Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қыз Жібек - қазақ аруының символы

05.03.2018 4922

Қыз Жібек - қазақ аруының символы

Қыз Жібек. Суретші А.Дүзелханов

Наурыз келген сайын дүниенің тіріліп сала беретіні-ай... Күн сайын мереке, күн сайын құттықтау. Алдымен көктем келді деген гуілімізді басып болмай жатып, құшақ-құшақ гүлін құшақтай жеткен 8-наурызды әспеттеп, Адамның қабырғасынан жаралыпты дейтін нәзік жандылардың қасиеті мен қадірін айтып тауыса алсақшы. Әлімсақтан бері әйел мықты ма, еркек мықты ма деп, кейде әзілге сүйеп, кейде шындап құқық даулап, тартысумен келе жатсақ та бірімізсіз бірімізге күн жоқ екенін іштей мойындап болғамыз. Әдетте, «біз – бірінші жаралдық», деп көкірек қағып шыға келетін еркек жазғандардың жуаси қалып, әжесі мен анасын, әпкесі мен қарындасын, қызы мен келінін жеткізе мақтауға сөз таппай, елжірей қалатыны да осы бір көктеменің басы екен. Бүгінді қойып, тарихтың қойнына сүңгіп кетіп, қазақтың қазақ болғанына бір ер азаматтай-ақ үлес қосқан аналар мен аруларды сөзімізге мысал етіп, тауыса алмай-ақ келеміз. Ер азамат атаулы әйелдер қауымын өзгелерден асыра мақтаймын деп жүріп-ақ талай ақынды тудырған шығар. Көктем келген сайын күллі дүние құшақ-құшақ гүлдердің жұпарынан, әйелдер туралы айтылған ән мен жазылған өлеңнің қызуымен-ақ жібіп сала беретіндей ме...

Ерге бергісіз қанша ару өтті бұ дүниеден! «Қыз Жібек» фильмінде Жібектің өжеттігін көзімен көрген әкесі: «Ұл боп тумағаныңды қайтейін», демеуші ме еді?! Жауға шабар ер ұлдары өзара қырқысып, бірінің басын бірі жалмап, былайғы елдің бағландары өзгені жиып қойып, жесір дауына жер тепсіне кірісіп кеткен бір сүреңсіз кезде айтылған бір сөз-дағы. Былайғы кезде жолы жіңішке деп, кейін ұстайтын қызын кезі келіп қалғанда ұлынан асырып мақтай алатын елдің ұғымындағы азаматтық – жынысқа бағынбай кететін сияқты көбіне. Азамат болудан асқан қасиет бар – Ана болу!

«Казконтент» АҚ-ның бастамасымен «Әдебиет порталы» мереке қарсаңында «Қазақ арулары» топтамасын жариялайды. Айтып тауыса алмайтынымыз ақиқат, десе де, атын сан қатпар тарихтың өзі көмескілендіре алмаған алып аналар мен ұлы аруларға арналған топтаманың басын Қыз Жібектен бастасақ дейміз.

Қыз Жібек – қазақ қызының бар қасиетін ғана емес, бүкіл қасіретін де бір бойына жинап, бүгінге мүлтіксіз жеткен арғы заманның асыл кейіпті аруы екен...

«Әдебиет порталы»

ҚЫЗ ЖІБЕК ӨМІРДЕ БОЛҒАН БА?

Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббаты, Бекежанның ғашықтарға жасаған озбырлығы жөнінде бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Бірі жырдан оқыса, енді бірі фильмнен көрген, тағы бірі «Қыз Жібек» операсын тыңдаған. Бірақ біз білмейтін бір нәрсе бар, ол – «Қыз Жібек» жырының кейіпкерлері өмірде болған ба?» деген сұрақ. Бұл сұраққа жырды зерттеуші ғалымдардың өзі әрқилы жауап береді, біреулері олардың өмірде болғандарын айтса, енді біреулері жырдың ойдан шығарылғанын тілге тиек етеді. «Өмір сүрген» деген ғалымдардың өзі қай ғасырда ғұмыр кешкенін тап басып айта алмайды. Ақын С.Сейфуллин: «Қыз Жібек» жыры ноғайлы рулары ыдырап, бөлініп кеткен заманды суреттейді», – десе, М.Әуезов: «Қыз Жібек» жырындағы ел аттарына, оқиғаның болған географиялық орнына шолу жасап, жырдың пайда болу кезеңін XVII ғасыр деуге болады», – дейді. Жыр оқиғасын ішінде кездесетін кей сөздерге қарап, кейінгі ғасырға, яғни Кіші жүздің Ресейге қосылған уақытына жатқызған ғалымдар да кездескен. Яғни Қыз Жібек пен Төлегеннің өмірде болғандары рас, бірақ қай ғасырда ғұмыр кешкендері белгісіз. Ол – әлі де зерттеуді қажет ететін дүние. Қашан өмір сүргендері беймәлім кейіпкерлердің шын болмысы, түр-сипаты туралы айту – қиынның қиыны. Бұл сұраққа жауапты да әдеттегідей, жырдан іздейміз, тек соған сүйенеміз.

"ҚЫЗ ЖІБЕК" – БАҚЫТТЫ ЖЫР

«Қыз Жібек» жыры – шамамен XVII ғасырға тиесілі дүние. Екі бөлімнен тұратын оның 16 нұсқасы бар, соның 15-і М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтында сақтаулы. Нұсқаларының саны көп болғанымен, кей жыршылардың өз жанынан қосқан жолдары болмаса, мазмұн жағынан айырмашылықтар өте аз. «Қыз Жібек» – өзі секілді өзге лиро-эпостық жырларға қарағанда, бақытты жыр. Себебі осы жырдың негізінде Ғабит Мүсірепов сценарий жазып, режиссер Сұлтан Қожықов қазақ экранынан 45 жыл бойы түспей келе жатқан тамаша фильмді түсірді. Либреттосын тағы да Ғабең жазған Евгений Брусиловскийдің ғажап операсы дүниеге келді. Күні-бүгінге дейін осы жырдың желісін қолданып, талай театрлар «Қыз Жібек» қойылымын сахналап келеді. Ендеше, жыр бақытты емей немене?

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН "ҚЫЗ ЖІБЕК" ФИЛЬМІ

Түсірілгеніне 45 жыл өтсе де, Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібегіне» деген халық ықыласы әлі күнге дейін ерекше. Өз уақытында әлемдік киносыншылардың үлкен бағасына ие болған бұл фильмнің сәтті шығуын актерлер құрамының мықты болуымен де, сценарийін Ғабеңнің жазуымен де байланыстыратындар көп. Даңқты жазушы сценарий жазарда «Қыз Жібек» жырына сүйенгені белгілі. Бірақ жырдың екінші бөліміндегі Төлеген өлгеннен кейін інісі Сансызбайдың жеңгесі Жібекті әмеңгерлікпен алатыны, оқиғаның бақытты аяқталатыны киносценарийге енбеген. Қазақтың әмеңгерлік салтын сценарийге қосуға Ғабең қит етсе «ескілікті аңсады, дәріптеді» деп айыптайтын кеңестік идеологиядан сескенсе керек. Сол себепті оқиғаның негізіне ұлы сезім – махаббатты арқау етіп, соңын Жібектің өлімімен аяқтаған.

ТӨЛЕГЕНДІ ӨЛТІРГЕН КІМ?

«Қыз Жібек» фильмін тамашалап отырып Бекежанның Төлегенді атып өлтіргенінде фильмдегі жұртшылықпен бірге бетіне түкіргісі келмейтін адам болмайтын шығар. Талай қыз-келіншек жарын жоқтаған Жібекпен бірге егіле жылаған еді ғой. Фильмдегі оқиғаға өмірдегідей нанған ауыл кемпірлері көрген жерінде Бекежанның рөлін сомдаған Асанәлі Әшімов ағамызға қарғысын да жаудырған деседі. Санамызға «Төлегенді өлтірген – Бекежан» деген ұғымның сіңіп қалғаны сондай, жаңа деректерді қабылдай алмай да жүрміз. Рас жырда да, фильмде де Төлегеннің ажалы Бекежаннан келгені айтылады. Ал бүгінгі зерттеушілер Бекежанның Жібекке жеті атаға толмайтын жақын туыс болып келетінін, оның өзінің де, ұлдарының да батыр болғанын, қылмысты жасаған Кескентерек атты қарақшы екенін дәлелдеп бағуда. Егер шынымен солай болған болса, Бекежанның неліктен жағымсыз кейіпкерге айналып шыға келгені мүлде түсініксіз дүние. Халыққа ақиқатты айқындап беру болашақ зерттеушілердің еншісінде деп ойлаймыз.

ШЫН ЖІБЕК ҚАНДАЙ ЕКЕН?

Жібек десе, біздің буынның көз алдына Меруерт Өтекешованың фильмдегі әдемі жүзі келе қалады. Ал кешегі аға буын қазақтың бұлбұл әншісі Күләшті (Байсейітова) Жібек деп танитын. Нағыз Жібек, шын Жібек қандай болды екен? Оны көрген кім бар? Тек жырдағы:

Бидай өңді, нұр жүзді,

Секпілі жоқ, қой көзді, – деген теңеулер немесе:

Қыз Жібектің ақтығы –

Наурыздың ақша қарындай, – деген жолдар арқылы Жібек арудың бет-бейнесін көз алдымызға келтіргендей боламыз. Біз үшін Қыз Жібектен асқан сұлу жоқ, әдемінің бәрі Жібек болып елестейді. Қазақ көрікті қызды көрсе: «Қыз Жібектей екен» дейді, ақылды аруды көрсе: «Қыз Жібектің өзі екен» дейді. Бір-біріне «Қызың Жібектей болсын» деп тілек айтып жатады. Солай-солай Қыз Жібек қазақ қызының символикалық бейнесіне айналып шыға келген болатын...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар