Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Есенгелді Сүйінов: Көкшетауым - сағынышым

10.01.2018 3748

Есенгелді Сүйінов: Көкшетауым - сағынышым

Ақын, журналист, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Есенгелді Сүйінов 60 жасқа толып отыр. Ақынды мерейлі жасымен құттықтай отырып, бір топ өлеңдерін жариялап отырымыз.

КӨКШЕТАУ

Талай жыл мен өзіңнен жырақтадым,

Сағынып оңашада жылап та алдым.

О, Көкше, сұлу Көкше, сері Көкше,

Мекені айдын көлдің, бұлақтардың.

Тіршілік. Күйбің жұмыс... алыстадым,

Алға оздым. Қатарымнан қалыспадым.

Ұшырдың қияларға тәрбиелеп,

Айтатын көп қой саған алғыстарым.

Нәр бердің, қуат бердің жас жаныма,

Көгершін ұшып шықты аспанымда.

Бір саған дүниеде жер жетпейді,

Өзіңді арқау етем дастаныма.

***

Көкшетауым, сағынышым сарғайған,

Сәлем жолдап жаттым әр кез шалғайдан.

Жүрегімнің төріндесің туған жер,

Арамызды шырқалатын жалғайды ән.

О, Көкшетау, мақтанарлық ат қандай,

Келбетіңе адам таңдай қаққандай.

Жұмақтайсың, саған еш ел тең келмес,

Сұлусың ғой, қалай тұрам шаттанбай?!

Оқжетпесің жігер отын жаққандай,

Айнакөлмен шабыт тулап жатқандай.

Биік таулар сәлде киіп басына,

Ақ қайыңдар мұздан шолпы таққандай.

Ақ бидайдан алқа таққан кербезім,

Жан-дүниемді тал бесікпен тербедің.

Аспандағы Темірқазық секілді,

Жұлдызымсың жалт-жұлт еткен сен менің.

Қалай жүрем Көкшетауым сағынбай,

Көрінесің алыс кетсем сағымдай.

Шалғыныңа тисе ашық табаным,

Рахаттанып, табатындай жаным жай.

Хан Кене

Биік ұстап қазағымның намысын,

Атқа қондың қару алып, арысым!

Қол бастадың қайсарлықты танытып,

Отан үшін, ұлтымыздың ары үшін.

Атой салдың найзағайдай күркіреп,

Жауың қашты қаһарыңнан дүркіреп.

Бостандыққа жетер ме еді, шіркін-ай,

Болған кезде қазағыңда бір тілек.

Бар арманың азаттық қой аңсаған,

Ерлігіңе бас иемін, хан саған!

Халқын қорғап қасық қаны қалғанша,

Шейіт болды қатарыңда қанша адам.

Қазағымның сыйлы ханы аталып,

Қариядан, үлкендерден бата алып.

Қапияда қолға түсіп, мерт болдың,

О, тағдыр-ай, неткен мынау қаталдық.

Дамыл таппай, ойға-қырға сабылып,

Әскер жидың, келді саған ағылып.

Қалың қолмен Ақмоланы басып ап,

Тұрған еді үміт оты жағылып.

Ұйқы көрмей, азап шегіп, қиналып,

Жорықтарға сапар шектің жиналып.

Бұл қазағым еркін халық болады,

Деген сөзге сенуші едің иланып.

Он жыл бойы тапжылмастан күрестің,

Жауларыңа бой берместен тірестің.

Отан үшін қазағымда өзіңдей,

Ержүректік көрсетпеген бірі ешкім.

Талай рет аман шығып жорықтан,

Жан емес ең хас дұшпаннан қорыққан.

Бейнет шектің, етегіңмен су кешіп,

Құтқарам деп туған елді зорлықтан.

Белді буып, алға шықтың жарқылдап,

Ұран тастап қалың топқа саңқылдап.

Тәуелсіздік тарихына, хан Кенем,

Есіміңді жазып кеттің алтындап.

Батылдық қой, табандылық не деген,

Ел сүюді үйренемін мен сенен.

Ескерткіш боп жадымызда тұрсың ғой,

Рухың жебеп бәрімізді хан Кенем!

МАРФУҒА

Бір көргеннен ғашық болдым мен саған,

Сен екенсің бақыт құсым аңсаған.

Сұлусың ғой, сыңарым боп кездестің,

Отырғанда бас қосуда сен маған.

Даусың қандай ашық, таза ән салған,

Әуеніңе елтіп, еріп, тамсанам.

Қарай бердім жаутаң қағып өзіңе,

Не айтамын о, Марфуға, мен саған?

Еркін шертіп домбыраның пернесін,

Ән айтасың қонақ болып келгесін.

Күміс көмей сыңғырлаған үніңмен,

Жүрегімді әнмен тағы терберсің.

Көз тігемін өзің жаққа ұрланып,

Қос жанарың шамшырақтай тұр жанып.

Сенің ғажап әп-әдемі көркіңмен,

Бар дүние кеткендейін нұрланып.

Тіл қата алмай, іштей от боп жанамын,

Сезесің бе ерке қызы даланың?

Күлімсіреп отырсың ғой, Марфуға,

Мен өзіңді хор қызына баладым!

1975 жыл. Уәлиханов селосы

СҮЙЕМІН СЕНІ

Көргеннен сені есімнен танып, ұнаттым,

Күлкің қандай сыңғырындай бұлақтың.

Уайыммен өткен күндерің артта қалсыншы,

Еркелеп жүрші, келмейді сені жылатқым.

Шығады жұпар, хош иіс сары шашыңнан,

Кеткім келмейді алысқа ұзап қасыңнан.

Күндіз де, түнде ойлаймын сені дамылсыз,

Түсімде көрем, шықпайсың мидан, басымнан.

Көрікті жүзің, алаулап атқан таңдайсың,

Қиялымда менің аққудай ұшып, самғайсың.

Кездейсоқ жолда періште болып кездестің,

Ынтықпын саған, қаперіңе оны алмайсың.

Жарқыраған күндей қабағыңды кірбің шалмасын,

Көңілің аппақ ақ қардай менен қалмасын.

Сүйемін сені жаным-ау, таза жүрекпен,

Өзіңе деген махаббат жыры арналсын.

Аңсарым ауды, ұйқысыз өтті талай түн,

Бағыма сені құт болып қонар балаймын.

Қып-қызыл гүлдей құлпырып, жайнап тұрсың ғой,

Қызығып жаным, үмітпен саған қараймын.

ЗӘМЗАГҮЛ

Арыла алмай басыма түскен көп ойдан,

Әкетсе ғой бір күш аулаққа алып тек бойдан?

Сол сәтте өзің жарқыраған күндей көріндің,

Зәмзагүл деген атыңды сенің кім қойған?

Зәмзагүл деген атыңнан жаным, айналдым,

Ғашық боп саған, өзіңе жіпсіз байландым.

Еліктіріп мені, жетелеп алға барасың,

Сенімен өтер жылдарым-жұлдыз, айларым.

Текті боп туған арусың ғажап затыңнан,

Мен мұны ұқтым жолдаған маған хатыңнан.

Жүрегім мәңгі лүпілдеп сен деп соғады,

Айналдым ботам, Зәмзагүл деген атыңнан!

СЕН АМАН БОЛ, АЯУЛЫМ!

Сен аман бол, ауырмасаң болғаны,

Қинайды ғой көкірегімді сол жағы.

Бірақ мені менсінбейсің, көзге ілмей,

Егіледі, қайран жүрек сорлады.

Түсінбеймін, менен неге қашасың,

Сырларым бар әлі алда, ашасың.

Саған деген ниетім де тап-таза,

Саған деген махаббатым жасасын!

Сен аман бол, ауырмашы әрдайым,

Аппақ болсын ақ көңілің қардайын.

Сені сүйем мың бір қыздың ішінен,

Мәңгі-бақи тек өзіңді таңдаймын.

Екеуімізге қиын болды осы сын,

Сүйіктімсің, ғашығымсың, досымсың.

Тілейтінім күндіз-түні құдайдан,

Жүрегіңе ет жүрегім қосылсын!

Сен ауырма, сен аман бол, жарқыным,

Екеуімізді күтіп тұр ғой жарқын күн.

Ренжімеші, қолыңды бер қолыма,

Сенші маған, алдамаймын, алтыным!

ҚҰС БОЛЫП ҰШЫП БАРАР ЕМ

Ашуың қайтып, байыбына барып ақылдың,

Шуақты жүзбен сабырға мені шақырдың.

Шыдауға бармын қиямет-қайым келсе де,

Бақытым сенсің, бәріне көнем, мақұлмын.

Арамыз алыс, созылып жатқан шақырым,

Қайдасың күнім, көз ілмей түнде «аһ» ұрдым.

Жаңаарқа жаққа құс болып ұшып барар ем,

Қабағыңды шытпай қарсы алсаң мені, ақылдым!

Байсалды болып, бойымды беріп төзімге,

Мен құлақ астым елжіреп айтқан сөзіңе.

Сыңарым болшы, жұптасып көкте ұшайық,

Асықпын жаным, жеткенше жылдам өзіңе.

САҒЫНДЫМ СЕНІ

Сағындым ғой сыңғырлаған күлкіңді,

Кездесерміз ынтық болып бір күні.

Жаутаңдаумен өзің жаққа қарайлай,

Зарықтым мен, көзімде жас іркілді.

Қоғалмаушы ем жайшылықта тау сынды,

Елеңдеймін, төзім деген таусылды.

Екеуіміз де екі жақта жүреміз,

Сағындым мен сенің мақпал дауысыңды.

Отырғанда достарыммен кешқұрым,

Телефоннан үніңді мен естідім.

Құлағыма майдай жақты сөздерің,

Мән бермедім лебізіне ешкімнің.

Келеді ғой оңашада кездескім,

Сағындым ғой, бірден оны сезбессің.

Сырласатын сен керексің жаныма,

Жалғыз өзім саябақты кезбеспін.

Шипа берші сағыныштың дертіне,

Құшақтайын, жібер еркін еркіме.

Сен мендік боп, мен сендік боп өтерміз,

Адал болып махаббаттың сертіне.

ТӘП-ТӘТТІ ҮНІҢ ТЕРБЕЙДІ

Іздеймін сені толқындай толқып, қайдасың,

Түспесін еңсең, қабағың гүлдей жайнасын.

Өзіңмен бірге өткізсем деймін өмірді,

Арманым асқақ шындыққа нағыз айналсын!

Алқызыл гүлдей махаббатымыз мәңгі солмасын,

Басыңда қайғы, қасірет, уайым болмасын.

Айдында жүзген аққудай болып сылаңдап,

Жайраңдап күлші, бір Алла сені қолдасын.

Сен жоқсың әлі қасымда, шөлдеп аңсадым,

Өтеді айлар жұлдыздай ағып, қанша күн.

Жанарым талды күтумен жолға қарайлап,

Сағындым сені, келесің қашан, шаршадым.

Орнына түссін жүрегің тыншып, жайлансын,

Көрікті қызсың, жарқырап тұрған айнамсың.

Сен қуансаң жаным, бар әлем бірге қуанар,

Қай жерде жүрсің, кімдермен бірге, қайдасың?

Махаббат оты алаулап маза бермейді,

Тәп-тәтті үнің әлдилеп, мені тербейді.

Қуаныш сыйлап, жанашыр болдың өзіме,

Мәңгілік сені жоғалтқым жаным, келмейді!

СЕН ҚЫМБАТСЫҢ АЛТЫННАН

Қандай ғажап, қандай әйбат дидарың,

Тілім жетпей, жыр жазғанда қиналдым.

Талдырмашсың, сенің құлын денеңді,

Қызғанамын, бөтен жанға қимадым.

Түнде отырып өлең жазып, жинадым,

Барым осы баға жетпес, сыйладым.

Күнім де сен, Айым да сен жап-жарық,

Сенем саған, сөздеріңе иландым.

Тағат таппай соңыңнан мен жүгірдім,

Басымды идім, тіземменен бүгілдім.

Сөзсіз саған жан-тәніммен беріліп,

Ханшайымым, тек өзіңе жүгіндім.

Нұр жүзіңе көз саламын құмартып,

Қарамашы жанарыңа мұң артып.

Иығыма қолыңды сап, сүйенші,

Кешір мені кетсем егер тым артық.

Мұңаймашы, қайғың жанға батады,

Ет жүрегім күйіп-жанып жатады.

Түн артынан күн келеді күлімдеп,

Күтші жаным, арайлы таң атады.

Барасың ғой сапарларға аттанып,

Жүрші аяулым, ұзақ жолда сақтанып.

Аман болшы, сен керексің жаныма,

Айтам әсем есіміңді мақтанып.

Ақылыңа мінезің сай жарқын жан,

Айнымашы дәл осындай қалпыңнан.

Кездестірген тәңіріме ризамын,

Сүйем мәңгі, сен қымбатсың алтыннан!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар