болса керек. Және сәл-пәл қорқытып та қояйын... Бәлкім, түс көруден тыйылсаңыз, қазіргі деңгейдегідей жазушы болмай қалуыңыз әбден мүмкін...

Ал аспаннан жұлдыз ақты деп жатамыз. Өшкен жұлдыздың ең соңғы таратқан жарығының өзі жерге миллиондаған жыл жүріп жетеді екен. Жердегі адамдардың кейбірі бақи тірлікпен қоштасқан соң, тірілердің санасында сол жұлдыздардай жарқырап, сәуле шашып тұрмақ. Бұл күнде көбі көз көрмес, қол жетпеске кеткен жұлдыз тұлғалар Сізге болмыс пен сананың көзге көрінбес ұшқыр сөулелері арқылы түсіңізге енетін шығар. Өздері үлгере алмаған қабырғалы істі, өмірдің бұралаң жолдарында сан соқтырып кеткен кейбір арман-тілегін Сіз орындасын деп, аян беретін болар.

Айтматов. Сөзіңде әзіл ұшқыны жатқанымен, дұрыс пайымдап отырсың. «Илиада» мен «Одиссеяны» жазған Гомер хақында грек ойшылы Платон: «Бұл ақын бүкіл Элладаны тәрбиеледі», - деген екен. Ұлылар – елдің ықпалы болмаса, біздің тағдырымыз, мүмкін сәл де болса басқаша қалыптасар ма еді кім білсін?

Сол шоқ жұлдыздардың ішінде алғаш танысқан адамым – қазақ халқының ұлы перзенті, күллі әлем мойындаған жазушы Мұхтар Әуезов болатын. Ол кезде Бішкектегі Скрябин атындағы ауыл шаруашылығы институтының студенті едім. «Манас» эпосы жаилы дау-дамай өршіп тұрған шақ. Оның үлы эпос екенін, исі қырғыздың бар тарихы, ерлігі, елдігі, ұлттық бояуы осы ұлан-ғайыр жырда жатқанын жұрт тегіс мойындайды. Сөйте тұра, мәселе социалистік реализмнің ыңғайына, талабына сәйкес келе ме, жоқ па дегенге тірелгенде, көбі тайсақтап қалады. Ол кездегі идеологияға байларды жамандаған, кедейдің нашар тұрмысын көрсеткен, тіпті үстем тап өкілдеріне қарсы көтеріліске шыққанын сипаттайтын туындылар қажет еді. Эпостың басты кейіпкері Манас болса – Жақып байдың жалғыз ұлы, әрі хан деген аты бар.

Кейбір зерттеушілерді (қырғызы, орысы аралас) хан деген сөздің өзі бүйі шаққандай шошытты.

«Манас» эпосы бай-феодалдық дәуірді, хандық билікті көксеген, қарапайым халыққа жат, кертартпа туынды» деген ойға саятын жаңа бір қозғалыс етек алды. Газет, журнал беттерінде эпосқа қарсы жазылған пікірлер ашық бой көрсете бастады. Бұл ұлы эпостың басына қара бұлт үйіріліп келе жатқанының хабары еді. Сол тұста Манасты қолдаған бірлі-екілі мақала да болды. Бірақ оларға құлақ асқан ешкім жоқ Елдің бәрі осындай екі ұдай сезімде жүргенде, КСРО Ғылым академиясының Қырғыз филиалы ғимаратында «Манас» жайлы конференция болатын көрінеді, эпостың тағдыры осы жиында шешіледі екен дегенді естіп, лекциядан шыға сала, шұбырып жеттік. Бұл, ұмытпасам, 1952 жылдың күзі еді. Келсек, ғимараттың ішіне ену мүмкін емес, жұрттың көбі иін тіресіп, көшеде тұр. Демдерін ішінен алып, «апыр-ай, Манастан айырылып қалмасақ жарады» дегендей, алабұртып жүргендер қаншама! Бір иықпен жылжи-жылжи, ақыры конференция өтіп жатқан залдың есігінен сығаладым. Мойнымды созып қарасам, төрдегі төралқада он-он бес кісі жайғасыпты. Қақ орталарында Қырғызстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Исхак Раззаков, оның оң жағында ай маңдайы жарқырап, Мұхтар Әуезов отыр. Мұхаңмен жүзбе-жүз кездеспесем де, шығармаларымен бірге жарияланған фотосуреттерін көріп жүргенмін. Айналасына шуақ шашып отырған ұлы тұлғадан көз айырар емеспін. Мінбеге бірінен соң бірі көтеріліп, эпосты жерден алып, жерге салып жатқандардың сөзіне үнсіз құлақ түріп, қағазына әлденелерді түртумен болды.

– «Манас» – партияның қазіргі саясатына жат туынды... Арамызда жүрген пантүркизмнің ескі көзі, - деп, негізгі баяндамашының бірі А.Боровков эпостан іліп алар тарау таппай, жағалай қаралауға көшкенде, зал қозғалысқа енді. Наразылықтарын ашық айтуға дәрмен жоқ. Есіктің сыртынан кіжінген дауыстар естіліп қалып жатты. Манастан басы бүтін айырылдық-ау, деп түңілген тұста, мінбеге маң-маң басып, қасиетіңнен айналайын, Әуезов көтерілген.

– «Манаста» бай, манапты мақтайтын тұстары бар шығар. Бірақ бұл – бүткіл бір халықтың елдігі мен ерлігінің, рухани байлығы мен ұлы мәдениетінің ұрпақтан-ұрпаққа саф поэзия тілінде жатқа айтылып, жалғанып келе жатқан көркем кестеленген тарихы ғой. Ендеше, қырғыз халқының өмірінен Манасты аластау бұл бүкіл бір ұлттың тілін кесумен бірдей емес пе? Шаш ал десе, бас алуға тұра ұмтылатын адыраңбай мінез біздің қоғамнан қашан қарасын жояр екен? - деп, сәл-пәл үзіліс жасап, Боровковқа бұрылып еді, әлгі мойнын ішіне тыққан күркетауықтай төменшіктеп қалды.

Мұхаңның дүниетанымының кеңдігі, әлемдік арғы-бергі әдебиет тарихын жетік білетіндігі, тармақ-тармақ ойларын жүйе-жүйесімен үлкен философияға, нақты дәлелдерге бекітіп, шешен сөйлейтіндігі, қырғыз ұлты тудырған рухани байлықтарға деген ғажайып құрметі мен сенімі залда мүлде жаңа ахуал тудырды. Егер бүкпесіз әділін айтсақ, «Манастың» қара тізімге| ілінбей аман қалуы Әуезовтің нақ осы жолғы тарихи сөзіне байланысты болды. Оның жүрек тербеген ара ағайындық сөзін Исхақ Раззақов та ерекше ризалықпен тыңдап, қайта-қайта бас изеумен отырды. Манастың баға жетпес құнын білгенімен, сол кезгі қатал саясаттан сақтанып, мысы құрып отырғандай сезілген. Ұлы эпосты ашық қолдағаны үшін, Ташым Байжиев секілді арыстардың түрмеде жатқаны да көп қауіптен хабар беретін еді...

Конференция жабыла берген сәтте, сырттан: «Сүйінші!», «Сүйінші!», «Манасты аман алып қалдық!», «Мұхтар қайда, сені тапқан анаңнан және бүкіл қазақ елінен айналдық!», «Ақсарбас, ақсарбас!» деген айғай көтерілді. Қуанысқан, құшақтасқан, көзіне жас алған жұрт сеңдей соғылысты.

Шаханов. Сол тұста бай-феодалдарды дәріптеген шығарма деген желеумен қазақ халқының қаншама көркем дастандары мен қиссалары, ауыз әдебиетінің небір тамаша үлгілері қара тізімге ілініп, мұрағатқа аттандырылып жатты. Бұған дейін түрменің дәмін татып, жазықсыз екі жыл қамалып шыққан Әуезовтің де өз басы қудаланып жүрген.

Естуімше, Мұхаңа республикалық қауіпсіздік комитетінен бір бейтаныс әйел телефон шалып:

– Қайткен күнде де бүгіннен қалмай, із жасырып үлгеріңіз. Әйтпесе, кешігесіз. Сізді ұстауға рұқсат әзірленіп жатыр, - депті.

Мұхаң сол күні кешкілік өз үйінен жасырынып шығып, Мәскеуге ұшып кеткен ғой. Мәскеулік достарының көмегімен қуғыннан құтылып, МГУ-ге профессор болып орналасқан.

Осындай аумалы-төкпелі кезеңде басы пәлеге байланып жүріп, «Манасты» қорғауға бел шеше араласуы азаматтық ерлікке барабар іс емес пе?

Айтматов. Иә... Сол конференцияда эпосқа тілекші боп, есіктен сығалап түрғанымды айттым. Кейіннен, араға отыз жыл салып, «Манастың» алғашқы толық басылымына бас редактор болып, алғы сөз жазарымды, әлемдік деңгейде өткен талай жиындарда ол жайында сөз қозғарымды білсемші.

Ұлы ұстазбен екінші рет кездесуім тіптен қызық. Мәскеудегі М.Горький атындағы Дүниежүзілік әдебиет институтының Жоғары әдеби курсында оқып жүрген тұсым. Михаил Дудинцевтің «Ни хлебом единым» деген романы жарық көріп, әдеби ортаға үлкен дүрлігу туғызды. Бірі табанын жерге тигізбей мақтайды, екіншісі оларға қарсы дау айтып, жер бауырлатып жамандайды. Осы тартысқа төрелік айтып, бір шешімге тоқтау үпіін, Орталық әдебиетшілер үйінің (ЦДЛ) кіші залында үлкен жиын өтті. Мен ертерек келіп, залдан орын алғанмын. Төралқада өңшең ығай мен сығай сіресіп отыр. Кісінің көптігі сондай, бас сұғар жер жоқ. Кейбіреулер терезенің алдына, тіпті тақыр еденге де газет төсеп, жайғасып алған. Әдеби айтыстың толастар түрі көрінбейді, шешендер мінбеге бірінен соң бірі ұмтылып, сөзбен қылыштасып жатты. Әлден уақытта есік жаққа көзім түсуі мұң екен, иықтасып тұрған топ адамның ішінен Әуезовтің таңсық дидарын көріп қалдым. Кештеу келіп қалса керек. Төралқада отырғандар Мұхаңды байқамады ма, тіпті көрсе де, ішке өту еш мүмкін емес еді. Әуезовтың кіре берісте иін тірескен жұрттың құрсауында қалғанын көріп, қатты қынжылдым. Ол не қайтып кете алмай, не залға өте алмай тұр. Ақыры, үзіліс жарияланды. Зал қапырық, терге малшынғандар уласып-шуласып, сыртқа беттегенде, мен де әупіріммен Мұхаңа жетіп үлгердім-ау.

Мен оған сәлем бере, қос қолымды қатар ұсындым.

Сонан соң:

– Мұхтар аға, Сізге орын бар. Жүріңіз, - дедім де, қатардағы өз орныма алып келдім. Мұқаң орындыққа жайғасқан соң, сәл таңырқай қарап:

- Қай баласың? Қай жақтансың? - деп сұрады.

– Қырғызстаннанмын, - дедім мен. – Осында Әдебиет институтында оқимын.

– Е, бәсе! Енді бәрі түсінікті. Рақмет, айналайын, - деді сосын жанында қурайдай боп тұрған маған мейірім шуағын төге қарап.

– Бағың ашылсын! Мен үшін мұнан артық бата жоқ еді.

Үзінді Шыңғыс Айтматов, М.Шаханов: «Құз басындағы аңшының зары

(Ғасыр айрығындағы сырласу)» (Алматы: Рауан, 1997 – 352 бет) кітабынан алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар