Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уа...

12.10.2018 6831

Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары (жалғасы)

Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары (жалғасы)  - adebiportal.kz

АВТОР ТУРАЛЫ:

Африканың оңтүстігі, кемелер өтетін аса маңызды теңіз жол торабы болғандықтан, еуропалық алпауыт елдердің мүдделері тоғысқан жер. Сондықтан неміс, француз, ағылшын т.б. осы жер үшін жүздеген жылдар бойы аянбай шарпысқан. Қолдан қолға өткен. Мұнда алуан діндегі нәсілдер, халықтар шоғырланған. Джон Максвелл Кутзее осынау қайшылығы мол күрделі өлкеде 1940 жылы ағылшын тілді отбасында дүниеге келген. Бала кезінде ол екінші жержиһандық соғыстың зардаптарын сезіп өссе, 60-шы жылдардағы отарлық жүйенің қалай күйрегеніне куә болған. Осы аласапыранда үкімет шенеунігі қызметінде болған өз әкесі де жұмыссыз қалып, отбасымен бірге талай қиындық көреді. Алайда білімге жастай құмартқан Джон оқудан қол үзбейді. Әсіресе, математикаға жүйрік болады. Кейптаун университетін қызыл дипломмен бітіреді. Алғашқы қызметін Лондонда программашы болып бастап, Нью-Иоркте жалғастырады. АҚШ-тың Вьетнамдағы әділетсіз соғысына қарсы шыққан үшін елден қуылады. Туған отаны ОАР-на қайтып келген соң да ақ нәсілділердің апартейд саясатын, халыққа зиянды заңдарды сынайды. Жазушылыққа ден қоймас бұрын ол осындай белсенді де шырғалаңды өмір жолынан өтеді. Алғашқы романы «Сумречная земля» 1974 жарық көріп, барлығы оннан астам роман жазған. Солардың ішінде «К.Михаэланың өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары» және «Азғындық» («Бесчестье») романдары жазушының атағын әлемге жайды. Осының біріншісінде ол елді жайлаған берекесіздік салдарынан анадан жарымжан туған, оның үстіне оқи алмаған Михаэланың бау-бақшаға деген сүйсінісін, айналамды мәуелі баққа айналдырсам дейтін арманын суреттесе, екіншісінде халықты қанауға, нәсілдік озбырлыққа құрылған қоғамның адамдарды аздыратынын көркем бейнелейді. Осы романдары үшін Дж.Кутзее Букеров сыйлығын екі рет иеленген. Нобель сыйлығымен марапатталған.

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

-Мен қайдан білейін? – деді ол.

-Не білмек ең? –деп сұрады мейірбике.

Ол қолын қатты сермеп, түйіншекті көрсетті.

-Мен қайдан білейін? – деді ол қасарыса қайталап.

Мейірбике жауап бермеді, әлде өзінен не талап еткенін түсінбеді ме екен.

Аулаға шыққасын түйіншектің үлкендеуін алып аузын шешкен. Ішінде қауіпсіз мұрт қырғыш, сабын, орамал, иық тұсы кестемен өрнектелген ақ күрте, қара шалбар, жалтыраған күнқағарының маңдайлығында «Әулие Иоанн. Жедел жәрдем» деген жазуы бар, қара берет. Көзілдірікті мейірбике бір жаққа кеткен бе, көрінбейді. Ол киімдерді алып үстел басында отырған қызға ұсынды.

-Бұларды маған неге бересіз? – деп сұрады ол.

- Оны неге менен сұрайсыз? – деді қыз. – Бәлкім, біреу ұмытып қалдырған шығар... Қыз оның бетіне қараған да жоқ.

Ол ұстара мен сабынды шығарып қойды, шалбармен қоса күртені де тастап кетпек болды да, айныды. Үстіндегі өз киімдері кірлеп, иістене бастаған еді.

Енді бұл жерде оны ұстайтындай ештеңе қалмаған секілді, бірақ сонда да, неге екені белгісіз, ауруханадан бірден шығып кетуге еркі жетер емес. Күндіз арбасын сүйретіп іргелес жатқан көшелерді аралайды. Түнде көпір астында немесе тұрғын үй дуалдарының түбінде ұйықтап жүрді. Ол үшін балалардың велосипедпен бірін бірі қуалап, улап-шулап мектептен қайтқанын, адамдардың түк болмағандай-ақ тамақтарын әдеттегіше емін-еркін отырып ішіп-жейтінін көрудің өзі біртүрлі қызық. Ол жұмысқа тұрғысы кеп, үй-үйлерді аралап, сіздерге бағбаншы керек емес пе деп сұрап та көрген. Онысынан ештеңе шықпағасын ынтасы суып, бойын бойкүйездік билеп алды, есік ашқан қожайындардың өзіне жиіркене қарағандарын көргенде, құты қашып бүрісе қалар еді, әсілі олар мұны не үшін аяуға тиісті? Жаңбыр жауса арба астына тығылады. Басқа күндері, басында бір түйір ой жоқ, өзінің бос қолдарына өзі ұзақ-ұзақ қарайды да отырады.

Сүйтіп жүріп түнде темір жол көпірі астында ұйықтап, күндіз Андринг-стрит көшесіндегі шарапханалар сыртынан қорек іздейтін еркектер мен әйелдер тобына қосылған. Кейде оларға уақытша пайдалану үшін арбасын береді. Көңілшектігі ұстағанда примусын пайдалануға да рұқсат ететін. Бірде, түнде ұйықтап жатқанда, басына жастанған шамаданды әлдебіреудің ұрлап алмақшы болғанын қайтерсің. Әрине, ұрыға жұдырығын ала жүгірді. Ал таң атысымен ол әлгі адамдардың қасынан кетіп тынды.

Бір күні дәл жанына полицай машинасы тоқтап, ішінен екі полицай түсіп, мұның арбасын ақтарып тінткілеуге кірісті. Шамаданды ашып, ішін қопарды. Түйіншектерді таңған жіптерді шешті. Оның ішінде қорап, қорап ішіндегі полиэтилен қалтада түсі қарақошқыл күл жатқан. К.-нің өзі де оны бірінші рет көріп тұр. Ол көзін басқа жаққа тайдырып әкетті.

-Бұ не нәрсе? – деп сұрады полицай.

-Менің шешемнің күлі, - деді К.

Күдік алған полицай қалташаны бір алақанынан екіншісіне қақпақылдап тұрып, қасындағы серігіне бірдеңе айтып еді, К. ұқпай қалды.

Кей күндері аурухана қарсысындағы аяқ жолда ол тапжылмастан сағаттап тұрып алар еді. Қазір аурухана бұған бұрынғысынан кішіректеу боп көрінеді, бар болғаны төбесі черепицамен жабылған аласа, ұзын ғимарат.

Ол комендант сағатын бақылауды да қойды. Олар бұған не істей алады. Тіпті бірдеңе істесін-ақ, онда тұрған не бар. Жаңа киімдерін –ақ күрте, қара шалбар, қара беретін киіп-ап ол арбасын сүйретіп қайда қыдырғысы келсе, сонда қыдырады. Ауық-ауық басы айналып кететінді шығарды. Бұрынғысына қарағанда әлсіздене бастағанын сезеді, әйтеуір, ауру емес. Күніне бір-ақ рет тамақтанды: анасынан қалған әмияндағы ақшаға бөлішке немесе бәліш алып жейді. Өзің таппасаң да ақша жұмсау рахат: сосын да олар тез таусылар-ау деп қиналмайды.

Ол шеше шапанының астарынан қара мата қиығын жыртып алып, күртесінің жеңіне байлап қойды. Алайда ол анасын ойлап қайғырып жүрген жоқ, ендеше бүкіл өз өмірі не үшін екенін білмейтін жанға аяқ астынан ондай түйсік қайдан келе қоюшы еді.

Айналысар іс жоқтықтан ол ұйқысын күннен күнге үдетті. Және кез келген уақытта, кез келген жерде, қалай болса солай ұйықтай кететінін байқады: талтүсте, әрлі-берлі өткен адамдар үстінен баса-жаншып жүрсе де, аяқ жолда жатып та, түрегеп те, қабырғаға сүйеніп те, шамаданын бұтының арасына қысып қойып та – ұйықтай береді. Ұйқы оның миын әлдебір мейірімділік тұманымен шырмайтындай, сондықтан ол өзін ширақ ұстауға зауықсыз болды. Түс көрмейді, ешкімді де, ештеңені де.

Бір күні арбасы қолды болды да, ол жайында сол сәтте-ақ ұмытып кетті.

Жаратқанның әмірі ме, ол бір мезгіл Стелленбоста тұруға тиісті еді. Демек, өлшеулі мерзімді қысқарту мүмкін емес. Күн артынан күн келіп, уақытты сапырып, ол бағыт-бағдарсыз босқа сенделумен болды.

Тұманды қабағы түксиген таңғы уақыттың бірінде, ол, әдеттегідей, шамаданын көтеріп, Банхук-роудты бойлап келе жатты. Артжақтан ат тұяғының тықылы естіліп, қи иісі сезілген, сүйткенше атарба қуып жетті, муниципалға тиесілі ескі жасыл арба, қорабында қақпақсыз қоқыс салатын жәшіктер, арбаны кәрі ат сүйретіп, қара шақпақ сулық киген шал басқарып отыр. Біршама уақыт олар қатарласа жүрді. Шал басын изеп белгі берген, ол тұманды қиырларға қарап бір минөттей ойланып алды да, бұл жерде оған ешкім бөгет бола алмайтынын білген соң, арбаға шығып, шал қасына жайғаса кетті.

-Рахмет, - деді К.- Мүмкін сізге көмек керек шығар, мен дайынмын.

Бірақ шал көмекке зәру емес еді, сөйлесуге де зауықсыз болатын. Олар қаладан бір милдей ұзап шыққан соң, шал К.-ні түсіріп, өзі бұрылып, шаңы шыққан қара жолмен кетті. К. күні бойы жаяу аяңдады, кеш түскенде эвкалипті тоғай ішінде түнеген, ағаш бұтақтарын шулата ұйытқып жел соғып тұрды. Келесі күні Паарлуға жетіп, оны бір бүйірінен айналып өтті де, тас жол бойлап солтүстікке бет түзеді. Бірінші кездескен бақылау бекетін көргенде ғана тоқтады, жасырынып тұрып жаяу жүргіншілерді бөгемейтіндеріне көзі жеткен соң ғана, тасадан шыққан.

Тұсынан бірер мәрте қарулы күзетшілер мінген автоколонна өтті. Ол жолдан шығып, топқа келген, басқалар сияқты бұл да қолдарын алға созып жіберді, жасырынайыншы деп ойлаған да жоқ,

Бұл түні ол жол жиегіне аунай кеткен еді, таңертең оянса шық суына малшынып қалыпты. Алда жол басы тауға иек арта, тұманға сіңіп жоғалған. Бұтақтан бұтаққа ұшып-қонып құстар ән сап жүр. Ол жерден таяқ тауып, бір басынан шамаданын іліп, иығына асып алды. Екі тәулік нәр татқан жоқ; мәңгі аштық келсе де төзе беретін секілді.

Тағы бір милдей жүрген соң, тұман арасынан жылтылдаған от көрініп, біреулердің дауыстары естілді. Жақындап келгенде, қақталып жатқан еттің иісі сезіліп, аш өзегі сазып-сазып кетті. Бірнеше еркек алау отқа қыздырынып отыр. Ол таяп келгенде, олар әңгімелерін доғара қойып, бұған тесіле қарап қалды. Ол сәлем жасап қолын берет жиегіне тигізген, бірақ ешкім жауап қайырмады. Ол ары қарай бет алып, жол жиегіндегі тағы бір алауды, фарларын жағып қойып, біріне бірі тұмсықтарын тығып қойып тұрған машиналар тізбегін сүзіп өткен, сонда ғана бұл бөгелістің сыры ашылды. Жолдың дәл ортасында жамбастай құлап теңкиіп тіркеме сүйреткен аспан түстес фургон жатыр, артқы доңғалақтары салақтап жар жиегіне ілініп тұр. Кабинасы іштен өртеніп, қорабы ыстан қарайып кетіпті. Фургонға қатты екпінмен ұн қаптары тиелген жүк машинасы соғылған екен, жол үстінде шашылған төбе-төбе ұн. Артқы колонналар тізбегі бұрылыстан ары асып, көз жетер жердің бәрін алған. Дауыстарын бір-бірінен асыруға таласқандай қос радиоқабылдағыш жарыса ойнап жатыр; әлдеқайдан жалынышты үн шығарып қой маңырайды. К. төгіліп жатқан ұнға қалталарын толтырып алғысы келген, артынша айныды; оны не істейді? Машиналар мен қой тиелген сүйретпенің жанынан өтті, олардың тығыз орналастырылғаны сондай, кейбіреулері сорайып артқы аяқтарымен зорға тұр; алау отты қоршай отырған бір топ солдат тұсын жанады, олар бұған қараған да жоқ. Соңғы машинаның белгі беруге арналған қос шамы бірдей жарқылдап, жолдың қақ ортасында еш қараусыз бір бөшке қарамай жанып жатты. Колонна артта қалды, ешкім тоқтатпағанына шүкіршілік айтып К. қуана терең тыныстаған, алайда келесі бұрылыста, бұта арасынан, жасырынбақ киімді солдат шыға келіп, автомат аузын кеудесіне тіреді. К. тұра қалды. Солдат автоматын түсірді, сигарет тұтатып, ышқына сорды да, автоматын қайта кезеді. «Қазір, - деп ойлады К. – ол мені не бетімнен, не кеңірдегімнен көздеп атады».

-Сен кімсің? – деді солдат. – Қайда бара жатырсың?

К. жауап қатпақшы еді, солдат сөзін бөліп жіберді.

-Қане көрсет! - Солдат жекіріп қалды. – Көрсет, не әкетіп барасың?

Музыка әуені жетіп тұрса да, бұл жер колоннадағыларға көрінбейді. К. арқалаған шамаданын жерге қойып, қақпағын ашқан. Солдат оған әрі тұр деп белгі берді де, өзі сигаретін сөндіріп, жұлқып қап шамаданды төңкерді де тастады. Бәрі жол үстіне шашылды: көгілдір түсті киіз шапата, ақ трико, қызғыш лосьон құтысы, дәрі салынған қоңыр флакон, қоңыр-сары пластмасса сөмке, гүлді мойын шалма, фестонды шағын тағы бір шалма, қара шұға шапан, әшекей бұйымдар сандықшасы, сұр юбке, жасыл блузка, топли, іш киімдер, қағаз қалташалар, полиэтилен ақ қалта, ішінде әлдене сыңғырлаған кофеден босаған қаңылтыр қауашақ, тальк, бет орамалдар, хаттар, суреттер, күл салынған қорап. К. тұрған жерінен қозғалған жоқ.

-Сен мұның бәрін қайдан алдың? – деп сұрады солдат. – Сен ұрысың ба? Ұрлап-үптеп, енді тауға қашып барасың, ә? – Ол сөмкені башпағының ұшымен түртіп қалды. – Қане аш! – Сосын әшекей бұйымдар сандықшасын, кофе қауашағын, қорапты кезегімен бір-бір теуіп өтті. –Тез, тез, бәрін шығар, көрсет, - деп өзі бір шетке қарай ығысып тұрды.

К. кофе қауашақ қақпағын ашқан. Ішіндегілер перде тұтуға арналған сақиналар екен. Оларды алақанына жайып біраз ұстап тұрды да, қайтадан қауашаққа салып, қақпағын жапты. Сандықшаны ашып, солдатқа ұстатты. Осы сәт К. жүрегі аттай тулап кетті. Солдат сандықшаны ары-бері ақтарып, ішінен брошка алып, кейін шегінді. К. сандықша қақпағын жапты. Ол сөмкені ашып, оны да солдатқа ұсынған. Ол бәрін жерге түсір деп ым жасады. Сөмкеден бет орамал, тарақ, айна, тығыздалған опа және екі әмиян шашылды. Солдат әмияндарды нұсқап саусағын шошайтқан, К. алып берді. Солдат әмияндарды күртесінің қалтасына тыға салды.

К. ернін жалады.

-Ақша менікі емес, - деді қырылдап, -менің шешемдікі, адал еңбегімен тапқан. –Өтірікті соға салды, анасы өлген, оған енді ақшаның керегі жоқ. Солдат үндеген жоқ. – Соғыс не үшін жүріп жатыр, қалай ойлайсың? – деп сұрады К. – Адамдардың ақшасын тартып алу үшін бе?

-Соғыс не үшін болып жатыр, қалай ойлайсың? – деп аузын қисайта сайқымазақтанды солдат. – Байқа, ұрлықшы! Ойланып сөйле. Құдайыңа тәуба айт, әйтпесе шыбындарды тойлатып шөп арасында жайрап қалатын ең. Соғыс жайында даншпансуын қарашы! – Ол автомат ұшымен күл салынған қорапты түртті. – Аш! – деді бұйырып.

К. қақпағын сырғытып жіберіп, қорапты солдат қолына ұстата салған, ол полиэтилен қалташа ішін көзімен тінткілеп тұрып:

-Бұ не нәрсе? – деп сұрады.

-Күл, - деді К. Үні толқусыз еркін шықты.

-Аш! – деді солдат. К. қалташа аузын шешкен. Солдат күлден шымшып-ап иіскеді. –Жарылқай гөр, жаратқан! - дегенде оның көзі К. көзімен түйісіп қалды.

К. жерге тізерлей кетіп, анасының шашылған заттарын шамаданға қайта орналастырып жатқанда, солдат қасында қарап тұрды.

-Енді кетуіме бола ма? – деп сұрады К.

-Құжаттарың қалпында болса, жүре бер, - деді солдат. К. шамаданды таяқ ұшымен көтеріп, иығына салды.

-Бір минөт, - деді солдат. – Сен не, жедел жәрдемде істейсің бе? К. бас шайқады.

-Әй, тоқтай тұр, - деді солдат. Ол қалтасындағы әмияндардың бірін шығарды да, ішіндегі бір пәшке ақшадан сұрғылт ондықты: - Мә, саған шайлығың үшін, - деп К. аяғы астына лақтырып жіберді. – Бәлкім, балмұздақ алып жерсің.

К. еңкейе беріп ақшаны жерге түсірмей қақшыды да, үлкен жолды бетке алды. Бірер минөт өтті ме, өтпеді ме, арттағы солдат тұманға жұтылып жоқ болды.

Жоқ, мен қорыққан жоқпын деді өзіне. Артынша шамаданды бұдан әрі сүйрей берудің не мәні бар деген ой келгені басына. Ол жол жиегіндегі сайға түсіп, жамылып жүру үшін қара шапан, күл салынған қорапты қалдырып, шамаданды бұта арасына жасырды, қақпағын ашық қалдырды, жаңбырға шылансын, күнге күйсін, мейлі, құрт-құмырсқа жайласын, деп шешті.

Қарсы жүріп жатқан машина жоқ, сірә, тосқауыл қойып тоқтатып тастаған-ау, жол бойында бір өзі ғана емін-еркін. Кеш түсе бастағанда тауға қарай созылған жол басынан, аузына күзетші қойылған туннель көрінді. Михаэл жолдан шығып, сайға түсті де, су-су қалың бұта арасымен туралап, алакеугім кезінде биік белес басына шыққан, бұл арадан Эланд-ривер аймағы, солтүстікке қарай тартылған тас жол анық көрініп тұрды. Аулағырақтан маймылдардың бір-біріне белгі берген дыбыстары естілді. Түн келгенде таяғын жанына қойып, шешесінің шапанын бүркеніп жатып, жар астында ұйықтады. Таң қылаңымен сапарын жалғастырған, аңғарға түсерде, көпірді айналып өту үшін, үлкен шеңбер жасаған. Тас жол бойымен колонналардың алғашқы тобы жүріп өтті.

Мүмкіндігінше үлкен жолдан тасалануға тырысып, күні бойы салпақтаған. Кеш түскенде қатар егілген эвкалиптермен қоршалып, шөбі өсіп жабайыланып кеткен регби ойынына арналған алаң шетіндегі ескі қосты паналады. Қостың терезелері қираған, есігі жұлынған. Едені толған шыны сынығы, жұлмаланған ескі газеттер, оның үстінде қураған жапырақтар; қабырғалардағы жарықтардан мұрттанған шөп бастары көрінеді, су құбырлары бойында ұлулар, тек төбесі ғана бүп-бүтін. Ол жапырақтарды бұрышқа сырып үйіп, үстінен газет төсеп жата кеткен, жаңбыр мен жел шуылы мазасын алып, тыныш ұйықтай алмады.

Ол оянғанда толассыз жауын әлі құйып тұр еді. Аштықтан басы айналды. Ол тұрып табалдырық алдына келді де, суға шыланған көк шалғын далаға, ағаштарға, тұманға бөгіп алыстан мұнартқан ақбасты құздарды көзімен бір шолып өтті. Жаңбыр басылмас па екен деп бір сағаттай күткен еді, болмағасын, жағасын көтерді де тура нөсер астына қойды да кетті. Алаң шетіндегі тікенекті қоршауды аттап өтіп, арам шөп өсіп, қурай басқан алма бағына енді. Аяқ асты толған құрт жеп шіріген алма, ал бұтақтағылары мезгілі өткендіктен бүрісе солып қалған. Жаңбырға малшынған қара шапан денесіне теріше жабысып, былжыраған береті сырғып құлағына түсті, сонда да жемістің жұмсақ жерінен асап қойып, тұманданған жанары түк көрмесе де, әлдеқайда көз жіберіп алма ағашы астында, аузындағысын қоянша тез-тез жеп, тапжылмай тұрды да қойды.

Бақ түкпірін аралап кетті. Қай тұсы да азып-тозған. Оның басына мынау, сірә, адамдар тастап кеткен жер емес пе, деген ой келгендей еді, сүйткенше бақ шетіне шыға келгені, алдынан ұқыпты өңделген егістік алаң, алаңның арғы басынан төбесі қамыспен жабылған ұзын кірпіш сарай, оған таяу ақ қабырғалы фермер тамы жарқ етті. Атызда жайқалған көкөніс: түрлі-түсті қырыққабат, сәбіз, картоп. Ол құйып тұрған жаңбырды елеместен төрт тағандай кетіп, иі шыққан жерден әлі кішкентай сап-сары сәбіздерді жұлып-ап жинай бастады. «Бұл – Құдай жаратқан жер, мен ұры емеспін», дейді іштей. Сонымен бірге, қазір артқы үйдің терезесінен оқ атылып, дәу овчарка ит бұған қарай тап береді деп күтті де. Қалтасы сәбізге толғасын, жан-жағына қорқақтай қарап-ап, бойын тіктеді. Сәбіз жапырақтарын жинап-ап, ағаш арасына шашып тастайыншы деген, өйтпеді, жұлынған жерлерінде қалдырып кетті.

Түнге қарай жаңбыр басылды да, таңертең, су болған киімдеріне малшына, алма мен сәбізден желденген іші қампиып, жол сапарын жалғады. Мотор үні естілсе, шөп арасына бұға қалады, өзінше ой толғап, киімім лас, арып-аштым, мен қазір түкпір елден шыққан қаңғыбасқа ұқсайтын шығармын, ондайлар құжат-мұжат дегенді қайдан білсін, ендеше ештеңеге зауқы жоқ, құр міскін кімге керек?

Мотоциклшілер эскорты бастаған кезекті бір колонна – броневиктер және каска киген жас солдаттар мінген жүк машиналарының шеруі қасынан өтіп болғанша бес минөтке созылды. Ол жасырынған жерінде бұғып тұрып бәрін көрді; тек соңғы машинадағы шалмаға оранып, күн өтпейтін көзілдірік тағып, шұғадан телпек киген пулеметші мұны бір сәт байқап қалғандай еді, бірақ машина оны әрі қарай, Михаэл жолға шыққан жақ, Боланд бетке алып кетті.

Көпір астына түнеген. Таңертең қарсы алдынан Вустер тұрбалары андыздады. Бұл кезде ол жол үстінде жалғыз емес, маңайында кейде жалғыз-жарым, кейде топтанған адам. Қарыштай адымдап, арттарында аппақ-аппақ дем іздерін қалдырып, қасынан үш жігіт басып озды.

Қала іргесінде алдын полйцай бөгеді, Паарлдан шыққалы кездескен бірінші күзет: полицай машинасының айналасы толған адам. К. аз-кем ойланып қалды. Оң жақта тұрғын үйлер, сол жақта кірпіш эауыты. Құтылудың бір-ақ жолы бар – кері шегіну, ол алға ұмтылды.

-Бұларға не керек? – деп сұрады сыбырлай сөйлеп, алдында тұрған әйелден. Әйел бұрылып қарады да, бір сөз айтпастан сырт айналды. Кезегі жеткен. Көк түсті кәртішкесін ұсынды.

Алдыңғы жақтан, екі жүк машиансы қойылған жерден, тексеруден өтіп, екі топқа бөлінген еркектерді көріп тұр, бір тобын ит жетектеген солдаттар күзетке алған. «Кеңкелес болып көрінсем қайтеді,- деп ойлап қойды, - бәлкім, ұстамас, жөніме қоя берер».

-Қайдансың?

-Принс-Альберттенмін. – Аузы кеуіп кетті. –Принс-Альбертке, аулыма кетіп барамын.

-Ұрықсатың?

-Мен оны жоғалтып алдым.

-Түсінікті. Мына жерде күт. – Полицай таяғы бүйір жақты нұсқады.

-Күте алмаймын, асығыспын, - деді К. үнін әзер шығарып.

Олар мұның қорқып тұрғанын біліп қойды ма екен? Біреу келіп қолынан ұстай алды. Ол сойысқа дайындалған бұқадай тіресе кеткен. Арт жақтан кезектегі біреудің қолы көк кәртішкесін өршелене бұлғап жатыр. Оған құлақ асқан ешкім жоқ. Ит сүйреткен полицай шыдамсыздана қолын сермеп қалды, біреу арқасынан түйгіштеді. Соңғы қадамдарын К. өзі жасады, еріксіздер қатарына қосылды; бақытсыздық жолықтырған жаңа жолдастары мерезі жұғатындай бұдан бойларын аулақтап шегінісіп кетті. Ол қорапты кеудесіне қыса түсіп, мойын бұрып еді, жанары сап-сары боп жылтыраған ит көзімен түйісті.

Басқа да өзі секілді ұсталғандармен бірге оны да темір жол бекетіне алып келіп, суып қалған сұлы ботқа беріп, шай ішкізіп, қосалқы жолда тұрған вагондарға тоғытты да жіберді. Есіктерді ілгекпен бекітіп тастады; сұр және қара түсті форма киген темір жол полицайлары күзеткен адамдар, тағы да отыз адамды ұстап әкеп, вагонға тиегенше күтіп отырды.

Терезеге таяу орын тепкен К. жанына кәстөм киген шал жайғасқан еді. К. оның жеңіне қолын тигізіп:

-Бізді қайда апармақ? – деп сұрады.

Шал оған шола бір қарап, иығын қиқаң еткізді.

-Қайда апарғанда тұрған не бар, - деді шал, - Алға ма, артқа ма, басқа барар жер жоқ. Ол мұз кәмпиттер салынған қалташадан біреуін алып К-ге ұсынды.

Қосымша жолға ысылдап-пысылдап, артымен жылжып кішкентай парауыз келіп, әрлі-берлі ырғалып, ақыры вагондарды тіркеп алды.

-Бетіміз солтүстік, - деді шал. – Тоус-ривер.

К. жауап қайтармады. Шал да оған ықылас бөлуін доғарды.

Парауыз вагондарды қосымша жолдан алып шығып, Вустердің шет жағын ала, кір жайып жатқан әйелдерді, дуал басында отырып бұларға қол бұлғаған балаларды артқа тастап, жылдамдығын біртіндеп үдетіп, жүріп кетті. К. біресе биіктеп, біресе төмендеп, толқып тұрған телеграф сымдарына қарады да отырды. Айнала, үстінде топтанып ұшқан қарғалар қарқылдап, бір милден бір милге толассыз созылған жүзімдіктер: шағын парауыз шиқылдап, ышқынып күшене бастады, жол тауға қарай өрлеген еді. К. дірілдей бастады. Мұрнына үстіндегі кір киімнің қаңсығы мен бойындағы ащы тердің сасығы қосарлана жетіп тұр.

Тәштек парауыз тоқтап, күзетші есік ашқан, вагоннан түскен бойда-ақ олар не үшін тоқтағандарын бірден түсінді. Әрі қарай тәштек парауыз жүре алмайды, жар құлап, орнында үңірейген терең қуыс қалдырып, жол үстінде тастар мен қызыл саз тау боп үйліп қалған. Жардың жырығын меңзеп біреу қалжың айтып еді, жұрт ду күлді.

Олар үйінді үстіне шыққан, қарсы алдарындағы ойпаңда тұрған басқа пойызды көрді, адамдар платформадағы эксковаторға құмырсқадай жабылып, жерге түсіріп алғалы жанталасып жатыр екен.

К-ні жар құлаған тұстағы үйіндіні аршитын командаға жекті.

Күннің қалған уақытында К. және оның жолдастары бұратылған рельстерді шетке шығарып, орнын қайта бекітіп, шпал төсеумен болды. Кешке қарай, жар құлаған тұсқа бос состав жақындай алуы үшін, жаңа рельстерді жалғады. Шамалы уақыт демалып алуларына мұрсат беріп, джем жаққан нан және шаймен қоректендірді. Содан кейін парауыз прожекторының жарығымен адамдар жан-жағынан тұра қалып үйіндіні аршуға кірісті. Әуелі үстіңгі жағындағы тастар мен саз платформаларға тікелей тоғытылған, үйінді азайып аласарған кезде топырағын күрекпен атып, тастарды қолмен тиеуге тура келді. Ал платформа толғанда, локомотив оны біраз жер артқа сүйреп апарады да, сол жерде, көзге түрткісіз тас қараңғыда, бишара жандар вагонды әлгі жүктен қайта тазартады.

Кешкі ас ішуге берілген үзіліс кезінде К. жағдайы біршама түзелгендей еді, көп ұзамай қайта босаңсыды. Ол күрегіне әрең ие боп, бойын тіктеген кезде, арқа омыртқасы қатты шаншып, көз алды көрінбей кетеді. Күрек сілтесі біртіндеп баяулай беріп, топырақ үйіндісі үстіне отыра кеткен, басы салбырап қос тізесі арасына құлады. Қанша уақыт өткенін де, айналада не болып жатқанын да сезбестен сол күйі отырды да қойды. Құлағына мақта тығып қойғандай. Біреу келіп тізесін түрткіледі.

-Тұр! – деді бейтаныс дауыс. Бойын зорға тіктеген К. әлсіз жарықта қара сулық, телпек киіп тұрған прорабты сұлбасынан таныды.

-Мен неге бұл жерде жұмыс істеуге тиіспін? – деді К. Басы айналып, аузынан шыққан сөз әлдебір алыс қиырдан жеткен жаңғырық сияқты естілді.

Прораб иығын қозғады.

-Айтылған бұйрықты орында, - деп ол таяғымен К-ні кеудесінен түйіп қалды. К. күрегін қолына алды.

Олар айкезбелер құсап қыбырлап, жардан құлаған үйіндіні түн ортасы болғанша аршыды. Ақырында бәрін вагонға айдап тыққан, таудың суық желінен қорғану үшін терезелерді жауып тастап, сәкілерге, яки қу тақтайға құлай кетіп, бір-біріне тығыла түсіп, арсыз ұйқыға бас қойған. Ал тамбурда тұрған күзетшілер суықтан тістері тістеріне тимей қалшылдап, дүниедегінің бәрін түгін қоймай боқтап, шыдамағасын, жылынып алу үшін машинист күркесіне кезекпен барып келіп жүрді.

Бойынан қуат кетіп, тоңып-жаураған К. қолында қорабы, сұлап түскен. Қасындағы көршісі түс көрді ме, мұны құшақтай алды. «Мені қатыным деп ойлаған шығар,- деді К. іштей, - Бәлкім, олар өткен түні бірге жатқан болар». Қап-қара терезеге қараған сайын басында бір ғана ой шыр айналып шықпайды: тезірек жаңа күннің таңы атса екен! Сүйтіп жатып ақыры ұйықтап кеткен; ертесінде күзетшілер келіп есік ашқанда, жаурағаны сондай бойын зорға тіктеді.

Оларға тағы да сұлы ботқа мен шай берген. К. шал екеуі қатар отыра қалыпты.

-Ауырып қалғанбысың? – деп сұрады шал. К. бас шайқады.

-Әңгімелескің келмегенге, - деді шал, - ауырып жүрген шығарсың деп ойладым.

-Жоқ, сырқат емеспін.

-Ендеше неге түріңнен түр жоқ? Бұл жер өмірлік қамаққа алынатын түрме емес қой. Бар болғаны жұмыскерлер тобы. Басқа түк те емес!

К. желім сияқтанған сұлы ботқаны тауысып жей алмады. Күзетшілер мен қос прораб болса, алақандарын қаққылап, таяқтарымен түрткілеп жұмысшыларды асықтырып, араларына кіріп те кеткен еді.

-Саған пәлендей ештеңе болған жоқ екен, - деді шал. – Әзірге ешкімнің де ештеңесі кеткен жоқ.

Ол қолымен шеңбер жасап, жұмыскерлерді, күзетшілерді, прорабтарды бір меңзеп қойды. К. тостаған түбінде желінбей қалған ботқаны жерге төге салған, олар қатарласа түрегелді.

Сулығының етегін қолындағы таяқпен дамылсыз ұрғылап, қастарынан орақ мұрын прораб өтті.

-Әй, еңсеңді көтер, - деді шал К-ге қарап, сосын ақырын иығынан түртіп қалды. – Көп ұзамай қайтадан өзіңе-өзің қожайын боласың.

Үйіндінің арғы басында ақыры эксковатор іске қосылды. К. жағындағылар болса, түс әлетіне дейін ені үш метрдей жол аршып берген, соның арқасында Тоус-риверлік жөндеушілер бригадасы рельс орнатуға мүмкіндік алды. Солтүтік беттегі тәштек парауыз буын бұрқылдатып тыштаңдай бастады. Үстінде салтақ-салтақ болған формалы ақ күрте, қорап пен шапанды қолына қыса ұстап К. өзі секілді арып-азған, үнсіз жандармен бірге вагонге көтерілген. Оны ешкім тоқтатқан жоқ. Состав солтүтікке қарай жалғыз тармақты жолмен ақырын жылжи жөнелген; тамбурдағы қарулы қос күзетші артта зулап қалып жатқан рельстерге қарады да тұрды.

Жолда өткізген екі сағат бойы К. өтірік ұйықтаған болды. Бір рет қарсысындағы еркек аяғымен жылжытып әкеп, жейтін бірдеңе іздеді ме, қорапты ашқан. Күлді көріп, аузын қайта жапты да, К-нің аяғы астына қарай итере салды. Ол қыбыр етпестен көз қиығымен бәрін көріп жатты.

Сағат кешкі бесте бұларды Тоус-риверге әкеп түсірген. Не істерін білмей қорғалақтаған К. платформа үстінде тұрып қалды. Олар мұның басқа пойызға отырғанын біліп қойса, қайтадан Вустерге жіберуі немесе жан-жағынан суық жел ескен қалашықта олай-бұлай жол жүруге рұқсаты болмағаны үшін, түрмеге қамап тастаулары мүмкін ғой, әлде, жол бойында қайта-қайта тас қопарылып, жар құлап, рельстер істен шығатындықтан оларға үнемі елу адамнан тұратын жұмыс қолы керек болғасын, адамдарға түк ақы төлемей-ақ, бірақ аштан өліп қалмаулары үшін бар болғаны ботқа мен шай беріп, мұны жылдар бойы онда-мұнда алып жүрмек пе? Алайда күзетшілер платформадағыларды түгел түсірді де, бәрін көмір ұнтағы төгілген қосымша жол үстінде қалдырып, өздері үн-түнсіз бұрылып, жөндеріне кетті; бұларға бұрынғы өмірлеріне қайта оралуларына мүмкіндік берілгендей еді.

К. бір минөт те ойланбастан жолды көлденеңінен басып, дуал тесігінен ары өтті де, жалғыз аяқ соқпаққа түсіп, жанар-жағар май колонкалары, тамақтандыру орындары, балалардың ойын алаңдары орналасқан үлкен тас жол бойына қарай тартып берген. Бір кездері сыры жарқыраған әткеншек аттар, каруселдер бояулары өңіп, тоттанып кеткен, жанар-жағай май колонкалары тоқтаған, тек маңдайшасына кока-кола фирмалық белгісі ілінген, есік аузында бүрісіп қалған апельсиндер салынған себет жатқан дүкеншік қана жұмыс істеп тұрған сияқтанған.

К. есікке бас сүғып табалдырықтан аттай бергені сол еді, қара киімді бір кемпір алдынан шыға келді де, есін жиғызбастан далаға қайта қуып салып, тура тұмсығы алдынан есікті іштен салдырлатып ілгектеді де тастады. Ол есік қағып, терезеден үңілді, ондық ақшасын көрсетті, бірақ кемпір қараған да жоқ, биік сауда сөресінің тасасына жоғалды. Мұның артында келе жатып, бұған не істегенін өз көздерімен көрген бұрынғы екі серіктесінің бірі жерден уыстап тас алды да, дүкеншік терезесіне қарай ызалана шашып жіберді. Олар кідірген жоқ, К. орнында қала берген. Қағаз мұқабалы кітаптар тұрған сөре мен кәмпиттер салынған себеттердің арасынан қара көйлектің шеті көрінеді. Ол көзін жұмып, алақанымен бетін баса күтіп тұр. Тым-тырыс, қыр бетте жер уілдеп, маңдайшадағы белгі ғана ептеп сықырлайды. Аз-кем уақыттан кейін кемпір сөре тасасынан бас көтерген, екеуінің көздері түйісе кетті. Кемпірдің көзінде ауыр қара көзілдірік, қырау шалған шашын ұқыптап тарап, желке тұсынан түйіп қойған. Кемпір артындағы сөреден К. консерві бәнкілерін, ұн, қант салынған қалташаларды, қораптағы кір жуу ұнтақтарын байқады. Сауда үстелінің етегінде лимон толы себет тұр. Ол ондықты тағы да басынан асыра көтеріп, терезеге жапсырды. Кемпір бәрібір сонда да орнынан қозғалған жоқ.

Ол бензинсорғыш жанындағы құбыр шүмегін бұраған, бірақ одан тамшы тамбады да, К. дүңгіршек артында тұрған шүмекке барып әбден қанып ішті. Бензинсорғыш сыртындағы далалықта жиырма-отыздай ескі машина тұр. Ол бір есікті тартты, екіншісін, ақыры ашық есік табылған, артқы орындығы жоқ, бірақ одан әрі іздей беруге К-нің әлі қалмаған еді. Күн бұлттарды алқызыл түске бояп, таудан асып батуға бет алған. К. есікті тарс еткізіп жауып, шаң басқан еденге, күл салынған қорапты басына жастап, жата кеткен, ұйқы құшағына бірден шомды.

Таңертең дүкеншік ашылып, сауда үстелінің басында басқа адам, хаки түсті кәстөм киген еркек тұрды. К. одан еш қиындықсыз томатқа бұқтырылған үш бәнке бұршақ, бір қалташа құрғақ сүт, сіріңке сатып алды. Сосын бензинколонканың артына барып, от жақты; бәнкедегі бұршақ қайнағанша, алақанына сүт ұнтағын сеуіп, жалап қойып отырды.

Тамағын ішкесін, оң жақ қолтықтан түскен күн көзі астында сапарын жалғастырған. Айналада көлеңке болар пана жоқ, көз жетер жердің бәрі шөбі сирек қу тастақ, машина колонналары әрлі-берлі толассыз өтіп жатыр, бірақ К. оларға назар аудармады да. Кеш қарайғанда ол жолдан шығып, қоршаудан аттап өтіп, түнеу үшін кеуіп қалған өзенше табанына тоқтады. От жағып, бұршақтың екінші бәнкесін жеп алды. Сөне бастаған оттың шоғына қыздырынып отырып ұйықтап кеткен: ағаш бастарында құстар сайрап, тас үстінде әлдене мақұлықтар жорғалап жүрді, бірақ ол ештеңе сезген жоқ.

Шабындықты алқапқа тап болған, бұл аймақ тыныш, бойды еркін жазып жүруге болады екен. Күні бойы қарыштады да отырды. Кешке қарай жолы болғаны – алакеугімде бұта басына қона берген кептерді таспен атып түсірді. Мойнын бұрап, жүнін жұлып, сымға шаншып, отқа қақтап, соңғы бәнкедегі бұршаққа қосып жеп алды.

Таңертең оны жыртық-жыртық әскери кител киген шаруакер шал айқайлап оятқан. Сонша зілденетіндей ештеңе болмаған секілді еді.

-Осы жерде ұйықтап шыққаным болмаса, басқа жазығым жоқ қой, - деді К. қорғанып.

-Бәле сұрама! – деді шал ызалы үнмен. – Сені шабындықтан тауып алса өлтіреді. Басыңа бәле тілеп алмай тұрғанда, қараңды батыр!

К. одан мына тас жол қайда апарады деп сұраған, шал қолдарын түсініксіз сермелеп, от орнын топырақпен көме бастады. К. жүріп кетті, бір сағаттай тас жолды жағалап, тағы да қоршаудан ішке өтті. Суат аузында шашылған тамақ қалдықтарына кездесіп, жарты қауашақ жүгері мен сүйек ұнын суға араластырып қайнатты да, құмымен қоса шықырлата шайнап өңешінен өткізіп жіберді. Тамақтың қалғандарын да қиқымына дейін қалдырмай беретінің ішіне салып алған. «Ақыры мені де жер асырайтын болды-ау», - деп ойлап қойды.

Төңірек тыныштыққа бөккен, шалбарының балақтары бір-біріне қалай үйкелгеніне дейін естіледі. Қиыр – шиыр кең дала құлазып жатыр. Ол бір жотаға келіп шалқалай жатты да, күн шуағының сүйектеріне дейін қыздыра бастағанын сезіп, тыныштыққа құлақ түрді.

Бұта арасынан бір қызық мақұлықтар – тым үлкен салпаң құлақты иттер шыға келді де, дереу әлдеқайда зытып тұрды.

Мен осы жерде ылғи да, мүмкін өле-өлгенімше тұра алатын шығармын деп ойлады. Ешқандай оқиғасыз, әрбір жаңа күн тап кешегіден айнымайды, тіпті әңгіме ететін де ештеңе болмайды. Тас жолда келе жатқанда бойын билеген мазасыздық, біртіндеп басылуға айналды. Кейде жүріп келе жатып: «Осы мен ұйқыдамын ба, әлде ояумын ба?», - дейтін де, өз сұрағына өзі жауап таба алмайтын. Қазір ол адамдардың не себепті шулы қалалардан қашып, милдерге созылған тыныштықпен бүркенетінін түсінетін сияқты және олар осы тыныштықты балаларыма мәңгілік мирасқа қалдырсам деп те (алайда олардың бұлай істеуге құқы бар-жоғына түсінігі жетпеді) ойлайтын шығар; әлде, мына қоршау-қоршау меншік тәлімдерінің арасында немесе әлдебір қалтарыс бұрышта ешкімге тиесілі емес ұмыт қалған жер жоқ деймісің, егер құс боп ұшып, жоғарыдан қараса көрінетін де болар, деп те қиялдайтын.

Аспанда, артында мотор шуын, ақ жолақ іздер қалдырып екі самолет ұшып өткен, ақ жолақтар әуеге біртіндеп сіңіп жоғала бастады.

Батар күннің шапағында ол Лайнсбургке ентелеген ең соңғы жотаға көтерілген еді; көпірден өтіп, кең пішілген басты көшеге аяқ басқанда, аспан түсі өзгеріп қарақошқыл түске боялды. Жанамалап артта қалып жатқан жанар-жағар май стансасы, дүкендер, дәмханалар – бәрі жабық. Шәу етіп ит үріп, тоқтай алар емес. Оған маңайды бастарына көтеріп басқа иттер қосылды. Көше шамдары әлі жағылған жоқ.

Ол балаларға арналған киімдер жаймасы қойылған әйнек алдында тұрған. Бір кісі жанынан өте бере тоқтап, кері оралып келді де, ту сыртынан:

-Қазір қоңырау соғылып, комендант сағаты басталады, - деді ескертіп, - сондықтан сіздің бұл арадан кеткеніңіз жөн болар.

К. артындағы кісіге бет бұрды.

Үстінде түймелері алтын зерлі жасыл күрте, қолында құрал-саймандарға арналған ағаш қобдиша, ол бұған қарағанда жастау көрінеді.

Ал бейтаныс көз алдынан өз тарапынан кімді көрді, бұл жағын ол, әрине, білген жоқ.

-Қиналып тұрған жоқсыз ба? – деп сұрады жас жігіт.

-Бұл жерде қалмаймын, - деді К. – Бетім Принс-Альберт, жол әлі ұзақ.

Десе де ол бейтаныстың үйіне еріп барып, нан жеп, көже ішті, қонып шықты. Отбасында үш бала, кенже қыздары К. тамақ ішіп жатқанда анасының тізесіне отырып - ап, бұған қарап тесірейді де қалды, шешесі ауық-ауық құлағына бірдеңе деп сыбырласа да қоймады. Балалардың қалған екі ересегі бастарын тостағандарынан көтерген де жоқ. К. көпке дейін толқып отырды да, ақыры өзінің жол сапары жайында әңгіме бастады.

-Жақында бір шалға жолықтым, - деді ол, - ол айтты, бұл жерде адамдарды өлтіре салады. Өзінің жер телімінен бөтен біреуді көрсе, атып тастайды деді.

Жаңа досы бас шайқап, құптаған жоқ.

-Мұндайды өмірі естімеппін, - Менің ойымша, адамдар бір-біріне жәрдем қолын созуға тиіс.

Бұл сөздер көңіліне жата кетті. «Иә, мен бұған сенемін, адамдар бір-біріне көмектесуге тиіс», - деді қиялданып. Өз басы көмектесе алады, мүмкін көмектеспеуі де, алдын-ала айту қиын ғой, өмірде бірде олай, бірде бұлай бола береді емес пе. Әсілі өзінде ешқандай көзқарас жоқ, әсіресе, адамдарға көмек көрсету мәселесінде солай секілді. «Мен тас жүрекпін-ау», - деп ойлап қойды.

Шам сөнгесін ол балалардың ойынына құлақ түріп ұзақ жатты; бұл олардың кереуетін иеленіп, ал олар еденге матрас үстіне аунай-аунай салған-ды. Түнде бір рет, түсінде сөйлескендей болғасын, оянып кеткен, байқағаны, мұның былдырын ешкім естімеген секілді. Екінші рет көзін ашқанда, балауыз шам жағылған, әке-шешелері қонақты оятасыңдар деп ақырын жекіп қойып, балаларын мектепке дайындап жатқан еді. Ұялғаннан шалбарын көрпе астында жатып киіп, тысқа шыққан. Шығыс жақ алауыта бастағанмен, аспанда жұлдыздар әлі өріп жүр.

Ұлдың ересегі келіп таңғы асқа шақырған. Дастарқан басында тағы да өзеуреп әңгіме айтқысы кеп кеткені. Ол үстел шетінен саусақтарын батыра ұстап, бойын тіктеді. Жүрегін ризашылық сезімдері кернеп, соны толайымен сыртқа шығармақ, бірақ аузына керекті сөздер түсер емес. Балалар көздері бақырая қарап қалды, үн жоқ, үлкендер тік қарамауға тырысқан.

Балалардың ересектеу екеуіне қонақты Сьюикспорт бұрылысына дейін шығарып салу тапсырылған еді. Ол жерде, қоштасар алдында, бала одан:

-Мынаның ішіндегі күл ме? – деп сұрады. К. мақұлдап бас изеді.

-Көргің келе ме? – деді ұсыныс жасап.

Қорапты ашып, полиэтилен пакеттің аузын шешті. Күлді бірінші боп ұл иіскеді, екінші кезекте оның қарындасы иіскеді.

-Сен оны не істейсің?- деп сұрады балақан.

-Мен мұны бір кездері анам дүниеге келген жерге алып барамын, - деді К. – Анамның арманы еді.

-Оны өртеп жіберді ме? – деп сұрады балақан. К. жанарының алдынан отбуалдыр шоқтары өріп өтті.

-Анам түк сезген жоқ, - деді ол. – Оған дейін-ақ аруаққа айналып кеткен болатын.

Лайнсбург пен Принс-Альберт арасын, үлкен жолдардан аулақтау тұстардан фермаларға соқпай айналып өтіп, небары үш күнде алған; атызды жерлерден жейтін бірдеңелер табылып қалар деп еді, алайда жолдың көп бөлігін аш өткізді. Бірде күндіз, ауа әбден қызған кезде, ол киімдерін шешіп тастап, елсіз жерде кездескен көлшікке иегінен келгенше бойлай жүріп, шомылып та алды. Өстіп жүргенде, жүк машинасында кетіп бара жатқан бір фермер дауыстап тоқтатып, қайда жол тарттың деп жөн сұрады.

-Принс-Альбертке, - деді К. – Туысқандарымды көру үшін бара жатырмын.

Сөз саптасы бұл жердегілерге ұқсамайтын еді, фермер күдіктеніп қалды.

-Мін машинаға, - деді ол зілденіңкіреп.

К. қарсылық білдіріп бас шайқады.

-Мін, ала кетейін, - деді фермер ұсынысын қайталап.

-Мен шаршаған жоқпын, - деді де К, өз жөніне кете барды.

Жүк машинасы шаң бұлтына батып жоғалған, К. дереу жолдан бұрылып, құрғап қалған өзен аңғарына түсті де, маңайды қашан қараңғылық жапқанша жасырынып отырды.

Кейін, әлгі фермерді еске алғанда, оның фетр қалпағы мен келтектерден аумайтын жуан саусақтарынан басқа ештеңесі көзіне елестей қоймады. Тек мұны саусағымен ымдап шақырғандағы, ара-арасын сап-сары түк басқан буындары ғана көз алдынан жалт еткен. Жадысы осындай ұсақ үзіктерді болмаса, құбылысты тұтас қалпында сақтай алмайтын сияқты-ау.

Төртінші күні, таңертең, қыр басында жүрелей отырып, қала үстін таңғы күн сәулесі қалай арайландырғанына көз жіберген, - өз есебі бойынша, іздеп жүрген Принс-Альберті басқа емес, тап осы болуға тиіс. Қораздар өңеш жыртысып, үй терезелері күн сәулесіне шағылыса ойнап, балалар алдарындағы қос есекті бас көшемен айдап бара жатты. Ауа тұнып қалғандай. Қыр басынан түсіп келе жатып Михаэл әлдеқайдан естілген әлдебір ер адамның даусына көңіл аударған; бірқалыпты толассыз былдыр. Михаэл бұ не дегендей таңырқай тоқтап, құлақ түрген. Бәлкім, принс Альберттің даусы шығар, деген ой келді басына. Ал мен ғой принс Альберт өліп қалған деп жүрдім. Ол сөздерін ұғуға тырысқан, алайда ауаға тараған дауыс тұман, әлде иіс сияқты, егер сөздер шын айтылып, дауыс әлдебір әуенді сыздықтатқан болса, - сөздері неге түсініксіз, неге анық естілмейді. Кенет дауыс шорт үзілді де, алыстан үрлемелі оркестр құйқылжыта жөнелді.

К. қалаға оңтүстік тұстан кіретін жолға түсіп, диірменді, қоршаулы бақтарды айналып өткен. Сұр қоңыр қос аңшы ит арсылдай ұмтылып, қоршауды бойлай шапқылады. Екі-үш тамнан кейін құбырдан аққан суға бір жас әйел ыдыс-аяқтарын жуып жатқан еді. Ол бұған иығынан асыра көз тастаған, К. қолын беретіне апара қойды, әйел жанарын тайдырып әкетті.

Көшенің қос қапталынан дүкендер мен басқа да орындар қатары андыздады: нан бақалшық, дәмханалар, киім дүкеншіктері, банк, слесарь шеберханасы, шаруашылық қоймасы, гараждар. Дүкеншік алдындағы темір шарбақ жабық тұр екен. К. табалдырыққа отыра кетіп, арқасын темір торға сүйеді, бетін күнге төсеп, көзін жұмды. «Жеттім-ау ақыры», - деді іштей.

Бір сағат өтті, аузы ашық қалған К. табалдырықтан қозғалған жоқ, - ол ұйықтап кеткен еді. Маңайына оны сайқымазаққа айналдырған майда балалар қаптады. Бір епті бала басындағы беретін білдірмей шешіп алып, өз басына қондырды да, аузын қисайтып К-нің келбетін салған. Достары пырс-пырс күлісіп мәз болды. Әлгі бала беретті К-нің басына қайта жапсыра салған, бір құлағын жаба қисық киілді, енді К-нің қолындағы қорапты алмақ еді, Михаэл қатты қысып алған, босатпады.

Кілттерін сылдырлатып дүкеншік иесі келген, балалар жапырыла жол берді де, бақалшы темір қоршауды айқара ашып жатқанда, К. оянып кетті.

Іште, қаракөлеңке жамылып, ілгіштерде, еденде, тіпті тігінен де неше түрлі тауарлар толып тұр. Мырыш жалатқан темір ванналар есік аузын қалқалап, төбеден велосипед доңғалақтары салбырап, олардың астынан желдеткіштер мен жылыту батареялары орналасқан; шеге толы жәшіктер, пластмасса шелектер пирамидасы бір төбе; сөрелерде алуан-алуан консервілер, патенттелген дәрілер, кәмпиттер, балалар киімдері, салқын сусындар. К. сауда үстеліне таяу келіп:

-Маған мистер Вослоо, яки мистер Виссер керек еді, - деді. Бұлар анасының есінде сақталып келген есімдер болатын. – Мен мистер Вослоо, яки мистер Виссерді іздеп жүр едім. Бұл мистер фермер ме?

-Бәлкім, сен миссис Виссер туралы айтып тұрған шығарсың? Ол қонақ үйде жұмыс істеген еді. Ал мистер Вослоо бұл жерде тұрмайды.

-Мистер Вослоо, яки мистер Виссер, бір кезде мистер фермер болған, мен соны іздеп жүрмін. Атын дәл білмеймін, ал егер фермасын тапсам, мен оны таныр едім.

-Ондай фермерлер бұл жерде жоқ, Вослооң да, Виссерің де. Мүмкін, Висаги шығар? Ол саған не үшін керек бола қалды екен?

-Мен фермаға бір қажетті затты жеткізуге тиіспін. – Ол қорапты көрсетті.

-Онда сен бекер-ақ осынша ұзақ жол жүргенсің. Висаги фермасында ешкім тұрмайды, қаңырап бос қалғалы қанша жыл. Сен өзі анық Висаги фермасын іздеп жүргеніңе сенімдімісің? Олардың бұл жерден кетіп қалғандарына көп болған...

К. бір пәшке імбір пешенейін сатып алды.

-Сені мұнда кім жұмсады? – деп сұрады дүкенші одан. К. өзіне қойылған сұрақты түсінбегенсіді. – Есі дұрыстау біреуді жұмсаулары керек еді, тым болмаса кімді іздегенін білетін. Қайтып барғаныңда, менің осы сөзімді жеткізерсің.

К. түсініксіз бірдеңелерді міңгірлеген де, шығып кеткен. Көше кезіп келе жатып, тағы кімнен сұрастырсам екен деп ойлағанғанша, балалардың бірі артынан қуып жетіп:

-Мистер, мен сізге Висаги фермасының қайда екенін көрсетейін! – деді қатты дауыстап. – Тек онда ешкім тұрмайды. Бос.

Балақай қалай бару керегін түсіндірді: Крейдфонтейн жолымен әуелі терістікке бет түзеп, сосын Морденарс өзені аңғарындағы соқпақпен шығысқа қарай жүру керек.

-Тас жолдан алыс па? – деп сұрады К. – Ұзақ жүрем бе, әлде?

Әлгі балақай да, оның достары да анық білмейді екен.

-Белгі тұрған жерден бұрыласыз, саусақ суреті, - деді балақай. –Висаги тау баурайында, ол жерден таулар басталады; жаяу жүрсеңіз, тым ұзақ.

К. оларға кәмпитке деп ұсақ ақша берді.

Талтүс кезінде ол саусақ белгісі тұрған жерге жетіп, қара жолға бұрылған еді, қара жол құлазыған көңілсіз жазықтарға қарай ала жөнелген; күн еңіске аунап кеткен шақта алыстан көрінген аласалау ақ тамды көзі шалды; одан арыда жазық дала өркештенген тау бөктерлеріне иек артып, одан да арыда сатыланған тау шыңдары асқақтап тұрды. Ол тамға таяу келіп, төңірегін бір айналып шықты. Терезе қақпақтары жабық: ақшыл кептер төбедегі тура тақтай ұшы сынған ойыққа зып берді; төбеге жабылған қаңылтырлар майысқан. Біреуі төмен қарай жартылай сырғып кетіпті, жел өтінде ырғалып ыңырсығандай үн шығарып қояды. Там артында бақшалық бар екен, бірақ өсіп тұрған түгі жоқ. Ол бұл жерден азық-түлік сақтайтын қойма табармын деп ойлаған еді, оның орнына қаңылтырмен қапталған шошаланы ғана көре алды: ары қарай тауық қора созылып жатыр, тор көздерден өткізілген пластикалық жолақтар жел екпінімен тынымсыз желпілдейді. Там сыртындағы төбе басынан сутартқыш көрініп тұр. Одан да ары, атыз басынан, екінші сутартқыштың шығырлары күн көзіне шағылыса мен мұндалайды.

Тамның алдыңғы және артқы есігі де жабық тұр. Ол қақпақты жұлқылап ішкі ілгегінен жұлып алды. Сосын қолының қырын маңдайына қалқалап, терезеге үңілген, бірақ ештеңе көре алмады.

Сарайға кірген. Үркіп кеткен қос қарлығаш есік аңғарына зулай ұшып, лезде көзден ғайып болды. Тырманы қалың шаң басып, өрмекші шырмап тастапты. Қараңғыда ештеңені жөнді көре алмай, керосин мен қарамай иісін жұта жүріп, ол қашан бір құшақ бос қап тауып, оларды сыртқа алып шығып, шаңын қағып, баспа ішіне төсеп, жатын орын жасап алғанша, айырлар мен күректер, құбыр кесінділері мен резеңке түтіктер, сым орамдары, бос шөлмек тұрған жәшіктердің арасын қопарыстырумен болған-ды.

Принс-Альбертте сатып алған пешенейнің қалған бөлігімен тамақтанды. Әлі де ақшасының тең жартысындайы бар, бірақ енді олардың түкке керегі жоқ. Күннің соңғы жарығы сөнуге айналған. Жарбаңдап түнгі жарқанаттар ұша бастады. Ол өзі жасап алған төсегінде жатып, түнгі дыбыстарға құлақ түрген; ауа қазір күндізгіге қарағанда тығыздала түскен сияқтанады. «Ақыры мен де өз үйіме келдім-ау, - деп ойлап қойды. – Әйтеуір, бір жерге бас тіредім». Ол ұйықтап кетті.

Таңертең оның бірінші байқағаны – фермада ешкілер бар екен. Шамасы, он бестей тұяқ тамның арт жағынан шыға келді де, мүйізі қарағайдай теке бастап, жеңіл қозғалып, ауланы көлденеңдей кесіп өте бергені. К. жатқан жерінен бар бойын сорайта бас көтерген, ешкілер үркіп, дүр етіп жолға түсті де, тұяқтарын сыртылдатып өзен бойына қарай қаша жөнеліскен. Әп-сәтте көзден ғайып болды. Ол астына қапшық қойып, бәтеңкесін баулай бастаған, кенет басына: Егер тірі қалғым келсе, әлгі пысқырынған жүн-жүн мақұлықтарды ұстап - ап, сойып, бұтарлап, тамаққа пайдалануым керек, - деген ой келгені. Өзінің жалғыз қаруы – қалам ұштайтын бәкісін қолына қыса ұстап, ешкілердің артына түскен. Күні бойы қуалады. Басында олар тырқырай қашып маңайлатпаған, содан кейін арттарынан біресе қуып, біресе аяңдаған адамға бойларын үйрете бастады; күн қыза түсті, ешкілер топтана тоқтап, араларын екі-үш қадамдай жақындатады да, қайтадан пысқырына үркіп, қаша жөнеледі. Соншалықты жақын келіп қалған К. мұндай сәттерде бойын безгек қысқандай қалшылдап кетеді. Ол өзін түсінуден қалды: жабайыланғаны сондай, қолында бәкі, бұқпантайлап жүр, сонымен бірге, бойын билеген үрейді де сезеді; ешкінің кеңірдегіне көздеп тұрып бәкі салғанда, жүзі кейін шауып, қолын жаралап алса қайтеді. Сүйткенше ешкілер топырлап қаша жөнелді де, көңілін жасытып алмас үшін өзіне-өзі; олар қазір әр нәрсе туралы ойлайтын шығар, ал мен бір ғана нәрсе туралы ойлаймын, түптеп келгенде, менің жалғыз ойым олардың барлық ойын жеңіп шығады деді. Ол ешкілерді қоршау ішіне қуып тығуға тырысқан, бірақ жеме-жемге келгенде, тұяқты мақұлықтар жалт беріп ұстатпай-ақ қойды.

Ешкілер, соңына түскен мұны, кеше өзі көріп, байқаған сутартқыш пен тоғанды жағалай үлкен шеңбер бойымен айналдыра әурелеп жүргенін аңғарды.

Жақын келіп қарады, бетондалған төрт бұрышты тоған суға толған, айнала төңірегі жабайы қалың шөп өскен лайлы шалшықтар, мұның аяқ тықырын сезген бақалар шалшықты шолпылдатып секіріп-секіріп кетті. Су ішіп шөлін басқан соң ғана ойлана бастады, осының бәрі біртүрлі қызық, сутартқыш қалай жұмыс істеп тұр, тоған әрқашан суға толып тұру үшін оның жұмысын кім бақылап жүр? Түс ауа өзі қойған сұраққа өзі жауап тапқандай болды: ол бастапқы мақсатынан бас тарта қоймай, алдындағы ешкілерден көз алмастан бір көлеңкелі панадан екіншісіне қуалаумен жүрген, кенет екпіндеп жел тұрды да, сутартқыш сықыр ете қалып, жүріп кетті, шығыр сықырлай айналып, құбыр бойымен үзіліп-жалғанып, сылқылдап су аға бастады.

Қарны шұрқырап, әбден ит сілікпесі шықса да ол алған бетінен қайтпады, аңшылық есін кетірді, түнге қарай ешкілерден айрылып қалармын деп қауіптеніп, сарайда жатқан қаптарды әкеп тура қара жерге төсек салды да, ұйқыға бас қойған, ауық-ауық мазасыздана төңбекшумен болды. Ай толған түн еді. Су сылдыры мен пысқырынған дауыстардан оянған, ешкілер су ішіп жатыр екен. Ол орнынан тұрды, жөнді тыныға алмапты, сүріне-қабына ешкілерге қарай жақындады. Ешкілер бауырларымен су сызып, топтанып тұрған, бөтен дыбысты сезіп, мойындарын бұрған, К. тап бергенде, олар да жан-жаққа бытырап, ышқына қашқан. Тура қарсы алдынан мақұлықтың бірі тайып кетті де, артымен құлап, аяқтарын шығарамын деп жанталасқанда, ауға түскен балық сияқты тыпырлады да қалды. К. бар денесімен үстінен баса кетті. Қанша қиын болса да, қашан демін бітіргенше бар күшімді салуым керек, деген ой келді оған. Текешіктің бөксесі әрлі-берлі тоқтаусыз бұлтылдайды, шошып кеткен жануар жанұшыра маңырап, кеудесі дірілдеп, есі кетіп жатыр. К. оны ақыры жықты, кеңірдегінен қышқаштай қылғындырып, басын әуелі суға тықты, сосын былжыраған лайға батырды. Артқы аяқтарына тырмыса тұрып кетпек болғанда К. текешікті қос тізесінің арасына тыпырлатпай қысып тастады. Ешкіден әл кете бастады, тыпырлағанын қойды, ол қарысқан қолын босатқысы кеп оқталды да, бұл ойын осалдыққа жорып, айныды. Мақұлықтың соңғы демі үзіліп, тыпырлауын қойғанына біраз уақыт өтсе де, басын батпақ тереңіне үстін-үстін тықпалаумен болды. Тек қолы мен аяғы суық суда жансыздана бастағанда барып К. қасарысқан қолын ешкі мойнынан алып, бойын тіктеді.

Түннің қалған уақытын, ай жарықтық аспан аясын толық айналып өткенше, тоңғаннан тісі-тісіне тимей сақылдай жүріп, су қоймасы жағасында өткізген. Таң жарығы түсіп, аяқ асты анық көріне бастаған кезде, ол тамға келіп, ешбір ойланып жатпастан, шынтағымен терезе әйнегін қағып түсірді. Шылдыр етіп соңғы сынық құлады, маңай қайтадан, бастапқыдағыдай түпсіз терең тыныштық құшағына шомды. Ол ілгешекті көтеріп, терезені ашып, сосын үй ішін бір аралап шыққан. Қаңқиған буфет, кереует, гардероб сияқты мебельдері демесең, бөлмелер бос, қаңырап тұр. Шаң басқан еденге мұның іздері түсті. Ас бөлмеде үркіп кеткен құстар тыпырлап, төбе жиегіндегі қуыстан зып-зып беріп, ұшып жоғалды. Еден, үстел үсті толған құс саңырығы, есікке қарсы қабырғаға, төбенің жабу тақтайы сынып, кірпіштері үгітіліп тұрған жеріне, қылдырайып шөп өскен.

Ас бөлмеге жапсарлас шағын шолан бар екен. К. шолан терезесі мен қақпағын ашты. Бір қабырғаны тұтас алып ағаш бөшкелер тізілген, бәрі бос, тек біреуінде ғана құм мен тышқан боғы араласқандай бердеңе бар. Сөреде шаңға батып, өрмекші торымен шырмалған ас - тағам жабдықтары: пластмасса тостағандар, шәшкелер, шыны бәнкілер. Екінші сөреде түбінде май мен сірке суының қалдығы қалған бөтелкелер, құм қант, құрғақ сүт салынған бәнкілер және үш бәнке тосап. К. біреуін ашып, көгеріп кеткен бет жағын сылып тастап, қомағайлана асап-асап жіберген, аузында өрік дәмі сезілгендей болды. Сол-ақ екен, жемістің тәтті, жұпар дәміне үстіндегі кір киімдерінің сасық иісі қосылды да, жүрегі тулап лоқсып кетті. Ол бәнкені далаға алып шығып, түбінде қалғанын асықпай отырып жеп алды.

Су қоймасы басына келген. Ауа қызса да, К. әлі қалтырап-жаураумен жүр.

Ешкінің кір-кір сұр бөксесі теңкиіп судан шығып жатыр. Ол су жалдай тұрып, ешкінің артқы аяқтарынан сүйреп, зорға дегенде жиекке алып шықты. Жануардың тістері ақсиып, сап-сары көздері ұясынан шыға адырайып кетіпті; аузынан ақ көбік ағып қалған. Кешегі естен тандырған аштық қыспағы басылған еді. Шынымен, су-су жүні ұйпаланған мына албасты мақұлықты бөлшектеп сойып, жеймін бе? - деп ойлады. Осы ойдың өзі-ақ мұның бойында орасан зор жиіркеніш сезімін тудырған еді. Қалған ешкілер анадай төбешік үстінде құлақтарын тікірейтіп, үрке қарап тұрды. Кеше ғана қолында бәкі, жынды адамша осылардың артынан тырқыратып қуғанына сенгісі жоқ. Көз алдына кәдімгі өмірдің өзіндегідей бір елес келе қалды: айнала төңірек ай сәулесіне шомған, ал ол ешкіге мініп алып, бишараның тұмсығын батпаққа тыққылап жатыр. К. селк ете қалды. Әлдебір жерге көміп тастап, бұл шым-шытырық бәледен құтылса қайтеді; әлде, аяғына тез тұрып, қаша жөнелуі үшін көтінен жақсылап бір тепсе, тіпті дұрыс болар ма еді? Ол тамға жеткізгенше ешкі етін ұзақ сүйреткен. Есік ашылмады, сосын ол тұтасымен көтеріп-ап терезе көзінен өткізіп, ішке түсірді. Артынша құс ұшып, шөп өсіп тұрған үйде, тіпті ас бөлменің өзінде етті бұтарлау ақымақшылық-ау деп ойлады. Ешкіні далаға қайта сүйреп шығарған. Кенет бойын бір белгісіз сезім билей жөнелгені: әлдебір нәрсе – жүздеген милге жетелеп келген бір асыл күш мұны тастап кеткендей ме, ол алақанымен бетін жауып, ақырын арлы – берлі жүре бастады да, елегізген көңілі біраздасын біртіндеп барып орнына келген еді.

Бұған дейін ет бұтарлап көрмеген-ді. Қалам ұштайтын бәкіден басқа түгі жоқ. Әуелі қарын тұсын ұзынынан тіліп, қолын ішке сұғып жіберді; ішкі ағзалары әлі жылы шығар деп ойлаған, ол жерден де желімдей жабысқан батпақтың салқын лебі сезілді. Іреп жіберіп, жануардың ішек-қарнын аяғы астына ақтарды да тастады; сосын денесін құрғақтау жерге көшіріп, содан кейін барып қана бәкісін қолға алған.

Терісін әрең түсірген, басы мен сирақтарын кесіп тастауға бәкісі жарамайтын болғасын, сарайдан шағын қолара алып келді. Терісі сылынып, шоландағы шегеге ілінген ешкі денесі шүңкиді де қалды; тіпті ақтарылған ішек-қарын, бас-сирақ, сылынған тері үйіндісінен де кіші еді. Оларды жиып-теріп бақшалықтың жоғарғы басына апарып көміп тастады. Қолдары мен жеңдеріне тиген қан жұғыны сауыс-сауыс, жақын жерде су жоқ; ол ыспа құммен сүртінген, бәрібір төңіректеген шыбындардан үйге кірген соң да құтыла алмады.

Пешті тазартып, от жақты. Не кәстрөл, не бақыраш жоқ. Ешкі етінің санын кесіп алып, отқа ұстап, ол әбден сөлі шығып, қызарып піскенше қақтаған. Піскен етті ешқандай ләззатсыз, немқұрайды шайнай отырып: «Ешкі еті таусылған соң, не істеймін?», - деп ойлап қойды.

Суық тиген екен, басы ауырып, денесі от боп жанды, жұтынуға да қиналды. Бәнке алып суға барған. Қайтарында әлсірегені сондай, тәлтіректеп жерге отыра кетті. Басы салбырап тізесіне құлады, таза төсекте, мұнтаздай ақжамылғыларға оранып жатқан сияқтанды. Жөтелген еді, үкі шақырғандай бір түсініксіз дыбыс шықты, артында болмашы жаңғырық қалдырап, дыбыс әлдеқайда ұзап кетті. Тамағы ауырып тұрса да, ол әлгі дыбысты тағы қайталады. Принс-Альберттен кейін өз даусын өзі тұңғыш естігені еді бұл. «Мен айқайлай аламын, енді бәрі өз еркімде», - деп ойлап қойды.

Кешке қарай безгек ұстағандай қалшылдай бергесін, қапқа салып қойған жерінен төсегін алып, қонақ бөлмеге барып жатқан. Түс көрді, тас қараңғы жетімхана құжырасында жатыр екенмін дейді. Қолын созып кереуеттің темір жақтауынан ұстаған, сартап боп матрасқа сіңіп кеткен сідік иісі мүңк ете қалды. Ол қыбырлауға да қорықты, айнала ұйықтап жатқан балалар оянып кетулері мүмкін ғой, қайтадан түс тұңғиығына батып қалмас үшін бақырайды да жатты. Сағат төрт болды, алтыда таң атады. Қанша үңілсе де, терезе тұсты айыра алмаған. Қабағы ауырлай түсті. «Мен әлдеқайда ұшып барамын», деп ойлап қойды.

Таңертең өзін тәуір сезінген. Аяқкиімін киіп, үй ішін аралады. Киім шкапынан шамадан шықты, онда сынған ойыншықтар, қазір шашылып қалған бір кездегі жиналмалы суреттер, басқа түк жоқ. Еш жерден кезінде осы үйде тұрған Висагилердің фермадан кетіп қалу себебін ашатындай айғақ болар ештеңе таппады. Ас үй мен шолан іші құжынаған шыбын. Тамаққа зауқы болмаса да, от жағып, джемнен босаған қалбырға ет пісіріп жеді. Шоландағы бәнкілердің бірінен шамалы шай тауып - ап, шай қойып ішті, сосын қаптардан жасап алған төсегіне қисайған. Түнімен жөтел қысып, мазасы болмай шықты.

Күл салынған қорап, қонақ бөлме бұрышында сәт сағатын күтіп жатыр. Ол өзінше шешесін, оны осы қораптың ішінде деп айтуға да немесе айтпауға да болады, үйткені кеудесіндегі жаны денесінен бөлініп, бұлттарға араласып ұшып кетті емес пе, сол асыл анасын мәңгі тыныштық табуы үшін туған жер топырағына аман-есен тапсырсам деп үміттенетін.

Ауруға бой алдырудың өзі кісіге жайлы ма, қалай. Ол терезені айқара ашып тастады да, кейде уілдескен кептерлер үнін, кейде селт етпес тыныштықтың өзін тыңдап, бірде қалғып, бірде ояу сіресіп жатты да қойды. Түске таман күн көзі қатты қызған кезде ғана, терезе қақпағын еріксіз жапқан еді.

Кешке қарай бойының ыстығы қайта көтеріліп, қайта сандырақтады. Ол тасқа айналған тырдай жазықты басып өткісі келгендей, алайда аяғы қайта – қайта тайғанап, әупірімде жар шетінен ұшып кететін сияқтанады. Ол қолымен жер шеңгелдеп, екпетінен жата қалған, әлдеқайда бір түпсіз қараңғылық қойнына қарай ұшып ала жөнеледі.

Екі күннен кейін безгегі қайтып, үшінші күні айыға бастады. Шоландағы ешкі еті сасып кетіпті. Бұдан алған сабағы, егер болғанның бәрін сабақ десек, тым қарапайым еді: мұндай тым үлкен мақұлықтарды өлтіруге болмайды. Ол бұтақтың айыр басын жонып, оған ескі бәтеңкенің тілі мен резеңке түтіктен кесіп - ап таспа жалғап, рогатка жасады, енді ағаш басына қонған құстарды атуға болатын еді. Сасыған ешкі етін жерге көміп тастады.

Ол ферма сыртындағы жоталар етегіндегі бір бөлмелі үйшіктерді барып көрді. Едені семент, қабырғалары кірпіш, төбесі қаңылтыр. Салынғандарына жарты ғасырдай бола қойды ма екен? Бұлардан бірнеше ярдтай әріректен қарайып жатқан төрт бұрышты іргетас орнына келді. Бәлкім, оның анасы тап осы жерде, жайқалған бау-бақшалар арасында туған шығар? Ол үйге барып күл салынған қорапты алып келді де, үңірейген төрт бұрышты іргетастың ортасына қойып қойып, енді не болар екен деп күтуге кіріскен. Әрине, ештеңе болған да жоқ. Тоңқаңдап қоңыз кетіп бара жатты. Жел тұрды. Күн сәулесі астында, тақыр жердің үстінде картон қорап қана тұр, сонымен бітті. Тағы бірдеңе істеуі керек шығар, бірақ ол бірдеңенің не екенін өзі де біле алған жоқ.

Ол ферма орамын айналып шыққан, осы маңда біреу - міреулердің тұратынын айғақтайтындай ешқандай белгі тапқан жоқ. Беті қаңылтырмен жабылған ақырда көгеріп кеткен қой жемі; ол одан бір уыстап алып қалтасына тоғыта салды да, сутартқыш басына келді, суды қалай ағызатынын білгенше оны айнала қарап, о жер, бұ жерін шұқылап көрумен болған. Сосын үзіліп жатқан шынжырды орнына қайта жалғап, босқа айналып тұрған шығырды тоқтатты.

Ол жер ұнамаса да, там ішіне түнеп жүрді. Ауада көзге көрінбейтін түсініксіз бірдеңе бар. Қаңыраған бос бөлмелерді аралай жүріп, өзінше ән салған болады, қабырғалар мен төбеден шыққан жаңғырықтарға құлақ түреді. Сосын төсегін ас үйге шығарған, бұл жердегі төбе тесігінен тым құрығанда түнгі жұлдыздарға қарап жатуға болатын еді.

Күндізгі уақытын су қоймасы басында өткізетін. Бірде таңертең, тырдай шешініп, кеудесіне келгенше суда тұрып, киімдерін ұзақ жуды, бетон қабырғаға ұрып езгіледі; сосын кірлері кепкенше тал көлеңкесіне жатып, көз шырымын алған.

Анасын жерге тапсыратын уақыт келгендей. Ол су қоймасының батыс бетіндегі жота төбесінен көр қазбақшы болып, күрегін жерге қадағаны сол еді, жүзі тасқа тиіп шақ ете қалды. К. су қоймасы басына қайта оралып, бір кездері өңделген ескі атыз басына түсті, сосын шынтақ ұзындығындай етіп шұңқыр қазды. Күл салынған қалташаны шұңқыр түбіне қойды да, үстінен бір күрек топырақ тастады. Кенет әлденеден кідіргені. Ол көзін жұмып, тына қалды, қазір анасының даусын естиді, егер онда әлі дауыс болса, әрине, немесе белгісіз басқа біреудің даусы, тіпті өз даусы болуы да мүмкін, әйтеуір, сол дауыс бұған бәрін дұрыс істеп жатырсың дейтіндей. Бірақ ешқандай дауыс естілген жоқ. Сосын ол жауапкершілікті өзіне алған: шұңқырдағы қалташаны сыртқа шығарды, атыздың қақ ортасынан төрт бұрыштап үлкен көр қазды да, қолындағы күлді жел ұшырып әкетпес үшін барынша бүктетіле еңкейіп, майда сұр ұнтақты табанға ұқыптап сеуіп, үстінен күрекпен көсіп-көсіп - ап топырақ үйе бастады.

Ол үшін бұл - жаңа өмірдің, диқаншы тіршілігінің бастауындай бетбұрыс еді. Сарайдағы сөреден алғашқы күні-ақ асқабақ шопағы салынған қалта тауып алған-ды, біразын қуырып жеді де; сондай-ақ бір уыстай жүгері дәні мен шолан еденінен тауып алған жалғыз түйір бұршақты да сақтап қойған-ды. Су қоймасы жанындағы атыз бойынан бір аптадай қопарып шағын егіндік жер дайындады, суғару жүйесін қалпына келтірді. Атыздың бір жағына асқабақ, екінші жағына жүгері дәнін отырғызды, бұл арадан біраз әріректегі құрғап қалған өзен арнасына, суды тасымалдап суғаруға тура келетініне қарамастан, жағалаудағы бұталарға жабысып еркін өссін деп, жалғыз түйір бұршақты екті.

Негізінен рогаткамен атып алған құс етімен қоректеніп жүрді. Құстарды үй маңынан аңдып түсіреді, жер шұқып жұмыс істейді,- уақыт ақырын жылжып өтіп жатты. Сосын бақытты күндері басталды, су қоймасы қабырғасындағы қақпақты ағытады, сосын арық бойымен зымырап аққан суға, сарғыш тартып жатқан жер қыртысының бірте-бірте қарақошқылдана бастағанына сүйсіне қарап тұрады. «Мен қуаныштымын, себебі, бағбанмын, - деп ойлайды, - өйткені мен осындай боп жаралғанмын». Күрегін жерге салғанда, кірш етіп қалай кіргенін сүйсіне көру үшін, ол сайманын тасқа әдемілеп қайрап қояды. Арада екі-үш апта өткенде, ол өзін кәнігі диқаншы сияқты сезініп, менің өмірім мына қара жермен, оның бауырына өну үшін өзім еккен тұқымдармен тығыз байланысты деп ойлай бастады.

Кейде, таңғы мөлдір шақта, мен өзіммен өзіммін, мені ешкім жетектеп жүрген жоқ, өз күшіммен мына иесіз адыра қалған фермаға қайта жан кіргізіп жатырмын деген ойдан көңілі тасып, жанына қанат біткендей шаттыққа бөленеді. Сүйте тұра басына ертеңім қандай болады деген басқа ой келгенде, қуанышы дереу қорқынышқа айналатын да, мұны енді қайғы мен мұң батпағынан күнделікті тынымсыз жұмысы ғана құтқарып қалушы еді.

Күндердің бір күнінде құдық суын соңғы тамшысына дейін сорып қоя жаздағаны, оны шүмектен аққан су біресе үзіліп, қайта сыздықтап баяулай бастағанда барып аңғарған. Ендігі бар ниеті мен ойы - жердегі су қорын қалай қалпына келтірсем деген бір ғана мақсатқа жұмылдырылды. Ол бақшаға қанша керек болса, сонша ғана су алуға әдеттене бастады; қоймадағы су деңгейінің бірнеше диюмге төмендеуіне мүмкіндік жасады, ал батпақты сайдың қалай құрғап, жер қалай жарылып, шөп қурап, бақалар қалай бауырлай құлап, қатып өлгеніне құр қарап қойып қана жүрді. Ол жер асты суы қалай жиналатынын білмейтін, бірақ суды босқа шашып-төгудің дұрыс еместігін жақсы түсінетін. Аяғы астында не жатыр: көл ме, тасып аққан бұлақ па немесе шалқып жатқан жер асты теңізі ме, әлде таусылмас терең құрдым ба, - болжауы ғана мүмкін. Әрдайым шынжырды ағытқан кезде шығыр айналып, арыққа су құйыла бастағанын көру – бір ғажайып құбылыс; су қоймасы жиегінен еңкейіп, ағынға саусақтарын тигізіп қойып, көзін жұмып, қайталанбас бір рахат сезімдерге бөленер еді.

Ол күннің шығуы мен батуы арасында өмір кешті, басқа уақыт барын білген жоқ. Кейптаун, соғыс, өзінің фермаға қалай келгені бірте-бірте жадынан шығып, біржола ұмытыла бастаған. Осындай күндердің бірінде, түс әлеті еді, тамға жақындай беріп, шалқасынан жатқан сыртқы есікті көріп, қаққан қазықтай қалшиған да қалған: сол сәтте-ақ іштен, күн сәулесіне малынған басқыш алдына, үстінде хаки, өңі құп-қу, жұмырша жігіт шыға келгені.

-Сен осында жұмыс істейсің бе? – болды оның бірінші сөзі.

Жігіттің басқыш үстіндегі тұрған тұрысына қарап-ақ, оны осы жердің қожайыны деуге болғандайтын. К-нің бас шұлғып мойындағаннан басқа амалы қалмаған еді.

-Сені бұрын бұл жерден көрмеппін, - деді бейтаныс. Фермаға қарап жүрсің бе?

К. иек қақты.

-Ас үй төбесі қашаннан бері құлап тұр? – деп сұрады жігіт.

К. жауап бермек еді, бірақ аузынан бір сөз шығара алмады. Жігіт оның қоянжырық ернінен көз алар емес. Ол сөзді тағы өзі бастады.

-Менің кім екенімді білмейтін секілдісің-ау? – деп сұрады.- Мен қожайынның, Висагидің немересі боламын.

Тамды жас Висагиге қалдырып, К. қаптарын қыр басындағы үйшіктердің біріне апарып қойды. Бойын бұрынғы топас немқұрайдылық қайта жеңе бастағанын сезіп, қуып тастауға тырысқан. Бәлкім, мына немересымақ бір түнер, екі түнер, сосын кетер, мен қалармын, деп ойлады.

Немере, кейін белгілі болғандай, кете алмайды екен. Сол күннің кешінде-ақ К. қыр басына от жағып, жабайы екі кептер асып, ас қамына кіріскені сол еді, алакеугім арасынан домалана қозғалып немере шыға келді де, қазан басынан ұзақ айналып кетпей қойды, К. оны еріксіз ас ішуге шақырған. Немере ашығып қалған баладай тамақты қомағайлана ішті. Шағын дәм екі адам үшін аздау тигені болмаса, бар құпия да осы жерде ашылды.

-Принс-Альбертке барсаң, - деді немере, - менің осында екенімді ешкімге айтушы болма.

Ол кеше кешкісін армиядан безіп, Крейдфонтейнде тұрған әскери эшалоннан түсіп қалыпты да, түні бойы елсіз даламен жүріп отырыпты. Ферманы қалай таппасын, жолды мектепте жүрген кезінен-ақ жақсы біледі екен.

-Рождествода осында бүкіл туыс жиналатынбыз, - деді ол әңгіме бастап. – Шұбырып келеді де жатады, келеді де жатады, бәріміз қалай бір үйге сыйып кететініміз ғажап. Содан кейін әй кеп той тойлаймыз, - кейін мен ешжерден тап сондағыдай мол дастарқан кездестіргем жоқ. Не жеймін десең бәрі бар, бәрі тәтті, бәрі ауыл дәмі, жылан жалағандай ететінбіз. Қуырылған торай ше – тіліңді жұтып қоя жаздайсың.

От шоқтарын қозғап қойып, тізерлей отырған К. әңгімеге жартылай ғана құлақ түріп қояды. «Мен мына аралшықтың иесі жоқ дегенге сеніп, азғырынды ойға ердім,- дейді іштей. – Міне, енді шындықты білдім. Бұл да болса бір сабақ».

Немере ашыла түсті. Қан қысымым төмен, жүрегім әлсіз, дейді, дәрігерлердің анықтамасына қарамастан майданға алып кетті. Олар жұмыстағы қызметшілерді де майданға айдап жатыр. Қызметшілерсіз қиын болады ғой енді. Мүмкін олар соғыстағыларға ақша төлеудің де, кассир ұстаудың да қажеті жоқ деп есептейтін шығар? Егер осында әскери немесе азаматтық полиция келіп мені ұстап, үстімнен көпшілік алдында ашық сот ұйымдастыра қалса, өзіңді түк ұқпас мылқаумын дерсің. Тіпті мейлі, кеңкелес боп көрін, тек олар шындықты білмесе болды. Ал өзі оған дейін жасырынатын пана қарастырады. Ферманы жақсы біледі, сондықтан іздегенде олардың миына кіріп те шықпайтын жер таңдары сөзсіз. К. ол жерді білмей-ақ қойсын. Қолара қайда? Араны тауып қой. Оған қолара өте қажет, ертең таңертең іске кіріседі. К. тауып қоямын деді. Немере үнсіз қалды да, сұрақ қойды:

-Сен осыны ғана жеп жүрсің бе?

К. мақұлдап бас изеді.

-Көкөніс отырғызу керек, - деді немере –Картоп, жуа, жүгері -

дұрыстап суғарса, бұл жерде бәрі жақсы өседі. Топырағы құнарлы. Тым болмаса тоған басында өзің үшін бірдеңе екпегеніңе қайранмын.

К. жүрегі ауыра шымырлап кетті: мына бәле тоған жайын да жақсы біледі екен-ау!

-Менің қарияларымның жолы болған екен, - деп немере сөзін жалғады. – Қазір қызметкер дегенді күндіз қолыңа май шам - ап іздесең де таппайсың. Атың кім?

-Михаэл, - деді К.

Қою қараңғылық түсті. Немере сенімсіздеу қимылдап, орнынан тұрған.

-Сенде қолшам бар ма? – деп сұрады.

-Жоқ, - деді К. Ай жарығы сәулесімен қыр басынан ақырын төмен түсіп бара жатқан немеренің артынан ұзақ қарап қалды.

Тағы да таң атты, бірақ К. үшін істей қояр жұмыс жоқ. Тоған жаққа баруға болмайды, жасырын бақшасының құпиясы ашылып қалады. Ол там іргесіне тізерлей отыра кеткен, күн көзі бойын қалай қыздырғанын, уақыт қалай өтіп жатқанын - бәрін байыппен сезінгісі келгендей еді, міне, қыр беткейден немере басы шошаң ете қалды. «Ол менен он жастай кіші-ау», - деп ойлап қойды К. Биікті өрлей қатты жүрістен немеренің екі беті нарттай боп қызарып кетіпті.

-Михаэл, жейтін түк жоқ, - деді немере арызданғандай. –Дүкенге барып жүрсің бе?

Жауабын күтпестен, есікті шалқалай ашып, ішке үңілген. Бірдеңе айтқысы келгендей болды да, бөгеліп қалды. Сосын:

-Михаэл, қанша жалақы аласың? – деп сұрады.

«Мынау мені ақымақ деп ойлайды-ау, - деп ұқты К. оның сөзін. –Аң сияқты еденде ұйықтап, жабайы құс пен кесіртке жейтін, дүниеде ақша дегеннің барын білмейтін кеңкелес деп есептейді білем. Менің беретімдегі значокті көріп, мынаны оған Санта-Клаус сыйлаған шығар деп ойлайтын болар».

-Екі ранд, - деді К. – Аптасына екі ранд.

-Олардан қандай да болмасын бір хабар жоқ па? Келіп тұра ма?

К. үндеген жоқ.

-Сен өзің мұнда қай жақтан келдің? Сен бұл жерлік емессің, солай ма?

-Мен көп жерде болдым, - деді К. –Кейптаунда да.

-Фермада қой бар ма? – деп сұрада немере. – Ешкі ше? Кеше тоған басынан он-жиырмадай-ау, үлкен бір тобын көргендей едім. Әлде маған солай боп елестеді ме екен? – Ол сағатына қарады. –Жүр, ешкілерді іздейік. К-нің көз алдына батпаққа батып теңкиіп жатқан ешкі денесі елестеп кетті.

-Олар жабайыланған, - деді К. – Ұстай алмайсың.

-Біз оларды тоған басында ұстаймыз. Екеулеп.

-Ол жерге ешкілер түнде келеді, - деді К. – Күндіз қырға кетеді. –Іштей: «Қарусыз солдат. Шатақ іздейді. Фермада да шатақ іздеп жүр», - деп ойлаған. Естіртіп былай деді:

-Ешкісі құрысын, мен сізге тамақ тауып беремін.

К. рогаткасын алып өзен жаққа кеткен, бір сағат ішінде үш торғай, бір кептер атып түсірді. Құстарымен келіп есік қақты. Іштен ара даусы естілген, немере шықты, беліне дейін жалаңаштанған, денесін тер жапқан.

-Тамаша, - деді ол. – Тезірек жүнде, ақысы менен.

Төрт құсты бірдей К. аяқтарынан буа ұстап тұрған, торғайлардың бірінің аузынан жылтырап қатқан қан түйіршігі көрінеді.

-Бұлар сондай кішкентай, жұтқанда да сезбейсің, - деді ол. – Қан жұқтырамын, қолымды былғаймын деп қорқамысың?

-Не тантып тұрсың? – деді Висагидің немересі едіреңдеп. – Шайтан алғыр, айтарың болса, жөндеп айт. Тастай сал, мен өзім-ақ реттеймін!

К. төрт құсты ауыз үйге қалдырды да, шығып кетті.

Асқабақ тұқымының алғашқы құлақтары әне жерде біреу, мына жерде екеу боп дүрдиіп, жер астынан қылтия бастаған. К. атыз қақпағын соңғы рет ашып, сарқырап аққан су бақшалыққа қалай тарап, атыз топырағының қалай күреңіткеніне қарады да тұрды. Қазір мен өзімнің тұңғыш «нәрестелеріме» сондай керекпін, сүйте тұра тастап кетпекпін. Ол атыз құлағын жауып, ағын басын ешкілер су ішіп жұрген астауға қарай бұрды.

Ол төрт күпшекке су толтырып-ап есік алдына әкеп қойды.

Бұл кезде, жейдесін киген немере, екі қолы қалтада, бір орнында қалшиып әлдеқайда қарап тұрған. Ол ұзақ үнсіздіктен кейін, ақыры тілге келді.

-Саған ақы төлейтін мен емеспін, Михаэл, - деді ол. – Сені фермадан қуып жіберсем де болады. Алайда біз бірге жүріп, бірге жұмыс істеуге тиіспіз, әйтпесе... – Ол назарын Михаэлге аударды.

Бұл сөздерде не болса да: айыптау, қорқыту, кінәлау, қалай десек те К. көңілін жібітті. Сөйлеу дағдысы сондай, сондықтан мазасызданба, деп өзін жұбатқан. Сонда да үстінен тұман сияқты бір жабысқақ салмақ төніп келе жатқандай еді. Тағы да өз бетін өзі қайда қоярын білмей сасқалақтады. Ол аузын қайта-қайта сүрткілеп, немеренің қоңыр бәтеңкесінен көзін алмай: енді біздің дүкеншіктен дәл мұндай аяқкиім таппайсың, деп ойлаған. Көңілін тыныштандыру үшін өзінің осы ойын біраз ермек етті.

-Михаэл, мен үшін сенің Принс-Альбертке барып келуің керек боп тұр, - деді немере. -Мен саған не алатыныңды көрсетіп, ақша берем. Шамалы өзіңе де берем. Тек ешкіммен сөйлеспейтін бол. Мені көргенің, мен үшін алып жатқаның туралы тісіңнен шықпасын. Жалпы, кім үшін алатыныды айтып керегі де жоқ. Бәрін бір дүкеншіктен алма, жартысын Ван Рейннен, жартысын кафеден аларсың. Кідірме, ешкіммен сөйлеспе, асығып жүрген сияқты болып көрін. Түсіндің бе?

«Шыдай алсам жарадым», -деп ойлады К. Ол бас изеді. Немере сөзін жалғады:

-Мен саған бәрін алақанға салғандай жайып салдым, Михаэл. Адамдар қырылып, соғыс жүріп жатыр. Ал мен ешкіммен соғысқым келмейді. Мен өзім үшін бейбітшілікті таңдадым. Түсініп тұрсың ба? Мен бәрімен де тату болғым келеді. Бұ жерде, фермада соғыс жоқ. Біз екеуміз осында, бүкіл әлемде бейбітшілік орнағанша тып-тыныш тұра береміз. Бұл жерден бізді ешкім мазалай алмайды. Көп ұзай қоймас – соғыс бітеді. Мен қазынашы болдым, Михаэл, не боп жатқанын жақсы білемін. Ай сайын қанша адам қашып кететіні маған жақсы аян: мекен-тұрағы белгісіз, ақы төлеу тоқтатылып, үстерінен қылмыстық іс қозғалады. Менің не айтып тұрғанымды ұғамысың? Санын айтсам – таңғаларың сөзсіз! Қашқын жалғыз мен емес. Кешікпей қашқындарды іздеуге адам табылмайды, көрерсің. Еліміз анау далиып жатқан. Қайда жасырынасың – еркің. Мен тек біраз уақыт көздеріне түспеуім керек. Ұзақ іздей қоймас. Мен олар үшін мұхиттағы шабақ шығармын. Ал сен маған керексің. Әйтпесе, сенің де, менің де күніміз қараң. Түсінемісің?

Қолында немере үшін алынатын керек заттар тізімі және қырық ранд К. қақпа аузына қарай аяңдаған. Жолай ескі консерві қауашағын тауып - ап, ақшаны соған салып, ферманың қақпасы аузындағы тас қуысына жасырды. Сосын ферманы айналып, шабындық үстімен, күн көзін үнемі сол жағында қалдырып, тауды бетке алды. Іркес-тіркес шоқылар бірінен бірі асқақ, ол биіктей берді, кешке қарай Принс-Альберттің ұқыпты, ақшаңқан үйлері бұлдырап, сонау төменде аяқ астында жатқандай еді. Ол шоқыларды бөктерлей қалашықты ту сыртынан айналып өтіп, Свартбергке апаратын жолға шыққан. Тоңып қалмас үшін анасының шапанына оранып-ап тау басына қарай өрлей берді, өрлей берді.

Қала алыстап артта қалған; ол түнеп шығатын жер іздеп, жақында ғана әлдекімге пана болған бір үңгірге тап болды, тастан қаланған пеш, еденде жұпар иісін аңқытып жалбыз жапырақтарынан жасалған құрғақ төсеніш. Ол от жағып, отқа таспен ұрып алған кесіртке етін қақтады. Түнгі аспан қаракөк түске енді, жұлдыздар жамырады. Ол аяғын бауырына жиып, қолдарын шапан жеңіне сұқты да, жайлап ұйқы дариясына шомды. Дәл қазіргі жағдайда оның Висагидің немересімін деген адамға жолығып, ал оның бұдан малай жасағысы келмек болғанына ешкім де сенбес еді. Енді бірер күн, мен ол мырзаны мүлде ұмытамын, деді К. өзіне-өзі, жадымда тек ферма ғана қалады.

Жалғасы бар...

АУДАРМАШЫ ТУРАЛЫ:

Өтен Ахмет жазушы, драматург, аудармашы.

«Алыптың адымы» деген алғашқы очерк-кітабы 1968 жылы, содан кейін «Алда күн бар», (1973), «Адам болғым келеді», (1975), «Алтын арқау», (1977) повестері, «Қоңыр үй», «Заңғар» (1988), «Қарқаралы аруы» (2008), «Сахна сыртындағы адам» (2018), «Мәңгілік ғұмыр»романдары жарық көрген.

Республикалық, облыстық театр сахыналарында қойылған «Темірқазақ», «Жұлынқұрт», «Кенесары–Наурызбай», «Бағдаршам», «Студенттер», «Желтоқсан ызғары», «Банкрот», Ахмет Байтұрсынұлы мен оның адал жары Александра-Бәдрисафа өміріне арналған «Азаппен өткен өмір-ай», мемлекеттік қайраткер Жалау Мыңбайұлы туралы «Елім деп өткен Ер Жалау», «Ананың ақ сүті», «Әке өкініші» пьесаларының авторы.

Жан Ануйдың «Медея», Жан Расиннің «Федра», Георг Бюхнердің «Войцек», Бернард Шоудың «Адам Ата-Хауа Ана», Э.Радзинскийдің «Нерон мен Сенека, Рим театры», Хайнер Мюллердің «Филоктет» пьесаларын, Нобель сыйлығының лауреаттары Дж.Кутзеенің екі романын, А.Рюноскэ, Р.Брэдбери, А.Кроулер, Дж.Ричи, С.Кинг, Я.Кавабата, Х.Кортасар, Д.Сэлленджердің әңгімелерін қазақ тіліне аударған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар